3) егер кеден органының мәлімделген қосымша есепке жазулардың негізділігіне күмәні бар болса, тауарлардың іс жүзінде төленген немесе төленуге жататын бағаға қосымша есепке жазулардың ықтимал шамасы ескерілген кедендік құны пайдаланылуы мүмкін.
8. Комиссия тауарлардың жекелеген түрлеріне қатысты осы баптың 3-тармағында көзделген талаптарды ескере отырып, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз етудің тіркелген мөлшерлерін белгілеуге құқылы.
9. Одақ туралы шартта көзделген жағдайларда демпингке қарсы бажды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ету осы Кодексте кедендік әкелу баждарын төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын Одақ туралы шартта белгіленген мөлшерде және тәсілдермен қамтамасыз ету үшін айқындалған тәртіппен ұсынылады.
Одақ туралы шартта көзделген мән-жайлар басталған кезде демпингке қарсы бажды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ету демпингке қарсы бажды төлеу есебіне есепке жатқызуға және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер арасында Одақ туралы шартта белгіленген тәртіппен және мөлшерлерде бөлу үшін Одақ туралы шартта айқындалған шотқа есепке жатқызылуға жатады.
10. Арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын осы Кодекстің 96-бабының 3-тармағында көрсетілген тұлғалар қамтамасыз етеді.
Егер кеден өкілі осы Кодекстің 494-бабына сәйкес арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеушімен бірге арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу бойынша ынтымақты міндет атқарған жағдайда, кеден өкілі осы тарауға сәйкес арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз етуге құқылы. Егер арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын кеден өкілі қамтамасыз еткен жағдайда, осы Кодекске сәйкес көзделген, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу жөніндегі міндет орындалуға жататын мән-жайлар басталған кезде арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу жөніндегі мұндай міндетті кеден өкілі осы Кодекстің 494-бабы 5-тармағының ережелеріне қарамастан, өзі атынан өкілдік ететін тұлғамен ынтымақтаса орындайды.
11. Арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ету үшін осы Кодекстің 103-бабында көзделген жағдайларда және тәртіппен кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ету үшін арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын бас қамтамасыз ету қолданылуы мүмкін.
140-бап. Арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарының, өсімпұлдардың, пайыздардың есептелген, есепке жазылған, төленген сомаларын есепке алу
Арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарының, өсімпұлдардың және пайыздардың есептелген, есепке жазылған, төленген сомаларын есепке алуды кеден органы осы Кодекстің 106-бабына сәйкес төлеушінің жеке шотын жүргізу арқылы жүзеге асырады.
141-бап. Арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарының, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ету ретінде енгізілген ақшаның сомаларын есепке жатқызу (қайтару)
1. Алдын ала арнайы, алдын ала демпингке қарсы, алдын ала өтемақы баждарының, сондай-ақ алдын ала баждардың тиісті түрлерін өндіріп алу үшін белгіленген тәртіппен төленген демпингке қарсы, өтемақы баждарының сомаларын есепке жатқызу (қайтару) осы Кодекстің 138-бабының 9-тармағына сәйкес оларды арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарына есепке жатқызуды қоспағанда, Одақ туралы шартта айқындалған жағдайларда жүзеге асырылады.
Көрсетілген сомалар кеден органының ақшаны уақытша орналастыру шотына Қазақстан Республикасының ұлттық валютасында енгізіледі және (немесе) арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ету ретінде осы Кодекстің 98-бабына сәйкес аванстық төлемдер қолданылады.
2. Одақ туралы шартта белгіленген жағдайларда, енгізілген алдын ала арнайы, алдын ала демпингке қарсы, алдын ала өтемақы баждарының сомалары, сондай-ақ алдын ала баждардың тиісті түрлерін өндіріп алу үшін белгіленген тәртіппен төленген демпингке қарсы, өтемақы баждарының сомалары Комиссияның арнайы қорғау, демпингке қарсы, өтемақы шарасын қолдану (тауардың құрауыш бөліктеріне және (немесе) туындыларына ұзарту, қолдану) туралы тиісті шешімі күшіне енген күннен бастап отыз жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде төлеушінің өтінішінсіз бюджетке аударылуға және (немесе) арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарына есепке жатқызылуға жатады.
