7. Парниктік газдардың шығарылуын қысқарту немесе сіңірілуін ұлғайту жөніндегі сол бір жобаны валидациялауды және верификациялауды сол бір валидациялау және верификациялау жөніндегі орган жүргізе алмайды.
8. Валидациялау мен верификациялау, егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен валидациялау мен верификациялауды жүргізу қағидаларына және стандарттау саласындағы уәкілетті орган бекіткен ұлттық стандарттарға сәйкес жүзеге асырылады.
21-тарау. АТМОСФЕРАНЫҢ ОЗОН ҚАБАТЫН ҚОРҒАУ
305-бап. Озон қабаты және оны қорғау
1. Озон қабаты Жер планетасы атмосферасының шекаралық қабатының үстіндегі атмосфералық озон қабатын білдіреді.
2. Озон қабатын қорғау деп озон қабатының бұзылуынан туындаған қолайсыз салдарлардан адамдардың өмірін және (немесе) денсаулығын қорғау және қоршаған ортаны қорғау мақсатында озон қабатының бұзылуын болғызбау және оны қалпына келтіру бойынша мемлекеттік органдар, заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлер жүзеге асыратын шаралар жүйесі түсініледі.
306-бап. Озонды бұзатын заттар және олармен жұмыс істеу
1. Озон қабатын бұзатын заттар (бұдан әрі - озонды бұзатын заттар) деп дербес немесе қоспада болатын, қызметте пайдаланылатын не қызмет өнімі болып табылатын және Жердің озон қабатына зиянды әсер етуі мүмкін химиялық заттар түсініледі.
2. Осы Кодекске сәйкес озонды бұзатын заттарға жатқызылмаған химиялық заттар озон үшін қауіпсіз заттар деп танылады.
307-бап. Озон қабатын қорғау саласындағы қызметті мемлекеттік реттеу
Озон қабатын қорғау саласындағы қызметті мемлекеттік реттеуді қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады және ол:
1) озонды бұзатын заттарды тұтынуды реттеуді;
2) озонды бұзатын заттармен жұмыс істеуді реттеуді қамтиды.
308-бап. Озонды бұзатын заттарды тұтынуды реттеу
1. Озонды бұзатын заттарды тұтыну деп белгілі бір кезеңде Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты орналастыру үшін әкетілген озонды бұзатын заттарды шегере отырып, Қазақстан Республикасының аумағына тұрақты орналастыру үшін әкелінген озонды бұзатын заттардың жалпы көлемі түсініледі.
2. Озонды бұзатын заттарды тұтынуды реттеуді қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган:
1) Қазақстан Республикасының озон қабатын бұзатын заттар жөніндегі халықаралық шарттарына сәйкес озонды бұзатын заттарды тұтыну лимиттерін (квоталарын) белгілеу;
2) озонды бұзатын заттарды және құрамында олар бар өнімдерді Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып табылмайтын мемлекеттерден Қазақстан Республикасының аумағына әкелуді және Қазақстан Республикасының аумағынан осы мемлекеттерге әкетуді лицензиялауды жүзеге асыру;
3) озонды бұзатын заттарды және құрамында олар бар өнімдерді Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерден Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге және Қазақстан Республикасының аумағынан осы мемлекеттерге әкетуге рұқсаттар беру арқылы жүзеге асырады.
