Осы Конституциялық заңға сәйкес сайлау қорларын құрмайтын азаматтар, қоғамдық бiрлестіктер қаржыландыруды талап етпейтiн сайлау алдындағы үгіт жүргiзуге құқылы.
2. Осы Конституциялық заңға сәйкес белгiленген тiркеу мерзiмi аяқталған кезден бастап, үгіт науқаны аяқталғанға дейiн кандидаттардың, партиялық тiзiмiн ұсынған саяси партиялардың өздерiнiң сайлау алдындағы бағдарламаларын баспасөзде және басқа да бұқаралық ақпарат құралдарында үгiттеуге және насихаттауға құқығы бар.
Кандидаттардың, партиялық тiзiмдерiн ұсынған саяси партиялардың сайлау алдындағы үгiт жүргiзуi үшiн бұқаралық ақпарат құралдарына қол жеткізуiнiң тең жағдайына кепiлдiк беріледi.
3. Мемлекет кандидаттарға өз бағдарламаларымен бұқаралық ақпарат құралдарына шығуы үшiн бiрдей қаражат бөлiнуіне кепiлдiк бередi. Әрбiр кандидаттың телевизиядан он бес минуттық сөз сөйлеуiне, радиодан он минуттық сөз сөйлеуіне, сондай-ақ баспа басылымдарында 0,1 баспа табақтан аспайтын көлемде екi мақала жариялауына қаражат берiледi.
Партиялық тiзiмдерiн ұсынған саяси партиялар теледидарда Орталық сайлау комиссиясы ұйымдастыратын, ол белгiлейтiн уақыт көлемiнде саяси пікiр-сайыстарға қатысуға құқылы.
Бұқаралық ақпарат құралдары тiркелген кандидаттарға және партиялық тiзiмдерiн ұсынған саяси партияларға шарттық негiзде эфир уақытын, баспасөз бетiнен орын бередi. Бұқаралық ақпарат құралдарында кандидаттарға және партиялық тiзiмдерiн ұсынған саяси партияларға эфир уақытын, баспасөз бетiнен орын беру туралы шарттың талаптары белгiлi бiр кандидатқа, саяси партияға артықшылық туғызбауға тиiс. Эфирден және баспасөзден орын беру төлемiнiң мөлшерi, шарттары мен тәртібі туралы мәлiметтердi тиiстi телерадиохабарларын тарату ұйымы, мерзiмдiк баспа басылымының редакциясы сайлаудың тағайындалғаны туралы шешім ресми жарияланғаннан кейiнгі оныншы күннен кешiктiрмей хабарлауға және жариялауға тиiс, сондай-ақ Президент сайлауы кезiнде - Орталық және облыстық сайлау комиссияларына, Парламенттiң, мәслихаттардың депутаттары мен өзге де жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары мүшелерiн сайлау кезiнде өзге де аумақтық, сондай-ақ oкругтік сайлау комиссияларына берiлуге тиiс.
Бұқаралық ақпарат құралы кандидаттардың, партиялық тізімін ұсынған саяси партиялардың бірiне эфир уақытын, баспасөз бетiнен орын бөлуге берген келiсімi басқа да кандидаттарға, партиялық тізімдерін ұсынған саяси партияларға эфир уақытын, баспасөз бетiнен орын бөлуге келісім беруі болып табылады.
Кандидаттар мен партиялық тiзiмдерiн ұсынған саяси партиялардың бұқаралық ақпарат құралдарына шығуының кезектілігі жазбаша өтініштердің келiп түсу ретiмен не егер өтiнiштер бiр мезгiлде келіп түссе, жеребе бойынша белгiленедi.
Кандидаттардың телевизия мен радиода сөйлеп жатқан сөздерiн бөлуге және сөйлеген сөздерiне iле-шала, сондай-ақ баспа басылымдарындағы сөздерiне сол нөмiрде түсiнiктеме жасауға тыйым салынады.
4. Жергілікті атқарушы органдар және жергілікті өзін-өзі басқару органдары кандидаттарға сайлаушылармен кездесуі үшін шарттық негізде үй-жай береді. Үй-жай беру шарты барлық кандидаттар үшін бірдей және тең болуға тиіс.