3. Одақ туралы шартта белгіленген жағдайларда, енгізілген алдын ала арнайы, алдын ала демпингке қарсы, алдын ала өтемақы баждарының сомалары, сондай-ақ алдын ала баждардың тиісті түрлерін өндіріп алу үшін белгіленген тәртіппен төленген демпингке қарсы, өтемақы баждарының сомалары осы баптың 7-тармағының ережелері ескеріле отырып, көрсетілген өтініш кеден органына келіп түскен күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде, төлеушінің өтініші бойынша есепке жатқызылуға және (немесе) қайтарылуға жатады.
4. Арнайы қорғау, демпингке қарсы, өтемақы шарасын қолдану (тауардың құрауыш бөліктеріне және (немесе) туындыларына ұзарту, қолдану) туралы жүргізілген тергеп-тексерудің немесе арнайы қорғау, демпингке қарсы шараларды, өтемақы шараларын енгізу, ұзарту үшін негіздердің болмауы немесе осындай шараларды қолданбау туралы шешімді қабылдау нәтижелері бойынша ақпаратты орналастыру тәртібі Қазақстан Республикасының үшінші елдерге қатысты арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шаралары туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
5. Алдын ала арнайы, алдын ала демпингке қарсы, алдын ала өтемақы баждарының, сондай-ақ алдын ала баждардың тиісті түрлерін алу үшін белгіленген тәртіппен төленген демпингке қарсы, өтемақы баждарының сомаларын кеден органының ақшаны уақытша орналастыру шотынан қайтару туралы және (немесе) арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ету ретінде пайдаланылатын аванстық төлемдердің сомаларын есепке жатқызу және (немесе) қайтару туралы өтінішті төлеуші кеден органына Одақ туралы шартта белгіленген жағдайлар басталғаннан кейін осы баптың 7-тармағының ережелерін ескере отырып, бірақ осы Кодекстің 143-бабында белгіленген ескіру мерзімінің өтуінен кешіктірмей береді.
6. Арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ету ретінде енгізілген аванстық төлемдерді есепке жатқызуды (қайтаруды), сондай-ақ кеден органының ақшаны уақытша орналастыру шотынан ақша сомаларын аударуды және (немесе) қайтаруды кеден органы:
1) орындалуы арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарынтөлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ету ретінде енгізілген ақшамен қамтамасыз етілген арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу жөніндегі міндет толық көлемде орындалған, тоқтатылған не туындамаған;
2) өсімпұлдар, пайыздар бюджетке төленген;
3) арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ету ретінде енгізілген ақшаның орнына арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын басқа тәсілмен қамтамасыз ету ұсынылған;
4) осы Кодекстің 143-бабында белгіленген ескіру мерзімі өтпеген жағдайларда, төлеушінің өтініші бойынша жүзеге асырады.
7. Төлеушіде кедендік баждарды, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын, өсімпұлдарды, пайыздарды төлеу жөнінде белгіленген мерзімде орындамалған (толық немесе ішінара) міндет болған кезде арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарының, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ету ретінде енгізілген ақшаның сомаларын осындай орындалмаған міндет мөлшерінде қайтару жүзеге асырылмайды.
Арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарының сомаларын есепке жатқызу, сондай-ақ осындай сомаларды осы Кодекстің 139-бабы 9-тармағының екінші бөлігіне сәйкес демпингке қарсы бажды төлеу есебіне есепке жатқызуды қоспағанда, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ету ретінде енгізілген ақшаның сомаларын, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ету ретінде енгізілген ақша сомаларын есепке жатқызу арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарының сомаларын көрсетілген міндетті орындау есебіне есепке жатқызуды қоспағанда, төлеушіде белгіленген мерзімде орындалмаған (толық немесе ішінара) кедендік баждарды, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын, өсімпұлдарды, пайыздарды төлеу жөніндегі міндет болған кезде жүргізілмейді.
8. Арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ету сомасын кеден органының ақшаны уақытша орналастыру шотынан қайтаруды кеден органы төлеушінің банктік шотына, көрсетілген сома енгізілген ақшаны уақытша орналастыру шотына жүзеге асырады.
9. Арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ету сомасын ақшаны уақытша орналастыру шотынан қайтару кезінде ол бойынша сыйақы төленбейді, сомалар индекстелмейді, банк қызметтерін көрсету жөніндегі тарифтерді кеден органы аударылатын қаражат есебінен төлейді.
10. Қамтамасыз ету сомасын ақшаны уақытша орналастыру шотынан қайтаруға төлеушінің өтініші болмаған немесе мұндай сома алдағы кедендік баждарды, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын, өсімпұлдарды, пайыздарды төлеу есебіне аударылған жағдайда, кеден органы бір мезгілде мынадай шарттар сақталған:
төлеушіде кедендік баждарды, кедендік алымдарды, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын, өсімпұлдарды, пайыздарды төлеу жөнінде белгіленген мерзімде орындалмаған (толық немесе ішінара) міндет, сондай-ақ кедендік баждарды, кедендік алымдарды, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын, өсімпұлдарды, пайыздарды төлеу жөніндегі берешек болмаған;
осы Кодекстің 143-бабында белгіленген талап қоюдың ескіру мерзімі аяқталған кезде, қамтамасыз ету сомасын бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындаған тәртіппен, ақшаны уақытша орналастыру шотынан бюджетке аударады.
11. Арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ету ретінде енгізілген аванстық төлемдердің сомаларын есепке жатқызу (қайтару) уәкілетті орган көздеген тәртіппен және мерзімдерде жүзеге асырылады.
12. Арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары ретінде төленген немесе өндіріп алынған, нақты тауарларға қатысты арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарының нақты түрлері және сомалары ретінде сәйкестендірілген және мөлшері Одақ туралы шартқа сәйкес төленуге жататын арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарының мөлшерінен асатын ақша артық төленген немесе артық өндіріп алынған арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары болып табылады.
13. Мынадай жағдайларда:
1) арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары осы баптың 2-тармағына сәйкес артық төленген немесе артық өндіріп алынған арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары болып табылған;
2) Одақ туралы шартқа сәйкес айқындалған шоттарға төленген арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары нақты тауарларға қатысты арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарының сомалары ретінде сәйкестендірілмеген;
3) егер осы тауарларға қатысты арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарынтөлеу жөніндегі міндет бұрын орындалған болса, тауарлар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тәркіленген немесе мемлекет меншігіне айналдырылған;
4) егер кедендік декларация не тауарларды тауарларға арналған декларация берілгенге дейін шығару туралы өтініш тіркелген кезде туындаған арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу жөніндегі міндет бұрын орындалса, тауарларды мәлімделген кедендік рәсімге сәйкес шығарудан бас тартылған;
5) егер кедендік декларация тіркелген кезде туындаған арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу жөніндегі міндет бұрын орындалған болса, кедендік декларация осы Кодекстің 184-бабына сәйкес кері қайтарып алынған және (немесе) осы Кодекстің 192-бабының 5-тармағына сәйкес тауарларды шығарудың күші жойылған;
6) осы Кодекстің 323-бабында көзделген жағдайда;
7) осы Кодекстің 175-бабының 7-тармағына сәйкес белгіленген кедендік декларациялау ерекшеліктерін қолдануға байланысты осы Кодексте көзделген жағдайда;
8) осы Кодексте және (немесе) Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі халықаралық шарттарда көзделген өзге де жағдайларда, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарының сомалары осы бапқа сәйкес есепке жатқызылуға (қайтарылуға) жатады.
14. Тауарларға арналған декларацияда мәлімделген есептелген арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары туралы мәліметтерге белгіленген тәртіппен өзгерістер (толықтырулар) енгізілген не осы Кодекстің 83-бабының 4-тармағында көрсетілген кеден құжатындағы есептелген арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары туралы мәліметтерге белгіленген тәртіппен түзету жасалған кезде және артық төленген және (немесе) артық өндіріп алынған арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарының сомаларын есепке жатқызу (қайтару) үшін осы Кодексте белгіленген өзге де шарттар сақталған кезде, кеден органы артық төленген және (немесе) артық өндіріп алынған арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарының сомаларын есепке жатқызуды (қайтаруды) жүзеге асырады.
