Дара кәсіпкерлер есеп-қисапты табыс еткеннен кейін салық органы есеп-қисап ұсынылған күннен кейінгі бір жұмыс күні ішінде салық органының ақпараттық жүйесінде патент қалыптастыруды жүргізеді.
Патенттің нысанын уәкілетті орган бекітеді.
6. Егер осы тармақта өзгеше көзделмесе, патент негізіндегі арнаулы салық режимі бір салықтық кезең шегінде кемінде бір ай қолданылады.
Патент негізіндегі арнаулы салық режимін:
1) ағымдағы салықтық кезеңнің соңғы айында жаңадан тіркелген;
2) ағымдағы салықтық кезеңнің соңғы айында салықтық есептілікті табыс етудің тоқтатыла тұру мерзімі аяқталғанға дейін немесе аяқталғаннан кейін қызметін қайта бастаған дара кәсіпкерлер бір айдан кем мерзім ішінде қолданады.
7. Патент негізіндегі арнаулы салық режимін қолданатын дара кәсіпкерлер салықтық есептілікті ұсынуды тоқтата тұру үшін осы Кодекстің 214-бабында айқындалған тәртіппен салықтық өтінішті тұрған жеріндегі салық органына ұсынады.
686-бап. Патент құнын есептеу
1. Патент құнына жеке табыс салығы (төлем көзінен ұстап қалатын жеке табыс салығынан басқа) мен әлеуметтік төлемдердің төлеуге жататын сомалары қосылады.
2-тармақтың қолданысы 2020 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатылды, тоқтатыла тұру кезеңінде осы тармақ 2017.25.12. № 121-VI ҚР Заңының 48-бабының редакциясында қолданылады (болашақ редакцияны қараңыз)
2. Патент құнына кіретін жеке табыс салығының сомасын есептеу, сауда саласындағы қызметті жүзеге асыратын тұлғалардың салық салу объектісін қоспағанда, салық салу объектісіне 1 пайыз мөлшердегі мөлшерлемені қолдану арқылы жүргізіледі.
Сауда саласындағы қызметті жүзеге асыратын дара кәсіпкерлер патент құнына кіретін жеке табыс салығының сомасын есептеуді, 1 пайыз мөлшерлеме бойынша салық салынатын қолма-қол ақшасыз есеп айырысулар арқылы алынатын кірістерді қоспағанда, салық салу объектісіне 2 пайыз мөлшерінде мөлшерлемені қолдану арқылы жүргізеді.
Сауда саласындағы қызметті жүзеге асыратын дара кәсіпкерлер жеке табыс салығының әртүрлі мөлшерлемелері бойынша салық салынатын кірістерді бөлек есепке алуды жүзеге асырады. Бұл ретте қолма-қол ақшасыз есеп айырысулар арқылы алынатын кірістерді есепке алу банктік шоттардан үзінді көшірмелерді қоса алғанда, бастапқы құжаттар негізінде, уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша салықтық тізілімде жүргізіледі.
3. Патент құнына кіретін әлеуметтік төлемдерді есептеу «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы», «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» және «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүргізіледі.
4. Егер патенттің қолданылу мерзімі ішінде іс жүзінде алынған кіріс сомасы есеп-қисапта көрсетілген кіріс мөлшерінен асса, дара кәсіпкерлер бес жұмыс күні ішінде асқан сомаға қосымша салықтық есептілік түрінде есеп-қисапты ұсынуға және осы сомадан салықтар төлеуді жүргізуге міндетті.
Егер іс жүзінде алынған кіріс сомасы осы Кодекстің 683-бабы 2-тармағының 2) тармақшасында белгіленген шекті кіріс мөлшерінен асқан жағдайда, осы тармақтың ережелері қолданылмайды.
Көрсетілген есеп-қисаптың негізінде бұрын қалыптастырылған патенттің орнына жаңа патент қалыптастырылады.
5. Егер патенттің қолданылу мерзімі ішінде нақты алынған кіріс сомасы (оның мерзімінен бұрын тоқтатылатын жағдайларын ескере отырып) есеп-қисапта көрсетілген кірістің мөлшерінен аз болса, дара кәсіпкерлер патент құнының азаю сомасына қосымша салықтық есептілік түрінде есеп-қисапты табыс етуге құқылы.
