Бұл ретте артық ұстап қалған табыс салығын бейрезидентке қайтаруды салық агенті жүргізеді.
5. Салық агенті өзі тұрған жердегі салық органына депозитарлық қолхаттардың базалық активі болып табылатын акциялар бойынша дивидендтер түріндегі бейрезиденттің кірістерінен табыс салығын ұстап қалу және аудару жүргізілген салықтық кезең үшін төмендетілген салықтық мөлшерлеме қолданылған кездегі табыс салығының азаю сомасына төлем көзінен ұстап қалатын табыс салығы бойынша қосымша есеп-қисапты ұсынуға құқылы.
Көрсетілген жағдайда төлем көзінен ұстап қалған табыс салығының артық төленген сомасын салық агентінің есебіне жатқызу осы Кодекстің 102-бабында айқындалған тәртіппен жүргізіледі.
669-бап. Бейрезиденттiң тұрақты мекеме арқылы халықаралық тасымал бойынша қызметтер көрсетуден түскен кірістерін салық салудан босатуға қатысты халықаралық шартты қолдану тәртібі
1. Егер бейрезидент кірісті түпкілікті алушы және халықаралық шарт жасасқан елдің резиденті болып табылса, халықаралық шарт ережелеріне сәйкес мұндай бейрезиденттің халықаралық тасымал бойыншаі қызметтер көрсетуден түсетін кірістерді салық салудан босатуды қолдануға құқығы бар.
Халықаралық шарт салық салудан босату бөлігінде бейрезидентте корпоративтік табыс салығы бойынша декларацияны тапсыру күніне оның резиденттігін растайтын құжат болған кезде қолданылады.
Бейрезидент резиденттікті растайтын құжатты корпоративтік табыс салығы бойынша декларацияны берген кезде тұрақты мекеме тұрған жердегі салық органына ұсынады.
2. Бейрезидент салықтық кезеңде халықаралық тасымал бойынша қызметтер көрсетуден түсетін кірістер мен Қазақстан Республикасындағы көздерден түсетін басқа да кірістердің сомаларын бөлек есепке алуды жүргізуге мiндеттi.
3. Халықаралық тасымал бойынша қызметтер көрсетумен байланысты шығыстардың сомасы тікелей немесе пропорционалды әдіспен айқындалады.
Шығыстарды айқындаудың таңдап алынған әдісі осындай бейрезиденттің тұрақты мекемесі тұрған жердегі салық органына қатысты жоғары тұрған орган болып табылатын салық органымен (уәкілетті органды қоспағанда) келісу бойынша ғана салықтық кезең басталғанға дейін өзгертілуі мүмкін.
Бір салықтық кезең ішінде шығыстарды айқындаудың біреуден артық әдісі қолданылмайды.
4. Шығыстарды айқындаудың тікелей әдісін қолдану кезінде бейрезидент халықаралық тасымал бойыншаі қызметтер көрсетумен байланысты шығыстарды және басқа да шығыстарды бөлек есепке алуды жүргізеді.
5. Пропорционалды әдісті қолдану кезінде шығыстар сомасы салықтық кезеңдегі Қазақстан Республикасында қызметті жүзеге асырумен байланысты бейрезидент шығыстарының үлесі мен жалпы сомасының көбейтіндісі ретінде айқындалады.
Үлес халықаралық тасымал бойыншаі қызметтер көрсетуден түсетін кірістер сомасының салықтық кезеңдегі Қазақстан Республикасында қызметті жүзеге асырумен байланысты кірістердің жалпы сомасына арақатынасы ретінде айқындалады.
6. Корпоративтік табыс салығы бойынша декларация тапсырған күнге бейрезиденттің резиденттігін растайтын құжат болмаған кезде бейрезидент халықаралық шарттың ережелерін қолдануға құқылы емес.
Бұл ретте корпоративтік табыс салығы бюджетке есептелген және төленген жағдайда бейрезидент осы Кодекстің 48-бабында белгіленген талап қою мерзімі өткенге дейін, егер халықаралық шартта өзге мерзімдер белгіленбесе, салық органына корпоративтік табыс салығы бойынша қосымша декларация мен бейрезиденттің резиденттігін растайтын құжат ұсынылған жағдайда халықаралық шарттың ережелерін қолдануға құқығы бар.
