Егер кеден органында тауарлар туралы мәліметтер (сипаты, атауы, саны, шығарылған жері және (немесе) кедендік құны) болмаған жағдайда, төлеуге жататын кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын есептеуге арналған база кеден органында бар мәліметтердің негізінде айқындалады, ал тауарларды сыныптау осы Кодекстің 40-бабының 3-тармағы ескеріле отырып жүзеге асырылады.
Егер тауарлардың кодтары Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына сәйкес оннан аз белгі санымен топтау деңгейінде айқындалған жағдайда:
кедендік әкелу баждарын есептеу үшін мұндай топтауға кіретін тауарларға сәйкес келетін кедендік баждар мөлшерлемелерінің ең жоғарысы қолданылады;
салықтарды есептеу үшін кедендік әкелу баждары мөлшерлемелерінің ең жоғарысы белгіленген, мұндай топтауға кіретін тауарларға сәйкес келетін қосылған құн салығы мөлшерлемелерінің ең жоғарысы және акциздер мөлшерлемелерінің ең жоғарысы қолданылады;
арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын есептеу үшін осы тармақтың бесінші бөлігі ескеріле отырып, мұндай топтауға кіретін тауарларға сәйкес келетін арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары мөлшерлемелерінің ең жоғарысы қолданылады.
Арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары осы Кодекстің 5-тарауына сәйкес расталған тауарлардың шығарылған жері және (немесе) көрсетілген баждарды айқындау үшін қажетті өзге де мәліметтер негізге алына отырып есептеледі. Егер тауарлардың шығарылған жері және (немесе) көрсетілген баждарды айқындау үшін қажетті өзге де мәліметтер расталмаған жағдайда, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары, егер тауарды сыныптау он белгі деңгейінде жүзеге асырылса, Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасының нақ сол кодының тауарларына не егер тауарлардың кодтары Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына сәйкес оннан аз белгі санымен топтау деңгейінде айқындалса, топтауға кіретін тауарларға қатысты белгіленген арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары мөлшерлемелерінің ең жоғарысы негізге алына отырып есептеледі.
Кейіннен тауарлар туралы нақты мәліметтер анықталған кезде кедендік әкелу баждары, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары мұндай нақты мәліметтер негізге алына отырып есептеледі, артық төленген және (немесе) артық өндіріп алынған кедендік әкелу баждары, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарының сомаларын есепке жатқызу (қайтару) осы Кодекстің 11-тарауына және 141-бабына сәйкес не осы Кодекстің 86 және 137-баптарына сәйкес әрекеттер жүргізіледі, осы Кодекстің 12-тарауына және 142-бабына сәйкес төленбеген сомаларды өндіріп алу жүзеге асырылады.
6. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан керек-жарақтар ретінде шығарылған шетелдік тауарлар іс жүзінде әкетілген, кеден органдары осындай тауарларды осы Кодекстің 52-тарауына сәйкес кідірткен не осындай тауарлар кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу және (немесе) оларды өндіріп алу (толық немесе ішінара) бойынша міндет орындалғаннан кейін осы Кодекске сәйкес кедендік рәсімдермен орналастырылған жағдайда, осы бапқа сәйкес төленген және (немесе) өндіріп алынған кедендік әкелу баждарының, салықтардың, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарының сомалары осы Кодекстің 11-тарауына және 141-бабына сәйкес есепке жатқызылуға (қайтарылуға) тиіс.
42-тарау. ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ПОШТА ЖӨНЕЛТІЛІМДЕРІН ЖӘНЕ ОЛАРДА ЖІБЕРІЛЕТІН ТАУАРЛАРДЫ ЕУРАЗИЯЛЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ОДАҚТЫҢ КЕДЕНДІК ШЕКАРАСЫ АРҚЫЛЫ ӨТКІЗУ ТӘРТІБІ МЕН ШАРТТАРЫНЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
368-бап. Халықаралық пошта жөнелтілімдерімен тауарларды жіберу ерекшеліктері
1. Халықаралық пошта жөнелтілімдерімен мынадай тауарларды:
1) Дүниежүзілік пошта одағының актілеріне сәйкес жіберуге тыйым салынған тауарларды;
2) тізбесін Комиссия айқындайтын, халықаралық пошта жөнелтілімдерімен жіберуге жатпайтын тауарларды жіберуге жол берілмейді.
