2. Көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган бекітетін, жою және консервациялау жоспарына сәйкес жою немесе консервациялау жүзеге асырылатын көмірсутектерді барлауды және өндіруді жүргізу кезінде консервациялау және жою қағидаларында көзделген ұңғымалардың жекелеген санаттарын қоспағанда, технологиялық объектілер жер қойнауын пайдаланушы бекіткен және осы Кодекс пен Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген сараптамалардың оң қорытындысын алған технологиялық объектілерді жою немесе консервациялау жобасына сәйкес жойылады немесе консервацияланады.
3. Технологиялық объектілерді консервациялау немесе жою жөніндегі жұмыстарды жүргізуге қойылатын талаптар көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган бекітетін, көмірсутектерді барлау мен өндіруді жүргізу кезіндегі консервациялау және жою қағидаларында белгіленеді.
4. Жер қойнауын пайдалану құқығы тоқтатылған жер қойнауы учаскесін консервациялау шеңберінен тыс жүргізілетін, технологиялық объектілерді консервациялау жөніндегі жұмыстарды қаржыландыру осы Кодекстің 107-бабы 4-тармағының 2) тармақшасында көзделген жағдайда жер қойнауын пайдаланушының қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану салдарын жою шеңберінен тыс жүргізілетін технологиялық объектілерді жою жөніндегі жұмыстарды қаржыландыру жер қойнауын пайдаланушының қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
129-бап. Жер қойнауын пайдаланушылардың көмірсутектерді өндіру кезеңі ішіндегі оқыту, ғылым және өңірді әлеуметтік-экономикалық дамыту саласындағы міндеттемелері
1. Өндіру кезеңі ішінде, екінші жылдан бастап жер қойнауын пайдаланушы жыл сайын:
1) көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган білім беру саласындағы уәкілетті органмен бірлесе отырып бекітетін тәртіппен алдыңғы жылдың қорытындылары бойынша жер қойнауын пайдаланушының көмірсутектерді өндіру кезеңінде өндіру үшін шеккен шығындарының бір пайызы мөлшерінде қазақстандық кадрларды оқытуды қаржыландыруды жүзеге асыруға;
2) көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган ғылым саласындағы уәкілетті органмен бірлесе отырып бекітетін тәртіппен алдыңғы жылдың қорытындылары бойынша жер қойнауын пайдаланушының көмірсутектерді өндіру кезеңінде өндіру үшін шеккен шығындарының бір пайызы мөлшерінде ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және (немесе) тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыруды жүзеге асыруға;
3) алдыңғы жылдың қорытындылары бойынша көмірсутектерді өндіру кезеңінде жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша инвестициялардың бір пайызы мөлшерінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын және оның инфрақұрылымын дамытуды қаржыландыруды жүзеге асыруға міндетті.
2. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын және оның инфрақұрылымын дамыту шығыстарын қаржыландыруға жер қойнауын пайдаланушының өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымы объектілерін дамытуға және қолдауға арналған шығыстары, сондай-ақ осы мақсаттарда оның мемлекеттік бюджетке аударатын қаражаты жатады.
3. Белгіленген минимумнан асатын, осы баптың 1-тармағына сәйкес жүзеге асырылған қаржыландыру көлемі келесі жылы жер қойнауын пайдаланушының тиісті міндеттемелерін орындауы есебінен ескеріледі.
130-бап. Жер қойнауын пайдаланушылардың ішкі нарықты қамтамасыз ету саласындағы міндеттемелері
1. Жер қойнауын пайдаланушылар өнім беру графиктеріне сәйкес ішкі нарықтағы мұнай өнімдеріне қажеттілікті қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы аумағында өңдеу үшін мұнай беруді, ал мұнай өңдеу зауыттары авариялық жағдайға байланысты тоқтап қалған жағдайда, оның шегінен тыс жерде жүзеге асыруға міндетті.
Өнім беру графигін қалыптастыру көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган бекітетін тәртіппен жүзеге асырылады.
