8. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің кеден органдарының құбыржол көлігімен өткізілетін тауарлар туралы ақпарат алмасу бойынша, оның ішінде осындай тауарлар Еуразиялық экономикалық одаққа мүше бірнеше мемлекеттің аумақтары бойынша өткізілген жағдайда құбыржол көлігін пайдалана отырып, аралас тасымалдауды жүзеге асыру кезіндегі өзара іс-қимыл жасау тәртібін Комиссия айқындайды.
9. Құбыржол көлігімен өткізілетін тауарларға қатысты кедендік операцияларды жасау ерекшеліктері және кедендік бақылауды жүргізу ерекшеліктері осы Кодекстің 189-бабында айқындалады.
10. Егер тауарларды өткізуді жүзеге асыруға негіз болған шарттың (келісімшарттың) қолданылу мерзімі аяқталғаннан кейін келесі мерзімге жаңа шарт (келісімшарт) жасалмаса, онда декларанттың жазбаша өтініші бойынша қолданыстағы шарттың (келісімшарттың) шеңберінде алдағы күнтізбелік айға тауарларға арналған уақытша декларацияны беруге жол беріледі. Жаңа шартты (келісімшартты) ұсынудың шекті мерзімі тауарларға арналған толық декларацияны кеден органы тіркеген күнмен шектеледі.
374-бап. Электр беру желілері бойынша өткізілетін тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелу, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкету және кедендік декларациялау ерекшеліктері
1. Электр беру желілері бойынша өткізілетін тауарларды (бұдан әрі осы тарауда - электр энергиясы) Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелуге және Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетуге кеден органына кедендік декларация берілгенге дейін жол беріледі.
2. Электр энергиясын ішкі тұтыну үшін шығарудың немесе экспорттың кедендік рәсімдерімен орналастыру үшін кедендік декларация әрбір күнтізбелік айдан кейінгі күнтізбелік айдың соңғы күнінен кешіктірілмей беріледі.
3. Кедендік декларацияны беру кезінде кеден органына электр энергиясын көрсету талап етілмейді.
4. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінген немесе Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетілген электр энергиясының нақты мөлшері кедендік декларациялауға жатады.
Электр энергиясының мөлшері технологиялық келісілген жерлерде орнатылған және электр энергиясының өтуін белгілейтін электр энергиясын есепке алу аспаптары көрсеткіштерінің, тиісті шарт бойынша электр энергиясын іс жүзінде жеткізу туралы актілердің, тапсыру-қабылдау (қабылдау-тапсыру) актілерінің және электр энергиясының сальдо-артық легі (кернеудің барлық сыныптарының жұмыс істеп тұрған барлық мемлекетаралық электр беру желісі бойынша қарсы бағыттардағы электр энергиясы артық легінің алгебралық сомасы) ретінде электр энергиясының іс жүзінде өтуін растайтын өзге де құжаттардың негізінде әрбір күнтізбелік ай үшін айқындалады.
Егер бұл мемлекетаралық электр беру желілерін пайдалануға және мемлекетаралық электр беру желілері бойынша өткізілетін тауарларды есепке алуға жауапты ұйымдар арасында жасалған электр энергиясының артық легін есепке алуды ұйымдастыру туралы келісімдерде көзделсе, электр энергиясының сальдо-артық легінің есептелген мәні электр энергиясын өткізген кезде мұндай келісімдерге сәйкес айқындалатын желілерде орын алған электр энергиясының ысырабы шамасына түзетіледі.
Бір шарт (келісімшарт) бойынша жеткізілетін электр энергиясы жеткізудің күнтізбелік бір айы ішінде тауарлардың бір партиясы ретінде декларацияланады.
5. Энергия жүйелерінің қосарлы жұмысы кезінде электр энергиясының жоспардан тыс (технологиялық) артық легін кедендік декларациялау шаруашылық жүргізуші субъектілердің шарттарына (келісімшарттарына) сәйкес ресімделген, электр энергиясының жоспардан тыс (технологиялық) артық легінің көлемі көрсетілген электр энергиясын іс жүзінде жеткізу туралы актілерге қол қойылғаннан кейін күнтізбелік он күннен кешіктірілмей жүргізіледі. Бұл ретте, тауарларға арналған декларацияны беру мерзімі оны іс жүзінде жеткізудің күнтізбелік айы аяқталғаннан кейін күнтізбелік екі айдан аспауға тиіс.