2. Халықаралық пошта жөнелтілімдерін тағайындалған пошта байланысы операторы оларды алушыларға халықаралық пошта жөнелтілімдерімен жіберілетін тауарларды шығару және осы Кодекске сәйкес осындай тауарларға қатысты кедендік төлемдерді, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу шартымен береді.
369-бап. Халықаралық пошта жөнелтілімдеріне және халықаралық пошта жөнелтілімдерімен жіберілетін тауарларға қатысты кедендік операциялар жасау ерекшеліктері
1. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына халықаралық пошта жөнелтілімдері келген кезде немесе олар Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан шыққан кезде тасымалдаушы кеден органына ұсынатын өткізілетін халықаралық пошта жөнелтілімдері туралы мәліметтер оларды тасымалдау кезінде халықаралық пошта жөнелтілімдеріне ілеспе, Дүниежүзілік пошта одағының актілерінде айқындалған құжаттардағы мынадай мәліметтермен шектеледі:
1) халықаралық пошта жөнелтілімдерін жөнелтуші және алушы болып табылатын халықаралық пошта алмасу орындарының (мекемелерінің) атауы;
2) халықаралық пошта жөнелтілімдерінің брутто салмағы (килограммен);
3) жүк орындарының саны.
2. Халықаралық пошта жөнелтілімдерінде тыйым салулар және шектеулер белгіленген тауарлардың болуы туралы мәліметтерді тасымалдаушы, егер тасымалдаушыда мұндай ақпарат болса, кеден органына ұсынады.
3. Аэрограммалар, хаттар, пошта карточкалары мен зағиптарға арналған жөнелтілімдер кедендік декларациялаусыз және кедендік рәсімдермен орналастырылмай кеден органының рұқсатымен Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізіледі.
4. Халықаралық пошта жөнелтілімдерімен жіберілетін тауарларға қатысты кедендік операцияларды кеден органдары халықаралық пошта алмасу орындарында (мекемелерінде) не кеден органы айқындаған өзге де орындарда жасайды.
Халықаралық пошта алмасу орындары (мекемелері) Қазақстан Республикасының пошта туралы заңнамасына сәйкес айқындалады.
Халықаралық пошта алмасу орындары (мекемелері) туралы ақпаратты кеден органдары Комиссияға халықаралық пошта алмасу орындарының (мекемелерінің) ортақ тізбесін қалыптастыру және оны Еуразиялық экономикалық одақтың ресми сайтында орналастыру үшін жібереді.
5. Халықаралық пошта жөнелтілімдерімен жіберілетін, белгіленген тыйым салулар мен шектеулерге сәйкес Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелуге жатпайтын тауарлар, егер осы Кодексте, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше көзделмесе, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан дереу әкетілуге жатады.
Көрсетілген тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкету бойынша шараларды, егер Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасында өзге тұлғалар белгіленбесе, аумағында халықаралық пошта алмасу орны (мекемесі) орналасқан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің тағайындалған пошта байланысы операторы қабылдайды.
6. Халықаралық пошта алмасу орнында (мекемесінде) тыйым салулар мен шектеулердің сақталмауы айқындалған жағдайда, кеден органы Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына тауарларды әкелуге тыйым салу туралы шешім қабылдайды және Дүниежүзілік пошта одағының актілерінде көзделген және халықаралық пошта жөнелтілімдеріне ілеспе құжаттарда Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына тауарларды әкелуге тыйым салу туралы белгіні қою арқылы осындай тыйым салу туралы шешімді кеден органы қабылдаған кезден бастап үш сағаттан кешіктірмей, тағайындалған пошта байланысы операторының назарына жеткізеді.