Озонды бұзатын заттарды және олар құрамында бар өнімдерді Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерден Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге және Қазақстан Республикасының аумағынан осы мемлекеттерге әкетуге рұқсаттар беру қағидаларын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
309-бап. Озонды бұзатын заттармен жұмыс істеуді реттеу
1. Озонды бұзатын заттармен жұмыс істеу мынадай операцияларды қамтиды:
1) өнімдер мен жабдықтарды үстеп құю операцияларын қоса алғанда, өндірісте, техникалық қызмет көрсету немесе жөндеу кезінде не өзге де технологиялық процестерде озонды бұзатын заттарды пайдалану (бұдан әрі - озонды бұзатын заттарды пайдалану);
2) озонды бұзатын заттарды тасу;
3) озонды бұзатын заттарды сақтау;
4) машиналар мен жабдықтардағы, олардың құрауыш бөліктеріндегі, контейнерлердегі озонды бұзатын заттарды оларға техникалық қызмет көрсету барысында немесе оларды пайдаланудан шығару алдында алу, жинау және сақтау түсінілетін озонды бұзатын заттарды рекуперациялау;
5) озонды бұзатын заттардың тұтынушылық қасиеттерін қалпына келтіру мақсатында рекуперацияланған озонды бұзатын заттарды өңдеу түсінілетін озонды бұзатын заттарды қалпына келтіру;
6) қалпына келтіруге жатпайтын озонды бұзатын заттарды рециркуляциялау немесе залалсыздандыру мақсатында механизмдерден, жабдықтардан, контейнерлерден және басқа да құрылғылардан оларға техникалық қызмет көрсету барысында немесе есептен шығарар алдында алынатын озонды бұзатын заттарды жинауға және сақтауға бағытталған іс-шаралар кешені түсінілетін озонды бұзатын заттарды кәдеге жарату.
2. Озонды бұзатын заттарды рециркуляциялау (рециклдеу) - рекуперацияланған озонды бұзатын заттарды қалпына келтірілгеннен кейін қайта пайдалану.
3. Озонды бұзатын заттарды залалсыздандыру - озон қабатын қоса алғанда, қоршаған ортаға зиянды әсер етпейтін құрамдастарға тұрақты трансформациялауға немесе ыдырауға әкелетін бұзу арқылы озонды бұзатын заттардың қауіпті қасиеттерін жою.
4. Озонды бұзатын заттармен жұмыс істеуді реттеуді қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган озонды бұзатын заттарды пайдаланып жұмыстар жүргізуге, құрамында озонды бұзатын заттар бар жабдықтарды жөндеуге, монтаждауға, қызмет көрсетуге, озонды бұзатын заттарды тасуға, сақтауға, рекуперациялауға, қалпына келтіруге, кәдеге жаратуға рұқсат беру арқылы жүзеге асырады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген қызметті жүзеге асыруға рұқсаттар беру қағидаларын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
310-бап. Озонды бұзатын заттардың мемлекеттік кадастры және оларды түгендеу
1. Озонды бұзатын заттардың мемлекеттік кадастры олардың орналасқан жері, құрамдастық құрамы, сандық және сапалық сипаттамалары, пайдалану шарттары туралы деректерді қамтитын, озонды бұзатын заттарды тұтыну мен олармен жұмыс істеуді есепке алудың кезең-кезеңмен толықтырылып отыратын және нақтыланатын жүйесін білдіреді.
2. Озонды бұзатын заттардың барлық түрі озонды бұзатын заттардың мемлекеттік кадастрында есепке алуға жатады.
3. Озонды бұзатын заттардың мемлекеттік кадастрын әзірлеуді және жүргізуді қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган ұйымдастырады.
4. Озонды бұзатын заттардың мемлекеттік кадастрын жүргізу қағидаларын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
5. Озонды бұзатын заттардың мемлекеттік кадастры мемлекеттік органдарды, мүдделі жеке және заңды тұлғаларды қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз етуге қатысты технологиялық, экономикалық, құқықтық және басқа да шешімдерді бағалауға, болжауға, әзірлеуге арналған ақпаратпен қамтамасыз ету, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық міндеттемелерін орындау мақсатында озонды бұзатын заттарды жалпымемлекеттік кешенді есепке алуды жүргізу мақсатында жүргізіледі.
6. Озонды бұзатын заттардың мемлекеттік кадастрының деректері негізінде қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган озонды бұзатын заттардың тұтынылуын талдауды және болжауды жүзеге асырады, Қазақстан Республикасы ратификациялаған озон қабатын қорғау жөніндегі халықаралық шарттарға сәйкес жыл сайынғы есептілік бойынша Қазақстан Республикасының міндеттемелерін орындау үшін озонды бұзатын заттарды мемлекеттік бақылау жүйесін ұйымдастыруды қамтамасыз етеді.
