5) лизинг шарты бойынша берілген мүлік;
6) осы Кодекстің 232-бабы 5-тармағының 8) - 10) тармақшаларында көзделген, борышкерлерге қойылатын талаптар мөлшерін азайтуларды есепке алу;
7) 2019 ж. 1 қаңтарға дейін қолданылды (бұр.ред.қара)
8) агроөнеркәсіптік кешен саласындағы дайындаушы ұйымның, ауыл шаруашылығы кооперативінің және (немесе) ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеуді жүзеге асыратын заңды тұлғаның жеке қосалқы шаруашылықпен айналысатын тұлғадан ауыл шаруашылығы өнімін сатып алуын және оны өткізуін есепке алу;
9) шығу және келу туризмі бөлінісінде - туроператордың көрсетілетін қызметтері;
10) шет мемлекеттерден, халықаралық және шетелдік ұйымдардан, шетелдіктерден, азаматтығы жоқ адамдардан ақшаны және (немесе) өзге де мүлікті алу жөніндегі, сондай-ақ көрсетілген ақшаны және (немесе) өзге де мүлікті жұмсау;
11) қосылған құн салығын есептеу мақсатында тауар қалдықтары түріндегі айналым;
12) тауар қалдықтары бойынша, есепке жатқызылған қосылған құн салығы;
13) ауыл шаруашылығы кооперативінің осы Кодекстің 698-бабы 2-тармағы 2) тармақшасының алтыншы абзацына сәйкес өз мүшелеріне тауарларды өткізуі, сондай-ақ осындай тауарларды пайдалануға, сенімгерлік басқаруға, жалға беру;
14) ауыл шаруашылығы кооперативінің өз мүшелері үшін осы Кодекстің 689-бабы 2-тармағы 2) тармақшасының бесінші абзацына сәйкес жұмыстарды (қызметтерді) орындауы (көрсетуі) жөніндегі ақпаратты көрсету үшін салықтық тіркелімдердің нысандарын белгілеуге құқылы.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің 10) тармақшасында көзделген ақпаратты көрсетуге арналған салықтық тіркелімді қоспағанда, осы тармақтың ережесі «Бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес бухгалтерлік есепке алуды жүргізу мен қаржылық есептілік жасауды жүзеге асырмайтын дара кәсіпкерлерге қолданылмайды.
5. «Бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес бухгалтерлік есепке алуды жүргізу мен қаржылық есептілік жасауды жүзеге асырмайтын дара кәсіпкерлер үшін уәкілетті орган мыналарды:
1) кірістерді, оның ішінде қолма-қол ақшасыз есеп айырысулар арқылы алынған кірістерді;
2) сатып алынған тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді;
3) төлем көзінен салық салуға жататын жеке тұлғалардың кірістерінен жеке табыс салығын, сондай-ақ әлеуметтік салықты және әлеуметтік төлемдерді салу объектілерін;
4) мыналар:
қоршаған ортаға эмиссиялар;
жерүсті көздерінің су ресурстарын пайдаланғаны үшін төлемақы жөніндегі салықтық міндеттемелерді есепке алу жөніндегі ақпаратты көрсетуге арналған салықтық тіркелімдердің нысандарын белгілеуге құқылы.
6-тармақ 2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
6. Жеке практикамен айналысатын тұлғалар үшін уәкілетті орган:
1) жеке практикамен айналысудан түскен кірістерді;
2) осы Кодекстің 362, 363, 364 және 365-баптарында көзделген шығыстарды есепке алу бойынша салықтық тіркелімдердің нысандарын бекітеді.