670-бап. Бейрезиденттің тұрақты мекеме арқылы Қазақстан Республикасындағы қызметтен түсетін таза кірісін салық салудан ішінара босатуға қатысты халықаралық шартты қолдану тәртібі
1. Егер бейрезидент халықаралық шарт жасасқан елдің резиденті болып табылса және осындай халықаралық шартта бейрезиденттің таза кірісіне салық салудың осы Кодекстің 652-бабында белгіленген тәртіптен өзгеше тәртібі көзделген болса, оның тұрақты мекеме арқылы Қазақстан Республикасындағы қызметтен түсетін таза кірісіне халықаралық шартта көзделген төмендетілген салықтық мөлшерлемені қолдануға құқығы бар.
Төмендетілген салықтық мөлшерлеме бейрезидентте корпоративтік табыс салығы бойынша декларацияны тапсыру күніне оның резиденттігін растайтын құжат болған кезде қолданылады.
Бейрезидент резиденттікті растайтын құжатты корпоративтік табыс салығы бойынша декларацияны тапсырған кезде тұрақты мекеме тұрған жердегі салық органына тапсырады.
2. Корпоративтік табыс салығы бойынша декларацияны тапсырған күнге бейрезиденттің резиденттігін растайтын құжат болмаған кезде бейрезидент халықаралық шарттың ережелерін қолдануға құқылы емес.
Бұл ретте корпоративтік табыс салығы бюджетке есептелген және төленген жағдайда бейрезидент осы Кодекстің 48-бабында белгіленген талап қою мерзімі өткенге дейін, егер халықаралық шартта өзге мерзімдер белгіленбесе, салық органына корпоративтік табыс салығы бойынша қосымша декларация мен бейрезиденттің резиденттігін растайтын құжат ұсынылған жағдайда халықаралық шарттың ережелерін қолдануға құқығы бар.
671-бап. Бейрезидент-жеке тұлғаның салық агенттері болып табылмайтын тұлғалардан алған кірістерін салық салудан босатуға қатысты халықаралық шартты қолдану тәртібі
1. Егер бейрезидент-жеке тұлға кірісті түпкілікті алушы және халықаралық шарт жасасқан елдің резиденті болып табылса,
бейрезидент-жеке тұлғаның халықаралық шарттың ережелеріне сәйкес салық агенттері болып табылмайтын тұлғалардан алған кірістерін салық салудан босатуды қолдануға құқығы бар.
Салық салудан босату бөлігінде халықаралық шарт бейрезидентте жеке табыс салығы бойынша декларация тапсырған күнге оның резиденттігін растайтын құжат болған кезде қолданылады.
Бейрезидент-жеке тұлға резиденттікті растайтын құжатты жеке табыс салығы бойынша декларацияны берген кезде өзі болатын (тұрғылықты) жердегі салық органына тапсырады.
2. Бейрезидент-жеке тұлға жеке табыс салығы бойынша декларацияны тапсыру кезінде резиденттікті растайтын құжаты болмаған кезде осы Кодекстің 658-бабында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде бюджетке табыс салығын төлеуді жүргізуге міндетті.
Бұл ретте бейрезидент-жеке тұлғаның осы Кодекстің 672, 673 және 674-баптарында айқындалған тәртіппен төленген табыс салығын бюджеттен қайтарып алуға құқығы бар.
672-бап. Бейрезиденттің төленген табыс салығын халықаралық шарт негізінде бюджеттен қайтарып алуға өтініш беру тәртібі
1. Халықаралық шарттың ережелерін қолданған кезде бейрезиденттің осы бапта және осы Кодекстің 673, 674-баптарында айқындалған тәртіппен табыс салығын қайтарып алуға мынадай:
1) салық агенті осы Кодекстің ережелеріне сәйкес Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған бейрезиденттің кірістерінен табыс салығын ұстап қалған және бюджетке аударған;
2) бейрезидент халықаралық шартқа сәйкес тұрақты мекеме құруға алып келмейтін құрылымдық бөлімше арқылы Қазақстан Республикасындағы қызметті жүзеге асырудан түсетін кірістерінен табыс салығын есептеген және төлеген;
3) бейрезидент Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған кірістерінен осы Кодекстің ережелеріне сәйкес табыс салығын төлеген жағдайларда құқығы бар.
