Түзетілген шот-фактура жазып берілген кезде бұрын жазып берілген шот-фактураның күші жойылады.
2. Түзетілген шот-фактура:
1) шот-фактураларды жазып беруге қойылатын, осы тарауда белгіленген талаптарға сәйкес келуге;
2) мынадай ақпаратты:
шот-фактура түзетілген болып табылатыны туралы белгіні;
түзетілген шот-фактураның реттік нөмірі мен жазып берілген күнін;
алғашқы шот-фактураның реттік нөмірі мен жазып берілген күнін;
күші жойылатын шот-фактураның реттік нөмірі мен жазып берілген күнін қамтуға тиіс.
3. Қағаз жеткізгіште жазып берілген түзетілген шот-фактура бойынша осындай шот-фактураны тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді алушының алғаны туралы төменде санамаланған растаулардың бірінің:
1) осы Кодекстің 412-бабының 12-тармағына сәйкес тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді алушының осындай шот-фактураны қолтаңбаларымен және мөрімен растауы;
2) тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді берушінің осындай шот-фактураны тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді алушының мекенжайына тапсырысты хатпен жіберуі және оның алынғаны туралы хабарламаның болуы;
3) тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді алушының қол қойылған және:
заңды тұлғалар үшiн - егер осы тұлғада Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мөр болуға тиіс болса, оның атауы қамтылған және ұйымдық-құқықтық нысаны көрсетiлген;
дара кәсiпкерлер үшiн - мөрі болған кезде, тегi, аты, әкесiнiң аты (егер ол жеке басты куаландыратын құжатта көрсетілсе) және (немесе) атауы қамтылған мөр басылған осындай шот-фактураны алғандығы туралы хаты болуы міндетті.
4. Электрондық нысанда жазып берілген түзетілген шот-фактура бойынша тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді алушы осындай түзетілген шот-фактураны алған күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде электрондық нысанда жазып берілетін шот-фактуралардың құжат айналымы тәртібіне сәйкес осындай шот-фактураның жазып берілуіне келіспейтінін көрсетуге құқылы.
Осы баптың ережелері осы Кодекстің 420-бабында көзделген жағдайларда қолданылмайды.
420-бап. Қосымша шот-фактураны жазып беру
1. Қосымша шот-фактураны өнім беруші:
1) осы Кодекстің 383-бабына сәйкес айналым мөлшері түзетілген;
2) осы Кодекстің 197-бабының талаптары сақталмаған жағдайларда жазып береді.
2. Қосымша шот-фактура:
1) шот-фактураларды жазып беруге қойылатын, осы тарауда белгіленген талаптарға сәйкес келуге;
2) мына ақпаратты:
шот-фактура қосымша болып табылатыны туралы белгіні;
қосымша шот-фактураның реттік нөмірі мен жазып берілген күнін;
қосымша шот-фактура жазып берілетін шот-фактураның реттік нөмірі мен жазып берілген күнін;
айналым мөлшері өзгертілген жағдайда, оны түзету сомасын;
қосылған құн салығы өзгертілген жағдайда, оны түзету сомасын;
электрондық нысанда жазып берілген кезде айналым мөлшерін түзету сомасына айналым жасалған күнді;
осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасында белгіленген жағдайда, «Салық кодексінің 197-бабын сақтамау» деген белгіні қамтуға тиіс.
3. Қосымша шот-фактура айналым жасалған күннен ерте емес және көрсетілген айналым жасалған күннен кейін күнтізбелік он бес күннен кешіктірілмей жазып беріледі.
4. Қағаз жеткізгіште жазып берілген қосымша шот-фактура бойынша осындай шот-фактураны тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді алушының алғаны туралы төменде санамаланған растаулардың бірінің:
1) осы Кодекстің 412-бабының 12-тармағына сәйкес тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді алушының осындай шот-фактураны қолтаңбаларымен және мөрімен растауының;
2) тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді берушінің шот-фактураны тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді алушының мекенжайына тапсырысты хатпен жіберуі және оның алынғаны туралы хабарламаның болуы;
3) тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді алушының қол қойылған және:
заңды тұлғалар үшiн - егер осы тұлғада Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мөр болуға тиіс болса, оның атауы қамтылған және ұйымдық-құқықтық нысаны көрсетiлген;
дара кәсiпкерлер үшiн - мөрі болған кезде, тегi, аты, әкесiнiң аты (егер ол жеке басты куаландыратын құжатта көрсетілсе) және (немесе) атауы қамтылған мөр басылған осындай шот-фактураны алғандығы туралы хаты болуы міндетті.
