6. Қажет болған жағдайда аумақтық органдар жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасынан жеке сот орындаушыларының істердің әлеуметтік маңызы бар санаттарын орындауы туралы қосымша ақпарат сұратып алуға құқылы.
10-тарау. МҮЛІКТІК ЕМЕС СИПАТТАҒЫ АТҚАРУШЫЛЫҚ ҚҰЖАТТАРДЫ ОРЫНДАУ
104-бап. Борышкерді белгілі бір әрекеттер жасауға немесе оларды жасаудан тартынуға міндеттейтін атқарушылық құжаттарды орындау тәртібі мен орындамаудың салдары
1. Борышкердi тек өзi ғана жасай алатын әрекеттi жасауға немесе оларды жасаудан тартынуға мiндеттейтiн атқарушылық құжатты орындау кезiнде сот орындаушысы борышкерге мерзiм белгiлей отырып, осындай әрекет жасау туралы хабарлама немесе оларды жасаудан тартыну қажеттiгi туралы хабарлама жiбередi.
2020.26.06. № 349-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2020.29.06. № 351-VI ҚР Заңымен (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 2-тармақ өзгертілді
2. Борышкер сот орындаушысының талаптарын белгiленген мерзiмде орындамаған жағдайда сот орындаушысы борышкерден мемлекет кірісіне мерзімі өткен әрбір күн үшін жеке адамдардан екі айлық есептік көрсеткіш және заңды тұлғалардан он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде өсімпұл өндіріп алу туралы ұсыныспен сотқа жүгінеді.
Өндіріп алынатын өсімпұлдың шекті мөлшерін жеке тұлғалар үшін үш жүз алпыс айлық есептiк көрсеткiштен, заңды тұлғалар үшiн тоғыз жүз айлық есептiк көрсеткiштен асыруға болмайды.
Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері үшін өндіріп алынатын өсімпұлдың мөлшері алты жүз айлық есептік көрсеткіштен, ал «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын борышкер үшін он бес айлық есептік көрсеткіштен аспауға тиіс.
Осы тармақтың ережесі әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен шығарылған атқарушылық құжаттарды орындауға қолданылмайды.
3. Борышкер сот орындаушысының талаптарын белгiленген мерзiмде орындамаған жағдайда және егер борышкерді белгілі бір әрекеттерді жасауға міндеттейтін атқарушылық құжатты орындау үшін борышкердің қатысуы міндетті болмаса және бұл әрекеттерді өндіріп алушы жасай алатын болса, сот орындаушысы осы Заңмен өзіне берілген құқықтарға сәйкес өндіріп алушының атқарушылық құжатты орындауын ұйымдастырады.
105-бап. Жұмысқа қайта қабылдау туралы атқарушылық құжатты орындау тәртібі мен орындамаудың салдары
1. Ұйымның басшысы (жұмыс берушi) жұмысқа қайта қабылдау туралы атқарушылық құжатты орындамаған жағдайда сот орындаушысы қызметкерге орташа жалақысын немесе қызметкердi жұмысқа қайта қабылдау туралы шешiм шығарылған күннен бастап оны орындаған күнге дейiнгi бүкіл уақыт үшін жалақысының айырмасын төлеу туралы, сондай-ақ ұйым басшысынан (жұмыс берушіден) мемлекет кірісіне мерзімі өткен әрбір күн үшін жеке адамдардан бес айлық есептік көрсеткіш және заңды тұлғалардан он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде өсімпұл өндіріп алу туралы қаулы шығару жөнiндегі ұсыныспен сотқа жүгінеді.
2. Жұмысқа қайта қабылдау туралы шешiмнiң орындалуы жұмыс беруші жұмыстан босату немесе ауыстыру туралы өзінің заңсыз актісінің күшін жою туралы акт шығарғаннан кейiн жұмыстан заңсыз босатылған немесе ауыстырылған қызметкер бұрынғы мiндеттерiн атқаруға iс жүзiнде кіріскен сәттен бастап аяқталған болып есептеледi.