Бұл ретте бейрезидент төленген табыс салығын бюджеттен қайтарып алуға осы баптың 3 және 4-тармақтарында айқындалған құжаттарды қоса бере отырып, салықтық өтінішті (бұдан әрі осы Кодекстің осы бабының және 673, 674-баптарының мақсатында - өтініш) салық органына ұсынуға міндетті.
2. Өтінішті бейрезидент уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша салық агенті тұрған (тұрғылықты, болатын) жердегі салық органына қатысты жоғары тұрған орган болып табылатын салық органына екі данада ұсынады.
Өтінішті салық органына ұсыну күні салық органының өтінішті алған күні болып табылады.
3. Өтінішке мынадай құжаттар:
1) жұмыстарды орындауға, қызметтер көрсетуге немесе өзге де мақсаттарға келісімшарттардың (шарттардың, келісімдердің) көшірмелері;
2) бейрезиденттің резиденттігін растайтын құжат;
3) алынған кірістер мен ұстап қалған немесе төленген салықтардың сомасын растайтын бухгалтерлік немесе өзге де құжаттардың көшірмелері;
4) бейрезидент Қазақстан Республикасының аумағында осындай мақсаттар үшін жалдаған жұмыскерлер немесе басқа да персоналдар арқылы жұмыстарды орындаған, қызметтер көрсеткен жағдайда - осындай жеке тұлғалардың жеке басын куәландыратын құжаттарының және олардың Қазақстан Республикасының аумағында болу мерзімін растайтын құжаттардың көшірмелері;
5) өтінішті заңды тұлға берген жағдайда қосымша:
құрылтай құжаттарының нотариат куәландырған көшірмелері не құрылтайшыларды (қатысушыларды) және бейрезидент-заңды тұлғаның мажоритарлық акционерлерін көрсете отырып, сауда тізілімінен (акционерлер тізілімінен) немесе бейрезидент тіркелген мемлекеттің заңнамасында көзделген өзге де ұқсас құжаттан үзінді көшірмелер қоса берілуге тиіс.
Бейрезиденттің шет мемлекет заңнамасының талаптарына сәйкес құрылтай құжаттары немесе сауда тiзiлiмiнде (акционерлердiң тiзiлiмiнде) немесе бейрезидент тіркелген мемлекеттің заңнамасында көзделген өзге де ұқсас құжатта тiркеу бойынша мiндеттемесі болмаған жағдайда мұндай бейрезидент салық агентіне:
бейрезидентті құруға негiз болған, құқықтық (заңдық) күшін мұндай бейрезидент тіркелген шет мемлекеттiң тиiстi органы растаған құжатты (актіні), не қатысушысы бейрезидент болып табылатын шоғырландырылған топтың ұйымдық құрылымын көрсететін, оның барлық қатысушылары мен олардың географиялық орналасқан жерін (шоғырландырылған топ қатысушылары жасалған (құрылған) мемлекеттердің (аумақтардың) атауын) және барлық шоғырландырылған топ қатысушыларының мемлекеттік және салықтық тіркеу нөмірлері көрсетілген өзге де құжатты ұсынады;
6) өтінішті жеке тұлға ұсынған жағдайда қосымша - жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі қоса берілуге тиіс.
Өтініш осы баптың 4-тармағына сәйкес ұсынылған жағдайда осы тармақтың ережелері қолданылмайды.
