Синдикатталған қарыз шартында кредиторлар синдикатына қатысушының қарыз беру жөніндегі өз міндетін аударуына қарыз алушының алдын ала келісімі болуы мүмкін.
Банк-агенттің барлық құқықтары мен міндеттері осы Заңға сәйкес банк-агент болуға құқылы басқа тұлғаға берілген жағдайда, жаңа банк-агент қарыз алушыға мұндай берудің жасалғаны туралы хабарлама жіберуге міндетті. Егер қарыз алушы мұндай хабарламаны алмаса, қарыз алушы бастапқы банк-агентке ақша беру арқылы жүргізген синдикатталған қарыз шарты бойынша міндеттемелер тиісінше орындалды деп есептеледі.
Синдикатталған қарыз шарты бойынша талап ету құқықтарын басқаға беру кезінде басқаға беруді жасаған кредитор жаңа кредиторға талап ету құқықтарының ауысқаны туралы растайтын құжаттарды ұсына отырып, банк-агентті және кепілді басқарушыны талап ету құқықтарының ауысқаны туралы хабардар етуге міндетті.
Қарыз алушыны кредиторлар синдикатына қатысушының талап ету құқықтарының басқа тұлғаға өтуі туралы хабардар етуді банк-агент және кепілді басқарушы кредитордың талап ету құқықтарының жаңа кредиторға өтуі туралы хабарламасын алған күннен кейінгі бір жұмыс күні ішінде жүргізеді.
14-3-бап. Берешекті сотқа дейін реттеудің шарттары мен тәртібі және төлемге қабілетсіз қарыз алушыға қатысты қолданылатын шаралар
1. Синдикатталған қарыз шарты бойынша міндеттемені орындаудың өткізіп алынған мерзімі болған кезде, бірақ ол басталған күннен бастап күнтізбелік он бес күннен кешіктірмей банк-агент синдикатталған қарыз шартында көзделген тәсілмен және мерзімдерде қарыз алушыны:
1) синдикатталған қарыз шарты бойынша міндеттемені орындау бойынша мерзімді өткізіп алудың туындағаны және хабарламада көрсетілген күнге мерзімі өткен берешектің мөлшерін көрсете отырып, синдикатталған қарыз шарты бойынша төлемдер енгізу қажеттігі;
2) қарыз алушының синдикатталған қарыз шартының талаптарын өзгерту туралы өтінішпен банк-агентке өтініш жасау құқығы;
3) синдикатталған қарыз шартының төлемге қабілетсіз қарыз алушыға қатысты шараларды көздейтін тармақтарын көрсете отырып, қарыз алушының синдикатталған қарыз шарты бойынша өз міндеттемелерін орындамауының салдары туралы хабардар етуге міндетті.
2. Қарыз алушы міндеттемені орындау мерзімін өткізіп алу басталған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде банк-агентке өзінің синдикатталған қаржыландыру шартының талаптарына өзгерістер, оның ішінде:
1) синдикатталған қарыз шарты бойынша сыйақы мөлшерлемесін азайту жағына қарай өзгертуге;
2) негізгі борыш және (немесе) сыйақы бойынша төлемді кейінге қалдыруға;
3) берешекті өтеу әдісін немесе берешекті өтеу кезектілігін, оның ішінде негізгі борышты басым тәртіппен өтей отырып өзгертуге;
4) синдикатталған қарыз шартының қолданылу мерзімін өзгертуге байланысты өзгерістер енгізу туралы өтінішін негіздейтін, синдикатталған қарыз шарты бойынша міндеттемені орындау мерзімін өткізіп алудың туындау себептері, кірістер және басқа да расталған мән-жайлар (фактілер) туралы мәліметтерді қамтитын жазбаша өтініш не синдикатталған қарыз шартында көзделген тәсілмен ұсынуға құқылы.
3. Банк-агент қарыз алушының жазбаша өтінішін алған күннен кейінгі бір жұмыс күні ішінде оны кредиторлар синдикатына қатысушыларға жібереді, олар қарыз алушының жазбаша өтінішін алған күннен кейін күнтізбелік отыз күн ішінде синдикатталған қарыз шартының талаптарына ұсынылған өзгерістерді қарайды және жиынтығында қаржыландырудың жалпы көлемінің кемінде үштен екісін құрайтын қаржыландыру үлесі бар кредиторлар қабылдаған шешім негізінде жазбаша нысанда не синдикатталған қарыз шартында көзделген тәсілмен банк-агентке:
1) синдикатталған қарыз шартының талаптарына ұсынылған өзгерістермен келісетіні;
2) синдикатталған қарыз шартының талаптарын өзгерту жөніндегі өз ұсыныстары;
3) синдикатталған қарыз шартының талаптарын өзгертуден бас тарту себептерінің уәжді негіздемесін көрсете отырып, мұндай бас тарту туралы хабарлайды.
