| 9. | Жер қойнауын пайдаланушы өндірген және ауыл шаруашылығы өнімін өндіру және (немесе) оны қайта өңдеу үшін пайдаланған жерасты суы | 0,003 |
| 10. | Санаторий-курорттық ұйым (санаторий, профилакторий) болып табылатын жер қойнауын пайдаланушы өндірген және Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау туралы заңнамасына сәйкес санаторий-курорттық емдеу жөніндегі қызметтер көрсету үшін ол пайдаланған жерасты суы | 0,003 |
| 11. | Жер қойнауын пайдаланушы өндірген және Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау туралы заңнамасына сәйкес санаторий-курорттық емдеу жөніндегі қызметтерді көрсету үшін ол санаторий-курорттық ұйымдарға (санаторийлерге, профилакторийлерге) өткізген жерасты суы | 0,003 |
| 12. | Жер қойнауын пайдаланушы өндірген және Қазақстан Республикасының туристік қызмет туралы заңнамасына сәйкес туристерді орналастыру орындарын пайдалануға беру үшін ол пайдаланған жерасты суы | 0,003 |
| 13. | Қазақстан Республикасының білім туралы заңнамасына сәйкес балалардың сауықтыру лагері болып табылатын жер қойнауын пайдаланушы өндірген және балалардың сауықтыру лагерінің жұмыс істеу мақсаттары үшін ол пайдаланған жерасты суы | 0,003 |
| 14. | Жер қойнауын пайдаланушы өндірген және алкоголь өнімін, тамақ өнімін және (немесе) алкогольсіз сусындар өндіру үшін ол пайдаланған минералды жерасты суы, шаруашылық-ауызсуға арналған жерасты суы (4.2, 6, 7, 8, 9, 10, 11, 12, 13-жолдарда көрсетілген мақсаттарға пайдаланылған жерасты суын қоспағанда) | 0,250 |
3. Өндірілген жерасты суын бөлек есепке алу болмаған жағдайда, осы баптың 2-тармағында белгіленген жерасты суларына пайдалы қазбаларды өндіру салығының мөлшерлемелерін қолдану мақсатында мөлшерлеменің ең көп мөлшері қолданылады.
749-бап. Салықтық кезең
Пайдалы қазбаларды өндіру салығы бойынша салықтық кезең күнтізбелік тоқсан болып табылады.
750-бап. Төлеу мерзімдері
Салық төлеушi салықтың есептелген сомасын тұрған жерiндегі бюджетке салықтық кезеңнен кейiнгi екінші айдың 25-күнінен кешiктiрмей төлеуге мiндеттi.
751-бап. Салық декларациясы
Жер қойнауын пайдаланушы пайдалы қазбаларды өндіру салығы бойынша декларацияны тұрған жеріндегі салық органына салықтық кезеңнен кейiнгi екінші айдың 15-күнінен кешiктiрмей тапсырады.
86-тарау. ҮСТЕМЕ ПАЙДА САЛЫҒЫ
752-бап. Жалпы ережелер
1. Үстеме пайда салығы осы Кодекстің 753-бабына сәйкес жер қойнауын пайдаланушы үстеме пайда салығын төлеуші болып табылатын жер қойнауын пайдалануға арналған әрбір жеке келісімшарт бойынша салықтық кезең үшін есептеледі.
2. Үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін жер қойнауын пайдаланушы осы тарауда белгіленген тәртіпке сәйкес жер қойнауын пайдалануға арналған әрбір жеке келісімшарт бойынша салық салу объектісін, сондай-ақ салық салумен байланысты мынадай объектілерді:
1) үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін таза кірісті;
2) үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін салық салынатын кірісті;
3) жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша жылдық жалпы кірісті;
4) үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін шегерімдерді;
5) жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша корпоративтік табыс салығын;
6) жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша бейрезиденттің тұрақты мекемесінің таза кірісі салығының есеп айырысу сомасын айқындайды.
753-бап. Төлеушілер
1. Осы баптың 2-тармағында көрсетілген жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттарды қоспағанда, жер қойнауын пайдалануға арналған әрбір жеке келісімшарт бойынша жүзеге асырылатын қызмет бойынша жер қойнауын пайдаланушылар үстеме пайда салығын төлеушілер болып табылады.