Көрсетілген жағдайда артық төленген салық сомаларын қайтару осы Кодекстің 11-тарауында айқындалған тәртіппен жүргізіледі.
6. Іс жүзінде алынған кіріс сомасы осы Кодекстің 683-бабы 2-тармағының 2) тармақшасында белгіленген шекті кіріс сомасынан асқан жағдайда, осы Кодекстің 679-бабында белгіленген жалпыға бірдей белгіленген тәртіпті немесе өзге де арнаулы салық режимін қолдану басталған күннен бастап алынған дара кәсіпкердің кірісіне тиісінше жалпыға бірдей белгіленген тәртіппен немесе арнаулы салық режимінде айқындалған тәртіппен салық салынады.
7. Дара кәсiпкер әрекетке қабiлетсiз деп танылған жағдайды қоспағанда, патенттiң қолданылу мерзiмi өткенге дейiн кәсiпкерлiк қызмет тоқтатылған кезде салықтың енгiзiлген сомасы қайтаруға және қайта есептеуге жатпайды.
3-параграф. Оңайлатылған декларация негiзiндегi арнаулы салық режимi
687-бап. Оңайлатылған декларация бойынша салықтарды есептеу
1. Салықтарды оңайлатылған декларация бойынша есептеуді салық төлеуші салық салу объектiсiне есептi салықтық кезең үшін 3 пайыз мөлшерiндегi мөлшерлемені қолдану арқылы дербес жүргiзедi.
2. Егер есепті кезеңнің қорытындылары бойынша жұмыскерлердiң орташа айлық жалақысы республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және салықтық кезеңнің бірінші күніне қолданыста болатын ең төмен жалақының, дара кәсiпкерлерде - кемiнде 2 еселенген, заңды тұлғаларда кемiнде 2,5 еселенген мөлшерін құраса, осы баптың 1-тармағына сәйкес салықтық кезең үшін есептелген салық сомасы жұмыскерлердiң орташа тiзiмдiк саны негiзге алына отырып, әрбiр жұмыскер үшiн салық сомасының 1,5 пайызы мөлшерiндегi сомаға азайтылу жағына қарай түзетiлуге жатады.
3. Осы Кодекстің 683-бабында белгіленген арнаулы салық режимін қолдану талаптарына сәйкес келмеу жағдайлары туындаған кезде, салық төлеушінің жалпыға бірдей белгіленген тәртіпті немесе өзге де арнаулы салық режимін қолдану басталған күннен бастап алынған кірісі тиісінше жалпыға бірдей белгіленген тәртіппен немесе өзге де арнаулы салық режимінде белгіленген тәртіппен салық салуға жатады.
688-бап. Оңайлатылған декларацияны тапсыру мен салықтарды төлеу мерзімдері
1. Оңайлатылған декларация салық төлеушінің тұрған жеріндегі салық органына есепті салықтық кезеңнен кейінгі екінші айдың 15-күнінен кешіктірілмей тапсырылады.
2. Оңайлатылған декларацияда көрсетілген салықтарды бюджетке төлеу жеке (корпоративтік) табыс салығы мен әлеуметтiк салық түрiнде есепті салықтық кезеңнен кейiнгi екінші айдың 25-күнінен кешіктірілмей жүргiзiледi.
Бұл ретте жеке (корпоративтік) табыс салығы - оңайлатылған декларация бойынша есептелген салық сомасының 1/2 мөлшерiнде, әлеуметтiк салық «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес есептелген Мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру қорына әлеуметтiк аударымдар сомасын шегергендегі оңайлатылған декларация бойынша есептелген салық сомасының 1/2 мөлшерiнде төленуге жатады.
Мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру қорына әлеуметтiк аударымдар сомасы әлеуметтiк салық сомасынан асып кеткен кезде әлеуметтiк салық сомасы нөлге тең деп есептеледі.