7. Озонды бұзатын заттардың мемлекеттік кадастрын жүргізу үшін озонды бұзатын заттармен жұмыс істеуді жүзеге асыратын және (немесе) құрамында озонды бұзатын заттары бар жабдық балансында болатын заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлер қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысандар бойынша озонды бұзатын заттармен жұмыс істеу жөніндегі есепті және озонды бұзатын заттарды түгендеу жөніндегі есепті қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға ұсынады.
8. Озонды бұзатын заттарды түгендеу деп жабдықтардағы және техникалық құрылғылардағы озонды бұзатын заттардың көлемін айқындау түсініледі.
Озонды бұзатын заттарды түгендеу қағидаларын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
9. Озонды бұзатын заттармен жұмыс істеу жөніндегі есеп жыл сайын 1 қаңтардағы жағдай бойынша есепті жылдан кейінгі жылдың бірінші тоқсанынан кешіктірілмей қағаз және (немесе) электрондық жеткізгіштерде озонды бұзатын заттардың мемлекеттік кадастрын жүргізу қағидаларына сәйкес озонды бұзатын заттардың мемлекеттік кадастры жүйесінде электрондық нысанды толтыру және ақпарат беруге жауапты лауазымды адамның электрондық цифрлық қолтаңбасымен қол қою арқылы ұсынылады.
Озонды бұзатын заттарды түгендеу жөніндегі есеп бастапқыда 1 қаңтардағы жағдай бойынша есепті жылдан кейінгі жылдың бірінші тоқсанынан кешіктірілмей қағаз және (немесе) электрондық жеткізгіштерде озонды бұзатын заттардың мемлекеттік кадастрын жүргізу қағидаларына сәйкес озонды бұзатын заттардың мемлекеттік кадастры цифрлық жүйесінде нысанды толтыру және ақпарат беруге жауапты лауазымды адамның электрондық цифрлық қолтаңбасымен қол қою арқылы ұсынылады және өзгерістер енгізілген жағдайда, қайта ұсынылады.
10. Озонды бұзатын заттардың мемлекеттік кадастрының жиынтық деректері ашық және қолжетімді болып табылады.
11. Озонды бұзатын заттардың мемлекеттік кадастры қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның цифрлық жүйесінде және интернет-ресурсында орналастырылады және жаңартылып отырады.
311-бап. Озонды бұзатын заттармен жұмыс істеу және оларды тұтыну жөніндегі қызметке қойылатын жалпы талаптар
1. Заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлер озонды бұзатын заттармен жұмыс істеген кезде:
1) Қазақстан Республикасының озон қабатын қорғау туралы халықаралық міндеттемелеріне сәйкес озонды бұзатын заттарды тұтынуды қысқартуға және оларды тұтынуды толық тоқтату үшін қажетті шаралар қабылдауға;
2) осы Кодекстің және озонды бұзатын заттармен жұмыс істеу қағидаларының талаптарын сақтауға;
3) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның талап етуі бойынша мемлекеттік экологиялық бақылау жүргізу кезінде бақылауды жүзеге асыру үшін қолда бар озонды бұзатын заттар мен құрамында озонды бұзатын заттар бар өнімді, сондай-ақ озонды бұзатын заттармен жұмыс істеу жөніндегі құжаттаманы ұсынуға;
4) озонды бұзатын заттарды тұтынудың белгіленген лимиттерін асырмауға;
5) озонды бұзатын заттарды түгендеу қағидаларына және озонды бұзатын заттармен жұмыс істеуді және оларды тұтынуды есепке алу қағидаларына сәйкес озонды бұзатын заттармен жұмыс істеуді және оларды тұтынуды түгендеу мен есепке алуды жүргізуге;
6) оларды қауіпсіз пайдалануды, сақтауды, тасуды, рекуперациялауды, қалпына келтіруді, кәдеге жаратуды қамтамасыз етуге;
7) кәдеге жарату, қалпына келтіру, рекуперациялау және (немесе) залалсыздандыру мақсатында озонды бұзатын заттарды жинау және оларды герметикалық ыдыста сақтау жөніндегі іс-шараларды әзірлеуге және орындауға міндетті.