7. Кеден органының Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына тауарларды әкелуге тыйым салу туралы шешімі алынғаннан кейін осы баптың 5-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген тауарларды мұндай аумақтан дереу әкету мүмкін болмаған жағдайда, осындай тауарларды кеден органдары осы Кодекстің 52-тарауына сәйкес кідіртеді.
8. Халықаралық пошта жөнелтілімдерімен жіберілетін тауарларды кедендік декларациялау кезінде Дүниежүзілік пошта одағының актілерінде көзделген және халықаралық пошта жөнелтілімдеріне ілеспе құжаттар жолаушының кедендік декларациясы ретінде, ал осы баптың 9-тармағында көзделген жағдайларда - тауарларға арналған декларация ретінде пайдаланылуы мүмкін.
2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен 9-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
9. Дүниежүзілік пошта одағының актілерінде көзделген және халықаралық пошта жөнелтілімдеріне ілеспе құжаттар халықаралық пошта жөнелтілімдерімен жіберілетін тауарларды - ішкі тұтыну үшін шығару, экспорт кедендік рәсімдеріне сәйкес, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан халықаралық пошта жөнелтілімдерімен әкетілген және алушыларға табыс етілмеген тауарларды кері импорт кедендік рәсіміне сәйкес кедендік декларациялау кезінде мынадай:
1) осындай тауарларға қатысты кедендік баждар, салықтар төленуге жатпайтын;
2) осындай тауарларға қатысты тыйым салулар мен шектеулер белгіленбеген, ішкі нарықты қорғау шаралары қолданылмайтын жағдайларда, тауарларға арналған декларация ретінде пайдаланылуы мүмкін.
10. Дүниежүзілік пошта одағының актілерінде көзделген және халықаралық пошта жөнелтілімдеріне ілеспе құжаттарды тауарларға арналған декларация немесе жолаушының кедендік декларациясы ретінде пайдалану кезінде мұндай кедендік декларацияны беру, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, оны электрондық түрде ұсынумен бірге жүргізілмейді.
Дүниежүзілік пошта одағының актілерінде көзделген және халықаралық пошта жөнелтілімдеріне ілеспе құжаттарды тауарларға арналған декларация немесе жолаушының кедендік декларациясы ретінде пайдалану кезінде, тағайындалған пошта байланысы операторының электрондық нысанда ұсынған, тауарларға арналған декларацияда немесе жолаушының кедендік декларациясында көрсетілуге жататын мәліметтерді қамтитын жіберілетін тауарлар туралы ақпарат кеден органы мен тағайындалған пошта операторының ақпараттық жүйелері арасында ақпараттық өзара іс-қимыл болған кезде осындай тауарларға арналған декларацияның немесе жолаушының кедендік декларациясының электрондық түрі ретінде пайдаланылуы мүмкін.
11. Халықаралық пошта жөнелтілімдері, егер мұндай халықаралық пошта жөнелтілімдерімен жіберілетін тауарларға қатысты оларды кедендік декларациялау бойынша кедендік операциялар жасалмаған не осындай тауарларды шығарудан бас тартылған жағдайда, тағайындалған пошта байланысы операторының кедендік транзиттің кедендік рәсімінің қолданысы аяқталғаннан кейін күнтізбелік екі күннен кешіктірмей халықаралық пошта алмасу орнына (мекемесіне) уақытша сақтауға орналастыруына жатады.
12. Халықаралық пошта жөнелтілімдерімен жіберілетін, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетілетін жеке пайдалануға арналған тауарларды қоспағанда, тауарларды кедендік декларациялау және шығару оларды жөнелту үшін тағайындалған пошта байланысы операторларына бергенге дейін жүзеге асырылады.
