Қазақстан Республикасының аумағына тауарлар әкелінген күннен бастап бес жыл ішінде осы баптың 1 және 2-тармақтарында белгіленген талаптар бұзылған жағдайда, әкелінетін тауарларға қосылған құн салығы тауарларды әкелу кезінде қосылған құн салығын төлеу үшін белгіленген мерзімнен бастап өсімпұл есептеле отырып, Қазақстан Республикасының салық заңнамасында айқындалған тәртіппен және мөлшерде төленуге жатады.
Бұл ретте:
1) осы баптың 1-тармағы бірінші бөлігінің 9) және 10) тармақшаларында көрсетілген малды амалсыз сою нәтижесінде алынған ет және ет өнімдерін өткізу немесе осындай малдардың агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы уәкілетті орган бекіткен табиғи кему нормалары шегінде кемуі (қырылуы);
2) осы Кодекстің 442-бабына сәйкес айқындалған импортталған тауарлар есепке қабылданған күннен кейін қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебінен шығару осы бапта белгіленген талаптарды бұзушылық болып табылмайды.
6. Қосылған құн салығы есепке жатқызу әдісімен төленген осы баптың 1-тармағында көрсетілген тауарларды өткізу бойынша айналымдар қаржы лизингіне беру кезінде қосылған құн салығынан босатылады.
7. Осы баптың ережелері лизинг шартында көзделген лизингтік төлем сомасына тура келетін қосылған құн салығының сомасы бөлігінде сыйақы есептелмей, лизинг шарттары (келісімшарттары) бойынша Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер аумағынан Қазақстан Республикасының аумағына импортталған тауарларға да қолданылады.
49-тарау. ҚОСЫЛҒАН ҚҰН САЛЫҒЫ БОЙЫНША БЮДЖЕТПЕН ӨЗАРА ҚАТЫНАС
429-бап. Есепке жатқызылатын қосылған құн салығы сомасының салықтық кезең үшін есепке жазылған салық сомасынан асып кетуі
1. Егер осы тарауда өзгеше көзделмесе, есепке жатқызылатын қосылған құн салығы сомасының есептiк салықтық кезеңнiң соңында декларация бойынша өсу қорытындысымен қалыптасқан есепке жазылған салық сомасынан асып кетуi (бұдан әрi - қосылған құн салығының асып кетуi) қосылған құн салығы бойынша алдағы төлемдер есебіне жатқызылады.
Қосылған құн салығының асып кетуі импортталатын тауарлар бойынша және (немесе) бейрезиденттен жұмыстар, көрсетілетін қызметтер сатып алу кезінде қосылған құн салығын төлеу есебіне жатқызылмайды.
2. Нөлдік мөлшерлеме бойынша салық салынатын өткізу бойынша айналымдар жасалған салықтық кезеңнің соңында қалыптасқан қосылған құн салығының асып кетуі, егер бір мезгілде мынадай талаптар орындалатын болса:
1) қосылған құн салығын төлеуші нөлдік мөлшерлеме бойынша салық салынатын тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді тұрақты түрде өткізуді жүзеге асырса;
2) тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді тұрақты түрде өткізу жүзеге асырылған салықтық кезеңде нөлдік мөлшерлеме бойынша салық салынатын өткізу бойынша айналым өткізу бойынша салық салынатын жалпы айналымның кемінде 70 пайызын құрайтын болса, осы Кодекстің 431-бабында айқындалған тәртіппен өткізу бойынша салық салынатын айналымдар мақсатында пайдаланылатын сатып алынған тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер бойынша қайтарылуға жатады.
Осы тармақтың мақсаттарында нөлдік мөлшерлеме бойынша салық салынатын тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді тұрақты өткізуге, әрбір тоқсанда бір реттен сиретпей кезекті үш салықтық кезең ішінде жүзеге асырылатын нөлдік мөлшерлеме бойынша салық салынатын тауарларды өткізу, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету жатады. Бұл ретте көрсетілген әрбір салықтық кезеңдегі осындай өткізу тұрақты өткізу деп танылады.