2. Жер қойнауын пайдалануға арналған мынадай:
1) осы Кодекстің 722-бабының 1-тармағында көрсетілген;
2) осы келісімшарттар пайдалы қазбалардың басқа топтарын өндіруді көздемеген жағдайда, пайдалы қатты қазбаларды, жерасты суларын және (немесе) емдік балшықты барлауға және (немесе) өндіруге;
3) барлауға және өндіруге байланысты емес жерасты құрылыстарын салуға және пайдалануға арналған келісімшарттардың негізінде жүзеге асырылатын қызмет бойынша жер қойнауын пайдаланушылар осы тарауда белгіленген үстеме пайда салығын төлеушілер болып табылмайды.
754-бап. Салық салу объектісі
Осы Кодекстің 758-бабына сәйкес айқындалған үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін жер қойнауын пайдаланушының шегерімдер сомасының 25 пайызына тең сомадан асатын салықтық кезең үшін жер қойнауын пайдалануға арналған әрбір жеке келісімшарт бойынша осы Кодекстің 755-бабына сәйкес үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін айқындалған жер қойнауын пайдаланушының таза кірісінің бір бөлігі үстеме пайда салығын салу объектісі болып табылады.
755-бап. Үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін таза кіріс
1. Үстеме пайда салығын есептеу мақсаттарындағы таза кіріс осы Кодекстің 756-бабына сәйкес айқындалған үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін салық салынатын кіріс пен осы Кодекстің 759-бабына сәйкес есептелген жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша корпоративтік табыс салығы арасындағы айырма ретінде айқындалады.
2. Тұрақты мекеме арқылы Қазақстан Республикасындағы жер қойнауын пайдалану жөніндегі қызметті жүзеге асыратын бейрезиденттер үшін үстеме пайда салығын есептеу мақсаттарындағы таза кіріс тұрақты мекеменің жер қойнауын пайдалануға арналған тиісті келісімшарт бойынша, осы Кодекстің 760-бабына сәйкес есептелген таза кірісі салығының есеп айырысу сомасына қосымша азайтылады.
756-бап. Үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін салық салынатын кіріс
1. Осы тараудың мақсаттарында салық салынатын кіріс осы Кодекстің 288-бабында көзделген кірістер мен шығыстар сомасына азайту ескеріле отырып, осы Кодекстің 757-бабына сәйкес айқындалған жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін жылдық жалпы кіріс пен осы Кодекстің 758-бабына сәйкес айқындалған үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін шегерімдер арасындағы айырма ретінде айқындалады.
2. Үстеме пайда салығын есептеу мақсатында салықтық кезең үшін шегерімдердің жылдық жалпы кіріс сомасынан асып кетуі келесі салықтық кезеңдердің үстеме пайда салығын есептеу мақсатында салық салынатын кіріс есебінен өтеу үшін ауыстырылады.
757-бап. Үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша жылдық жалпы кіріс
1. Үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін жылдық жалпы кірісті осы баптың 2-тармағына сәйкес айқындалған, осы Кодекстің 228, 234 және 235-баптарында көзделген кірістерді қоспағанда, келісімшарттық қызмет бойынша жер қойнауын пайдаланушы жылдық жиынтық кірісті айқындау үшін осы Кодексте айқындалған тәртіппен жер қойнауын пайдалануға арналған әрбір жеке келісімшарт бойынша айқындайды.
2. Үстеме пайда салығын есептеу мақсатында осы Кодекстің 234 және 235-баптарында көзделген кірістер осы Кодекстің 258, 259 және 270-баптарында көрсетілген активтердің өткізілуінің, берілуінің және шығып қалуының толық құны мөлшерінде айқындалады.
Осы Кодекстің 228-бабында көзделген кірістер көрсетілген активтердің құны үстеме пайда салығын есептеу мақсатында шегерімдерге жатқызылған жағдайда осы Кодекстің 258, 259 және 270-баптарында көрсетілген активтердің өткізілуінің, берілуінің және шығып қалуының толық құны мөлшерінде айқындалады.
