1) дара кәсіпкер сатып алушыға тауарға меншік құқығымен байланысты елеулі тәуекелдер мен сыйақылар берсе;
2) дара кәсіпкер әдетте меншік құқығымен ұштасатын дәрежеде бұдан әрі басқаруға қатыспаса және сатылған тауарларды бақыламаса;
3) кіріс сомасы сенімді түрде өлшенетін болса;
4) операциямен байланысты экономикалық пайданың дара кәсіпкерге түсу ықтималдығы болса;
5) операциямен байланысты шеккен немесе күтілетін шығындар сенімді түрде өлшенетін болса, кіріс деп танылады.
4. Жұмыстарды орындаудан, қызметтер көрсетуден түсетін кіріс орындалған жұмыстар, көрсетілген қызметтер актісінің немесе жұмыстардың орындалу, қызметтердің көрсетілу фактісін растайтын өзге де құжат негізінде танылады. Жұмыстарды орындаудан, қызметтер көрсетуден түскен табыс орындалған жұмыстар, көрсетілген қызметтер актісіне немесе жұмыстардың орындалу, қызметтердің көрсетілу фактісін растайтын өзге де құжатқа қол қойылған кезеңде танылады.
5. Міндеттемелерді есептен шығарудан түсетін кіріске:
1) кредитордың салық төлеуші міндеттемелерін есептен шығаруы;
2) дара кәсіпкердің қызметі тоқтатылған кезде кредитор талап етпеген міндеттемелер;
3) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген талап қою мерзімінің өтуіне байланысты міндеттемелерді есептен шығару;
4) соттың заңды күшіне енген шешімі бойынша міндеттемелерді есептен шығару жатады.
Мiндеттемелердi есептен шығарудан түсетін кіріс сомасы:
1) осы тармақтың бірінші бөлігінің 2) тармақшасында көрсетілген жағдайда салық органына қызметін тоқтату туралы салықтық өтінішті ұсынған;
2) қалған жағдайларда есептен шығарылған күні дара кәсіпкердiң бастапқы құжаттарына сәйкес төленуге жататын мiндеттемелер сомасына (қосылған құн салығының сомасын қоспағанда) тең болады.
Міндеттемелерді есептен шығарудан түскен кіріс:
1) осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) тармақшасында көрсетілген жағдайда кредитор міндеттемені есептен шығарған;
2) осы тармақтың бірінші бөлігінің 2) тармақшасында көрсетілген жағдайда салық органына таратудың салықтық есептілігі ұсынылған;
3) осы тармақтың бірінші бөлігінің 3) тармақшасында көрсетілген жағдайда талап қою мерзімі өткен;
4) осы тармақтың бірінші бөлігінің 4) тармақшасында көрсетілген жағдайда сот шешімі заңды күшіне енген есепті салықтық кезеңде танылады.
6. Түгендеу кезінде анықталған материалдық құндылықтардың артық шығуы түріндегі кіріс түгендеу аяқталған және осындай артық шығу фактісін көрсете отырып, түгендеу актісі жасалған салықтық кезеңде танылады. Дара кәсіпкер артық шығу құнын Қазақстан Республикасында қолданылатын бағалар мен тарифтер негізінде дербес айқындайды.
7. Айыппұлдар, өсімпұл, тұрақсыздық айыбы және басқа да санкциялар түріндегі кіріс сот оларды өндіріп алу туралы шешім шығарған немесе оларды борышкер деп таныған салықтық кезеңде танылады.
8. Дара кәсіпкердің тауарлары, жұмыстары немесе қызмет көрсетуі басқа тұлғаның тауарларына, жұмыстарына немесе көрсетілетін қызметтеріне айырбасталатын операцияларды дара кәсіпкер жүзеге асырған кезде тауарларды, жұмыстарды немесе қызмет көрсетуді қабылдап алу-тапсыру актісі жасалуға тиіс. Қабылдап алу-тапсыру актісінде берілген және алынған тауарлардың, жұмыстардың немесе көрсетілетін қызметтердің құны көрсетілуге тиіс. Мұндай операциядан түсетін кіріс қабылдап алу-тапсыру актісінде көрсетілуге жататын алынған тауарлардың, жұмыстардың немесе көрсетілетін қызметтердің құны мен тапсырылған тауарлардың, жұмыстардың немесе қызмет көрсетудің өзіндік құны арасындағы оң айырма ретінде айқындалады.
