Жоғары білім алуға ақы төлеу үшін білім беру грантын беру ережесін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 23 қаңтардағы № 58 Қаулысы
(2018.13.06. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
Осы редакция 2019 жылғы 7 ақпанда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
ҚР Үкіметінің 2012.30.03. № 390 Қаулысымен тақырыбы жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
«Білім туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі Заңын орындау үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
ҚР Үкіметінің 2012.30.03. № 390 Қаулысымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Қоса беріліп отырған Жоғары білім алуға ақы төлеу үшін білім беру грантын беру ережесі бекітілсін.
2. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.
3. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | К. Мәсімов |
ҚР Үкіметінің 2018.13.06. № 345 Қаулысымен ереже жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
Қазақстан Республикасы Үкіметінің
2008 жылғы 23 қаңтардағы
№ 58 қаулысымен
бекітілген
Жоғары білім алуға ақы төлеу үшін білім беру грантын беру
қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Жоғары білім алуға ақы төлеу үшін білім беру грантын беру туралы қағидалар (бұдан әрі - Қағидалар) «Білім туралы» 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабының 5) тармақшасына сәйкес әзірленген және жоғары білім алуға ақы төлеу үшін білім беру грантын берудің тәртібін айқындайды.
2. Осы Ережелерде мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) білім беру гранты - жоғары білім алуға ақы төлеу үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген шарттармен білім алушыға берілетін ақшаның нысаналы сомасы;
2) білім беру саласындағы уәкілетті орган - білім беру саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органы;
3) республикалық конкурстық комиссия - білім беру гранттарын беру жөніндегі конкурсты өткізу үшін білім беру саласындағы уәкілетті орган құратын комиссия (бұдан әрі - республикалық комиссия);
4) жергілікті атқарушы органдардың конкурстық комиссиясы - жергілікті бюджет қаражаты есебінен білім беру гранттарын беру жөніндегі конкурсты өткізу үшін жергілікті атқарушы органдар құратын комиссия (бұдан әрі - ЖАО комиссиясы).
2. Жоғары білім алуға ақы төлеу үшін республикалық бюджет қаражаты есебінен білім беру грантын беру тәртібі
3. Білім беру грантын беру жөніндегі конкурсты білім беру саласындағы уәкілетті орган құратын республикалық комиссия өткізеді.
4. Республикалық комиссия білім беру саласындағы уәкілетті органның, басқа да мүдделі мемлекеттік органдар мен ведомстволардың қызметкерлері, азаматтық қоғам институттарының, «Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері, жоғары оқу орындарының (бұдан әрі - ЖОО) басшылары қатарынан қалыптастырылады.
Республикалық комиссияның төрағасы білім беру саласындағы уәкілетті органның басшысы немесе оның міндетін атқаратын тұлға болып табылады.
Республикалық комиссия мүшелерінің саны тақ санды құрауы тиіс. Республикалық комиссияның отырысы оның құрамының кемінде үштен екісі болған кезде заңды деп есептеледі және 27 шілде мен 5 тамыз аралығында өткізіледі.
5. Республикалық бюджет қаражаты есебінен білім беру гранттары талапкерлер өтініш білдірген нақты мамандықтар, тіл бөлімдері мен оқу нысандары бойынша мамандықтар кезектілігіне сәйкес білім беру грантын беру туралы куәлікті берумен қоса ұлттық бірыңғай тестілеу (бұдан әрі - ҰБТ) немесе кешенді тестілеу (бұдан әрі - КТ) сертификаттарының балдарына сәйкес конкурстық негізде беріледі.
Білім беру грантын беру конкурсында Қазақстан тарихы, математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы (оқыту тілі), екі бейіндік пән бойынша балдар ескеріледі.
Шығармашылық даярлықты талап ететін мамандықтарға түсушілер үшін білім беру грантын беру конкурсында Қазақстан тарихы, оқу сауаттылығы (оқыту тілі) және екі шығармашылық емтиханның нәтижелері ескеріледі.
