50-бап. Қазақстан Республикасының сайлау туралы заңдарын бұзғаны үшін жауаптылық
1. Тұлға:
1) сайлау комиссиясының жұмысына араласқан;
2) дауыс беруге кедергi келтiрген;
3) кандидатты, партиялық тiзiмдердi тiркеуге байланысты мiндеттердi орындауға кедергi келтiрген;
4) дауыстарды санауға және сайлау қорытындыларын анықтауға байланысты мiндеттердi орындауға кедергi келтiрген;
5) кандидатты, саяси партияны сайлау мақсатында өзiнiң лауазымдық немесе қызмет жағдайының артықшылықтарын пайдаланған;
6) сайлау құжаттарын қолдан жасаған;
7) дауыстарды көрiнеу қате санаған;
8) сайлау нәтижелерiн көрiнеу қате айқындаған;
9) дауыс беру құпиясын бұзған;
10) Республика азаматының өз сайлау құқығын еркiн жүзеге асыруына зорлық-зомбылық жасау, алдау, қорқыту, сатып алу жолымен кедергi келтiрген жағдайда заңмен белгiленген қылмыстық жауаптылықта болады.
2. Тұлға:
1) осы Конституциялық заңның талаптарына сәйкес мәлiметтердi бермеген немесе жарияламаған;
2) сайлау комиссиясының өз құзыретi шегiнде қабылдаған шешiмiн орындамаған;
3) сайлау алдындағы үгiттi кандидатты, саяси партия ұсынған партиялық тiзiмдi тiркегенге дейiн, сайлау күнi не соның алдындағы күнi жүргiзген;
4) сайлау алдындағы үгіт жүргiзу құқығына кедергi келтiрген;
5) кандидаттар, саяси партиялар туралы көрiнеу жалған мәлiметтер таратқан немесе олардың ар-намысы мен қадiр-қасиетiне нұқсан келтiретiн өзге де iс-әрекеттер жасаған;
6) сайлау комиссиясы мүшелерiнiң құқықтарын бұзған;
7) азаматтардың сайлаушылар тiзiмiмен танысу құқығын бұзған;
8) сайлаушылар тiзiмдерiн жасау үшiн сайлаушылар туралы жалған мәлiметтер берген;
9) басқа адамдар үшiн дауыс беру мақсатымен азаматтарға сайлау бюллетеньдерін берген;
10) сайлауға қатысу үшін демалыс бермеген;
11) бұқаралық ақпарат құралдары арқылы сайлау алдындағы үгіт жүргiзу талаптарын бұзған;
12) анонимдi үгiт материалдарын дайындаған немесе таратқан;
13) үгiт материалдарын қасақана жойған немесе зақымдаған;
14) кандидаттарға, партиялық тiзiмдерiн ұсынған саяси партияларға олардың сайлау қорларынан тыс қаржылық (материалдық) қолдау көрсеткен;
15) кандидатты сайлау үшiн шет мемлекеттерден, ұйымдардан, азаматтардан, азаматтығы жоқ адамдардан қайырмалдық алған;
16) сайлауға байланысты қоғамдық пiкiрге сұрау салу жүргiзудің талаптарын бұзған;
17) сайлауда кандидаттардың, саяси партиялардың сенім бiлдiрiлген адамдарының, бұқаралық ақпарат құралдарының өкiлдерi мен байқаушылардың заңды қызметiне кедергi келтiрген жағдайда Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген әкiмшілiк және өзге де жауаптылықта болады.
3. Осы Конституциялық заңның бұзылуы анықталған кезде сайлау комиссиясы сотқа не прокуратураға жүгiнуге құқылы.
4. Кандидат, саяси партия осы Конституциялық заңның талаптарын бұзған кезде, кандидатты тiркеуден бас тарту немесе тiркеудiң күшiн жою үшiн негiз болып табылатын талаптарды қоспағанда, оларға ескертiледi, ал қайта бұзған кезде тиiстi сайлау комиссиясы кандидатты, партиялық тiзiмдi тiркеу туралы шешiмнiң күшiн жояды.
