1) арнайы қаржы компаниясы атқарушы органының тиісті шешімінің негізінде;
2) инвестициялық портфельді басқарушының талабы бойынша;
3) кастодиан-банктің шешімі бойынша;
4) кастодиан-банктің уәкілетті орган берген лицензиясының қолданылуы тоқтатылған жағдайда бұзылуы мүмкін.
Кастодиан-банктің лицензиясының қолданылуы тоқтатыла тұрған, ол лицензиясынан айырылған жағдайда, кастодиан-банк бұл туралы күнтізбелік үш күн ішінде арнайы қаржы компаниясына жазбаша хабарлауға міндетті.
Кастодиандық шартты бұзудың бастамашысы шарттың тараптарына шартты бұзудың белгіленген күнінен күнтізбелік отыз күн бұрын хабарлауға міндетті.
Кастодиандық шарт арнайы қаржы компаниясының активтерін жаңа кастодиан-банкке уәкілетті орган белгілеген тәртіппен беру рәсімдері аяқталғаннан кейін бұзылған болып есептеледі.
2012.12.01. № 539-ІV ҚР Заңымен 2-2-тараумен толықтырылды
2-2-тарау. Жобалық қаржыландыру
6-4-бап. Жобалық қаржыландыру бойынша қатынастардың туындауы
2015.29.10. № 376-V ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Жобалық қаржыландыру бойынша мәміле кезінде тапсырыс беруші орындаушымен базалық шарт жасасады, ол бойынша орындаушы мүлікті түзу және (немесе) беру және (немесе) түзілген мүлікті пайдалану процесінде қызметтер көрсету және (немесе) тауарлар шығару және (немесе) жұмыстарды орындау нәтижесінде ұзақ мерзімді негізде жүйелі түрде ақшалай түсімдер құқығын иеленеді.
2. Орындаушы өз міндеттемелерінің орындалуын базалық шарт бойынша талап ету құқықтарын кредиторларға немесе арнайы қаржы компаниясына беру жолымен қамтамасыз ете отырып және (немесе) өзге қамтылымды ұсына отырып, кредиторлармен қарыз шарттарын жасасады және (немесе) облигациялар шығарады немесе арнайы қаржы компаниясынан қаржыландыру алады.
3. Кредиторлар өздерінің арасындағы келісімнің негізінде орындаушымен және (немесе) арнайы қаржы компаниясымен өзара қарым-қатынасындағы өздерінің құқықтары мен міндеттерінің жүзеге асырылу тәртібі мен шарттарын айқындай, оның ішінде кредиторлар міндеттемелерін қанағаттандырудың кезектілігін көздей, сондай-ақ кредиторлардың өкілін айқындай алады.
4. Егер жобалық қаржыландыру мәмілесінде тараптардың бірі мемлекет болса, жобалық қаржыландыру тек қана жобалық қаржыландыру мәмілесін орындауды іске асыру үшін орындаушы құратын арнайы қаржы компаниясының қатысуымен жүзеге асырылуы тиіс.
5. Егер кредиторлардың кем дегенде біреуі бұл туралы талап етсе, жобалық қаржыландыру арнайы қаржы компаниясының қатысуымен жүзеге асырылуға тиіс.
6. Базалық шартты бұзу және қатысушыларының шарт міндеттемелерін орындаудан бас тартуы осы Заңда мемлекеттің қатысуымен болатын жобалық қаржыландыру бойынша қарым-қатынастар үшін көзделген ерекшеліктерді ескере отырып, Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне сәйкес жүзеге асырылады.
7. Орындаушы базалық шартта айқындалған өзінің міндеттемелерін орындамаған немесе тиісінше орындамаған жағдайда, базалық шартта оны ауыстыру мүмкіндігі көзделуге тиіс.
6-5-бап. Жобалық қаржыландыру кезінде талап ету құқықтарын беру
1. Орындаушы кредиторларға немесе арнайы қаржы компаниясына өзіне тиесілі талап ету құқығын береді. Берілетін талап етулерге үшінші тұлғалардың құқықтарымен ауыртпалық салынбауға тиіс. Берілетін талап ету құқықтарын беру талаптары мен көлемі шартта айқындалады.