2. Мыналарға:
1) жеке тұлғалардың озонды бұзатын заттарды жеке пайдалануы үшін (коммерциялық емес мақсатта) алып өтуіне;
2) Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелуге және (немесе) Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетуге тыйым салу белгіленген озонды бұзатын заттармен және құрамында озонды бұзатын заттар бар өніммен жұмыс істеуге, оларды кәдеге жаратуды, рециркуляциялауды және қалпына келтіруді (немесе) залалсыздандыруды қоспағанда;
3) озонды бұзатын заттардың технологиялық шығындарын қоспағанда, осындай заттарды жобалау, конструкторлық және өзге де техникалық құжаттамада белгіленген көлемде атмосфералық ауаға шығаруға;
4) Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелуге және (немесе) Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетуге тыйым салу белгіленген озонды бұзатын заттармен жұмыс істеу көзделетін технологияларды, жабдықтарды, заттар мен материалдарды пайдалана отырып, объектілерді жобалауға, реконструкциялауға, техникалық қайта жарақтандыруға, кеңейтуге, жаңасын салуға, оларды кәдеге жаратуды, рециркуляциялауды және қалпына келтіруді (немесе) залалсыздандыруды қоспағанда, тыйым салынады.
Осы тармақтың бірінші бөлігі озонды бұзатын заттарды Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге және Қазақстан Республикасының аумағынан әкетуге тыйым салу енгізілген жағдайда қолданысқа енгізіледі.
3. Озонды бұзатын заттармен жұмыс істеу қағидаларын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
22-тарау. КЛИМАТТЫҢ ӨЗГЕРУІНЕ БЕЙІМДЕЛУ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУ
312-бап. Климаттың өзгеруі және оған бейімделу
1. Климаттың өзгеруі деп климат жай-күйінің не оның онжылдық немесе одан да ұзақ кезеңдегі өзгермелілігінің орташа көрсеткіштерінің статистикалық елеулі ауытқуы түсініледі, ол жаһандық атмосфера құрамындағы өзгерістерді тудыратын адамның қызметіне тікелей немесе жанама түрде байланысты болады және салыстырмалы уақыт кезеңдері ішінде байқалатын климаттың табиғи ауытқуларына әсер етеді.
2. Климаттың өзгеруіне бейімделу осы Кодекске және Қазақстан Республикасының климаттың өзгеруі саласындағы халықаралық шарттарына сәйкес жүзеге асырылады және байқалатын әрі болжанатын климаттың өзгеруінің әсер етуіне байланысты шығындарды болғызбау және төмендету және пайданы пайдалану процесін білдіреді.
Климаттың өзгеруінің әсер етуі деп климаттың өзгеруінен және онымен байланысты экстремалдық метеорологиялық және өзге табиғи құбылыстардан туындаған, экологиялық жүйелердегі, қоғамдағы және экономикадағы байқалатын және болжанатын оң және теріс әсерлер түсініледі.
Климаттың өзгеруіне осалдық деп экологиялық жүйелердің, қоғамның және экономиканың климаттың өзгеруінің қолайсыз әсерлеріне ұшырауы түсініледі.
313-бап. Мемлекеттік басқарудың мақсаттары, басым салалары және климаттың өзгеруіне бейімделудің негізгі қағидаттары
1. Климаттың өзгеруіне бейімделу адам денсаулығы, экологиялық жүйелер, қоғам және экономика үшін климаттың өзгеруі себебінен болатын қолайсыз салдарлар мен залалды болғызбау және оны азайту, климаттың өзгеруіне осалдықты төмендету, сондай-ақ климаттың өзгеруіне байланысты қолайлы мүмкіндіктерді пайдалану мақсатында жүзеге асырылады.