3. Осы баптың 2-тармағында белгіленген талаптар орындалмаған жағдайда, қосылған құн салығы сомасының асып кетуі нөлдік мөлшерлеме бойынша салық салынатын өткізу бойынша айналым мақсаттары үшін пайдаланылған тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) бойынша есепке жатқызылған салық сомасының бөлігінде қайтарылуға жатады.
Халықаралық тасымалдарды жүзеге асыру кезінде қайтаруға жататын қосылған құн салығының асып кету сомасы қосылған құн салығы бойынша декларацияда қосылған құн салығының асып кету сомасын қайтару туралы талап ұсынылған салықтық кезең үшін есепке жатқызылған қосылған құн салығының сомасына тасымалдаудың жалпы көлемінде халықаралық тасымалдардың іс жүзіндегі көлемінің үлес салмағын қолдану арқылы есептеледі.
4. Нөлдік мөлшерлеме бойынша салық салынатын өткізу бойынша айналымдар мақсатында пайдаланылмайтын тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуға байланысты қалыптасқан қосылған құн салығының асып кетуін қайтару осы Кодекстің 373-бабына сәйкес бейрезиденттен жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу кезінде төленген есепке жатқызылған қосылған құн салығының сомалары шегінде жүргізіледі.
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 5-тармақ жаңа редакцияда
5. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген, қосылған құн салығын қайтарудың оңайлатылған тәртібіне құқығы бар қосылған құн салығын төлеушіде қалыптасқан қосылған құн салығының асып кетуі қайтарылуға жатады.
Осы тармақта белгіленген қосылған құн салығының асып кетуі салық төлеушінің осы Кодекстің 431 және (немесе) 433 және (немесе) 434-баптарында белгіленген тәртіпті және мерзімдерді таңдауы бойынша қайтарылады.
Осы Кодекстің 434-бабын таңдаған жағдайда салық төлеуші қосылған құн салығының асып кетуінің қалған бөлігіне осы Кодекстің 431 және (немесе) 433-баптарын қолдануға құқылы.
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
6. Осы баптың 2, 3 және 4-тармақтарының ережелері:
Екінші абзацтың қолданысы 2019 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатылды, тоқтатыла тұру кезеңінде осы абзац 2017.25.12. № 121-VI ҚР Заңының 38-бабының редакциясында қолданылды (бұр.ред.қара)
осы Кодекстің 432 және 433-баптарына сәйкес қайтару жүзеге асырылатын қосылған құн салығының асып кету сомасына;
осы Кодекстің 434-бабында аталған, қосылған құн салығының асып кетуін қайтарудың оңайлатылған тәртібін қолдануға құқығы бар салық төлеушілерге қолданылмайды.
7. Бюджеттен қайтарылуға жататын қосылған құн салығының асып кету сомасын айқындаған кезде:
агроөнеркәсіптік кешен саласындағы дайындаушы ұйым жазып берген шот-фактуралар;
салықтық міндеттемені орындау есебіне заттай нысанда берілетін пайдалы қазбалар бойынша тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер (оның ішінде осындай пайдалы қазбаларды өткізуге байланысты тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) бойынша есепке жатқызылған қосылған құн салығының сомасы ескерілмейді.
8. Салық органының шешімі бойынша қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебінен шығарылған салық төлеушілер бойынша қосылған құн салығының асып кетуі өтуі қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебінен шығарылған күннен бастап басталатын осы Кодекстің 48-бабында белгіленген талап қою мерзімі өткен соң есептен шығарылуға жатады.
Салық төлеушілердің жеке шоттарынан қосылған құн салығының асып кетуін есептен шығару уәкілетті орган айқындаған тәртіппен жүзеге асырылады.
9. Салық төлеуші қызметінің тоқтатылуына байланысты осы Кодекстің 369-бабы 1-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген талаптар орындалғаннан кейін қалыптасқан қосылған құн салығының асып кетуі салық төлеуші қызметінің тоқтатылуына байланысты тапсырылған тарату декларациясында көрсетілген қалыптасқан қосылған құн салығының асып кетуі мөлшерінде азайтылуға жатады.
10. Қосылған құн салығының асып кетуін қайтару қағидаларын уәкілетті орган бекітеді.
