Қазақстан Республикасына жіберілген шетелдікпен немесе азаматтығы жоқ адаммен жасасқан еңбек шартының (келісімшартының) және (немесе) азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттың нотариат куәландырған көшірмелерін;
осындай бейрезидентпен жасасқан еңбек шартының және (немесе) азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттың шеңберінде жалдау бойынша жеке тұлғаның жұмыстан алынатын кірістері туралы мәліметті қамтитын басқа да құжатты ұсынуға міндетті.
Салық агентіне осы тармақта көрсетілген құжаттар ұсынылмаған жағдайда бейрезидент-заңды тұлғаға орындалған жұмыстар, көрсетілетін қызметтер үшін төленуге жататын кірістің 80 пайызы мөлшеріндегі кірісі төлем көзінен жеке табыс салығын салуға жатады.
4. Салық агентi кіріс төлеудi жүзеге асырудың нысаны мен орнына қарамастан, бейрезидент-заңды тұлғаға кіріс төлеу күнінен кешіктірмей төлем көзiнен жеке табыс салығын есептейді және ұстайды.
5. Бюджетке шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның кірістерінен жеке табыс салығын аударуды салық агенті өзінің тұрған жері бойынша осы баптың 4-тармағына сәйкес салық ұстап қалуға жататын айдан кейінгі айдың 25-күніне дейін жүргізеді.
657-бап. Жеке табыс салығы мен әлеуметтік салық бойынша декларацияны тапсыру
Жеке табыс салығы мен әлеуметтік салық бойынша декларацияны салық агенті тоқсан сайын, есепті салықтық кезеңдер кіретін тоқсаннан кейінгі екінші айдың 15-күнінен кешіктірмей салық төлеу орны бойынша салық органына тапсырады.
658-бап. Жекелеген жағдайларда бейрезидент-жеке тұлғаның кірістерінен жеке табыс салығын есептеу мен төлеу тәртібі
1. Осы баптың ережелерi бейрезидент-жеке тұлғаның осы Кодекстiң ережелерiне сәйкес салық агенті болып табылмайтын тұлғадан Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған кірістеріне қолданылады.
2. Егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, бейрезидент-жеке тұлғаның осы Кодекстiң ережелерiне сәйкес салық агенті болып табылмайтын тұлғадан Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған кірістерінен жеке табыс салығын есептеу салық шегерiмдерi жүзеге асырылмай, кірістің есептелген сомасына осы Кодекстiң 646-бабында белгiленген мөлшерлемені қолдану арқылы жүргiзiледi.
3. Егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, жеке табыс салығын төлеудi бейрезидент-жеке тұлға салықтық кезең үшін жеке табыс салығы бойынша декларацияны тапсыру үшiн белгiленген мерзiмнен кейiнгі күнтiзбелiк он күннен кешiктiрмей дербес жүргiзедi.
4. Бейрезидент-жеке тұлғаның осы Кодекстің 650-бабының 1-тармағында көрсетілген кірістерінен жеке табыс салығын есептеу және ұстап қалу осы Кодекстің 650-бабында айқындалған тәртіппен жүргізіледі.
5. Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес жасалған еңбек шарттары бойынша алынған (алуға жататын) кірістер бойынша бейрезидент-еңбекші көшіп келушілер еңбекші көшіп келушіге рұқсат негізінде салықтық кезең ішінде жеке табыс салығы бойынша алдын ала төлем төлеуді жүргізеді.
Жеке табыс салығы бойынша алдын ала төлем республикалық бюджет туралы заңда белгiленген және тиiстi қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын айлық есептiк көрсеткiштiң 2 еселенген мөлшерiнде бейрезидент-еңбекші көшіп келушінің еңбекші көшіп келушіге арналған рұқсатты алуға (ұзартуға) өтінішінде көрсеткен тиісті кезеңнің жұмыстарын орындаудың, қызметтерін көрсетудің әрбір айы үшін есептеледі.
Жеке табыс салығы бойынша алдын ала төлем төлеуді бейрезидент-еңбекші көшіп келуші еңбекші көшіп келушіге арналған рұқсатты алғанға (ұзартқанға) дейін болатын жері бойынша жүргізеді.