4. Бейрезидент депозитарлық қолхаттардың базалық активі болып табылатын акциялар бойынша алынған кірістерден табыс салығын қайтарып алуға өтінішті ұсынған кезде өтінішке мынадай құжаттар:
1) мыналарды:
бейрезиденттің атауын немесе тегін, атын, әкесінің атын (егер бұл жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе);
депозитарлық қолхаттардың саны мен түрі туралы ақпаратты;
бейрезиденттің жеке басын куәландыратын құжаттың атауын және деректемелерін (жеке тұлға үшін), бейрезиденттің инкорпорация еліндегі салықтық тіркелу нөмірін немесе оның аналогын (ол болған кезде), бейрезиденттің мемлекеттік тіркелу нөмірін және күнін (заңды тұлға үшін) қамтитын орталық депозитарийден алынған шоттан үзінді көшірме;
2) депозитарлық қолхаттардың базалық активі болып табылатын акциялар эмитентінің акционерлері жалпы жиналысының бір акция есебінен дивидендтің мөлшерін және дивидендтер алуға құқығы бар акционерлердің тізімі жасалған күнді көрсете отырып, белгілі бір кезең үшін дивидендтер төлеу туралы шешімі;
3) келіп түскен дивидендтердің сомалары бойынша валюта шотынан үзінді көшірме;
4) депозитарлық қолхаттардың базалық активі болып табылатын акциялар бойынша кірістерді түпкілікті (нақты) алушы (иеленуші) болып табылатын бейрезиденттің резиденттігін растайтын құжат қоса беріледі.
5. Егер осы баптың 3 және 4-тармақтарында көрсетілген құжаттар шет тілінде жасалған болса, бейрезидент олардың қазақ немесе орыс тілдеріндегі нотариат куәландырған аудармасын қоса беруге міндетті.
6. Бейрезидент жұмыстарды орындаудан, қызметтер көрсетуден түскен кірістерден ұстап қалған табыс салығын қайтаруға өтінішті Қазақстан Республикасында жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету аяқталған соң ұсынады.
Бейрезидент ұзақ мерзімді келісімшарттар бойынша салық органына өтінішті жұмыстарды орындаудың, қызметтер көрсетудің әрбір кезеңі аяқталуына қарай ұсынуға құқылы.
Осы бөлімнің мақсатында ұзақ мерзімді келісімшарт оның жасалған күнінен бастап он екі айлық кезең ішінде аяқталмаған, жұмыстарды орындауға, қызметтер көрсетуге арналған келісімшарт (шарт) болып табылады.
7. Егер халықаралық шартта өзгеше белгіленбесе, бейрезидент өтінішті салық органына осы Кодекстің 48-бабында белгіленген талап қою мерзімі өткенге дейін ұсынады.
8. Салық органы мынадай:
1) бейрезидент өтінішті осы баптың 7-тармағында белгіленген мерзім өткеннен кейін берген жағдайда өтінішті қараудан бас тартады. Бұл ретте бейрезидент өтінішті қайта беруге құқылы емес;
2) резиденттікті растайтын құжат осы Кодекстің 675-бабында белгіленген талаптарға сәйкес келмеген;
3) бейрезидент осы баптың 3 және 4-тармақтарында айқындалған құжаттарды ұсынбаған;
4) бейрезидент осы баптың 2-тармағының ережелерін сақтамаған жағдайларда өтінішті қараудан бас тартады.
Бұл ретте салық органының өтінішті қараудан бас тарту туралы шешімі бейрезидентке оның қолын қойғыза отырып табыс етіледі немесе бас тарту себептері көрсетіле отырып, салық органы алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде өтінішті және ұсынылған құжаттарды қоса бере отырып, алуы туралы хабарламасы бар тапсырыс хатпен пошта арқылы жіберіледі.
Салық органы осы тармақтың 2), 3) және 4) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша өтінішті қараудан бас тартқан жағдайда, бейрезидент, егер ол жол берілген бұзушылықтарды жоятын болса, осы баптың 7-тармағында белгіленген мерзім шегінде қайта өтініш беруге құқылы.
673-бап. Бейрезиденттің өтінішін қарау және оны қарау нәтижелері бойынша шешім қабылдау тәртібі
1. Салық органы бейрезиденттің осы Кодекстің 672-бабына сәйкес ұсынылған өтінішін оны бейрезидент ұсынған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде қарайды.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген өтінішті қарау мерзімі:
1) осы баптың 3-тармағында көрсетілген тақырыптық тексеріс жүргізу кезеңіне;
2) салық органы осы баптың 2, 4 және 5-тармақтарында көрсетілген сұрау салу жіберген күннен бастап осындай сұрау салуға жауап алған күнге дейінгі кезеңге тоқтатыла тұрады.