13. Халықаралық пошта жөнелтілімдерімен жіберілетін, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінген, жөнелтушіге қайтарылуға жататын тауарлар мұндай аумақтан кедендік декларациялаусыз және кедендік рәсімдермен орналастырылмай, кеден органының рұқсатымен әкетіледі.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетуге кеден органының рұқсатын алу үшін тағайындалған пошта байланысы операторы кеден органына қаптамасының сыртында қайтарылу себебі көрсетілген, қайтарылатын халықаралық пошта жөнелтілімін және Дүниежүзілік пошта одағының актілерінде көзделген және осындай халықаралық пошта жөнелтілімдеріне ілеспе құжаттарды ұсынады.
14. Халықаралық пошта жөнелтілімдерімен жіберілетін, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетілетін және алушыға тапсырылмаған жеке пайдалануға арналған тауарлар Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан осындай тауарлар әкетілген орамасының тұтастығы сақталған жағдайда кедендік декларациялаусыз кеден органының рұсқатымен Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінеді.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелуге кеден органының рұқсатын алу үшін тағайындалған пошта байланысы операторы кеден органына қаптамасының сыртында қайтарылу себебі көрсетілген, қайтарылатын халықаралық пошта жөнелтілімін және Дүниежүзілік пошта одағының актілерінде көзделген және осындай халықаралық пошта жөнелтілімдеріне ілеспе құжаттарды ұсынады.
15. Бос пошта ыдысы Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы кеден органының рұқсатымен кедендік декларациялаусыз және кедендік рәсімдермен орналастырылмай өткізіледі.
Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы бос пошта ыдысын өткізуге кеден органының рұқсатын алу үшін тағайындалған пошта байланысы операторы кеден органына Дүниежүзілік пошта одағының актілерінде көзделген және бос пошта ыдысына ілеспе құжаттарды ұсынады.
16. Дүниежүзілік пошта одағының актілерінде көзделген, халықаралық пошта жөнелтілімдеріне ілеспе және жолаушының кедендік декларациясы ретінде пайдаланылатын құжаттарда көрсетілген тауарлар туралы мәліметтердің іс жүзінде жіберілетін тауарлармен алшақтық фактілерінің анықталуына байланысты халықаралық пошта жөнелтілімдерімен жіберілетін жеке пайдалануға арналған тауарларды шығарудан бас тартылған жағдайда, егер мұндай алшақтықтар іс жүзінде жіберілетін тауарларға қатысты тыйым салулар мен шектеулерді қолдануға әкелмесе, мұндай халықаралық пошта жөнелтілімдері, егер осындай тауарларға қатысты тауарларға арналған декларация немесе жолаушының кедендік декларациясы берілмесе, осы баптың 13-тармағында көзделген тәртіппен жөнелтушіге қайтарылуға жатады.
17. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы осы баптың 13, 14, 15 және 16-тармақтарында көрсетілген тауарларды өткізуге кеден органының рұқсаты осы баптың 13, 14, 15 және 16-тармақтарында көрсетілген құжаттарға кеден органының тиісті белгілер қоюы арқылы ресімделеді.
370-бап. Халықаралық пошта жөнелтілімдеріне қатысты кедендік транзит кедендік рәсімін қолдану ерекшеліктері
1. Кедендік транзит кедендік рәсімі мыналарға:
1) Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінген халықаралық пошта жөнелтілімдеріне:
оларды келу орнынан халықаралық пошта алмасу орнына (мекемесіне) не кету орнына дейін тасымалдаған кезде;
оларды халықаралық пошта алмасу орындары (мекемелері) арасында тасымалдау үшін;
2) Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетілетін, кері экспорттың кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлары немесе осы Кодекстің 369-бабының 5-тармағында көрсетілген тауарлары бар халықаралық пошта жөнелтілімдерін халықаралық пошта алмасу орнынан (мекемесінен) кету орнына дейін тасымалдаған кезде оларға қатысты қолданылады.
2. Халықаралық пошта жөнелтілімдері осы бапта көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып, осы Кодекстің 24-тарауына сәйкес кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастырылады.
