6) бағалы қағаздар;
7) қатысу үлесі;
8) инвестициялық алтын;
9) 2000 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданыста болған Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес құны толығымен шегерімге жатқызылған негізгі құралдар;
10) Қазақстан Республикасының инвестициялар туралы заңнамасына сәйкес 2009 жылғы 1 қаңтарға дейін жасалған келісімшарттар бойынша инвестициялық жоба шеңберінде пайдалануға енгізілген, құны толығымен шегерімге жатқызылған активтер;
11) осы Кодекстің 239-бабына сәйкес әлеуметтік сала объектілеріне жатқызылған мүлік жатады.
3. Осы баптың 4 және 5-тармақтарында көзделген активтерді қоспағанда, амортизацияға жатпайтын активтер бойынша:
1) өткізу кезінде - өткізу құны мен бастапқы құн арасындағы оң айырма;
2) жарғылық капиталға салым ретінде беру кезінде - жарғылық капиталға салымның құны негізге алына отырып айқындалған активтің құны мен бастапқы құн арасындағы оң айырма;
3) заңды тұлғаны бірігу, қосылу, бөліну немесе бөлініп шығу жолымен қайта ұйымдастыру нәтижесінде шығып қалу кезінде - беру актісінде немесе бөлу балансында көрсетілген құн мен бастапқы құн арасындағы оң айырма әрбір актив бойынша өсім болып танылады.
4. Борыштық бағалы қағаздар бойынша:
1) өткізу кезінде - дисконттың амортизациясы және (немесе) өткізілген күнгі сыйлықақы ескеріле отырып, өткізілу құны мен бастапқы құн арасындағы, купон ескерілмеген оң айырма;
2) жарғылық капиталға салым ретінде беру кезінде - дисконттың амортизациясы және (немесе) берілген күнгі сыйлықақы ескеріле отырып, жарғылық капиталға салымның құны негізге алына отырып айқындалған борыштық бағалы қағаздың құны мен бастапқы құн арасындағы, купон ескерілмеген оң айырма;
3) заңды тұлғаны бірігу, қосылу, бөліну немесе бөлініп шығу жолымен қайта ұйымдастыру нәтижесінде шығып қалу кезінде - дисконттың амортизациясы және (немесе) шығып қалу күнгі сыйлықақы ескеріле отырып, беру актісінде немесе бөліну балансында көрсетілген құн мен бастапқы құн арасындағы, купон ескерілмеген оң айырма әрбір бағалы қағаз бойынша құн өсімі болып танылады.
5. Осы баптың 2-тармағының 9) және 10) тармақшаларында көрсетілген активтер бойынша:
1) өткізу кезінде - өткізу құны;
2) жарғылық капиталға салым ретінде беру кезінде - жарғылық капиталға салымның құны;
3) заңды тұлғаны бірігу, қосылу, бөліну немесе бөлініп шығу жолымен қайта ұйымдастыру нәтижесінде шығып қалу кезінде - беру актісінде немесе бөліну балансында көрсетілген құн әрбір актив бойынша құн өсімі болып танылады.