Шығармашылық емтихандар тапсыруды талап ететін мамандықтарға түсушілерді қоспағанда, ұқсас мамандықтар, қысқартылған білім беру бағдарламалары бойынша түсушілер үшін білім беру грантын беруге арналған конкурста жалпы бейіндік пән және бейіндік пән бойынша балдар ескеріледі.
Ұқсас мамандықтар, қысқартылған білім беру бағдарламалары бойынша шығармашылық мамандықтарға түсушілер үшін білім беру грантын беруге арналған конкурста бейіндік пән бойынша балдар және шығармашылық емтихан нәтижесі ескеріледі.
6. Білім беру грантын беруге арналған конкурсқа қатысу үшін азамат ЖОО-ның қабылдау комиссиясына белгіленген үлгідегі бланкіде өтінішті, білімі туралы құжатты (түпнұсқа), ҰБТ немесе КТ сертификатын, 3x4 көлеміндегі екі фотосуретті, 086-У нысаны бойынша медициналық анықтаманы, сондай-ақ жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін тапсырады.
Мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде ЖОО-ның тілдік дайындықты күшейтуге арналған дайындық бөлімдерін аяқтаған адамдар ЖОО-ның ректоры қол қойған аяқтағаны туралы транскрипті ұсынады.
Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының білім туралы құжаттары бар, біліктілігін растаған және мамандығы бойынша кемінде бір жыл жұмыс өтілі бар адамдар қосымша мына құжаттардың біреуін тапсырады:
1) еңбек кітапшасы;
2) жұмыс беруші қол қойған, ұйымның мөрімен расталған қызметтік тізім (жұмыскердің жұмысы, еңбек қызметі туралы мәліметтер тізбесі) (болған кезде);
3) жұмыскердің еңбек қызметі туралы мәліметтер қамтылған архивтік анықтама, сондай-ақ аударылған міндетті зейнетақы жарналары туралы бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан үзінді көшірме және жүргізілген әлеуметтік аударымдар туралы Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан мәліметтер.
Білім беру грантын беруге арналған конкурсқа қатысу үшін азамат өтініште өзі таңдаған мамандық пен ЖОО-ны көрсетеді.
Бейіндік пәндер сәйкес келген жағдайда азамат төрт мамандықты көрсете алады.
Республикалық бюджет қаражаты есебінен білім беру грантын алуға арналған конкурсқа қатысу үшін өтініштер 18 - 26 шілде аралығында қабылданады.
7. Осы Қағидалардың 12-тармағында көрсетілген білім беру грантын алуға басым құқығы бар азаматтар ЖОО-ның қабылдау комиссиясына аталған құқықты растайтын құжатты тапсырады.
8. Шет тілінде берілген құжаттардың қазақ немесе орыс тілдеріндегі нотариат куәландырған аудармасы болуы тиіс.
Шетелдік білім беру ұйымдары берген білім туралы құжаттар заңнамада белгіленген тәртіппен танылуы немесе нострификатталуы тиіс.
9. Бірінші және екінші топтағы мүгедек азаматтар, мүгедек балалар, сондай-ақ бала кезден мүгедектер ЖОО-ның қабылдау комиссиясына таңдаған мамандығы бойынша оқу үшін теріс көрсеткіштің жоқтығы туралы медициналық қорытындыны ұсынады.
10. Конкурсқа қатысу үшін ұлттық ЖОО-ға түсуге, шығармашылық емтихандар тапсыруды талап ететін мамандықтарға түсушілерді қоспағанда, тестілеу нәтижелері бойынша - кемінде 65 балл, «Білім беру», «Ауыл шаруашылығы ғылымдары» және «Ветеринария» мамандықтары топтары бойынша - кемінде 60 балл, басқа ЖОО-ға - кемінде 50 балл, «Жалпы медицина» мамандығы бойынша - кемінде 65 балл, оның ішінде Қазақстан тарихы, математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы - оқыту тілі бойынша - кемінде 5 балл және әр бейіндік пәннен кемінде 5 балл жинау қажет.
