6. Кеден қоймасы кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлар су кемелерін қалыпты пайдалануды және оларға техникалық қызмет көрсетуді қамтамасыз ету үшін қажетті және Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетілетін керек-жарақтар ретінде декларациялануы және шығарылуы мүмкін. Осындай тауарлар керек-жарақтар ретінде кедендік декларацияланғаннан және шығарылғаннан кейін шетелдік тауарлар мәртебесін сақтайды.
Егер кеден қоймасы су кемесі тұрған Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы тауарларды өткізу орнында орналастырылмаған болса, керек-жарақтар ретінде шығарылған тауарлар оларды мұндай кеден қоймасынан бортына осындай тауарлар тиелетін су кемесі тұрған Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы тауарларды өткізу орнына дейін тасымалдау үшін кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастырылады.
7. Керек-жарақтар ссы Кодекстің 8-бабына сәйкес тыйымдар мен шектеулер салулар сақтала отырып осы Кодекстің 366-бабына сәйкес пайдаланылған жағдайда, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы кедендік баждар, салықтар төленбей және ішкі нарықты қорғау шаралары сақталмай өткізіледі.
8. Осы тармақтың екінші бөлігінде көрсетілген жағдайды қоспағанда, тасымалдаушы, сондай-ақ осы Кодекстің 149-бабы 1-тармағының
1) тармақшасының екінші, үшінші, төртінші және бесінші абзацтарында аталған тұлғалар керек-жарақтардың декларанты болып әрекет ете алады.
Кедендік декларациялау кезінде тауарлар болған бажсыз сауда дүкенінің иесі болып табылатын тұлға Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетілетін керек-жарақтар ретінде пайдалану үшін бажсыз сауда дүкендерінен су немесе әуе кемелерінің борттарына тиелетін керек-жарақтардың декларанты болып әрекет ете алады.
9. Комиссия керек-жарақтар ретінде пайдаланылатын тауарлардың жекелеген санаттарының сандық нормаларын, сондай-ақ тауарлар өткізілетін көлік түріне қарай керек-жарақтар ретінде пайдаланылатын тауарларға тауарлардың жекелеген санаттарын жатқызу өлшемшарттарын айқындауға құқылы.
Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізілетін, Комиссия айқындаған сандық нормалардан асатын керек-жарақтар ретінде пайдаланылатын тауарларға осы тараудың ережелері қолданылмайды және осындай тауарлар осы Кодекске сәйкес кедендік рәсімдермен орналастыруға жатады.
10. Осы тараудың ережелері көлік құралдарындағы жеке пайдалануға арналған тауарларға қатысты қолданылмайды.
365-бап. Керек-жарақтарға қатысты кедендік операцияларды жасау ерекшеліктері
1. Керек-жарақтарды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелу кезінде оларды кедендік декларациялауға және шығаруға байланысты кедендік операциялар келу орындарында не халықаралық тасымалдауды аяқтау орындарында жасалады.
2. Керек-жарақтарды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкету кезінде оларды кедендік декларациялауға және шығаруға байланысты кедендік операциялар халықаралық тасымалдау басталған орындарда не кету орындарында жасалады.
Кеден қоймасы кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларды керек-жарақтар ретінде кедендік декларациялаумен және шығарумен байланысты кедендік операциялар өзінің қызмет аймағында кеден қоймасы тұрған кеден органында жасалады.
3. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына келген және Еуразиялық экономикалық одақтың мұндай кедендік аумағынан кететін (су немесе әуе кемесінің борттарында не пойызда) халықаралық тасымалдау көлік құралындағы керек-жарақтарды кедендік декларациялау көлік құралына арналған декларация пайдаланыла отырып, халықаралық тасымалдаудың көлік кұралын кедендік декларациялаумен қатар бір мезгілде жүзеге асырылуы мүмкін.
Керек-жарақтарды кедендік декларациялау, егер мұндай керек-жарақтар Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына осы әуе кемелерінің бортынан осы керек-жарақтарды түсіру (қайта тиеу) бойынша операцияларды жасамай келген және мұндай аумақтан кететін әуе кемелерінің борттарында бар болса, жүзеге асырылмайды.
4. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына келген немесе осындай Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан кететін су және әуе кемелерінің борттарына немесе пойыздарға түсірілетін, қайта тиелетін, тиелетін керек-жарақтарды кедендік декларациялау тауарларға арналған декларация пайдаланыла отырып жүзеге асырылады.