Сайлау комиссиялары жергілікті атқарушы органдармен және жергілікті өзін-өзі басқару органдарымен бірлесіп, бөлінген үй-жайда кандидаттардың сайлаушылармен кездесулер кестесін жасайды және оны бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды.
5. Тиісті сайлау комиссиялары партиялық тізімдер бойынша дауысқа түсетiн кандидаттардан басқа кандидаттарға плакаттар, листовкалар, ұрандар мен өзге де үгіттiк баспа материалдарын басып шығару үшiн бiрдей мөлшерде ақша бөледi. Барлық үгiттiк баспа материалдарында сол материалдарды шығарған ұйым, олар басылған жерi мен таралымы, тапсырыс жасаған тұлғалар, қандай қаражаттан төленгендiгi туралы мәлiметтер болуға тиiс. Yгiттiк баспа материалдарын Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерлерде дайындауға, анонимдiк үгiт материалдарын таратуға тыйым салынады.
6. Жергiлiктi атқарушы органдар тиiстi сайлау комиссияларымен бiрлесiп барлық кандидаттар үшiн үгіттiк баспа материалдарын орналастыру үшiн орын белгiлейдi және оларды стендтермен, тақталармен, тұғырлықтармен жарақтандырады. Үгiттiк баспа материалдары барлық кандидаттар үшiн тең құқықтар қамтамасыз ететiн жағдайда орналастырылады.
Кандидаттар үгiттiк баспа материалдарын тиiстi объект иесiнiң рұқсатымен өзге де орындарда iлiп қоюға құқылы.
Үгiт материалдарын ескерткiштерге, ескерткіш тұғырларға, тарихи, мәдени немесе сәулеттiк құндылығы бар үйлер мен ғимараттарға, сондай-ақ дауыс беруге арналған үй-жайларға iліп қоюға тыйым салынады.
Сайлау комиссиясының үй-жайы мен дауыс беруге арналған үй-жайда кандидаттың фотосуретiмен және Орталық сайлау комиссиясы белгiлеген мәліметтердің стандартты жиынтығымен, бiр нысанда кандидаттар туралы ақпарат орналастырылады.
Сайлау комиссиясының үй-жайы мен дауыс беруге арналған үй-жайда партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялар туралы Орталық сайлау комиссиясы белгілеген мәліметтердің стандартты жиынтығынан тұратын бірыңғай форматтағы ақпарат орналастырылады.
7. Президенттiкке, Парламент және мәслихат депутаттығына кандидаттар өз сайлау қорларының қаражаты есебiнен бұқаралық ақпарат құралдарына шығуға, сайлау алдындағы жария іс-шараларды өткізуге, қосымша үгіт материалдарын шығаруға байланысты шығындарды төлеуге, сондай-ақ көлiк және iссапар шығыстарының орнын толтыруға құқылы. Бұл мақсатқа кез келген басқа көздерден өзге ақша тартуға, сайлау науқаны барысында кандидаттар пайдаланатын, кандидаттардың сайлау қорлары қаражатынан ақысы төленбеген жеке және заңды тұлғалардың кез келген тауарын, жұмысы мен қызметiн қабылдауға, аталған жеке және заңды тұлғаларға осы қызметтердің көрсетiлгенi үшін кандидат тарапынан жәрдемнің кез келген түріне тыйым салынады.
Кандидатқа, саяси партияларға сайлау алдындағы үгітті жүргiзуге байланысты қызмет көрсететiн жеке және заңды тұлғаларда олардың осы қызметтердi қабылдауға жазбаша келісімi болуға тиiс. Жазбаша келісімi жоқ тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
8. Орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың мерзiмдi баспа басылымдары сайлау комиссияларының хабарламаларын, сайлауға қатысатын кандидаттар туралы деректердi Орталық сайлау комиссиясы белгiлеген тәртiппен және көлемде жариялауға мiндеттi.