7. Экспедитор тасымалдаушылар және (немесе) көлік экспедициясы шарты шеңберінде ұсынылатын жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді берушілер туралы, сондай-ақ осындай жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің құны туралы ақпаратты ашу үшін салықтық тіркелімді жүргізеді, онда мынадай деректер:
1) қосылған құн салығын төлеушілер болып табылатын тасымалдаушы және (немесе) жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді беруші жазып берген шот-фактурасының реттік нөмірі мен күні;
2) тасымалдаушы және (немесе) жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді беруші салық төлеушінің сәйкестендіру нөмірі;
3) тасымалдаушының және (немесе) жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді берушінің тегi, аты, әкесiнiң аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілген болса) немесе атауы;
4) қосылған құн салығын төлеушілер болып табылатын тасымалдаушылар және (немесе) жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді берушілер жүзеге асыратын жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің шот-фактурада көрсетілген, салық салынатын (салық салынбайтын) айналымының мөлшеріне қосылатын құны;
5) қосылған құн салығын төлеушілер болып табылмайтын тасымалдаушы және (немесе) өнім беруші жүзеге асыратын, «ҚҚС-сыз» деген нұсқауы бар, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің құны;
6) бейрезиденттен жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу бойынша экспедитордың айналымы болып табылатын жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің құны көрсетілуге тиіс.
8. Салықтық тіркелімдер қағаз жеткізгіштерде жүргізілген жағдайда мұндай салықтық тіркелімдердегі қателерді түзету негізделген болуға және түзету енгізген жауапты адамның қолымен расталып, енгізілген түзетулердің күні мен негіздемесі көрсетілуге тиіс.
9. Осы тармақтың екінші бөлігінде белгіленген жағдайларды қоспағанда, салықтық тіркелімдер тексеруді жүзеге асыратын салық органдары лауазымды адамдарының талап етуі бойынша салықтық тексерулерді жүргізу кезінде салық органдарының лауазымды адамдарына қағаз жеткізгіштерде және (немесе) электрондық жеткізгіштерде ұсынылады.
Салық төлеушілер салықтық мониторинг шеңберінде салық органдарының немесе олардың лауазымды адамдарының талап етуі бойынша салықтық тіркелімдерді ұсынады.
Салық төлеуші (салық агенті) салықтық тіркелімдерді электрондық нысанда жасаған кезде салықтық тексеру барысында және салықтық мониторинг шеңберінде салық органдарының немесе олардың лауазымды адамдарының талап етуі бойынша салықтық тіркелімдерді электрондық жеткізгіштерде және осындай салықтық тіркелімдердің қағаз жеткізгіштегі көшірмелерін ұсынуға міндетті, олар басшысының және салық төлеушінің (салық агентінің) осы салықтық тіркелімдерін жасауға жауапты адамдардың (адамның) қолымен, сондай-ақ салық төлеушіде (салық агентінде) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген негіздер бойынша мөр болмаған жағдайларды қоспағанда, салық төлеушінің (салық агентінің) мөрімен куәландырылуға тиіс.
10. Тіркелген шегерімді пайдалана отырып арнаулы салық режимін қолданатын дара кәсіпкерлер үшін уәкілетті орган мыналарды:
1) запастарды;
2) кірістерді;
3) төлем көзінен салық салуға жататын жеке тұлғалардың кірістерінен жеке табыс салығын, сондай-ақ әлеуметтік салық және әлеуметтік төлемдер салу объектілерін есепке алу жөніндегі ақпаратты көрсетуге арналған салықтық тіркелімдердің нысандарын белгілеуге құқылы.
11. Бірыңғай жер салығын төлеушілер қоршаған ортаға эмиссия үшін төлемақы жөніндегі салықтық міндеттемелерді есепке алу бойынша салықтық тіркелімді қоспағанда, осы баптың 5-тармағында көзделген салықтық тіркелімдерді жүргізуге міндетті.
6-БӨЛІМ. РЕЗИДЕНТТЕР МЕН БЕЙРЕЗИДЕНТТЕРДІҢ КІРІСТЕРІНЕ САЛЫҚ САЛУ БОЙЫНША
ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
26-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
216-бап. Резиденттер мен бейрезиденттерге салық салудың негізгі қағидаттары
1. Қазақстан Республикасының резидентi Қазақстан Республикасында осы Кодекстiң ережелерiне сәйкес Қазақстан Республикасындағы және оның шегінен тыс жерлердегi көздерден алынған кірістерден салықтар төлейдi.