Бірінші абзацтың қолданысы 2020 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатылды, тоқтатыла тұру кезеңінде осы абзац 2017.25.12. № 121-VI ҚР Заңының 28-бабының редакциясында қолданылады (болашақ редакцияны қараңыз)
6. Егер осы баптың 9-тармағында өзгеше белгіленбесе, осы баптың 2-тармағының 1) - 6) және 8) тармақшаларында көрсетілген активтердің бастапқы құны мынадай тәртіппен айқындалады:
сатып алуға, өндіруге, салуға арналған шығындар жиынтығы,
немесе
егер активтер жарғылық капиталға салым ретінде алынған жағдайда - жарғылық капиталға салымның құны,
немесе
егер активтер қайта ұйымдастыру нәтижесінде алынған жағдайда - беру актісінде немесе бөлу балансында көрсетілген құн,
немесе
егер активтерді акционер (қатысушы, құрылтайшы) заңды тұлға таратылған немесе жарғылық капитал азайтылған, сондай-ақ заңды тұлға құрылтайшыдан, қатысушыдан осы заңды тұлғаға қатысу үлесін немесе оның бір бөлігін сатып алған, эмитент-заңды тұлға осы эмитент шығарған акцияларды акционерден сатып алған кезде, мүлікті бөлу нәтижесінде алған жағдайда - мүлікті бөлу кезінде акционер, қатысушы, құрылтайшы алатын (алған), оның ішінде бұрын енгізілгеннің орнына алатын (алған) мүліктің, осындай мүліктің берілгенін растайтын және тараптардың қолдарымен куәландырылған құжатта көрсетілген қайта бағалау мен құнсыздану есепке алынбастан, беруші тұлғаның бухгалтерлік есепке алуында көрсетілуге жататын (көрсетілген) беру күніндегі баланстық құны,
немесе
егер автивтер өтеусіз алынған жағдайда - осы Кодекске сәйкес өтеусіз алынған мүліктің құны түрінде жылдық жиынтық кіріске қосылған құн,
қосу
мыналардан:
осы Кодекстің 264-бабының 2), 3), 4) және 5) тармақшаларына сәйкес шегерiмге жатқызуға жатпайтын шығындардан (шығыстардан);
амортизациялық аударымдардан басқа, халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес олардың құнын, оның ішінде сатып алынғаннан кейін де ұлғайтатын басқа да шығындар.
7. Мыналар қатысу үлесінің бастапқы құны болып табылады:
оны сатып алуға арналған іс жүзіндегі шығындардың, қатысу үлесін сатып алуға байланысты және оның құнын халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес ұлғайтатын шығындардың жиынтығы,
немесе
егер қатысу үлесі жарғылық капиталға салым ретінде алынған жағдайда - жарғылық капиталға салымның құны,
немесе
егер қатысу үлесі қайта ұйымдастыру нәтижесінде алынған жағдайда - беру актісінде немесе бөлу балансында көрсетілген құн,
немесе
егер активтерді акционер (қатысушы, құрылтайшы) заңды тұлға таратылған немесе жарғылық капитал азайтылған, сондай-ақ заңды тұлға құрылтайшыдан, қатысушыдан осы заңды тұлғаға қатысу үлесін немесе оның бір бөлігін сатып алған, эмитент-заңды тұлға осы эмитент шығарған акцияларды акционерден сатып алған кезде, мүлікті бөлу нәтижесінде алған жағдайда - мүлікті бөлу кезінде акционер, қатысушы, құрылтайшы алатын (алған), оның ішінде бұрын енгізілгеннің орнына алатын (алған) мүліктің, осындай мүліктің берілгенін растайтын және тараптардың қолдарымен куәландырылған құжатта көрсетілген қайта бағалау мен құнсыздану есепке алынбастан, беруші тұлғаның бухгалтерлік есепке алуында көрсетілуге жататын (көрсетілген) беру күніндегі баланстық құны,
немесе
егер қатысу үлесі өтеусіз алынған жағдайда - осы Кодекске сәйкес өтеусіз алынған мүліктің құны түрінде жылдық жиынтық кіріске қосылған құн.
8. Осы Кодекстің 239-бабына сәйкес әлеуметтік сала объектілеріне жатқызылған мүліктің бастапқы құны мұндай активтердің шығып қалған күнгі, қайта бағалануы мен құнсыздануы ескерілмеген, баланстық құны болып табылады.
9-тармақ 2020 ж. 1 қаңтарға дейін қолданылады
9. Осы баптың мақсаттарында «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 61-4-бабында көзделген операцияны жүзеге асырған банктің акцияларының және (немесе) бағалы қағаздарының бастапқы құны жарғылық капиталды ұлғайтуға арналған іс жүзіндегі шығындарды ескере отырып, осындай акцияларды және (немесе) бағалы қағаздарды сатып алудың бастапқы құны болып табылады.