9. Салықтық кезең үшін алуға жататын (алынған) кіріс есепті салықтық кезеңдегі ұзақ мерзімді келісімшарт бойынша кіріс болып танылады
10. Талап ету құқығын беруден түсетін кіріс:
1) талап ету құқығын иеленетін дара кәсіпкер үшін - негізгі борышты талап ету бойынша борышкерден алынуға жататын сома, оның ішінде талап ету құқығы берілген күнгі негізгі борыштан тыс сома мен талап ету құқығын сатып алу құны арасындағы оң айырма. Талап ету құқығын беруден түсетін мұндай кіріс сатып алынған талапты борышкер өтеген салықтық кезеңнің кірісі болып табылады;
2) талап ету құқығын берген дара кәсіпкер үшін - салық төлеушінің бастапқы құжаттарына сәйкес беру жүргізілген талап ету құқығының құны мен талап ету құқығын беру күні борышкерден алынуға жататын талап ету құны арасындағы оң айырма болып табылады. Талап ету құқығын беруден түсетін мұндай кіріс беру жүргізілген салықтық кезеңнің кірісі болып табылады.
11. Дара кәсіпкер меншігіне өтеусіз алған мүлік құны, егер дара кәсіпкер мұндай мүлікті осы мүлік алынған салықтық кезеңде кәсіпкерлік мақсатта пайдаланса, кәсіпкерлік мақсатта пайдалануға арналған, өтеусіз алынған мүлік (қайырымдылық көмекті қоспағанда) түріндегі кіріс болып табылады.
Мемлекеттік тіркеуге жататын жылжымайтын мүлік пен көлік құралдарын қоспағанда, кәсіпкерлік мақсатта пайдалануға арналған, өтеусіз алынған мүлік (қайырымдылық көмекті қоспағанда) түріндегі кіріс мұндай мүлік алынған салықтық кезеңде танылады.
Кәсіпкерлік мақсатта пайдалануға арналған, өтеусіз алынған жылжымайтын мүлік (қайырымдылық көмекті қоспағанда) түріндегі кіріс мұндай мүлікке меншік құқығын тіркеу жүргізілген салықтық кезеңде танылады.
Мемлекеттік тіркеуге жататын, кәсіпкерлік мақсатта пайдалануға арналған, өтеусіз алынған көлік құралы (қайырымдылық көмекті қоспағанда) түріндегі кіріс мұндай көлік құралын мемлекеттік тіркеу жүргізілген салықтық кезеңде танылады.
Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы заңнамасына сәйкес бағалаушы мен дара кәсіпкер арасындағы шарт бойынша жүргізілген бағалау туралы есепте айқындалған, осы мүлікке меншік құқығы туындаған күнгі осы мүліктің нарықтық құны дара кәсіпкер меншікке өтеусіз алған мүліктің құны болып табылады.
12. Жалға алушының жалға беруші дара кәсіпкердің жалға берілген мүлікті күтіп-ұстауға және жөндеуге арналған шығыстарын өтеуі түріндегі кіріс мұндай өтем алынған салықтық кезеңде танылады.
Жалға алу шарты бойынша төлем есебіне жатқызылатын, жалға алынған мүлікті күтіп-ұстауға және жөндеуге арналған жалға алушының шығыстары түріндегі жалға беруші дара кәсіпкердің кірісі осындай есепке жатқызу жүргізілген салықтық кезеңде танылады.
683-бап. Арнаулы салық режимiн қолданудың шарттары
1. Осы Кодекстiң мақсаттары үшiн шағын бизнес субъектiлерiне арналған арнаулы салық режимiн қолданатын дара кәсiпкерлер мен Қазақстан Республикасының резидент-заңды тұлғалары шағын бизнес субъектiлерi деп танылады.