2. Бейрезидент Қазақстан Республикасында осы Кодекстiң ережелеріне сәйкес Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған кірістерден салықтар төлейді.
Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік қызметті тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезидент Қазақстан Республикасында осы Кодекстің ережелеріне сәйкес мұндай тұрақты мекеменің қызметіне байланысты, Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлердегі көздерден алынған кірістерден де салықтар төлейді.
3. Резиденттер мен бейрезиденттер Қазақстан Республикасында өзге де салықтар мен бюджетке төленетін төлемдерді, сондай-ақ әлеуметтік төлемдерді осындай міндеттемелер туындаған кезде төлейді.
217-бап. Резиденттер
1. Осы Кодекстің мақсаттарында мыналар Қазақстан Республикасының резиденті деп танылады:
1) мынадай:
Қазақстан Республикасында тұрақты болатын;
Қазақстан Республикасында тұрақты болмайтын, бірақ өмірлік мүдделерінің орталығы Қазақстан Республикасында болатын жеке тұлға;
2) мынадай:
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған;
шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес құрылған, тиімді басқару орны (нақты басқару органының тұрған жері) Қазақстан Республикасында болатын заңды тұлға.
Нақты органның (директорлар кеңесінің немесе соған ұқсас органның) негізгі басқару және (немесе) бақылау жүзеге асырылатын, сондай-ақ заңды тұлғаның кәсіпкерлік қызметін жүргізу үшін қажетті стратегиялық коммерциялық шешімдер қабылданатын жиналысы өткізілетін орын тиімді басқару орны (нақты басқару органының тұрған жері) деп танылады.
2. Егер жеке тұлға ағымдағы салықтық кезеңде аяқталатын кез келген қатарынан он екi айлық кезеңде кемiнде күнтiзбелiк бір жүз сексен үш күн (келу және кету күндерiн қоса алғанда) Қазақстан Республикасында болса, ол ағымдағы салықтық кезеңде Қазақстан Республикасында тұрақты болған жеке тұлға деп танылады.
3. Бір мезгілде мынадай шарттарды орындаған кезде:
1) жеке тұлғада Қазақстан Республикасының азаматтығы немесе Қазақстан Республикасында тұруға рұқсаты (ықтиярхаты) болса;
2) жеке тұлғаның жұбайы (зайыбы) және (немесе) жақын туыстары Қазақстан Республикасында тұрса;
3) Қазақстан Республикасында жеке тұлғаның кез келген уақытта тұруы және (немесе) жұбайының (зайыбының) және (немесе) оның жақын туыстарының тұруы үшін қолжетімді, оған және (немесе) жұбайына (зайыбына) және (немесе) оның жақын туыстарына меншік құқығында немесе өзге де негіздерде тиесілі жылжымайтын мүлкі болса, жеке тұлғаның өмірлік мүдделерінің орталығы Қазақстан Республикасында деп танылады.
4. Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын жеке тұлға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау туралы немесе Қазақстан Республикасының азаматтығын қабылдамай Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат ету туралы өтініш берген:
1) мемлекеттік билік органдары шет елге іссапарға жіберген жеке тұлға, оның ішінде дипломатиялық, консулдық мекемелердің, халықаралық ұйымдардың қызметкері, сондай-ақ аталған жеке тұлғаның отбасы мүшелері;
2) тұрақты халықаралық тасымалдарды жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларына немесе азаматтарына тиесілі көлік құралы экипажының мүшесі;
3) Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерге көшірілген Қазақстан Республикасы әскери бөлімдерінің немесе әскери құрамаларының әскери қызметшілері мен азаматтық персоналы;
4) Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлердегі және Қазақстан Республикасының немесе Қазақстан Республикасы субъектілерінің меншігі болып табылатын объектілерде (оның ішінде концессиялық шарттар негізінде) жұмыс істейтін;
5) оқу, оның ішінде тағылымдамадан немесе практикадан өту, емделу немесе сауықтыру, профилактикалық рәсімдерден өту мақсатында, оқу, оның ішінде тағылымдамадан немесе практикадан өту, емделу немесе сауықтыру, профилактикалық рәсімдерден өту кезеңінде Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерде болатын жеке тұлға;
6) сабақ беру, консультациялар беру немесе ғылыми жұмыстарды жүзеге асыру мақсатында аталған қызметтерді (жұмыстарды) көрсету (орындау) кезеңінде Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерде болатын оқытушы және (немесе) ғылыми қызметкер Қазақстан Республикасында тұрған уақытына және осы бапта көзделген басқа да кез келген өлшемшарттарға қарамастан, резидент-жеке тұлға деп танылады.