5. Электрондық нысанда жазып берілген қосымша шот-фактура бойынша тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді алушы осындай қосымша шот-фактураны алған күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде электрондық нысанда жазып берілетін шот-фактуралардың құжат айналымы тәртібіне сәйкес осындай шот-фактураның жазып берілуіне келіспейтінін көрсетуге құқылы.
48-тарау. САЛЫҚТЫ ЕСЕПТЕУ ЖӘНЕ ТӨЛЕУ ТӘРТІБІ
421-бап. Қосылған құн салығын есептеу
1. Салық салынатын импорт бойынша есептелген қосылған құн салығын қоспағанда, қосылған құн салығы салықтық кезең үшін мынадай тәртіппен есептеледі:
салық салынатын айналымнан есептелген қосылған құн салығының сомасы
алу
осы Кодекстің 408, 409 және 410-баптарына сәйкес айқындалған есепке жатқызуға рұқсат етілген қосылған құн салығының сомасы
алу
осы Кодекстің 411-бабына сәйкес айқындалған есепке жатқызылған қосылған құн салығының қосымша сомасы.
2. Салық салынатын айналымнан есептелген қосылған құн салығының сомасы мынадай тәртіппен айқындалады:
осы Кодекстің 422-бабының 1-тармағында белгіленген мөлшерлемені және осы Кодекстің 44-тарауында көрсетілген өткізу бойынша айналымдарды қоспағанда, осы Кодекстің 383 және 384-баптарында көзделген айналымдар сомасына азайтылған және (немесе) ұлғайтылған салық салынатын айналымды көбейту
қосу
осы Кодекстің 422-бабының 2-тармағында белгіленген мөлшерлемені және осы Кодекстің 44-тарауында көрсетілген, осы Кодекстің 383 және 384-баптарында көзделген айналымдар сомасына азайтылған және (немесе) ұлғайтылған өткізу бойынша айналымдарды көбейту.
2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен 2-1-тармақпен толықтырылды (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
2-1. Казино, ойын автоматтары залы, тотализатор және букмекерлік кеңсе қызметтерін көрсету жөніндегі қызмет бойынша қосылған құн салығының сомасы салықтық кезең үшін мынадай тәртіппен есептеледі:
осы Кодекстің 381-бабының 16-тармағына сәйкес айқындалған салық салынатын айналымнан алынатын қосылған құн салығының сомасы
алу
осы Кодекстің 410-бабының 3-тармағына сәйкес айқындалған есепке жатқызуға жатқызылуына рұқсат берілген қосылған құн салығының сомасы.
3. Егер осы баптың 1-тармағында көзделген есеп айырысу нәтижесі:
1) оң мәнге ие болса, мұндай нәтиже осы Кодексте айқындалған тәртіппен бюджетке төленуге жататын салық сомасы болып табылады;
2) теріс мәнге ие болса, мұндай нәтиже есепке жатқызылатын қосылған құн салығы сомасының есептелген салық сомасынан асып кетуі болып табылады.
4. Бейрезидент үшін қосылған құн салығының сомасы осы Кодекстің 422-бабының 1-тармағында көзделген мөлшерлемені бейрезиденттен жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу бойынша айналым мөлшеріне қолдану арқылы есептеледі.
422-бап. Қосылған құн салығының мөлшерлемелері
1. Қосылған құн салығының мөлшерлемесі 12 пайызды құрайды және салық салынатын айналым мен салық салынатын импорттың мөлшеріне қолданылады.
2. Осы Кодекстің 44-тарауында көрсетілген тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткiзу бойынша айналымдарға қосылған құн салығы нөлдiк мөлшерлеме бойынша салынады.
Осы Кодекстің 44-тарауына сәйкес нөлдік мөлшерлеме бойынша салық салынатын тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізу бойынша айналым расталмаған жағдайда, тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді өткізу бойынша көрсетілген айналым осы баптың 1-тармағында көрсетілген мөлшерлеме бойынша қосылған құн салығын салуға жатады.
Кедендік баждардың, салықтардың бірыңғай мөлшерлемелерінің, сондай-ақ жиынтық кедендік төлемнің мөлшері мен оларды төлеу тәртібі Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасында және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында белгіленеді.