15. Осы баптың 13-тармағының 3), 4), 5), 6), 7) және 8) тармақшаларында көрсетілген жағдайларда арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарының сомаларын есепке жатқызу (қайтару) арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарының сомаларын есепке жатқызуға (қайтаруға) алып келетін мән-жайлардың басталуы уәкілетті орган айқындаған тәртіппен кеден органына расталған кезде және арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарының сомаларын есепке жатқызу (қайтару) үшін осы Кодексте белгіленген өзге де шарттар сақталған кезде жүзеге асырылады.
16. Арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарының сомаларын есепке жатқызу (қайтару) Одақ туралы шарттың ережелері ескеріле отырып, кедендік әкелу баждарын есепке жатқызу (қайтару) үшін көзделген тәртіппен және мерзімдерде жүзеге асырылады.
142-бап. Арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын өндіріп алу
Осы Кодекстің 137-бабының 6-тармағында көрсетілген жағдайларда кеден органы арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын өндіріп алу жөнінде шаралар қабылдайды. Арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын өндіріп алу кезінде осы Кодекстің 12-тарауында көзделген өндіріп алу жөніндегі шаралар қолданылады.
143-баптың қолданысы 2020 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатылды, тоқтатыла тұру кезеңінде осы бап 551-баптың редакциясында қолданылады
143-бап. Арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары, өсімпұлдар, пайыздар бойынша талап қоюдың ескіру мерзімі
1. Соның барысында:
1) кеден органы арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарының сомасын төлеушіге есептеуге (есепке жазуға) немесе төлеуші есептеген олардың сомасын, сондай-ақ есепке жазылған өсімпұлдардың, пайыздардың сомасын қайта қарауға құқылы болатын;
2) төлеуші Одақ туралы шарттың ережелерін ескере отырып, кеден органдарынан арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарының, өсімпұлдардың, пайыздардың, оның ішінде арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ету ретінде енгізілген аванстық төлемдердің сомаларын есепке жатқызуды және (немесе) қайтаруды жүргізуді талап етуге құқылы болатын;
3) төлеуші кеден органдарынан кеден органының ақшаны уақытша орналастыру шотына енгізілген ақшаны қайтаруды және (немесе) алдағы кедендік баждарды, салықтарды, кедендік алымдарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын, өсімпұлдарды, пайыздарды төлеу есебіне бюджетке аударуды талап етуге құқылы болатын;
4) төлеуші кеден органдарының талап етуі бойынша арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарының, өсімпұлдардың, пайыздардың сомаларын төлеуге міндетті болатын;
5) төлеуші Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасына сәйкес кедендік декларацияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы өтініш беруге құқылы болатын уақыт кезеңі кеден органдарының талаптары бойынша немесе төлеушінің талаптары бойынша талап қоюдың ескіру мерзімі болып табылады.
2. Егер осы бапта өзгеше көзделмесе, кеден органдарының және төлеушілердің талаптары бойынша талап қоюдың ескіру мерзімі үш жылды құрайды.
Мынадай санаттағы:
1) «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) сәйкес салықтық мониторингке жататын;
2) жер қойнауын пайдалану (отын-энергетика секторы) саласында қызметін жүзеге асыратын;
3) уәкілетті экономикалық операторлар тізіліміне енгізілген төлеушілер үшін кеден органдарының және төлеушілердің талаптары бойынша талап қоюдың ескіру мерзімі бес жылды құрайды.
3. Кеден органдарының және төлеушілердің талаптары бойынша талап қоюдың ескіру мерзімі:
1) осы баптың 4-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, тауарларды кедендік декларациялау және шығару аяқталған;
2) арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын ақшамен, оның ішінде аванстық төлемдер есебінен қамтамасыз ету кеден органында тіркелген күннен бастап есептеледі.
4. Таңдап алынған кедендік рәсімге сәйкес кедендік бақылауда тұрған тауарлар бойынша кеден органы тауарлардың кедендік бақылауда тұру мерзімі және, егер осы баптың 2-тармағында өзге мерзім белгіленбесе, тауарлардың кедендік бақылауда тұрған кезеңі аяқталғаннан кейін үш жыл ішінде арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарының, өсімпұлдардың, пайыздардың төленуге жататын сомаларын есептеуге немесе қайта қарауға құқылы.