Тауарларға арналған декларация пайдаланыла отырып, керек-жарақтарды кедендік декларациялау кезінде осындай тауарларға арналған декларация ретінде тауарларды шығару үшін қажетті мәліметтерді қамтитын тасу (тасымалдау), коммерциялық және (немесе) өзге де құжаттар пайдаланылуы мүмкін.
Көрсетілген керек-жарақтарды кедендік декларациялау кезінде тауарларға арналған декларацияда көрсетуге жататын мәліметтерді Комиссия айқындайды.
5. Керек-жарақтар ретінде кеден қоймасы кедендік рәсімімен және бажсыз сауда кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларды кедендік декларациялау тауарларға арналған декларация пайдаланыла отырып жүзеге асырылады.
6. Керек-жарақтарға қатысты кедендік операциялар тіркелу еліне немесе су, әуе кемелерінің немесе пойыздардың ұлттық тиесілігіне қарамастан, бірдей жасалады.
7. Комиссия керек-жарақтарға қатысты кедендік декларациялау және өзге де кедендік операцияларды жасау ерекшеліктерін айқындауға құқылы.
366-бап. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында керек-жарақтарды пайдалану
1. Жолаушылардың және су кемелерінің экипаж мүшелерінің тұтынуына және (немесе) пайдалануына арналған керек-жарақтар және (немесе) осы кемелерді қалыпты пайдалануды және техникалық қызмет көрсетуді қамтамасыз ету үшін қажетті керек-жарақтар жолаушылардың, экипаж мүшелерінің санына және (немесе) аялдау ұзақтығына сәйкес мөлшерде олардың Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында болуы, оның ішінде су кемелерін докта, верфьте немесе кеме жөндеу зауытында жөндеу уақытында осы кемелерде тұтынылуы және пайдаланылуы мүмкін.
2. Әуе кемелерінің Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағындағы бір әуежайға немесе бірнеше әуежайға қонуы кезінде осы кемелерді қалыпты пайдалануды және техникалық қызмет көрсетуді қамтамасыз етуге арналған керек-жарақтар және әуе кемелерінің қону пункттерінде болуы кезінде және олардың арасында ұшу кезінде жолаушылардың және экипаж мүшелерінің тұтынуына және пайдалануына арналған керек-жарақтар әуе кемелерінің қону пункттерінде болуы кезінде және олардың арасында ұшу кезінде пайдаланылуы мүмкін.
Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында әуе кемелері болған уақытында әуе кемелерінің жолаушылары мен экипаж мүшелеріне таратуға және өткізуге арналған керек-жарақтар жолаушыларға немесе экипаж мүшелеріне оларды тарату және сату осы кемелердің борттарында жүзеге асырылған жағдайда таратылуы және сатылуы мүмкін.
3. Пойыздар жолаушыларының және пойыз бригадалары жұмыскерлерінің тұтынуына және пайдалануына арналған керек-жарақтар және осы пойыздарды қалыпты пайдалану және оларға техникалық қызмет көрсету үшін қажетті керек-жарақтар осы пойыздардың жүру жолында немесе аралық тоқтау не Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында тұру пункттерінде пойыздар жолаушыларының және пойыз бригадалары жұмыскерлерінің санына, сондай-ақ аялдау ұзақтығына және жолда болу уақытына сәйкес мөлшерде тұтынылуы және пайдаланылуы мүмкін.
Пойыздар жолаушыларының және пойыз бригадаларының жұмыскерлеріне таратуға және өткізуге арналған керек-жарақтар, оларды тарату және сату осы пойыздарда жүзеге асырылған жағдайда пойыздар Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында болған уақытта таратылуы және сатылуы мүмкін.
4. Тасымалдаушы су кемелерінің, әуе кемелерінің немесе пойыздардың Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында болған уақытында осы бапқа сәйкес керек-жарақтарды пайдалану үшін қажетті шараларды қабылдауға міндетті. Кеден органының шешімі бойынша керек-жарақтар сақталатын орын кедендік пломбалар мен мөрлерді салу арқылы мөрленуі мүмкін.
5. Су және әуе кемелерінің борттарындағы немесе пойыздардағы керек-жарақтар кеден органының рұқсатымен осы тарауда көзделген шарттар сақталған кезде жүктердің, жолаушылардың және (немесе) багаждың халықаралық тасымалын жүзеге асыратын басқа су және әуе кемелеріне немесе басқа да пойыздарға уақытша түсірілуі, берілуі мүмкін.
6. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында су және әуе кемелерінен немесе пойыздардан түсірілген керек-жарақтар оларды жүктердің, жолаушылардың және (немесе) багаждың халықаралық тасымалын жүзеге асыратын басқа су және әуе кемелеріне немесе басқа да пойыздарға тиегенге дейін жүктердің, жолаушылардың және (немесе) багаждың халықаралық тасымалын жүзеге асыратын басқа су және әуе кемелеріне немесе басқа да пойыздарға оларды түсіруге, беруге рұқсат берген кеден органы қызметінің аймағындағы кедендік бақылау аймағында орналастыруға жатады.
Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына су және әуе кемелерінің борттарынан немесе пойыздардан түсірілген керек-жарақтармен жүктердің, жолаушылардың және (немесе) багаждың халықаралық тасымалын жүзеге асыратын басқа су және әуе кемелеріне немесе басқа пойыздарға тиеу үшін беруге оларды дайындау үшін қажетті операцияларды жасауға жол беріледі.
7. Керек-жарақтар ретінде шығарылған, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетілетін, осы Кодекстің 364-бабының 5 және 6-тармақтарында көрсетілген тауарлардың декларанты табиғи тозу немесе кему салдарынан не тасымалдаудың (тасудың) және сақтаудың қалыпты жағдайларындағы тауарлардың табиғи қасиеттерінің өзгеруі салдарынан осындай тауарлар санының және (немесе) жай-күйінің өзгеруін қоспағанда, осындай тауарлардың әуе және (немесе) су кемелерінің борттарына олардың керек-жарақтар ретінде шығарылған кездегі мөлшерде және күйде тиелуін қамтамасыз етуге міндетті.
8. Керек-жарақтар ретінде шығарылған шетелдік тауарлар осы Кодексте көзделген кедендік рәсімдермен орналастырылған жағдайда осы тарауда көзделмеген мақсаттарда Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында пайдаланылуы мүмкін.
367-бап. Керек-жарақтар ретінде декларацияланатын (шығарылған) шетелдік тауарларға қатысты кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу бойынша міндеттің туындауы және тоқтатылуы, оларды төлеу мерзімі және есептеу
1. Керек-жарақтар ретінде декларацияланатын шетелдік тауарларға қатысты кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу бойынша міндет кеден органы кедендік декларацияны тіркеген кезінен бастап декларантта туындайды.
2. Керек-жарақтар ретінде декларацияланатын (шығарылған) шетелдік тауарларға қатысты кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу бойынша міндет декларантта мынадай:
1) Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан керек-жарақтар ретінде шығарылған шетелдік тауарлардың іс жүзінде әкетілуі;
2) керек-жарақтар ретінде шығарылған шетелдік тауарлардың осы Кодекстің 366-бабына сәйкес пайдаланылуы;
3) осындай тауарларды осы Кодекске сәйкес кедендік рәсімдермен орналастыру;
4) осы баптың 5-тармағына сәйкес есептелген және төленуге жататын мөлшерлерде кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу бойынша міндетті орындау және (немесе) оларды өндіріп алу;
5) осы Кодекске сәйкес мұндай жойылуға немесе қайтарымсыз жоғалуға дейін осындай шетелдік тауарларға қатысты кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу мерзімі басталған жағдайларды қоспағанда, осындай шетелдік тауарлардың аварияның немесе еңсерілмейтін күш әсерінің салдарынан жойылу және (немесе) қайтарымсыз жоғалу фактісін не осындай тауарлардың тасымалдаудың (тасудың) және (немесе) сақтаудың қалыпты жағдайларындағы табиғи кему нәтижесінде қайтарымсыз жоғалу фактісін уәкілетті орган айқындаған тәртіппен кеден органының тануы;
6) кедендік декларацияны тіркеу кезінде туындаған кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу бойынша міндетке қатысты - керек-жарақ ретінде декларацияланатын шетелдік тауарларды шығарудан бас тарту;
7) кедендік декларацияны тіркеу кезінде туындаған кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу бойынша міндетке қатысты - осы Кодекстің 184-бабына сәйкес тауарларға арналған декларацияны қайтарып алу және (немесе) осы Кодекстің 192-бабының 5-тармағына сәйкес тауарлар шығарылымын тоқтату;
8) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес осындай тауарларды тәркілеу немесе мемлекет меншігіне айналдыру;
9) осы Кодекстің 52-тарауына сәйкес осындай тауарларды кеден органының кідіртуі;
10) қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы хабарламаны тексеру барысында, қылмыстық іс немесе әкімшілік құқық бұзушылық (әкімшілік процесті жүргізу) туралы іс бойынша өндіріс іс жүргізу барысында алынған немесе тыйым салынған және егер бұрын осындай тауарлар шығарылмаған болса, тауарларға қатысты оларды қайтару туралы шешім қабылданған осындай тауарларды уақытша сақтауға қою немесе кедендік рәсімдердің біреуімен орналастыру мән-жайлары басталған кезде тоқтатылады.