3. Халықаралық пошта жөнелтілімдерін кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастырған кезде транзиттік декларация ретінде пайдаланылатын, соның ішінде Дүниежүзілік пошта одағының актілерінде көзделген және халықаралық пошта жөнелтілімдеріне ілеспе құжаттардың тізбесін Комиссия айқындайды.
Дүниежүзілік пошта одағының актілерінде көзделген және халықаралық пошта жөнелтілімдеріне ілеспе құжаттарды транзиттік декларация ретінде пайдаланған кезде мұндай транзиттік декларацияны беру оның электрондық түрін ұсынумен бірге жүргізілмейді.
4. Халықаралық пошта жөнелтілімдерін кедендік транзиттің кедендік рәсімімен орналастырған кезде кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеу бойынша міндеттің орындалуын қамтамасыз ету мөлшері халықаралық пошта жөнелтілімдерінің брутто салмағының бір килограмы үшін төрт еуро - тіркелген мөлшерде есептелген кедендік әкелу баждарының, салықтардың сомасы ретінде айқындалады. Бұл ретте мұндай халықаралық пошта жөнелтілімдерінің брутто салмағына жазбаша хат-хабарлардың (аэрограммалардың, пошта карточкаларының, хаттар мен зағиптарға арналған жөнелтілімдердің) жекелеген түрлерінің салмағы қосылмайды.
5. Халықаралық пошта жөнелтілімдерін кедендік транзиттің кедендік рәсімімен орналастырған кезде кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеу бойынша міндеттің орындалуы мынадай:
1) тағайындалған пошта байланысы операторы декларант болатын;
2) халықаралық пошта жөнелтілімдері халықаралық пошта алмасу орнына (мекемесіне) жеткізілуге жататын жағдайларда қамтамасыз етілмейді.
6. Осы баптың 5-тармағының 2) тармақшасында көзделген жағдайда, аумағында жеткізу орны болып табылатын, халықаралық пошта алмасу орны (мекемесі) тұрған Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің тағайындалған пошта байланысы операторы кедендік транзиттің кедендік рәсімімен орналастырылған халықаралық пошта жөнелтілімдерінің декларантымен халықаралық пошта жөнелтілімдеріне қатысты кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеу бойынша ортақ міндетте болады.
7. Осы Кодекстің 233-бабының 5-тармағында көрсетілген мән-жайлар басталған кезде кедендік әкелу баждары, салықтар кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеу бойынша міндеттің орындалуын қамтамасыз етуді есептеу үшін осы баптың 4-тармағында белгіленген мөлшерде төленуге жатады. Бұл ретте мұндай халықаралық пошта жөнелтілімдерінің брутто салмағына жазбаша хат-хабарлардың (аэрограммалардың, пошта карточкаларының, хаттар мен зағиптарға арналған жөнелтілімдердің) жекелеген түрлерінің салмағы қосылмайды.
371-бап. Халықаралық пошта жөнелтілімдерін халықаралық пошта алмасу орнының (мекемесінің) кедендік бақылау аймағында орналастыру кезінде оларға қатысты тағайындалған пошта байланысы операторында кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеу бойынша міндеттің туындауы және тоқтатылуы, оларды төлеу және есептеу мерзімі
1. Халықаралық пошта жөнелтілімдеріне қатысты кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеу бойынша міндет тағайындалған пошта байланысы операторында халықаралық пошта жөнелтілімдерін халықаралық пошта алмасу орнының (мекемесінің) кедендік бақылау аймағында орналастырған кезден бастап туындайды.