2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Жобалық қаржыландыру кезінде талап ету құқықтарын басқаға беру шарты Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 346-бабында белгіленген талаптар сақтала отырып, жазбаша нысанда жасалуға тиіс. Талап ету құқықтарын басқаға беру шартының жазбаша нысанын сақтамау оның маңызсыздығына алып келеді.
3. Орындаушы болашақтағы талап етуін берген кезде осы құқықты өзге тұлғаларға беру мүмкіндігінсіз талап ету құқығын беру шартын жасасқан сәтте ол кредиторларға немесе арнайы қаржы компаниясына ауысады.
4. Орындаушы кредиторлардың немесе арнайы қаржы компаниясының алдында оларға берілген талап ету құқықтарының шынайылығы үшін жауап береді, бірақ, егер талап ету құқығын беру шартында өзгеше көзделмесе, тапсырыс берушінің және базалық шарт бойынша түзілген мүлікті пайдалануды жүзеге асыратын тұлғалардың осы талапты орындамағаны үшін жауап бермейді.
5. Егер базалық шартта өзгеше көзделмесе, базалық шарт бойынша түзілген мүлікті пайдалануға берген кезден бастап талап ету құқығы қойылуы мүмкін.
6-6-бап. Арнайы қаржы компаниясының қатысуымен жобалық қаржыландыру
1. Арнайы қаржы компаниясы өз міндеттемелерінің орындалуын бөлінген активтермен қамтамасыз ете отырып, кредиторлармен қарыз шарттарын жасасады және (немесе) облигациялар шығаруды жүзеге асырады.
2. Арнайы қаржы компаниясы талап ету құқықтарын беру шартына сәйкес оның міндеттемелерін не мүлікті түзу және беру, сондай-ақ түзілген мүлікті базалық шартқа сәйкес пайдалану процесінде қызметтер көрсету және (немесе) тауарлар шығару және (немесе) жұмыстарды орындау нәтижесінде орындаушының шеккен шығыстарын қаржыландыру немесе қайта қаржыландыру мақсатында ақшаны орындаушыға береді.
6-7-бап. Мемлекеттің қатысуымен құрылатын объектілерге меншік құқығы
Мемлекеттің тапсырысымен базалық шарт бойынша түзілген мүлікке меншік құқығы мемлекетке тиесілі болады.
2015.31.10. № 380-V ҚР Заңымен 6-8-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
6-8-бап. Мемлекетке талап ету құқықтарын берудің ерекшеліктері
1. Мемлекет «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы» және «Концессиялар туралы» Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен және шарттарда тапсырыс беруші ретінде жобалық қаржыландыруға қатысады.
2. Базалық шарт бойынша орындаушыны таңдау Қазақстан Республикасының мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласындағы және концессиялар туралы заңнамасына сәйкес конкурстық негізде жүзеге асырылады.
3. Базалық шарт бойынша орындаушы мемлекетті өзінің кредиторларға немесе арнайы қаржы компаниясына талап ету құқықтарын беруді жүргізгені туралы күнтізбелік он күн ішінде жазбаша нысанда хабардар етуге міндетті.
6-9-бап. Мемлекет қатысатын жобалық қаржыландыру кезінде орындаушыны ауыстырудың ерекшеліктері
1. Орындаушы базалық шартта айқындалған өз міндеттемелерін орындамаған немесе тиісінше орындамаған жағдайда, тапсырыс беруші Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне сәйкес бұл жөнінде орындаушы мен кредиторларды күнтізбелік он бес күннен кешіктірмей ескерте отырып, шартты орындаудан бас тартуға құқылы.
2. Базалық шарт бойынша жаңа орындаушыны таңдау осы Заңның 6-8-бабының 2-тармағына сәйкес мынадай талаптарды сақтай отырып жүзеге асырылады:
1) оның негiзiнде базалық шарт бойынша жаңа орындаушыны таңдау мақсатында конкурс өткiзiлiп отырған конкурстық құжаттаманың ережелерi қайталама конкурс өткiзiлетін кезге шарттың iс жүзiнде орындалған талаптарын ескере отырып, өзгерген ережелердi қоспағанда, алдыңғы конкурстың конкурстық құжаттамасының ережелерiне сәйкес келуi тиiс;
2) конкурстық құжаттама жаңа орындаушының кредиторлармен келiсiлген олардың алдындағы мiндеттемелерiн орындауы жөніндегі талапты қамтуы тиіс.