3. Тұлғаны қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебінен шығарған кезде осы Кодекстiң 380-бабының 4-тармағына сәйкес айқындалатын салық салынатын айналым мөлшеріне қосылған құн салығының:
1) тауар-материалдық қорлар бойынша - тұлғаны қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебінен шығарған күні қолданыста болатын;
2) негізгі қорлар, материалдық емес және биологиялық активтер, жылжымайтын мүлікке инвестициялар бойынша - оларды сатып алған күні қолданыста болатын мөлшерлемесі қолданылады.
423-бап. Салықтық кезең
Күнтізбелік тоқсан қосылған құн салығы бойынша салықтық кезең болып табылады.
424-бап. Салық декларациясы
1. Осы Кодекстің 367-бабы 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген қосылған құн салығын төлеуші, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, қосылған құн салығы бойынша декларацияны орналасқан жері бойынша салық органына есепті салықтық кезеңнен кейінгі екінші айдың 15-күнінен кешіктірмей әрбір салықтық кезең үшін ұсынуға міндетті.
Қосылған құн салығы бойынша декларацияны ұсыну жөніндегі міндеттеме осы Кодекстің 367-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген, қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне қою жүргізілмеген тұлғаларға қолданылмайды.
Осы Кодекстiң 426-бабының 3-тармағында көзделген жағдайларда, оператор жай серіктестіктің (консорциумның) барлық қатысушылары бойынша келісімшарттық қызмет бойынша қосылған құн салығы декларациясын ұсынады.
2. Декларациямен бір мезгілде декларацияға қосымша болып табылатын, салықтық кезең ішінде сатып алынған және өткізілген тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бойынша шот-фактуралардың тізілімдері ұсынылады. Сатып алынған және өткізілген тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бойынша шот-фактуралар тізілімдерінің нысандарын уәкілетті орган белгілейді.
Шот-фактуралардың нөмірлерін көрсетуге арналған ұяшықтардың саны:
1) есепті салықтық кезең ішінде сатып алынған тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бойынша шот-фактуралардың тізілімін (мемлекеттік материалдық резервтен тауарларды шығаруға арналған құжаттарды);
2) есепті салықтық кезең ішінде өткізілген тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бойынша шот-фактуралардың тізілімін электрондық нысанда ұсынған кезде шектелмейді.
Егер қосылған құн салығын төлеуші:
салықтық кезең ішінде шот-фактураларды электрондық нысанда және қағаз жеткізгіште жазып берсе, онда салықтық кезең ішінде өткізілген тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бойынша шот-фактуралардың тізілімінде қағаз жеткізгіште жазып берілген шот-фактуралар көрсетіледі;
салықтық кезең ішінде шот-фактураларды электрондық нысанда және қағаз жеткізгіште алса, онда салықтық кезең ішінде сатып алынған тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бойынша шот-фактуралардың тізілімінде қағаз жеткізгіште жазып берілген шот-фактуралар көрсетіледі.
Егер қосылған құн салығын төлеуші:
салықтық кезең ішінде шот-фактураларды электрондық нысанда ғана жазып берген жағдайда, онда салықтық кезең ішінде өткізілген тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бойынша шот-фактуралардың тізілімі салық органдарына ұсынылмайды;
салықтық кезең ішінде шот-фактураларды электрондық нысанда ғана алған жағдайда, онда салықтық кезең ішінде сатып алынған тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бойынша шот-фактуралардың тізілімі салық органдарына ұсынылмайды.
3. 2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен алып тасталды (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Осы Кодекстiң 85-бабының 4-тармағында көзделген жағдайларда, салық органының шешімі бойынша тіркеу есебінен шығарылған салық төлеуші осындай есептен шығару жүргізілген есепті салықтық кезеңнен кейінгі екінші айдың 15-і күнінен кешіктірмей орналасқан жері бойынша салық органына қосылған құн салығы бойынша тарату декларациясын ұсынуға міндетті. Тарату декларациясы салық төлеуші тіркеу есебінен шығарылған салықтық кезеңнің басынан бастап оны осындай есептен шығарған күнге дейінгі кезең үшін жасалады.
2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен 5-тармақпен толықтырылды (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
5. Казино, ойын автоматтары залы, тотализатор және букмекерлік кеңсе қызметтерін көрсету жөніндегі қызметті жүзеге асыратын қосылған құн салығын төлеушілер осы Кодекстің 16-бөлімінің ережелеріне сәйкес салықтық есептілікті ұсынады.