2. Жер қойнауын пайдаланушы жеңіл көмірсутектердің өндірілген үлкен фракциясын иеліктен шығаруға не процессингке беруге ниеттенген жағдайда, мұндай иеліктен шығаруды немесе процессингке беруді тек қана өндірістік қуаты Қазақстан Республикасы аумағында орналасқан, сұйытылған мұнай газын өндірушілер жүзеге асыруға тиіс. Cұйытылған мұнай газын өндірушілердің тізбесін көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
Бұл ретте өндірістік қуаты Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан, сұйытылған мұнай газын өндірушілерге иеліктен шығару немесе оны процессингке беру мүмкін болмаған жағдайда, мұндай жер қойнауын пайдаланушы жеңіл көмірсутектердің үлкен фракциясын көмірсутектер саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерге өткізуді жүзеге асыруға құқылы.
3. Осы баптың мақсаттары үшін жеңіл көмірсутектердің үлкен фракциясы ретінде жеңіл (метан, этан, пропан, бутандар мен пентандар) және құрауыштарының сапалық және сандық құрамы бойынша ұлттық стандарттар талаптарына жауап беретін, тасымалдау және сақтау мақсатында сұйық күйге ауыстырылған біршама ауыр көмірсутектердің қоспасы түсініледі.
131-бап. Көмірсутектерді барлау және өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу
1. Көмірсутектерді барлау немесе өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу, оның ішінде мердігерлердің сатып алуы мынадай:
1) ашық конкурс;
2) бір көзден сатып алу;
3) төмендетуге бағытталған ашық конкурс (электрондық сауда-саттық);
4) тауар биржаларында сатып алу;
5) осы тармақта көрсетілген тәсілдерді қолданбай тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу тәсілдерінің бірі арқылы жүзеге асырылады.
Көмірсутектерді барлау немесе өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде жер қойнауын пайдаланушы пайдаланатын тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алу осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген тәсілдер мен жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарлардың, жұмыстардың және көрсетілетін қызметтердің және оларды өндірушілердің тізбесі немесе интернеттің қазақстандық сегментінде орналастырылған, жұмысы осындай тізілім жұмысымен үйлестірілген, электрондық сатып алудың өзге де жүйесін міндетті қолдану арқылы жүргізіледі.
Тауарларды тауар биржалары арқылы сатып алу Қазақстан Республикасының тауар биржалары туралы заңнамасына сәйкес бекітілетін биржалық тауарлар тізбесі және тауар биржалары арқылы өткізілетін, ұсынылатын тауарлар партияларының ең төмен мөлшері бойынша жүзеге асырылады.
131-баптың 1-тармағының төртінші және бесінші бөліктері 2022 ж. 1 қаңтарға дейін 277-баптың 13-тармағының редакциясында қолданылады
Жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу бойынша конкурсты ұйымдастырушы конкурс жеңімпазын айқындау кезінде конкурсқа қатысушылардың - жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің қазақстандық берушілерінің конкурстық өтінімінің бағасын шартты түрде жиырма пайызға азайтады. Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту және халықтың көші-қоны туралы заңнамасына сәйкес корпоративішілік ауыстыру шеңберінде Қазақстан Республикасының аумағында еңбек қызметін жүзеге асыратын менеджерлер мен мамандар санын есепке алмағанда, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған, Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан, қызметкерлерінің жалпы санының кемінде тоқсан бес пайызы Қазақстан Республикасының азаматтары болатын дара кәсіпкерлер және (немесе) заңды тұлғалар жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің қазақстандық берушілері болып танылады.
Бұл ретте Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту және халықтың көші-қоны туралы заңнамасына сәйкес корпоративішілік ауыстыру шеңберінде Қазақстан Республикасының аумағында еңбек қызметін жүзеге асыратын шетелдік басшылар, менеджерлер мен мамандардың саны әрбір тиісті санат бойынша басшылардың, менеджерлер мен мамандардың жалпы санының елу пайызынан көп болмауға тиіс.
Жер қойнауын пайдаланушылардың және олардың мердігерлерінің көмірсутектерді барлау немесе өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алу тәртібін көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
Жер қойнауын пайдаланушылар және (немесе) оның мердігерлері көмірсутектерді барлау немесе өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алудың белгіленген тәртібін бұзғаны үшін жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта көзделген жауаптылықта болады.