9. Сайлаумен байланысты қоғамдық пікірге сұрау салу нәтижелерін жариялаған кезде бұқаралық ақпарат құралдары сұрау салуды жүргiзген ұйымды, сұрау салуды жүргізуге тапсырыс берген және оның ақшасын төлеген адамдарды, сұрау салу жүргiзілген уақытты, ақпарат жинау әдiсiн, сұрау салудың нақты тұжырымын, сұралғандардың саны мен сұрау салу нәтижесінің қателiк коэффициентiн көрсетуге мiндеттi.
Бұқаралық ақпарат құралдарында қоғамдық пікірге сұрау салу нәтижелерiн, сайлау нәтижелерiнiң болжамын, сайлауға байланысты өзге де зерттеулердi дауыс берiлетін күн алдындағы бес күн ішінде және дауыс берiлетiн күні жариялауға жол берілмейдi.
Сайлау күнi дауыс берілетiн үй-жайда немесе дауыс беру пунктiнде қоғамдық пiкiрге сұрау салуға тыйым салынады.
ҚР 14.04.04 ж. № 545-II Конституциялық Заңымен 29-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
29-бап. Кандидаттың, саяси партияның сайлау алдындағы бағдарламасы
Президенттiкке, Парламент және мәслихат депутаттығына, өзге де жергiлiктi өзін-өзi басқару органының мүшелiгiне кандидат, партиялық тізімін ұсынған саяси партия өзінің болашақ қызметiнiң сайлау алдындағы бағдарламасын баяндайды. Сайлау алдындағы бағдарламада Республиканың конституциялық құрылысын күштеп өзгерту, оның тұтастығын бұзу, мемлекет қауiпсiздігіне нұқсан келтiру, әлеуметтік, нәсілдiк, ұлттық, дiни, тектiк-топтық және рулық араздықты қоздыру, қатыгездiк пен зорлық-зомбылыққа бас ұру, сондай-ақ заңдарда көзделмеген әскерилендiрілген құралымдар құру идеялары уағыздалмауға тиiс.
Аталған талаптар бұзылған жағдайда тиiстi сайлау комиссиясы кандидатты тiркеуден, саяси партияның партиялық тiзiмін тiркеуден бас тартуға, ал кандидат немесе саяси партия мұндай сайлау алдындағы бағдарламаны тiркелгеннен кейiн ұсынған жағдайда кандидатты немесе партиялық тiзiмдi тiркеу туралы шешiмнiң күшiн жоюға құқылы.
30-бап. ҚР 14.04.04 ж. № 545-II Конституциялық Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
ҚР 14.04.04 ж. № 545-II Конституциялық Заңымен 31-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); ҚР 2005.15.04. № 44-III (бұр. ред. қара); 2007.19.06 № 268 -III (бұр. ред. қара) Конституциялық Заңдарымен 31-бап өзгерді
31-бап. Сенім бiлдiрген адамдар
1. Кандидаттардың, партиялық тiзiмдерiн ұсынған саяси партиялардың өздерiне сайлау науқанын жүргiзуге көмектесетiн, сайлау алдындағы үгiттi жүргізетін, кандидаттар, саяси партиялар мүдделерiн білдіретін сенім бiлдiрiлген адамдары болуына құқылы.
2. Кандидаттар, партиялық тiзiмдерiн ұсынған саяси партиялар сенім бiлдiрiлген адамдарын өздерінің қалаулары бойынша тиісті сайлау округіндегі әр сайлау учаскесіне үш адамнан аспайтын санда анықтайды және оларды тiркеу үшiн тиiстi сайлау комиссиясына хабарлайды.
Сенат депутаттығына кандидаттың әрбiр ауданда, қалада, қаладағы ауданда бір-бірден сенім бiлдiрiлген адамдары болуына құқығы бар.
Кандидат, саяси партия сенім бiлдiрiлген адамдар ретiнде ұсынған адамдар тиiстi сайлау комиссиясына өзiнiң сенім бiлдiрiлген адам болуға келiскенi туралы өз өтінішін табыс етедi.
3. Сайлау комиссиясы сенім бiлдiрiлген адамдарды тiркегеннен кейiн оларға тиiстi куәлiк бередi.