Осы тармақта көрсетілген кірістер бойынша салықтық кезең аяқталғаннан кейін бейрезидент-еңбекші көшіп келушілер кірістің салық салынатын сомасына осы Кодекстің 320-бабының 1-тармағында белгіленген мөлшерлемені қолдану арқылы жеке табыс салығының сомасын есептеуді жүргізеді.
Кірістің салық салынатын сомасы жұмыстарды орындаудан, қызметтерді көрсетуден алынған (алынуға жататын) кірістердің республикалық бюджет туралы заңда белгiленген және тиiстi қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын ең төмен жалақы мөлшерінің еңбекші көшіп келушіге арналған рұқсатта көрсетілген тиісті кезеңнің жұмыстарын орындаудың, қызметтерін көрсетудің әрбір айы үшін есептелген сомасына азайтылған сомасы ретінде айқындалады.
Салықтық кезең ішінде бюджетке бейрезидент-еңбекші көшіп келуші төлеген алдын ала төлемдер сомасы есепті салықтық кезең үшін есептелген жеке табыс салығын төлеу есебіне есепке жатқызылады.
Егер салықтық кезең ішінде жеке табыс салығы бойынша төленген алдын ала төлемдердің сомасы есепті салықтық кезең үшін есептелген жеке табыс салығының сомасынан асып кетсе, онда мұндай асып кету сомасы артық төленген жеке табыс салығының сомасы болып табылмайды және кері қайтарылмайды немесе есепке жатқызылмайды.
Егер салықтық кезең ішінде төленген жеке табыс салығы бойынша алдын ала төлемдердің сомасы есепті салықтық кезең үшін есептелген жеке табыс салығының сомасынан аз болса, онда жеке табыс салығын есептеу жеке табыс салығы бойынша декларацияда көрсетіледі және салықтық кезеңнің қорытындысымен декларация бойынша жеке табыс салығын төлеуді бейрезидент-еңбекші көшіп келуші осы Кодекстің 659-бабында көзделген жеке табыс салығы бойынша декларация тапсырылған мерзімнен кейін күнтізбелік он күннен кешіктірмей болатын жері бойынша жүзеге асырады.
659-бап. Жеке табыс салығы бойынша декларацияны тапсыру
Егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, жеке табыс салығы бойынша декларацияны осы Кодекске сәйкес жеке тұлға дербес салық салуға жататын кірістерді Қазақстан Республикасындағы көздерден алатын бейрезидент-жеке тұлға салық төлеушінің болатын (тұрғылықты) жеріндегі салық органына есепті салықтық кезеңнен кейінгі жылдың 31 наурызынан кешіктірмей тапсырады.
Ағымдағы салықтық кезеңнен кейінгі жылдың 31 наурызына дейін Қазақстан Республикасының аумағына кейіннен кірместен ағымдағы салықтық кезең ішінде Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерге кету жағдайында бейрезидент-жеке тұлға жеке табыс салығы бойынша декларацияны тапсыруға және ағымдағы салықтық кезең ішінде жеке табыс салығын төлеуге құқылы. Бұл ретте жеке табыс салығы бойынша декларация ағымдағы салықтық кезеңнің басынан бастап Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерге осындай тұлға кеткен күнге дейінгі кезең үшін тапсырылады.
Жеке табыс салығы бойынша декларацияны есепті салықтық кезеңге есептелген жеке табыс салығының сомасы жеке табыс салығы бойынша алдын ала төлемдер сомасынан асып кеткен жағдайда осы Кодекстің 644-бабы 1-тармағының 21) тармақшасында көрсетілген кірістерді алатын бейрезидент-еңбекші көшіп келушілер болатын жеріндегі салық органына есептi салықтық кезеңнен кейiнгi жылдың 31 наурызынан кешiктiрмей тапсырады.
Бұл ретте салықтық кезең ішінде осы Кодекстің 644-бабы 1-тармағының 21) тармақшасында көрсетілген кірістерді алған бейрезидент-еңбекші көшіп келуші Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерге шыққан жағдайда жеке табыс салығы бойынша декларация (декларациялар) осындай адамның Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерге шығатын күніне дейін тапсырылады.