ҚР 14.04.04 ж. № 545-II Конституциялық Заңымен 9-1-тараумен толықтырылды
9-1-тарау. Электрондық сайлау жүйесiн пайдаланып сайлау өткізудiң ерекшелiктерi
ҚР 2005.15.04. № 44-III (бұр. ред. қара) Конституциялық Заңымен 50-1-бап өзгерді
50-1-бап. Электрондық сайлау жүйесi
1. Сайлау өткізу кезiнде сайлаушылардың тiзiмiн жасау, дауыс беру, дауыс берудiң қорытындыларын белгiлеу мен сайлау нәтижесiн анықтау үшiн сайлау округi аумағында электрондық сайлау жүйесi пайдаланылуы мүмкiн.
Электрондық сайлау жүйесiн пайдаланып сайлау өткiзген кезде осы Конституциялық заңның нормалары электрондық сайлау жүйесiн пайдаланудың ерекшелiктерi ескеріле отырып қолданылады.
2. Электрондық сайлау жүйесi - сайлауға әзiрлену мен оны өткізу кезiнде ақпараттық процестердi автоматтандыруға арналған ақпараттық технологиялардың, ақпараттық желiлердiң және оларды бағдарламалық-техникалық қамтамасыз ету құралдарының жиынтығы.
Электрондық сайлау жүйесiнде пайдаланылатын бағдарламалық-техникалық құралдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес сертификатталуға тиiс.
3. Электрондық сайлау жүйесiн пайдаланып сайлау өткiзген кезде сенім бiлдiрiлген адамдар, байқаушылар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерi осы Конституциялық заңда көзделген құқықтар мен мiндеттерге толық көлемде ие болады.
4. Электрондық сайлау жүйесi Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлеген тәртiппен құрылған мемлекеттік комиссия оны қабылдағаннан кейiн пайдаланылады.
Электрондық сайлау жүйесi пайдаланылатын сайлау округтерi мен сайлау учаскелерiн Орталық сайлау комиссиясы олардың электрондық дауыс беруге дайын болуына қарай анықтайды.
5. Электрондық сайлау жүйесiнiң жабдықтары учаскелiк сайлау комиссиясы мүшелерiнiң қатысуымен дауыс беруге кемiнде үш күн қалғанда ашылып, орнатылады, ол туралы акт жасалады.
Жабдықтарды ашу және орнату кезiнде сенім бiлдiрiлген адамдар, байқаушылар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкiлдерi қатысуға құқылы. Электрондық сайлау жүйесiнiң жабдықтары орнатылған кезден бастап сайлау учаскесiн күзетудi iшкi iстер органдарының қызметкерлерi қамтамасыз етедi.
6. Жергiлiктi атқарушы органдар дауыс берiлетiн күнi сайлау учаскесi ашылған кезден бастап дауыс беру нәтижелерi Орталық сайлау комиссиясына берiлгенге дейiн электрондық дауыс беру өткiзiлетiн учаскелерге электр энергиясының үздiксiз берiлуiн қамтамасыз етедi.
7. Электрондық сайлау жүйесiн пайдалану тәртiбінiң осы Конституциялық заңмен регламенттелмеген бөлiгiн Орталық сайлау комиссиясы белгiлейдi.
50-2-бап. Электрондық сайлау жүйесіне қойылатын талаптар
1. Электрондық сайлау жүйесi Конституция және осы Конституциялық заң талаптарының сақталуын, оған енгізілетiн және одан шығатын ақпараттардың дұрыстығын, толықтығын және уақтылығын қамтамасыз етуге тиiс.
2. Электрондық сайлау жүйесi ақпараттарға рұқсат етiлмеген жолмен қол жеткізудi, ақпараттарды жинаушы, өңдеушi, жинақтаушы, сақтаушы, iздестiрушi және берушi бағдарламалық-техникалық құралдардың жұмыс ырғағын бұзуды, аталған құралдардың iстен шығуын болдырмайтын тиiстi қауiпсiздiк шараларымен қамтамасыз етiлуге тиiс.