10. Осы баптың мақсаттары үшін жарғылық капиталға салым ретінде берілген (алынған) активтің қабылдау-беру актісінде немесе активтің қабылданғанын және берілгенін растайтын өзге құжатта көрсетілген құны, оның, бірақ өзін төлеу есебіне актив берілген (алынған) жарғылық капиталға салымның сомасынан аспайтын құны жарғылық капиталға салымның құны болып табылады.
11. Құн өсімінен түсетін кіріс:
1) амортизацияға жатпайтын активті өткізу жүзеге асырылған салықтық кезеңде - осындай активті өткізу;
2) амортизацияға жатпайтын активті жарғылық капиталға салым ретінде беру жүзеге асырылған салықтық кезеңде - осындай активті жарғылық капиталға салым ретінде беру;
3) таратудың салықтық есептілігі ұсынылған салықтық кезеңде - амортизацияға жатпайтын активтің бірігу, қосылу, бөліну жолымен қайта ұйымдастыру нәтижесінде шығып қалуы;
4) бөлу балансы бекітілген салықтық кезеңде - амортизацияға жатпайтын активтің бөлініп шығу жолымен қайта ұйымдастыру нәтижесінде шығып қалуы кезінде танылады.
12. Бағалы қағаздарды өткізу кезінде құн өсімінен түсетін кірістер осы Кодекстің 300-бабы 3, 4, 5, 6 және 7-тармақтарының ережелері ескеріле отырып, жылдық жиынтық кіріске қосылады.
229-бап. Міндеттемелерді есептен шығарудан түсетін кіріс
1. Мiндеттемелердi есептен шығарудан түсетiн кіріске:
1) өзі бойынша кредитор салық төлеушіге оны орындау туралы талап етуді тоқтатқан мiндеттеменің мөлшері;
2) егер осы тармақшада өзгеше көзделмесе, салық төлеушi таратылған кезде таратудың салықтық есептілігі ұсынылған күні кредитор талап етпеген мiндеттеменің мөлшері жатады.
Осы Кодекске сәйкес салық төлеушіні тарату кезінде таратудың салықтық тексеруін жүргізу немесе камералдық бақылау нәтижесі бойынша қортынды беру көзделген жағдайда, мұндай міндеттеменің мөлшері:
салық төлеушінің бастапқы құжаттарына сәйкес төленуге жататын және аралық тарату балансын бекіту күні осындай баланста көрсетілуге жататын (көрсетілген) міндеттемелер сомасы (қосылған құн салығының сомасын қоспағанда),
алу
аралық тарату балансы бекітілген күннен бастап таратудың салықтық тексеруі немесе камералдық бақылау аяқталған күнге дейінгі кезеңде қанағаттандырылатын міндеттемелер сомасы ретінде айқындалады.
Таратудың салықтық тексеруінің нәтижесі бойынша міндеттеменің мөлшерін салық органы көрсетілген кезең ішінде қанағаттандырылған міндеттемелердің іс жүзіндегі сомасын негізге ала отырып айқындайды. Мұндай міндеттеменің мөлшері салықтық тексеру актінде көрсетіледі.
Камералдық бақылау нәтижесі бойынша міндеттеменің мөлшерін салық органы көрсетілген кезең ішінде қанағаттандырылған міндеттемелердің іс жүзіндегі сомасын негізге ала отырып айқындайды және ол камералдық бақылау нәтижесі бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламада көрсетіледі;
3) салықтық кезеңде өзі бойынша Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген талап қоюдың ескіру мерзiмi өткен мiндеттеменiң мөлшері;
4) заңды күшіне енген сот шешiмiнің негізінде кредитор орындалуын талап етуге құқылы болмайтын мiндеттеменің мөлшері жатады.
2. Мiндеттемелердi есептен шығарудан түсетін кіріс сомасы салық төлеушінің бастапқы құжаттарына сәйкес:
осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген жағдайда - талап ету тоқтатылған күні;
осы баптың 1-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген жағдайда - Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген талап қоюдың ескіру мерзімі өткен күні;
осы баптың 1-тармағының 4) тармақшасында көрсетілген жағдайда - сот шешімі заңды күшіне енген күні төленуге жататын міндеттемелер сомасына (қосылған құн салығының сомасын қоспағанда) тең.