425-бап. Қосылған құн салығын төлеу мерзімдері
Қосылған құн салығы бюджетке салық төлеушінің орналасқан жері бойынша мынадай мерзімдерде:
есепті салықтық кезеңнен кейінгі екінші айдың 25-і күнінен кешіктірмей - әрбір салықтық кезең үшін бюджетке төленуге тиіс қосылған құн салығының, сондай-ақ осы баптың бірінші бөлігінің 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген қосылған құн салығын қоспағанда, бейрезидент үшін есептелген қосылған құн салығының сомасы;
2) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында айқындалған мерзімдерде - импортталатын тауарлар бойынша қосылған құн салығының сомасы;
3) қосылған құн салығы бойынша тарату декларациясын салық органына ұсынған күннен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірмей - осы Кодекстің 85-бабына сәйкес қосылған құн салығын төлеушіні қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебінен шығарған жағдайда, осындай декларацияда көрсетілген қосылған құн салығының сомасы төленуге жатады.
Егер қосылған құн салығы бойынша тарату декларациясы ұсынылған салықтық кезеңнің алдындағы салықтық кезең үшін ұсынылған қосылған құн салығы бойынша декларацияда көрсетілген осындай салықты төлеу мерзімі осы баптың бірінші бөлігінің 3) тармақшасында көрсетілген мерзім өткеннен кейін басталса, салықты төлеу салық органына тарату декларациясы ұсынылған күннен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірмей жүргізіледі.
426-бап. Жай серіктестік (консорциум) құрамында өнімді бөлу туралы келісім (келісімшарт) бойынша қызметті жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушылардың қосылған құн салығы бойынша салықтық міндеттемені орындау ерекшеліктері
1. Өнімді бөлу туралы келісім (келісімшарт) бойынша қызметтің шеңберінде қосылған құн салығы бойынша салықтық нысандарды жасау мен ұсыну жөніндегі салықтық міндеттемені мынадай тәсілдердің бірімен:
жай серіктестікке қатысушының әрқайсысына келетін қосылған құн салығының үлесі бөлігінде аталған қатысушы;
өнімді бөлу туралы келісімнің (келісімшарттың) шеңберінде жүзеге асырылатын қызмет бойынша, егер өнімді бөлу туралы келісімнің (келісімшарттың) талаптарында оператор осындай салықтық міндеттемені орындауға уәкілетті болса, оператор жиынтықтап орындауға тиіс.
2. Жай серіктестікке (консорциумға) әрбір қатысушы қосылған құн салығы бойынша салық нысандарын жасау мен ұсыну жөніндегі салықтық міндеттемені орындаған кезде:
тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізу (сатып алу) бойынша шот-фактуралар осы Кодекстің 417-бабының талаптарына сәйкес жазып беріледі;
қосылған құн салығы бойынша декларация мен декларацияға қосымша болып табылатын шот-фактуралардың тізілімдерін жай серіктестікке (консорциумға) қатысушының үлесіне келетін бөлігінде осындай қатысушының әрқайсысы тапсырады;
қосылған құн салығының есептелген, есепке жазылған (азайтылған), аударылған және төленген (есепке жатқызылғандары және қайтарылғандары ескеріле отырып) сомасы жай серіктестікке қатысушының әрқайсысының үлесіне келетін бөлігінде аталған тұлғаның жеке шотында көрсетіледі;
қосылған құн салығының асып кету сомасы декларацияны ұсынған жай серіктестікке (консорциумға) қатысушыға қайтарылады;
салықтық әкімшілік ету тәртібі, оның ішінде нұсқаманы, хабарламаны және салықтық тексеру актісін табыс ету осы Кодексте айқындалған тәртіппен жай серіктестікке (консорциумға) әрбір қатысушыға қатысты қолданылады.
3. Қосылған құн салығы бойынша салық нысандарын жасау мен ұсыну жөніндегі салықтық міндеттемені оператор өнімді бөлу туралы келісім (келісімшарт) шеңберінде жүзеге асырылатын қызмет бойынша жиынтықтап орындаған кезде:
тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізу (сатып алу) бойынша шот-фактураларды осы Кодекстің 412-бабының талаптарына сәйкес жалпыға бірдей белгіленген тәртіппен оператордың деректемелерін көрсете отырып, жазып береді;
қосылған құн салығы бойынша декларация мен декларацияға қосымша болып табылатын шот-фактуралардың тізілімдерін өнімді бөлу туралы келісім (келісімшарт) шеңберінде жүзеге асырылатын қызмет бойынша оператор жиынтықтап тапсырады;
қосылған құн салығының есептелген, есепке жазылған (азайтылған), аударылған және төленген (есепке жатқызылғандары және қайтарылғандары ескеріле отырып) сомасы оператордың жеке шотында көрсетіледі;
қосылған құн салығының асып кету сомасы операторға қайтарылады;
салықтық әкімшілік ету тәртібі, оның ішінде нұсқаманы, хабарламаны және салықтық тексеру актісін табыстау осы Кодексте салық төлеушілер (салық агенттері) үшін көзделген тәртіпке сәйкес операторға қатысты қолданылады және бұл ретте көрсетілген құжаттар өнімді бөлу туралы келісім (келісімшарт) бойынша салық төлеуші ретінде жай серіктестікке (консорциумға) әрбір қатысушыға табыс етілді деп есептеледі.
