78-тарау. АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ӨНІМІН ӨНДІРУШІЛЕР ҮШІН АРНАУЛЫ САЛЫҚ РЕЖИМДЕРІ
697-бап. Ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерге салық салу ерекшеліктері
1. Осы тараудың мақсаттары үшін мынадай ауыл шаруашылығы өнімін (бұдан әрі осы тараудың мақсаттары үшін - ауыл шаруашылығы өнімі):
1) өсімдік шаруашылығы өнімін;
2) мал шаруашылығы өнімін;
3) құс шаруашылығы өнімін;
4) балара шаруашылығы өнімін өндіру және өткізу бойынша қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға, шаруа немесе фермер қожалықтары ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер деп танылады.
Осы тараудың мақсаттары үшін ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерге акваөсіру (балық өсіру шаруашылығы) өнімдері де жатады.
2. Осы Кодексте:
1) ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер және ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін;
2) фермер және шаруа қожалықтары үшін ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерге арналған арнаулы салық режимдері көзделген.
3. Осы Кодексте белгіленген, оларды қолдану шарттарына сәйкес келген кезде осындай салық режимдері қолданылатын, қызметтері бойынша ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер, ауыл шаруашылығы коперативтері салық салудың мынадай режимдерінің біреуін:
1) ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерге және ауыл шаруашылығы кооперативтеріне арналған арнаулы салық режимін (бұдан әрі осы баптың және осы Кодекстің 698, 699 және 700-баптарының мақсаттарында - арнаулы салық режимі);
2) оңайлатылған декларация негізінде немесе тіркелген шегерімді пайдалана отырып, шағын бизнес субъектілеріне арналған арнаулы салық режимін;
3) жалпыға бірдей белгіленген тәртіпті дербес таңдауға құқылы.
4. Осы Кодекстің 702-бабының 3-тармағында көрсетілген қызмет түрлерін жүзеге асыру кезінде шаруа немесе фермер қожалықтары осы баптың 3-тармағында көрсетілген салық режимдерінің біреуін немесе осы Кодекстің 702-бабында белгіленген оны қолданудың басқа талаптарына сәйкес келген кезде шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған арнаулы салық режимін таңдауға құқылы.
5. Осы баптың 3-тармағының 1) немесе 2) тармақшасында көрсетілген арнаулы салық режимін таңдау кезінде салық төлеушілер мұндай салық режимін оны қолдану шарттарына сәйкес келген кезде осы Кодекстің 679-бабының 5 және 7-тармақтарында белгіленген жағдайларды қоспағанда, кемінде күнтізбелік бір жыл мерзім бойы қолданады.
6-тармақтың қолданысы 2020 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатылды, тоқтатыла тұру кезеңінде осы тармақ 2017.25.12. № 121-VI ҚР Заңының 49-бабының редакциясында қолданылады (болашақ редакцияны қараңыз)
6. Ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер үшін арнаулы салық режимдерін қолданатын салық төлеушілер осындай салық режимдерінің күші қолданылмайтын қызмет түрлерін жүзеге асырған жағдайда, кірістер мен шығыстарды, мүлікті бөлек есепке алуды жүргізуге, сондай-ақ көрсетілген қызмет түрлері бойынша тиісті салықтарды және бюджетке төленетін төлемдерді есептеуді және төлеуді жалпыға бірдей белгіленген тәртіппен жүргізуге міндетті.
Бұл ретте осы тармақта көзделген бөлек есепке алуды салық төлеушілер өздері бекіткен салықтық есепке алу саясатының ережелеріне сәйкес жүзеге асыруға тиіс.
7. Ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерге арналған арнаулы салық режимдерін қолдануға шетелдік заңды тұлғалар, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар құқылы емес.
1-параграф. Ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер мен ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін арнаулы салық режимі
698-бап. Жалпы ережелер
1. Арнаулы салық режимі төлем көзінен ұстап қалатын салықты, әлеуметтік салықты, мүлік салығын, көлік құралы салығын қоспағанда, корпоративтік табыс салығын немесе жеке табыс салығын есептеудің ерекше тәртібін көздейді.