2. Мемлекеттік басқарудың мынадай: ауыл шаруашылығы, су шаруашылығы, орман шаруашылығы, азаматтық қорғау салалары климаттың өзгеруіне бейімделу үшін басым салалар болып табылады.
3. Климаттың өзгеруіне бейімделу процесі мынадай қағидаттарға негізделеді:
1) әлеуметтік-экономикалық дамудың орта мерзімдік және ұзақ мерзімдік жоспарларында климаттың өзгеруінің әсер етуін есепке алудың міндеттілігі;
2) басым салалардан бастап климаттың өзгеруіне бейімделу процесін іске асырудың кезеңділігі;
3) осы баптың 2-тармағында көрсетілген басым салалардың барлығын қамтитын климаттың өзгеруіне бейімделуге жергілікті атқарушы органдардың салааралық тәсілі;
4) климаттың өзгеруіне бейімделу бойынша жүзеге асырылатын шаралар мен климаттың өзгеруінің қолайсыз әсер етуін төмендету арасында байланыстың болуы.
314-бап. Климаттың өзгеруіне бейімделу процесіне қойылатын жалпы талаптар
1. Климаттың өзгеруіне бейімделу процесі мынадай сатыларды қамтиды:
1) ақпарат жинау және климаттың өзгеруіне осалдықты бағалау;
2) климаттың өзгеруіне бейімделуді жоспарлау;
3) климаттың өзгеруіне бейімделу жөніндегі шараларды әзірлеу;
4) климаттың өзгеруіне бейімделу жөніндегі шараларды жүзеге асыру;
5) климаттың өзгеруіне бейімделу жөніндегі шаралардың тиімділігін мониторингтеу және бағалау;
6) климаттың өзгеруінің әсер етуі және климаттың өзгеруіне бейімделу жөніндегі шаралардың тиімділігі туралы есептілік;
7) мониторингтеу мен бағалау нәтижелері негізінде климаттың өзгеруіне бейімделу жөніндегі шараларды түзету.
2. Климаттың өзгеруіне бейімделу процесін климаттың өзгеруіне бейімделу үшін басым ретінде айқындалған мемлекеттік басқару салалары бойынша уәкілетті орталық атқарушы органдар және астананың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары жүзеге асырады.
3. Осы Кодекстің 313-бабының 2-тармағында көрсетілген, климаттың өзгеруіне бейімделу үшін басым мемлекеттік басқару салалары бойынша тиісті мемлекеттік бағдарламаларды әзірлеу және іске асыру шеңберінде уәкілетті орталық атқарушы органдар және астананың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары осы баптың 1-тармағында көрсетілген климаттың өзгеруіне бейімделу процесінің сатыларын жүзеге асырады.
4. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген сатыларды жүзеге асыру жөніндегі талаптар қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен климаттың өзгеруіне бейімделу процесін ұйымдастыру және іске асыру қағидаларына сәйкес іске асырылады.
5. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган климаттың өзгеру мәселелері жөніндегі халықаралық шарттарға сәйкес климаттың өзгеруіне бейімделу нәтижелері бойынша есептілікті жүзеге асырады.
315-бап. Ақпарат жинау және климаттың өзгеруіне осалдықты бағалау жөніндегі талаптар
1. Бейімделу үшін басым мемлекеттік басқару салалары бойынша уәкілетті орталық атқарушы органдар және астананың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары климаттың өзгеруіне бейімделу жөніндегі шараларды жоспарлау, әзірлеу және жүзеге асыру үшін климаттың өзгеруіне осалдықты бағалауды ұйымдастырады.
2. Климаттың өзгеруіне осалдықты бағалау:
1) ағымдағы және өткен климаттық үрдістер мен оқиғалар;
2) климаттың болашақтағы өзгерістерін болжау;
3) климаттың ағымдағы және өткен әсер етуі;
4) климаттың өзгеруінің болжанатын әсер етуі туралы ақпарат пен деректерді жинау негізінде жүзеге асырылады.