3. Базалық шарт бойынша жаңа орындаушыны таңдау бойынша конкурс өткізу кезінде кредиторлармен келісім бойынша тапсырыс беруші базалық шарт бойынша талаптарды орындауды уақытша орындаушыға жүктеуі мүмкін, оны таңдаудың тәртібі мен қызметін жүзеге асыру талаптарын Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
6-10-бап. Арнайы қаржы компаниясының жобалық қаржыландыру кезінде облигациялар шығаруының ерекшеліктері
1. Арнайы қаржы компаниясының облигациялар шығаруы «Бағалы қағаздар рыногы туралы» Қазақстан Республикасының Заңына және осы Заңға сәйкес жүзеге асырылады.
2. Арнайы қаржы компаниясы бөлінген активтермен қамтамасыз етілген облигацияларды шығаруды жүзеге асыруға құқылы.
2022.12.07. № 138-VІІ ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (2022 ж. 12 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Арнайы қаржы компаниясының облигациялар шығару проспектісінде немесе жеке меморандумында немесе облигациялық бағдарлама проспектісінде немесе облигациялық бағдарлама шегіндегі облигациялар шығару проспектісінде немесе жеке меморандумында Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар рыногы туралы заңнамасында көрсетілген мәліметтерден бөлек, мыналар қамтылуға тиіс:
1) ақшалай талаптардың сипаттамасы, бөлінген активтердің құрамына кіретін талап ету құқықтары бойынша ақша түсімдерінің шарттары мен болжамды мерзімдері;
2) осы Заңның талаптарына сәйкес келетін, облигацияларды орналастыру нәтижесінде арнайы қаржы компаниясы алған ақшаның нысаналы мақсаты (облигациялық бағдарлама проспектісін қоспағанда);
3) облигацияларды ұстаушыларға базалық шарт бойынша түзілген мүліктің меншік иесінің ауысуы туралы ақпарат беру тәртібі және арнайы қаржы компаниясының органдарына кредиторлардың өкілдерін енгізу және олардың өкілеттіктерін белгілеу тәртібі;
4) арнайы қаржы компаниясының жобалық қаржыландыру мәмілесіне қызмет көрсетуге, бөлінген активтер есебінен жүзеге асырылатын инвестициялық басқаруға байланысты шығыстар тізбесі;
5) сыйақы төлеу және бір облигациялық бағдарлама шегінде шығарылған әртүрлі шығарылымдардың облигацияларын өтеу тәртібі мен кезектілігі (облигациялық бағдарламаның проспектісінде және облигациялық бағдарлама шегіндегі облигациялар шығару проспектісінде немесе жеке меморандумда көрсетіледі);
6) арнайы қаржы компаниясы банкрот болған кезде арнайы қаржы компаниясының облигацияларын ұстаушылардың талаптарын қанағаттандыру тәртібі мен кезектілігі.
4. Облигациялық бағдарлама бойынша облигациялар шығаруды қоспағанда, арнайы қаржы компаниясы бір жобалық қаржыландыру мәмілесінің шеңберінде кейіннен облигациялар шығаруды жүзеге асыруға құқылы емес.
3-тарау. Секьюритилендіру мәмілелерінің ерекшеліктері
2012.12.01. № 539-ІV ҚР Заңымен 7-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
7-бап. Секьюритилендіру объектілері
1. Секьюритилендіру объектілері болып табылатын талап ету құқықтары біркелкі болуға тиіс.
2. Арнайы қаржы компаниясы бөлінген активтер бойынша түсімдерді өзі шығарған облигациялар бойынша міндеттемелерін орындауға және бір секьюритилендіру мәмілесі шеңберінде көрсетілген қызметтердің ақысын төлеуге, сондай-ақ осы Заңда көзделген жағдайларда қаржы құралдарына инвестициялауға пайдаланады.