75-тарау. ҚОСАРЛАНҒАН САЛЫҚ САЛУДЫ БОЛҒЫЗБАУ ЖӘНЕ САЛЫҚ ТӨЛЕУДЕН ЖАЛТАРУДЫҢ АЛДЫН АЛУ МӘСЕЛЕЛЕРІН РЕТТЕЙТІН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ШАРТТАР БОЙЫНША АРНАЙЫ ЕРЕЖЕЛЕР
660-бап. Халықаралық шартты қолдану жағдайлары
1. Тараптарының бірі Қазақстан Республикасы болып табылатын, қосарланған салық салуды болғызбау және салық төлеуден жалтарудың алдын алу мәселелерін реттейтін халықаралық шарттың (бұдан әрі - халықаралық шарт) ережелері осындай шарт жасасқан мемлекеттердің біреуінің немесе екеуінің де резиденті болып табылатын тұлғаларға қолданылады.
2. Егер халықаралық шарт жасасқан мемлекеттің резиденті осы халықаралық шарттың ережелерін халықаралық шарт жасасқан мемлекеттің резиденті болып табылмайтын басқа тұлғаның мүддесі үшін пайдаланса, ондай резидентке осы баптың 1-тармағының ережелері қолданылмайды.
661-бап. Халықаралық шартты қолдану тәртібі
Халықаралық шарттың ережелерін қолдану осы Кодексте және тиісті халықаралық шартта айқындалған тәртіппен жүзеге асырылады.
662-бап. Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған кірістерге салық салу мақсатында бейрезидент-заңды тұлғаның басқару және жалпы әкімшілік шығыстарын шегерімге жатқызу тәртібі
1. Егер тұрақты мекеме арқылы Қазақстан Республикасындағы қызметтен бейрезидент-заңды тұлғаның салық салынатын кірісін айқындау кезінде халықаралық шарттың ережелерінде бейрезидент-заңды тұлғаның басқару және жалпы әкімшілік шығыстарын (бұдан әрі - бейрезидент-заңды тұлғаның бөлінетін шығыстары) шегеруге жол берілген болса, онда мұндай шығыстардың сомасы өз таңдауы бойынша осындай бейрезидент-заңды тұлғамен мынадай:
1) шығыстарды пропорционалды бөлу әдісінің;
2) шығыстарды шегерімге тікелей (тура) жатқызу әдісінің бірі бойынша айқындалады.
Осы Кодекстің осы бабының және 663, 664 және 665-баптарының мақсаттары үшін бейрезидент-заңды тұлғаның бөлінетін шығыстары бейрезидент-заңды тұлғаның Қазақстан Республикасында қызметті тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыруға байланысты Қазақстан Республикасында да, оның шегінен тыс жерлерде де іс жүзінде шеккен басқару және жалпы әкімшілік шығыстары деп танылады.
Бұл ретте:
қызметі Қазақстан Республикасында тұрақты мекеме құруға алып келген бейрезидент-заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесі немесе бейрезидент-заңды тұлғаның Қазақстан Республикасында құрылымдық бөлімше ашпай тұрақты мекемесі тікелей шеккен, осы Кодекстің 242 - 273-баптарына сәйкес шегерімге жататын басқару және жалпы әкімшілік шығыстары (бұдан әрі - Қазақстан Республикасындағы тұрақты мекеменің басқару және жалпы әкімшілік шығыстары);
бейрезидент-заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшелері немесе тұрақты мекемелері басқа елдерде тікелей шеккен, Қазақстан Республикасында салық төлеуші ретінде тіркелген тұрақты мекеменің қызметіне байланысты емес басқару және жалпы әкімшілік шығыстары (бұдан әрі - басқа елдердегі тұрақты мекемелердің басқару және жалпы әкімшілік шығыстары);
бейрезидент-заңды тұлғаның Қазақстан Республикасында тіркелген тұрақты мекеменің қызметіне байланысты емес басқару және жалпы әкімшілік шығыстары бейрезидент-заңды тұлғаның бөлінетін шығыстарына енгізуге жатпайды.
2. Басқару және жалпы әкімшілік шығыстар - ұйымды басқаруға, басқарушы персоналдың өндірістік процеске байланысты емес еңбегіне ақы төлеуге байланысты шығыстар.
3. Бейрезидент-заңды тұлға өз таңдауы бойынша есепті салықтық кезең ішінде бейрезидент-заңды тұлғаның бөлінетін шығыстарын шегерімге жатқызу әдістерінің біреуін ғана қолданады.