2. Шағын бизнес субъектілеріне арналған арнаулы салық режимін мынадай талаптарға сәйкес келетін:
1) арнаулы салық режимi үшiн салықтық кезеңдегі жұмыскерлердiң орташа тізімдік саны:
оңайлатылған декларация негізінде - 30 адамнан;
тіркелген шегерімді пайдаланумен - 50 адамнан аспайтын;
2018.26.12. № 203-VІ ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2) арнаулы салық режимі үшін салықтық кезеңдегі кірісі:
патент негізінде - республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 3 528 еселенген мөлшерінен;
оңайлатылған декларация негізінде - республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 24 038 еселенген мөлшерінен;
тіркелген шегерімді пайдаланумен - республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 144 184 еселенген мөлшерінен аспайтын;
Бұл ретте осы тармақшаның бірінші бөлігінің үшінші абзацында көрсетілген кіріске дара кәсіпкердің республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 70 048 еселенген мөлшері шегіндегі, үш құрамдасты интеграцияланған жүйені міндетті түрде қолдана отырып, қолма-қол ақшасыз есеп айырысулар арқылы алған кірістері қосылмайды.
3) мынадай қызмет түрлерін:
акцизделетін тауарлар өндiруді;
акцизделетін тауарларды сақтауды және көтерме саудада өткiзуді;
мұнай өнiмдерiнің жекелеген түрлерін - бензинді, дизель отынын және мазутты өткiзуді;
лотереялар өткізуді;
жер қойнауын пайдалануды;
шыны ыдыстарды жинауды және қабылдауды;
түсті және қара металл сынықтары мен қалдықтарын жинауды (дайындауды), сақтауды, қайта өңдеуді және өткiзуді;
консультациялық қызметтер көрсетуді;
бухгалтерлік есеп немесе аудит саласындағы қызметті;
сақтандыру брокері мен сақтандыру агентінің қаржы, сақтандыру қызметін және делдалдық қызметін;
құқық, әділет және сот төрелігі саласындағы қызметті;
қаржы лизингі шеңберіндегі қызметті жүзеге асырмайтын салық төлеушілер қолдануға құқылы.
3. Агенттiк шарттар (келiсiмдер) негiзiнде қызмет көрсететiн дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар патент немесе оңайлатылған декларация негiзiнде арнаулы салық режимiн қолдануға құқылы емес.
Осы тармақтың мақсаттары үшін агенттік шарттар (келісімдер) деп Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жасасқан
азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар (келісімдер) түсініледі, олар бойынша бір тарап (агент) сыйақы үшін екінші тараптың тапсырмасы бойынша өз атынан, бірақ екінші тараптың есебінен не екінші тараптың атынан және есебінен белгілі бір әрекеттер жасауға міндеттенеді.
4. Шағын бизнес субъектілері үшін арнаулы салық режимін қолдануға:
1) құрылымдық бөлімшелері бар заңды тұлғалар;
2) заңды тұлғалардың құрылымдық бөлімшелері;
3) әртүрлi елді мекендерде өзге де оқшауланған құрылымдық бөлiмшелерi және (немесе) салық салу объектiлерi бар салық төлеушiлер құқылы емес.
Арнаулы салық режимдері қолданылатын тұлғаларға салық салу мақсатында салық төлеушінің өзге де оқшауланған құрылымдық бөлімшесі деп оның функцияларының бір бөлігін орындайтын, тұрған жерінде стационарлық жұмыс орындары жабдықталған аумақтық оқшауланған бөлімше танылады. Егер жұмыс орны бір айдан асатын мерзімге құрылса, ол стационарлық болып есептеледі.
Осы тармақшаның ережесі қызметін тек қана мүлікті мүліктік жалдауға (жалға) беру бойынша жүзеге асыратын салық төлеушілерге қолданылмайды;
4) басқа заңды тұлғалардың қатысу үлесі 25 пайыздан асатын заңды тұлғалар;
5) құрылтайшысы немесе қатысушысы бір мезгілде арнаулы салық режимін немесе салық салу ерекшеліктерін қолданатын басқа заңды тұлғаның құрылтайшысы немесе қатысушысы болып табылатын заңды тұлғалар;
6) коммерциялық емес ұйымдар;
7) ойын бизнесi салығын төлеушiлер құқылы емес.