218-бап. Қазақстан Республикасының резиденттігін растау тәртібі
1. Резидент Қазақстан Республикасы халықаралық шарт жасасқан шет мемлекетте қызметін жүзеге асырған жағдайда, тиісті халықаралық шарттың талаптарын орындаған кезде резидент көрсетілген мемлекетте осындай халықаралық шарттың ережелерін қолдануға құқылы.
2. Халықаралық шартты қолдану мақсатында, сондай-ақ өзге де мақсаттарда тұлға Қазақстан Республикасының резиденттігін растау үшін, егер осы тармақта өзгеше белгіленбесе, осындай тұлға тұрған, болатын (тұрғылықты) жері бойынша тіркелген салық органына қатысты жоғары тұрған болып табылатын салық органына резиденттікті растауға арналған салықтық өтінішті ұсынады.
Егер тұлға уәкілетті органға сатылы түрде тікелей бағынатын салық органында тұрған, болатын (тұрғылықты) жері бойынша тіркелген болса, резиденттікті растауға арналған салықтық өтініш осындай салық органына ұсынылады.
Бұл ретте төменде аталған тұлғалар салық органына резиденттікті растауға арналған салықтық өтінішке қоса мынадай құжаттарды:
1) өзінің тиімді басқару орнының Қазақстан Республикасында болуы негізінде резидент болып табылатын шетелдік заңды тұлға - заңды тұлғаны тиімді басқару орнының (нақты басқару органы тұрған жер) Қазақстан Республикасында болуын растайтын құжаттың (өткізілген орны көрсетіле отырып, директорлар кеңесінің немесе соған ұқсас органның жалпы жиналысы хаттамасының немесе негізгі басқару және (немесе) бақылау, сондай-ақ заңды тұлғаның кәсіпкерлік қызметті жүргізуі үшін қажетті стратегиялық коммерциялық шешімдер қабылдау орнын растайтын өзге де құжаттардың) нотариат куәландырған көшірмесін;
2) резидент болып табылатын Қазақстан Республикасының азаматы - жеке куәлігінің немесе Қазақстан Республикасы паспортының көшірмесін;
3) резиденттер болып табылатын шетелдік және азаматтығы жоқ адам мыналардың:
шетел паспортының немесе азаматтығы жоқ адам куәлігінің;
Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаттың (ол болған кезде);
Қазақстан Республикасында болу кезеңін растайтын құжаттың (визаның немесе өзге де құжаттардың) нотариат куәландырған көшiрмелерiн ұсынуға мiндеттi.
3. Резиденттікті растауға арналған салықтық өтінішті қарау қорытындылары бойынша салық органы оны ұсынған күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде:
1) тұлғаға уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша оның резиденттігін растайтын құжатты береді немесе шет мемлекеттің құзыретті органы белгіленген нысан бойынша оның резиденттігін растайды.
Резиденттікті растайтын құжат электрондық құжат нысанында берілген жағдайда, осындай құжатты уәкілетті органның интернет-ресурсына орналастыру күні беру күні болып табылады;
2) тұлғаның резиденттігін растаудан бас тарту туралы негізделген шешім шығарады.
Тұлғаның резиденттігін растаудан бас тарту осы Кодекстің 217-бабында белгіленген шарттарға сәйкес келмеген жағдайда жүргізіледі.
4. Тұлғаның резиденттігі осы Кодекстің 48-бабында белгіленген талап қоюдың ескіру мерзімі шегінде, резиденттікті растауға арналған салықтық өтініште көрсетілген әрбір күнтізбелік жыл үшін расталады.