4. Сенім білдiрiлген адам Қазақстан Республикасының азаматы болуға тиiс, ол Сенат депутатын сайлау кезiнде мәслихат депутаты, қандай да бiр сайлау комиссиясының мүшесi, саяси мемлекеттік қызметшi лауазымындағы адам болмауға тиiс.
5. Сенім білдірілген адамдар Қазақстан Республикасының саяси партиялары, өзге де қоғамдық бірлестіктері, коммерциялық емес ұйымдары байқаушыларының құқықтарын иеленеді, міндеттеріне ие болады және кандидаттың, партиялық тізімін ұсынған саяси партияның өздеріне жазбаша нысанда берген өкілеттігі шегінде әрекет етеді.
6. Сенім білдiрiлген адамдар сайлау науқаны аяқталғаннан кейiн, өз ұйғарымымен, кандидаттың және партиялық тізiмiн ұсынған саяси партияның шешiмiмен, сондай-ақ кандидатты, партиялық тiзімдi тіркеудiң күшi жойылған, осы Конституциялық заң бұзылған жағдайларда өз мәртебесiнен айырылады.
ҚР 14.04.04 ж. № 545-II Конституциялық Заңымен 32-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
32-бап. Сайлау алдындағы үгiттi тоқтату
1. Сайлау болатын күнi және оның қарсаңындағы күнi кез келген үгiтке тыйым салынады.
2. Сайлау комиссияларының үй-жайларынан және дауыс беруге арналған үй-жайлардан тыс жерлерде бұрыннан ілулi тұрған баспа үгiт материалдарын сол орындарында қалдыруға болады.
6-тарау. Сайлауды қаржыландыру
06.05.99 ж. № 375-I ҚР Конституциялық Заңымен; 14.04.04 ж. № 545-II ҚР Конституциялық Заңымен (бұр. ред. қара); 2005.15.04. № 44-III ҚР Конституциялық Заңымен (бұр. ред. қара); 2007.19.06 № 268-III (бұр. ред. қара) ҚР Конституциялық Заңымен; 2009.09.02 № 124-IV ҚР Конституциялық Заңымен (бұр. ред. қара) 33-бап өзгертілді
33-бап. Сайлауды мемлекеттік қаржыландыру
1. Партиялық тiзiмдер бойынша сайланатын Парламент Мәжілісi депутаттарының сайлауын қоспағанда, Президенттiң, Парламент, мәслихаттар депутаттарының, өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдары мүшелерінің сайлауы республикалық бюджет қаражатынан жергілікті атқарушы органдардың осы мақсаттарға арнап ашылған шоттары арқылы қаржыландырылады. Бұл шоттарға республикалық бюджеттен түсетін бюджет қаражатына иелік етуді аумақтық сайлау комиссиялары жүзеге асырады. Қаржыландыру тәртібi Қазақстан Республикасының бюджеттік заңнамасында белгіленеді.
2. Республикалық бюджет қаражатынан:
1) сайлау комиссияларын ұйымдастыру мен оның қызметiне, үй-жайды жалға алуға, iссапар шығыстарына, консультанттарға, сарапшыларға, лингвистикалық комиссияның мүшелерiне, электронды сайлау жүйелерінің пайдаланылуын қамтамасыз ететін мамандарға еңбек ақы төлеуге;
2) осы Конституциялық заңның 28-бабының 3-тармағына сәйкес партиялық тiзiмдер бойынша дауысқа түсетiн кандидаттардан басқа кандидаттардың бұқаралық ақпарат құралдарындағы сөздерiне;
3) осы Конституциялық заңның 28-бабының 4 және 5-тармақтарына сәйкес жүргiзiлетiн кандидаттардың сайлау алдындағы көпшiлiк шараларын өткізуге, партиялық тiзiмдер бойынша дауысқа түсетiн кандидаттардан басқа кандидаттардың үгiт материалдарын шығаруға;
4) партиялық тiзiмдер бойынша дауысқа түсетiн кандидаттардан басқа кандидаттардың Орталық сайлау комиссиясы белгiлеген мөлшерде көлiкке;
5) сайлау комиссиясының үй-жайы мен дауыс беруге арналған үй-жайда орналастырылатын Президенттікке, Парламент Сенатының және мәслихаттардың депутаттығына, өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелігіне кандидаттар туралы, сондай-ақ партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялар туралы ақпараттық плакаттарды дайындауға жұмсаған шығындары жабылады.