106-бап. Борышкердi үйден шығару туралы атқарушылық құжатты орындау
2014.29.12. № 270-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Борышкердi тұрғынжайдан шығару туралы атқарушылық құжат сот орындаушысы белгiлеген мерзiмде орындалмаған жағдайда, тұрғынжайдан шығару - куәгерлердiң, ішкі істер органдары қызметкерлерінің қатысуымен, ал кәмелетке толмаған балалары бар меншік иесін, сондай-ақ оның қорғаншылығында немесе қамқоршылығында кәмелетке толмағандар бар меншік иесін тұрғынжайдан шығарған жағдайда, қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган өкілінің қатысуымен мәжбүрлеп жүзеге асырылады.
2014.15.01. № 164-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2020.26.06. № 349-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 2-тармақ өзгертілді
2. Сот орындаушысы борышкерді үйден шығару уақыты туралы хабардар етеді. Үйден шығару уақыты туралы тиісінше хабардар етілген борышкердің болмауы атқарушылық құжатты орындауға кедергі болып табылмайды.
Үйден шығару атқарушылық құжатта көрсетiлген үй-жайды қоныс аударушыдан (аударушылардан), оның (олардың) мүлiктерiнен, үй жануарларынан босатудан және қоныс аударушының (аударушылардың) босатылған үй-жайды пайдалануына тыйым салудан тұрады.
3. Үйден шығаруды жүргізу кезiнде босатылатын үй-жайдан шығарылатын мүлiктiң тiзiмдемесi жасалады және қажет болған жағдайларда шыққан шығыс борышкерге жүктелiп, оны сақтау қамтамасыз етiледi. Борышкердiң мүлкiн сақтау екі айдан аспайтын мерзiмде жүзеге асырылады, ол аяқталған соң аталған мүлiк осы Заңда белгiленген тәртiппен сатылады.
2020.26.06. № 349-VI ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Борышкердің мүлкін сатудан түскен және атқару санкциясын орындау жөніндегі шығыстар өтелгеннен және жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төленгеннен кейін қалған ақша борышкерге қайтарылады. Борышкер талап етпеген ақша аумақтық органның қолма-қол ақшаны бақылау шотында немесе жеке сот орындаушысының өндіріп алушылардың пайдасына өндіріп алынған сомаларды сақтауға арналған ағымдағы шотында сақталады. Үш жыл өткеннен кейін аталған ақша республикалық бюджетке аударылады.
5. Мүлік сатылмаған жағдайда ол куәгерлердің қатысуымен жойылуға жатады. Сот орындаушысы мүлікті жою туралы акт толтырып, оған өзі және куәгерлер қол қояды. Мемлекеттік сот орындаушысы жасаған актіні аумақтық орган басшысы бекітуге тиіс.
107-бап. Өндiрiп алушыны қоныстандыру туралы атқарушылық құжатты орындау
1. Сот орындаушысы өндiрiп алушыны атқарушылық құжатта көрсетiлген үй-жайға қоныстандыруды қамтамасыз етедi.
Сот орындаушысы өндiрiп алушыны және борышкердi қоныстандыру уақыты туралы ресми түрде хабардар етедi. Қоныстандыру уақыты туралы тиiсiнше хабардар етiлген борышкердiң болмауы атқарушылық құжаттың орындалуына кедергi болып табылмайды.
2. Өндiрiп алушыны қоныстандыру актiмен ресiмделедi және куәгерлердiң қатысуымен жүргiзiледi.