3. Осы Кодекске сәйкес күмәнді деп танылған міндеттемелерге осы баптың 1 және 2-тармақтарының ережелері қолданылмайды.
4. Міндеттемелерді есептен шығарудан түсетін кіріске кәсіпорынды мүліктік кешен ретінде сатып алу-сату шарты бойынша міндеттемелердің берілуіне байланысты олардың мөлшерін азайту жатпайды.
5-тармақ 2020 ж. 1 қаңтарға дейін қолданылады
5. Міндеттемелерді есептен шығарудан түсетін кіріске 2017 жылғы 1 қаңтарда «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 61-4-бабында көзделген операцияны жүзеге асырған банктің акцияларын және (немесе) өзге де бағалы қағаздарын тікелей немесе жанама түрде иеленген заңды тұлғаның акцияларын (қатысу үлестерін) сатып алуға байланысты туындаған берешек бойынша міндеттемелердің мөлшерін азайту жатпайды.
2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен 6-тармақпен толықтырылды (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
6. Төлемге қабілетсіз банктер санатына жатқызылған банктің міндеттемелерін «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 61-10-бабына сәйкес жүргізілетін мәжбүрлеп қайта құрылымдауға байланысты туындаған міндеттемелердің мөлшерін азайту міндеттемелерді есептен шығарудан түсетін кіріске жатпайды.
230-бап. Күмәндi мiндеттемелер бойынша кіріс
1. Сатып алынған тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) бойынша, сондай-ақ жұмыскерлердің осы Кодекстiң 322-бабының 1-тармағына сәйкес айқындалатын, есепке жазылған кірістері бойынша туындаған және осы баптың 2-тармағына сәйкес есептелетін үш жылдық кезең iшiнде қанағаттандырылмаған мiндеттемелер күмәндi деп танылады. Алынған кредиттер (қарыздар, микрокредиттер) жөніндегі күмәнді міндеттемелер бойынша кіріске алынған кредиттің (қарыздың, микрокредиттің) сомасы қосылмайды.
Көрсетілген күмәнді міндеттемелер, осы Кодекстің 10-бөлімінде айқындалған тәртіппен есепке жатқызудан алып тасталуға жататын қосылған құн салығын қоспағанда, салық төлеушiнiң жылдық жиынтық кірісіне қосуға жатады.
2. Күмәнді міндеттеме бойынша кіріс:
1) кредит (қарыз, микрокредит) шарттары бойынша туындаған күмәнді міндеттемелер бойынша - кредит (қарыз, микрокредит) шартының талаптарына сәйкес сыйақы төлеу мерзімі басталған күннен кейінгі күннен бастап;
2) лизинг шарттары бойынша туындаған күмәнді міндеттемелер бойынша - лизинг шартының талаптарына сәйкес лизингтік төлемді төлеу мерзімі басталған күннен кейінгі күннен бастап;
3) жұмыскерлердің есепке жазылған кірістері бойынша туындаған күмәнді міндеттемелер бойынша - осы Кодекстің 322-бабының 1-тармағына сәйкес жұмыскерлердің кірістерін есепке жазған күннен бастап;
4) осы тармақтың 1) - 3) тармақшаларында көрсетілмеген күмәнді міндеттемелер бойынша:
сатып алынған тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) бойынша орындау мерзімі айқындалған міндеттемені орындау мерзімі аяқталған күннен кейінгі күннен бастап;
сатып алынған тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) бойынша орындау мерзімі айқындалмаған міндеттеме бойынша тауар берілген, жұмыстар орындалған, қызметтер көрсетілген күннен бастап есептелетін үш жылдық кезең аяқталған салықтық кезеңде танылады.
3. Осы баптың ережелері осы Кодекстің 246-бабы 3-тармағының ережелерін ескере отырып, шегерімге жатпайтын кредиттер (қарыздар) бойынша сыйақыға қолданылмайды.