3. Оңайлатылған декларацияда төлем көзінен ұстап қалатын жеке табыс салығының және әлеуметтік төлемдердің бюджетке төленуге жататын сомалары көрсетіледі.
689-бап. Жекелеген салық түрлері мен әлеуметтік төлемдерді есептеу, төлеу және олар бойынша салықтық есептілікті ұсыну
Оңайлатылған декларацияның негізінде арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеуші төлем көзінен ұстап қалатын жеке табыс салығының сомаларын есептеуді, төлеуді және әлеуметтік төлемдерді аударуды жалпыға бірдей белгіленген тәртіппен жүргізеді.
Бұл ретте төлем көзінен ұстап қалатын жеке табыс салығының және әлеуметтік төлемдердің есептелген сомалары осы Кодекстің 688-бабында айқындалған тәртіппен және мерзімдерде тапсырылатын оңайлатылған декларацияда көрсетіледі.
4-параграф. Тіркелген шегерім пайдаланылатын арнаулы салық режимі
690-бап. Салық салу объектісі
1. Тіркелген шегерім пайдаланылатын арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеуші үшін салық салу объектісі осы Кодекстің 691-бабының 4-тармағында көзделген түзетулерді есепке алғандағы кіріс пен осы параграфта көзделген шегерімдер арасындағы айырма ретінде айқындалатын салық салынатын кіріс болып табылады.
2. Заңды тұлғаның немесе дара кәсіпкердің кірісі осы тұлғалардың Қазақстан Республикасында және оның шегінен тыс жерлерде салықтық кезең ішінде алынуға жататын (алынған) кірістерінен тұрады.
3. Осы параграфтың мақсатында кіріс ретінде мыналар:
1) жарғылық капиталға салым ретінде алынған мүліктің құны;
2) акционер алатын (алған), оның ішінде заңды тұлға таратылған кезде немесе жарғылық капитал азайтылған кезде мүлікті бөлгенде бұрын енгізілгеннің орнына алынатын (алынған) мүліктің мүлікті бөлу пропорционалды жүзеге асырылатын акциялар санына келетін төленген жарғылық капитал мөлшеріндегі құны;
3) қатысушы, құрылтайшы алатын (алған), оның ішінде заңды тұлға таратылған кезде немесе жарғылық капитал азайтылған кезде мүлікті бөлгенде, сондай-ақ қатысушыға, құрылтайшыға заңды тұлғадағы қатысу үлесін немесе оның бір бөлігін қайтару кезінде бұрын енгізілгеннің орнына алынатын (алынған) мүліктің мүлікті бөлу пропорционалды жүзеге асырылатын қатысу үлесіне келетін төленген жарғылық капитал мөлшеріндегі, бірақ оны сатып алуға және (немесе) пайдасына мүлікті бөлу жүзеге асырылатын қатысушы жүргізген жарғылық капиталға жарналарды төлеуге шеккен шығындар сомасынан аспайтын құны;
4) эмитент өзі шығарған акцияларды орналастырудан алған мүліктің құны;
5) мүлікті беретін салық төлеуші үшін - өтеусіз негізде берілген мүліктің құны;
6) Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес есептен шығарылған өсімпұл мен айыппұлдар сомасы;
7) егер осындай тауар бірлігінің құны республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген және осындай алу күніне қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 5 еселенген мөлшерінен аспайтын болса, жарнамалық мақсатта өтеусіз (оның ішінде сыйға тарту түрінде) алынған тауардың құны;
8) осы Кодексте көзделген жағдайларда салықтық міндеттеменің мөлшерін азайту сомасы;
9) егер осы Кодекстің 7-бөлімінде өзгеше көзделмесе, басқа тұлғадан алынуға жататыннан (алынғаннан) басқа, халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес бухгалтерлік есепте кіріс деп танылатын активтердің және (немесе) міндеттемелердің құнын өзгертуге байланысты туындайтын кіріс;
10) халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес активтерді қайта бағалауға арналған резервтерді азайту есебінен бөлінбеген пайданы ұлғайту;
11) халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес іс жүзінде орындалуға жататын міндеттеменің мөлшері мен бухгалтерлік есепте танылған осы міндеттеменің құны арасындағы оң айырма түрінде бухгалтерлік есептегі міндеттеменің танылуымен байланысты туындайтын кіріс;
12) мүліктің, оның ішінде осы Кодекстің 243-бабының 8-тармағына сәйкес алынған жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің құны;
13) оң бағамдық айырма сомасының теріс бағамдық айырма сомасынан асып кетуі;
14) міндеттемелерді есептен шығарудан түсетін кіріс;
15) күмәнді міндеттемелер бойынша кіріс;
16) дара кәсіпкер болып табылмайтын жалға алушы жеке тұлғаның, егер көрсетілген шығыстар мыналарға:
Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасына сәйкес кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға;
«Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген коммуналдық көрсетілетін қызметтер ақысын төлеуге;
тұрғынжайды, тұрғын үй-жайды (пәтерді) жөндеуге жұмсалған жалға алу төлемақысына қосылмайтын болса, тұрғынжайды, тұрғын үй-жайды (пәтерді) мүліктік жалдау (жалға алу) кезінде шеккен шығыстары;
17) тіркелген активтердің шығып қалуынан түсетін кіріс қаралмайды.