2. Бейрезиденттің өтінішін қарау барысында салық органы басқа салық органдарына, уәкілетті мемлекеттік органдарға, шет мемлекеттердің құзыретті органдарына, банктерге және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға және Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асыратын өзге де ұйымдарға қажетті ақпарат беру туралы, сондай-ақ салықты қайтарып алуға байланысты мәселелер бойынша бейрезидентке сұрау салулар жіберуге құқылы.
3. Бейрезиденттің өтінішін қарау кезінде салық органы, осы баптың 5 және 6-тармақтарында көрсетілген жағдайларды қоспағанда, осы Кодекстің 18-тарауында айқындалған тәртіппен бейрезиденттің өтініші негізінде төленген табыс салығын бюджеттен қайтару мәселесі бойынша тақырыптық тексеру жүргізеді.
4. Егер бейрезиденттiң Қазақстан Республикасында құрылымдық бөлімшесі болған жағдайда, өтiнiштi қарайтын салық органы бейрезиденттi оның осы Кодекстiң 48-бабында белгiленген талап қою мерзiмi кезеңiнде салықтық мiндеттемелерді орындауы және Қазақстан Республикасында тұрақты мекемесiнiң болуы не болмауы тұрғысынан жоспардан тыс кешендi тексеру жүргiзуге сұрау салуды осындай құрылымдық бөлімше тұрған жердегі салық органына жiберуге мiндеттi.
5. Салық агенті таратылған (қызметі тоқтатылған), банкрот болған жағдайда салық органы өтініші қаралып жатқан бейрезиденттің резиденттiк елiнiң құзыреттi органына салық агентi мен бейрезиденттiң өзара қатынастары туралы ақпарат беру жөнінде сұрау салу жiберуге құқылы.
Бұл ретте осы баптың 7-тармағында көрсетілген шешім салық органының сұрау салуына бейрезиденттің резиденттiк елiнiң құзыреттi органынан алынған ақпарат және (немесе) таратылған (қызметі тоқтатылған) немесе банкрот деп танылған салық агенті ұсынған, төлем көзінен ұстап қалған табыс салығы бойынша салықтық есептіліктің деректері негізінде қабылданады.
Шет мемлекеттің құзыретті органы осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген негіздер бойынша жіберілген сұрау салу бойынша ақпарат ұсынудан жазбаша бас тартқан немесе сұрау салу жіберілген күннен бастап кемінде екі жылдан астам мерзімде жауап ұсынылмаған жағдайда салық органы өтінішті қараудан бас тартуға міндетті. Бұл ретте салық төлеуші осы Кодекстің 221-бабының ережелеріне сәйкес өзара келісу рәсіміне бастамашылық жасауға құқылы.
6. Бейрезидент-жеке тұлға бюджетке салық агенттері болып табылмайтын адамдардан алынған кірістен табыс салығын төлеген жағдайда осы баптың 7-тармағында көрсетілген шешім осы Кодекстің 672-бабының 3-тармағында айқындалған табыс салығын қайтарып алуға өтінішке қоса берілген құжаттардың және бейрезидент ұсынған табыс салығы бойынша салықтық есептілік деректерінің негізінде қабылданады.
7. Бейрезиденттің өтінішін қарау қорытындылары бойынша салық органы мынадай:
1) табыс салығын толықтай немесе оның бір бөлігін қайтару туралы;
2) табыс салығын қайтарудан бас тарту туралы шешімдердің біреуін шығарады.
Салық органының шешімі жазбаша нысанда ресімделеді және оған басшы немесе оның орынбасары қол қояды.
Салық органы табыс салығын толықтай немесе оның бір бөлігін қайтару туралы шешім қабылдаған кезде ұсынылған өтініште халықаралық шарттың ережелеріне сәйкес қайтаруға жататын табыс салығының сомасы көрсетіледі және өтініш басшының немесе оның орынбасарының қолтаңбасымен және салық органының мөрімен куәландырылады.