3. Осы баптың 4-тармағында көрсетілген мән-жайлар басталған кезде кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу бойынша міндет орындауға жатады.
4. Мынадай мән-жайлар басталған кезде:
1) аварияның немесе еңсерілмейтін күш әсерінің салдарынан жойылуды және (немесе) қайтарымсыз жоғалуды не тасымалдаудың (тасудың) және (немесе) сақтаудың қалыпты жағдайларындағы табиғи кему нәтижесінде қайтарымсыз жоғалуды қоспағанда, керек-жарақтар ретінде декларацияланатын (шығарылған) шетелдік тауарлар жоғалған жағдайда - осындай жоғалу күні, ал егер бұл күн анықталмаса - керек-жарақтар ретінде тауарларды шығару күні;
2) осы тарауда көзделмеген мақсатта Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында осындай шетелдік тауарлар пайдаланылған жағдайда - осындай пайдаланудың бірінші күні, ал егер бұл күн анықталмаса - керек-жарақтар ретінде тауарларды шығару күні керек-жарақтар ретінде декларацияланатын (шығарылған) шетелдік тауарларға қатысты кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу мерзімі болып есептеледі.
5. Осы баптың 4-тармағында көрсетілген мән-жайлар басталған кезде кедендік әкелу баждары, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары керек-жарақтар ретінде шығарылған шетелдік тауарлардың тарифтік преференциялар мен кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеу бойынша жеңілдіктерді қолданбай, ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен орналастырылғанындай төлеуге жатады.
Кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын есептеу үшін керек-жарақтар ретінде тауарларды шығару үшін берілген кедендік декларацияны кеден органы тіркеген күнге қолданыста болатын кедендік әкелу баждарының, салықтардың, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарының мөлшерлемелері қолданылады.
Егер кеден органында тауарлар туралы мәліметтер (сипаты, атауы, саны, шығарылған жері және (немесе) кедендік құны) болмаған жағдайда, төлеуге жататын кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын есептеуге арналған база кеден органында бар мәліметтердің негізінде айқындалады, ал тауарларды сыныптау осы Кодекстің 40-бабының 3-тармағы ескеріле отырып жүзеге асырылады.
Егер тауарлардың кодтары Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына сәйкес оннан аз белгі санымен топтау деңгейінде айқындалған жағдайда:
кедендік әкелу баждарын есептеу үшін мұндай топтауға кіретін тауарларға сәйкес келетін кедендік баждар мөлшерлемелерінің ең жоғарысы қолданылады;
салықтарды есептеу үшін кедендік әкелу баждары мөлшерлемелерінің ең жоғарысы белгіленген, мұндай топтауға кіретін тауарларға сәйкес келетін қосылған құн салығы мөлшерлемелерінің ең жоғарысы және акциздер мөлшерлемелерінің ең жоғарысы қолданылады;
арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын есептеу үшін осы тармақтың бесінші бөлігі ескеріле отырып, мұндай топтауға кіретін тауарларға сәйкес келетін арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары мөлшерлемелерінің ең жоғарысы қолданылады.
Арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары осы Кодекстің 5-тарауына сәйкес расталған тауарлардың шығарылған жері және (немесе) көрсетілген баждарды айқындау үшін қажетті өзге де мәліметтер негізге алына отырып есептеледі. Егер тауарлардың шығарылған жері және (немесе) көрсетілген баждарды айқындау үшін қажетті өзге де мәліметтер расталмаған жағдайда, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары, егер тауарды сыныптау он белгі деңгейінде жүзеге асырылса, Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасының нақ сол кодының тауарларына не егер тауарлардың кодтары Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына сәйкес оннан аз белгі санымен топтау деңгейінде айқындалса, топтауға кіретін тауарларға қатысты белгіленген арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары мөлшерлемелерінің ең жоғарысы негізге алына отырып есептеледі.