2. Халықаралық пошта жөнелтілімдеріне қатысты кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеу бойынша міндет тағайындалған пошта байланысы операторында мынадай мән-жайлар:
1) халықаралық пошта жөнелтілімдерімен жіберілетін тауарлардың шығарылуына байланысты халықаралық пошта жөнелтілімдерімен жіберілетін тауарларды оларды алушыға беру;
2) осы Кодекстің 369-бабының 13-тармағына немесе 16-тармағына сәйкес халықаралық пошта жөнелтілімдерімен жіберілетін тауарларды оларды жөнелтушіге қайтару;
3) осы баптың 5-тармағына сәйкес есептелген және төленуге жататын мөлшерлерде кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеу бойынша міндетті орындау және (немесе) оларды өндіріп алу;
4) уәкілетті орган айқындаған тәртіппен кеден органының аварияның немесе еңсерілмейтін күш әсерінің салдарынан халықаралық пошта жөнелтілімдерін жою және (немесе) қайтарымсыз жоғалту фактісін не тасымалдаудың (тасудың) және (немесе) сақтаудың қалыпты жағдайлары кезіндегі табиғи кему нәтижесінде осындай халықаралық пошта жөнелтілімдерін қайтарымсыз жоғалту фактісін, осы Кодекске сәйкес мұндай жоюға немесе қайтарымсыз жоғалтуға дейін осы халықаралық пошта жөнелтілімдеріне қатысты кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеу мерзімі басталған жағдайларды қоспағанда, тануы;
5) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес халықаралық пошта жөнелтілімдерінде жіберілетін тауарларды тәркілеу немесе мемлекеттің меншігіне айналдыру;
6) осы Кодекстің 52-тарауына сәйкес кеден органдарының халықаралық пошта жөнелтілімдерімен жіберілетін тауарларды кідіртуі;
7) қылмыстық құқық бұзушылық туралы хабарларды тексеру барысында, қылмыстық іс немесе әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізу барысында алып қойылған немесе тыйым салынған және егер бұрын осындай тауарларды шығару жүргізілмесе, оларға қатысты оларды қайтару туралы шешім қабылданған халықаралық пошта жөнелтілімдерімен жіберілетін тауарларды уақытша сақтауға орналастыру немесе кедендік рәсімдердің бірімен орналастыру басталған кезде тоқтатылады.
3. Осы баптың 4-тармағында көрсетілген мән-жайлар басталған кезде кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеу бойынша міндет орындалуға жатады.
4. Мынадай мән-жайлар басталған кезде:
1) халықаралық пошта жөнелтілімдерін аварияның немесе еңсерілмейтін күш әсерінің салдарынан жоюды және (немесе) қайтарымсыз жоғалтуды не тасымалдаудың (тасудың) және (немесе) сақтаудың қалыпты жағдайлары кезіндегі табиғи кему нәтижесінде қайтарымсыз жоғалтуды қоспағанда, оларды жоғалтқан жағдайда - халықаралық пошта жөнелтілімдерін жоғалтқан күн, ал егер осындай күн анықталмаса - осындай жоғалтуды анықтаған күн;
2) халықаралық пошта жөнелтілімдерін кеден органы халықаралық пошта жөнелтілімдерімен жіберілетін тауарларды шығарғанға дейін алушыға берген жағдайда - оларды алушыға берген күн, ал егер осындай күн анықталмаса - осындай беруді анықтаған күн халықаралық пошта жөнелтілімдеріне қатысты кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеу мерзімі болып саналады.
5. Осы баптың 4-тармағында көрсетілген мән-жайлар басталған кезде, кедендік әкелу баждары, салықтар кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеу бойынша міндеттің орындалуын қамтамасыз ету үшін осы Кодекстің 370-бабының 4-тармағында белгіленген мөлшерде төленуге жатады. Бұл ретте мұндай халықаралық пошта жөнелтілімдерінің брутто салмағына жазбаша хат-хабарлардың (аэрограммалардың, пошта карточкаларының, хаттар мен зағиптарға арналған жөнелтілімдердің) жекелеген түрлерінің салмағы қосылмайды.