231-бап. Сақтандыру, қайта сақтандыру ұйымының сақтандыру, қайта сақтандыру шарттары бойынша кірістері
1. Сақтандыру, қайта сақтандыру ұйымының:
1) сақтандыру сыйлықақылары (жарналары);
2) еңбекпен табылмаған сыйлықақылар, болмаған залалдар, мәлімделген, бірақ реттелмеген залалдар, болған, бірақ мәлімделмеген залалдар бойынша құрылған қайта сақтандыру активтері;
3) сақтандыру төлемдері бойынша шығыстарды өтеу;
4) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттары бойынша құрған сақтандыру резервтерін төмендетуден түсетін кірістер;
5) осы Кодекстің 237-бабында көрсетілген кірістерді қоспағанда, сақтандыру, қайта сақтандыру шарттары бойынша өзге кірістер түріндегі кірістері сақтандыру, қайта сақтандыру ұйымының сақтандыру, қайта сақтандыру шарттары бойынша кірістері болып танылады.
2. Осы баптың ережелері өздері бойынша сақтандыру сыйақылары түріндегі кіріс халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес 2012 жылғы 1 қаңтарға дейін толық мөлшерде танылған сақтандыру, қайта сақтандыру шарттарына қолданылмайды.
3. Қазақстан Республикасының сақтандыру және сақтандыру қызметі туралы заңнамасына сәйкес еңбекпен табылмаған сыйлықақылар, болмаған залалдар, мәлімделген, бірақ реттелмеген залалдар, болған, бірақ мәлімделмеген залалдар бойынша құрылған қайта сақтандыру активтерінің есепті салықтық кезеңнің соңында мөлшері мен осындай активтердің алдыңғы салықтық кезеңнің соңындағы мөлшері арасындағы оң айырма сақтандыру, қайта сақтандыру ұйымының еңбекпен табылмаған сыйлықақылар, болмаған залалдар, мәлімделген, бірақ реттелмеген залалдар, болған, бірақ мәлімделмеген залалдар бойынша құрылған қайта сақтандыру активтері түріндегі кірісі деп танылады.
4. Зиян келтірген тұлғаға кері талап қою (регресс) құқығы негізінде сақтандыру төлемдері бойынша сақтандыру, қайта сақтандыру ұйымының және (немесе) қайта сақтандыру шартына сәйкес қайта сақтандыру ұйымының шығыстарын өтеу сақтандыру, қайта сақтандыру ұйымының сақтандыру төлемдері бойынша шығыстарды өтеу түріндегі кірісі болып танылады.
Бұл ретте сақтандыру, қайта сақтандыру ұйымының 2012 жылғы 1 қаңтарға дейін күшіне енген, өздері бойынша сақтандыру жарналары түріндегі кірістер халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес, оның ішінде 2011 жылғы 31 желтоқсаннан кейін де танылатын, жинақтаушы сақтандыру, қайта сақтандыру шарты, жинақтаушы емес сақтандыру, өмірді қайта сақтандыру шарты бойынша сақтандыру төлемдері жөніндегі шығыстарды өтеу түріндегі кірісі мынадай формула бойынша айқындалады:
К х (А/Б), мұнда:
К - есепті салықтық кезеңде алынуға жататын (алынған), сақтандыру төлемдері бойынша шығыстарды өтеу түріндегі кіріс;
А - 2011 жылғы 31 желтоқсаннан кейін есепті салықтық кезеңде сақтандыру төлемдері бойынша шығыстарды өтеу түріндегі кірісті тану күнін қоса алғанда, алынуға жататын (алынған) сақтандыру жарналары;
Б - шарт күшіне енген күннен бастап есепті салықтық кезеңде сақтандыру төлемдері бойынша шығыстарды өтеу түріндегі кірісті тану күнін қоса алғанда, алынуға жататын (алынған) сақтандыру жарналары.