5. Осы баптың мақсаттары үшін дара кәсіпкердің шекті кірісі:
1) осы Кодекстің 681-бабына сәйкес айқындалатын салық салу объектісінен;
2) дара кәсіпкердің негізгі құралдары болып табылатын мүлікті өткізумен және жарғылық капиталға берумен байланысты туындайтын, осы Кодекстің 330-бабында көрсетілген құн өсімі түріндегі кірістерден;
3) осы Кодекстің 366-бабына сәйкес айқындалатын кірістен тұрады.
6. Осы баптың мақсаттары үшін заңды тұлғаның шекті кірісі:
1) осы Кодекстің 681-бабына сәйкес айқындалатын салық салу объектісінен;
2) осы Кодекстің 241-бабында көзделген түзетулер ескеріле отырып, осы Кодекстiң 7-бөліміне сәйкес айқындалатын жылдық жиынтық кірістен тұрады.
7. Осы бапқа сәйкес шағын бизнес субъектісі болып табылатын дара кәсіпкер шағын бизнес субъектілеріне арналған арнаулы салық режимін қолданған кезде салықтық есепке алуды осы бөлімде көзделген оңайлатылған тәртіппен жүргізуге құқылы.
684-бап. Салықтық кезең
1. Патент негiзiнде немесе тіркелген шегерімді пайдалана отырып арнаулы салық режимiн қолдану үшін салықтық кезең күнтiзбелiк жыл болып табылады.
2. Оңайлатылған декларация негiзiнде арнаулы салық режимiн қолдану үшін салықтық кезең жартыжылдық болып табылады.
2-параграф. Патент негізіндегі арнаулы салық режимі
685-бап. Қолдану тәртібі
1-тармақтың қолданысы 2020 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатылды, тоқтатыла тұру кезеңінде осы тармақ 2017.25.12. № 121-VI ҚР Заңының 47-бабының редакциясында қолданылады (болашақ редакцияны қараңыз)
1. Патент негізінде арнаулы салық режимін осы Кодекстің 683-бабы 2-тармағының 2) тармақшасында шағын бизнес субъектілері үшін белгіленген шарттарға сай келумен қатар:
1) жұмыскерлердің еңбегін пайдаланбайтын;
2) қызметiн жеке кәсіпкерлiк нысанында жүзеге асыратын дара кәсiпкерлер қолдануға құқылы.
2. Патент негiзiндегі арнаулы салық режимiн қолдану үшiн тұрған жеріндегі салық органына патент құнының есеп-қисабы (бұдан әрi осы тараудың мақсатында - есеп-қисап) ұсынылады.
Есеп-қисапты қағаз жеткізгіште немесе электрондық нысанда, оның ішінде «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы:
1) жаңадан құрылған дара кәсіпкерлер - Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасында айқындалған тәртіппен дара кәсіпкер ретінде тіркеу есебіне қою үшін хабарлама берілген күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей;
2) жалпыға бірдей белгіленген тәртіптен немесе өзге де арнаулы салық режимінен ауысуды жүзеге асыратын дара кәсіпкерлер - патент негізінде арнаулы салық режимі қолданылатын айдың 1-күніне дейін;
3) кезекті патентті алу үшін патент негізіндегі арнаулы салық режимін қолданатын дара кәсіпкерлер - алдыңғы патенттің қолданылу мерзімі немесе салықтық есептілікті табыс етуді тоқтата тұру мерзімі өткенге дейін ұсынады.
3. Есеп-қисап патенттің құнын есептеуге арналған салықтық есептілік болып табылады.
Патенттің құны осы Кодекстің 686-бабына сәйкес есептеледі.
4. Салық төлеуші патенттің құнын төлеуді есеп-қисап ұсынылғанға дейін жүргізеді.
Патент құны екінші деңгейдегі банктер немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар арқылы төленген жағдайда төлем құжатының деректемелеріне сұрау салуда көрсетілген кезде «электрондық үкіметтің» веб-порталында қалыптастырылатын «электрондық үкіметтің» төлем шлюзінің хабарламасы электрондық нысанда ұсынылатын есеп-қисапқа қоса беріледі.