Бейрезидент-заңды тұлғаның бөлінетін шығыстарын шегерімге жатқызудың қолданылатын әдісі бейрезидент-заңды тұлғаның шегерімге жатқызылатын басқару және жалпы әкімшілік шығыстары жөніндегі ақпаратты қамтитын корпоративтік табыс салығы бойынша декларацияға қосымшада көрсетіледі.
4. Бейрезидент-заңды тұлғаның бөлінетін шығыстарын Қазақстан Республикасындағы тұрақты мекеме:
1) халықаралық шарттың талаптары сақталған;
2) осы Кодекстің 663-бабының 3-тармағында немесе 665-бабының 3-тармағында көрсетілген құжаттар болған;
3) бейрезидент-заңды тұлғаның резиденттігін растайтын құжат болған кезде шегерімге жатқызады.
5. Осы баптың 4-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген құжаттар шет тілінде жасалған болса, мұндай құжаттардың Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен нотариус куәландырған қазақ немесе орыс тілдеріне аудармасының болуы міндетті.
6. Бейрезидент-заңды тұлға резиденттікті растайтын құжатты корпоративтік табыс салығы бойынша декларацияны беру үшін белгіленген мерзімдерде тиісті салық органына тапсырады.
663-бап. Шығыстарды пропорционалды бөлу әдісі
1. Пропорционалды бөлу әдісін пайдалану кезінде Қазақстан Республикасындағы тұрақты мекеме шегерімге жатқызатын
бейрезидент-заңды тұлғаның бөлінетін шығыстарының сомасы
бейрезидент-заңды тұлғаның бөлінетін шығыстары мен есептік көрсеткіш сомаларының көбейтіндісі ретінде айқындалады.
2. Есептік көрсеткіш бейрезидент-заңды тұлғаның таңдауы бойынша мына тәсілдердің біреуі:
1) бейрезидент-заңды тұлғаның есепті салықтық кезеңде Қазақстан Республикасында қызметті тұрақты мекеме арқылы жүзеге асырудан алған, осы Кодекстің 651-бабының 2-тармағына сәйкес айқындалатын жылдық жиынтық кірісі сомасының бейрезидент-заңды тұлғаның көрсетілген салықтық кезеңдегі жылдық жиынтық кірісінің жалпы сомасына арақатынасы;
2) орташа шаманы (ОШ) үш көрсеткіш бойынша анықтау:
бейрезидент-заңды тұлғаның есепті салықтық кезеңде Қазақстан Республикасында қызметті тұрақты мекеме арқылы жүзеге асырудан алған, осы Кодекстің 651-бабының 2-тармағына сәйкес айқындалатын жылдық жиынтық кірісі сомасының бейрезидент-заңды тұлғаның көрсетілген салықтық кезеңдегі жылдық жиынтық кірісінің жалпы сомасына арақатынасы (К);
Қазақстан Республикасындағы тұрақты мекеменің есепті салықтық кезеңнің соңындағы жай-күйі бойынша қаржылық есептілігінде ескерілген негізгі құралдарының бастапқы (ағымдағы) құнының бейрезидент-заңды тұлғаның осындай салықтық кезеңдегі негізгі құралдарының жалпы бастапқы (ағымдағы) құнына арақатынасы (НҚ);
Қазақстан Республикасындағы тұрақты мекемеде жұмыс істейтін персоналдың еңбегіне ақы төлеу жөніндегі есепті салықтық кезеңнің соңындағы жай-күйі бойынша шығыстар сомасының бейрезидент-заңды тұлға тұтас алғанда осындай салықтық кезеңдегі персоналдың еңбегіне ақы төлеу жөніндегі шығыстардың жалпы сомасына арақатынасы бойынша есептеп шығарылады (ЕТ).
Орташа шама мынадай формула бойынша айқындалады:
ОШ = (К + НҚ + ЕТ)/3.