232-бап. Құрылған провизиялардың (резервтердің) мөлшерлерін төмендетуден түсетін кіріс
1. Егер осы бапта өзгеше көзделмесе, осы Кодекстің 250-бабының 1, 3, 6 және 7-тармақтарына сәйкес провизияларды (резервтердi) құру жөніндегі шығыстар сомасын шегеруге құқығы бар салық төлеушi құрған провизиялардың (резервтердiң) мөлшерiн төмендетуден түсетiн кірістер деп:
1) борышкер талапты орындаған кезде - орындау сомасына пропорционалды мөлшерде есепті және (немесе) алдыңғы салықтық кезеңдерде шегерімге жатқызылған провизиялар (резервтер) сомасы;
2) борышкерге қойылатын талаптардың мөлшерiн цессия шартын жасасу жолымен талап ету құқықтарын басқаға қайта табыстау туралы шарттың, жаңарту, басқаға қайта беру шартының негiзiнде және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де негiздерде азайтқан кезде, есепті және (немесе) алдыңғы салықтық кезеңдерде талаптар мөлшерiн азайту сомасына пропорционалды мөлшерде шегерімге жатқызылған провизиялар (резервтер) сомасы;
3) есепті және (немесе) алдыңғы салықтық кезеңдерде шегерімге жатқызылған провизияларды (резервтердi) күтілетін кредиттік залалдардың бағалануын өзгерту нәтижесінде азайту сомалары танылады.
2-тармақ 2027 ж. 1 қаңтарға дейін қолданылады
2. Осы Кодекстің 250-бабының 2-тармағына сәйкес провизияларды (резервтердi) құру жөніндегі шығыстар сомасын шегеруге құқығы бар салық төлеушi құрған провизиялардың (резервтердiң) мөлшерлерiн төмендетуден түсетiн кірістер деп:
1) борышкер талапты орындаған кезде - орындау сомасына пропорционалды мөлшерде есепті және (немесе) алдыңғы салықтық кезеңдерде шегерімге жатқызылған провизиялар (резервтер) сомалары;
2) борышкерге қойылатын талаптардың мөлшерiн цессия шартын жасасу жолымен талап ету құқықтарын басқаға қайта табыстау туралы шарттың, жаңарту, басқаға қайта беру шартының негiзiнде және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де негiздерде азайтқан кезде, талаптар мөлшерiн азайту сомасына пропорционалды мөлшерде есепті және (немесе) алдыңғы салықтық кезеңдерде шегерімге жатқызылған провизиялар (резервтер) сомасы;
3) есепті және (немесе) алдыңғы салықтық кезеңдерде шегерімге жатқызылған провизияларды (резервтердi) күтілетін кредиттік залалдардың бағалануын өзгерту нәтижесінде азайту сомалары;
4) халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына сәйкес 2026 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша бухгалтерлік есепке алуда көрсетілген, бас банктің күмәнді және үмітсіз активтерін сатып алуға банктің еншілес ұйымы ұсынған күмәнді және үмітсіз активтерге қарсы провизиялардың (резервтердің) есепті және (немесе) алдыңғы салықтық кезеңдерде шегерімге жатқызылған сомасы танылады. Осы тармақшада көрсетілген провизиялардың (резервтердiң) сомасы банктің 2026 жылға тура келетін салықтық кезең үшін жылдық жиынтық кірісіне қосылады.
3-тармақ 2020 ж. 1 қаңтарға дейін қолданылады
3. Кредит (қарыз) бойынша борыш осы тармақта айқындалған тәртіппен және шарттарда кешірілген жағдайда, осы Кодекстің 250-бабының 1-тармағына сәйкес провизияларды (резервтерді) құру бойынша шығыстар сомасын шегеруге құқығы бар банк есепті және (немесе) алдыңғы салықтық кезеңдерде шегерімге жатқызылған провизиялар (резервтер) сомасын провизиялардың (резервтердің) мөлшерін төмендетуден түсетін кіріс деп танымайды.
Осы тармақтың ережелері 2013 жылғы 31 желтоқсанда дауыс беретін акцияларының 90 пайыздан астамы ұлттық басқарушы холдингке тиесілі, өзіне қатысты сот шешімімен қайта құрылымдау жүргізілген банкке немесе бұрын осындай банк болып табылған заңды тұлғаға қолданылады.