Бұл ретте тіркелген шегерім пайдаланылатын арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеуші тіркелген активтерді есепке алуды жүргізбейді.
4. Осы парагрфтың мақсаттары үшiн дара кәсiпкердiң кірісі ретiнде:
1) төлем көзiнен мұндай салықтың ұстап қалғанын растайтын құжаттар болған кезде бұрын төлем көзiнен жеке табыс салығы салынған дивидендтер, сыйақылар, ұтыстар;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мөлшерде бюджет есебінен төленетін атаулы әлеуметтік көмек, жәрдемақылар мен өтемақылар;
3) стипендиялар;
4) қайырымдылық көмек;
5) гуманитарлық көмек түрінде алынған мүліктің құны;
6) мүлiктiк кіріс;
7) жұмыскердің кірісі;
8) материалдық залалды өтеудің сот шешiмi бойынша тағайындалған сомасы түрінде өзі алған кірістер қаралмайды.
691-бап. Кірістер
1. Осы параграфтың мақсаттары үшін салық төлеушінің кірісіне:
1) заңды тұлға үшін - осы Кодекстің 690-бабының 3-тармағында көрсетілгендерді;
2) дара кәсіпкер үшін - осы Кодекстің 690-бабының 3 және 4-тармақтарында көрсетілгендерді қоспағанда, барлық кіріс түрлері қосылады.
2. Кірісті қаржылық есептіліктің халықаралық стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес тану осы Кодекске сәйкес кірісті айқындау және тану тәртібінен өзгеше болған жағдайда, көрсетілген кіріс салық салу мақсаттары үшін осы Кодексте айқындалған тәртіппен есепке алынады.
3. Салық төлеушінің осы баптың 4-тармағына сәйкес кірістерді түзетуге құқығы бар. Бұл ретте жылдық жиынтық кіріс осы баптың 4-тармағына сәйкес түзетулерді ескере отырып, теріс мәнге ие болуы мүмкін.
4. Осы параграфтың мақсаттары үшін бұрын танылған кіріс сомасы шегінде есепті салықтық кезеңнің кіріс мөлшерін ұлғайту немесе есепті салықтық кезеңнің кіріс мөлшерін азайту түзету деп танылады.
Осы бапта көрсетілген кірістер:
1) тауарлар толық немесе ішінара қайтарылған;
2) мәміле шарттары өзгертілген;
3) өткізілген немесе сатып алынған тауарлар, орындалған жұмыстар, көрсетілген қызметтер үшін бағалар, өтемақылар өзгертілген;
4) баға шегерістері, сату шегерістері;
5) шарт талаптары негізге алына отырып, өткізілген немесе сатып алынған тауарлар, орындалған жұмыстар, көрсетілген қызметтер үшін ұлттық валютамен төлеуге жататын сомалар өзгертілген;
6) заңды тұлғадан, дара кәсіпкерден, Қазақстан Республикасында қызметті тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезидент-заңды тұлғадан осындай тұрақты мекеменің қызметіне қатысты талаптар бойынша, сондай-ақ Қазақстан Республикасында қызметті тұрақты мекеме құруға алып келмейтін филиал, өкілдік арқылы жүзеге асыратын бейрезидент-заңды тұлғаның филиалынан, өкілдігінен талапты есептен шығарған жағдайларда түзетуге жатады.
