11. Резервтен көміртегі бірліктерін сатудан түскен қаражат парниктік газдардың шығарылуы мен сіңірілуін реттеу жөніндегі іс-шараларды, бағдарламалар мен жобаларды қаржыландыру үшін көміртегі бірліктерінің саудасы жүйесі операторының шотына түседі.
291-бап. Көміртегі квотасының бірліктерін бөлу
1. Квоталау субъектілерінің арасында көміртегі квотасының бірліктерін бөлу оларды Көміртегі квоталарының ұлттық жоспарында айқындалған көлем шегінде тегін бөлу және аукцион арқылы сату шарттарында жүзеге асырылады.
2. Квоталанатын қондырғылар үшін тегін бөлуге жататын көміртегі квотасы бірліктерінің көлемі парниктік газдардың шығарылуы мен сіңірілуі саласындағы мемлекеттік реттеу қағидаларына сәйкес бенчмарктерді қолдану арқылы есептеледі.
Бенчмарк деп квоталанатын парниктік газдар шығарылуының өнімнің бірлігіне шаққандағы үлестік көлемі түсініледі.
Экономиканың реттелетін секторларындағы бенчмарктердің тізбесін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган әзірлейді және бекітеді.
3. Көміртегі квотасының бірліктерін аукцион шарттарында сату арқылы бөлу осы Кодекстің 299-бабына сәйкес жүзеге асырылады.
2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Көміртегі квотасының бірліктерін есепке жатқызу үшін көміртегі бірліктерінің сауда жүйесінің операторы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімін жүргізу қағидаларына сәйкес көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімінде автоматты түрде шот ашады.
5. Көміртегі квотасы Көміртегі квоталарының ұлттық жоспары бекітілген күннен бастап он жұмыс күні ішінде көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімінде квоталанатын қондырғы операторының тиісті шотына есепке жатқызылады.
6. Көміртегі квоталарының ұлттық жоспары қолданылатын шекте көміртегі квотасының бірліктері бір есептік кезеңнен басқасына ауыстырылуы мүмкін.
7. Көміртегі квотасының пайдаланылмаған (өтелмеген) бірліктері Көміртегі квоталарының келесі ұлттық жоспарына ауыстырылмайды.
2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 8-тармақ өзгертілді (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
8. Көміртегі квотасы бірліктерінің қолданылу мерзімі оларды бөлуге негіз болған тиісті Көміртегі квоталары ұлттық жоспарының соңғы есепті жылынан кейінгі жылдың бірінші қазанында аяқталады.
292-бап. Көміртегі бірліктерін өтеу
1. Көміртегі бірліктерін өтеу деп оларды көміртегі бірліктерін квоталау субъектісінің тиісті шотынан есептен шығару және көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізіліміндегі квоталарды өтеу есебіне есепке жатқызу арқылы айналымнан алу түсініледі.
2. Көміртегі бірліктерін өтеу есепті жылда парниктік газдардың шығарылуын түгендеу туралы тіркелген верификацияланған есепке сәйкес айқындалатын, квоталанатын қондырғы шығарған парниктік газдардың іс жүзіндегі квоталанатын шығарылуына тең мөлшерде жыл сайын жүзеге асырылады.
3. Көміртегі бірліктерінің саудасы жүйесінің операторы парниктік газдардың шығарылуын түгендеу туралы верификацияланған есеп тіркелгеннен кейін бес жұмыс күні ішінде көміртегі квотасының өтелген бірліктерін квоталау субъектісінің шотынан квоталарды өтеу шотына аударады.
293-бап. Квоталанатын қондырғылардың парниктік газдарды шығаруын мониторингтеу
1. Квоталау субъектісі Көміртегі квоталарының ұлттық жоспары қолданылатын кезеңде орындалуы міндетті квоталанатын қондырғының парниктік газдарды шығаруын мониторингтеу жоспарын (бұдан әрі - мониторингтеу жоспары) әзірлейді.
2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Квоталау субъектісі Көміртегі квоталарының ұлттық жоспары қолданылған бірінші жылдың он бесінші сəуіріне дейін парниктік газдардың шығарылуы мен сіңірілуі саласындағы мемлекеттік реттеу қағидаларына сəйкес мемлекеттік көміртегі кадастрындағы мониторинг жоспарының валидацияланған электрондық нысанын толтырады.
Мониторинг жоспарының электрондық нысаны осы тармақтың бірінші бөлігінде белгіленген мерзімде толтырылмаған жағдайда, көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізіліміндегі квоталау субъектісінің шоты бес жұмыс күні ішінде көрсетілген талаптар орындалғанға дейін бұғаттауға жатады.
3. Квоталанатын қондырғының парниктік газдарды шығаруын мониторингтеу парниктік газдардың шығарылуы мен сіңірілуі саласындағы мемлекеттік реттеу қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
4. Мониторингтеу жоспарының нысаны парниктік газдардың шығарылуы мен сіңірілуі саласындағы мемлекеттік реттеу қағидаларында белгіленеді.
294-бап. Квоталанатын қондырғылардың парниктік газдарды шығаруын түгендеу
1. Парниктік газдардың шығарылуын түгендеу деп есепті кезеңде парниктік газдардың шығарылуы мен сіңірілуінің нақты көлемін айқындау түсініледі.
2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Квоталау субъектісі ағымдағы жылғы он бесінші сәуірге дейін мемлекеттік көміртегі кадастрында алдыңғы жылғы парниктік газдардың шығарылуын түгендеу туралы есептің верификацияланған электрондық нысанын толтыруға міндетті.