3. Пропорционалды бөлу әдісін пайдалану кезінде бейрезидент-заңды тұлғаның бөлінетін шығыстарының сомасы Қазақстан Республикасында тұрақты мекеме халықаралық шарттың талаптары сақталған жағдайда және онда мынадай растайтын құжаттар:
1) Қазақстан Республикасындағы бейрезиденттің тұрақты мекемесінің қаржылық есептілігінің көшірмелері;
2) бейрезидент-заңды тұлғаның өзі құрылған және (немесе) осындай заңды тұлға резиденті болып табылатын мемлекет заңнамасының талаптарына сәйкес жасалған, бейрезидент-заңды тұлғаның атауы жазылған, мөрімен (ол болған кезде), сондай-ақ басшының қолтаңбасымен куәландырылған қаржылық есептілігінің көшірмелері болған кезде ғана шегерімге жатқызады.
Бұл ретте осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген қаржылық есептілікте:
басқару және жалпы әкімшілік шығыстар сомасы;
жиынтық жылдық кіріс сомасы;
персоналдың еңбегіне ақы төлеу бойынша шығыстар сомасы;
негізгі құралдардың бастапқы (ағымдағы) және баланстық құны жеке жолмен бөлек көрсетілуге тиіс;
3) осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген қаржылық есептілікте көрсетілген басқару және жалпы әкімшілік шығыстарының сомасын:
шығыстардың түрлері бойынша бейрезидент-заңды тұлғаның бөлінетін шығыстарын;
Қазақстан Республикасындағы тұрақты мекеменің басқару және жалпы әкімшілік шығыстарын бөлек көрсете отырып таратып жазу;
4) бейрезидент-заңды тұлғаның қаржылық есептілігінің аудиті бойынша аудиторлық есептің көшірмесі (осындай қаржылық есептіліктің аудиті жүзеге асырылған кезде) болған кезде ғана шегерімге жатқызылады.
664-бап. Жекелеген жағдайларда шығыстарды пропорционалды бөлу әдісін қолдану кезінде бейрезидент-заңды тұлғаның қаржылық есептілігінің деректерін түзету тәртібі
1. Бейрезидент-заңды тұлға тұрақты мекемеге шегерімге жатқызуға тиіс басқару және жалпы әкімшілік шығыстарының сомасын есептеу кезінде пайдаланылатын қаржылық есептілік деректерін мынадай жағдайларда:
Қазақстан Республикасында және осындай бейрезиденттің резиденттік елінде салықтық кезеңдердің ұзақтығына сәйкес болмаған;
көрсетілген салықтық кезеңдердің тең ұзақтығы кезінде Қазақстан Республикасында және осындай бейрезиденттің резиденттік елінде салықтық кезеңдердің басталу және аяқталу күндері сәйкес болмаған жағдайларда түзетуге міндетті.
Бейрезиденттің қаржылық есептілігінің деректерін түзету үшін түзеу коэффициенті (К) қолданылады, ол мұндай бейрезиденттің резиденттік еліндегі салықтық кезеңді Қазақстан Республикасындағы салықтық кезеңмен сәйкес келтіреді.
2. Коэффициент (К) Қазақстан Республикасындағы салықтық кезең шеңберіне кіретін, мұндай бейрезиденттің резиденттік еліндегі салықтық кезеңнің айлары санының бейрезиденттің резиденттік еліндегі салықтық кезең айларының санына арақатынасы ретінде айқындалады.
Егер Қазақстан Республикасындағы салықтық кезеңге екі салықтық кезең толық немесе ішінара кіретін болса, мұндай бейрезиденттің резиденттік елінде екі коэффициент (К1, К2) қолданылады.
3. Бейрезидент-заңды тұлғаның қаржылық есептілігінің деректері мынадай түрде түзетіледі:
К1хҚЕ (РЕ)1 + К2хҚЕ(РЕ)2,
мұндағы К1 = СК (РЕ)1/СК (РЕ)3; К2 = СК (РЕ)2/СК (РЕ)3,
бұл ретте:
СК (РЕ)1 - бейрезиденттің Қазақстан Республикасындағы салықтық кезең шеңберіне кіретін, резиденттік еліндегі бір салықтық кезең айларының саны;
СК (РЕ)2 - бейрезиденттің Қазақстан Республикасындағы салықтық кезең шеңберіне кіретін, резиденттік еліндегі басқа салықтық кезең айларының саны;
СК (РЕ)3 - бейрезиденттің резиденттік еліндегі салықтық кезең айларының жалпы саны;
ҚЕ (РЕ)1 - бейрезиденттің Қазақстан Республикасындағы салықтық кезең шеңберіне кіретін, резиденттік еліндегі бір салықтық кезең үшін бейрезиденттің резиденттік еліндегі қаржылық есептілігі;
ҚЕ (РЕ)2 - бейрезиденттің Қазақстан Республикасындағы салықтық кезең шеңберіне кіретін, резиденттік еліндегі басқа салықтық кезең үшін бейрезиденттің резиденттік еліндегі қаржылық есептілігі түзетіледі.