430-бап. Жекелеген негіздер бойынша қосылған құн салығын қайтару
Мыналар:
1) осы Кодекстің 435-бабында айқындалған тәртіппен грант қаражаты есебінен сатып алынған тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді берушілерге төленген;
2) Қазақстан Республикасында аккредиттелген дипломатиялық және оларға теңестірілген шет мемлекеттердің өкілдіктері, шет мемлекеттердің консулдық мекемелері және олармен бірге тұратын отбасы мүшелерін қоса алғанда, дипломатиялық және осы өкілдіктердің әкімшілік-техникалық персоналына жататын адамдар, олармен бірге тұратын отбасы мүшелерін қоса алғанда, консулдық лауазымды адамдар, консулдық қызметшілер Қазақстан Республикасының аумағында сатып алған тауарларды, жұмыстарды, қызметтерді берушілерге осы Кодекстің 436-бабында айқындалған тәртіппен төлеген;
3) осы Кодекстің 101 және 102-баптарында айқындалған тәртіппен бюджетке артық төленген қосылған құн салығы бюджеттен қайтарылуға жатады.
431-бап. Қосылған құн салығының асып кетуін қайтару тәртібі мен мерзімдері
1. Қосылған құн салығының асып кетуін салық төлеушіге қайтару:
1) тармақшаның қолданысы 2019 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатылды, тоқтатыла тұру кезеңінде осы тармақша 2017.25.12. № 121-VI ҚР Заңының 39-бабының редакциясында қолданылды (бұр.ред.қара)
1) егер осы Кодекстің 432, 433 және 434-баптарында өзгеше белгіленбесе, осы бапта белгіленген тәртіппен және мерзімдерде;
2) салықтық кезеңдегі қосылған құн салығы бойынша декларацияда көрсетілген оның қосылған құн салығының асып кету сомасын қайтару туралы талабы негізінде жүзеге асырылады.
Бірінші абзацтың қолданысы 2019 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатылды, тоқтатыла тұру кезеңінде осы абзац 2017.25.12. № 121-VI ҚР Заңының 39-бабының редакциясында қолданылды (бұр.ред.қара)
2. Егер осы Кодекстің 432, 433 және 434-баптарында өзгеше белгіленбесе, тексеру нәтижелерімен расталған қосылған құн салығының асып кету сомасын салық төлеушіге қайтару мынадай мерзімдерде жүргізіледі:
қосылған құн салығының асып кету сомасын қайтару туралы талап қойылған салықтық кезең үшін шот-фактураларды жазып беру мен алуды электрондық нысанда ғана жүзеге асыратын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айқындалатын тәуекел аймағындағы салық төлеушілердің санатына жатқызылмаған салық төлеушіге - отыз жұмыс күні ішінде;
қосылған құн салығының асып кету сомасын қайтару туралы талап қойылған салықтық кезең үшін өткізу бойынша жалпы салық салынатын айналымда кемінде 70 пайызды құрайтын нөлдік мөлшерлеме бойынша салық салынатын өткізу бойынша айналымдарды жүзеге асыратын салық төлеушіге - елу бес жұмыс күні ішінде;
қалған жағдайларда - күнтізбелік бір жүз елу бес күн ішінде.
Бұл ретте қосылған құн салығының асып кету сомасын қайтару мерзімінің өтуі осы Кодекстің 212-бабы 3-тармағының 2) тармақшасына сәйкес ұзарту кезеңін ескере отырып, осы Кодексте қосылған құн салығы бойынша декларацияны салық органына ұсыну үшін белгіленген соңғы күн өткеннен кейін басталады.
Осы тармақтың мақсатында мыналар қосылған құн салығының асып кету сомасын қайтару үшін негіздер болып табылады:
1) шағым жасау (салық төлеуші шағым жасаған кезде) нәтижелерін ескере отырып, қайтаруға ұсынылған қосылған құн салығының асып кету сомасының анықтығын растау жөніндегі салықтық тексеру актісі;
2) осы Кодекстің 152-бабының 13-тармағында көзделген жағдайда ресімделген салықтық тексеру актісіне қорытынды.
