7. Егер көлік құралын міндетті техникалық қарап тексеруден өткізу нәтижелері бойынша ақаулар және көлік құралы мен оның тіркемелерін пайдалануға тыйым салатын жағдайлар анықталмаса, міндетті техникалық қарап тексеру өткізілді деп танылады.
Бұл жағдайда көлік құралы иесіне міндетті техникалық қарап тексеруден өтудің белгіленген мерзімділігіне сәйкес келесі міндетті техникалық қарап тексеруден өту мерзімі көрсетіле отырып, техникалық қарап тексерудің диагностикалық картасы беріледі.
8. Егер мiндеттi техникалық қарап тексеруден өткiзу нәтижелерi бойынша ақаулар және көлiк құралдары мен олардың тiркемелерiн пайдалануға тыйым салатын жағдайлар анықталса, мiндеттi техникалық қарап тексеру өткiзiлмеді деп танылады.
Бұл жағдайда көлiк құралы иесiне техникалық қарап тексерудің диагностикалық картасы ақаулары көрсетiле отырып берiледi.
9. Анықталған ақаулар және механикалық көлiк құралы мен оның тіркемелерін пайдалануға тыйым салатын жағдайлар жойылғаннан кейiн механикалық көлік құралы мен оның тіркемелерінің иесi оны қайта мiндеттi техникалық қарап тексеруден өткiзуге ұсынады.
Механикалық көлік құралы мен оның тіркемелерін қайта техникалық қарап тексеру алғашқы міндетті техникалық қарап тексеру өткізілген техникалық қарап тексеру орталығында не өзге де техникалық қарап тексеру орталығында өткізіледі.
Механикалық көлiк құралы мен оның тіркемелерін алғашқы мiндеттi техникалық қарап тексеру өткізілген техникалық қарап тексеру орталығында қайта техникалық қарап тексеруден өткiзу кезінде техникалық қарап тексеру белгiленген критерийлерге сай болмаған және техникалық қарап тексерудің диагностикалық картасында көрсетiлген позициялар бойынша ғана жүргiзiледi. Бұл жағдайда төлем қайтадан тексерiлетiн позицияларды тексергені үшiн ғана алынады.
Мiндеттi техникалық қарап тексеруден өткiзу кезiнде ақаулар анықталғаннан кейiн қайта мiндеттi техникалық қарап тексеруге механикалық көлiк құралы мен оның тіркемелерін ұсынудың ең ұзақ мерзiмi күнтiзбелiк он күндi құрайды.
10. Механикалық көлік құралы мен оның тіркемелерінің иесі анықталған ақауларды және механикалық көлiк құралы мен оның тiркемелерiн пайдалануға тыйым салатын жағдайларды жою жөніндегі жұмыстардың орындалатын жерін және оның орындаушысын өзі анықтайды.
11. Егер міндетті техникалық қарап тексеруден өткізу барысында техникалық қарап тексеру операторы механикалық көлік құралының техникалық ақауларын анықтамаса не мұндай ақауларды анықтап, бірақ бұлар туралы мәліметтерді техникалық қарап тексерудің диагностикалық картасына енгізбесе, техникалық қарап тексеру операторы механикалық көлік құралы иесінің не үшінші тұлғалардың өміріне, денсаулығына немесе мүлкіне осындай ақаулардың салдарынан келтірілген зиянды толық көлемде өтеуге міндетті.
12. Техникалық қарап тексеру операторының міндетті техникалық қарап тексеруді өткізуден бас тартуына:
1) көлік құралы иесінің көлік құралын мемлекеттік тіркеу туралы куәлікті ұсынбауы;
2) иесінің көлік құралын ұсынбауы;
3) көлік құралын мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің деректеріне сәйкес келмейтін, нөмірлік агрегаттары (шасси, шанақ) уәкілетті органмен келісілмей ауыстырылған көлік құралын міндетті техникалық қарап тексеруге ұсыну;
4) мемлекеттік тіркеу нөмірі белгілері жоқ көлік құралдарын міндетті техникалық қарап тексеруге ұсыну негіздер болып табылады.
13. Жергілікті атқарушы органдар өз құзыреті шегінде қызмет өңірі шегінде механикалық көлік құралдары мен олардың тіркемелерін міндетті техникалық қарап тексеруден өткізу кестесін келіседі.
2016.29.03. № 479-V ҚР Заңымен 89-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
89-бап. Техникалық қарап-тексеру операторларының тiзiлiмi
1. Көлiк және коммуникация саласындағы уәкiлеттi орган техникалық қарап-тексеру операторларының тiзiлiмiн жүргiзедi, оны өзiнiң интернет-ресурсында орналастыруды жүзеге асырады.
Техникалық қарап-тексеру операторларының тізілімін жүргізу тәртібін көлік және коммуникация саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
Техникалық қарап-тексеру операторы көлiк құралдарын мiндеттi техникалық қарап-тексеруден өткiзу жөнiндегi қызметтi көлiк және коммуникация саласындағы уәкiлеттi органға «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен хабарлама берген күннен бастап жүзеге асырады.
2. Көлiк құралдарын мiндеттi техникалық қарап-тексеруден өткiзу жөнiндегi қызметтi жүзеге асыру үшін техникалық қарап-тексеру операторларына қойылатын талаптар:
1) заңды тұлға үшін - заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркелу;
2) дара кәсіпкер үшін - дара кәсіпкер ретінде тіркелу;
3) техникалық қарап-тексерудің стационарлық желісін ашқан жағдайда - меншік немесе иелену және пайдалану құқығындағы жылжымайтын мүлкі;
4) сынау жабдығының және өлшем құралдарының болуы.