2. Арнаулы салық режимі:
1) ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілердің ауыл шаруашылығы өнімін (акцизделетін өнімді қоспағанда) өндіру, өз өндірісінің көрсетілген өнімін қайта өңдеу және өткізу жөніндегі қызметіне;
2) ауыл шаруашылығы кооперативтерінің:
акцизделетін өнімді қоспағанда, ауыл шаруашылығы өнімін өндіру және оны өткізу;
осындай кооператив мүшелері өндірген ауыл шаруашылығы өнімін дайындау, сақтау және өткізу;
өзі өндірген және (немесе) осындай кооперативтің мүшелері өндірген ауыл шаруашылығы өнімін (акцизделетін өнімді қоспағанда) қайта өңдеу, сондай-ақ осындай қайта өңдеу нәтижесінде алынған өнімді өткізу;
мемлекеттік және бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы уәкілетті орган айқындаған тізбе бойынша осындай кооперативтің мүшелері үшін (олардың осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген қызмет түрлерін жүзеге асыруы мақсатында) қосалқыларды қоса алғанда, жұмыстарды орындау (қызметтерді көрсету);
мемлекеттік және бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы уәкілетті орган айқындаған тізбе бойынша тауарларды осындай кооперативтің мүшелеріне (олардың осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген қызмет түрлерін жүзеге асыруы мақсатында) өткізу жөніндегі қызметіне қолданылады.
Ауыл шаруашылығы кооперативтері нысанын уәкілетті орган белгілейтін салықтық тіркелімде осы тармақшада көзделген тауарлардың өткізілуін, сондай-ақ осындай тауарларды пайдалануға, сенімгерлік басқаруға, жалға беруге ұсынылуын көрсетуге міндетті.
3. Жеке меншік және (немесе) жер пайдалану құқығындағы (кейінгі жер пайдалану құқығын қоса алғанда) жер учаскелері болған кезде салық төлеушілерге арнаулы салық режимін қолдану құқығы беріледі.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің талабы ауыл шаруашылығы кооперативтеріне және балара шаруашылығы өнімін өндіру, сондай-ақ өз өндірісінің көрсетілген өнімін қайта өңдеу және өткізу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын салық төлеушілерге қолданылмайды.
699-бап. Салықтық кезең
Арнаулы салық режимін қолдану үшін салықтық кезең күнтізбелік жыл болып табылады.
700-бап. Жекелеген салық түрлерін есептеу ерекшеліктері
1. Арнаулы салық режимін қолданатын ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер мен ауыл шаруашылығы кооперативтері бюджетке төлеуге жататын мынадай салықтардың сомасын:
1) осы Кодекстің 698-бабының 2-тармағында көрсетілген қызметті жүзеге асырудан түскен кіріс бойынша - корпоративтік табыс салығы мен жеке табыс салығының (төлем көзінен ұстап қалатын салықтардан басқа) сомасын;
2) осы Кодекстің 698-бабының 2-тармағында көрсетілген қызметті жүзеге асырумен байланысты салық салу объектілері бойынша - әлеуметтік салық сомасын;
3) осы Кодекстің 698-бабының 2-тармағында көрсетілген қызметті жүзеге асыру кезінде пайдаланылатын салық салу объектілері бойынша - мүлік салығы, көлік құралы салығы сомасын 70 пайызға азайтуға құқылы.
2. Осы бапта көзделген корпоративтік табыс салығының сомасын азайту:
1) осы Кодекстің 305-бабына сәйкес айқындалатын корпоративтік табыс салығы бойынша аванстық төлемдердің сомаларын есептеу кезінде;
2) осы Кодекстің 313-бабының 2-тармағында көрсетілген бағыттар бойынша ауыл шаруашылығы өнімін өндіруші заңды тұлғаларға берілген, бюджеттік субсидиялар түрінде алынған кірістерге де қолданылады.
3. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген салықтарды есептеуді осы арнаулы салық режимін қолданатын ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер жалпыға бірдей белгіленген тәртіппен жүргізеді.
701-бап. Салықтарды төлеу және салықтық есептілікті ұсыну мерзімдері
Осы Кодекстің 700-бабының 1-тармағында көрсетілген салықтарды бюджетке төлеу және олар бойынша салықтық есептілікті ұсыну жалпыға бірдей белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
2-параграф. Шаруа немесе фермер қожалықтары үшін арнаулы салық режимі
702-бап. Жалпы ережелер
1. Шаруа немесе фермер қожалықтары үшін арнаулы салық режимiн Қазақстан Республикасының аумағында жеке меншік және (немесе) жерді пайдалану (кейінгі жер пайдалану құқығын қоса алғанда) құқығында жер учаскелері бар, қосылған құн салығын төлеушілер болып табылмайтын шаруа немесе фермер қожалықтары қолдануға құқылы.
2. Шаруа немесе фермер қожалықтары үшін арнаулы салық режимiн қолдану мақсатында жеке меншік және (немесе) жер пайдалану құқығындағы (кейінгі жер пайдалану құқығын қоса алғанда) ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің жиынтық алаңы мыналар үшін:
1-аумақтық аймақ - 5 000 га;
2-аумақтық аймақ - 3 500 га;
3-аумақтық аймақ - 1 500 га;
4-аумақтық аймақ - 500 га болып белгіленген жер учаскесінің шекті алаңының көлемінен аспауға тиіс.
Осы тармақтың мақсаттары үшін жер учаскелерін мынадай аймақтарға бөлу қолданылады:
1-аумақтық аймақ: Алматы, Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау және Оңтүстік Қазақстан облыстарының, Алматы қаласының топырақ-климаттық аймақтарындағы шөлді, жартылай шөлді және тау бөктеріндегі шөлді-далалық жерлеріндегі жайылымдар;
2-аумақтық аймақ: Ақмола, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарының, Астана қаласының, сондай-ақ 1-аумақтық аймақтың жерін қоспағанда, Ақтөбе облысының жерлері;
3-аумақтық аймақ: 1-аумақтық аймақтың жерiн қоспағанда, суармалы жерлерін қоса алғанда, Атырау, Маңғыстау облыстарының жерлері;
4-аумақтық аймақ: 1-аумақтық аймақтың жерін қоспағанда, суармалы жерлерін қоса алғанда, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарының, Алматы қаласының жерлері.
Шаруа немесе фермер қожалықтарында әртүрлі аумақтық аймақтардағы ауыл шаруашылық мақсатындағы жер учаскелері болған жағдайда, осы тармақтың мақсаттары үшін мұндай учаскелердің жиынтық алаңы осындай аумақтық аймақтар үшін белгіленген жер учаскесінің неғұрлым ауқымды шекті алаңының көлемінен аспауға тиіс.
Бұл ретте әрбір аумақтық аймақтағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің алаңы, мұндай аймақ үшін осы тармақта белгіленген жер учаскесінің шекті алаңының мөлшерінен аспауға тиіс.
3. Шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған арнаулы салық режимі бірыңғай жер салығын төлеу негізінде бюджетпен есеп айырысудың ерекше тәртібін көздейді және акцизделетін тауарларды өндіру, қайта өңдеу және өткізу жөніндегі қызметті қоспағанда, шаруа немесе фермер қожалықтарының ауыл шаруашылығы өнімін өндіру және өзі өндірген ауыл шаруашылығы өнімін өткізу және қайта өңдеу, осындай қайта өңдеу өнімдерін өткізу жөніндегі қызметіне қолданылады.
4. Арнаулы салық режимін қолдану үшін салықтық кезең күнтізбелік жыл болып табылады.