3. Сайлауда электрондық сайлау жүйесiн пайдаланған кезде мыналарға:
Орталық сайлау комиссиясы белгілегеннен басқа электрондық жүйелердi пайдалануға;
оны ортақ қолжетiмдi телекоммуникациялық желiлерге және электрондық сайлау жүйесінде қолданылмайтын өзге де ақпараттық жүйелер мен байланыс желiлеріне қосуға;
электрондық дауыс берудi өткізуге, дауыстарды санауға, сайлау нәтижелерi туралы ақпараттарды беруге заңсыз араласып, бақылау жасауға жол берiлмейдi.
4. Электрондық сайлау жүйесi кез келген енгізілген ақпаратты оның енгізілуiне қарай iс-әрекеттi сипаттап және енгізудiң дәл уақытын көрсете отырып, автоматты түрде сақтауға мүмкiндiк беретiн бағдарламалық-техникалық қамтамасыз ету құралдарын (дауыс беру туралы деректердi жазу құрылғысын) қамтуға тиiс.
50-3-бап. Электрондық сайлау жүйесiн пайдаланып дауыс беруге арналған үй-жай
1. Электрондық сайлау жүйесін пайдаланып дауыс беруге арналған үй-жай, дауыс беруге арналған кабинада дауыс берудi қоспағанда, қатысып отырған адамдарға электрондық сайлау жүйесiн пайдаланып дауыс беру кезіндегі iс-әрекеттің көрінуі қамтамасыз етілетіндей болып жабдықталады.
2. Электрондық сайлау жүйесiн пайдаланып дауыс беруге арналған үй-жайда электрондық сайлау жүйесiне қызмет көрсетуге Орталық сайлау комиссиясы белгiлеген тәртіппен рұқсат алған маман бола алады.
50-4-бап. Электрондық сайлау бюллетенi
1. Электрондық сайлау жүйесін пайдаланып сайлау өткiзген кезде дауыс беру электрондық сайлау жүйесi құралдарымен жасалатын электрондық бюллетеньмен жүргiзiледi.
2. Электрондық сайлау бюллетенiнiң мәтiнi мемлекеттік тiлде және орыс тілінде жазылады және осы Конституциялық заңның 37-бабының 1-тармағында белгiленген талаптарға сай келуге тиiс.
2009.09.02 № 124-IV ҚР Конституциялық Заңымен 50-5-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
50-5-бап. Электрондық дауыс берудi ұйымдастыру
1. Сайлау комиссиясының төрағасы дауыс беру басталардан отыз минут бұрын комиссия мүшелерінің қатысуымен:
электрондық сайлау жүйесінің дұрыс жұмыс iстеп тұрғандығын тексередi;
комиссияның сайлаушыларды есепке алуға және электрондық дауыс беруге арналған құрылғыны беруге жауапты мүшелерiн анықтайды.
Электрондық сайлау жүйесiнiң жұмысын тексерген кезде дауыс беруге арналған үй-жайда сенім бiлдiрiлген адамдар, байқаушылар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерi болуға құқылы.
Осы тарауда көзделген жағдайларды қоспағанда, электрондық сайлау жүйесiне қатысты ic-әрекеттi кiмнiң болса да жүзеге асыруына тыйым салынады.
2. Дауыс беру басталғанға дейін сайлау комиссиясының төрағасы электрондық сайлау жүйесін қосудың мөр басылып жабылған паролiн ашады және электрондық сайлау жүйесiн оны енгізу жолымен iске қосады. Бұл ретте қатысушыларға парольдің сақталу шараларының бүтiндiгiне алдын ала көз жеткізу мүмкiндiгi қамтамасыз етiлуi тиiс.
Электрондық сайлау жүйесін қосу Орталық сайлау комиссиясы белгілеген уақытта жүргізіледі.
3. Сайлаушы электрондық дауыс беруге сайлаушылардың тiзiмдерi негiзiнде сайлаушының жеке басын куәландыратын құжатын көрсетуi бойынша жiберiледi.
4. Дауыс беруге арналған үй-жайдан тыс жерде дауыс берген кезде осы Конституциялық заңға сәйкес сайлаушылар дауыс беруге арналған тасымалданатын құрылғының көмегімен дауыс бередi, ол дауыс беруге арналған үй-жайдан тыс дауыс берген барлық сайлаушылардың дауыстары туралы деректердiң сақталу мүмкiндiгiмен қамтамасыз етілуге тиiс.