Кейіннен тауарлар туралы нақты мәліметтер анықталған кезде кедендік әкелу баждары, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары мұндай нақты мәліметтер негізге алына отырып есептеледі, артық төленген және (немесе) артық өндіріп алынған кедендік әкелу баждары, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарының сомаларын есепке жатқызу (қайтару) осы Кодекстің 11-тарауына және 141-бабына сәйкес не осы Кодекстің 86 және 137-баптарына сәйкес әрекеттер жүргізіледі, осы Кодекстің 12-тарауына және 142-бабына сәйкес төленбеген сомаларды өндіріп алу жүзеге асырылады.
6. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан керек-жарақтар ретінде шығарылған шетелдік тауарлар іс жүзінде әкетілген, кеден органдары осындай тауарларды осы Кодекстің 52-тарауына сәйкес кідірткен не осындай тауарлар кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу және (немесе) оларды өндіріп алу (толық немесе ішінара) бойынша міндет орындалғаннан кейін осы Кодекске сәйкес кедендік рәсімдермен орналастырылған жағдайда, осы бапқа сәйкес төленген және (немесе) өндіріп алынған кедендік әкелу баждарының, салықтардың, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарының сомалары осы Кодекстің 11-тарауына және 141-бабына сәйкес есепке жатқызылуға (қайтарылуға) тиіс.
42-тарау. ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ПОШТА ЖӨНЕЛТІЛІМДЕРІН ЖӘНЕ ОЛАРДА ЖІБЕРІЛЕТІН ТАУАРЛАРДЫ ЕУРАЗИЯЛЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ОДАҚТЫҢ КЕДЕНДІК ШЕКАРАСЫ АРҚЫЛЫ ӨТКІЗУ ТӘРТІБІ МЕН ШАРТТАРЫНЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
368-бап. Халықаралық пошта жөнелтілімдерімен тауарларды жіберу ерекшеліктері
1. Халықаралық пошта жөнелтілімдерімен мынадай тауарларды:
1) Дүниежүзілік пошта одағының актілеріне сәйкес жіберуге тыйым салынған тауарларды;
2) тізбесін Комиссия айқындайтын, халықаралық пошта жөнелтілімдерімен жіберуге жатпайтын тауарларды жіберуге жол берілмейді.
2. Халықаралық пошта жөнелтілімдерін тағайындалған пошта байланысы операторы оларды алушыларға халықаралық пошта жөнелтілімдерімен жіберілетін тауарларды шығару және осы Кодекске сәйкес осындай тауарларға қатысты кедендік төлемдерді, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу шартымен береді.
369-бап. Халықаралық пошта жөнелтілімдеріне және халықаралық пошта жөнелтілімдерімен жіберілетін тауарларға қатысты кедендік операциялар жасау ерекшеліктері
1. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына халықаралық пошта жөнелтілімдері келген кезде немесе олар Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан шыққан кезде тасымалдаушы кеден органына ұсынатын өткізілетін халықаралық пошта жөнелтілімдері туралы мәліметтер оларды тасымалдау кезінде халықаралық пошта жөнелтілімдеріне ілеспе, Дүниежүзілік пошта одағының актілерінде айқындалған құжаттардағы мынадай мәліметтермен шектеледі:
1) халықаралық пошта жөнелтілімдерін жөнелтуші және алушы болып табылатын халықаралық пошта алмасу орындарының (мекемелерінің) атауы;
2) халықаралық пошта жөнелтілімдерінің брутто салмағы (килограммен);
3) жүк орындарының саны.
2. Халықаралық пошта жөнелтілімдерінде тыйым салулар және шектеулер белгіленген тауарлардың болуы туралы мәліметтерді тасымалдаушы, егер тасымалдаушыда мұндай ақпарат болса, кеден органына ұсынады.
3. Аэрограммалар, хаттар, пошта карточкалары мен зағиптарға арналған жөнелтілімдер кедендік декларациялаусыз және кедендік рәсімдермен орналастырылмай кеден органының рұқсатымен Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізіледі.
4. Халықаралық пошта жөнелтілімдерімен жіберілетін тауарларға қатысты кедендік операцияларды кеден органдары халықаралық пошта алмасу орындарында (мекемелерінде) не кеден органы айқындаған өзге де орындарда жасайды.
Халықаралық пошта алмасу орындары (мекемелері) Қазақстан Республикасының пошта туралы заңнамасына сәйкес айқындалады.
Халықаралық пошта алмасу орындары (мекемелері) туралы ақпаратты кеден органдары Комиссияға халықаралық пошта алмасу орындарының (мекемелерінің) ортақ тізбесін қалыптастыру және оны Еуразиялық экономикалық одақтың ресми сайтында орналастыру үшін жібереді.