3. Халықаралық ұйымдар мен халықаралық қоғамдық бiрлестiктер, шетелдiк мемлекеттік органдар, шет елдердiң Заңды тұлғалары мен азаматтығы жоқ адамдар тарапынан Республикадағы сайлауды қаржыландыруға, олардың қандай да болмасын тiкелей немесе жанама түрде республикадағы сайлауды қаржыландыруға қатысуына тыйым салынады.
4. ҚР 2005.15.04. № 44-III Конституциялық Заңымен алынып тасталды (бұр. ред. қара)
06.05.99 ж. № 375-I ҚР Конституциялық Заңымен; 14.04.04 ж. № 545-II ҚР Конституциялық Заңымен (бұр. ред. қара); 2005.15.04. № 44-III ҚР Конституциялық Заңымен (бұр. ред. қара); 2007.19.06 № 268 -III ҚР Конституциялық Заңымен (бұр. ред. қара); 2009.09.02 № 124-IV ҚР Конституциялық Заңымен (бұр. ред. қара) 34-бап өзгертілді
34-бап. Сайлауды мемлекеттік емес қаржыландыру
1. Президенттi және Парламент және мәслихаттар депутаттарын сайлауда кандидаттардың сайлау алдындағы үгiтiн осы Конституциялық заңда белгiленген тәртiппен құрылатын сайлау қорлары қаражатынан қаржыландыруға болады.
2. Сайлау қорлары заңдарда белгiленген тәртiппен мемлекеттік тiркеуге жатады.
3. Сайлау қорлары мынадай көздерден:
1) кандидаттардың жеке қаражатынан, саяси партиялардың қаражатынан.
2) кандидатқа оны ұсынған Республиканың қоғамдық бiрлестiгi бөлген қаражаттан;
3) Республика азаматтары мен ұйымдарының ерiктi қайырмалдықтарынан құралады. Мемлекеттік органдар мен ұйымдардың, өзге де жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының, қайырымдылық ұйымдарының, дiни бiрлестiктердiң, өздерiнiң жарғылық капиталында шетелдiк қатысушысы бар қазақстандық заңды тұлғалардың ерiктi қайырмалдықтарына, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың анонимдiк қайырмалдықтарына тыйым салынады.
4. Сайлау қорларына заңды жолмен алынған қаражат қана берiледi. Қорға келiп түскен ақшаның жалпы сомасы және оның көздері туралы ақпаратты сайлау қорытындылары жарияланғаннан кейiн он күн ішінде:
Қазақстан Республикасының Президентiн, Парламент Мәжілісінің депутаттарын партиялық тiзiм бойынша сайлау кезiнде - Орталық сайлау комиссиясы;
Парламент Сенатының депутаттарын сайлау кезiнде - облыстық (республикалық маңызы бар қалалардың және астананың) сайлау комиссиялары;
мәслихаттардың депутаттарын сайлау кезінде — округтік сайлау комиссиялары бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды.
5. Аталған көздерден сайлау қорларына жолдануы мүмкiн ақшалай қаражаттың шектi мөлшерi осы Конституциялық заңның Ерекше бөлiмiнде белгiленедi. Белгiленген мөлшерден артық түскен ақша қаражаты сайлау қорына есептеуге жатқызылмайды және оларды қосқан азаматтар мен ұйымдарға қайтарылып берiледi. Бұл ретте аталған қаражатты қайтаруға байланысты шығыстар оларды енгiзген азаматтар мен ұйымдар есебiнен жабылады. Дерегi жоқ қайырмалдықтар республикалық бюджет кiрiсiне енгiзiледi.