2. Көмірсутектерге қатысты электрондық сатып алу жүйелерінің жұмысын жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің және оларды өндірушілер тізілімінің жұмысымен үйлестіру тәртібін көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
3. Осы баптың мақсаттары үшін:
1) жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің және оларды өндірушілердің тізілімі деп жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуды және олардың өндірушілерін бақылауға және мониторингтеуге, сондай-ақ электрондық сатып алуды жүргізу және жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің тізбесін қалыптастыруға арналған мемлекеттік ақпараттық жүйе түсініледі;
2) электрондық сатып алу жүйесі деп көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган бекітетін, көмірсутектерді барлау немесе өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу тәртібіне сәйкес тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу үшін сатып алуды ұйымдастырушылар (жер қойнауын пайдаланушы немесе жер қойнауын пайдаланушылар уәкілеттік берген тұлғалар) пайдаланатын электрондық ақпараттық жүйе түсініледі.
4. Көмірсутектерге қатысты қазақстандық кадрларды және өндірушілерді қолдау саласындағы операторды көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган айқындайды және оператор:
1) жер қойнауын пайдаланушылардың қазақстандық өндірушілерден тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу, қазақстандық кадрларды тарту, қазақстандық кадрларды оқыту, ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және (немесе) тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру, сондай-ақ көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді жер қойнауын пайдаланушылардың және олардың мердігерлерінің сатып алуы бойынша міндеттемелерін орындауына мониторингті;
2) көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің және оларды өндірушілердің тізіліміне енгізу үшін оларды бағалау өлшемшарттарын қоса алғанда, аталған тізілімді жасауды және жүргізуді жүзеге асырады.
5. Көмірсутектерге қатысты қазақстандық кадрларды және өндірушілерді қолдау саласындағы оператор дауыс беретін акцияларының елу және одан да көп пайызы (қатысу үлестері) мемлекетке тиесілі, көмірсутектер саласындағы уәкілетті органның қарамағындағы заңды тұлға болып табылады, ал акцияларының (жарғылық капиталындағы қатысу үлестерінің) мемлекеттік пакетіне иелік ету және пайдалану құқығын көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.
6. Жер қойнауын пайдаланушылар көмірсутектер саласындағы уәкілетті органға тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алудың жылдық (бір қаржы жылына арналған) және орта мерзімді (бес қаржы жылына арналған) бағдарламаларын, сондай-ақ осы Кодекстің 6-тарауына сәйкес жер қойнауын пайдаланушы операторды тартқан кезде оператордың ақылы қызметтер көрсетуі жоспарланатын сатып алу туралы ақпаратты көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган өзі бекітетін тәртіппен ұсынуға міндетті.
Тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алудың жылдық бағдарламасы деп жер қойнауын пайдаланушы жасайтын, жер қойнауын пайдаланушы күнтізбелік бір жылға жоспарлайтын тауарлардың, жұмыстардың және көрсетілетін қызметтердің номенклатурасы мен көлемін, оларды сатып алу тәсілдері мен мерзімдерін айқындайтын құжат түсініледі.
Тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алудың орта мерзімді бағдарламасы деп жер қойнауын пайдаланушы жасайтын, ол бес жылға дейінгі мерзімге жоспарлайтын тауарлардың, жұмыстардың және көрсетілетін қызметтердің номенклатурасы мен көлемін, оларды сатып алу тәсілдері мен мерзімдерін айқындайтын құжат түсініледі.
Оператордың жоспарланатын қызметтер көрсетуін сатып алу туралы ақпарат деп жер қойнауын пайдаланушы жасайтын, оператордың ақылы негізде ұсынатын қызметтер көрсетуінің көлемі мен мерзімдерін айқындайтын құжат түсініледі.
7. Осы баптың 1-тармағының талаптары:
1) Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алатын жер қойнауын пайдаланушыларға;
2) жер қойнауын пайдалану құқығы бар, дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызына ұлттық басқару холдинг тікелей немесе жанама түрде иелік ететін заңды тұлғаларға қолданылмайды.