2014.15.01. № 164-V ҚР Заңымен 11-тараудың тақырыбы өзгертілді (бұр.ред.қара)
11-тарау. ӨНДIРIП АЛЫНҒАН АҚША СОМАЛАРЫН БӨЛУ
108-бап. Өндiрiп алынған ақша сомасын бөлу
2014.15.01. № 164-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2015.29.10. № 376-V ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Мемлекеттік сот орындаушысы борышкерден өндіріп алған сомадан ең алдымен атқарушылық құжатты орындау процесінде борышкерге салынған айыппұлдар өтеледі, содан соң орындау жөніндегі шығыстар төленеді, қалған сома өндіріп алушылардың, оның ішінде әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде басқа сот орындаушыларындағы атқарушылық құжаттар бойынша талаптарын қанағаттандыруға түседі.
Жеке сот орындаушысы борышкерден өндіріп алған сомадан ең алдымен атқарушылық құжатты орындау процесінде борышкерге салынған айыппұлдар бойынша сомалар өтеледі, содан соң жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу жөніндегі сомалар және орындау жөніндегі, оның ішінде осы Заңның 9-бабының 10) тармақшасында көзделген атқарушылық құжат бойынша шығыстар төленеді, қалған сома өндіріп алушылардың, оның ішінде өзінің әкімшілік-аумақтық бірлігі шегінде басқа сот орындаушыларындағы атқарушылық құжаттар бойынша талаптарын қанағаттандыруға түседі.
Барлық талаптар қанағаттандырылғаннан кейін қалған сома борышкерге қайтарылады.
2020.26.06. № 349-VI ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Борышкерден өндiрiп алынған және өндiрiп алушыларға берiлуге тиiс сомаларды сот орындаушысы аумақтық органның қолма-қол ақшаны бақылау шотына немесе жеке сот орындаушысының өндіріп алушылардың пайдасына өндіріп алынған сомаларды сақтауға арналған ағымдағы шотына есептейді, содан кейiн олар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен беріледi немесе аударылады.
2014.15.01. № 164-V ҚР Заңымен 109-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
109-бап. Өндіріп алуға қосу
Бір борышкерге қатысты қозғалған бірнеше атқарушылық іс жүргізуді, сондай-ақ ортақ өндіріп алу бойынша бірнеше борышкерге қатысты қозғалған атқарушылық іс жүргізуді сот орындаушысы өндіріп алуға қосуы мүмкін.
110-бап. Өндiрiп алушылардың талаптарын қанағаттандыру кезектілігі
1. Атқарушылық құжаттар бойынша барлық талаптарды қанағаттандыру үшiн борышкерден өндiрiп алынған сома жеткiлiксiз болған жағдайда бұл сома өндiрiп алушылар арасында осы Заңда белгiленген кезектілік тәртібімен бөлiнедi.
2. Әрбір келесi кезектiң талаптары алдыңғы кезектiң талаптары толық өтелгеннен кейiн қанағаттандырылады. Өндiрiп алынған сома бір кезектiң барлық талаптарын толық қанағаттандыруға жеткiлiксiз болған жағдайда бұл талаптар әрбір өндiрiп алушыға тиесiлi сомаға барабар қанағаттандырылады.
111-бап. Бірiншi кезекте өндiрiп алу
Бірiншi кезекте алименттердi өндiрiп алу бойынша талаптар; жарақат алудан немесе денсаулығын өзге де зақымдаудан, сондай-ақ асыраушысының қайтыс болуына байланысты келтiрiлген зиянды өтеу жөніндегі талаптар; қызметкерлердiң еңбектегi құқық қатынастарынан туындайтын талаптары қанағаттандырылады.
112-бап. Келесi кезектегi өндiрiп алу
2014.03.07. № 227-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (2015 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Екінші кезекте патенттер берілген шығармаларды, өнертабысты, пайдалы модельді, өнеркәсіптік үлгіні пайдаланғаны үшін авторларға тиесілі сыйақы төлеу туралы талаптар, азаматтардың қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылықпен өздерінің мүлкіне келтірілген залалды өтеу жөніндегі талаптары қанағаттандырылады.
