22-бап. Қауiпсiздiк шараларын қолдану негiздерi
Қылмыстық процестi жүргiзушi орган, қорғалатын адамдарға қатысты нақты қатер төнгендiгiн айғақтайтын деректер жеткiлiктi болған кезде, олардың ауызша (жазбаша) өтiнiштерi негiзiнде немесе өз бастамасы бойынша қорғалатын адамдардың қауiпсiздiгi шараларын қолданады. Бұл туралы дәлелдi қаулы шығарылады.
2009.07.04 № 149-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2014.04.07. № 233-V ҚР Заңымен (2015 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 23-бап өзгертілді
23-бап. Қауiпсiздiк шараларын қолдану тәртібі
Қылмыстық процестi жүргiзушi орган қорғалатын адамдардың қауiпсiздiгiне нақты қатер төнгенi туралы осы Заңның 22-бабында аталған өтiнiштi алған соң, оны алған кезден бастап жиырма төрт сағаттан кешiктiрмей, аталған адамға қатысты қауiпсiздiк шараларын қолдану не одан бас тарту туралы шешiм қабылдауға мiндеттi.
Кiдiртуге болмайтын жағдайларда дереу қауiпсiздiк шараларын қолдану туралы шешiм қабылданады.
Қауiпсiздiктi қамтамасыз етушi орган қауiпсiздiк шараларын қолдану туралы нақты адамға қатысты нақты қауiпсiздiк шаралары мен оларды қолдану мерзiмдерi көрсетiлген қаулы шығарады. Қабылданған шешiм туралы, тиiстi қаулының көшiрмесi жолдана отырып, өтiнiш бiлдiрушi дереу хабарландырылады.
Қорғалатын адамның қауiпсiздiгi мақсатында оған орындалуы мiндеттi нұсқама берiледi. Қорғалатын адамның өтiнiшi бойынша нұсқамаға өзгерістер тек қауiпсiздiктi қамтамасыз етушi органның келісімiмен ғана енгiзiлуi мүмкiн.
Қауiпсiздiк шараларын қолданудан бас тартылса, қорғалатын адам сотқа немесе прокурорға шағымдана алады. Шағым дереу қаралуға тиіс.
Қолданылатын қауiпсiздiк шаралары қорғалатын және басқа да адамдардың тұрғын үй, еңбек, зейнетақы және өзге де құқықтарына нұқсан келтiрмеуге тиiс.
Соттан басқа, қылмыстық процесті жүргізетін орган қауіпсіздік шараларының қабылдануына қарамастан, қылмыстық процеске қатысушы адамға қатысты қылмыстық заңмен тыйым салынған іс-әрекеттің жасалу қатерінің анықталуына негіздер болған кезде осыған байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізуге міндетті.
Кәмелеттік жасқа толмағандарға немесе өздерінің дене немесе психикалық жағдайына байланысты өз құқықтары мен мүдделерін өз бетінше іске асыру мүмкіндіктерінен айрылған адамдарға қатысты қауіпсіздік шараларын қолдану олардың заңды өкілдерін тарта отырып жүзеге асырылады. Заңды өкілдердің осы Заңда көзделген шекте өздері өкілдік ететін жеке тұлғалардың құқықтары сияқты құқықтары бар.
24-бап. Қауiпсiздiк шараларын қолдану туралы шешiмдердi орындаудың мiндеттiлiгi
Қауiпсiздiктi қамтамасыз ететiн органдардың өз құзыретiне сәйкес қабылдаған шешiмдерiн, бұл шешiмдер өз аттарына жiберiлген атқарушы органдардың, мекемелердiң, ұйымдардың лауазымды адамдары мiндеттi түрде орындауға тиiс.
25-бап. Қорғалатын адамдардың құқықтары
Мемлекеттік қорғалуға жататын адамдардың:
1) өздерiне қатысты қолданылатын қауiпсiздiк шаралары туралы бiлуге;
2) осы Заңның 7-бабының бiрiншi бөлiгiнде аталған нақты қауiпсiздiк шараларын өздерiне қатысты қолдану немесе қолданбау туралы өтiнуге;
3) қауiпсiздiк шараларын жүзеге асырушы лауазымды адамдардың заңсыз шешiмдерi мен iс-әрекеттерiне қауiпсiздiктi қамтамасыз етушi жоғары тұрған органға, прокурорға не сотқа шағымдануға құқығы бар.
2009.07.04 № 149-IV ҚР Заңымен 26-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
26-бап. Қорғалатын адамдардың мiндеттерi
Мемлекеттік қорғалуға жататын адамдар:
1) қауiпсiздiктi қамтамасыз етушi орган берген нұсқамаларды, сондай-ақ оның заңды талаптарын орындауға;
2) өздерiне қатысты қорқыту немесе құқыққа қарсы iс-әрекеттердiң әрбiр оқиғасы туралы қауiпсiздiктi қамтамасыз етушi органға дереу хабарлауға;
3) қауiпсiздiктi қамтамасыз ету үшiн өздерiне берiлген мүлiктi сақтауға міндетті, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында пайдалануға берілген мүлікті сатқан, басқа адамға берген немесе бүлдірген жағдайда, қорғалатын адам Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады;
4) өздерiне қатысты қолданылып жатқан қауiпсiздiк шаралары туралы мәлiметтердi жария етпеуге;
5) қажет болған жағдайда қаруды, жеке қорғану құралдарын және арнаулы техниканы пайдалануды оқып-үйренуге мiндеттi.