Осы тармақшада көзделген кірісті түзету:
дебитор-салық төлеуші таратылған кезде оны тарату балансын бекіту күніне кредитор-салық төлеуші талап қоймаған;
заңды күшіне енген сот шешімі бойынша салық төлеуші талапты есептен шығарған жағдайларда азайту жағына қарай жүзеге асырылады.
Осы тармақшада көзделген түзету талаптың туындауын растайтын бастапқы құжаттар болған кезде есептен шығарылған талаптың және бұрын осындай талап бойынша танылған кірістің сомасы шегінде жүргізіледі.
Осы тармақтың екінші бөлігінің 1) - 5) тармақшаларында көзделген түзету осындай түзетуді жүзеге асыру үшін жағдайлардың басталғанын растайтын бастапқы құжаттар болған кезде жүргізіледі.
Кірістерді түзету осы бапта көзделген жағдайлар басталған салықтық кезеңде жүргізіледі.
Осы бапта көзделген жағдайлар басталған кезеңде кіріс болмаған немесе сол кезеңде мөлшерін төмендету жағына түзетуді жүзеге асыру үшін оның мөлшері жеткіліксіз болған жағдайда, түзету бұрын кіріс түзетуге жатады деп танылған салықтық кезеңде жүргізіледі.
5. Егер нақ сол кірістер кірістердің бірнеше баптарында көрсетілуі мүмкін жағдайда олар кіріске бір рет қосылады.
Салық салу мақсаттары үшін кірісті тану күні осы параграфтың ережелеріне сәйкес айқындалады.
692-бап. Шегерімге жатқызылатын шығыстарды айқындау тәртібі
1. Осы Кодекстің 7-бөліміне сәйкес шегерiмге жатпайтын шығыстарды қоспағанда, салық төлеушiнiң кіріс алуға бағытталған қызметті жүзеге асырумен байланысты осы бапта көзделген шығыстары салық салынатын кірісті айқындау кезiнде шегерiмге жатады.
2. Осы параграфтың мақсатында шығыстардың мынадай түрлері:
1) тауарларды сатып алуға;
2) осы Кодекстің 257-бабына сәйкес шегерімге жатқызылуы тиіс жұмыскерлердің есептелген кірістері мен жеке тұлғаларға өзге де төлемдер бойынша;
3) осы Кодекстің 263-бабына сәйкес шегерімге жатқызылуы тиіс салық және бюджетке төленетін төлемдерді төлеуге;
4) осы Кодекстің 244-бабына сәйкес шегерімге жатқызылуы тиіс қызметтік іссапарлар кезіндегі өтемақылардың сомалары шегерімге жатады.
3. Дара кәсіпкердің салық салынатын кірісті айқындау кезінде, егер ол оларды жеке тұлға ретінде, оның ішінде салық агентінде де қолданбаса, 342-бапта көзделген салықтық шегерімдерді қолдануға құқығы бар.
4. Осы Кодексте көзделген жағдайларда шегерімге жатқызылатын шығыстардың мөлшері белгіленген нормалардан аспауға тиіс.
5. Егер осы Кодекстің 693-бабында өзгеше белгіленбесе, салық төлеуші осындай шығыстар оның кіріс алуға бағытталған қызметімен байланысты екенін растайтын құжаттар болған кезде шегерiмдердi жүргiзедi.
Бұл шығыстар, халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес айқындалатын болашақтағы кезеңдердің шығыстарын қоспағанда, олардың іс жүзінде шеккен салықтық кезеңінде шегерiмге жатады.
6. Халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес айқындалатын болашақтағы кезеңдердің шығыстары олардың жатқызылатын салықтық кезеңде шегерiмге жатады.