5. Резиденттікті растайтын құжат жоғалған жағдайда, осындай құжатты берген салық органы резиденттің өтініші ұсынылған күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның телнұсқасын береді.
219-бап. Бейрезиденттер
Осы Кодекстің мақсаттарында мыналар:
1) осы Кодекстің 217-бабының ережелеріне сәйкес резидент болып табылмайтын жеке немесе заңды тұлға;
2) осы Кодекстің 217-бабының ережелеріне қарамастан, қосарланған салық салуды болдырмау және салықтарды төлеуден жалтаруға жол бермеу мәселелерін реттейтін халықаралық шарттың ережелеріне сәйкес бейрезидент болып танылатын шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам бейрезидент болып танылады.
220-бап. Бейрезиденттiң тұрақты мекемесi
1. Егер халықаралық шартта өзгеше белгіленбесе, бейрезиденттің кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру мерзімдеріне қарамастан, ол осындай қызметті Қазақстан Республикасының аумағында өзі арқылы жүзеге асыратын мынадай қызмет орындарының бірі:
1) тауарларды өндіру, қайта өңдеу, жасақтау, орау, қаптау және (немесе) беру жүзеге асырылатын кез келген орын;
2) кез келген басқару орны;
3) жер қойнауы геологиялық зерделенетін, пайдалы қазбаларды барлау, өндіруге дайындық жұмыстары және (немесе) пайдалы қазбаларды өндіру жүзеге асырылатын және (немесе) пайдалы қазбаларды барлауды және (немесе) өндіруді бақылау және (немесе) байқау жөніндегі жұмыстар орындалатын, қызметтер көрсетілетін кез келген орын;
4) құбыржолға байланысты қызмет (оның ішінде бақылау немесе байқау қызметі) жүзеге асырылатын кез келген орын;
5) ойын автоматтарын (жалғамаларымен қоса), компьютерлiк желiлер мен байланыс арналарын, аттракциондарды орнатуға, баптауға және пайдалануға байланысты, сондай-ақ көлiктік немесе өзге де инфрақұрылымға байланысты қызмет жүзеге асырылатын кез келген орын;
6) егер осы баптың 5-тармағында өзгеше белгіленбесе, тауарларды көрмелерде және жәрмеңкелерде өткізу жағдайларын қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағында тауарлар өткізілетін орын;
7) құрылыс қызметі және (немесе) құрылыс-монтаждау жұмыстары жүзеге асырылатын, сондай-ақ осы жұмыстардың орындалуын байқау жөніндегі қызметтер көрсетілетін кез келген орын;
8) осы баптың 6-тармағында көрсетілген қызметті жүзеге асыратын өкілдікті қоспағанда, бейрезидент-заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесі орналасқан жер;
9) «Сақтандыру қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасында бейрезиденттің атынан делдалдық қызметті жүзеге асыратын тұлға орналасқан жер;
10) шет мемлекеттің заңнамасына не егер мұндай бірлескен қызмет Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асырылған жағдайда, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бейрезидентпен жасалған бірлескен қызмет туралы шартқа қатысушы резидент орналасқан жер бейрезиденттің Қазақстан Республикасындағы тұрақты мекемесі болып танылады.
2. Егер мұндай сипаттағы қызмет Қазақстан Республикасының аумағында бір жоба немесе байланысты жобалар шеңберінде кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру басталған күннен бастап кез келген қатарынан он екі айлық кезең шегінде күнтізбелік бір жүз сексен үш күннен астам жалғасатын болса, осындай мақсаттар үшін бейрезидент жалдаған жұмыскерлер немесе басқа персонал арқылы Қазақстан Республикасының аумағында осы баптың 1-тармағында көзделмеген қызметтер көрсетілетін, жұмыстар орындалатын орын бейрезиденттің тұрақты мекемесі болып танылады.
Өзара байланысты немесе өзара тәуелді келісімшарттар (шарттар) осы бөлімнің мақсаттарында байланысты жобалар болып танылады.