Шығармашылық емтихандар тапсыруды талап ететін мамандықтар бойынша конкурсқа қатысу үшін ұлттық ЖОО-ға түсуге тестілеу және шығармашылық емтихан нәтижелері бойынша - кемінде 65 балл, ал «Білім беру» мамандықтарының тобы бойынша - кемінде 60 балл, басқа ЖОО-ға - кемінде 50 балл, оның ішінде Қазақстан тарихы, оқу сауаттылығы - оқыту тілі бойынша - кемінде 5 балл және әрбір шығармашылық емтихан бойынша - кемінде 5 балл жинау қажет.
Шығармашылық емтихандар тапсыруды талап ететін мамандықтарға түсушілерді қоспағанда, жеделдетілген оқу мерзімімен қысқартылған білім беру бағдарламалары бойынша ұқсас мамандықтарға түсушілерге конкурсқа қатысу үшін тестілеу нәтижелері бойынша - кемінде 25 балл, оның ішінде жалпы бейіндік пән бойынша - кемінде 5 балл және бейіндік пән бойынша - кемінде 5 балл жинау қажет.
Шығармашылық емтихандар тапсыруды талап ететін мамандықтарға жеделдетілген оқу мерзімімен қысқартылған білім беру бағдарламалары бойынша ұқсас мамандықтарға түсушілерге конкурсқа қатысу үшін тестілеу және шығармашылық емтихан нәтижелері бойынша - кемінде 25 балл, оның ішінде шығармашылық емтихан бойынша - кемінде 5 балл және бейіндік пән бойынша - кемінде 5 балл жинау қажет.
11. Шығармашылық мамандықтарды таңдаған талапкерлер білім беру грантын беруге арналған конкурсқа бір мамандық бойынша қатысады және шығармашылық емтихан тапсырған ЖОО-ны ғана көрсетеді.
Педагогикалық мамандықтарды таңдаған және арнайы емтиханнан «өткен» талапкерлер білім беру грантын беруге арналған конкурсқа арнайы емтиханды тапсыру орнына қарамастан, бейіндік пәндерге сәйкес төрт ЖОО және төрт мамандық бойынша қатысуға құқылы.
12. Бiлiм беру гранттарын алуға, сондай-ақ жоғары бiлiмдi кадрлар даярлауға мемлекеттiк білім беру тапсырысы бойынша бiлiм алушылардың құрамына қабылдауға арналған конкурсты өткiзу кезiнде балдары тең болған жағдайда мынадай кезектілік бойынша:
1) «Алтын белгi» белгiсімен марапатталған адамдар;
2) техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының білім туралы құжаттары бар, біліктілігін растаған және мамандығы бойынша кемінде бір жыл жұмыс өтілі бар адамдар;
3) тiзбесiн бiлiм беру саласындағы уәкiлеттi орган айқындайтын жалпы бiлiм беретiн пәндер бойынша халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарының (ғылыми жарыстардың) (бiрiншi, екiншi және үшiншi дәрежелi дипломдармен марапатталған), орындаушылардың халықаралық және республикалық конкурстарының және спорттық жарыстардың (бiрiншi, екiншi және үшiншi дәрежелi дипломдармен марапатталған) соңғы үш жылдағы жеңiмпаздарының, сондай-ақ өздерi таңдаған мамандықтар олимпиадалардың, конкурстың немесе спорттық жарыстың пәнiне сәйкес келген жағдайда, жалпы бiлiм беретiн пәндер бойынша ағымдағы оқу жылында президенттік, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарының (бiрiншi, екiншi және үшiншi дәрежелi дипломдармен марапатталған) жеңiмпаздары;
4) жетiм балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың, сондай-ақ кәмелетке толғанға дейін ата-аналарынан айырылған немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жастар қатарындағы Қазақстан Республикасы азаматтарының, бірінші және екінші топтардағы мүгедектердің, жеңілдіктері мен кепілдіктері бойынша Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілген адамдардың, медициналық қорытындыға сәйкес тиісті білім беру ұйымдарында оқуға қарсы көрсетілімдер жоқ бала кезінен мүгедектердің, мүгедек балалардың және үздік білімі туралы құжаттары (куәліктері, аттестаттары, дипломдары) бар адамдар басым құқыққа ие.
Бұл ретте балдардың көрсеткіштері бірдей болған жағдайда білім беру гранттары аттестаттың, куәліктің немесе дипломның жоғары орташа балдары бар адамдарға беріледі.