6. Еуразиялық экономикалық одақтың тауары мәртебесіне ие электр энергиясы Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып табылмайтын мемлекеттің аумағы арқылы Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағының бір бөлігінен Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағының басқа бөлігіне өткізу үшін кедендік транзиттің кедендік рәсімімен орналастырылмайды.
7. Еуразиялық экономикалық одақтың тауары мәртебесіне ие электр энергиясы Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып табылмайтын мемлекеттің аумағы арқылы өткізілген кезде, осындай тауарларды өткізу Қазақстан Республикасының аумағынан басталған жағдайда Қазақстан Республикасының жөнелтушісі (жөнелтушілері) немесе тасымалдаушысы (тасымалдаушылары) және осындай тауарларды өткізу Қазақстан Республикасының аумағында аяқталған жағдайда Қазақстан Республикасының алушысы (алушылары) немесе тасымалдаушы (тасымалдаушылары) тауарларды өткізудің күнтізбелік айдан кейінгі күнтізбелік айдың соңғы күніне дейін кеден органына мынадай мәліметтерді көрсете отырып, өтініш ұсынады:
1) электр беру желілері бойынша өткізілген электр энергиясын жөнелтушінің (жөнелтушілердің) және алушының (алушылардың) немесе тасымалдаушының (тасымалдаушылардың) атауы;
2) электр энергиясын өткізуді жүзеге асыруға негіз болған шарт (келісімшарт) нөмірі мен жасасқан күні;
3) электр энергиясын өткізу кезеңі;
4) өткізілген электр энергиясының мөлшері;
5) электр энергиясын өткізу жүзеге асырылған электр энергиясын есепке алу аспаптарын орнату орындарының атауы және (немесе) мемлекетаралық электр беру желілерінің атауы.
8. Еуразиялық экономикалық одақтың тауары мәртебесіне ие электр энергиясын Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып табылмайтын мемлекеттің аумағы арқылы электр беру желілері бойынша өткізген кезде электр энергиясы Еуразиялық экономикалық одақтың тауары мәртебесін сақтайды.
9. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағы арқылы электр энергиясын өткізген кезде аумағында осындай тауарларды өткізу жүзеге асырылатын Қазақстан Республикасының тасымалдаушысы (тасымалдаушылары) электр энергиясын өткізудің күнтізбелік айынан кейінгі күнтізбелік айдың соңғы күніне дейін кеден органына есептік кезең ішінде электр энергиясының өткізілген көлемдері туралы мәліметтерді көрсете отырып өтініш ұсынады.
10. Электр энергиясы Еуразиялық экономикалық одаққа мүше бірнеше мемлекеттің аумақтары бойынша өткізілген жағдайда, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің кеден органдарының электр энергиясы туралы ақпарат алмасу бойынша өзара іс-қимыл жасау тәртібін Комиссия айқындайды.
375-бап. Құбыржол көлігімен немесе электр беру желілері бойынша өткізілетін тауарларды есепке алу аспаптарының көрсеткіштерін пайдалану
1. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетілетін, құбыржол көлігімен өткізілетін тауарларды кедендік декларациялау кезінде:
1) осы тауарларды жөнелтуші ел болып табылатын Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің;
2) Қазақстан Республикасының осындай мемлекетпен кеден органдары лауазымды адамдарының осы есепке алу аспаптарына қол жеткізу тәртібін айқындайтын халықаралық шарттары болған жағдайда - шектес мемлекеттің аумағында орналасқан есепке алу аспаптарының көрсеткіштері пайдаланылады.
2. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкетілетін, құбыржол көлігімен өткізілетін тауарларды кедендік декларациялау кезінде:
1) осы тауарлардың межелі елі болып табылатын Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің;
2) Қазақстан Республикасының осындай мемлекетпен кеден органдары лауазымды адамдарының осы есепке алу аспаптарына қол жеткізу тәртібін айқындайтын халықаралық шарттары болған кезде - шектес мемлекеттің;
3) осындай тауарлардың Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінуге негіз болған шарттың (келісімшарттың) талаптарына сәйкес айқындалған орындарда, шектес және (немесе) өзге мемлекеттердің аумағында орналасқан есепке алу аспаптарының көрсеткіштері пайдаланылады.
3. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетілетін электр энергиясын кедендік декларациялау кезінде:
1) осы электр энергиясын жөнелтуші ел болып табылатын Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің;
2) кеден органдары лауазымды адамдарының осы есепке алу аспаптарына қол жеткізу тәртібін айқындайтын, Қазақстан Республикасының осындай мемлекетпен халықаралық шарттары болған кезде - шектес мемлекеттің;
3) мемлекетаралық электр беру желілерін пайдалануға және (немесе) мемлекетаралық электр беру желілері бойынша өткізілетін тауарларды есепке алуға жауапты ұйымдар арасында жасалған электр энергиясының артық легін есепке алуды ұйымдастыру туралы келісімдердің шарттарына сәйкес айқындалған орындардағы, шектес және (немесе) өзге мемлекеттердің аумағында орналасқан есепке алу аспаптарының көрсеткіштері пайдаланылады.
4. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінетін электр энергиясын кедендік декларациялау кезінде:
1) осы электр энергиясының межелі елі болып табылатын Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің;
2) Қазақстан Республикасының осындай мемлекетпен кеден органдары лауазымды адамдарының осы есепке алу аспаптарына қол жеткізу тәртібін айқындайтын халықаралық шарттары болған кезде - шектес мемлекеттің;
3) мемлекетаралық электр беру желілерін пайдалануға және (немесе) мемлекетаралық электр беру желілері бойынша өткізілетін тауарларды есепке алуға жауапты ұйымдар арасында жасалған электр энергиясының артық легін есепке алуды ұйымдастыру туралы келісімдердің шарттарына сәйкес айқындалған орындардағы, шектес және (немесе) өзге мемлекеттердің аумағында орналасқан есепке алу аспаптарының көрсеткіштері пайдаланылады.
5. Көрсеткіштері осы баптың 1, 2, 3 және 4-тармақтарында айқындалған тауарларды кедендік декларациялау кезінде пайдаланылатын есепке алу аспаптарының тұрған орындарының тізбесін тасымалдаушының, жүйелік оператордың немесе өңірлік электр желісі компаниясының жазбаша өтініші бойынша уәкілетті орган бекітеді.
6. Құбыржол көлігімен немесе электр беру желілері бойынша өткізілетін тауарларды есепке алу аспаптары істен шыққан жағдайда, кедендік декларациялау және кедендік бақылау жүргізу мақсаттары үшін тасымалдаушының өткізілген тауарлардың нақты саны туралы мәліметтері пайдаланылады.
7. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағындағы құбыржол көлігімен немесе электр беру желісі бойынша өткізілетін тауарларды есепке алу аспаптарының көрсеткіштеріндегі ақпаратқа санкцияланбаған қолжетімділікті және оны өзгертуді болғызбау мақсатында кеден органдары мұндай аспаптарға сәйкестендіру құралдарын қояды.
Құбыржол көлігімен немесе электр беру желілері бойынша өткізілетін тауарларды есепке алу аспаптары орнатылған объектінің меншік иесі (иеленушісі) немесе ол уәкілеттік берген адам кедендік бақылау жүргізу және сәйкестендіру құралдарын қою (алу) үшін кеден органдарының уәкілетті лауазымды адамдарының осындай есепке алу аспаптарына қол жеткізуін қамтамасыз етуге міндетті.