8-бап. 2012.12.01. № 539-ІV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
9-бап. Секьюритилендіру кезінде талап ету құқықтарын басқаға беру шарты
Секьюритилендіру кезінде талап ету құқықтарын басқаға беру шарты бойынша оригинатор өзінің дебиторлармен қатынастарынан туындайтын дебиторларға қойылатын болашақтағы немесе қазіргі талап ету құқықтарын береді немесе оны беруге міндеттенеді, ал арнайы қаржы компаниясы осы талап ету құқықтарымен қамтамасыз етілген облигацияларды орналастырудан алынған ақша қаражатын оригинаторға беру арқылы оларды сатып алуды жүзеге асырады.
2. Егер шартта өзгеше көзделмесе, оригинатор дебиторлардан басқаға берілген талап ету құқықтары бойынша төлемдер жинауды жүзеге асырады.
3. Секьюритилендіру мәмілесі бойынша басқаға беру нысаны болып табылатын талап ету құқықтары оригинатор мен арнайы қаржы компаниясы арасындағы шартта шарт жасасу кезінде орын алған ақшалай талап, ал болашақ талап - ол туындаған кезден кешіктірмей белгілеуге мүмкіндік беретіндей болып айқындалуға тиіс.
2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Секьюритилендіру кезінде талап ету құқықтарын басқаға беру шарты Азаматтық кодекстің 346-бабында белгіленген талаптарды сақтай отырып, жазбаша түрде жасалуға тиіс.
Секьюритилендіру кезінде талап ету құқықтарын басқаға беру шартының жазбаша нысанын сақтамау оның маңызсыздығына алып келеді.
5. Секьюритилендіру кезінде талап ету құқықтарын басқаға беру нәтижесінде арнайы қаржы компаниясы дебиторлардан талаптарды орындау үшін алынған талап ету құқықтары бойынша барлық түсімдерді алу құқығына ие болады.
Оригинатор талап ету құқықтары бойынша түсімдердің арнайы қаржы компаниясының осы құқықтарды алу үшін оригинаторға төлеген сомасынан кем болғаны үшін арнайы қаржы компаниясының алдында жауаптылықта болмайды.
10-бап. 2012.12.01. № 539-ІV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
11-бап. Секьюритилендіру кезінде талап ету құқықтарын басқаға беру
1. Қазіргі талап ету құқығы, облигациялар шығарылымын мемлекеттік тіркеу кезінен бастап жасасқан шарт бар болған жағдайда, арнайы қаржы компаниясына ауысқан болып есептеледі.
2. Болашақ талап ету құқығын басқаға берген кезде осы баптың 1-тармағында көзделген талап болған жағдайда, шартта көзделген басқаға беру талабының мәні болып табылатын ақша алу құқығының өзі туындағаннан кейін арнайы қаржы компаниясына ауысқан болып есептеледі. Осы құқық туындаған кезде болашақ талап ету құқығын кейіннен басқаға беруді қосымша ресімдеу қажет етілмейді. Егер ақшалай талап етуді басқаға беру белгілі бір оқиғамен байланысты болса, онда ол осы оқиға басталғаннан кейін күшіне енеді.
12-бап. 2012.12.01. № 539-ІV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
13-бап. Секьюритилендіру мәмілелері бойынша есепке алу және есептілік
1. Арнайы қаржы компаниясы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бухгалтерлік есеп жүргізеді және арнайы қаржы компаниясының өз қаражаты мен бөлінген активтері, облигациялары (оның ішінде олар бойынша есептелген купон) бойынша бөлек қаржылық есептілікті ұсынады.
2022.12.07. № 138-VІІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2022 ж. 12 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Уәкілетті орган осы облигацияларды өтеу қорытындылары туралы есепті бекіткеннен кейін қалған облигациялар бойынша міндеттемелерді қамтамасыз ету болып табылатын бөлінген активтер арнайы қаржы компаниясының кірістеріне (шығыстарына) жатқызылады.
3. 2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
4. Кастодиан-банктің арнайы қаржы компаниясының активтерін, сондай-ақ облигациялармен жасалған мәмілелерді есепке алу ерекшеліктері Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленеді.