4. Осы бапқа сәйкес қосылған құн салығы бойынша салық нысандарын жасау мен ұсыну жөніндегі салықтық міндеттемені орындаудың таңдап алынған тәсілі салықтық есеп саясатында көрсетілуге және өнімді бөлу туралы келісімнің (келісімшарттың) қолданылу кезеңі өткенге дейін өзгеріссіз қалуға тиіс.
427-бап 2022 ж. 1 қаңтарға дейін қолданылады
427-бап. Импортталатын тауарларға қосылған құн салығын есепке жатқызу әдісімен төлеу
1. Ішкі тұтыну үшін шығарудың кедендік рәсімімен орналастырылатын мынадай тауарлар:
1) жабдықтар;
2) ауыл шаруашылығы техникасы;
3) автомобиль көлігінің жылжымалы жүк құрамы;
4) тікұшақтар мен ұшақтар;
5) теміржол локомотивтері мен вагондар;
6) теңіз кемелері;
7) қосалқы бөлшектер;
8) пестицидтер (улы химикаттар);
9) асыл тұқымды малдың барлық түрлерi мен қолдан ұрықтандыруға арналған жабдық;
10) тірі ірі қара мал бойынша қосылған құн салығын төлеушілер қосылған құн салығын осы бапта айқындалған тәртіппен есепке жатқызу әдісімен төлейді.
Көрсетілген тауарлардың тізбесін және оны қалыптастыру тәртібін салық саясаты саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
Бұл ретте бұл тізбеге Қазақстан Республикасының аумағында өндірілмейтін немесе Қазақстан Республикасының қажеттіліктерін жаппайтын тауарлар енгізіледі.
2. Осы баптың қосылған құн салығын есепке жатқызу әдісімен төлеу бөлігіндегі ережелері қосылған құн салығын төлеуші әкелетін:
1) одан әрі өткізуге арналмаған;
2) халықаралық қаржы лизингіне беруді қоспағанда, қаржы лизингіне беру мақсатындағы;
3) осы баптың 1-тармағы бірінші бөлігінің 7) тармақшасында көрсетілген, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы уәкілетті орган мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен және уәкілетті органмен келісу бойынша белгілеген тізбеге енгізілген, ауыл шаруашылығы техникасын жасауда пайдаланылатын тауарларға қатысты қолданылады.
3. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген тауарларды ішкі тұтыну үшін шығару, белгіленген тәртіппен кедендік төлемдер мен акцизделетін тауарлар бойынша акциздер төленген жағдайда, қосылған құн салығын іс жүзінде төлемей жүргізіледі.
4. Есепке жатқызу әдісімен төленген қосылған құн салығының сомасы Қазақстан Республикасының салық заңнамасында айқындалған тәртіппен қосылған құн салығы бойынша декларацияда бір мезгілде есептеу мен есепке жатқызуда көрсетіледі.
Қазақстан Республикасының аумағында ішкі тұтыну үшін тауарлар шығарылған күннен бастап бес жыл ішінде осы баптың 1 және 2-тармақтарында белгіленген талаптар бұзылған жағдайда, импортталатын тауарларға қосылған құн салығы Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасында және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында айқындалған тәртіппен және мөлшерде, импортталатын тауарларға қосылған құн салығын төлеу үшін белгіленген мерзімнен бастап өсімпұл есептеле отырып төленуге жатады.
Бұл ретте:
1) осы баптың 1-тармағының 9) және 10) тармақшаларында көрсетілген малды амалсыз сою нәтижесінде алынған ет және ет өнімдерін өткізу,
немесе осындай малдардың агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы уәкілетті орган бекіткен табиғи кему нормалары шегінде кемуі (қырылуы);
2) бұрын әкелінген тауарларды кері экспорт рәсіміне сәйкес әкету;
3) тауарлар шығарылғаннан кейін қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебінен шығару осы бапта белгіленген талаптарды бұзушылық болып табылмайды.