132-бап. Жер қойнауын пайдаланушының көмірсутектерді барлауды және өндіруді жүргізуі кезіндегі есептілігі
Жер қойнауын пайдаланушы көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша мынадай есептерді:
1) геологиялық есепті;
2) лицензиялық-келісімшарттық талаптарды орындау туралы есепті;
3) сатып алынған тауарлар, жұмыстар және көрсетілетін қызметтер туралы, сондай-ақ олардағы жергілікті қамту көлемі туралы есепті;
4) кадрлардағы жергілікті қамту көлемі туралы есепті;
5) қазақстандық кадрларды оқытуды қаржыландыру бойынша шығыстар туралы есепті;
6) ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға арналған шығыстар туралы есепті;
7) жер қойнауын пайдаланушыны тікелей немесе жанама түрде бақылайтын тұлғалар және (немесе) ұйымдар құрамы туралы есепті беруге міндетті.
Осы баптың 1) тармақшасында көзделген есеп жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органға оның өзі бекітетін тәртіппен ұсынылады.
Осы баптың 2) тармақшасында көзделген есеп құзыретті органға оның өзі бекітетін тәртіппен ұсынылады.
Осы баптың 3) - 7) тармақшаларында көзделген есептер көмірсутектер саласындағы уәкілетті органға оның өзі бекітетін нысандарда және тәртіппен ұсынылады.
133-бап. Жер қойнауын пайдаланушылардың жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттардың талаптарын бұзғаны үшін жауаптылық
1. Жер қойнауын пайдаланушының жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта көзделген міндеттемелерін бұзғаны үшін жауаптылықтың мынадай түрлері көзделеді:
1) жер қойнауын пайдаланушының жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта белгіленген жағдайларда, тәртіппен және мөлшерде төлейтін тұрақсыздық айыбы;
2) осы Кодекстің 106-бабында көзделген жағдайларда және тәртіппен жүзеге асырылатын, құзыретті органның жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданысын бір жақты тәртіппен мерзімінен бұрын тоқтатуы.
Бұл ретте тұрақсыздық айыбын төлеу жер қойнауын пайдаланушыны тиісті міндеттемелерін орындаудан босатпайды.
2. Құзыретті орган жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт талаптарының жол берілген бұзушылықтары туралы, сондай-ақ белгіленген мерзімде оның тұрақсыздық айыбын төлеу және (немесе) осындай бұзушылықты жою жөніндегі міндеттері туралы мынадай:
1) жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта белгіленген қаржылық міндеттемелерді жер қойнауын пайдаланушы есепті жыл үшін отыз пайыздан кем орындаған;
2) қамтамасыз ету мөлшерін қалыптастырудың белгіленген графигіне сәйкес қамтамасыз етуді ұсынбай не графикті бұза отырып жер бетінің тұтастығын бұзумен байланысты көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялар жүргізген;
3) жер қойнауын пайдаланушының жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта белгіленген міндеттемелерін бұзған өзге де жағдайларда жер қойнауын пайдаланушыны жазбаша хабардар етеді.
3. Жер қойнауын пайдаланушының келісімшарт талаптарын бұзушылықтарды жою мерзімі міндеттемелердің физикалық көлемі бойынша жазбаша хабарлама алынған күннен бастап - алты айдан, осы баптың 2-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көзделген міндеттемелер бойынша - үш айдан, жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта көзделген өзге де міндеттемелер бойынша бір айдан аспауға тиіс.
4. Жер қойнауын пайдаланушы жол берілген бұзушылықтарды хабарламада көрсетілген мерзімде жоюға және бұл туралы құзыретті органға жоюды растайтын құжаттарды қоса бере отырып жазбаша хабарлауға міндетті.
5. Жер қойнауын пайдаланушы құзыретті органға жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта көзделген міндеттемелерді бұзушылықтарды жою мерзімін ұзартудың себептерін негіздей отырып, осындай ұзарту туралы ұсыныс жіберуге құқылы. Жол берілген бұзушылықтарды жою мерзімін ұзарту туралы ұсынысты қарау нәтижелері бойынша құзыретті орган оны алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде жер қойнауын пайдаланушыны мерзімді ұзартуға келісетіні туралы хабардар етеді немесе мұндай ұзартудан уәжді бас тартуын ұсынады.
6. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта көзделген міндеттемелердің бұзушылықтарын осы баптың 3-тармағында айқындалған мерзімде жою анық мүмкін болмаған жағдайда, құзыретті орган осындай бұзушылықты жою мүмкін болатын өзге мерзімді белгілеуге құқылы.