703-баптың қолданысы 2020 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатылды, тоқтатыла тұру кезеңінде осы бап 2017.25.12. № 121-VI ҚР Заңының 50-бабының редакциясында қолданылады (болашақ редакцияны қараңыз)
703-бап. Салық салу объектiсі
Жер ресурстарын басқару жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган берген жер учаскелерінің бағалау құнын айқындау актісі негізінде белгіленген жер учаскесінің бағалау құны бірыңғай жер салығын есептеу үшін салық салу объектіcі болып табылады.
Жер учаскелерінің бағалау құнын айқындаудың осындай актісі болмаған кезде жер учаскесінің бағалау құны жер ресурстарын басқару жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган ұсынған деректер бойынша аудан, қала бойынша орташа есеппен 1 гектар жердің бағалау құны және жер учаскесінің алаңы негізге алына отырып айқындалады.
704-баптың қолданысы 2020 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатылды, тоқтатыла тұру кезеңінде осы бап 2017.25.12. № 121-VI ҚР Заңының 50-бабының редакциясында қолданылады (болашақ редакцияны қараңыз)
704-бап. Бірыңғай жер салығын есептеу тәртібі
1. Егістік бойынша бірыңғай жер салығын есептеу жер учаскелерінің жиынтық бағалау құнына жер учаскелерінің жиынтық алаңын негізге ала отырып, мынадай мөлшерлемелерді қолдану арқылы жүргізіледі:
| р/с № | Жер учаскелерінің алаңы (гектар) | Салық мөлшерлемесі |
| 1. | 500-ге дейін | 0,15% |
| 2. | 501-ден 1000-ды қоса алғанға дейін | 500 гектардан бағалау құнының 0,15 % + 500 гектардан асатын жер алаңынан бағалау құнының 0,3 % |
| 3. | 1001-ден 1500-ді қоса алғанға дейін | 1000 гектардан бағалау құнының 0,3 % + 1000 гектардан асатын жер алаңынан бағалау құнының 0,45 % |
| 4. | 1501-ден 3000-ды қоса алғанға дейін | 1500 гектардан бағалау құнының 0,45 % + 1500 гектардан асатын жер алаңынан бағалау құнының 0,6 % |
| 5. | 3000-нан жоғары | 3000 гектардан бағалау құнының 0,6 % + 3000 гектардан асатын жер алаңынан бағалау құнының 0,75 % |
2. Жайылымдар, табиғи шабындықтар және арнаулы салық режимі қолданылатын қызметте пайдаланылатын басқа да жер учаскелері бойынша бiрыңғай жер салығын есептеу осындай жер учаскелерінің жиынтық бағалау құнына 0,2 % мөлшерлемені қолдану арқылы жүргізіледі.
3. Жергілікті атқарушы органдардың ұсыныстары негізінде жергілікті өкілді органдардың Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерге бірыңғай жер салығының мөлшерлемесін он еседен асырмай арттыруға құқығы бар.
4. Шаруа немесе фермер қожалықтары бірыңғай жер салығын салықтық кезеңде арнаулы салық режимі қолданылатын нақты кезең үшін, оның ішінде жер учаскесін жер пайдалануға алған (меншікке сатып алған) және (немесе) жер учаскесін жер пайдаланудан (өткізуден) бас тартқан жағдайда есептейді.
5. Әрбір жер учаскесі орналасқан жер бойынша бірыңғай жер салығының бюджетке төлеуге жататын сомасы барлық жер учаскелерінің жалпы алаңына осындай жер учаскелері алаңының үлес салмағына пропорционал айқындалады.
6. Бірыңғай жер салығының сомасы арнаулы салық режимі қолданылатын нақты кезең үшін:
салық төлеуші барлық жер учаскелері бойынша осы арнаулы салық режимін толық емес салықтық кезең қолданған жағдайда - салықтың жалпы сомасын он екіге бөліп, осындай нақты кезеңнің ай санына көбейту;
салық төлеуші арнаулы салық режимін осы ауданда толық емес салықтық кезең қолданған жағдайда - осы арнаулы салық режимі қолданылатын қызметте пайдаланылатын жер учаскелері аумағында орналасқан аудан бюджетіне төлеуге жататын салықтың жалпы сомасын он екіге бөліп, нақты кезеңнің ай санына көбейту;
салық төлеуші салықтық кезең ішінде осындай жер учаскесін жер пайдалануға алған (меншікке сатып алған) және (немесе) жер пайдаланудан бас тартқан (осы жер учаскесін өткізген) жағдайда - осы арнаулы салық режимі қолданыла отырып пайдаланылатын жер учаскесі бойынша толық салықтық кезең үшін төлеуге жататын салық сомасын он екіге бөліп, нақты кезеңнің ай санына көбейту арқылы айқындалады.