5. Халықаралық пошта жөнелтілімдерімен жіберілетін, белгіленген тыйым салулар мен шектеулерге сәйкес Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелуге жатпайтын тауарлар, егер осы Кодексте, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше көзделмесе, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан дереу әкетілуге жатады.
Көрсетілген тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкету бойынша шараларды, егер Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасында өзге тұлғалар белгіленбесе, аумағында халықаралық пошта алмасу орны (мекемесі) орналасқан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің тағайындалған пошта байланысы операторы қабылдайды.
6. Халықаралық пошта алмасу орнында (мекемесінде) тыйым салулар мен шектеулердің сақталмауы айқындалған жағдайда, кеден органы Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына тауарларды әкелуге тыйым салу туралы шешім қабылдайды және Дүниежүзілік пошта одағының актілерінде көзделген және халықаралық пошта жөнелтілімдеріне ілеспе құжаттарда Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына тауарларды әкелуге тыйым салу туралы белгіні қою арқылы осындай тыйым салу туралы шешімді кеден органы қабылдаған кезден бастап үш сағаттан кешіктірмей, тағайындалған пошта байланысы операторының назарына жеткізеді.
7. Кеден органының Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына тауарларды әкелуге тыйым салу туралы шешімі алынғаннан кейін осы баптың 5-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген тауарларды мұндай аумақтан дереу әкету мүмкін болмаған жағдайда, осындай тауарларды кеден органдары осы Кодекстің 52-тарауына сәйкес кідіртеді.
8. Халықаралық пошта жөнелтілімдерімен жіберілетін тауарларды кедендік декларациялау кезінде Дүниежүзілік пошта одағының актілерінде көзделген және халықаралық пошта жөнелтілімдеріне ілеспе құжаттар жолаушының кедендік декларациясы ретінде, ал осы баптың 9-тармағында көзделген жағдайларда - тауарларға арналған декларация ретінде пайдаланылуы мүмкін.
2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен 9-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
9. Дүниежүзілік пошта одағының актілерінде көзделген және халықаралық пошта жөнелтілімдеріне ілеспе құжаттар халықаралық пошта жөнелтілімдерімен жіберілетін тауарларды - ішкі тұтыну үшін шығару, экспорт кедендік рәсімдеріне сәйкес, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан халықаралық пошта жөнелтілімдерімен әкетілген және алушыларға табыс етілмеген тауарларды кері импорт кедендік рәсіміне сәйкес кедендік декларациялау кезінде мынадай:
1) осындай тауарларға қатысты кедендік баждар, салықтар төленуге жатпайтын;
2) осындай тауарларға қатысты тыйым салулар мен шектеулер белгіленбеген, ішкі нарықты қорғау шаралары қолданылмайтын жағдайларда, тауарларға арналған декларация ретінде пайдаланылуы мүмкін.
10. Дүниежүзілік пошта одағының актілерінде көзделген және халықаралық пошта жөнелтілімдеріне ілеспе құжаттарды тауарларға арналған декларация немесе жолаушының кедендік декларациясы ретінде пайдалану кезінде мұндай кедендік декларацияны беру, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, оны электрондық түрде ұсынумен бірге жүргізілмейді.
Дүниежүзілік пошта одағының актілерінде көзделген және халықаралық пошта жөнелтілімдеріне ілеспе құжаттарды тауарларға арналған декларация немесе жолаушының кедендік декларациясы ретінде пайдалану кезінде, тағайындалған пошта байланысы операторының электрондық нысанда ұсынған, тауарларға арналған декларацияда немесе жолаушының кедендік декларациясында көрсетілуге жататын мәліметтерді қамтитын жіберілетін тауарлар туралы ақпарат кеден органы мен тағайындалған пошта операторының ақпараттық жүйелері арасында ақпараттық өзара іс-қимыл болған кезде осындай тауарларға арналған декларацияның немесе жолаушының кедендік декларациясының электрондық түрі ретінде пайдаланылуы мүмкін.
11. Халықаралық пошта жөнелтілімдері, егер мұндай халықаралық пошта жөнелтілімдерімен жіберілетін тауарларға қатысты оларды кедендік декларациялау бойынша кедендік операциялар жасалмаған не осындай тауарларды шығарудан бас тартылған жағдайда, тағайындалған пошта байланысы операторының кедендік транзиттің кедендік рәсімінің қолданысы аяқталғаннан кейін күнтізбелік екі күннен кешіктірмей халықаралық пошта алмасу орнына (мекемесіне) уақытша сақтауға орналастыруына жатады.