5. Импортталатын тауарларға қосылған құн салығы есепке жатқызу әдісімен төленген тауарларды Қазақстан Республикасының аумағында ішкі тұтыну үшін шығарылған күннен бастап бес жыл өткен соң өткізу импортталатын тауарларға қосылған құн салығын салуға жатпайды.
Осы тармақтың ережелері импорттау кезінде қосылған құн салығы есепке жатқызу әдісімен төленген, өз өндірістік мұқтаждары үшін 2008 жылғы 31 желтоқсанды қоса алғанда әкелінген тауарларды 2008 жылғы 31 желтоқсаннан кейін өткізу кезінде де қолданылады.
6. Қосылған құн салығы есепке жатқызу әдісімен төленген осы баптың 1-тармағында көрсетілген тауарларды өткізу бойынша айналымдар қаржы лизингіне беру кезінде қосылған құн салығынан босатылады.
Осы тармақтың ережесі қосылған құн салығы есепке жатқызу әдісімен төленген, өз өндірістік мұқтаждары үшін 2008 жылғы 31 желтоқсанды қоса алғанда әкелінген тауарларды 2008 жылғы 31 желтоқсаннан кейін қаржы лизингіне беру кезінде де қолданылады.
428-бап 2022 ж. 1 қаңтарға дейін қолданылады
428-бап. Қазақстан Республикасының аумағына Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аумағынан импортталатын тауарларға қосылған құн салығын есепке жатқызу әдісімен төлеу
1. Қазақстан Республикасының аумағына Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аумағынан импортталатын мынадай тауарлар:
1) жабдықтар;
2) ауыл шаруашылығы техникасы;
3) автомобиль көлігінің жылжымалы жүк құрамы;
4) тікұшақтар мен ұшақтар;
5) теміржол локомотивтері мен вагондар;
6) теңіз кемелері;
7) қосалқы бөлшектер;
8) пестицидтер (улы химикаттар);
9) асыл тұқымды малдың барлық түрлерi мен қолдан ұрықтандыруға арналған жабдықтар;
10) тірі ірі қара мал бойынша қосылған құн салығын төлеушілер қосылған құн салығын осы бапта айқындалған тәртіппен есепке жатқызу әдісімен төлейді.
Көрсетілген тауарлардың тізбесін және оны қалыптастыру тәртібін салық саясаты саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
Бұл ретте бұл тізбеге Қазақстан Республикасының аумағында өндірілмейтін немесе Қазақстан Республикасының қажеттіліктерін жаппайтын тауарлар енгізіледі.
2. Осы баптың қосылған құн салығын есепке жатқызу әдісімен төлеу бөлігіндегі ережелері қосылған құн салығын төлеуші әкелетін:
1) одан әрі өткізуге арналмаған;
2) халықаралық қаржы лизингіне беруді қоспағанда, қаржы лизингіне беру мақсатындағы;
3) осы баптың 1-тармағы бірінші бөлігінің 7) тармақшасында көрсетілген, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы уәкілетті орган мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен және уәкілетті органмен келісу бойынша белгілеген тізбеге енгізілген ауыл шаруашылығы техникасын жасауда пайдаланылатын тауарларға қатысты қолданылады.
3. Қосылған құн салығын төлеуші импортталған тауарлар бойынша жанама салықтар жөніндегі декларациямен бір мезгілде салық органына:
1) осы Кодекстің 456-бабының 2-тармағында көрсетілген құжаттарды;
2) тауарлардың негізгі техникалық, коммерциялық сипаттамаларын беретін, тауарды Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы экономикалық қызметінің бірыңғай тауар номенклатурасының нақты тауар кіші субпозициясына жатқызуға мүмкіндік беретін құжаттарды ұсынады. Қажет болған жағдайда бұйымдардың фотосуреттері, суреттері, сызбалары, паспорттары, тауарлардың сынамалары, үлгілері және басқа да құжаттар ұсынылады.
4. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген тауарларды әкелу акцизделетін тауарлар бойынша акциздер белгіленген тәртіппен төленген жағдайда қосылған құн салығы іс жүзінде төленбей жүргізіледі.
5. Есепке жатқызу әдісімен төленген қосылған құн салығының сомасы Қазақстан Республикасының салық заңнамасында айқындалған тәртіппен қосылған құн салығы бойынша декларацияда бір мезгілде есептеу мен есепке жатқызуда көрсетіледі.