6. Сайлау қорын құрайтын ақша қаражаты кандидат, партиялық тiзiм тiркелгеннен кейiн тиiстi сайлау комиссиясы банк мекемелерiнде ашатын арнаулы уақытша шоттарға түсiрiледi. Аталған шот бойынша кiрiс есептелмейдi және төленбейдi. Осы Конституциялық заңда аталған мақсаттар үшiн сайлау қорының қаражатына иелiк ету құқығы тек қана кандидатқа және партиялық тiзiмдердi ұсынған саяси партияларға берiледi. Банктер тиiстi сайлау комиссиясына арнаулы уақытша шотқа келiп түскен қаражат және олардың жұмсалуы туралы апта сайын есеп бередi. Тиiстi сайлау комиссиясының сұратуы бойынша сол мәлiметтер жиырма төрт сағаттың ішiнде берiледi. Сайлау қорларының қаражатын жұмсау тәртібін және тиісті банк мекемесін Орталық сайлау комиссиясы белгiлейдi.
7. Кандидат өз кандидатурасын алып тастаған саяси партия партиялық тiзiмдi керi қайтарып алған немесе кандидатты, партиялық тiзiмдi ұсыну немесе кандидатты, партиялық тiзiмдi тiркеу туралы шешiмнiң күшi жойылған жағдайда сайлау қорына түскен ақша қаражаты оны қосқан азаматтар мен ұйымдарға дереу қайтарылуға жатады. Бұл ретте аталған қаражатты қайтаруға байланысты шығыстар оларды енгiзген азаматтар мен ұйымдар есебiнен жабылады.
8. Арнаулы уақытша шоттар бойынша барлық қаржылық операциялар, оның ішінде жеке және заңды тұлғалармен есеп айырысулар, міндеттi аударымдар, салықтар және бюджетке төленетін басқа да төлемдер сайлаудың алдындағы күнi сағат 18-де тоқтатылады.
Қайта дауыс беру өткізілген жағдайда кандидаттың сайлау қорына түсіруге рұқсат берілген ақшаның шекті сомасы бір жарым есе ұлғайтылады.
Қайтадан дауыс беру өткізілген кезде өздеріне қатысты қайтадан дауыс беру өткiзiлетiн кандидаттардың арнаулы уақытша шоттары бойынша қаржы операциялары қайтадан дауыс беру тағайындалған күнi қайта жаңғыртылады және сайлау күнінің алдындағы күнгi сағат он сегiзде тоқтатылады.
Сайлау қорына ол құрылған кезден бастап түскен ақшаның жалпы сомасы осы Конституциялық заңмен белгiленген шектен аспауғa тиiс.
9. Сайлау қорытындылары анықталғаннан кейiн бес күннен кешiктiрмей кандидат саяси партия тиiстi сайлау комиссиясына өзiнiң сайлау қорының қаражатын пайдаланғаны жөнiнде есеп беруге мiндеттi. Сайлау қорының сайлау науқаны мақсаттарына жұмсалмай қалған ақшалай қаражатының үштен екiсi республикалық бюджетке жiберiледi, ал үштен бiрi кандидатқа, саяси партияға қайтарылады.
10. Кандидаттың, партиялық тiзiмiн ұсынған саяси партияның осы баптың 1-8-тармақтарында белгiленген ережелердi, сондай-ақ Орталық сайлау комиссиясы белгiлеген сайлау қорлары қаражатын жұмсау тәртібін бұзуы кандидатты, партиялық тiзiмдi тiркеу туралы шешiмнiң күшiн жоюға, ал сайлау өткiзiлгеннен кейiн кандидаттың Президент, Парламент депутаты, мәслихат депутаты, өзге де жергiлiктi өзін-өзi басқару органының мүшесi ретiнде тiркелуiне дейін тиiстi аумақ немесе округ бойынша сайлауды жарамсыз деп тануға әкеп соғады.
ҚР 14.04.04 ж. № 545-II Конституциялық Заңымен 35-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
35-бап. Сайлау шараларын сайлау комиссияларының қаржыландыруы
1. Президенттi, Парламент, мәслихаттар депутаттарын, сондай-ақ өзге де жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының мүшелерiн сайлау кезіндегі сайлау iс-шараларын қаржыландыруды Орталық сайлау комиссиясы жүзеге асырады.