Бір мезгілде мынадай шарттарға сай келетін:
1) мұндай келісімшарттар (шарттар) бойынша бейрезидент немесе оның өзара байланысты тарапы бір ғана сол салық агентіне немесе оның өзара байланысты тарапына бірдей немесе біртекті қызметтер (жұмыстар) көрсететін (орындайтын);
2) бір келісімшарт (шарт) бойынша қызметтер көрсету (жұмыстар орындау) аяқталған күн мен басқа келісімшарт (шарт) жасалған күн арасындағы уақыт кезеңі қатарынан он екі айдан аспайтын келісімшарттар (шарттар) өзара байланысты келісімшарттар (шарттар) деп танылады.
Бейрезидент немесе оның өзара байланысты тарапы салық агентімен немесе оның өзара байланысты тарапымен жасасқан, олардың біреуі бойынша міндеттемелерді бейрезиденттің немесе оның өзара байланысты тарапының орындамауы мұндай бейрезиденттің немесе оның өзара байланысты тарапының басқа келісімшарт (шарт) бойынша міндеттемелерді орындауына әсер ететін келісімшарттар (шарттар) өзара тәуелді келісімшарттар (шарттар) болып танылады.
3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарының ережелерiне қарамастан, егер бейрезидент Қазақстан Республикасының аумағында кәсiпкерлiк қызметті тәуелдi агент арқылы жүзеге асырған жағдайда, онда мұндай бейрезидент өзі үшiн тәуелдi агент жүзеге асыратын кез келген қызметке байланысты, осындай қызметтің жүзеге асырылу мерзімдеріне қарамастан, тұрақты мекемесi бар бейрезидент ретiнде қарастырылатын болады.
Бір мезгілде мынадай:
1) шарттық қатынастар негізінде Қазақстан Республикасында бейрезиденттің мүдделерін білдіруге, бейрезиденттің атынан және есебінен әрекет етуге және (немесе) белгілі бір заңдық әрекеттер жасауға уәкілетті, оның ішінде өтеулі қызметтер көрсету шартын жасасуға немесе осындай шартты жасасу немесе бейрезидентке меншік құқығы (пайдалану құқығы) негізінде тиесілі мүлікке меншік құқығын (пайдалану құқығын) беру кезінде негізгі рөл атқаруға уәкілетті;
2) сақтандыру брокерінің қызметін және осындай агент айрықша түрде немесе негізінен бейрезиденттің атынан әрекет ететін жағдайларды қоспағанда, ол осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген қызметті кеден өкілінің, бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушының қызметі және өзге де брокерлік қызмет шеңберінде жүзеге асырмайды;
3) оның қызметі осы баптың 6-тармағында санамаланған қызмет түрлерімен шектелмейді деген шарттарға сай келетін жеке немесе заңды тұлға осы бөлімнің мақсаттары үшін тәуелді агент деп танылады.
4. Егер еншілес ұйым осы баптың 3-тармағына сәйкес тәуелді агент болып танылса, бейрезиденттің Қазақстан Республикасының аумағында Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған еншілес ұйым арқылы жүзеге асырылатын қызметі бейрезиденттің тұрақты мекемесінің құрылуына алып келеді.
5. Егер тауарларды Қазақстан Республикасының аумағында өткізілетін көрмелерде және жәрмеңкелерде өткізу күнтізбелік он күннен астамға созылса, бейрезидент осындай өткізу кезінде Қазақстан Республикасында тұрақты мекеме құрады.
6. Бейрезидент қызметінің дайындық немесе көмекшi сипатқа қана ие, бейрезиденттiң кәсіпкерлік қызметiнің негізгі түрлерінің бір бөлігі болып табылмайтын және үш жылдан аспайтын мынадай түрлері:
1) кез келген орынды бейрезидентке тиесiлi тауарды өткізбей, сақтау және (немесе) көрсету мақсаттары үшін ғана пайдалану;
2) тұрақты қызмет орнын тауарларды өткізбей, бейрезидент үшін сатып алу мақсаттарында ғана ұстау;
3) тұрақты қызмет орнын ақпарат жинау, өңдеу және (немесе) тарату, бейрезидент өткізетін тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді жарнамалау немесе олардың нарығын зерделеу үшiн ғана ұстау бейрезиденттiң Қазақстан Республикасындағы тұрақты мекемесінің құрылуына алып келмейді.