Осы Кодекстiң 228-бабында көрсетiлген, құны үстеме пайда салығын есептеу мақсатында шегерiмге жатқызылуға тиіс емес активтердi өткізуден түсетін кіріс мөлшері осы Кодекстiң 228-бабына сәйкес айқындалады.
758-бап. Үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін шегерімдер
1. Үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін жер қойнауын пайдалануға арналған әрбір жеке келісімшарт бойынша шегерімдер:
1) осы Кодекстің 242 - 248, 252 - 257, 261 - 263 және 272-баптарына сәйкес келісімшарттық қызмет бойынша корпоративтік табыс салығын есептеу мақсатында есепті салықтық кезеңде шегерімдерге жатқызылған шығыстардың;
2) мыналарға:
тіркелген активтер топтарының (кіші топтарының) құндық баланстарына;
осы Кодекстің 258, 259 және 260-баптарына сәйкес пайда болған амортизацияланатын активтердің жекелеген топтарына қосуға жататын, салықтық кезең ішінде іс жүзінде шеккен шығындар сомасы ретінде айқындалады.
Бұл ретте үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін жалпы және (немесе) жанама тіркелген активтерді сатып алу бойынша шығындар жер қойнауын пайдаланушы салықтық кезең үшін жүргізген тікелей шығыстардың жалпы сомасындағы жер қойнауын пайдалануға арналған әрбір нақты келісімшартқа және келісімшарттан тыс қызметке сай келетін тікелей шығыстардың үлес салмағы бойынша шегерімге жатқызылуға тиіс.
2. 2018 жылдың салықтық кезеңі үшін үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін шегерімге жатқызылуға тиіс, бірақ 2009 жылғы 1 қаңтардан бастап 2018 жылғы 1 қаңтарға дейін үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін шегерімге жатқызылмаған шығындардың үстеме пайда салығын есептеу мақсатында жинақталған соманың біржолғы шегерімі жүргізіледі.
3. Егер шығыстардың нақ сол түрлері осы бапта белгіленген шегерімдердің бірнеше түрінде көзделген жағдайда салық салынатын кірісті есептеу кезінде көрсетілген шығыстар бір рет қана шегеріледі.
759-бап. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша корпоративтік табыс салығы
Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша корпоративтік табыс салығы жер қойнауын пайдалануға арналған әрбір жеке келісімшарт бойынша келісімшарттық қызмет бойынша салықтық кезең үшін осы Кодекстің 313-бабының 1-тармағында белгіленген мөлшерлеме мен осы Кодекстің 288-бабында көзделген кірістер мен шығыстар сомаларына, сондай-ақ осы Кодекстің 299 және 300-баптарына сәйкес ауыстырылатын жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша залалдар сомасына азайтылған, осы Кодекстің 302-бабында айқындалған тәртіппен жер қойнауын пайдалануға арналған осындай келісімшарт бойынша есептелген салық салынатын кірістің көбейтіндісі ретінде айқындалады.
760-бап. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша бейрезиденттің тұрақты мекемесінің таза кірісіне салықты есептеу сомасы
Осы тараудың мақсаттары үшін жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша бейрезиденттің тұрақты мекемесінің таза кірісіне салықтың есеп айырысу сомасы салықтық кезең үшін осы Кодекстің 313-бабының 3-тармағында белгіленген бейрезиденттің тұрақты мекемесінің таза кірісіне салықтық мөлшерлеме мен осы Кодекстің 652-бабында айқындалған тәртіппен жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша есептелген бейрезиденттің тұрақты мекемесінің таза кірісіне салық салу объектісінің көбейтіндісі ретінде айқындалады.
761-бап. Есептеу тәртібі
1. Салықтық кезең үшін үстеме пайда салығын есептеу осы Кодекстің 762-бабында белгіленген әрбір деңгей бойынша әрбір тиісті мөлшерлемені осындай деңгейге жататын, кейіннен барлық деңгейлер бойынша үстеме пайда салығының есептелген сомаларына жинақтап қоса отырып, үстеме пайда салығын салу объектісінің әрбір бөлігіне қолдану арқылы жүргізіледі.