Осы Конституциялық заңның 41-бабының 6-тармағына сәйкес берген өтiнiштерi негiзiнде сайлаушылар тiзiмiнен олар туралы деректер электрондық дауыс беруге арналған тасымалданатын құрылғыға алдын ала енгізiлiп қойылады.
5. Сайлаушы электрондық дауыс берудi жасырын дауыс беруге арналған кабинада жүзеге асырады, онда осы Конституциялық заңның 42-бабының 1-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, дауыс беретiн адамнан басқа адамның қатысуына тыйым салынады.
Сайлаушы электрондық дауыс беру бюллетенінен электрондық дауыс беруге арналған құрылғыны басқару элементтерiн пайдалану жолымен өзi дауыс бергiсi келетiн кандидаттың аты-жөнiн табады және соған дауыс бергенiн растайды.
Сайлаушы саяси партия үшiн дауыс берген кезде электрондық дауыс беруге арналған құрылғыны басқару элементтерiн пайдалану жолымен өзi дауыс бергiсi келетiн саяси партияның атауын табады және соған дауыс бергенiн растайды.
Дауыс беруге арналған кабинада дауыс берген сайлаушы электрондық дауыс беруге арналған құрылғыны сайлау комиссиясының мүшесіне бередi.
6. Электрондық дауыс беруге және дауыстарды санауға кедергi келтiретін техникалық ақаулар туындаған жағдайда сайлау комиссиясы бағдарламаны қайта қосу туралы шешiм қабылдауға құқылы, ол хаттамамен ресiмделедi және оған сайлау комиссиясының мүшелерi қол қояды.
Бұл шешiмнiң орындалуы электрондық сайлау жүйесiн пайдалануды қамтамасыз ететiн маманға жүктеледi.
7. Егер жабдықтың техникалық жай-күйi сайлауды тиiстi дәрежеде өткізуге мүмкiндiк бермесе, онда тиiстi сайлау учаскесiнде дауыс беру Орталық немесе тиiстi аумақтық сайлау комиссиясының шешiмiмен ақауларды жоюға және дауыс берудi ұйымдастыруға қажеттi мерзiмге кейiнге қалдырылады.
Тиiстi сайлау учаскесiнде ақаулар туындағанға дейiн дауыс берген сайлаушылар кейінгі дауыс беруге жалпы негiзде қатысады.
50-6-бап. Электрондық сайлау жүйесiн пайдаланған кезде дауыстарды санау
1. Электрондық дауыс берудi пайдаланған кезде дауыстарды санау электрондық сайлау жүйесiмен жүргізiледi.
Дауыстарды санау осы Конституциялық заңмен белгіленген уақытта басталады, бiрақ осы учаскедегі дауыс беруге арналған барлық құрылғылардағы деректер электрондық сайлау жүйесiне енгізілмей тұрып басталмауы керек.
Дауыстарды санау туралы мәлiметтер дауыс беру туралы деректер құрылғысында тiркелуге тиiс.
2. Сайлау учаскесiндегі электрондық дауыс беру нәтижелерi туралы ақпарат электрондық жүйемен электрондық хаттамаға енгізiлiп, ол комиссия мүшелерiнiң электрондық цифрлық қолтаңбаларымен расталады.
Сайлау комиссиясының мүшелерi қол қойған электрондық хаттаманың қағаздағы көшiрмесi сайлау учаскесiнің үй-жайында жалпыжұрттың танысуы үшiн арнайы белгіленген орынға iлiнедi және үй-жайда екi күн бойы тұрады.
3. Осы Конституциялық заңға сәйкес дауыстарды санау кезiнде қатысқан адамның тiлегі бойынша оған комиссия төрағасы мен хатшысының қолдары қойылып, тиiстi сайлау комиссиясының мөрiмен расталған, электрондық дауыс беру нәтижелерi туралы электрондық хаттаманың қағазға түсiрiлген көшiрмесi беріледi.