3. Қосылған құн салығының асып кетуін:
1) мыналар:
шағын бизнес субъектілері;
шаруа немесе фермер қожалықтары;
ауыл шаруашылығы өнімін, акваөсіру (балық өсіру шаруашылығы) өнімін өндірушілер және ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін белгіленген арнаулы салық режимдерінде бюджетпен есеп айырысуды жүзеге асыратын салық төлеушіге;
2) тармақшаның қолданысы 2021 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатылды, тоқтатыла тұру кезеңінде осы тармақша 2017.25.12. № 121-VI ҚР Заңының 39-бабының редакциясында қолданылады (болашақ редакцияны қараңыз)
2) осы Кодекстің 372-бабы 5-тармағы 28) тармақшасының және 411-бабының ережелерін қолданған салықтық кезеңдер үшін салық төлеушіге қайтару жүргізілмейді.
4. Бюджеттен қайтаруға расталған қосылған құн салығының асып кету сомасы осы Кодекстің 104-бабында айқындалған тәртіппен салық төлеушіге қайтарылады.
5. Салық төлеуші декларацияда қосылған құн салығының асып кету сомасын қайтару туралы талапты көрсеткен, бюджеттен қайтарылған, бірақ кейіннен салықтық бақылау нәтижелері бойынша расталмаған қосылған құн салығының асып кету сомасын салық төлеуші осы Кодекстің 96-бабы 2-тармағы екінші бөлігінің 1) тармақшасына сәйкес ол келіскен жағдайда камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарлама немесе тексеру нәтижелері туралы хабарлама негізінде бюджетке төлеуге тиіс.
Егер қосылған құн салығының асып кету сомасын салық төлеушіге қайтару бұрын осы Кодекстің 104-бабының 4-тармағына сәйкес осы салық төлеушінің пайдасына өсімпұлды есепке жазу және аудару арқылы жүргізілген болса, бұрын салық төлеушіге аударылған және салықтық бақылау нәтижелері бойынша расталмаған, қосылған құн салығының асып кетуінің қайтарылған сомасына тура келетін өсімпұл осы Кодекстің 96-бабы 2-тармағы екінші бөлігінің 1) тармақшасына сәйкес ол келіскен жағдайда камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарлама немесе тексеру нәтижелері туралы хабарлама негізінде бюджетке төленуге жатады.
6. Осы баптың 5-тармағында көрсетілген сомалар осы Кодекстің 104-бабының 4-тармағында көрсетілген мөлшерде бюджеттен қайтарылған күннен бастап әрбір күн үшін өсімпұлды есептей отырып бюджетке төленуге жатады.
432-бап. Салық төлеушілердің жекелеген санаттарына қосылған құн салығының асып кетуін қайтару ерекшеліктері
1. Егер қосылған құн салығының асып кетуі Қазақстан Республикасының аумағында алғаш рет пайдалануға берілетін өндірістік мақсаттағы ғимараттар мен құрылыстарды салуға байланысты салық төлеуші сатып алған тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бойынша қалыптасса, мұндай салық төлеушіге құрылыс кезеңінде қалыптасқан қосылған құн салығының асып кету сомасын қайтару осы баптың 3-тармағында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде жүзеге асырылады.
Осы баптың мақсаттары үшін өндірістік мақсаттағы ғимараттарға:
1) өнеркәсіптік ғимараттар мен қоймалар;
2) көлік, байланыс және коммуникациялар ғимараттары;
3) тұрғын емес ауыл шаруашылығы ғимараттары жатады.
Осы баптың мақсаттары үшін өндірістік мақсаттағы құрылыстарға, спорт пен демалыс орындарына, әкімшілік мақсаттарға, автомобиль тұрағына немесе орынтұрағына арналған, сондай-ақ мәдени-ойын сауық, қонақ үй, мейрамхана мақсатындағы құрылыстардан басқа құрылыстар жатады.
Өндірістік мақсаттағы ғимараттар мен құрылыстарды осы тармақтың екінші және үшінші бөліктерінде көрсетілген ғимараттар мен құрылыстарға жатқызу техникалық реттеу саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген сыныптамаға сәйкес жүргізіледі.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің ережелері Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес толық аяқталған құрылыс кезінде де қолданылады.
Бұл ретте құрылыстың басталуы мен ғимараттарды, құрылыстарды пайдалануға беру күні арасындағы уақыт кезеңі құрылыс кезеңі деп түсініледі.