Қағаз жеткізгіштегі есеп-қисаппен бір мезгілде патент құнының төленгенін растайтын құжаттар ұсынылады.
5. Электрондық нысанда, оның ішінде «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы табыс етілген есеп-қисапта дара кәсіпкерлер патент құнына қосылатын салықтар және әлеуметтік төлемдер сомаларын төлеу бойынша төлем құжаттарының деректемелерін көрсетеді.
Дара кәсіпкерлер есеп-қисапты табыс еткеннен кейін салық органы есеп-қисап ұсынылған күннен кейінгі бір жұмыс күні ішінде салық органының ақпараттық жүйесінде патент қалыптастыруды жүргізеді.
Патенттің нысанын уәкілетті орган бекітеді.
6. Егер осы тармақта өзгеше көзделмесе, патент негізіндегі арнаулы салық режимі бір салықтық кезең шегінде кемінде бір ай қолданылады.
Патент негізіндегі арнаулы салық режимін:
1) ағымдағы салықтық кезеңнің соңғы айында жаңадан тіркелген;
2) ағымдағы салықтық кезеңнің соңғы айында салықтық есептілікті табыс етудің тоқтатыла тұру мерзімі аяқталғанға дейін немесе аяқталғаннан кейін қызметін қайта бастаған дара кәсіпкерлер бір айдан кем мерзім ішінде қолданады.
7. Патент негізіндегі арнаулы салық режимін қолданатын дара кәсіпкерлер салықтық есептілікті ұсынуды тоқтата тұру үшін осы Кодекстің 214-бабында айқындалған тәртіппен салықтық өтінішті тұрған жеріндегі салық органына ұсынады.
686-бап. Патент құнын есептеу
1. Патент құнына жеке табыс салығы (төлем көзінен ұстап қалатын жеке табыс салығынан басқа) мен әлеуметтік төлемдердің төлеуге жататын сомалары қосылады.
2-тармақтың қолданысы 2020 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатылды, тоқтатыла тұру кезеңінде осы тармақ 2017.25.12. № 121-VI ҚР Заңының 48-бабының редакциясында қолданылады (болашақ редакцияны қараңыз)
2. Патент құнына кіретін жеке табыс салығының сомасын есептеу, сауда саласындағы қызметті жүзеге асыратын тұлғалардың салық салу объектісін қоспағанда, салық салу объектісіне 1 пайыз мөлшердегі мөлшерлемені қолдану арқылы жүргізіледі.
Сауда саласындағы қызметті жүзеге асыратын дара кәсіпкерлер патент құнына кіретін жеке табыс салығының сомасын есептеуді, 1 пайыз мөлшерлеме бойынша салық салынатын қолма-қол ақшасыз есеп айырысулар арқылы алынатын кірістерді қоспағанда, салық салу объектісіне 2 пайыз мөлшерінде мөлшерлемені қолдану арқылы жүргізеді.
Сауда саласындағы қызметті жүзеге асыратын дара кәсіпкерлер жеке табыс салығының әртүрлі мөлшерлемелері бойынша салық салынатын кірістерді бөлек есепке алуды жүзеге асырады. Бұл ретте қолма-қол ақшасыз есеп айырысулар арқылы алынатын кірістерді есепке алу банктік шоттардан үзінді көшірмелерді қоса алғанда, бастапқы құжаттар негізінде, уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша салықтық тізілімде жүргізіледі.
2017.25.12. № 121-VI ҚР Заңымен 2-1-тармақпен толықтырылды (2019 ж. 1 қаңтардан бастап 2020 ж. 1 қаңтарға дейін қолданылады)
2-1. Осы баптың 2-тармағына сәйкес есептелген жеке табыс салығының сомасы деректерді тіркеу және беру функциясы бар бір бақылау-касса машинасын не үш құрамдасты интеграцияланған жүйені сатып алуға 60 000 теңге сомасына, бірақ есептелген салық сомасының 50 пайызынан асырмай азайту жағына түзетілуге жатады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген салықты азайту деректерді тіркеу және беру функциясы бар осындай бақылау-касса машинасы салық органдарында алғаш рет есепке қойылған немесе үш құрамдасты интеграцияланған жүйе орнатылған салықтық кезең үшін патент құнының соңғы есеп-қисабында жеке табыс салығының сомасын есептеу кезінде бір мезгілде бүкіл салықтық кезең үшін тұтас жүргізіледі.