Балдардың көрсеткіштері бірдей болған жағдайда, сондай-ақ аттестаттың, куәліктің немесе дипломның орташа балдары бірдей болғанда бейіндік пән бойынша алған балдары ескеріледі.
13. Балдардың көрсеткіштері бірдей болған жағдайда және басым құқығы болмаған кезде білім беру гранттары аттестаттың, куәліктің немесе дипломның орташа балдары жоғары адамдарға беріледі.
Балдардың көрсеткіштері бірдей және басым құқығы болмаған кезде, сондай-ақ аттестаттың, куәліктің немесе дипломның орташа балы бірдей болғанда бейіндік пәндер бойынша алған балдары ескеріледі.
14. Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдар, бірінші және екінші топтағы мүгедектер, бала кезінен мүгедектер, мүгедек балалар, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар үшін, сондай-ақ кәмелетке толғанға дейін ата-анасынан айырылған немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жастар қатарындағы Қазақстан Республикасының азаматтары, жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілген адамдар үшін конкурс көрсетілген санаттар арасында бекітілген мемлекеттік білім беру тапсырысының жалпы көлемінен бекітілген квоталар бойынша өткізіледі.
Білім беру грантын алуға арналған конкурсқа қатысушы адамдар үшін бекітілген қабылдау квотасы барлық өтініш білдірілген мамандықтарға қолданылады.
Мамандықтар топтарында квоталар бойынша білім беру гранттарының саны оқу нысаны бойынша белгіленеді. Егер квота бөлінген мамандықтар тобында шығармашылық емтиханы бар мамандықтар болған жағдайда, білім беру грантын тағайындаған кезде қатысушының үтірден кейінгі бір белгіге дейін дөңгелектелген максималды мүмкін балына пайыздық қатынаста ҰБТ немесе КТ тестілеу нәтижесі салыстырылатын болады.
Балдардың көрсеткіштері бірдей болған жағдайда білім беру гранттары аттестаттың, куәліктің немесе дипломның орташа балы жоғары адамдарға беріледі.
Аттестаттың, куәліктің немесе дипломның орташа балы бірдей болған жағдайда бейіндік пәндер немесе шығармашылық емтихандар бойынша алған балдары ескеріледі.
15. Ауыл жастары арасынан шыққан азаматтар үшін квота белгіленген мамандықтар бойынша конкурс мынадай түрде өтеді: осы мамандықтар мен оқыту тілі бойынша гранттардың жалпы санының 70 пайызы жалпы конкурс тәртібімен беріледі, ал гранттардың қалған 30 пайызына конкурс тек ауыл жастары арасынан шыққан азаматтар үшін өткізіледі.
16. «5В011000-Физика», «5В011200-Химия», «5В011300-Биология» және «5В011100-Информатика» педагогикалық мамандықтары бойынша білім беру грантына арналған конкурсқа тілдік дайындығын күшейту үшін мемлекеттік білім беру тапсырысының негізінде ЖОО-лардың дайындық бөлімін бітірген адамдар, ҰБТ мен КТ-ны ағылшын тілінде тапсырған адамдар қатысады.
Бұл ретте тілдік дайындығын күшейту үшін мемлекеттік білім беру тапсырысының негізінде ЖОО-лардың дайындық бөлімін бітірген адамдар жоғары балдың 50 пайызынан төмен емес шекті балмен шет тілін (ағылшын) білуге арналған кешенді тестілеу мен тестілеуді тапсырады.
Шет (ағылшын) тілі білімін тестілеуді базалық ЖОО-ларда 12 шілдеге дейін Ұлттық тестілеу орталығы (бұдан әрі - ҰТО) өткізеді.
Көрсетілген санаттарға арналған конкурс өткізілгеннен кейін қалған білім беру гранттары «Білім беру», «Жаратылыстану ғылымдары», «Техникалық ғылым және технологиялар», «Ауыл шаруашылығы ғылымдары», «Ветеринария», «Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру» дайындық бағыттары бойынша 1 немесе 2-курсты бітірген адамдарға және жоғарыда көрсетілген педагогикалық мамандықтар бойынша оқуды жалғастыруға ниет білдіргендерге беріледі.