Өтінішті қарау нәтижелері бойынша салық органының шешімінде:
1) шешім қабылданған күн;
2) шешім қабылдаған салық органының атауы;
3) өтініш берген бейрезиденттің толық атауы;
4) бейрезиденттің инкорпорация еліндегі салықтық тіркелу нөмірі немесе оның аналогы (бар болған кезде);
5) қайтару туралы шешім қабылданған жағдайда - бюджеттен бейрезидентке қайтаруға жататын табыс салығының сомасы;
6) табыс салығын қайтарудан бас тарту туралы шешім шығарылған жағдайда - мұндай шешім шығарған кезде салық органы басшылыққа алған Қазақстан Республикасы заңнамасының нормаларына және (немесе) халықаралық шарттарға сілтеме жасалған және (немесе) уәкілетті органның салуы негізінде шет мемлекеттің құзыретті органынан алынған ақпарат көрсетілген негіздеме көрсетілуге тиіс.
8. Бюджетке табыс салығы төленген және салық органы табыс салығын толығымен немесе оның бір бөлігін қайтару туралы шешім қабылдаған жағдайда шешімнің көшірмелері мен бейрезиденттің өтініштері осындай салық органы табыс салығын төлеуді жүргізген салық агенті (салық төлеуші) тұрған (тұрғылықты, болатын) жері бойынша тіркелген салық органына жіберіледі.
Салық агенті (салық төлеуші) тұрған (тұрғылықты болатын) жердегі тіркелген салық органы бейрезидентке осы Кодекстің 101-бабында айқындалған тәртіппен бюджеттен табыс салығының сомасын қайтаруды осындай шешім қабылданған күннен бастап отыз жұмыс күні ішінде жүргізеді.
9. Салық органының шешімі бейрезиденттің өтінішінің бір данасы қоса тіркеле отырып, бейрезидентке қол қойғызып табыс етіледі немесе алуы туралы хабарламасы бар тапсырыс хатпен пошта арқылы жіберіледі.
Табыс ету немесе поштаның немесе өзге де байланыс ұйымының хабарламасына немесе бейрезиденттің белгі қойған күні салық органының шешімін бейрезиденттің алған күні болып табылады.
674-бап. Бейрезиденттің өтінішін қарау нәтижелері бойынша шешімге шағым жасау және шағымды қарау нәтижелері бойынша шешім шығару тәртібі
1. Бейрезидент осы Кодекстің 673-бабының 7-тармағында көрсетілген салық органының шешімімен келіспеген жағдайда оған уәкілетті органға шағымдануға құқылы.
Шағым салық органының шешімін алған күннен кейінгі күннен бастап күнтізбелік тоқсан күн ішінде жазбаша нысанда беріледі.
Бұл ретте бейрезидент шешіміне шағым жасалған салық органына шағымның көшірмесін жіберуге тиіс.
Шағымды уәкілетті органға берген күн шағымды уәкілетті орган алған күн болып табылады.
2. Шағымда:
1) бейрезиденттің шағымға қол қойған күні;
2) шағым беруші тұлғаның тегі, аты және әкесінің аты (егер бұл жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе) не толық атауы, оның тұрғылықты жері (орналасқан жері);
3) бейрезиденттің инкорпорация еліндегі салықтық тіркелу нөмірі немесе оның аналогы (бар болған кезде);
4) шешіміне бейрезидент шағымданған салық органының атауы;
5) шағым беруші бейрезидент өзінің талаптарын негіздейтін мән-жайлар және осы мән-жайларды растайтын дәлелдемелер;
6) қоса берілетін құжаттардың тізбесі көрсетілуге тиіс.
Шағымға бейрезидент не оның өкілі болып табылатын тұлға қол қояды.
3. Шағымға мыналар:
1) өтініш пен салық органы шешімінің көшірмелері;
2) өтінішті қоспағанда, осы Кодекстің 672-бабының 3 немесе 4-тармақтарында белгіленген құжаттар;
3) бейрезидент өзінің талаптарын негіздейтін мән-жайларды растайтын құжаттар;
4) іске қатысы бар өзге де құжаттар қоса беріледі.