3. Патент құнына кіретін әлеуметтік төлемдерді есептеу «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы», «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» және «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүргізіледі.
4. Егер патенттің қолданылу мерзімі ішінде іс жүзінде алынған кіріс сомасы есеп-қисапта көрсетілген кіріс мөлшерінен асса, дара кәсіпкерлер бес жұмыс күні ішінде асқан сомаға қосымша салықтық есептілік түрінде есеп-қисапты ұсынуға және осы сомадан салықтар төлеуді жүргізуге міндетті.
Егер іс жүзінде алынған кіріс сомасы осы Кодекстің 683-бабы 2-тармағының 2) тармақшасында белгіленген шекті кіріс мөлшерінен асқан жағдайда, осы тармақтың ережелері қолданылмайды.
Көрсетілген есеп-қисаптың негізінде бұрын қалыптастырылған патенттің орнына жаңа патент қалыптастырылады.
5. Егер патенттің қолданылу мерзімі ішінде нақты алынған кіріс сомасы (оның мерзімінен бұрын тоқтатылатын жағдайларын ескере отырып) есеп-қисапта көрсетілген кірістің мөлшерінен аз болса, дара кәсіпкерлер патент құнының азаю сомасына қосымша салықтық есептілік түрінде есеп-қисапты табыс етуге құқылы.
Көрсетілген жағдайда артық төленген салық сомаларын қайтару осы Кодекстің 11-тарауында айқындалған тәртіппен жүргізіледі.
6. Іс жүзінде алынған кіріс сомасы осы Кодекстің 683-бабы 2-тармағының 2) тармақшасында белгіленген шекті кіріс сомасынан асқан жағдайда, осы Кодекстің 679-бабында белгіленген жалпыға бірдей белгіленген тәртіпті немесе өзге де арнаулы салық режимін қолдану басталған күннен бастап алынған дара кәсіпкердің кірісіне тиісінше жалпыға бірдей белгіленген тәртіппен немесе арнаулы салық режимінде айқындалған тәртіппен салық салынады.
7. Дара кәсiпкер әрекетке қабiлетсiз деп танылған жағдайды қоспағанда, патенттiң қолданылу мерзiмi өткенге дейiн кәсiпкерлiк қызмет тоқтатылған кезде салықтың енгiзiлген сомасы қайтаруға және қайта есептеуге жатпайды.
3-параграф. Оңайлатылған декларация негiзiндегi арнаулы салық режимi
687-бап. Оңайлатылған декларация бойынша салықтарды есептеу
1. Салықтарды оңайлатылған декларация бойынша есептеуді салық төлеуші салық салу объектiсiне есептi салықтық кезең үшін 3 пайыз мөлшерiндегi мөлшерлемені қолдану арқылы дербес жүргiзедi.
2018.26.12. № 203-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Егер есепті кезеңнің қорытындылары бойынша жұмыскерлердiң орташа айлық жалақысы республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және салықтық кезеңнің бірінші күніне қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің дара кәсіпкерлерде - кемінде 23 еселенген, заңды тұлғаларда кемінде 29 еселенген мөлшерін құраса, осы баптың 1-тармағына сәйкес салықтық кезең үшін есептелген салық сомасы жұмыскерлердiң орташа тiзiмдiк саны негiзге алына отырып, әрбiр жұмыскер үшiн салық сомасының 1,5 пайызы мөлшерiндегi сомаға азайтылу жағына қарай түзетiлуге жатады.