2. Осы баптың 1-тармағының ережелерін қолдану үшін жер қойнауын пайдаланушы:
1) салық салу объектісін, сондай-ақ жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша үстеме пайда салығын салумен байланысты объектіні айқындайды;
2) осы Кодекстің 762-бабында белгіленген әрбір деңгей бойынша үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін таза кірісті бөлудің шекті сомаларын мынадай тәртіппен:
1, 2, 3, 4, 5 және 6-деңгейлер үшін - осы Кодекстің 762-бабында келтірілген кестенің 3-бағанында белгіленген әрбір деңгей үшін пайыз бен үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін шегерімдер сомасының көбейтіндісі ретінде;
7-деңгей үшін:
егер үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін таза кіріс сомасы үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін шегерімдер сомасының 70 пайызына тең сомадан көп болған жағдайда - үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін таза кіріс сомасы мен үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін шегерімдер сомасының 70 пайызына тең сома арасындағы айырма ретінде;
егер үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін таза кіріс сомасы үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін шегерімдер сомасының 70 пайызына тең сомадан аз немесе оған тең болған жағдайда - нөл ретінде айқындайды;
3) осы Кодекстің 762-бабында көзделген деңгейлер бойынша үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін салықтық кезеңде іс жүзінде алынған таза кірісті мынадай тәртіппен бөледі:
1-деңгей үшін:
егер салықтық кезең үшін үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін таза кіріс сомасы бірінші деңгей үшін таза кірісті бөлудің шекті сомасынан асса, онда таза кірістің бірінші деңгей үшін бөлінген бөлігі бірінші деңгей үшін таза кірісті бөлудің шекті сомасына тең болады;
егер салықтық кезең үшін үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін таза кіріс сомасы бірінші деңгей үшін таза кірісті бөлудің шекті сомасынан аз болса, онда таза кірістің бірінші деңгей үшін бөлінген бөлігі салықтық кезең үшін үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін таза кіріс сомасына тең болады. Бұл ретте келесі деңгейлер үшін үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін таза кірісті бөлу жүргізілмейді;
2, 3, 4, 5, 6 және 7-деңгейлер үшін:
егер салықтық кезең үшін үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін таза кіріс пен алдыңғы деңгейлер бойынша таза кірістің бөлінген бөліктерінің жалпы сомасы арасындағы айырма тиісті деңгей үшін таза кірісті бөлудің шекті сомасынан асса немесе соған тең болса, онда осы деңгей үшін таза кірістің бөлінген бөлігі осы тиісті деңгей үшін таза кірісті бөлудің шекті сомасына тең болады;
егер салықтық кезең үшін үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін таза кіріс пен алдыңғы деңгейлер бойынша таза кірістің бөлінген бөліктерінің жалпы сомасы арасындағы айырма тиісті деңгей үшін таза кірісті бөлудің шекті сомасынан аз болса, онда осы деңгей үшін таза кірістің бөлінген бөлігі осындай айырмаға тең болады.
Бұл ретте келесі деңгейлер үшін үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін таза кірісті бөлу жүргізілмейді.
Таза кіріс бөліктерінің деңгейлері бойынша бөлінген жалпы сома салықтық кезең үшін үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін таза кірістің жалпы сомасына тең болуға тиіс;
4) үстеме пайда салығының тиісті мөлшерлемесін осы Кодекстің 762-бабында сәйкес таза кірістің деңгейлер бойынша бөлінген әрбір бөлігіне қолданады;
5) осы Кодекстің 762-бабында көзделген барлық деңгейлер бойынша үстеме пайда салығының есептелген сомаларына жинақтап қоса отырып, салықтық кезең үшін үстеме пайда салығының сомасын айқындайды.