5. Осы баптың 1-тармағында белгіленген талаптар бойынша талап қоюдың ескіру мерзімі өтіп кеткен жағдайда:
1) кедендік бақылау жүргізу кезеңінде, оның ішінде тауарлар шығарылғаннан кейін - талап қоюдың ескіру мерзімі осындай кедендік бақылауды жүргізу, кеден органының арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары, өсімпұлдар, пайыздар бойынша берешек өтелгенге дейін кедендік бақылау жүргізу нәтижелері бойынша қабылданған шешімін орындау мерзіміне ұзартылады;
2) төлеуші Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен кедендік тексеру нәтижелеріне және (немесе) уәкілетті органның шағымды қарау нәтижелері бойынша шығарылған шешіміне, сондай-ақ кеден органының және (немесе) кеден органы лауазымды адамының шешіміне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасаған жағдайда - талап қоюдың ескіру мерзімі шағымды қарау және кеден органының шағымды қарау нәтижелері бойынша шығарған шешімін орындау мерзіміне, ал сот тәртібімен шағым жасалған жағдайда - сот талқылауы жүргізілген және сот актісі заңды күшіне енетін мерзімге ұзартылады.
3-БӨЛІМ.КЕДЕНДІК ОПЕРАЦИЯЛАР ЖӘНЕ ОЛАРДЫ ЖАСАЙТЫН ТҰЛҒАЛАР
14-тарау. КЕДЕНДІК ОПЕРАЦИЯЛАР ЖӘНЕ ОЛАРДЫ ЖАСАЙТЫН ТҰЛҒАЛАР ТУРАЛЫ ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
144-бап. Кедендік операцияларды жасау тәртібі
1. Кедендік операциялар, оның ішінде тауарларды кедендік тазартуға байланысты операциялар және оларды жасау тәртібі - осы Кодексте, Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасында, ал Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасында айқындалмаған бөлігінде не Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасында көзделген жағдайларда Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес айқындалады.
Тауарларды кедендік тазарту деп Еуразиялық экономикалық одақтың және Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында белгіленген, тауарларды ішкі тұтынуға енгізу үшін, олардың экспорты үшін немесе тауарларға өзге де кедендік рәсімді қолдану үшін қажетті кедендік операцияларды жасау түсініледі.
Кеден органдары лауазымды адамдарының тауарларды кедендік тазартуды жасау тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
2. Кедендік операцияларды жасау тәртібі мен нұсқаулықтары Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлар санаттарына, тауарларды, тұлғаларды тасымалдау (тасу) жүзеге асырылатын көлік түріне, тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізетін адамдарға, тауарларды кедендік декларациялау мен шығару ерекшеліктеріне, сондай-ақ тауарлар орналастырылатын кедендік рәсімдерге байланысты айқындалады.
Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында белгіленетін кедендік операцияларды жасау тәртібі мен нұсқаулықтары кедендік-тарифтік реттеу шараларын, тыйым салулар мен шектеулерді, ішкі нарықты қорғау шараларын толық не ішінара қолданбауға алып келмеуге тиіс.
3. Кедендік операциялар тауарлардың шыққан жеріне, тауарларды жөнелтуші елге және межелі еліне қарамастан бірдей жасалады.
4. Кеден органдарының кедендік операцияларды жасау кезіндегі талаптары негізделген болуға және Еуразиялық экономикалық одақтың және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету үшін қажетті талаптармен шектелуге тиіс.
145-бап. Кеден органдарының кедендік операцияларды жасау орны мен уақыты
1. Кедендік операцияларды кеден органдары өздері орналасқан орындарда және өздерінің жұмыс уақытында жасайды.
2. Осы Кодексте көзделген не уәкілетті орган көздеген жағдайларда, мүдделі тұлғаның уәжді сұрау салуы бойынша кеден органдары жекелеген кедендік операцияларды кеден органдары орналасқан орыннан тыс және (немесе) жұмыс уақытынан тыс жасауы мүмкін.
3. Жекелеген кедендік операциялардың тізбесін, оларды жасау тәртібін, сондай-ақ кедендік операцияларды жасау орындарын уәкілетті орган бекітеді.