2. Үшінші кезекте сыйақыны (мүддені), орындау мерзімін өткізіп алудан келтірілген залалды өтеуді, тұрақсыздық айыбын (айыппұлды, өсімпұлды), кепілге қойылған мүлікті ұстау бойынша қажетті шығындарды, сондай-ақ өндіріп алу бойынша кепіл ұстаушының шығыстарын өтеуді қоса алғанда, кредиторлардың кепілмен қамтамасыз етілген міндеттемелері бойынша талаптары қанағаттандырылады.
2014.03.07. № 227-V ҚР Заңымен (2015 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2023.12.07. № 23-VІІІ ҚР Заңымен (2023 ж. 24 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 3-тармақ жаңа редакцияда
3. Төртінші кезекте салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша талаптар, заңды тұлғалардың қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылықпен келтірілген залалды өтеу жөніндегі талаптары, сондай-ақ «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес активтерді өндіріп алу туралы талаптар қанағаттандырылады.
4. Бесiншi кезекте қалған талаптардың бәрi қанағаттандырылады.
12-тарау. АТҚАРУШЫЛЫҚ ӘРЕКЕТТЕР ЖАСАУ ЖӨНІНДЕГІ ШЫҒЫСТАР ЖӘНЕ ОЛАРДЫ ӨТЕУ ТӘРТІБІ
1-параграф. Жалпы ережелер
113-бап. Атқарушылық әрекеттер жасау жөніндегі шығыстар
2020.26.06. № 349-VI ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Атқарушылық әрекеттердi ұйымдастыру мен оларды жүргізуге жұмсалған бюджет қаражаттары, атқарушылық iс жүргiзу тараптарының, жеке сот орындаушысының, сот орындаушысы орындау процесіне тартқан өзге де адамдар мен ұйымдардың қаражаттары атқарушылық әрекеттер жасау жөніндегі шығыстар болып табылады.
2. Атқарушылық әрекеттер жасау жөніндегі шығыстарға:
1) борышкердiң мүлкiн анықтауға, қарауға, бағалауға;
2) борышкер мүлкiне тізімдеме жасауды және тыйым салуды ұйымдастыру мен өткiзуге, мұндай мүлiктi тасымалдау мен сақтауға;
3) тыйым салынған мүлiктi өткізуді ұйымдастыруға;
4) белгiленген тәртiппен атқарушылық әрекеттер жасауға тартылған аудармашыларға, мамандарға және басқа да адамдарға ақы төлеуге;
5) өндiрiп алынған сомаларды өндiрiп алушыға почта арқылы аударуға (жiберуге);
2020.26.06. № 349-VI ҚР Заңымен 6) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
6) өндiрiп алынған соманы қолма-қол ақшаны бақылау шотынан және жеке сот орындаушысының өндіріп алушылардың пайдасына өндіріп алынған сомаларды сақтауға арналған ағымдағы шотынан беруге байланысты банк шығыстарына;
7) борышкерге iздеу салуға;
8) өндiрiп алушының аванстық жарнасына;
9) атқарушылық әрекеттердi жасау кезiнде сот орындаушысының қалалық, қала маңындағы және жергiлiктi қатынастағы (таксиден басқа) қоғамдық көлiктiң барлық түрлерiнде жол жүруіне, оның ішінде жеке сот орындаушысының іссапар шығыстарын төлеуге;
10) атқарушылық құжатты орындау процесiндегi басқа да қажеттi әрекеттерге;
11) сот орындаушысы орындау процесіне тартқан адамдардың өзге де сыйақыларына жұмсалған қаражаттар жатады.
114-бап. Атқарушылық әрекеттер жасау жөніндегі шығыстарды өтеу тәртібі
1. Атқарушылық әрекеттер жасау жөніндегі шығыстар борышкерден осы шығын шеккен адамдардың немесе ұйымдардың пайдасына өндіріп алынады.
2014.15.01. № 164-V ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Оның негізінде атқарушылық құжат берілген актінің күшін жоюға байланысты атқарушылық іс жүргізу тоқтатылған жағдайда атқарушылық әрекеттер жасау жөніндегі шығыстар республикалық бюджет қаражаты есебінен өтеледі.