2. Сайлау комиссияларының төрағалары ақшалай қаражатқа иелiк етедi және қаржы құжаттарының сайлау комиссияларының қаржы мәселелерi жөніндегі шешiмдерiне сай келуi үшiн жауап бередi.
ҚР 06.05.99 ж. № 375-I; 14.04.04 ж. № 545-II (бұр. ред. қара) Конституциялық Заңдарымен 36-бап өзгертілді
36-бап. Сайлау науқанын өткізуге бөлiнген қаражаттың жұмсалуын бақылау
1. Сайлау науқандарына республикалық бюджеттен бөлiнген қаражатты кандидаттардың жұмсауын бақылау Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Сайлау қорлары қаражатының жұмсалуын бақылауды тиiстi сайлау комиссиялары және банк мекемелерi жүзеге асырады.
3. Тиiстi сайлау комиссияларының ұсынысы бойынша аталған бақылауды жүргiзуге өздерiнiң құзыретiне сәйкес мемлекеттік органдардың мамандары тартылуы мүмкiн.
7-тарау. Дауыс беру тәртібі
ҚР 06.05.99 ж. № 375-I; 14.04.04 ж. № 545-II (бұр. ред. қара); 2007.19.06 № 268 -III (бұр. ред. қара) Конституциялық Заңдарымен 37-бап өзгерді
37-бап. Сайлау бюллетенi
1. Сайлау бюллетенiне мемлекеттік тiлдiң әлiпбилiк тәртібімен тегi, аты, әкесiнiң аты көрсетiле отырып, барлық тiркелген кандидаттар енгiзiледi. Саяси партияларға дауыс беруге арналған сайлау бюллетенiне жеребемен айқындалған тәртiппен саяси партиялардың атаулары енгiзiледi. Жеребе тартуды Орталық сайлау комиссиясы жүргiзедi. Жеребе тартуды өткізудiң тәртібін Орталық сайлау комиссиясы белгiлейдi.
2. Сайлау бюллетеньдерi мемлекеттік тiлде және орыс тілiнде басылады.
Сайлау бюллетеньдерi сайлау округіндегі сайлаушылардың жалпы санының 1 процентi резервiмен сайлау округіндегі сайлаушылардың санына тең мөлшерде дайындалады.
3. Сайлау бюллетеньдерi учаскелiк сайлау комиссияларына сайлаудан кем дегенде бiр күн бұрын сайлау учаскесіндегі сайлаушылардың жалпы санының 1 проценті резервімен жеткiзiледi.
4. алынып тасталды
5. Сайлау бюллетеньдерi орналасқан үй мөрлеп бекiтіліп, iшкi iстер органдарының күзетуiне тапсырылады.
14.04.04 ж. № 545-II ҚР Конституциялық Заңымен (бұр. ред. қара); 2007.19.06 № 268 -III ҚР Конституциялық Заңымен (бұр. ред. қара); 2009.09.02 № 124-IV ҚР Конституциялық Заңымен (бұр. ред. қара) 38-бап өзгертілді
38-бап. Дауыс беру уақыты мен орны
1. Президенттi, Парламент Мәжілісi мен мәслихаттар депутаттарын, өзге де жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары мүшелерiн сайлау жөніндегі дауыс беру сайлау күнi жергiлiктi уақытпен сағат жетiден жиырмаға дейiн өткiзiледi. Аумақтық немесе округтiк сайлау комиссиялары тиiстi әкiмнiң, учаскелiк сайлау комиссияларының ұсынысы бойынша дауыс берудi бастайтын және аяқтайтын басқа уақыт белгiлеуге хақылы. Бұл орайда дауыс берудi сағат алтыдан ерте бастап, сағат жиырма екiден кеш аяқтауға болмайды. Дауыс берудi бастау және аяқтау уақытын өзгерту туралы аумақтық немесе округтiк комиссиялардың шешiмi сайлаушылардың назарына жеткізілуге тиіс.
2. Учаскелiк сайлау комиссиясы дауыс беретiн уақыт пен орын туралы дауыс беру өткiзiлетiн күнге дейiн он күннен кешiктiрмей, ал мәслихаттардан басқа, өзге де өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдары мүшелерінің сайлауын өткiзген кезде бес күннен кешiктiрмей сайлаушыларды бұқаралық ақпарат құралдары арқылы, сондай-ақ өзге де әдiстермен хабардар етуге тиiс.