2012.12.01. № 539-ІV ҚР Заңымен 14-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
14-бап. Арнайы қаржы компаниясының секьюритилендіру кезінде облигацияларды шығару ерекшеліктері
2022.12.07. № 138-VІІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2022 ж. 12 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығы туралы заңнамасының талаптарынан басқа, арнайы қаржы компаниясының облигациялар шығару проспектісі немесе жеке меморандум немесе облигациялық бағдарлама проспектісі немесе облигациялық бағдарлама шегіндегі облигациялар шығару проспектісі немесе жеке меморандум мынадай мәліметтерді:
1) оригинатордың, кастодиан-банктің, инвестициялық портфельді басқарушы, арнайы қаржы компаниясының және басқаға берілген талап ету құқықтары бойынша төлемдер жинауды жүзеге асыратын тұлғаның атауы мен орналасқан жерін;
2) оригинатордың қызметінің нысанасын, секьюритилендіру мәмілесіндегі құқықтары мен міндеттерін;
3) талап ету құқықтарының сипаттамасын, бөлінген активтер құрамына кіретін талап ету құқықтары бойынша ақша түсу шарттарын, тәртібі мен мерзімдерін және олардың орындалуын бақылауды жүзеге асыру тәртібін;
4) бөлінген активтер бойынша уақытша бос түсімдерді инвестициялау тәртібін;
5) - 8) 2022.12.07. № 138-VІІ ҚР Заңымен алып тасталды (2022 ж. 12 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
9) қосымша қамтамасыз ету туралы;
10) 2022.12.07. № 138-VІІ ҚР Заңымен алып тасталды (2022 ж. 12 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
11) талап ету құқықтарының біркелкілік өлшемдерін;
2022.12.07. № 138-VІІ ҚР Заңымен 12) тармақша жаңа редакцияда (2022 ж. 12 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
12) сыйақы төлеу және бір облигациялық бағдарлама шегінде шығарылған әртүрлі шығарылымдардың облигацияларын өтеу тәртібі мен кезектілігі (облигациялық бағдарлама проспектісінде және облигациялық бағдарлама шегіндегі облигациялар шығару проспектісінде немесе жеке меморандумда көрсетіледі);
13) 2012.12.01. № 539-ІV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2022.12.07. № 138-VІІ ҚР Заңымен 14) тармақшамен толықтырылды (2022 ж. 12 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді)
14) арнайы қаржы компаниясы банкрот болған кезде арнайы қаржы компаниясының облигацияларын ұстаушылардың талаптарын қанағаттандыру тәртібі мен кезектілігін қамтуға тиіс.
2022.12.07. № 138-VІІ ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2022 ж. 12 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Арнайы қаржы компаниясының облигациялар шығару проспектісіне немесе жеке меморандумына оригинатордың соңғы қаржы жылы үшін аудиторлық есебі, оригинатор мен арнайы қаржы компаниясы арасында жасалған, осы секьюритилендіру мәмілесі бойынша талап ету құқықтарын басқаға беру шарты қоса беріледі.
Оригинатордың соңғы қаржы жылы үшін аудиторлық есебі болмаған жағдайда, арнайы қаржы компаниясы облигациялар шығарылымын мемлекеттік тіркеуге құжаттарды берудің алдындағы оригинатордың соңғы есепті тоқсан үшін қаржылық есептілігінің көшірмесін уәкілетті органға ұсынады.
3. 2022.12.07. № 138-VІІ ҚР Заңымен алып тасталды (2022 ж. 12 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Арнайы қаржы компаниясының облигацияларын ұстаушылардың өкілі оригинатордың үлестес тұлғасы болмауға тиіс.
2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 3-1-тараумен толықтырылды
3-1-тарау. Синдикатталған қаржыландыру
14-1-бап. Синдикатталған қарыз шартының ерекшеліктері
1. Синдикатталған қарыз шарты бойынша бірнеше кредитор (бұдан әрі - кредиторлар синдикаты) бір-бірімен келісе отырып, қарыз алушының меншігіне әрбір кредитор үшін шартта көзделген мөлшерде және мерзімдерде ақша беруге немесе беріп тұруға міндеттенеді, ал қарыз алушы кредиторларға олардан алған ақшаны қайтаруға, сыйақыны, сондай-ақ, егер шартта өзге де төлемдерді төлеу міндеті көзделсе, оларды төлеуге міндеттенеді.