19-тарау. Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану саласындағы жобалау құжаттары
134-бап. Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану саласындағы жобалау құжаттары туралы жалпы ережелер
1. Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялар мынадай жобалау құжаттарына сәйкес жүзеге асырылады:
1) базалық жобалау құжаттары:
барлау жұмыстарының жобасы;
сынамалап пайдалану жобасы;
көмірсутек кен орнын әзірлеудің жобасы;
2) тізбесі жер қойнауын ұтымды және кешенді пайдалану жөніндегі бірыңғай қағидаларда белгіленетін техникалық жобалау құжаттары.
2. Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану саласындағы жобалау құжаттарын жер қойнауын пайдаланушы тартқан, тиісті қызмет түріне лицензиясы бар ұйым жасайды.
3. Жобалау құжаттары жер қойнауын пайдаланудың оң практикасы негізінде жер қойнауын ұтымды және кешенді пайдаланудың бірыңғай қағидаларына сәйкес әзірленеді.
4. Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану саласындағы жобалау құжаттарын жер қойнауын пайдаланушы бекітеді.
5. Жобалау құжаттарында көзделген жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу түрлерін, тәсілдерін, технологияларын, көлемін және мерзімін өзгертуге осындай жобалау құжаттарына тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізілгеннен кейін рұқсат етіледі.
6. Жер қойнауын ұтымды және кешенді пайдалану жөніндегі бірыңғай қағидаларда жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу түрлерін, тәсілдерін, технологияларын, көлемін және мерзімін өзгерту жобалау құжаттарына тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізуді талап етпейтін жағдайлар белгіленеді.
7. Жобалау құжаттарында жер қойнауы учаскесінің (учаскелерінің) шегінен тыс жатқан табылған кенжатынның болжамды контурлары белгіленуі мүмкін.
8. Жер қойнауын пайдаланушы осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген сараптамалардың оң қорытындыларын алған жобалау құжаттарының ережелерін сақтауға міндетті.
135-бап. Барлау жұмыстарының жобасы
1. Барлау жұмыстарының жобасы барлау мен өндіруге арналған келісімшарт тіркелген күннен бастап бір жыл ішінде жасалады.
2. Барлау жұмыстарының жобасы барлаудың бүкіл кезеңіне жасалады.
3. Барлау жұмыстарының жобасында:
әрбір блок бойынша көмірсутектерді барлау жөніндегі жұмыстарды орындау түрлерінің, тәсілдерінің, технологияларының, көлемі мен мерзімдерінің сипаттамасы;
жер қойнауын ұтымды пайдалану мен қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар;
көмірсутектерді барлаудың салдарын жою жөніндегі жұмыстарды орындаудың мерзімдері, шарттары мен құны туралы ақпарат қамтылуға тиіс.
4. Барлау жұмыстарының жобасы жер қойнауын пайдаланушы жұмыс бағдарламасында мәлімдеген жұмыстардың толық көлемі мен оларды орындау мерзімдерін қамтуға тиіс.
5. Табылған кенжатынды (кенжатындар жиынтығын) бағалауды жүргізу қажет болған жағдайда, мұндай жұмыстар әрбір табылған кенжатынға (кенжатындар жиынтығына) өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу арқылы барлау жұмыстары жобасында көзделеді.
Бұл ретте барлау жұмыстарының жобасына табылған кенжатынды (кенжатындар жиынтығын) бағалау бойынша жұмыстарды жүргізу түрлерінің, тәсілдерінің, технологияларының, көлемі мен мерзімдерінің сипаттамасы кіреді.
6. Жер қойнауын пайдаланушы бекіткен және осы Кодекс пен Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген сараптамалардың оң қорытындыларын алған барлау жұмыстарының жобасында көрсетілмеген, сондай-ақ осындай барлау жұмыстарының жобасы болмаған кезде кен орындарын іздестіру, барлау және бағалау жөніндегі жұмыстарды жүргізуге тыйым салынады.
136-бап. Сынамалап пайдалану жобасы
1. Барлау кезеңінде табылған көмірсутек кенжатынды (кенжатындар жиынтығын) сынамалап пайдалану сынамалап пайдалану жобасына сәйкес жүргізілуге тиіс.