3. Өндіріп алушыға борышкерден алынған заттарды беру туралы атқарушылық құжатты орындау кезінде өндіріп алушының оларды алудан негізсіз бас тартуына байланысты атқару ісін тоқтатқан кезде, егер ол өзінің әрекетімен немесе әрекетсіздігімен орындауға кедергі жасаса, атқарушылық құжатты өндіріп алушыға қайтару кезінде атқарушылық әрекеттер жасау жөніндегі шығыстар өндіріп алушыдан өндіріп алынады.
2014.15.01. № 164-V ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Атқарушылық әрекеттер жасау кезінде шығыстарды өндіріп алу және оларды шығын шеккен органға немесе адамға өтеу аумақтық бөлімнің басшысы - аға сот орындаушысы бекіткен мемлекеттік сот орындаушысының қаулысы немесе жеке сот орындаушысының қаулысы және шыққан шығындарды растайтын құжаттардың негізінде жүргізіледі.
5. Борышкер атқарушылық әрекеттер жасау жөніндегі шығыстарды өндіріп алу туралы сот орындаушысының қаулысына дау келтіру туралы арызбен, оны өндіріп алудың мерзімін кейінге қалдыру немесе мерзімін ұзарту туралы, оның көлемін азайту немесе өндіріп алудан босату туралы талап-арызбен сотқа жүгінуге құқылы.
2014.15.01. № 164-V ҚР Заңымен 6-тармақпен толықтырылды
6. Атқарушылық іс жүргізу бойынша шығыстарды есептеу әдістемесін уәкілетті орган бекітеді.
115-бап. 2020.26.06. № 349-VI ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2-параграф. Жеке сот орындаушылары үшін шығыстарды айқындау және өтеу тәртібі
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 116-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
116-бап. Жеке сот орындаушысының атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі қызметін қаржыландыру
1. Жеке сот орындаушысы өз қызметін дербес қаржыландырады.
2. Жеке сот орындаушысы өз қызметі үшін төлем ретінде алған ақшадан кеңсені сатып алу (жалдау), оны күтіп-ұстау, жабдықтау, жөндеу және күзету бойынша, жұмыс орындарын ашу және қызметкерлерге жалақы төлеу, кеңсе жұмысы үшін қажетті жабдықтар сатып алу, азаматтық-құқықтық жауапкершілікті міндетті сақтандыру, салықтарды және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеу, кеңсе мұрағатының сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі шығыстарды,жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасына жарналардытөлеу жөніндегі, жеке атқарушылық қызметті дамытудың нысаналы бағдарламаларына арналған міндетті төлемдерді төлейді, сондай-ақ өз қызметін ұйымдық-шаруашылық жағынан, көлікпен және техникалық қамтамасыз етуге байланысты басқа да шығыстарды өтейді. Қалған қаражат жеке сот орындаушысының иелігінде қалады және оның қалауы бойынша жұмсалады.
3. Жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеуде оның қызметін өзін-өзі қаржыландыру қажеттігі ескерілуі тиіс.
117-бап. 2014.15.01. № 164-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2015.29.10. № 376-V ҚР Заңымен 117-1-баппен толықтырылды (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
117-1-бап. Алименттерді және жалақыны өндіріп алу туралы атқарушылық құжаттар бойынша мәжбүрлеу шараларын қолдану шеңберінде жүзеге асырылатын жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу
1. Жеке сот орындаушысының қызметіне бюджеттен ақы төлеу:
1) мыналар:
борышкерді іздестіруге байланысты үш және одан көп ай берешек болған;
борышкердің тұрақты кірісінің, жұмыс орнының және өндіріп алуды қолдануға болатын мүлкі болмаған кезде алименттерді өндіріп алу туралы;
2) өндіріп алуды қолдануға болатын ақша және мүлкі болмаған кезде жалақыны өндіріп алу туралы істердің әлеуметтік маңызы бар санаттары бойынша жүзеге асырылады.