Осы баптың мақсаттары үшін мына күндердің неғұрлым ертерегі:
1) құрылысты жүзеге асыруға арналған келісімшарт (шарт) жасалған күн;
2) жобалау жұмыстарын жүзеге асыруға арналған келісімшарт (шарт) жасалған күн құрылыстың басталуы деп танылады.
Осы тармақтың ережелері бір мезгілде мынадай шарттар сақталған кезде:
1) салық төлеуші қызметін арнайы экономикалық аймақтың аумағында жүзеге асыратын немесе жаңадан құрылған, инвестициялық басым жобаны іске асыратын ұйым болып табылса;
2) құрылыс осы Кодекстің 282-бабының 1-тармағында көрсетілген ұзақ мерзімді келісімшарттың негізінде жүзеге асырылса;
3) ғимараттар, құрылыстар негізгі құралдар деп танылса;
4) ғимараттар, құрылыстар пайдалануға қабылданса, қолданылады.
Осы тармақта көзделген қосылған құн салығының асып кету сомасын қайтару туралы талап ғимараттар, құрылыстар пайдалануға берілген салықтық кезеңнен кейінгі салық кезеңдері үшін қосылған құн салығы бойынша кезекті декларацияда осы Кодекстің 48-бабының ережелері ескеріле отырып көрсетіледі.
2. Егер қосылған құн салығының асып кетуі салық төлеуші геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу мен кен орнын жайластыру кезеңінде сатып алған тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бойынша қалыптасса, мұндай қосылған құн салығының асып кету сомасын қайтару осы баптың 3-тармағында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде жүзеге асырылады.
Бұл ретте Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен жер қойнауын пайдалануға арналған тиісті келісімшарт жасалған күн мен кең таралған пайдалы қазбаларды, жерасты суларын және емдік балшықтарды қоспағанда, жер қойнауын пайдалануға арналған тиісті келісімшарт шеңберінде өндірілген пайдалы қазбалардың экспорты басталған күн арасындағы уақыт кезеңі геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу мен кен орнын жайластыру кезеңі деп түсініледі.
Осы тармақтың ережесі қызметін Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен жасалған жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт (кең таралған пайдалы қазбаларды, жерасты суларын және емдік балшықтарды барлауға және (немесе) өндіруге арналған келісімшарттарды қоспағанда) шеңберінде жүзеге асыратын салық төлеушілерге қатысты қолданылады.
Салық төлеуші осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген қосылған құн салығының асып кету сомасын қайтару туралы талапты кең таралған пайдалы қазбаларды, жерасты суларын және емдік балшықтарды қоспағанда, жер қойнауын пайдалануға арналған тиісті келісімшарт шеңберінде өндірілген пайдалы қазбалардың экспорты басталған күнге тура келетін салықтық кезеңнен кейінгі салық кезеңдері үшін қосылған құн салығы бойынша кезекті декларацияда осы Кодекстің 48-бабының ережелерін ескере отырып көрсетеді.
3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында көрсетілген қосылған құн салығының асып кетуін қайтару жиырма салықтық кезең ішінде қайтаруға көрсетілген қосылған құн салығының асып кетуінің жинақталған сомасының анықтығы расталған салықтық кезеңнен бастап тең үлестермен жүзеге асырылады.
4-тармақтың қолданысы 2019 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатылды, тоқтатыла тұру кезеңінде осы тармақ 2017.25.12. № 121-VI ҚР Заңының 40-бабының редакциясында қолданылды (бұр.ред.қара)
4. Осы баптың ережелері қайтарылуы осы Кодекстің 429 және 433-баптарына сәйкес жүзеге асырылатын қосылған құн салығының асып кету сомасына, сондай-ақ осы Кодекстің 434-бабында көзделген қосылған құн салығының асып кетуін қайтарудың оңайлатылған тәртібін қолдануға құқығы бар салық төлеушілерге қосылған құн салығының асып кетуін қайтарған кезде қолданылмайды.
433-бап 2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
433-бап. Қосылған құн салығын төлеуші қосылған құн салығының бақылау шотын пайдаланған кезде қосылған құн салығының асып кетуін қайтару ерекшеліктері
2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Осы бап қосылған құн салығын төлеуші қосылған құн салығының бақылау шотын (бұдан әрі - бақылау шоты) пайдаланған кезде қосылған құн салығының асып кету сомасын қайтару ерекшеліктерін белгілейді.