2017.25.12. № 121-VI ҚР Заңымен 2-1-тармақпен толықтырылды (2019 ж. 1 қаңтардан бастап 2020 ж. 1 қаңтарға дейін қолданылады)
2-1. Салық төлеуші деректерді тіркеу және беру функциясы бар бақылау-касса машинасын немесе үш құрамдасты интеграцияланған жүйені салық органдарында есепке қойған күнтізбелік жылдың екінші жартыжылдығы үшін оңайлатылған декларацияда есептелген жеке табыс салығының сомасы осы салық төлеушінің 60 000 теңге сомасына, бірақ осындай күнтізбелік жылдың екі жартыжылдығы үшін есептелген салық сомасының 50 пайызынан асырмай азайту жағына түзетуіне жатады.
Салық төлеуші осындай үш құрамдасты интеграцияланған жүйе орнатылған жылдан кейінгі күнтізбелік жылдың екінші жартыжылдығы үшін жеке табыс салығын есептеген және оңайлатылған декларацияны тапсырған кезде де осы тармақтың бірінші бөлігінің ережесін қолданады.
3. Осы Кодекстің 683-бабында белгіленген арнаулы салық режимін қолдану талаптарына сәйкес келмеу жағдайлары туындаған кезде, салық төлеушінің жалпыға бірдей белгіленген тәртіпті немесе өзге де арнаулы салық режимін қолдану басталған күннен бастап алынған кірісі тиісінше жалпыға бірдей белгіленген тәртіппен немесе өзге де арнаулы салық режимінде белгіленген тәртіппен салық салуға жатады.
688-бап. Оңайлатылған декларацияны тапсыру мен салықтарды төлеу мерзімдері
1. Оңайлатылған декларация салық төлеушінің тұрған жеріндегі салық органына есепті салықтық кезеңнен кейінгі екінші айдың 15-күнінен кешіктірілмей тапсырылады.
2. Оңайлатылған декларацияда көрсетілген салықтарды бюджетке төлеу жеке (корпоративтік) табыс салығы мен әлеуметтiк салық түрiнде есепті салықтық кезеңнен кейiнгi екінші айдың 25-күнінен кешіктірілмей жүргiзiледi.
Бұл ретте жеке (корпоративтік) табыс салығы - оңайлатылған декларация бойынша есептелген салық сомасының 1/2 мөлшерiнде, әлеуметтiк салық «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес есептелген Мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру қорына әлеуметтiк аударымдар сомасын шегергендегі оңайлатылған декларация бойынша есептелген салық сомасының 1/2 мөлшерiнде төленуге жатады.
Мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру қорына әлеуметтiк аударымдар сомасы әлеуметтiк салық сомасынан асып кеткен кезде әлеуметтiк салық сомасы нөлге тең деп есептеледі.
3. Оңайлатылған декларацияда төлем көзінен ұстап қалатын жеке табыс салығының және әлеуметтік төлемдердің бюджетке төленуге жататын сомалары көрсетіледі.
689-бап. Жекелеген салық түрлері мен әлеуметтік төлемдерді есептеу, төлеу және олар бойынша салықтық есептілікті ұсыну
Оңайлатылған декларацияның негізінде арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеуші төлем көзінен ұстап қалатын жеке табыс салығының сомаларын есептеуді, төлеуді және әлеуметтік төлемдерді аударуды жалпыға бірдей белгіленген тәртіппен жүргізеді.
Бұл ретте төлем көзінен ұстап қалатын жеке табыс салығының және әлеуметтік төлемдердің есептелген сомалары осы Кодекстің 688-бабында айқындалған тәртіппен және мерзімдерде тапсырылатын оңайлатылған декларацияда көрсетіледі.
4-параграф. Тіркелген шегерім пайдаланылатын арнаулы салық режимі
690-бап. Салық салу объектісі
1. Тіркелген шегерім пайдаланылатын арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеуші үшін салық салу объектісі осы Кодекстің 691-бабының 4-тармағында көзделген түзетулерді есепке алғандағы кіріс пен осы параграфта көзделген шегерімдер арасындағы айырма ретінде айқындалатын салық салынатын кіріс болып табылады.
2. Заңды тұлғаның немесе дара кәсіпкердің кірісі осы тұлғалардың Қазақстан Республикасында және оның шегінен тыс жерлерде салықтық кезең ішінде алынуға жататын (алынған) кірістерінен тұрады.