2. Қарыз алушы мен кредиторлар синдикатына қатысушылар (кредиторлар синдикатына бастапқы қатысушылар) арасында жасалған синдикатталған қарыз шартында оған кредиторлар синдикатына жаңа қатысушылардың қосылу мүмкіндігі көзделуі мүмкін, оларға қатысты синдикатталған қарыз шарты кредиторлар синдикатына жаңа қатысушылардың шартта көзделген тәртіппен оған қосылған кезінен бастап қолданылады. Егер синдикатталған қарыз шартында өзгеше көзделмесе, кредиторлар синдикатына жаңа қатысушылар шартқа қосылған кезде кредиторлар синдикатына бастапқы қатысушылардың және қарыз алушының міндеттемелері өзгермейді.
3. Синдикатталған қарыз шартында жиынтығында қаржыландырудың жалпы көлемінің кемінде үштен екісін құрайтын қаржыландыру үлесі бар кредиторлар қабылдаған шешімдер негізінде және осындай шешімде көзделген тәртіппен:
1) кредиторлар синдикатына барлық қатысушылардың құқықтарды жүзеге асыруы немесе белгілі бір құқықтардан бас тартуы;
2) Қазақстан Республикасының заңдарында немесе шартта көзделген жағдайларда қарыз алушыға синдикатталған қарыз шартынан бас тарту туралы хабарламаны немесе оны өзгерту не бұзу туралы талапты жіберу;
3) кредиторлар синдикатына қатысушылар немесе үшінші тұлғалар қатарынан банк-агентті және (немесе) кепілді басқарушыны таңдау, оларға белгілі бір өкілеттіктер беру және оларға осындай өкілеттіктерді жүзеге асыру мәселелері бойынша нұсқаулар жіберу;
4) синдикатталған қарыз шарты бойынша барлық кредиторлардың талап ету құқықтарын кредиторлар синдикатына басқа қатысушыға, сондай-ақ осы Заңға сәйкес кредиторлар синдикатына қатысушылар болуға құқылы тұлғаларға беру;
5) синдикатталған қарыз шартында айқындалған жағдайларда, қарыз нысанасының барлық немесе қалған бөлігін сыйақымен бірге мерзімінен бұрын қайтару;
6) кепілге салынған мүлікке соттан тыс тәртіппен не сот тәртібімен өндіріп алуды қолдану;
7) синдикатталған қарыз шарты бойынша борыш сомасын өндіріп алу туралы талап қоюмен сотқа жүгіну;
8) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қарыз алушыға қатысты оңалту рәсімін қолдану не қарыз алушыны банкрот деп тану туралы арызбен сотқа жүгіну жүргізілетіні көзделуге тиіс.
4. Синдикатталған қарыз шарты жазбаша нысанда жасалуға тиіс. Синдикатталған қарыз шартының жазбаша нысанын сақтамау оның маңызсыз болуына алып келеді.
14-2-бап. Синдикатталған қаржыландыру талаптары
1. Синдикатталған қаржыландыру кемінде екі кредитор қатысқан кезде жүзеге асырылады.
2. Әрбір кредитор қарыз алушыға беретін ақшаның мөлшері синдикатталған қарыз шартында тұрақты ақша сомасында немесе қарыз алушыға беруге жататын ақшаның белгілі бір үлесі түрінде белгіленуі мүмкін.
Әрбір кредитордың қарыз алушыға берілген ақшаның мөлшеріне пропорционалды қарыз алушыға қатысты дербес құқықтары (талаптары) болады.
Егер синдикатталған қарыз шартында өзгеше көзделмесе, кредитор өзге кредиторлардың қарыз алушыға ақша беру жөніндегі міндеттемелерін орындамағаны үшін жауапты болмайды.
Қарыз алушы банк-агенттің кредиторлар синдикатына қатысушылардың құрамы туралы және олардың қарыз алушыға қоятын талаптарының мөлшері туралы ақпарат беруін талап етуге құқылы.
Егер синдикатталған қарыз шартында өзгеше көзделмесе, қарыз алушы синдикатталған қарыз шарты бойынша міндеттемелерді мерзімінен бұрын орындауға құқылы.
Егер синдикатталған қарыз шартында өзгеше көзделмесе, кредиторлар синдикатына қатысушылар арасындағы келісімді, кепілді басқару шартын жасасу, өзгерту немесе тоқтату кредиторлар синдикатына әрбір қатысушы мен қарыз алушы арасында синдикатталған қарыз шарты бойынша туындайтын міндеттемелерді өзгертуге немесе тоқтатуға алып келмейді.