Конкурсқа қатысу үшін шет тілін меңгергенін растайтын сертификаты: Test of English as a Foreign Language Institutional Testing Programm (TOEFL ITP - кемінде 460 балл), Test of English as a Foreign Language Institutional Testing Programm Internet-based Test (TOEFL IBT, шекті балл - кемінде 59), (TOEFL, шекті балл - кемінде 500 балл ), International English Language Tests System (IELTS, шекті балл - кемінде 5.0), үлгерімінің орташа балы кемінде 2,67 балл GPA (Grade Point Average - Грейт Поинт Эверейдж) болуы тиіс.
Білім беру гранттарын беру жазғы демалыс кезеңінде 1 немесе 2-курстың білім беру бағдарламасын табысты аяқтағаннан кейін мынадай тәртіппен жүзеге асырылады:
1) «Білім беру», «Жаратылыстану ғылымдары», «Техникалық ғылым және технологиялар», «Ауыл шаруашылығы ғылымдары» және «Ветеринария», «Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру» дайындық бағыттары бойынша меншік нысанына қарамастан ЖОО-лардың ақылы негізінде білім алушылары мамандықты және ЖОО-ны көрсете отырып, педагогикалық мамандықтар бойынша мамандардың тілдік дайындығын күшейтуге арналған білім беру гранттарын беру конкурсына қатысу туралы өтініш береді;
2) ЖОО-лар білім алушылар өтініштерінің деректер базасын ҰТО-ға береді;
3) ҰТО шет тілін меңгергенін растайтын сертификаттың балдарына және үлгерімінің орташа балына сәйкес мамандықтар бөлісінде ведомостарды қалыптастырады және республикалық комиссияға жолдайды;
4) республикалық комиссия білім беру грантын шет тілін меңгергенін растайтын сертификаттың балдарына және үлгерімінің орташа балына сәйкес тағайындайды.
Көрсеткіштері бірдей болған жағдайда ағылшын тілін білу сертификатының балы жоғары адамдар басым құқыққа ие болады. Сертификаттардың көрсеткіштері бірдей болған жағдайда GPA үлгерімінің орташа балы, одан кейін аттестаттың балы есептеледі;
5) республикалық комиссияның шешімі негізінде білім беру саласындағы уәкілетті орган 12 тамызға дейін осы тармақта көрсетілген педагогикалық мамандықтар бойынша мамандардың тілдік дайындығын күшейтуге арналған білім беру гранттарын беру туралы бұйрық шығарады;
6) білім беру саласындағы уәкілетті орган бұйрығының негізінде ҰТО осы тармақта көрсетілген педагогикалық мамандықтар бойынша мамандардың тілдік дайындығын күшейтуге арналған білім беру гранттарын беру туралы куәлікті ресімдейді.
Осы тармақта көрсетілген педагогикалық мамандықтар бойынша мамандардың тілдік дайындығын күшейтуге арналған білім беру гранттарын беру туралы куәлік негізінде ЖОО басшысы білім алушылардың аталған ЖОО-да өтініш берген мамандығы бойынша білім беру гранты бойынша оқуын 2 немесе 3-курстан бастап жалғастыру туралы бұйрық шығарады.
Бұл ретте осы тармақта көрсетілген педагогикалық мамандықтар бойынша мамандардың тілдік дайындығын күшейтуге арналған білім беру грантына қабылдау кезінде міндетті құрамдас пәндердегі академиялық айырмашылық түріндегі пререквизиттер курстың жоғалуына әкелмейді және тегін негізде меңгеріледі.
17. Білім беру гранттарын конкурстық тағайындаудан кейін қалған бос білім беру гранттарын республикалық комиссия оқыту нысанына қарамастан, өту балы жоғары мамандықтарға дайындау бағыттарының ішінде осы Қағидалардың 5 және 12-тармақтарында көзделген тәртіппен конкурстық негізде береді.
Халықаралық келісімдер бойынша келген шетелдік адамдарға білім беру гранттарын конкурстық тағайындаудан кейін қалған бос білім беру гранттарын беру жөніндегі шешімді республикалық комиссия қабылдайды.