Қосылған құн салығын есепке алу үшін екінші деңгейдегі банктерде және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарда ашылған, қосылған құн салығының сомаларын есептеу кезінде, оның ішінде:
импортқа және бейрезидент үшін қосылған құн салығын қоса алғанда, қосылған құн салығын бюджетке төлеу;
тауарларды берушілерге қосылған құн салығын төлеу;
тауарларды сатып алушылардың (алушылардың) қосылған құн салығын төлеуі;
қосылған құн салығын төлеушінің өзге банктік шотынан ақшаны есепке жатқызу үшін пайдаланылатын ағымдағы шот осы Кодекстің мақсаттары үшін бақылау шоты болып табылады.
Бұл ретте қосылған құн салығын төлеушінің құрылымдық бөлімшесі бақылау шотын ашуға және пайдалануға құқылы.
2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Қосылған құн салығының сомасы бойынша есеп айырысу қосылған құн салығын төлеушілер арасында бақылау шоттарын пайдалану арқылы жүргізіледі.
Электрондық шот-фактуралар ақпараттық жүйесінің қатысушылары болып табылатын қосылған құн салығын төлеушілердің (олардың құрылымдық бөлімшелерінің) бақылау шотын пайдалануға құқығы бар.
Егер тауарларды сатып алушы қосылған құн салығын төлеуші болып табылмаса, қосылған құн салығының сомасы бойынша есеп айырысу оның банктік шотынан тауарды берушінің бақылау шоты болып табылмайтын өзге банктік шотына жүргізіледі. Бұл ретте бақылау шотын пайдаланатын тауарды беруші қосылған құн салығының мұндай сомасын өзінің бақылау шотына есепке жатқызуға құқылы.
3. Осы бапқа сәйкес қосылған құн салығының асып кету сомасын қайтаруға:
1) сатып алынған (алынған) тауарларды (лизинг нысаналарын) басқа тауарларды өндіруде пайдаланатын салық төлеушілер құқылы. Сатып алынған (алынған) тауарлардың (лизинг нысандарының) тізбесін уәкілетті органмен және мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті орган агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы уәкілетті органмен бірлесіп бекітеді.
Осы тармақшада көрсетілген сатып алынған (алынған) тауарлар (лизинг нысаналары) сатып алынған (алынған) күннен бастап екі жыл ішінде одан әрі өткізілуге жатпайды;
2) тауарларды экспортқа өткізетін;
3) халықаралық ұшуларды, халықаралық әуе тасымалдарын орындайтын шетелдік авиакомпанияларға әуе кемелеріне құю үшін жанар-жағар май материалдарын өткізетін;
4) салық төлеуші өзі өндірген немесе қайта өңдеу мақсатында меншігіне сатып алған шикізаттан өндірілген тазартылған алтынды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне өткізетін;
5) арнайы экономикалық аймақтар құру мақсаттарына сай келетін қызметті жүзеге асыру кезінде толық тұтынылатын тауарларды арнайы экономикалық аймақ аумағына өткізетін салық төлеушілер құқылы.
2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Осы бапқа сәйкес қосылған құн салығының асып кетуін қайтару сатып алынған (алынған), өткізілуі кезінде қосылған құн салығының сомаларын есептеу бақылау шоттарын пайдалану арқылы жүргізілген тауарлар бойынша қалыптасқан қосылған құн салығының асып кету сомасы бөлігінде жүргізіледі.
2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5. Осы бапқа сәйкес қайтаруға ұсынылған қосылған құн салығының асып кету сомасының анықтығын растау салық органдарының ақпараттық жүйелерінде бар деректердің негізінде жүргізіледі.
Қосылған құн салығының асып кету сомасының анықтығы расталмаған жағдайда:
осы баптың 3-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген салық төлеушілерге қосылған құн салығының асып кетуін қайтаруға құқығы жоқ екендігі туралы хат жіберіледі;
осы баптың 3-тармағының 2) - 5) тармақшаларында көрсетілген салық төлеушілерге олардың осы Кодекстің 429, 431 және 432-баптарында көзделген қосылған құн салығының асып кетуін қайтару тәртібін қолдану құқығы туралы хат жіберіледі.