43-тарау. ҚҰБЫРЖОЛ КӨЛІГІМЕН НЕМЕСЕ ЭЛЕКТР БЕРУ ЖЕЛІЛЕРІ БОЙЫНША ӨТКІЗІЛЕТІН ТАУАРЛАРДЫ ЕУРАЗИЯЛЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ОДАҚТЫҢ КЕДЕНДІК ШЕКАРАСЫ АРҚЫЛЫ ӨТКІЗУ ТӘРТІБІ МЕН ШАРТТАРЫНЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
372-бап. Құбыржол көлігімен немесе электр беру желілері бойынша өткізілетін тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізу тәртібі мен шарттары туралы жалпы ережелер
Осы тарауда құбыржол көлігімен немесе электр беру желілері бойынша өткізілетін тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізу тәртібі мен шарттарының ерекшеліктері, осындай тауарларды кедендік декларациялауға және шығаруға байланысты кедендік операцияларды жасау тәртібінің ерекшеліктері, құбыржол көлігімен өткізілетін тауарларға қатысты кедендік транзиттің кедендік рәсімін қолдану ерекшеліктері айқындалады.
373-бап. Құбыржол көлігімен өткізілетін тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелу, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкету және кедендік декларациялау ерекшеліктері
1. Құбыржол көлігімен өткізілетін тауарлар осы Кодексте көзделген кедендік рәсімдермен орналастырылғаннан кейін оларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелуге жол беріледі.
Тауарлар шығарылғаннан кейін оларды уақытша декларациялау бойынша әкелу кезінде тауарлар Еуразиялық экономикалық одақтың тауарлары мәртебесіне ие болады.
2. Құбыржол көлігімен өткізілетін тауарлар осы Кодексте көзделген кедендік рәсімдермен орналастырылғаннан кейін оларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетуге жол беріледі.
3. Кедендік декларацияны беру кезінде кеден органына құбыржол көлігімен өткізілетін тауарларды көрсету талап етілмейді.
4. Құбыржол көлігімен өткізілетін тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелу немесе Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкету кезінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде қолданылатын техникалық регламенттерге және стандарттарға сәйкес тауарларды тасымалдаудың (тасудың) технологиялық ерекшеліктері және өзіндік ерекшелікті сипаттамалары салдарынан тауарларды араластыруға, сондай-ақ тауарлардың саны мен жай-күйін (сапасын) өзгертуге жол беріледі.
5. Құбыржол көлігімен өткізілетін тауарлардың саны және жай-күйі (сапасы) осы Кодекстің 375-бабының 1 және 2-тармақтарында көрсетілген құбыржол көлігімен өткізілетін тауарларды есепке алу аспаптарының көрсеткіштері негізінде, ал олар болмаған кезде - осындай тауарлар санын өлшеудің өзге құралдары мен әдістері көрсеткіштерінің негізінде, егер мұндай өлшеу құралдары мен әдістерін пайдалану Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес көзделсе, сондай-ақ тиісті шарттар бойынша іс жүзінде жеткізілген тауарлар туралы құжаттардың, құбыржол көлігімен өткізілетін тауарларды тапсыру-қабылдау (қабылдау-тапсыру) актілерінің, осындай тауарлардың сапа паспорттарының және (немесе) сапа сертификаттарының және құбыржол көлігімен өткізілетін өндірілген, жеткізілген және тұтынылған тауарлардың көлемдерін белгілі жерлерге бөлуді растайтын өзге де құжаттардың негізінде жеткізілімнің күнтізбелік бір айы үшін айқындалады.
6. Құбыржол көлігімен өткізілетін тауарларды кедендік декларациялау ерекшеліктері осы Кодекстің 189-бабына сәйкес айқындалады.
7. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында құбыржол көлігімен өткізілетін шетелдік тауарларды, сондай-ақ құбыржол көлігімен өткізілетін, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік бақылаудағы тауарларын құбыржол көлігінен көліктің өзге түріне не көліктің өзге түрінен құбыржол көлігіне қайта тиеуге (ауыстырып тиеуге) қызмет аймағында осындай жүк операциясы жасалатын кеден органының рұқсатымен жол беріледі.