Резервте көзделген білім беру гранттары республикалық комиссияның шешімімен тағайындалады.
18. Республикалық комиссия шешімінің негізінде білім беру саласындағы уәкілетті органның бұйрығы шығарылады және білім беру грантын беру туралы куәлік ресімделеді.
Білім беру гранты иегерлерінің тізімі бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.
Грант иегері білім беру грантынан бас тартқан жағдайда білім беру грантын беру туралы куәлік уәкілетті органға тапсырылады және күнтізбелік үш күн ішінде күші жойылады.
Білім беру грантын беру туралы куәлік қайтарылмаған жағдайда ЖОО-ның қабылдау комиссиясы күнді және білім беру грантынан бас тартқан адамның деректерін көрсете отырып, оның күшін жою туралы акті жасайды және ЖОО-ның мөрімен бекітілген актіні күнтізбелік үш күн ішінде білім беру саласындағы уәкілетті органға тапсырады.
Босаған білім беру гранттары осы Қағидаларда белгіленген тәртіппен конкурстық негізде тағайындалады.
Білім беру грантын беру туралы куәлікті қабылдау комиссиялары азаматтардың конкурсқа қатысу үшін тапсырған құжаттарымен бірге 12 тамыздан кешіктірмей береді.
19. Жоғары білім алу, оның ішінде «Мәңгілік ел жастары - индустрияға!» бағдарламасы, сондай-ақ оқытудың қысқартылған нысаны бойынша оқу процесінде босаған бос білім беру гранттары оқыту мамандықтарының бөлінісінде конкурстық негізде осы мамандық бойынша ақылы негізде оқитын білім алушыларға беріледі. Конкурс бүкіл оқу кезеңіндегі GPA үлгерімінің орташа балының негізінде аралық аттестаттаудың нәтижелері бойынша өткізіледі және бос білім беру грантын беру туралы куәлік беріледі.
Ашық конкурс туралы хабарландыру ЖОО-ның сайтында (білім беру порталында) мамандықтар мен курс бөлінісінде білім беру гранттарының саны көрсетіліп орналастырылады.
GPA үлгерімнің орташа балының көрсеткіштері бірдей болған жағдайда бүкіл оқу кезеңі ішінде тек қана А, А- («үздік»), содан соң А, А- («үздік») бағаларынан В+, В, В- («жақсы») бағаларына дейін бағалары бар, одан әрі - аралас бағалары бар білім алушылар басым құқыққа ие болады.
20. Жоғары білім алу процесінде босаған бос білім беру гранттарын беру жазғы және қысқы каникул кезеңінде конкурстық негізде бар бос орындарға мынадай тәртіппен жүзеге асырылады:
1) ақылы негізде білім алушы ЖОО басшысының атына одан әрі білім беру гранты бойынша оқуға өтініш береді;
2) ЖОО келіп түскен өтінішті қарап, оны ғылыми кеңестің және байқау/қамқоршылық кеңесінің қарауына шығарады;
3) ЖОО байқау/қамқоршылық кеңесі мен ғылыми кеңес шешімінің негізінде, берілген өтінішті конкурстық негізде ағымдағы жылғы 5 тамызға және 15 қаңтарға дейінгі мерзімде қарап, оны білім беру саласындағы уәкілетті органға шешім шығару үшін жолдайды (білім алушының өтінішіне ғылыми кеңестің шешімімен бірге сынақ кітапшасынан немесе транскриптінен үзінді көшірме, жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі және ЖОО-дан шығарылған білім беру гранты иегерінің куәлігі (түпнұсқа) қоса беріледі);
4) нақты мамандық бойынша үміткерлер болмаған жағдайда, жоғары білім алу процесінде босаған бос білім беру гранттары жазғы және қысқы емтихан сессиясының қорытындылары бойынша даярлау бағыттарының ішінде конкурстық негізде беріледі;
5) жоғары білім алу процесінде босаған және білім беру саласындағы уәкілетті органға жіберілген бос білім беру гранттарын комиссия үміткерлердің болмағандығына байланысты конкурстық негізде қайта тағайындайды.