2023.19.04. № 223-VІІ ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2023 ж. 1 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Жеке сот орындаушысының осы баптың 1-тармағында көзделген атқарушылық құжаттар бойынша мәжбүрлеу шараларын қолдануға байланысты қызметіне ақы төлеу мөлшерін уәкілетті орган белгілейді.
3. Аумақтық органға ұсынылған атқарушылық әрекеттерді жасағаны және өндіріп алынған төлемдер туралы есеп жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу үшін негіз болып табылады.
4. Жеке сот орындаушысының осы баптың 1-тармағында көзделген атқарушылық құжаттар бойынша мәжбүрлеу шараларын қолдануға байланысты қызметіне ақы төлеу тәртібін уәкілетті орган белгілейді.
2014.15.01. № 164-V ҚР Заңымен 118-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 118-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
118-бап. Жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу мөлшерін айқындау қағидалары
2015.29.10. № 376-V ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2020.26.06. № 349-VI ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, атқарушылық іс жүргізу шеңберінде борышкердің қаражаты есебінен жүргізіледі және он мың айлық есептік көрсеткіштен аспайтын шекті мөлшерін белгілей отырып, істердің санаты мен өндіріп алу сомасына қарай үштен жиырма бес пайызға дейінгі мөлшерде белгіленеді.
Баламен қарым-қатынас тәртібі туралы атқарушылық құжаттар бойынша жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу өндіріп алушыға және борышкерге бірдей үлестермен жүктеледі.
Талап қоюды қамтамасыз ету туралы атқарушылық құжат бойынша жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу қамтамасыз ету шараларын қабылдау туралы өтінішхат берген тараптан өндіріп алынады.
Талап қоюды қамтамасыз етудің күшін жою туралы атқарушылық құжат бойынша жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу қамтамасыз ету шараларын қабылдау туралы өтінішхат мәлімдеген және талап қоюдан бас тартылған тұлғадан өндіріп алынады. Талап қою қанағаттандырылған жағдайда талап қоюды қамтамасыз етудің күшін жою туралы атқарушылық құжат бойынша жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу өзіне қатысты қамтамасыз ету шаралары қабылданған тұлғадан өндіріп алынады.
Мүліктік емес сипаттағы атқарушылық құжаттар бойынша жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу айлық есептік көрсеткіштермен белгіленеді.
2020.26.06. № 349-VI ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу атқарушылық құжат толық немесе ішінара орындалған жағдайда ғана жүргізіледі. Егер мүліктік сипаттағы атқарушылық құжат ішінара орындалса, онда жеке сот орындаушысына оның қызмет ақысының өндіріп алынған сомаға немесе мүлік құнына пропорционалды бір бөлігі ғана төленеді.
Жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу атқарушылық құжаттың борышкері оны мәжбүрлеп орындатуға бергенге дейін орындаған жағдайда өндіріп алынбайды.
2015.29.10. № 376-V ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2023.19.04. № 223-VІІ ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (2023 ж. 1 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Жеке сот орындаушысы өзінің көрсеткен қызметтерінің ақысы үшін сомаларды осы бапта көзделген және уәкілетті орган белгілейтін мөлшерде ғана өндіріп алуға құқылы. Жеке сот орындаушысына өзінің қызмет ақысы сомаларының белгіленген мөлшерін өзгертуге тыйым салынады.
2023.19.04. № 223-VІІ ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (2023 ж. 1 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу мөлшерін уәкілетті орган бекітеді.
5. Өндіріп алушы жеке және заңды тұлғалар үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жеңілдіктер осы тұлғаларға атқарушылық іс-әрекеттер жасалған кезде қолданылады.
2020.26.06. № 349-VI ҚР Заңымен 6-тармақпен толықтырылды
6. Осы Заңның 9-бабы 1-тармағының 9) және 10) тармақшаларында көзделген атқарушылық құжаттардың негiзiнде қозғалған атқарушылық iс жүргiзулер бойынша жеке сот орындаушысының қызметiне ақы алынбайды.