Бұл ретте осы тармақтың бірінші бөлігінің төртінші абзацында көрсетілген жағдайларда жер учаскесі бойынша арнаулы салық режимі қолданылатын нақты кезең үшін салықты есептеу:
жер учаскесі салықтық кезең ішінде берілген (өткізілген) жағдайда - егер осындай жер учаскесі бойынша арнаулы салық режимі салықтық кезеңнің басынан бастап қолданылса, салықтық кезеңнің бірінші айынан бастап осындай жер учаскесі берілген (өткізілген) айдың бірінші күніне дейін;
осындай жер учаскесі жер пайдалануға алынған (меншікке сатып алынған) айдың бірінші күнінен бастап салықтық кезеңнің соңына дейін немесе осындай жер учаскесі жер пайдалануға берілгеннен (өткізілгеннен) кейінгі айдың бірінші күніне дейін жүргізіледі.
7. Шаруа немесе фермер қожалықтары үшін арнаулы салық режимi бiрыңғай жер салығын төлеу негiзiнде бюджетпен есеп айырысулардың ерекше тәртiбiн көздейдi және ауыл шаруашылығы өнiмiн (акцизделетінді қоспағанда) өндiру және оны өткізу, өзi өндiрген ауыл шаруашылығы өнiмiн (акцизделетінді қоспағанда) қайта өңдеу, осындай қайта өңдеу өнімдерін өткізу жөніндегі шаруа немесе фермер қожалықтарының қызметiне қолданылады.
705-бап. Арнаулы салық режимін қолдану ерекшелiктерi
1. Бiрыңғай жер салығын төлеушiлер салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердiң мынадай түрлерiн:
1) шаруа немесе фермер қожалықтарының қызметінен түскен кірістерден, оның ішінде осы арнаулы салық режимі қолданылатын қызметпен байланысты шығындарды (шығыстарды) жабуға мемлекеттік бюджет қаражатынан алынған сомалар түріндегі кірістерден алынатын жеке табыс салығын;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып пайдаланылатын жер учаскелерін қоспағанда, осы арнаулы салық режимі қолданылатын қызметте пайдаланылатын жер учаскелері бойынша жер салығын және (немесе) жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлемақыны;
3) осы Кодекстің 490-бабы 3-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген салық салу объектiлерi бойынша - көлiк құралдары салығын;
4) осы Кодекстің 517-бабы 3-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген салық салу объектiлерi бойынша - мүлiк салығын;
5) осы арнаулы салық режимі қолданылатын шаруа немесе фермер қожалығының қызметі бойынша - әлеуметтік салықты;
6) осы арнаулы салық режимі қолданылатын шаруа немесе фермер қожалығының қызметі бойынша - қоршаған ортаға эмиссия үшін төлемақыны төлеушiлер болып табылмайды.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілмеген салықтарды және бюджетке төленетін төлемдерді есептеу, төлеу осындай салықтар және бюджетке төленетін төлемдер бойынша салықтық есептілікті ұсыну, сондай-ақ әлеуметтік төлемдерді төлеу (аудару) жалпыға бірдей белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
706-бап. Жекелеген салық және бюджетке төленетін төлемдер түрлерін төлеу мерзімдері
1. Бірыңғай жер салығын, жер бетіндегі көздердің су ресурстарын пайдаланғаны үшін төлемақыны төлеу мынадай тәртіппен:
1) салықтық кезеңнің 1 қаңтарынан бастап 1 қазанына дейін есептелген сомаларды төлеу - ағымдағы салықтық кезеңнің 10 қарашасынан кешiктiрілмейтін мерзімде;
2) салықтық кезеңнің 1 қазанынан бастап 31 желтоқсанына дейін есептелген сомаларды төлеу - есепті салықтық кезеңнен кейінгі салықтық кезеңнің 10 сәуірінен кешiктiрілмейтін мерзімде жүргiзiледi.