50-7-бап. Электрондық сайлау жүйесiн пайдаланған кезде сайлау қорытындыларын белгiлеу
1. Электрондық сайлау жүйесiн пайдаланған кезде сайлау округтері бойынша сайлау қорытындыларын электрондық хаттамалар негiзiнде Орталық сайлау комиссиясы белгілейдi және олар тиiстi сайлау комиссияларына хабарланады.
Электрондық сайлау жүйесі арнайы бөлiнген коммуникациялық желiлерге осы тармаққа сәйкес ақпарат беру үшін қажеттi мерзімге ғана қосылады.
2. Егер дауыс беру осы Конституциялық заңның 50-5-бабының 7-тармағымен көзделген тәртiппен кейiнге қалдырылған жағдайда, тиiсті сайлау округы бойынша сайлау қорытындылары тиiстi сайлау округының барлық учаскелерiнде дауыс беру өткiзiлгеннен кейiн белгiленедi.
50-8-бап. Электрондық сайлау жүйесiн пайдаланып дауыс беру нәтижелерiне шағымдану
1. Жоғары тұрған сайлау комиссиясына немесе сотқа электрондық сайлау жүйесiн пайдаланып дауыс беру нәтижелерiне шағымдану кезінде дауыс беру туралы деректердi жазуға арналған құрылғы дәлелдеме ретiнде қаралады.
2. Дауыс беру туралы деректердi жазуға арналған құрылғылар осы баптың мақсаттары үшін тиiсті облыстық (республикалық маңызы бар қала, астана) аумақтық сайлау комиссиясында сақталады.
50-9-бап. Дауыс беру туралы деректердi жазуға арналған құрылғыларды сақтау
Дауыстар саналғаннан кейiн дауыс беру туралы деректердi жазуға арналған құрылғы пакетке салынып, сайлау комиссиясының мөрiмен бекітіледi және тиiстi облыстық (республикалық маңызы бар қала, астана) сайлау комиссиясына берiледi.
Дауыс беру туралы деректердi жазуға арналған құрылғылар сайлау аяқталған күннен бастап бір жыл бойына сақталады.
II. ЕРЕКШЕ БӨЛIМ
10-тарау. Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауы
06.11.98 ж. № 285-II; 2007.19.06 № 268 -III (бұр. ред. қара) ҚР Конституциялық Заңдарымен 51-бап өзгертілді
51-бап. Республика Президентінің кезектi сайлауы
Президенттiң кезектi сайлауы бес жылда бiр рет тиiстi жылғы желтоқсанның бiрiншi жексенбiсiнде өткiзiледi және ол мерзiмi жағынан Республика Парламентiнiң жаңа құрамын сайлаумен тұспа-тұс келмеуге тиiс.
2011.03.02. № 404-ІV ҚР Конституциялық Заңымен 51-1-баппен толықтырылды
51-1-бап. Республика Президентінің кезектен тыс сайлауы
1. Президенттің кезектен тыс сайлауы Республика Президентінің шешімімен тағайындалады және тағайындалған күнінен бастап екі ай ішінде өткізіледі.
2. Кезектен тыс сайлаудан кейінгі Президенттің кезекті сайлауы бес жыл өткен соң осы Конституциялық заңда белгіленген мерзімде жарияланады.
52-бап. ҚР 06.11.98 ж. № 285-II Заңымен алынып тасталды
ҚР 06.11.98 ж. № 285-II Заңымен 53-бап өзгертілді; ҚР 2005.15.04. № 44-III (бұр. ред. қара); 2007.19.06 № 268 -III (бұр. ред. қара); 2010.14.06. № 289-ІV (бұр.ред.қара) Конституциялық Заңдарымен 53-бап өзгертілді
53-бап. Республика Президентi сайлауын жариялау
1. Президенттiң кезектi сайлауын Парламент Мәжілісi қыркүйектің екінші жексенбiсiнен кешiктiрмей жариялайды.
2. алынып тасталды
3. Бiр адам қатарынан екi реттен артық Президент болып сайлана алмайды.
Бұл шектеу Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне - Елбасына қолданылмайды.