7. Салық төлеушінің осы бапта көрсетілген шығыстары осы Кодекстің 691-бабының 4-тармағында көзделген жағдайларда түзетілуге жатады.
Бұл ретте бұрын шегерім болып танылған сома шегінде есепті салықтық кезеңнің шегерім мөлшерін ұлғайту немесе есепті салықтық кезең шегерімінің мөлшерін азайту осы параграфтың мақсаттары үшін түзету деп танылады.
693-бап. Қосымша тіркелген шегерім
Тіркелген шегерім пайдаланылатын арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеуші салық салынатын кірісті айқындау кезінде шегерімге жатқызылатын шығыстар сомасына осы Кодекстің 691-бабының 4-тармағында көзделген түзетулерді ескере отырып айқындалған кіріс сомасының 30 пайызынан аспайтын мөлшердегі тіркелген шегерім сомасын қосуға құқылы.
Бұл ретте осы баптың бірінші бөлігінің ережелерін қолданған жағдайда тіркелген шегерімді қоса алғанда, шегерімге жатқызылатын шығыстардың жалпы сомасы осы Кодекстің 691-бабының 4-тармағында көзделген түзетулер ескеріле отырып, кіріс сомасының 70 пайызынан аспауға тиіс.
694-бап. Салық салынатын кірісті азайту
1. Салық төлеушінің салық салынатын кірісті мүгедектердің еңбегіне ақы төлеуге жұмсалған шығыстардың 2 еселенген мөлшеріне және мүгедектер жалақысынан және басқа да төлемдерден есептелген әлеуметтік салық сомасының 50 пайызына азайтуға құқығы бар.
2. Заңды тұлғаның салық салынатын кірісті мынадай шығыс түрлеріне:
1) табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар туындаған жағдайда гуманитарлық көмек түрінде алынған және мақсаты бойынша пайдаланылған мүліктің құнын;
2) егер осы тармақтың 3) тармақшасында өзгеше белгіленбесе, заңды тұлға шығарған акцияларды немесе заңды тұлғадағы немесе консорциумдағы қатысу үлестерiн өткiзу кезіндегі құн өсімінен түсетін кірістерді бір мезгілде мынадай:
акцияларды немесе қатысу үлестерін өткізу күніне салық төлеушінің осы акцияларды немесе қатысу үлестерін үш жылдан астам иеленуі;
эмитент-заңды тұлғаның немесе қатысу үлесі өткізілетін заңды тұлғаның немесе қатысу үлесін консорциумда өткізетін осындай консорциумға қатысушының жер қойнауын пайдаланушы болып табылмауы;
эмитент-заңды тұлға немесе қатысу үлесі өткізілетін заңды тұлға активтері құнының немесе қатысу үлесі өткізілетін консорциумға қатысушылар активтері жалпы құнының 50 пайыздан аспайтынын осындай өткiзу күнiне жер қойнауын пайдаланушылар (жер қойнауын пайдаланушы) болып табылатын тұлғалардың (тұлғаның) мүлкi құрауы талаптары орындалған кезде азайтуға құқығы бар.
Осы тармақшада көрсетілген салық төлеушінің акцияларға немесе қатысу үлестеріне иелік ету мерзімі, егер мұндай акцияларды немесе қатысу үлестерін салық төлеуші бұрынғы меншік иелерінің қайта ұйымдастырылуы нәтижесінде алса, акцияларды немесе қатысу үлестерін бұрынғы меншік иелерінің иелену мерзімдері ескеріле отырып, жиынтығымен айқындалады.
Осы тармақшаның мақсатында жерасты суларын өндіру құқығына ие болғандықтан ғана жер қойнауын пайдаланушы болып табылатын осындай пайдаланушы жер қойнауын пайдаланушы болып танылмайды;
3) өткiзу күнi Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс iстейтiн қор биржасының ресми тiзiмдерiнде болатын бағалы қағаздарды осы қор биржасында ашық сауда-саттық әдiсiмен өткiзуден туындайтын залалдарға азайтылған, өткiзу күнi Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс iстейтiн қор биржасының ресми тiзiмдерiнде болатын бағалы қағаздарды осы қор биржасында ашық сауда-саттық әдiсiмен өткiзу кезiнде құн өсiмiнен түсетiн кірістерге азайтуға құқығы бар.