2. Бірыңғай жер салығын бюджетке төлеу жер учаскесі тұрған жер бойынша жүргізіледі.
707-бап. Бірыңғай жер салығын төлеушілер үшін салық декларациясын тапсыру мерзімдері
Бірыңғай жер салығын төлеушілерге арналған декларацияда бірыңғай жер салығының, төлем көзінен ұстап қалатын жеке табыс салығының, жер бетіндегі көздердің су ресурстарын пайдаланғаны үшін төлемақының және әлеуметтік аударымдардың есептелген сомалары көрсетіледі.
Бірыңғай жер салығын төлеушілерге арналған декларация жер учаскесі тұрған жердегі салық органына есепті салықтық кезеңнен кейінгі салықтық кезеңнің 31 наурызынан кешіктірілмей ұсынылады.
21-БӨЛІМ. ҚЫЗМЕТІН АРНАЙЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ АЙМАҚТАР АУМАҚТАРЫНДА ЖҮЗЕГЕ АСЫРАТЫН ТҰЛҒАЛАРҒА ЖӘНЕ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ БАСЫМ ЖОБАЛАРДЫ ІСКЕ АСЫРАТЫН ҰЙЫМДАРҒА САЛЫҚ САЛУ
79-тарау. ҚЫЗМЕТІН АРНАЙЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ АЙМАҚТАР АУМАҚТАРЫНДА ЖҮЗЕГЕ АСЫРАТЫН ТҰЛҒАЛАРҒА САЛЫҚ САЛУ
708-бап. Жалпы ережелер
1. Осы Кодекстің қолданылу мақсаттары үшін арнайы экономикалық аймақтың аумағында қызметті жүзеге асыратын ұйым бір мезгілде мынадай талаптарға сәйкес келетін:
1) Қазақстан Республикасының арнайы экономикалық аймақтар туралы заңнамасына сәйкес арнайы экономикалық аймаққа қатысушы болып табылатын;
2) тұрған жеріндегі арнайы экономикалық аймақтың аумағындағы салық органында немесе арнайы экономикалық аймақтың аумағы құзыретіне жататын салық органының аумақтық бөлімшесінде салық төлеуші ретінде тіркелген;
3) арнайы экономикалық аймақта қызметтің басым түрлерін жүзеге асыруға қажетті инфрақұрылым және объектілер болған кезде, өкілдіктерді қоспағанда, заңды тұлға арнайы экономикалық аймақтың аумағы шегінен тыс жерлерден филиалдарға және басқа да оқшауланған құрылымдық бөлімшелерге ие болуға құқылы емес;
4) арнайы экономикалық аймақтың аумағында арнайы экономикалық аймақты құру мақсаттарына сәйкес келетін қызметтің басым түрін жүзеге асыратын заңды тұлға болып табылады.
Арнайы экономикалық аймақ құру мақсаттарына сәйкес келетін, арнайы экономикалық аймақ бөлінісінде қызметтің басым түрлерінің тізбесін, сондай-ақ көрсетілген тізбеге қызметтің басым түрлерін енгізу тәртібін мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен және уәкілетті органмен келісу бойынша арнайы экономикалық аймақты құру, оның жұмыс істеуі және оны тарату саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік орган айқындайды.
Қызметтің басым түрлерін айқындау техникалық реттеу саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік орган бекіткен экономикалық қызмет түрлерінің жалпы сыныптауышына сәйкес жүзеге асырылады.
Осы тармақтың ережелері осы баптың 2 және 3-тармақтарында көрсетілген тұлғаларға қолданылмайды.