ҚР 08.05.98 ж. № 222-I; 06.05.99 ж. № 375-I; 14.04.04 ж. № 545-II (бұр. ред. қара); 2007.19.06 № 268 -III (бұр. ред. қара) ҚР Конституциялық Заңдарымен 54-бап өзгертілді
54-бап. Республика Президенттiгiне кандидатқа қойылатын талаптар
1. Президент болып сайлану үшiн азамат Конституцияның 41-бабының 2-тармағында белгiленген талаптарды қанағаттандыруға, сондай-ақ Конституцияның 33-бабының 2 және 3-тармақтарына және осы Конституциялық заңға сәйкес белсендi сайлау құқығына ие болуға тиiс.
2. Президенттiкке кандидатқа Конституция мен осы Конституциялық заң қоятын талаптарға оның сәйкестiгiн азаматтың өзiн-өзi ұсыну туралы өтiнiшi немесе республикалық қоғамдық бiрлестiктiң жоғары органының кандидатты ұсыну туралы хаттамасының үзiндiсiн кандидаттың дауысқа түсуге келісімi туралы өтiнiшiмен қоса тапсырған кезден бастап бес күн iшiнде Орталық сайлау комиссиясы белгiлейдi. Бұл ретте Президентке кандидаттың Қазақстан Республикасында соңғы он бес жыл тұру фактiсiн Орталық сайлау комиссиясы анықтайды, ал кандидаттың мемлекеттік тiлдi еркiн игергенiн анықтау рәсімі Республика Конституциялық Кеңесінің Конституцияның 41-бабының 2-тармағына ресми түсiндiрме беруi туралы актiсiне сәйкес Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен анықталады.
3. алынып тасталды
ҚР 06.05.99 ж. № 375-I; 14.04.04 ж. № 545-II (бұр. ред. қара); 2005.15.04. № 44-III (бұр. ред. қара) Конституциялық Заңдарымен 55-бап өзгертілді
55-бап. Республика Президенттiгiне кандидаттар ұсыну
1. Президенттiкке кандидаттар ұсыну құқығы белгiленген тәртiппен тiркелген республикалық, қоғамдық бiрлестiктерде, сондай-ақ өзiн-өзi ұсыну жолымен - азаматтарда болады.
2. Президенттiкке кандидаттар ұсыну сайлау жарияланған күннен кейінгі күні басталып, сайлауға екi ай қалғанда аяқталады.
3. Президенттiкке кандидаттарды қоғамдық бiрлестiктер атынан олардың жоғары органдары ұсынады. Қоғамдық бiрлестiктер осы қоғамдық бiрлестiктiң мүшесi болып табылмайтын адамдарды кандидаттыққа ұсынуға хақылы. Қоғамдық бiрлестiк Президенттiкке бiр ғана кандидат ұсынуға хақылы. Президенттiкке кандидат ұсыну туралы шешiм республикалық қоғамдық бiрлестiктiң жоғары органы мүшелерiнiң жалпы санының көпшiлiк даусымен қабылданады да хаттамадан үзiндi жасалады. Республикалық қоғамдық бiрлестiктiң жоғары органының шешiмi:
1) Президенттiкке кандидатқа жеткiзiледi;
2) Президенттiкке кандидаттың дауысқа түсуге келісім беруi туралы өтiнiшiмен қоса Орталық сайлау комиссиясына тапсырылады.
4. Президенттiкке кандидаттыққа өзiн-өзi ұсыну олардың Орталық сайлау комиссиясына тиiстi өтiнiш беруi арқылы жүргiзiледi.
5. Егер кандидаттарды тiркеу мерзімі аяқталатын күні Президенттікке екіден кем кандидат тiркелген жағдайда, Орталық сайлау комиссиясы кандидаттарды ұсыну мерзiмiн жиырма күннен аспайтын мерзiмге ұзартады.
ҚР 06.05.99 ж. № 375-I; 14.04.04 ж. № 545-II (бұр. ред. қара) Конституциялық Заңдарымен 56-бап өзгертілді
56-бап. Республика Президенттiгiне кандидатты қолдап қол жинау
1. Сайлаушылардың Президенттiкке кандидатты қолдауы олардың қол жинауы арқылы расталады.