3. Ұлттық деңгейде басым салалар бойынша климаттың өзгеруіне осалдықты бағалауды ауыл шаруашылығы, су шаруашылығы, орман шаруашылығы саласындағы және азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органдар өз құзыреттеріне сәйкес ұйымдастырады.
4. Климаттың өзгеруіне осалдықты бағалауды жергілікті деңгейде астананың, облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары климаттың өзгеруіне бейімделу үшін басым мемлекеттік басқару салалары бойынша ұйымдастырады.
5. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган климаттың өзгеруіне бейімделу процесін ұйымдастыру және іске асыру қағидаларына сәйкес климаттың өзгеруіне осалдықты бағалау бойынша ақпараттық және әдістемелік жәрдем көрсетеді.
316-бап. Климаттың өзгеруіне бейімделуді жоспарлау
1. Климаттың өзгеруіне бейімделуді жоспарлау климаттың өзгеруіне бейімделу саласындағы Қазақстан Республикасы мемлекеттік саясатының негізгі бағыттары бойынша жүзеге асырылады және климаттың өзгеруіне осалдықты бағалау нәтижелеріне негізделеді.
2. Климаттың өзгеруіне бейімделуді ұлттық деңгейде жоспарлау осы Кодекстің 313-бабының 2-тармағында көрсетілген, климаттың өзгеруіне бейімделу үшін басым мемлекеттік басқару салалары бойынша климаттың өзгеруінің әсер етуін есепке алу және тиісті мемлекеттік бағдарламаларда климаттың өзгеруіне бейімделу жөніндегі шараларды қарастыру арқылы жүзеге асырылады.
3. Климаттың өзгеруіне бейімделуді жергілікті деңгейде жоспарлауды астананың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары жергілікті деңгейде мемлекеттік экологиялық саясатты іске асыру шеңберінде климаттың өзгеруінің әсер етуін есепке алу және климаттың өзгеруіне бейімделу жөніндегі шараларды қарастыру арқылы жүзеге асырады.
19-БӨЛІМ. ҚАЛДЫҚТАР
23-тарау. ҚАЛДЫҚТАР ТУРАЛЫ ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
317-бап. Қалдықтар ұғымы
1. Өндіру, жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету процесінде немесе тұтыну процесінде түзілген, иесі қалдықтар деп тікелей танитын не заңның талаптарына орай жоюға немесе қалпына келтіруге жіберуге тиісті, немесе жою немесе қалпына келтіру жөніндегі операцияларға ұшыратуға ниеттенетін не ұшырататын кез келген заттар, материалдар немесе нәрселер (оның ішінде, өздерінің тұтынушылық қасиеттерін жоғалтқан тауарлар) қалдықтар деп түсініледі.
2. Мыналар қалдықтарға жатпайды:
1) бөлінетін газ (шаң-газ-ауа қоспасы) құрамында атмосфераға шығарылатын заттар;
2) сарқынды сулар;
3) алынбаған ластанған топырақ қабатын қоса алғанда, өздерінің табиғи қалпында жатқан ластанған жерлер;
4) жермен тығыз байланысты жылжымайтын мүлік объектілері;
5) алынған ластанбаған топырақтар;
6) құрылыс қызметі процесінде жерде жұмыстарды жүргізу кезінде өздері табиғи қалпында жатқан жерден алынған және жобалау құжатына сәйкес, өздері бөлініп алынған сол бір құрылыс алаңының аумағында құрылыс салу мақсатында өзінің табиғи күйінде пайдаланылып жатқан немесе пайдаланылатын кең таралған пайдалы қатты қазбалар;
7) Қазақстан Республикасының жекелеген қару түрлерінің айналымын мемлекеттік бақылау саласындағы заңнамасына сәйкес кәдеге жаратуға жататын атыс қаруы, оқ-дәрілер және жарылғыш заттар.
318-бап. Қалдықтардың иелері
1. Қалдықтарды түзуші немесе заңды иелігінде қалдықтар болатын кез келген тұлға қалдықтардың иесі деп түсініледі.