762-бап. Үстеме пайда салығының мөлшерлемелері, үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін таза кірісті бөлудің шекті сомасын есептеуге арналған пайыздардың деңгейлері мен мөлшері
Жер қойнауын пайдаланушы үстеме пайда салығын мынадай тәртіппен айқындалатын мөлшерлемелердің өзгермелі шәкілі бойынша төлейді:
| Деңгей № | Үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін деңгейлер бойынша таза кірісті бөлу шәкілі, шегерімдер сомасының пайызы | Үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін таза кірісті бөлудің шекті сомасын есептеуге арналған пайыз | Мөлшерлеме (%-бен) |
| 1 | 2 | 3 | 4 |
| 1. | 25 пайыздан аз немесе оған тең | 25 | Белгіленбейді |
| 2. | 25 пайыздан 30 пайызды қоса алғанға дейін | 5 | 10 |
| 3. | 30 пайыздан 40 пайызды қоса алғанға дейін | 10 | 20 |
| 4. | 40 пайыздан 50 пайызды қоса алғанға дейін | 10 | 30 |
| 5. | 50 пайыздан 60 пайызды қоса алғанға дейін | 10 | 40 |
| 6. | 60 пайыздан 70 пайызды қоса алғанға дейін | 10 | 50 |
| 7. | 70 пайыздан жоғары | Осы Кодекстің 761-бабы 2-тармағының 2) тармақшасына сәйкес | 60 |
763-бап. Салықтық кезең
1. Үстеме пайда салығы үшін 1 қаңтар - 31 желтоқсан аралығындағы күнтізбелік жыл салықтық кезең болып табылады.
2. Егер жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт күнтізбелік жыл ішінде жасалса, жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт күшіне енген күннен бастап күнтізбелік жыл аяқталғанға дейінгі уақыт кезеңі осындай келісімшарт бойынша үстеме пайда салығын есептеу үшін бірінші салықтық кезең болып табылады.
3. Егер жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданысы күнтізбелік жылдың соңына дейін өткен болса, күнтізбелік жыл басталғаннан бастап жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданысы аяқталған күнге дейінгі уақыт кезеңі осындай келісімшарт бойынша үстеме пайда салығын есептеу үшін соңғы салықтық кезең болып табылады.
4. Егер күнтізбелік жыл басталғаннан кейін күшіне енген жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданысы осы күнтізбелік жыл аяқталғанға дейін өткен болса, жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт күшіне енген күннен бастап жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданысы аяқталған күнге дейінгі уақыт кезеңі осындай келісімшарт бойынша үстеме пайда салығын есептеу үшін салықтық кезең болып табылады.
764-бап. Салықты төлеу мерзімі
Үстеме пайда салығы салық төлеушінің тұрған жеріндегі бюджетке декларация тапсыру үшін белгіленген мерзімнен кейін күнтізбелік он күннен кешіктірілмей төленеді.
765-бап. Салық декларациясы
Жер қойнауын пайдаланушы үстеме пайда салығы бойынша декларацияны тұрған жеріндегі салық органына есепті салықтық кезеңнен кейінгі жылдың 31 наурызынан кешіктірмей тапсырады.
87-тарау. ЖЕР ҚОЙНАУЫН ПАЙДАЛАНУҒА БАЛАМАЛЫ САЛЫҚ
766-бап. Жалпы ережелер
1. Жер қойнауын пайдалануға баламалы салықты Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес:
1) Қазақстан Республикасының құрлықтық қайраңында көмірсутектерді өндіруге және (немесе) бірлескен барлау мен өндіруге арналған келісімшарт;
2) тау-кендік бөлуде немесе тау-кендік бөлу болмаған кезде өндіруге немесе барлауға және көмірсутектерді өндіруге арналған келісімшартта көрсетілген көмірсутектер кен жатындары жоғарғы нүктесінің тереңдігі 4500 метрден жоғары емес және тау-кендік бөлуде немесе тау-кендік бөлу болмаған кезде өндіруге немесе барлауға және көмірсутектерді өндіруге арналған келісімшартта көрсетілген көмірсутектер кен жатындары төменгі нүктесінің тереңдігі 5000 метр және одан төмен кен орындары бойынша өндіруге және (немесе) барлауға және көмірсутектерді өндіруге арналған келісімшарт жасасқан жер қойнауын пайдаланушы заңды тұлғалар тарихи шығындарды өтеу бойынша төлемнің, пайдалы қазбаларды өндіру салығының және үстеме пайда салығының орнына қолдануға құқылы.