8. Құбыржол көлігімен немесе электр беру желілері бойынша өткізілетін тауарларды есепке алу аспаптары орнатылған объектінің меншік иесі (иеленушісі) немесе ол уәкілеттік берген адам құбыржол көлігімен немесе электр беру желілері бойынша өткізілетін тауарларды есепке алудың (өлшеудің) қолданылатын тәсілі және (немесе) тәртібі туралы ақпаратты кеден органына мынадай жағдайларда:
1) қызмет аймағында осындай тауарларды есепке алу аспаптарын орнату орны бар кеден органының сұрау салуы бойынша;
2) құбыржол көлігімен немесе электр беру желілері бойынша өткізілетін тауарларды есепке алудың (өлшеудің) қолданылатын тәсілі және (немесе) тәртібі өзгерген кезде ұсынады.
9. Осы баптың 8-тармағында көрсетілген ақпарат кеден органының сұрау салуы алынған немесе құбыржол көлігімен немесе электр беру желілері бойынша өткізілетін тауарларды есепке алудың (өлшеудің) қолданылатын тәсілі және (немесе) тәртібі өзгертілген күннен кейінгі күннен бастап он бес жұмыс күнінен кешіктірілмей ұсынылуға тиіс.
10. Сәйкестендіру құралдарын салуды (алуды) кеден органдары объектінің меншік иесінің (иеленушісінің) немесе ол уәкілеттік берген адамдардың қатысуымен жүзеге асырады.
Сәйкестендіру құралдарын салу (алу) нәтижелері бойынша уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша акт жасалады.
11. Құбыржол көлігімен немесе электр беру желілері бойынша өткізілетін тауарларды есепке алу аспаптары орнатылған объектінің меншік иесі (иеленушісі) немесе ол уәкілеттік берген адам салынған сәйкестендіру құралдарын бөлшектеуге және (немесе) олардың тұтастығын бұзумен байланысты жабдықты ағымдағы немесе күрделі жөндеу бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізілген жағдайда, бұл туралы қызмет аймағында осындай тауарларды есепке алу аспаптарын орнату орны бар кеден органына оларды жүргізу күнін және ұзақтығын көрсете отырып, көрсетілген жұмыстарды жүргізу басталғанға дейін кемінде үш жұмыс күні бұрын хабардар етеді.
Құбыржол көлігімен немесе электр беру желілері бойынша өткізілетін тауарларды есепке алу аспаптары орнатылған объектінің меншік иесі (иеленушісі) немесе ол уәкілеттік берген адам тауарлардың санын және
жай-күйін (сапасын) өлшеу жүйесі жұмысының бұзылу қаупі немесе авариялық және өрт қауіпті жағдайлар туындаған жағдайда, қызмет аймағында осындай тауарларды есепке алу аспаптарын орнату орны бар кеден органына салынған сәйкестендіру құралдарының бұзылуына әкелген себептер туралы кейіннен хабардар ете отырып, осындай қауіптің алдын алу немесе оны жою жөніндегі жұмыстардың жүргізілгені туралы хабарлайды.
376-бап. Құбыржол көлігімен немесе электр беру желілері бойынша өткізілетін тауарларды сәйкестендіру
Құбыржол көлігімен немесе электр беру желілері бойынша өткізілетін тауарларды сәйкестендіру жүзеге асырылмайды, бұл кеден органдарына кедендік мақсаттарда тауарлардың санын, жай-күйін (сапасын) және басқа да сипаттамаларын құжаттарда қамтылатын мәліметтерді, есептеуіштердің және басқа да есепке алу аспаптарының көрсеткіштерін пайдалана отырып белгілеуге кедергі келтірмейді.