3. Тіркелген шегерім пайдаланылатын арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеуші салық салынатын кірісті осы параграфқа сәйкес салық салынатын кірісті айқындау кезінде шегерімге жатқызылуға тиіс жұмыскердің кірістері бойынша жұмыс берушінің есепті салықтық кезеңде есепке жазылған шығыстарының 1 еселенген мөлшеріне азайтуға құқығы бар.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген азайтуды салық төлеуші, егер осындай салық төлеуші жұмыскерлерінiң есепті салықтық кезең үшін орташа айлық жалақысы республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын ең төмен жалақының 4 еселенген мөлшерінен асқан жағдайда жүргізуге құқылы.
695-бап. Тіркелген шегерім пайдаланылатын арнаулы салық режимі бойынша салықтарды есептеу
Таза кіріске салынатын корпоративтік табыс салығын және төлем көзiнен ұстап қалатын корпоративтік табыс салығын қоспағанда, тіркелген шегерім пайдаланылатын арнаулы салық режимін қолдану кезінде төленуге жататын корпоративтiк табыс салығы салықтық кезең үшiн мынадай тәртiппен есептеледi:
осы Кодекстiң 313-бабының 1 немесе 2-тармақтарында белгiленген мөлшерлеменің және осы Кодекстің 690 және 691-баптарында көзделген кірістер мен осы Кодекстiң 692 және 693-баптарында көзделген шығыстар арасындағы айырма түрінде айқындалған, осы Кодекстiң 694-бабына сәйкес азайтылған салық салынатын кірістің көбейтіндісі,
алу
осы Кодекстiң 303-бабына сәйкес есепке жатқызу жүзеге асырылатын корпоративтік табыс салығының сомасы,
алу
осы Кодекстiң 302-бабының 2-тармағына сәйкес азайту жүзеге асырылатын ұтыс түріндегі кірістен төлем көзiнен салық кезеңінде ұстап қалған корпоративтік табыс салығының сомасы,
алу
сыйақы, дивидендтер түріндегі кірістен төлем көзiнен ұстап қалған корпоративтiк табыс салығының осы Кодекстің 302-бабының 3-тармағына сәйкес өткен салықтық кезеңдерден ауыстырылған сомасы,
алу
салықтық кезеңде сыйақы, дивидендтер түріндегі кірістен төлем көзiнен ұстап қалған корпоративтік табыс салығының осы Кодекстiң 302-бабының 2-тармағына сәйкес азайту жүзеге асырылатын сомасы.
2. Төлем көзiнен ұстап қалатын жеке табыс салығын қоспағанда, тіркелген шегерім пайдаланылатын арнаулы салық режимін қолдану кезінде төленуге жататын жеке табыс салығы салықтық кезең үшiн мынадай тәртiппен есептеледi:
осы Кодекстiң 320-бабының 1-тармағында белгiленген мөлшерлеменің және осы Кодекстің 690 және 691-баптарында көзделген кірістер мен осы Кодекстiң 692 және 693-баптарында көзделген шығыстар арасындағы айырма түрінде айқындалған, осы Кодекстiң 694-бабына сәйкес азайтылған салық салынатын кірістің көбейтіндісі.
696-бап. Тіркелген шегерім пайдаланылатын арнаулы салық режимі бойынша салық декларациясын тапсыру мен салықтарды төлеу тәртібі
1. Тіркелген шегерім пайдаланылатын арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеушілерге арналған декларация салық төлеушінің тұрған жеріндегі салық органына есепті салықтық кезеңнен кейінгі жылдың 31 наурызынан кешіктірілмейтін мерзімде тапсырылады.
2. Тіркелген шегерім пайдаланылатын арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеушілерге арналған декларацияда көрсетілген салықтарды бюджетке төлеу осы баптың 1-тармағында декларация тапсыру үшін белгіленген мерзімнен кейін күнтізбелік он күннен кешіктірілмейтін мерзімде салықтық кезеңнің қорытындысы бойынша жүргізіледі.