2009.07.04 № 149-IV ҚР Заңымен 26-1-баппен толықтырылды
26-1-бап. Қауіпсіздікті қамтамасыз ететін органдардың құқықтары мен міндеттері
1. Қауіпсіздік шараларын қолдану туралы шешім қабылдайтын органдардың:
1) қауіпсіздік шараларын қолдану туралы шешім қабылданатын адамдардың қауіпсіздігіне төнетін қатер туралы өтініштер мен хабарламалар бойынша мемлекеттік органдарға, меншік нысанына қарамастан жеке және заңды тұлғаларға сұрау салуға және олардан қажетті мәліметтерді алуға;
2) іс жүргізу іс-әрекеттерін жүргізуге немесе қауіпсіздік шараларын жүзеге асыратын органдарға қажетті тапсырмалар беруге құқығы бар.
2. Қауіпсіздік шараларын жүзеге асыратын органдардың:
1) қорғалатын адамға қатысты іс жүргізу іс-әрекеттерін қоспағанда, қажетті қауіпсіздік шараларын таңдап алуға, оларды қолдану тәсілдерін белгілеуге, қолданылатын қауіпсіздік шараларын қажет болғанда өзгертуге және толықтыруға;
2) қауіпсіздік шараларын қолдану туралы шешім қабылданған қорғалатын адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік органдарға, меншік нысанына қарамастан жеке және заңды тұлғаларға сұрау салуға және олардан қажетті мәліметтерді алуға;
3) қорғалатын адамнан қауіпсіздік шараларын қолдану шарттарын сақтауды, аталған шараларды қолдануға байланысты заңды өкімдерді орындауды талап етуге;
4) қауіпсіздік шараларын қолдану туралы шешім қабылдайтын органдарға қауіпсіздік шараларын қолдану не оларды тоқтату туралы ұсыныспен өтініш беруге;
5) заңда белгіленген тәртіппен жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізуге құқығы бар.
3. Қорғалатын адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін органдар:
1) қауіпсіздік шараларын қолдануды қажет ететін, өздеріне белгілі болған әрбір оқиғаға жедел ден қоюға;
2) қорғалатын адамға қатысты барлық қажетті қауіпсіздік шараларын жүзеге асыруға;
3) қорғалатын адамдарды қауіпсіздігіне төнген қатер туралы, оларға қатысты осы Заңда көзделген қауіпсіздік шараларын қолдану туралы, өзгерту немесе қолдануды тоқтату туралы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген қауіпсіздікті қамтамасыз етуге байланысты шешімдер қабылдау туралы уақтылы хабардар етуге;
4) қауіпсіздік шараларын қолдану (қолданудан бас тарту) туралы қаулымен таныстырған кезде қорғалатын адамға оның құқықтары мен міндеттерін түсіндіруге міндетті.
27-бап. Қауiпсiздiк шараларын қолдануды тоқтату
Қорғалатын адамның қауiпсiздiгiне төнген қатер жойылған кезде не қауiпсiздiк шараларын қолдануды тоқтату үшiн басқа негiздер пайда болған жағдайда, бұған уәкiлеттi лауазымды адам тиiстi дәлелдi қаулы шығарады, ол қорғалатын адамға дереу хабарланады.
Аталған қаулыға осы Заңның 23-бабында көзделген тәртiппен шағымдануға болады.
28-бап. Осы Заңның талаптарын бұзғаны үшiн жауаптылық
Қауіпсіздікті қамтамасыз етуші органдардың қорғалатын адамдарға қатысты қауiпсiздiк шараларының қолданылмауына немесе оның ойдағыдай жүзеге асырылмауына кiнәлi лауазымды адамдары не атына қауiпсiздiктi қамтамасыз етушi органдардың шешiмдерi жолданған атқарушы органдардың, мекемелердiң лауазымды адамдары оларды орындамаған жағдайда Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес жауапқа тартылады.
Мәлiметтерге қатысты сенiм бiлдiрiлген немесе осы мәлiметтер олардың лауазымдық қызметiне байланысты өздерiне белгiлi болған адамдар жүзеге асырылып жатқан қауiпсiздiк шаралары туралы жария еткен жағдайда заңға сәйкес қылмыстық жауапқа тартылуға жатады.
4-тарау. Мемлекеттік қорғау шараларын қаржыландыру және материалдық қамтамасыз ету.
Әлеуметтік қорғау шаралары
2004.20.12 № 13-III Заңымен 29-бап өзгертілді (бұр. ред. қара) (2005.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
29-бап. Мемлекеттік қорғау шараларын қаржыландыру және материалдық-техникалық қамтамасыз ету
Осы Заңда көзделген мемлекеттік қорғау шараларын қаржыландыру және материалдық-техникалық қамтамасыз ету белгiленген тәртiппен бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
Қауiпсiздiк шараларын қолдануға байланысты шығындарды қорғалатын адамдарға жүктеуге болмайды.
Тұрғылықты жерi мен жұмыс орнын ауыстыруға, сондай-ақ сырт пiшiнiн өзгертуге байланысты жәрдемақы төлеу мен шығындарды өтеу қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн орган Қазақстан Республикасы заңдарына сәйкес бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырады.
30-бап. Қорғалатын адамдардың өмiрiне, денсаулығына және мүлкiне зиян келтiрiлген жағдайдағы әлеуметтiк кепiлдiктер
Әлеуметтiк қамсыздандырылуы арнаулы заңдармен реттелетiн адамдардан басқа қорғалатын адамдарға, олардың қылмыстық процеске қатысуына байланысты өмiрiне, денсаулығына және мүлкiне зиян келтiрiлген жағдайда, мемлекеттік бюджет қаражаты есебiнен әлеуметтiк кепiлдiктер қамтамасыз етiледi.
Әлеуметтiк кепiлдiктердi төлеу тәртібі мен шарттарын Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейдi.
31-бап. Осы Заңның қолданысқа енгiзiлу тәртібі
Осы Заң 2001 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi.
Қазақстан Республикасының Президенті | Н. Назарбаев |