Банк-агент кредиторлар синдикатына қатысушылардың шешімін алған күннен кейінгі бір жұмыс күні ішінде оны қарыз алушыға жібереді.
4. Осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көзделген талап қанағаттандырылмаған, сондай-ақ қарыз алушы осы баптың 2-тармағында көзделген құқықтарды іске асырмаған не қарыз алушы мен кредиторлар арасында синдикатталған қарыз шартының талаптарын өзгерту бойынша келісім болмаған жағдайларда, кредиторлар:
1) кепілге салынған мүлікке соттан тыс тәртіппен не сот тәртібімен өндіріп алуды қолдану;
2) синдикатталған қарыз шарты бойынша құқықты (талап етуді) басқаға беру;
3) төрелікке, сотқа синдикатталған қарыз шарты бойынша борыш сомасын өндіріп алу туралы талап қоюмен жүгіну;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қарыз алушыға қатысты оңалту рәсімін қолдану туралы не қарыз алушыны банкрот деп тану туралы арызбен сотқа жүгіну туралы шешім қабылдауға құқылы.
Осы баптың 4-тармағының 1), 3) және 4) тармақшаларына сәйкес кредиторлар синдикатына қатысушылардың атынан және мүдделерінде әрекет етуді банк-агент жүзеге асырады.
5. Кредиторлар осы баптың 4-тармағында көрсетілген шешімдерді қабылдағанға дейін кредиторлар осы баптың 1, 2 және 3-тармақтарында көзделген сотқа дейінгі реттеу жөніндегі шараларды қабылдауға міндетті.
4-тарау. Қорытынды ережелер
2012.12.01. № 539-ІV ҚР Заңымен 15-бап өзгертілді (бұр.ред.қара); 2012.05.07. № 30-V ҚР Заңымен 15-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
15-бап. Қазақстан Республикасының жобалық қаржыландыру және секьюритилендіру туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
1. Қазақстан Республикасының жобалық қаржыландыру және секьюритилендіру туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.
2. Уәкілетті орган реттелуі өзінің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасы талаптарының бұзылғанын анықтаған жағдайларда, уәкілетті орган арнайы қаржы компаниясына ықпал етудің мынадай шектеулі шараларының бірін қолданады:
1) анықталған кемшіліктерді белгіленген мерзімдерде жою туралы орындалуы міндетті жазбаша нұсқама береді;
2) міндеттеме-хат талап етеді;
3) арнайы қаржы компаниясымен жазбаша келісім жасайды.
2020.29.06. № 351-VI ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Анықталған кемшiлiктердi белгiленген мерзiмде жоюға бағытталған, орындалуы міндетті түзету шараларын қабылдау туралы арнайы қаржы компаниясына нұсқау жазбаша нұсқама болып табылады.
Уәкілетті органның жазбаша нұсқамасына шағым жасау Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
Уәкiлеттi органның жазбаша нұсқамасына шағым жасау оның орындалуын тоқтата тұрмайды.
4. Арнайы қаржы компаниясының міндеттеме-хатында орын алған кемшiлiктердi мойындау фактiсi және жоспарланған іс-шаралар тiзбесiн көрсете отырып, арнайы қаржы компаниясы басшылығының оларды қатаң белгiленген мерзiмде жою бойынша кепiлдігi болуға тиiс.
5. Анықталған кемшіліктерді дереу жою қажеттігі туралы және оған байланысты бірінші кезектегі шараларды бекіту туралы арнайы қаржы компаниясы мен уәкілетті орган арасында жазбаша келісім жасалады.
6. Арнайы қаржы компаниясы жазбаша нұсқаманы, міндеттеме-хатты немесе жазбаша келісімді оларда белгіленген мерзімдерде орындау туралы уәкiлеттi органды хабардар етуге міндетті.
7. Шектеулі ықпал ету шараларын қолдану тәртібі уәкiлеттi органның нормативтік құқықтық актілерімен белгіленеді.
16-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Осы Заң ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаев | |
Астана, Ақорда, 2006 жылғы ақпанның 20-сы.
№ 126-III ҚРЗ