Аталған құқық өндіруге арналған келісімшарт жасалған немесе бірлескен барлау мен өндіруге арналған келісімшарт бойынша өндіру кезеңі басталған күннен бастап жер қойнауын пайдалануға арналған тиісті келісімшарттың қолданылуы аяқталған күнге дейінгі кезеңде қолданылады және өзгертуге жатпайды.
Салық төлеуші осы құқықты қолдану туралы хабарламаны өндіруге арналған келісімшарт жасалған немесе бірлескен барлау мен өндіруге арналған келісімшарт бойынша өндіру кезеңі басталған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей тұрған жеріндегі салық органына жібереді.
Мұндай хабарлама болмаған жағдайда тарихи шығындарды өтеу бойынша төлем, пайдалы қазбаларды өндіру салығы және үстеме пайда салығы бойынша салықтық міндеттемені орындау осы Кодекстің 84, 85 және 86-тарауларында айқындалған тәртіппен жүзеге асырылады.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген, 2018 жылғы 1 қаңтарға дейін жасалған келісімшарттар бойынша жер қойнауын пайдаланушылардың арнайы төлемдер мен салықтар жөніндегі салықтық міндеттемені орындауының баламалы тәртібін 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап қолдану құқығы жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданылуының қалған барлық кезеңіне жүргізіледі және өзгертуге жатпайды, бұл туралы салық төлеуші тұрған жеріндегі салық органына 2018 жылғы 1 наурыздан кешіктірмей хабарлама жібереді.
767-бап. Жер қойнауын пайдалануға баламалы салықты есептеу тәртібі
1. Жер қойнауын пайдалануға баламалы салық жер қойнауын пайдалануға арналған әрбір жекелеген келісімшарт бойынша келісімшарттық қызметтің салықтық кезеңі үшін айқындалады.
2. Жер қойнауын пайдалануға баламалы салықтың салық салу объектісі жер қойнауын пайдалануға баламалы салықты есептеу мақсаттары үшін жылдық жиынтық кіріс пен осы Кодекстің 287-бабында көзделген түзетулер ескеріле отырып, жер қойнауын пайдалануға баламалы салықтың мақсаттары үшін шегерімдер арасындағы айырмасы ретінде айқындалады.
3. Жер қойнауын пайдалануға баламалы салықты есептеу мақсаттары үшін жылдық жиынтық кіріс жер қойнауын пайдалануға баламалы салықты есептеу мақсатында жылдық жиынтық кіріске қосуға жатпайтын теріс бағамдық айырма сомасынан оң бағамдық айырма сомасының асып кетуін қоспағанда, корпоративтік табыс салығын есептеу мақсаттары үшін осы Кодексте айқындалған тәртіпке сәйкес және осы Кодекстің 241-бабында көзделген жылдық жиынтық кірісті түзету есепке алынбай айқындалады.
4. Жер қойнауын пайдалануға баламалы салықты есептеу мақсаттары үшін шегерімдер корпоративтік табыс салығын есептеу мақсаттары үшін мыналар:
сыйақылар, оның ішінде осы Кодекстің 246-бабына сәйкес шегерімге жатқызылатын немесе күрделі шығындар ретінде есепке алынуға жататын сыйақылар шегерімге жатпайтыны;
теріс бағамдық айырма сомасынан оң бағамдық айырма сомасының асып кетуі шегерімге жатпайтыны;
есептелген (есепке жазылған) корпоративтік табыс салығының сомасы шегерімге жатпайтыны ескеріле отырып, осы Кодексте айқындалған тәртіпке сәйкес айқындалады.
5. Егер нақ сол шығыстар (шығындар) осы баптың 4-тармағында белгіленген шығыстардың (шығындардың) бірнеше түрінде көзделген жағдайда, онда жер қойнауын пайдалануға баламалы салықты есептеу кезінде аталған шығыстар (шығындар) тек бір рет шегеріледі.
6. Жер қойнауын пайдалануға баламалы салық жер қойнауын пайдалануға осындай салықтың салық салу объектісі мен осы Кодекстің 768-бабында белгіленген мөлшерлеменің көбейтіндісі ретінде есептеледі.