4. Уәкілетті орган мынадай:
1) бейрезидент осы баптың 1-тармағының екінші бөлігінде белгіленген мерзім өткен соң шағымды берген;
2) шағымның мазмұны осы баптың 2-тармағында белгіленген талаптарға сәйкес келмеген;
3) резиденттікті растайтын құжат осы Кодекстің 675-бабында белгіленген талаптарға сәйкес келмеген;
4) бейрезидент осы Кодекстің 672-бабының 3 немесе 4-тармақтарында белгіленген құжаттарды ұсынбаған;
5) бейрезидент осы Кодекстің 673-бабының 7-тармағында көрсетілген салық органының шешіміне сотқа шағым (арыз) берген жағдайларда бейрезиденттің шағымын қараудан бас тартады.
Шағымды қараудан бас тарту туралы шешім бейрезидентке шағымды уәкілетті органға берген күннен бастап он жұмыс күні ішінде жазбаша нысанда жіберіледі.
Уәкілетті орган осы тармақтың бірінші бөлігінің 2), 3) және 4) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша шағымды қараудан бас тартқан жағдайда бейрезидент, егер өзі жол берген бұзушылықтарды жоятын болса, шағымды қараудан бас тарту туралы шешімді алған күннен бастап күнтізбелік тоқсан күн ішінде оны қайта беруге құқылы.
5. Уәкілетті орган бейрезиденттің шағымын уәкілетті органға шағым берілген күннен бастап отыз жұмыс күні ішінде қарайды.
Бұл ретте уәкілетті орган шет мемлекеттің құзыретті органына немесе Қазақстан Республикасының басқа да мемлекеттік органдарына, банктерге және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға, Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асыратын өзге де ұйымдарға, сондай-ақ бейрезидентке оның өтінішін қарауға байланысты мәселелер бойынша қажетті ақпаратты ұсыну туралы сұрау салулар жіберген жағдайда, бейрезиденттің шағымын қарау мерзімі осындай ақпаратты алғанға дейін тоқтатыла тұрады.
6. Бейрезиденттің шағымын қарау қорытындылары бойынша уәкілетті орган мынадай:
1) табыс салығын толықтай немесе оның бір бөлігін қайтару туралы;
2) табыс салығын қайтарудан бас тарту туралы шешімдердің біреуін шығарады.
Уәкілетті органның шешімі бейрезидентке қол қойғызып табыс етіледі немесе алуы туралы хабарламасы бар тапсырыс хатпен пошта арқылы жіберіледі.
Табыс ету күні немесе поштаның немесе өзге де байланыс ұйымының хабарламасына бейрезиденттің белгі қойған күні уәкілетті органның шешімін бейрезиденттің алған күні болып табылады.
Уәкілетті органның шағымды қарау нәтижелері бойынша шешімінде:
1) шешім қабылданған күн;
2) өтініш берген бейрезиденттің толық атауы;
3) бейрезиденттің инкорпорация еліндегі салықтық тіркелу нөмірі немесе оның аналогы (бар болған кезде);
4) қайтару туралы шешім қабылданған жағдайда - мемлекеттік бюджеттен бейрезидентке қайтаруға жататын табыс салығының сомасы;
5) табыс салығын қайтарудан бас тарту туралы шешім шығарылған жағдайда - мұндай шешім шығарылған кезде салық органы басшылыққа алған Қазақстан Республикасы заңнамасының және (немесе) халықаралық шарттың нормаларына сілтеме жасалған және (немесе) уәкілетті органның сұрау салуы негізінде шет мемлекеттің құзыретті органынан алынған ақпарат көрсетілген негіздеме көрсетілуге тиіс.
7. Уәкілетті орган шешімінің көшірмесі шешіміне бейрезидент шағымданған салық органына жіберіледі.
Уәкілетті орган табыс салығын қайтару туралы шешім қабылдаған жағдайда, шешіміне бейрезидент шағымданған салық органы бейрезиденттің осындай салық органына бұрын ұсынған өтінішінде халықаралық шарттың ережелеріне сәйкес қайтаруға жататын табыс салығының сомасын көрсетеді. Осындай салық органының уәкілетті орган шешімінің көшірмесін алған күні өтінішті куәландыру күні болып табылады. Бұл ретте өтініш басшының немесе оның орынбасарының қолтаңбасымен және осындай салық органының мөрімен куәландырылады және бейрезидентке қол қойғызып табыс етіледі немесе алуы туралы хабарламасы бар тапсырыс хатпен пошта арқылы жіберіледі.