665-бап. Шығыстарды шегерімге тікелей (тура) жатқызу әдісі
1. Бейрезидент-заңды тұлға бас кеңсенің және Қазақстан Республикасындағы және басқа елдердегі тұрақты мекемелердің кірістері мен шығыстарын (басқару және жалпы әкімшілік шығыстарды қоса алғанда) бөлек есепке алуды жүргізген жағдайда бейрезидент-заңды тұлғаның бөлінетін шығыстарын шегерімге тікелей (тура) жатқызу әдісі пайдаланылады.
2. Егер бейрезидент-заңды тұлғаның бөлінетін шығыстары растайтын құжаттар негізінде айқындалатын болса және тұрақты мекеме арқылы Қазақстан Республикасындағы қызметтен кіріс алу мақсатында тікелей жұмсалса, Қазақстан Республикасындағы тұрақты мекеме оларды осы бапқа сәйкес шегерімге жатқызады.
3. Мыналар:
1) бейрезидент-заңды тұлғаның тұрақты мекеме арқылы Қазақстан Республикасындағы қызметтен кіріс алу мақсатында Қазақстан Республикасының аумағында жұмсаған бөлінетін шығыстарын растайтын бастапқы есепке алу құжаттары;
2) бейрезидент-заңды тұлғаның тұрақты мекеме арқылы Қазақстан Республикасындағы қызметтен кіріс алу мақсатында Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерде жұмсаған бөлінетін шығыстарын растайтын бастапқы есепке алу құжаттарының көшірмелері;
3) бейрезидент-заңды тұлғаның тұрақты мекеме арқылы Қазақстан Республикасындағы қызметтен кіріс алу мақсатында Қазақстан Республикасында да, Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерде де жұмсаған бөлінетін шығыстарын есепке алу бойынша осы шығыстарды растайтын бастапқы есепке алу құжаттарының негізінде жасалған салықтық тіркелімдер растайтын құжаттар болып табылады.
Салықтық тіркелімнің нысаны, оны толтыру тәртібі Қазақстан Республикасында қызметті тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезидент-заңды тұлғаның салықтық есепке алу саясатында бекітіледі;
4) бейрезидент-заңды тұлғаның өзі құрылған және (немесе) осындай заңды тұлға резиденті болып табылатын мемлекет заңнамасының талаптарына сәйкес жасалған және осындай бейрезидент-заңды тұлға басшысының қолтаңбасымен және мөрімен (ол болған кезде) куәландырылған, сондай-ақ басшының қолтаңбасымен куәландырылған қаржылық есептілігінің көшірмесі растау құжаттары болып табылады.
Бұл ретте осы тармақшада көрсетілген қаржылық есептілікте бейрезидент-заңды тұлғаның басқару және жалпы әкімшілік шығыстарының жалпы сомасы жеке жолмен бөлек көрсетілуге тиіс;
5) бейрезидент-заңды тұлғаның қаржылық есептілігінің аудиті бойынша аудиторлық есептің көшірмесі (осындай қаржылық есептіліктің аудиті жүзеге асырылған кезде) растау құжаттары болып табылады.
666-бап. Бейрезиденттiң Қазақстан Республикасындағы көздерден алған кірістерін салық салудан толық босатуға қатысты халықаралық шартты қолдану тәртiбі
1. Осы бапта белгіленген халықаралық шарттың ережелерін қолдану тәртібі мынадай:
1) халықаралық шарттың ережелерін қолдану тәртібі осы Кодекстің 667, 668, 669, 670 және 671-баптарында белгіленген;
2) осы Кодекстің 672, 673 және 674-баптарында белгіленген тәртіп қолданылатын осы Кодекстің 650-бабында айқындалған кірістерді қоспағанда, бейрезиденттің осы Кодекстің 644-бабында көзделген кірістеріне қолданылады.