Кредиторлар синдикатына қатысушылар синдикатталған қарыз шартының талаптарын, оның ішінде синдикатталған қарыз шартын жасасу күніне белгіленген әрбір кредитор қарыз алушыға беретін ақша мөлшерін біржақты тәртіппен өзгертуге құқылы емес.
3. Кредиторлар синдикатына қатысушылар арасындағы қатынастар кредиторлар синдикатына қатысушылар арасындағы келісіммен реттеледі.
Кредиторлар синдикатына қатысушылар арасындағы келісім синдикатталған қарыз шарты жасалғанға дейін де, ол жасалғаннан кейін де, оның ішінде қарыз нысанасы берілгеннен кейін кредиторлар синдикатына қатысушылар арасында жасалуы мүмкін.
Кредиторлар синдикатына қатысушылардың арасындағы келісімде, соның ішінде кредиторлар синдикатына қатысушылардың біреуі немесе бірнеше қатысушысы синдикатталған қарыз шарты бойынша міндеттемелерді орындаудан біржақты бас тартқан жағдайда, кредиторлар синдикатына қатысушылардың жауапкершілігі және кредиторлар синдикатына қатысушы құқықтарының басқа тұлғаға ауысуы жөнінде шешім қабылдау тәртібі айқындалады.
Кредиторлар синдикатына қатысушылардың құқықтарын банк-агент жүзеге асырған кезде кредиторлар синдикатына өзге де қатысушылар шартта көзделген құқықтарды синдикатталған қарыз шарты тоқтатылған кезге дейін немесе синдикатталған қарыз шартында көзделген кредиторлар синдикатына қатысушылардың құқықтарын банк-агенттің жүзеге асыруы туралы талаптың күші жойылғанға дейін жүзеге асыруға құқылы емес.
Банк-агент кредиторлар тізілімін жүргізеді, кредиторлардың әрқайсысы қарыз алушыға берген барлық қарыздарды есепке алуды жүзеге асырады, қарыз алушыдан немесе үшінші тұлғалардан синдикатталған қарыз шарты бойынша орындауды, оның ішінде сыйақы мен өзге де төлемдерді алады, келіп түскен ақшаны есепке алуды жүргізеді және оларды кредиторлар арасында бөледі, кредиттік дерекнама мен құжаттама жинауды, қалыптастыруды және жүргізуді, қарыз алушының қарызды нысаналы пайдалануына және қарыз алушының синдикатталған қарыз шарты бойынша міндеттемелерді орындауына бақылауды, қарыз алушының қаржылық жағдайына мониторингті жүзеге асырады, қарыз алушыны синдикатталған қарыз шарты бойынша міндеттемелердің орындалу мерзімін өткізіп алғаны туралы хабардар етеді, сондай-ақ кредиторлар синдикатына қатысушылар арасындағы келісімге сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асырады.
Кредиторлар синдикатына қатысушы әрбір кредитор банк-агент функцияларының тиісінше орындалмауынан туындаған шығындарды өтеу жөніндегі өз талаптарын мәлімдеуге құқылы.
4. Кредиторлар (бірлесіп кепіл ұстаушылар) кепілмен қамтамасыз етілетін міндеттеме бойынша кепілді басқарушымен кепілді басқару шартын жасасуға құқылы.
Кепілді басқару шарты бойынша кепілді басқарушы барлық кредиторлардың (бірлесіп кепіл ұстаушылардың) атынан және мүдделерінде әрекет етеді, кепіл берушімен кепіл шартын жасасады және кепіл шарты бойынша кепіл ұстаушылардың барлық құқықтары мен міндеттерін, сондай-ақ кепілді басқару шартына сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асырады.
5. Кредиторлар (бірлесіп кепіл ұстаушылар) кепілді басқару шарты тоқтатылған кезге дейін өздерінің кепіл ұстаушы құқықтары мен міндеттерін жүзеге асыруға құқылы емес.
Кредиторлар синдикатталған қарыз шарты бойынша талап ету құқықтарын кредиторлар синдикатына қатысушы басқа кредиторға, сондай-ақ осы Заңға сәйкес кредиторлар синдикатына қатысушылар болуға құқылы тұлғаларға беруді жүргізуге құқылы.