6) конкурс мамандықтар, курс және оқу нысанының бөлінісінде конкурсқа қатысу үшін құжаттар тапсырған, басқа ЖОО-ларда ақылы негізде оқитын білім алушылардың арасында аралық аттестаттаудың нәтижелері бойынша жүргізіледі;
7) білім беру саласындағы уәкілетті орган келіп түскен құжаттарды мамандықтар, оқуға түскен жылын ескере отырып, оқу нысандары мен мерзімі бөлінісінде қарайды және мәселе оң шешілген жағдайда бос білім беру грантын тағайындау туралы бұйрық шығарады;
8) білім беру саласындағы уәкілетті орган бұйрығының негізінде бос білім беру грантын беру туралы куәлік ресімделеді;
9) білім беру грантын беру туралы куәлік негізінде ЖОО басшысы білім беру гранты бойынша одан әрі оқуға бұйрық шығарады.
21. ЖОО-ның бірінші басшысы жоғары білім алу процесінде босаған, пайдаланылмаған бос білім беру гранттары куәліктерінің білім беру саласындағы уәкілетті органға уақтылы қайтарылуына жауапты болады.
3. Жоғары білім алуға ақы төлеу үшін жергілікті бюджет қаражаты есебінен білім беру грантын беру тәртібі
22. Білім беру грантын беру жөніндегі конкурсты тиісті облыс және республикалық маңызы бар қала, астана әкімінің шешімімен құрылатын ЖАО комиссиясы өткізеді.
23. ЖАО комиссиясы жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының, азаматтық қоғам институттарының өкілдері қатарынан қалыптастырылады.
ЖАО комиссиясының төрағасы тиісті облыстың немесе республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкімі немесе оның міндетін атқарушы адам болып табылады.
ЖАО комиссиясы туралы ереже тиісті облыс немесе республикалық маңызы бар қала, астана әкімдігінің қаулысымен бекітіледі.
ЖАО комиссиясының құрамы тиісті облыс немесе республикалық маңызы бар қала, астана әкімінің шешімімен бекітіледі.
ЖАО комиссиясы мүшелерінің саны тақ санды құрауы тиіс. ЖАО конкурстық комиссиясының отырыстары оның құрамының кемінде үштен екісі болған кезде заңды деп есептеледі және 11 - 15 тамыз аралығында өткізіледі.
24. Жергілікті бюджет қаражаты есебінен білім беру гранттары өңірлердің кадрларға қажеттілігі ескеріле отырып, талапкерлер өтініш білдірген нақты мамандықтар, тіл бөлімдері мен оқу нысандары бойынша ЖОО-да оқу үшін мамандықтар кезектілігіне сәйкес білім беру грантын беру туралы куәлікті бере отырып, ҰБТ немесе КТ нәтижелері бойынша сертификаттар балдарына сәйкес конкурстық негізде беріледі.
25. Білім беру грантын беруге арналған конкурсқа қатысу үшін азамат ЖОО-ның қабылдау комиссиясына белгіленген үлгідегі бланкіде өтінішті, білімі туралы құжатты (түпнұсқа), ҰБТ немесе КТ сертификатын, 3x4 көлеміндегі екі фотосуретті, 086-У нысаны бойынша медициналық анықтаманы, сондай-ақ жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін тапсырады.
Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының білім туралы құжаттары бар, біліктілігін растаған және мамандығы бойынша кемінде бір жыл жұмыс өтілі бар адамдар қосымша мына құжаттардың біреуін тапсырады:
1) еңбек кітапшасы;
2) жұмыс беруші қол қойған, ұйымның мөрімен расталған қызметтік тізім (жұмыскердің жұмысы, еңбек қызметі туралы мәліметтер тізбесі) (болған кезде);
3) жұмыскердің еңбек қызметі туралы мәліметтер қамтылған архивтік анықтама, сондай-ақ аударылған міндетті зейнетақы жарналары туралы бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан үзінді көшірме мен жүргізілген әлеуметтік аударымдар туралы Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан мәліметтер.
Білім беру грантын беруге арналған конкурсқа қатысу үшін азамат өтініште өзі таңдаған мамандық пен ЖОО-ны көрсетеді.