Осы тармақтың ережелері банк оларға қарсы есепті және (немесе) алдыңғы салықтық кезеңдерде осы Кодекстің 250-бабының 1-тармағына сәйкес шегерімге жатқызылған провизияларды (резервтерді) құрған кредит (қарыз) бойынша мыналардан:
негізгі борыш бойынша берешектен;
2012 жылғы 31 желтоқсаннан кейін есепке жазылған сыйақы бойынша берешектен тұратын борышқа қатысты қолданылады.
Осы тармақ бір мезгілде мынадай шарттар орындалған кезде:
1) кредит (қарыз) 2009 жылғы 1 қазанға дейін берілсе;
2) кредит (қарыз) бойынша борышкер осы тармақтың екінші бөлігінде көрсетілген банктің басқару органы 2015 жылғы 1 қаңтарға дейін бекіткен және 2015 жылғы 1 ақпаннан кешіктірілмей уәкілетті органға ұсынылған, өздері бойынша борыш кешірілуге жататын кредиттер (қарыздар) бойынша борышкерлер тізбесінде (тізбелерінде) көрсетілсе;
3) кредит (қарыз) бойынша борышты кешіру осы тармақтың екінші бөлігінде көрсетілген банктің басқару органы 2015 жылғы 1 қаңтарға дейін бекіткен және 2015 жылғы 1 ақпаннан кешіктірілмей уәкілетті органға ұсынылған, өздері бойынша борыш кешірілуге жататын кредиттер (қарыздар) бойынша борышкерлер тізбесінде (тізбелерінде) көрсетілген сома шегінде жүргізілсе;
4) мыналар:
бейрезидентке берілген кредит (қарыз) бойынша бір және (немесе) одан да көп құжат:
шет мемлекеттің құқық қорғау органына борышкер-жеке тұлғаға және (немесе) борышкер-заңды тұлға қабылдаған шешімдерді өзгеше түрде тікелей немесе жанама айқындауға мүмкіндігі бар лауазымды адамға немесе тұлғаға қатысты қылмыстық іс қозғау туралы арыз;
Қазақстан Республикасының немесе шет мемлекеттің сотына борышты өндіріп алу туралы, кепілге өндіріп алуды қолдану және (немесе) кепілге қатысты жойылған құқықтарды қалпына келтіру туралы талап қою;
борышкердің және банк алдында борышкермен бірге ынтымақты немесе субсидиарлық жауапкершілігі бар үшінші тұлғалардың өндіріп алуды қолдануға болатын мүлкі, оның ішінде ақшасы, бағалы қағаздары немесе кірістері болмаған және оның мүлкін немесе кірістерін анықтау бойынша қабылданған шаралар нәтижесіз болған жағдайда, атқарушылық құжатты аталған банкке қайтару туралы сот орындаушысының заңды күшіне енген қаулысы немесе шет мемлекеттің өзге құжаты;
шет мемлекет сотының борышты өндіріп алудан, кепілге қатысты жойылған құқықтарды қалпына келтіруден, борышкердің мүлкіне, оның ішінде ақшасына, бағалы қағаздарына немесе кірістеріне өндіріп алуды қолданудан бас тарту туралы заңды күшіне енген шешімі;
шет мемлекет сотының борышкерді банкрот деп тану туралы заңды күшіне енген шешімі және (немесе) конкурстық іс жүргізуді аяқтау туралы ұйғарым;
шет мемлекеттің құзыретті органының борышкерді немесе кепіл берушіні таратылуына байланысты заңды тұлғалар тізілімінен шығару туралы құжаты болса;
резидентке берілген кредит (қарыз) бойынша бір және (немесе) одан да көп құжат:
Қазақстан Республикасының құқық қорғау органына борышкер-жеке тұлғаға және (немесе) борышкер-заңды тұлға қабылдаған шешімдерді өзге түрде тікелей немесе жанама айқындауға мүмкіндігі бар лауазымды адамға немесе тұлғаға қатысты қылмыстық іс қозғау туралы арыз;
банктің арызы бойынша Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының шаралар жүргізгенін немесе қылмыстық іс қозғалғанын растайтын құжат болса, кредит (қарыз) бойынша борышты кешіру жағдайына қолданылады.