377-бап. Құбыржол көлігімен өткізілетін тауарларға қатысты кедендік транзиттің кедендік рәсімін қолдану ерекшеліктері
1. Осы бапты қолдану мақсаттары үшін онда пайдаланылатын ұғымдар мынаны білдіреді:
1) әкелу орны - көрсеткіштері Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына құбыржол көлігімен әкелінген тауарлардың санын айқындау үшін пайдаланылатын құбыржол көлігімен өткізілетін тауарларды есепке алу аспаптарының орнатылған орны;
2) әкету орны - көрсеткіштері Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан құбыржол көлігімен әкетілген тауарлардың санын айқындау үшін пайдаланылатын Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы құбыржол көлігімен өткізілетін тауарларды есепке алу аспаптарының орнатылған орны;
3) межелі орын - көрсеткіштері тауарлардың санын (жалпы санын) анықтау мақсатында пайдаланылатын, аумағында осындай тауарларды өткізу аяқталатын, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекетте орналасқан құбыржол көлігімен өткізілетін тауарларды есепке алу аспаптарының орнатылған орны, ал аумағында тауарларды өткізу аяқталатын Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің аумағында осындай аспаптар орнатылғанға дейін - Еуразиялық экономикалық одаққа мүше басқа мемлекеттің аумағында орналасқан және осындай тауарларды алып жүру жолында соңғысы болып табылатын, тауарларды есепке алу аспаптарының орнатылған орны;
4) жөнелту орны - көрсеткіштері тауарлардың санын (жалпы санын) айқындау мақсатында пайдаланылатын, аумағынан осындай тауарларды жөнелту басталатын Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекетте орналасқан құбыржол көлігімен өткізілетін тауарларды есепке алу аспаптарының орнатылған орны, ал аумағынан тауарларды өткізу басталатын Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің аумағында мұндай аспаптар орнатылғанға дейін - Еуразиялық экономикалық одаққа мүше басқа мемлекеттің аумағында орналасқан және осындай тауарларды алып жүру жолында біріншісі болып табылатын тауарларды есепке алу аспаптарының орнатылған орны;
2. Құбыржол көлігімен өткізілетін тауарлар (осы баптың 3-тармағында көрсетілген тауарларды қоспағанда):
1) мынадай:
құбыржол көлігімен өткізілетін шетелдік тауарлар әкелу орнынан әкету орнына дейін тасымалданатын (тасылатын);
құбыржол көлігімен өткізілетін шетелдік тауарлар әкелу орнынан межелі орынға дейін тасымалданатын (тасылатын);
құбыржол көлігімен өткізілетін шетелдік тауарлар және экспорттың кедендік рәсімімен орналастырылған, құбыржол көлігімен өткізілетін Еуразиялық экономикалық одақтың тауарлары осы Кодекстің 222-бабының 2-тармағы 1) тармақшасының екінші абзацына сәйкес Комиссия айқындаған жағдайларда жөнелту орнынан әкету орнына дейін тасымалданатын (тасылатын);
құбыржол көлігімен өткізілетін шетелдік тауарлар жөнелту орнынан межелі орынға дейін тасымалданатын (тасылатын) жағдайларда, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағы бойынша оларды тасымалдау (тасу) үшін;
2) егер құбыржол көлігімен өткізілетін Еуразиялық экономикалық одақтың тауарлары әкету орнынан әкелу орнына дейін тасымалданатын (тасылатын) жағдайда, Еуразиялық экономикалық одақтың мүшелері болып табылмайтын мемлекеттердің аумақтары арқылы оларды тасымалдау (тасу) үшін кедендік транзиттің кедендік рәсімімен орналастырылады.
3. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағы бойынша тасымалдау (тасу) үшін құбыржол көлігімен өткізілетін тауарлар, егер мұндай тасымалдау (тасу) басталғанға дейін осы тауарлар ішкі тұтыну үшін шығарудың кедендік рәсімімен, кедендік аумақта қайта өңдеудің кедендік рәсімімен, ішкі тұтыну үшін қайта өңдеудің кедендік рәсімімен, уақытша әкелудің (рұқсат берудің) кедендік рәсімімен немесе кері импорттың кедендік рәсімімен орналастырылса, кедендік транзиттің кедендік рәсімімен орналастырылмайды.
Кедендік транзиттің кедендік рәсімі, егер мұндай тасымалдау (тасу) табиғи газды құбыржол көлігімен тасымалдаудың (тасудың) технологиялық ерекшеліктеріне негізделсе, экспорттың кедендік рәсімімен орналастырылған, уақытша әкетудің кедендік рәсіміне сәйкес Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан бұрын әкетілген табиғи газды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағы бойынша тасымалдау (тасу) үшін қолданылмайды.