2. Бейрезидент бір немесе байланысты жобалар шеңберінде қызмет көрсетуден, жұмыстарды орындаудан кіріс алған жағдайда, салық агенті осы бапты қолдану мақсаттары үшін бейрезиденттің тұрақты мекеме құру фактісін, оның ішінде қызмет көрсетуге немесе жұмыстарды орындауға шарт (келісімшарт), сондай-ақ осы баптың 5-тармағында көрсетілген құжаттар негізінде айқындайды.
Бейрезиденттің Қазақстан Республикасында тұрақты мекемені құру фактісі анықталған кезде салық агенті Қазақстан Республикасында бейрезиденттің кірістерін салық салудан босату бөлігінде халықаралық шарттың ережелерін қолдануға құқылы емес.
3. Салық агентінің бейрезидентке кірісті төлеу кезінде немесе бейрезиденттің есептелген, бірақ төленбеген кірісін шегерімге жатқызу кезінде, егер мұндай бейрезидент кірісті түпкілікті (нақты) алушы және халықаралық шарт жасалған ел резиденті болып табылатын болса, салық салудан босатуды дербес қолдануға құқығы бар.
Осы бөлімнің мақсатында кірістерді иелену, пайдалану, оларға билік ету құқығы бар және мұндай кіріске қатысты делдал, оның ішінде агент, номиналды ұстаушы болып табылмайтын тұлға түпкілікті (нақты) кірістерді алушы (иеленуші) деп түсінілуі керек.
4. Халықаралық шарт бейрезиденттің резиденттігін растайтын құжатты бейрезидент салық агентіне ұсынған жағдайда қолданылады.
Бұл ретте резиденттікті растайтын құжатты бейрезидент салық агентіне бірінші болып басталатын мына күндердің бірінен:
1) бейрезидентке кіріс төленген немесе бейрезиденттің төленбеген кірістері шегерімге жатқызылған, осы Кодекстің 314-бабына сәйкес айқындалған салықтық кезеңнен кейінгі жылдың 31 наурызынан;
2) бейрезидентке кіріс төленген салықтық кезең үшін төлем көзінен ұстап қалатын табыс салығы бойынша салықтық міндеттемені орындау мәселесі бойынша салықтық тексеру аяқталғанға дейін бес жұмыс күнінен кешіктірмей ұсынады. Салықтық тексерудің аяқталу күні нұсқамаға сәйкес айқындалады.
5. Егер бейрезидент-заңды тұлға Қазақстан Республикасында тұрақты мекемені құруға алып келмейтін мерзім шегінде Қазақстан Республикасының аумағында қызметтер көрсеткен немесе жұмыстар орындаған жағдайда халықаралық шарттың ережелерін қолдану мақсатында мұндай бейрезидент резиденттікті растайтын құжатпен бірге салық агентіне:
құрылтай құжаттарының нотариат куәландырған көшірмелерін не құрылтайшыларды (қатысушыларды) және бейрезидент-заңды тұлғаның мажоритарлық акционерлерін көрсете отырып, сауда тізілімінен (акционерлер тізілімінен) немесе бейрезидент тіркелген мемлекеттің заңнамасында көзделген өзге де ұқсас құжаттан үзінді көшірмені ұсынады.
Бейрезиденттің шет мемлекет заңнамасының талаптарына сәйкес құрылтай құжаттары немесе сауда тiзiлiмiнде (акционерлердiң тiзiлiмiнде) немесе бейрезидент тіркелген мемлекеттің заңнамасында көзделген өзге де ұқсас құжатта тiркеу бойынша мiндеттемесі болмаған жағдайда мұндай бейрезидент салық агентіне:
бейрезидентті құруға негiз болған, мұндай бейрезидент тіркелген шет мемлекеттiң тиiстi органы құқықтық (заңдық) күшін растаған құжатты (актіні) не қатысушысы бейрезидент болып табылатын шоғырландырылған топтың ұйымдық құрылымын көрсететін, оның барлық қатысушылары мен географиялық орналасқан жерін (шоғырландырылған топ қатысушылары жасалған (құрылған) мемлекеттің (аумақтың) атауын) және барлық шоғырландырылған топ қатысушыларының мемлекеттік және салықтық тіркеу нөмірлерін көрсете отырып, ұйымдық құрылымын көрсететін өзге де құжатты ұсынады.