2. Қызметті жүзеге асыру процесінде қалдықтар түзілетін кез келген тұлға (қалдықтарды бастапқы түзуші) немесе осындай қалдықтардың қасиеттерінің немесе құрамының өзгеруіне әкелетін өңдеуді, араластыруды немесе өзге де операцияларды жүзеге асыратын кез келген тұлға (қалдықтарды қайталама түзуші) қалдықтарды түзуші деп танылады.
319-бап. Қалдықтарды басқару
1. Қалдықтар түзілген кезден бастап түпкілікті жойылғанға дейін қалдықтарға қатысты жүзеге асырылатын операциялар қалдықтарды басқару деп түсініледі.
2. Қалдықтарды басқару жөніндегі операцияларға:
1) түзілген жерінде қалдықтарды жинақтау;
2) қалдықтарды жинау;
3) қалдықтарды тасу;
4) қалдықтарды қалпына келтіру;
5) қалдықтарды жою;
6) осы тармақтың 1), 2), 4) және 5) тармақшаларында көзделген операцияларды жүзеге асыру процесінде орындалатын қосалқы операциялар;
7) қалдықтарды жинау, тасу, қалпына келтіру және (немесе) жою жөніндегі операцияларды байқауды жүргізу;
8) жойылған (жабық, пайдаланудан шығарылған) қалдықтарды жою объектілеріне қызмет көрсету жөніндегі қызмет жатады.
3. Үй шаруашылықтарын қоспағанда, қалдықтарды басқару жөніндегі операцияларды жүзеге асыратын тұлғалар тиісті қызметті жүзеге асыру кезінде қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен тізбеге енгізілген қалдықтарды басқару саласындағы ұлттық стандарттарды сақтауға міндетті. Осындай ұлттық стандарттарда көзделген талаптарды бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.
4. Үй шаруашылықтарын қоспағанда, қалдықтарды басқару жөніндегі операцияларды жүзеге асыратын тұлғалар қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен қалдықтарды басқару жөніндегі есептілікті ұсынуға міндетті.
2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 5-тармақпен толықтырылды (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді)
5. Астананың, облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың жергілікті өкілді органдары тиісті астананың, облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың аумақтарында қалдықтардың пайда болуын болғызбау, оларды бөлек жинау, қайтадан пайдалануға дайындау, қайта өңдеу, кəдеге жарату жəне жою (құрту жəне (немесе) көму) жөніндегі қызметті реттеу жəне ұйымдастыру ерекшеліктерін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уəкілетті органмен келісу бойынша белгілеуі мүмкін.
320-бап. Қалдықтарды жинақтау
1. Қалдықтардың түзілуі немесе қалдықтарды түпкілікті қалпына келтіру немесе жою сәтіне дейін одан әрі басқару процесінде жүзеге асырылатын, осы баптың 2-тармағында көрсетілген мерзімдер ішінде арнайы белгіленген орындарда қалдықтарды уақытша жинап қою қалдықтарды жинақтау деп түсініледі.
2. Қалдықтарды жинақтау орындары:
1) қалдықтарды жинау (мамандандырылған ұйымдарға беру) немесе осы қалдықтар қалпына келтіру немесе жою жөніндегі операцияларға ұшырайтын объектіге оларды өз бетінше әкету күніне дейін алты айдан аспайтын мерзімге қалдықтарды түзілген жерінде уақытша жинап қоюға;
2) пайдаланудан шыққан көлік құралдарын және (немесе) өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасын қоспағанда, қауіпті емес қалдықтар қалпына келтіру немесе жою жөніндегі операцияларға ұшырайтын объектіге оларды әкету күніне дейін үш айдан аспайтын мерзімге қауіпті емес қалдықтарды жинау процесінде уақытша жинап қоюға (контейнерлерде, қайта тиеу және сұрыптау станцияларында);
3) қалдықтар қалпына келтіруге немесе жоюға жіберілгенге дейін алты айдан аспайтын мерзімге осы қалдықтар қалпына келтіру немесе жою жөніндегі операцияларға ұшырайтын объектіде оларды уақытша жинап қоюға арналады.