90-бап. 2016.29.03. № 479-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
91-бап. Техникалық қарап тексеру операторларының құқықтары мен міндеттері
1. Техникалық қарап тексеру операторлары:
1) техникалық қарап тексеру орталықтарының өндірістік үй-жайы мен аумағының мемлекеттік стандарттарда белгіленген талаптарға сәйкестігін қамтамасыз етуге;
2) біліктілігі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген біліктілік талаптарына сай келетін қызметкерлерге міндетті техникалық қарап тексеруді өткізуге рұқсат беруге;
3) міндетті техникалық қарап тексеруден өткізу кезіндегі жұмыстарды орындау процесінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарды сақтауға;
4) көлік құралдары иелерінің өтініші бойынша механикалық көлік құралдары мен олардың тіркемелерін міндетті техникалық қарап тексеруден өткізу кезінде орындалатын жұмыстарға қатысты өзге де мәліметтерді хабарлауға;
5) қарап тексерілген механикалық көлік құралдары мен олардың тіркемелерінің техникалық жай-күйі туралы мәліметтерді электрондық түрде есепке алуды жүзеге асыруға;
6) көлік құралын мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің деректеріне сәйкес келмейтін нөмірлік агрегаттарды (қозғалтқыш, шасси, шанақ) ауыстыру, мемлекеттік тіркеу нөмірі белгілері жоқ не көлік құралын мемлекеттік тіркеу туралы куәлікте көрсетілгендерге сәйкес келмейтін белгілері бар көлік құралдарын техникалық қарап тексеруге ұсыну фактілері туралы ішкі істер органдарына хабарлауға;
7) міндетті техникалық қарап тексеруден өткізу нәтижелері бойынша механикалық көлік құралдары мен олардың тіркемелерін міндетті техникалық қарап тексерудің бірыңғай ақпараттық жүйесіне мәліметтер беруге;
8) көлiк және коммуникация саласындағы уәкiлеттi органды техникалық қарап тексеру орталығының орналасқан жерінің өзгергені туралы күнтізбелік бес күн ішінде хабардар етуге;
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 9) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
9) жергiлiктi атқарушы органдармен келiсу бойынша қызмет өңiрi шегiнде мiндеттi техникалық қарап-тексеруден өткiзу үшін шығу графигін жасауға;
10) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзге де талаптарды сақтауға міндетті.
2. Техникалық қарап тексеру операторларына:
1) көлік құралын мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің деректеріне сәйкес келмейтін, уәкілетті органмен келісілмей ауыстырылған нөмірлік агрегаттары (шасси, шанақ) бар, сондай-ақ белгіленген талаптар бұзыла отырып, қайта жабдықталған, мемлекеттік тіркеу нөмірі белгілері жоқ көлік құралдарын міндетті техникалық қарап тексеруден өткізуге;
2) міндетті техникалық қарап тексеруді өткізуден негізсіз бас тартуға;
3) міндетті техникалық қарап тексеруден өткізу мерзімінің бұзылуына байланысты міндетті техникалық қарап тексеруден өткізу шарттарын өзгертуге;
4) көлік құралының иесінен міндетті техникалық қарап тексеруден өткізуге байланысты қосымша сыйақы талап етуге тыйым салынады.
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 92-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
92-бап. Міндетті техникалық қарап тексеруді ұйымдастыру және одан өткізу тәртібінің сақталуына мемлекеттік бақылау
Техникалық қарап тексеру операторларының механикалық көлік құралдары мен олардың тіркемелерін міндетті техникалық қарап тексеруді ұйымдастыру және одан өткізу тәртібін сақтауына мемлекеттік бақылау Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес тексеру және профилактикалық бақылау нысанында жүзеге асырылады.».
14-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
93-бап. Қазақстан Республикасының жол жүрісі туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
Жол жүрісі саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін кінәлі тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
94-бап. Айналасындағыларға жоғары қауіптілік төндіретін, жол жүрісі саласындағы қызметтен келтірілген зиян үшін жауаптылық
1. Жеке және заңды тұлғалардың жол жүрісі саласындағы қызметі айналасындағыларға жоғары қауіптілік төндіретін қызметке (жол жүрісі саласында тәуекелдері бар ұйымдар, көлік құралдарының иелері және тағы басқалар), ал көлік құралдары мен жолдар жоғары қауіптілік көзіне жатқызылады.
2. Қызметі жоғары қауіптілікпен байланысты жеке және заңды тұлғалар жоғары қауіптілік көзінен келтірілген зиянды Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде белгіленген тәртіппен өтеуге міндетті.
95-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі.
2. «Жол жүрісі қауіпсіздігі туралы» 1996 жылғы 15 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1996 ж., № 14, 273-құжат; 2001 ж., № 24, 338-құжат; 2003 ж., № 10, 54-құжат; № 12, 82-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат; 2005 ж., № 7-8, 23-құжат; 2006 ж., № 1, 5-құжат; № 24, 148-құжат; 2007 ж., № 2, 18-құжат; 2008 ж., № 13-14, 54-құжат; № 23, 114-құжат; 2009 ж., № 23, 100-құжат; 2010 ж., № 24, 146-құжат; 2011 ж., № 1, 7-құжат; № 2, 25-құжат; № 11, 102-құжат; № 12, 111-құжат; 2012 ж., № 8, 64-құжат; № 15, 97-құжат; № 21-22, 124-құжат; 2013 ж., № 1, 3-құжат; № 9, 51-құжат; № 14, 72, 75-құжаттар; № 16, 83-құжат; 2014 ж., № 1, 4-құжат) күші жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2014 жылғы сәуірдің 17-і.
№ 194-V