3. Қазақстан Республикасының иелiгіндегі және сайлау күнi жүзуде жүрген кемелерде, әскер бөлiмдерiнде, шалғайдағы және қатынасу қиын аудандарда, алыстағы мал шаруашылығы учаскелерiнде, демалыс үйлерiнде, санаторийлерде, тұрақты емдеу-профилактикалық мекемелерiнде, тергеу изоляторлары мен уақытша ұстау изоляторларында, сондай-ақ шет мемлекеттердегi Қазақстан Республикасының өкiлдiктерi жанынан құрылған сайлау учаскелерiнде, егер тiзiмге енгiзiлген сайлаушылардың бәрi дауыс берсе, учаскелiк сайлау комиссиясы дауыс берудi кез келген уақытта аяқталды деп жариялай алады. Мұндай учаскелердiң тiзбесiн тиiстi сайлау комиссиясы сайлауға дейiн жетi күннен кешiктiрмей, мәслихаттардан басқа, өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдары мүшелерін сайлауды өткiзгенде үш күннен кешiктiрмей бекiтедi.
4. Сенат депутаттарын сайлау бойынша дауыс беру бiр күннiң iшiнде өткiзiледi. Бұл ретте дауыс беру уақытын аумақтық сайлау комиссиясы анықтайды.
06.05.99 ж. № 375-I ҚР Конституциялық Заңымен; 14.04.04 ж. № 545-II ҚР Конституциялық Заңымен (бұр. ред. қара); 2009.09.02 № 124-IV ҚР Конституциялық Заңымен (бұр. ред. қара) 39-бап өзгертілді
39-бап. Дауыс беруге арналған үй-жай
1. Президенттi, Парламенттiң, мәслихаттардың депутаттарын, өзге де жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының мүшелерiн сайлауға дауыс беру арнайы бөлiнген бөлмелерде өткiзiлуге тиiс, оларда жасырын дауыс беруге арналған кабиналар жеткiлiктi мөлшерде жабдықталуға, сайлау бюллетеньдерiн беретiн орындар белгiленiп, дауыс беруге арналған жәшiктердiң қойылуы дауыс беретiн адамдар оларға жасырын дауыс беруге арналған кабиналар арқылы өтiп келетiндей болуға тиiс.Бұл ретте байқаушылар, сенім бiлдiрілген адамдар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерi мен сайлау комиссиясы мүшелерiнiң сайлау жәшiктерін, жасырын дауыс беруге арналған кабиналарға кірудi және шығуды бақылауына жағдай жасалуға тиiс.
2. Дауыс беруге арналған үй-жайдағы адамдар дауыс берудi өткізу жөніндегі комиссия белгiлеген ережелердi қатаң сақтауға мiндеттi. Тиiстi сайлау комиссиясының төрағасы бiр мезгiлде дауыс беруге арналған үй-жайдағы сайлаушылардың санын реттейдi; тәртiпке жауапты болады және осы Конституциялық заңның ережелерiн бұзып, дауыс берудi өткізуге кедергi келтiрген кез келген адамның ол жерден кетуiн талап етуге хақылы.
Дауыс беру күнi дауыс беруге арналған үй-жайда сайлау процесiне қатысы жоқ бөгде адамдардың болуына тыйым салынады.
Қазақстан Республикасының Сайлау туралы заңдарын бұзған жағдайда, учаскелiк сайлау комиссиясының мүшесi оның жұмысына қатысудан дереу шеттетiледi, ал байқаушы мен өзге адамдар сайлау комиссиясының жазбаша нысанда қабылданған дәлелдi шешiмi бойынша дауыс беруге арналған үй-жайдан шығарылады.
Осы шешiмнің орындалуын iшкi iстер органдары жүзеге асырады, олар сонымен қатар сайлау комиссиясының шеттетiлген мүшесiн, сондай-ақ шығарылған байқаушыны немесе өзге адамды Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылыққа тарту жөнiнде шаралар қабылдайды.