146-бап. Кедендік операцияларды жасау үшін қажетті құжаттар және (немесе) мәліметтер
1. Осы Кодексте айқындалған тұлғалар кеден органдарына осы Кодекске сәйкес кедендік операцияларды жасау үшін қажетті құжаттарды және (немесе) мәліметтерді ұсынуға міндетті.
Кеден органдары осы Кодексте айқындалған тұлғалардан Қазақстан Республикасының кеден және өзге де заңнамасының, Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету үшін қажетті құжаттарды және (немесе) мәліметтерді ғана ұсынуды талап етуге құқылы.
2. Кедендік операцияларды жасау үшін қажетті құжаттарды және (немесе) мәліметтерді олар жасалған кезде, егер мұндай құжаттар туралы мәліметтерді және (немесе) олардан алынатын мәліметтерді және (немесе) кеден органдарына кедендік операцияларды жасау үшін қажетті өзге де мәліметтерді кеден органдары Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің кеден органдары мен мемлекеттік органдарының (ұйымдарының) ақпараттық өзара іс-қимылы шеңберінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің кеден органдарының ақпараттық жүйелерінен, сондай-ақ мемлекеттік органдарының (ұйымдарының) ақпараттық жүйелерінен ала алатын болса, кеден органына ұсынбауға болады. Мұндай жағдайда осы Кодексте айқындалған тұлғалар осы құжаттар және (немесе) мәліметтер туралы мәліметтерді кедендік декларацияда көрсетеді немесе оларды кеден органдарына осы Кодекске сәйкес өзге тәсілмен ұсынады.
Осы тармақтың ережелерін іске асыру мақсатында кеден органдарының кедендік операцияларды жасау үшін қажетті құжаттар туралы мәліметтерді және (немесе) осындай құжаттардан алынатын мәліметтерді және (немесе) кеден органдарына кедендік операциялар жасау үшін қажетті өзге де мәліметтерді ақпараттық өзара іс-қимыл шеңберінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің кеден органдарының ақпараттық жүйелерінен, сондай-ақ мемлекеттік органдарының (ұйымдарының) ақпараттық жүйелерінен алу мүмкіндігі туралы ақпарат кеден органдарының интернет-ресурстарына орналастыру және (немесе) ақпаратты өзге де тәсілмен тарату арқылы жалпы жұрттың назарына жеткізіледі.
3. Кедендік операцияларды жасау үшін қажетті құжаттардың және (немесе) мәліметтердің тізбесі, оларды ұсыну тәсілі мен мерзімдері осы Кодекске сәйкес белгіленеді.
4. Кеден органдары ақпараттық өзара іс-қимыл шеңберінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің кеден органдарының және мемлекеттік органдарының (ұйымдарының) ақпараттық жүйелерінен алуы мүмкін мәліметтердің құрамы мен осындай мәліметтерді алу тәртібін Комиссия айқындайды, ал ақпараттық өзара іс-қимыл Қазақстан Республикасының кеден органы мен мемлекеттік органдары (ұйымдары) арасында жүзеге асырылатын жағдайларда - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгіленеді.
5. Кеден органдары құжаттардағы мәліметтерді өзгертпейтін, кеден органының шешімдер қабылдауына әсер ететін қатемен жазудың немесе грамматикалық қателердің болуы себебінен құжаттарды қабылдаудан бас тартуға құқылы емес.
6. Кедендік операцияларды жасау үшін қажетті құжаттар электрондық құжаттар немесе қағаз жеткізгіштегі құжаттар түрінде ұсынылады. Егер Одақ туралы шартта, Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасында және (немесе) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында мұндай құжаттардың түпнұсқаларын міндетті түрде ұсыну белгіленбесе, көрсетілген құжаттардың көшірмелерін (оның ішінде электрондық құжаттардың қағаз көшірмелерін) ұсынуға болады.
7. Кедендік операцияларды жасау үшін кеден органдарына қазақ, орыс немесе шет тілдерінде жасалған құжаттар ұсынылуы мүмкін.
Кеден органы қазақ немесе орыс тілі болып табылмайтын тілде жасалған кедендік операцияларды жасау үшін қажетті құжаттарда қамтылған мәліметтердің аудармасын талап етуге құқылы.