768-бап. Салықтық мөлшерлеме
Жер қойнауын пайдалануға баламалы салық осы Кодекстің 741-бабының 3-тармағында айқындалған тәртіппен есептелген мұнайдың әлемдік бағасы негізге алына отырып, мына мөлшерлемелер бойынша есептеледі:
| Р/с № | Әлемдік баға | Мөлшерлеме %-бен |
| 1 | 2 | 3 |
| 1. | Бiр баррель үшiн 50 АҚШ долларын қоса алғанға дейiн | 0 |
| 2. | Бiр баррель үшiн 60 АҚШ долларын қоса алғанға дейiн | 6 |
| 3. | Бiр баррель үшiн 70 АҚШ долларын қоса алғанға дейiн | 12 |
| 4. | Бiр баррель үшiн 80 АҚШ долларын қоса алғанға дейiн | 18 |
| 5. | Бiр баррель үшiн 90 АҚШ долларын қоса алғанға дейiн | 24 |
| 6 | Бiр баррель үшiн 90 АҚШ долларынан жоғары | 30 |
769-бап. Салықтық кезең
1. Жер қойнауын пайдалануға баламалы салық үшін салықтық кезең күнтізбелік жыл болып табылады.
2. Егер жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт
күнтізбелік жыл ішінде жасалған болса, жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт күшіне енген күннен бастап күнтізбелік жылдың соңына дейінгі уақыт кезеңі осындай келісімшарт бойынша жер қойнауын пайдалануға баламалы салықты есептеу үшін бірінші салықтық кезең болып табылады.
3. Егер жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданысы күнтізбелік жылдың соңына дейін өткен болса, күнтізбелік жылдың басынан бастап жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданысы аяқталған күнге дейінгі уақыт кезеңі осындай келісімшарт бойынша жер қойнауын пайдалануға баламалы салықты есептеу үшін соңғы салықтық кезең болып табылады.
4. Егер күнтізбелік жыл басталғаннан кейін күшіне енген жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданысы осы күнтізбелік жылдың соңына дейін өткен болса, жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт күшіне енген күннен бастап жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданысы аяқталған күнге дейінгі уақыт кезеңі осындай келісімшарт бойынша жер қойнауын пайдалануға баламалы салықты есептеу үшін салықтық кезең болып табылады.
770-бап. Салықты төлеу мерзімі
Жер қойнауын пайдалануға баламалы салық салық төлеушінің тұрған жеріндегі бюджетке декларация тапсыру үшін белгіленген мерзімнен кейін күнтізбелік он күннен кешіктірілмей төленуге жатады.
771-бап. Салық декларациясы
Салық төлеуші жер қойнауын пайдалануға баламалы салық бойынша декларацияны тұрған жеріндегі салық органына есепті салықтық кезеңнен кейінгі жылдың 31 наурызынан кешіктірмей тапсырады.
88-тарау. ПАЙДАЛЫ ҚАЗБАЛАРДЫ ӨНДІРУ САЛЫҒЫ, КӨМІРСУТЕКТЕР БОЙЫНША ЭКСПОРТҚА РЕНТА САЛЫҒЫ, РОЯЛТИ ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ӨНІМДІ БӨЛУГЕ БАЙЛАНЫСТЫ ҮЛЕСІ БОЙЫНША САЛЫҚТЫҚ МІНДЕТТЕМЕЛЕРДІ ЗАТТАЙ НЫСАНДА ОРЫНДАУ ТӘРТІБІ
772-бап. Роялти және Қазақстан Республикасының өнімді бөлу бойынша үлесі бойынша салықтық міндеттемені заттай нысанда орындау тәртібі
1. Роялтиді және Қазақстан Республикасының өнімді бөлуге байланысты үлесін төлеу бойынша салықтық міндеттемені ақшалай нысанда орындау мынадай шарттар бір мезгілде сақталған кезде:
1) осы Кодекстің 722-бабында көрсетілген, өнімді бөлу туралы келісімдерде (келісімшарттарда), Қазақстан Республикасының Президенті бекіткен жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта роялтиді және (немесе) Қазақстан Республикасының өнімді бөлуге байланысты үлесін төлеу бойынша салықтық міндеттемені орындау есебіне заттай нысанда пайдалы қазбаларды жер қойнауын пайдаланушының беруі көзделген;