4. Декларант кедендік транзиттің кедендік рәсіміне сәйкес іс жүзінде тасылған (тасымалданған), құбыржол көлігімен өткізілетін тауарлар туралы нақты мәліметтерді Қазақстан Республикасының аумағында осындай кедендік рәсіммен орналастыру кезінде жеткізудің әрбір күнтізбелік айы үшін тауарлар құбыржол көлігімен іс жүзінде өткізілетін әрбір күнтізбелік айдан кейінгі айдың 10-ынан кешіктірілмейтін мерзімде ұсынуға міндетті.
5. Құбыржол көлігімен өткізілетін тауарлардың кедендік транзиттің кедендік рәсімінің қолданысы:
1) әкелу орнынан немесе жөнелту орнынан әкету орнына дейін тасымалданатын (тасылатын) шетелдік тауарларға, сондай-ақ жөнелту орнынан әкету орнына дейін тасымалданатын (тасылатын), осы Кодекстің 222-бабының 2-тармағы 1) тармақшасының екінші абзацына сәйкес Комиссия айқындаған жағдайларда, экспорттың кедендік рәсімімен орналастырылған Еуразиялық экономикалық одақтың тауарларына қатысты - осы Кодекстің 189-бабына сәйкес белгіленетін кедендік декларациялаудың ерекшеліктеріне сәйкес берілетін кедендік декларацияда кедендік транзиттің кедендік рәсімі қолданысының аяқталғаны туралы кеден органының белгісін қою арқылы тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкеткеннен кейін;
2) жөнелту орнынан немесе әкелу орнынан межелі орынға дейін тасымалданатын (тасылатын) шетелдік тауарларға қатысты - осы баптың 4-тармағына сәйкес іс жүзінде тасымалданған (тасылған) тауарлар туралы нақты мәліметтерді кеден органына ұсыну үшін белгіленген мерзім шегінде не осы Кодекстің 189-бабына сәйкес белгіленетін кедендік декларациялаудың ерекшеліктеріне сәйкес берілетін кедендік декларацияда кедендік транзиттің кедендік рәсімі қолданысының аяқталғаны туралы кеден органының белгісін қою арқылы шетелдік тауарларға қатысты қолданылатын кедендік рәсімдермен тауарларды межелі орында орналастырумен;
3) әкету орнынан әкелу орнына дейін тасымалданатын (тасылатын) Еуразиялық экономикалық одақтың тауарларына қатысты - тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелгеннен кейін және осы Кодекстің 189-бабына сәйкес белгіленетін кедендік декларациялаудың ерекшеліктеріне сәйкес берілетін кедендік декларацияда кедендік транзиттің кедендік рәсімі қолданысының аяқталғаны туралы кеден органының белгісі қойылғаннан кейін аяқталады.
6. Құбыржол көлігімен өткізілетін, кедендік транзиттің кедендік рәсімімен орналастырылған, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағы арқылы тасымалданатын (тасылатын) тауарлардың өзіндік ерекшелікті сипаттамаларын Қазақстан Республикасында қолданылатын техникалық регламенттерге және стандарттарға сәйкес тасымалдаудың (тасудың) технологиялық ерекшеліктері салдарынан өзгертуге жол беріледі.
7. Құбыржол көлігімен өткізілетін тауарларды тасымалдау (тасу) кезінде кедендік транзиттің кедендік рәсіміне сәйкес осы Кодекстің 28, 224, 225, 227-баптарының, 228-бабы 1 және 2-тармақтарының, 231, 232, 233, 387, 388, 389, 392, 429 және 430-баптарының ережелері қолданылмайды.
8. Құбыржол көлігімен өткізілетін, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше бірнеше мемлекеттің аумақтары бойынша тасымалданатын (тасылатын) шетелдік тауарларға қатысты кедендік транзиттің кедендік рәсімін қолдану Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі халықаралық шартқа сәйкес, ал осындай халықаралық шарт қабылданғанға дейін - Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.