Бұл ретте дайындық немесе көмекшi сипаттағы қызмет үшінші тұлғалар үшін емес, бейрезиденттің өзі үшін жүзеге асырылуға тиіс.
7. Бейрезиденттің заңды тұлғаға, оның iшiнде Қазақстан Республикасында қызметті тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезидентке Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс iстеу үшiн шетелдiк персоналды ұсыну бойынша қызметтер көрсету жөніндегі қызметі, бір мезгiлде мынадай шарттар орындалған кезде:
1) егер мұндай персонал өзi ұсынылған заңды тұлғаның атынан және соның мүдделерiн көздеп әрекет етсе;
2) шетелдiк персоналды ұсыну бойынша қызметтер көрсететiн бейрезидент ұсынылған персоналдың жұмыс нәтижелерi үшін жауапты болмаса;
3) салықтық кезең ішінде бейрезиденттiң шетелдiк персоналды ұсыну бойынша қызметтер көрсетуден түсетін кірісі бейрезиденттiң көрсетілген кезең ішінде осындай персоналды ұсыну бойынша жалпы шығындары сомасының 10 пайызынан аспайтын болса, осындай көрсетілетін қызмет бойынша Қазақстан Республикасында тұрақты мекеме құруға алып келмейді.
Бұл ретте мұндай кірістің мөлшері салықтық кезең ішінде бейрезидент көрсеткен шетелдiк персоналды ұсыну бойынша қызметтердің құны мен көрсетілген кезең ішінде бейрезиденттiң персоналды ұсыну бойынша жалпы шығындары сомасының құны арасындағы оң айырма түрінде айқындалады.
Шетелдiк персоналдың кірістерін қоса алғанда, осындай қызметтер көрсетуге арналған шығындардың сомасын растау үшiн бейрезидент көрсетілетін қызметтерді алушыға Қазақстан Республикасының және (немесе) шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес жасалған бастапқы құжаттарының көшірмесін ұсынуға міндетті. Шетелдiк персоналды ұсыну бойынша қызметтер көрсететiн бейрезиденттің кірісінен корпоративтік табыс салығын есептеу мақсаттары үшін, осы тармақта белгіленген шарттар орындалған кезде, бейрезиденттің мұндай көрсетілетін қызметтері Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерде көрсетілген қызметтер болып танылады.
8. Бейрезидент қызметті Қазақстан Республикасының аумағында бірлескен қызмет туралы шарт негізінде жүзеге асырған жағдайда:
1) осындай шартқа әрбір қатысушының қызметі осы бапта белгіленген ережелерге сәйкес тұрақты мекеме құрады;
2) осындай шартқа әрбір қатысушы салықтық міндеттемені орындауды осы Кодексте айқындалған тәртіппен өзі дербес жүзеге асырады.
9. Қазақстан Республикасында тұрақты мекеме құруға алып келетін кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыратын бейрезидент осы Кодекстiң 76-бабында айқындалған тәртiппен салық органында салық төлеушi ретiнде тiркелуге мiндеттi.
Бейрезиденттiң салық органдарында салық төлеушi ретiнде тiркелуінің немесе әдiлет органдарында есептiк тiркелуінің жоқтығына қарамастан, бейрезиденттің Қазақстан Республикасында қызметті жүзеге асыруы басталған күннен бастап бейрезиденттің қызметі осы баптың ережелерiне сәйкес тұрақты мекеме құрады.
Егер бейрезидент бір салық органында тіркелуге жататын екі және одан да көп тұрақты мекеме құруға алып келетін кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырған жағдайда, онда бейрезиденттің осындай тұрақты мекемелерінің тобы бойынша жиынтық түрде бір тұрақты мекеме тіркелуге жатады.