2. Осы Кодекстің қолданылу мақсаттары үшін арнайы экономикалық аймақ аумағында қызметті жүзеге асыратын ұйым деп бір мезгілде мынадай талаптарға сәйкес келетін:
1) Қазақстан Республикасының арнайы экономикалық аймақтар туралы заңнамасына сәйкес «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағына қатысушы болып табылатын;
2) тұрған жерінде салық төлеуші ретінде тіркелген;
3) өкілдіктерді қоспағанда, филиалдары мен өзге де оқшауланған құрылымдық бөлімшелері жоқ;
4) «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағын құру мақсатына сәйкес келетін қызметтің басым түрін жүзеге асыратын заңды тұлға да танылады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің ережелерін қолдану мақсатында арнайы экономикалық аймақты құру, олардың жұмыс істеуі және оларды тарату саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік орган мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен және уәкілетті органмен келісу бойынша көрсетілген арнайы экономикалық аймақтың аумағы шегінен тыс жерлерде жүзеге асырылуы мүмкін «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағын құру мақсатына сәйкес келетін қызметтің басым түрлерінің жеке тізбесін айқындайды.
3. Осы Кодексті қолдану мақсаттары үшін арнайы экономикалық аймақ аумағында қызметті жүзеге асыратын ұйым немесе дара кәсіпкер деп бір мезгілде мынадай талаптарға сәйкес келетін:
1) Қазақстан Республикасының арнайы экономикалық аймақтар туралы заңнамасына сәйкес «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы» арнайы экономикалық аймағына қатысушы болып табылатын;
2) «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы» арнайы экономикалық аймағының аумағындағы салық органында немесе құзыретіне «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы» арнайы экономикалық аймағының аумағы жататын салық органының аумақтық бөлімшесінде салық төлеуші ретінде тіркелген;
3) өкілдіктерді қоспағанда, филиалдары мен өзге де оқшауланған құрылымдық бөлімшелері жоқ;
4) «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы» арнайы экономикалық аймағын құру мақсатына сәйкес келетін, қызметтің басым түрлерін арнайы экономикалық аймақ аумағында жүзеге асыратын тұлға танылады.
«Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы» арнайы экономикалық аймағын құру мақсатына сәйкес келетін қызметтің басым түрлерінің тізбесін мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен және уәкілетті органмен келісу бойынша арнайы экономикалық аймақты құру, оның жұмыс істеуі және оны тарату саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік орган айқындайды.
4. Арнайы экономикалық аймақтардың аумақтарында қызметiн жүзеге асыратын ұйымдарға және дара кәсіпкерлерге:
1) жер қойнауын пайдаланушылар;
2) осы Кодекстің 462-бабының 6) тармақшасында көзделген акцизделетін тауарларды өндіруді, құрастыруды (жинақтауды) жүзеге асыратын ұйымдарды қоспағанда, акцизделетiн тауарларды өндiретiн ұйымдар;
3) арнаулы салық режимдерін қолданатын ұйымдар мен дара кәсіпкерлер;
4) 2009 жылғы 1 қаңтарға дейін инвестициялар жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органмен жасасқан келісімшарттар бойынша - инвестициялық салықтық преференцияларды қолданатын (қолданған) ұйымдар;
5) Қазақстан Республикасының инвестициялар туралы заңнамасына сәйкес инвестициялық басым жобаны немесе инвестициялық стратегиялық жобаны іске асыратын (іске асырған) ұйымдар;
6) ойын бизнесі саласындағы қызметті жүзеге асыратын ұйымдар жатпайды.
5. Арнайы экономикалық аймақтың аумағына өткізілетін тауарларға қосылған құн салығын салу, сондай-ақ нөлдік мөлшерлеме бойынша салынатын айналым бойынша қосылған құн салығының асып кетуін қайтару тәртібі осы Кодекстің осы бөлімінде және 389, 390 және 391-баптарында көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып, осы Кодексте айқындалған тәртіппен жүргізіледі.