378-бап. Құбыржол көлігімен өткізілетін, кедендік транзиттің кедендік рәсімімен орналастырылатын (орналастырылған) тауарларға қатысты кедендік баждарды, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу бойынша міндеттердің туындауы және тоқтатылуы, оларды төлеу мерзімі және есептеу
1. Құбыржол көлігімен өткізілетін, кедендік транзиттің кедендік рәсімімен орналастырылатын (орналастырылған) шетелдік тауарларға қатысты кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу бойынша міндет декларантта кеден органы транзиттік декларацияны тіркеген кезден бастап туындайды.
2. Құбыржол көлігімен өткізілетін, кедендік транзиттің кедендік рәсімімен орналастырылатын (орналастырылған) шетелдік тауарларға қатысты кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу бойынша міндет декларантта мынадай мән-жайлар:
1) осы Кодекстің 377-бабы 5-тармағының 1) және 2) тармақшаларына сәйкес кедендік транзиттің кедендік рәсімі қолданысының аяқталуы;
2) осы баптың 4-тармағына сәйкес есептелген және төленуге жататын мөлшерлерде кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу бойынша міндетті орындау және (немесе) оларды өндіріп алу;
3) уәкілетті орган айқындаған тәртіппен кеден органының аварияның немесе еңсерілмейтін күш әсерінің салдарынан шетелдік тауарларды жою және (немесе) қайтарымсыз жоғалту фактісін не тасымалдаудың (тасудың) және (немесе) сақтаудың қалыпты жағдайлары кезіндегі табиғи кему нәтижесінде осындай тауарларды қайтарымсыз жоғалту фактісін, осы Кодекске сәйкес мұндай жоюға немесе қайтарымсыз жоғалтуға дейін осы шетелдік тауарларға қатысты кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу мерзімі басталған жағдайларды қоспағанда, тануы;
4) транзиттік декларацияны тіркеу кезінде туындаған кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу бойынша міндетке қатысты - кедендік транзиттің кедендік рәсіміне сәйкес тауарларды шығарудан бас тарту;
5) транзиттік декларацияны тіркеу кезінде туындаған кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу бойынша міндетке қатысты - осы Кодекстің 184-бабына сәйкес транзиттік декларацияны кері қайтарып алу және (немесе) осы Кодекстің 192-бабының 5-тармағына сәйкес тауарлардың шығарылымын жою басталған кезде тоқтатылады.
3. Осы Кодекстің 377-бабы 5-тармағының 1) және 2) тармақшаларына сәйкес құбыржол көлігімен өткізілетін шетелдік тауарларға қатысты кедендік транзиттің кедендік рәсімінің қолданысы аяқталмаған жағдайда Кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу бойынша міндет орындалуға жатады.
Көрсетілген мән-жайлар басталған кезде құбыржол көлігімен өткізілетін шетелдік тауарларды кедендік транзиттің кедендік рәсімімен орналастырған күн кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу мерзімі болып есептеледі.
4. Осы баптың 3-тармағында көрсетілген мән-жайлар басталған кезде кедендік әкелу баждары, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары құбыржол көлігімен өткізілетін, кедендік транзиттің кедендік рәсімімен орналастырылған шетелдік тауарлар тарифтік преференцияларды және кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеу бойынша жеңілдіктерді қолданбай, ішкі тұтыну үшін шығарудың кедендік рәсімімен орналастырылғандағыдй болса төленуге жатады.
Кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын есептеу үшін кеден органы транзиттік декларацияны тіркеген күнге қолданыста болатын кедендік әкелу баждарының, салықтардың, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарының мөлшерлемелері қолданылады.
5. Кедендік транзиттің кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларды осы Кодекстің 209-бабының 7-тармағына сәйкес кедендік рәсімдермен орналастырған немесе кедендік баждарды, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу бойынша міндетті орындағаннан және (немесе) оларды өндіріп алғаннан (толық немесе ішінара) кейін кеден органдары осындай тауарларды осы Кодекстің 52-тарауына сәйкес кідірткен жағдайда, осы бапқа сәйкес төленген және (немесе) өндіріп алынған кедендік баждардың, салықтардың, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарының сомалары осы Кодекстің 11-тарауына және 141-бабына сәйкес қайтарылуға (есепке жатқызылуға) жатады.