119-бап. Жеке сот орындаушысының шығыстарына аванс беру
2014.15.01. № 164-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2020.26.06. № 349-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 1-тармақ өзгертілді
1. Атқарушылық іс жүргізу қозғалғанға дейін өндіріп алушы жеке сот орындаушысының нұсқауы бойынша өндіріп алушылардың пайдасына өндіріп алынған сомаларды сақтауға арналған ағымдағы шотқа атқарушылық әрекеттерді жүзеге асыру үшін қажетті соманы енгізуге міндетті. Атқарушылық іс жүргізу қозғалған кезде жеке сот орындаушысы өндіріп алушы үшін осы соманы енгізудің кешірек мерзімін тағайындай алады.
Егер жеке сот орындаушысы атқарушылық іс жүргізуді қозғаған болса және атқарушылық әрекеттерді жүзеге асыру үшін қажетті соманы алдын ала енгізу үшін кешірек мерзімді белгілесе, онда оны белгіленген мерзімде енгізбеген жағдайда ол атқарушылық іс жүргізуді тоқтата тұруына болады.
Егер атқарушылық іс жүргізу барысында өндіріп алушылардың пайдасына өндіріп алынған сомаларды сақтауға арналған ағымдағы шотқа енгізілген қаражат атқарушылық әрекеттерді одан әрі жүргізу үшін жеткіліксіз болып шықса, онда өндіріп алушы жеке сот орындаушысының нұсқауы бойынша көрсетілген ағымдағы шотқа қосымша соманы енгізуге міндетті.
2. Атқарушылық әрекеттерді жүзеге асыру үшін қажетті аванстық соманы енгізуден мына өндіріп алушылар:
1) іс бойынша адамға заң көмегі тегін берілген немесе ол «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының кодексіне (Салық кодексі) сәйкес мемлекеттік баж төлеуден босатылған, сот шешімі негізінде берілген атқарушылық құжатты орындауға өкілдік берілген жеке адамдар;
2014.03.07. № 227-V ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (2015 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2) қылмыстық құқық бұзушылықпен келтірілген зиянды өтеу туралы талап қанағаттандырылған, қылмыстық сот ісін жүргізуде шығарылған шешім бойынша берілген атқарушылық құжатын орындау үшін ұсынған жеке тұлғалар;
2014.15.01. № 164-V ҚР Заңымен 2-1) тармақшамен толықтырылды
2-1) мемлекет пайдасына өндіріп алу бойынша мемлекеттік органдар;
3) алименттерді өндіріп алу туралы сот актілері негізінде берілген атқарушылық құжаттар бойынша босатылады.
3. Жеке сот орындаушысы атқарушылық әрекеттерді жүзеге асыру үшін алдын ала енгізілген соманы, егер ол борышкерден өндіріп алынған болса, өндіріп алушыға қайтарады.
2014.15.01. № 164-V ҚР Заңымен 4-тармақпен толықтырылды; 2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Осы бапта көзделген аванс беру шарттары осы Заңның 37-бабының 4-тармағына сәйкес жеке сот орындаушысы мен өндіріп алушы арасында жасалатын келісім (шарт) негізінде реттеледі.
Аванстық жарнаның мөлшері он бес айлық есептік көрсеткіштен аспауға тиіс.
120-бап. Жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу сомасын борышкерден өндіріп алу тәртібі
2014.15.01. № 164-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2020.26.06. № 349-VI ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Егер орындау барысында жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу жүргізілмесе, орындау жөніндегі шығыстар, өндіріп алушы енгізген аванстық жарналар өтелмесе, жеке сот орындаушысы осы Заңның 9-бабы 1-тармағының 9) және 10) тармақшаларында көрсетілген қаулыларды шығарып, оны борышкерге жібереді.