2. Президенттiкке кандидатты сайлаушылардың Республиканың облыстарының, республикалық маңызы бар қаласының және астанасының кем дегенде үштен екiсiнiң атынан теңдей өкiлдiк ететiн сайлаушылардың жалпы санының кем дегенде бiр процентi қолдауға тиiс.
3. Президенттікке кандидатты қолдап қол жинауды сенім бiлдiрiлген адамдар ұйымдастырады және кандидаттың Конституциямен және осы Конституциялық заңмен белгіленген талаптарға сәйкестігін тексеруден кейiн бес күннен кем емес мерзiмде осы Конституциялық заңның 55-бабының 3 және 4-тармақтарында белгiленген оны ұсыну туралы құжаттар негiзiнде Орталық сайлау комиссиясы беретiн қол қою парақтарымен ресiмделедi.
4. Әрбiр қол қою парағының рет нөмiрi болуға тиiс және оған кандидаттың тегi, аты, әкесiнiң аты мен оның сенім бiлдiрген адамының жеке қолы, қол жинаушының тегi, аты, әкесiнiң аты, қол жинау жүргiзiлген елдi мекеннiң атауы, сондай-ақ қол қоятын адамдар туралы мынадай мәлiметтер бар бағаналар енгiзiлуге тиiс:
1) тегi, аты және әкесiнiң аты;
2) жеке басын куәландыратын құжаттың нөмiрi мен сериясы;
3) туған күнi, айы мен жылы;
4) тұрғылықты немесе уақытша тұратын жерiнiң мекен-жайы;
5) жеке қолы.
5. Қол жинаушы адам қол жинаған кезде тиiстi қол қоятын парақта жеке қолы қойылған кандидаттың сенім бiлдiрген адамының тiркелгенi туралы куәлiктiң көшiрмесiн көрсетуге тиiс.
6. Орталық сайлау комиссиясы:
1) қол қою парағының үлгiсiн бекiтедi;
2) Президенттiкке кандидаттарды қол қою парақтарының қажеттi санымен қамтамасыз етуге мiндеттi.
7. Президенттiкке кандидатты қолдауға қол жинау жөніндегі толтырылған қол қою парақтары аумақтық сайлау комиссиясына тапсырылады, ол он күн iшiнде паспорт қызметi қызметкерлерiн қатыстыра отырып қойылған қолдардың шын екендiгiн тексерудi жүзеге асырады, тиiстi хаттаманы ресiмдейдi және оны Орталық сайлау комиссиясына жолдайды.
8. Қойылған қолдардың дұрыстығын тексеру, осы баптың 2-тармағына сәйкес, Президенттікке кандидатқа қажеттi дұрыс қойылған қолдар саны анықталғанға дейiн жүргізiледi.
57-бап. ҚР 14.04.04 ж. № 545-II Конституциялық Заңымен алынып тасталды (бұр. ред. қара)
ҚР 14.04.04 ж. № 545-II Конституциялық Заңымен 58-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
58-бап. Республика Президенттiгiне кандидаттың сайлау қорының мөлшерi
Кандидаттың сайлау қоры:
1) жалпы сомасы заңмен белгiленген ең төменгi жалақы мөлшерiнен бес мың еседен артық аспауға тиiстi кандидаттың жеке қаражатынан;
2) жалпы сомасы заңмен белгiленген ең төменгi жалақы мөлшерiнен жетi мың еседен артық аспауға тиiс кандидатты ұсынған республикалық қоғамдық бiрлестiктiң қаражатынан;
3) жалпы сомасы заңмен белгiленген ең төменгi жалақы мөлшерiнен он бес мың еседен артық аспауға тиiс Республика азаматтары мен ұйымдарының өз еркiмен берген қайырмалдықтарынан құралады.
ҚР 08.05.98 ж. № 222-I; 06.05.99 ж. № 375-I; 28.06.99 ж. № 407-I; 14.04.04 ж. № 545-II (бұр. ред. қара); 2005.15.04. № 44-III (бұр. ред. қара) Конституциялық Заңдарымен 59-бап өзгертілді
59-бап. Республика Президенттiгiне кандидаттарды тiркеу
1. Президенттiкке кандидаттарды тiркеудi Орталық сайлау комиссиясы жүзеге асырады.