Сынамалап пайдалану бойынша жұмыстар жүргізуге жер қойнауын пайдаланушы бекіткен және осы Кодекс пен Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген сараптамалардың оң қорытындысын алған сынамалап пайдалану жобасында көрсетілмеген, сондай-ақ осындай сынамалап пайдалану жобасы болмаған кезде тыйым салынады.
2. Жер қойнауын пайдаланушы сынамалап пайдалануды жүргізу туралы шешім қабылдаған күннен бастап үш ай ішінде сынамалап пайдалану жобасы жасалады.
3. Сынамалап пайдалану жобасында сынамалап пайдалану түрлерінің, әдістерінің, тәсілдерінің және технологияларының сипаттамасы, сондай-ақ сынамалап пайдалану ішінде көмірсутекті өндірудің болжамды көлемі қамтылуға тиіс.
4. Жер қойнауын пайдаланушы сынамалап пайдалануды жүргізу қажеттігі туралы шешім қабылдаған жағдайда сынамалап пайдалану жобасы сынамалап пайдалануға жататын әрбір табылған кенжатын (кенжатындар жиынтығы) бойынша әзірленеді және бекітіледі.
5. Жүргізу қажеттілігі сынамалап пайдалану процесінде анықталатын кез келген өзгерістер мен қосымша жұмыстар тиісті өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу арқылы сынамалап пайдалану жобасына енгізілуге тиіс.
137-бап. Көмірсутектер кен орнын әзірлеу жобасы
1. Кен орнын әзірлеу жобасы осы Кодексте көзделген талаптарға сәйкес барлау кезеңінде немесе дайындық кезеңінде жасалады.
2. Кен орнын әзірлеу жобасы осындай кен орнындағы көмірсутекті рентабельді өндірудің бүкіл кезеңіне жасалады.
3. Кен орнын әзірлеу жобасында кен орнын өнеркәсіптік әзірлеу түрлерінің, тәсілдерінің, технологияларының, көлемі мен мерзімдерінің сипаттамасы қамтылуға тиіс.
4. Кен орнын әзірлеу жөніндегі жұмыстардың шарттарын, түрлерін және көлемдерін өзгерту қажет болған жағдайда, осындай өзгерістер әзірлеу жобасына өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу арқылы қосылуға жатады.
5. Жер қойнауын пайдаланушы бекіткен және осы Кодекс пен Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген сараптамалардың оң қорытындысын алған кен орнын әзірлеу жобасында көрсетілмеген, сондай-ақ мұндай жоба болмаған кезде көмірсутектерді өндіру жөніндегі жұмыстарды жүргізуге тыйым салынады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің ережесі сынамалап пайдалану процесінде жүзеге асырылатын көмірсутектерді өндіру жөніндегі операцияларға қолданылмайды.
138-бап. Техникалық жобалау құжаттары
1. Техникалық жобалау құжаттары барлау жұмыстарының жобасы, сынамалап пайдалану жобасы немесе кен орнын әзірлеу жобасы негізінде жасалады.
2. Барлау жұмыстарының жобасына, сынамалап пайдалану жобасына немесе кен орнын әзірлеу жобасына енгізілетін, олардың негізінде жасалған техникалық жобалау құжаттарының өлшемдеріне әсер ететін өзгерістер және (немесе) толықтырулар тиісті техникалық жобалау құжаттарына өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу қажеттілігіне алып келеді.
3. Көмірсутектерді барлау салдарын жою жобасы барлау жұмыстарының жобасымен бір мезгілде жасалады. Жер қойнауын пайдаланушы барлау жұмыстарының жобасына өзгерістер енгізген жағдайда, жою құнының шамамен алғандағы есебіне өзгерістерді қоса алғанда, көмірсутектерді барлау салдарын жою жобасына өзгерістер енгізуге міндетті.
4. Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану салдарын жою жобасы жер қойнауы учаскесінің және жойылуға жататын тиісті технологиялық объектілердің іс жүзіндегі жай-күйі негізге алынып жасалады.
5. Жер қойнауын пайдаланушы бекіткен және осы Кодекс пен Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген сараптамалардың оң қорытындыларын алған техникалық жобалау құжатынсыз жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізуге тыйым салынады.
139-бап. Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану саласындағы жобалау құжаттарының сараптамалары
1. Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану саласындағы жобалау құжаттары Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасына сәйкес жүргізілетін мемлекеттік экологиялық сараптамаға жатады.