2015.18.11. № 413-V ҚР Конституциялық Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2017 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Президенттiкке кандидат тiркелгенге дейiн және оның Конституция мен осы Конституциялық заң талаптарына сәйкес келуi тексеруден өткеннен кейiн, сондай-ақ оны қолдап жиналған қолдарды тексергеннен кейiн Орталық сайлау комиссиясының есеп-шотына заңмен белгiленген ең төменгi жалақының елу мәрте мөлшерiнде сайлау жарнасын енгiзедi. Кандидат сайлау қорытындылары бойынша Республика Президенті болып сайланған немесе кандидат дауыс беру қорытындылары бойынша дауыс беруге қатысқан сайлаушылар даусының кемінде бес процентін алған жағдайларда, сондай-ақ кандидат қайтыс болған жағдайда енгізілген жарна кандидатқа қайтарылады. Қалған жағдайлардың бәрінде енгізілген жарна қайтарылмауға тиіс және республикалық бюджет кірісіне алынады.
Кандидат пен оның зайыбы (жұбайы) тiркеуге дейін тұрғылықты жерi бойынша мемлекеттік кіріс органдарына осы Конституциялық заңға сәйкес белгіленген ұсыну мерзімі басталатын айдың бiрiнші күніне салықтардың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсуін қамтамасыз ету саласындағы басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының уәкілетті мемлекеттік органы белгілеген тәртіппен және нысанда активтері мен міндеттемелері туралы декларациялар ұсынады.
Кандидат пен оның зайыбы (жұбайы) декларациялаған активтері мен міндеттемелері туралы мәліметтердің анықтығын мемлекеттік кіріс органдары кандидат тіркелген күннен бастап он бес күн ішінде тексереді.
Кандидат пен оның зайыбының (жұбайының) активтері мен міндеттемелері туралы мәліметтер ұсыну жөніндегі мемлекеттік кіріс органдарының талаптарын алған ұйымдар сұратылған ақпаратты талап алынған күннен бастап төрт күн iшiнде ұсынуға міндетті.
Осы Конституциялық заңның мақсаты үшін Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес активтер мен міндеттемелер туралы декларацияда көрсетілуге жататын мәліметтер активтер мен міндеттемелер туралы мәліметтер болып табылады.
3. Президенттiкке кандидаттар нешеу болса да тiркеуге ұсынылады.
4. Президенттiкке кандидаттарды тiркеу, егер сайлауды тағайындау кезiнде өзгеше көзделмесе, сайлауға дейiн екi ай бұрын басталады және сайлауға қырық күн қалғанда аяқталады.
5. Қоғамдық ұйымнан Президенттiкке кандидаттарды тiркеу мынадай құжаттар болған жағдайда жүзеге асырылады:
1) қоғамдық бiрлестiктiң жоғары органының Президенттiкке кандидат ұсыну жөніндегі мәжілісiнiң осы қоғамдық бiрлестiктi Республиканың Әдiлет министрлігінде тiркеу туралы құжаттың көшiрмесi қоса тiркелген хаттаманың үзiндiсi;
2) Президенттiкке кандидат болып дауысқа түсуге келісім беру жөніндегі өтiнiш;
3) азаматтардың кандидатты қолдап жиналған қолдарын тексерудiң нәтижесi туралы аумақтық сайлау комиссиясының хаттамалары;
4) кандидаттың өмiрбаяндық деректерi;
4-1) алынып тасталды
2015.18.11. № 413-V ҚР Конституциялық Заңымен 4-2) тармақша жаңа редакцияда (2017 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4-2) кандидат пен оның зайыбының (жұбайының) активтер мен міндеттемелер туралы декларациялар тапсырғаны жөнінде мемлекеттік кіріс органының анықтамасы;
5) кандидаттың сайлау жарнасын енгiзгенiн куәландыратын құжат.
6. Президенттiкке кандидат өзiн өзi ұсынған жағдайда оны тiркеу мына құжаттары болған жағдайда жүзеге асырылады:
1) Президенттiкке кандидат болып дауысқа түсу ниетi жөніндегі өтiнiшi;