Парниктік газдардың шығарылуын түгендеу туралы есептің нысаны Парниктік газдардың шығарылуы мен сіңірілуі саласындағы мемлекеттік реттеу қағидаларында белгіленеді.
3. Парниктік газдардың шығарылуы мен сіңірілуін есептеу жөніндегі әдістемені қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган әзірлейді және бекітеді.
4. Квоталау субъектісі парниктік газдардың шығарылуын түгендеу туралы есептің толтырылған электрондық нысанын верификациялау үшін мемлекеттік көміртегі кадастры арқылы валидациялау және верификациялау жөніндегі аккредиттелген органға жібереді.
5. Валидациялау және верификациялау жөніндегі аккредиттелген орган мемлекеттік көміртегі кадастрында есепті жылғы парниктік газдардың шығарылуын түгендеу туралы есепті верификациялауды жүргізеді. Парниктік газдардың шығарылуын түгендеу туралы есепке түзетулер енгізу қажет болған жағдайда, валидациялау және верификациялау жөніндегі аккредиттелген орган оны пысықтау үшін квоталау субъектісіне жібереді.
6. Көміртегі бірліктерінің саудасы жүйесінің операторы өзіне парниктік газдардың шығарылуын түгендеу туралы верификацияланған есеп жіберілген күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде оны бекітілген нысанға сәйкестігі, верификациялаудың болуы, парниктік газдардың шығарылуын есептеудің және парниктік газдардың шығарылуын есептеу үшін пайдаланылған коэффициенттерді қолданудың дұрыстығы тұрғысынан қарайды және қарау нәтижелері бойынша:
1) осы тармақтың бірінші абзацының талаптарына сәйкес келген жағдайда, парниктік газдардың шығарылуын түгендеу туралы есепті тіркейді;
2) парниктік газдардың шығарылуын түгендеу туралы есеп осы тармақтың бірінші абзацының талаптарына сәйкес келмеген жағдайда, оны пысықтау үшін квоталау субъектісіне жібереді, сондай-ақ валидациялау және верификациялау жөніндегі аккредиттелген органдарға қатысты шаралар қабылдау үшін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органды хабардар етеді.
7. Көміртегі бірліктерінің саудасы жүйесінің операторы парниктік газдардың шығарылуын түгендеу туралы тіркелген есептер негізінде парниктік газдардың шығарылуы мен сіңірілуін талдауды және болжауды жүзеге асырады және қажет болған жағдайда, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға Қазақстан Республикасының парниктік газдардың шығарылуын реттеу саласындағы заңнамасын жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізеді.
8. Парниктік газдардың шығарылуын түгендеуді бақылау парниктік газдардың шығарылуы мен сіңірілуі саласындағы мемлекеттік реттеу қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
295-бап. Көміртегі квотасын өзгерту
1. Квоталау субъектісі Көміртегі квоталарының ұлттық жоспары қолданылған кезеңде квоталанатын қондырғының қуаттылығы ұлғайтылған жағдайда негізгі көміртегі квотасы болмаған немесе оның көлемі жеткіліксіз болған кезде қосымша көміртегі квотасын алу үшін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға өтініш жасайды.
Қуаттылықты ұлғайту деп өнімді алудың, өндірудің, қайта өңдеудің және (немесе) тасудың жылдық көлемін ұлғайту түсініледі.
2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Квоталау субъектісі қосымша көміртегі квотасын алу мақсатында есепті жылдан кейінгі жылдың он бесінші сəуірінен ерте емес, бірақ бірінші тамызынан кешіктірмей қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға көміртегі квотасын өзгертуге электрондық нысандағы өтінішті және көміртегі квотасын өзгертуді негіздейтін есеп-қисаптарды береді.
Квоталау субъектісі Көміртегі квоталарының ұлттық жоспары қолданылған соңғы жыл кезеңінде қосымша көміртегі квотасына өтініш жасаған жағдайда, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген құжаттарды есепті жылдан кейінгі жылдың он бесінші сəуірінен ерте емес, бірақ бірінші шілдесінен кешіктірмей береді.
3. Қосымша көміртегі квотасы мына формула бойынша есептеледі:
М = (Х - У) × Z,
мұнда:
М - сұралатын қосымша көміртегі квотасы;
Х - алдыңғы есепті жылғы парниктік газдардың шығарылуын түгендеу туралы верификацияланған есепте көрсетілген өнімнің расталған көлемі;
У - қолданыстағы Көміртегі квоталарының ұлттық жоспары бойынша бір жылға қондырғы үшін көміртегі квотасын есептеу үшін пайдаланылған өнім көлемінің мәні;
Z - бенчмарк.
2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уəкілетті орган есепті жылдан кейінгі жылдың бірінші қыркүйегіне дейін қосымша көміртегі квотасын алу үшін квоталау субъектісі ұсынған құжаттарды қарайды.
5. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган қосымша көміртегі квотасын беру туралы оң шешім қабылданған жағдайда квоталау субъектісін, квоталанатын қондырғыны және қосымша көміртегі квотасының көлемін көрсете отырып, квоталау субъектісі мен көміртегі бірліктерінің саудасы жүйесінің операторына тиісті хабарламаны үш жұмыс күні ішінде жібереді.
2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
6. Құжаттар топтамасы толық ұсынылмаған және (немесе) олар осы баптың 1, 2 және 3-тармақтарының талаптарына сәйкес келмеген жағдайларда қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган оларды пысықтауға жібереді.
Квоталау субъектісі бес жұмыс күні ішінде пысықталған құжаттарды ұсынады.
Квоталау субъектісі пысықталған құжаттарды ұсынғаннан кейін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган оларды алған кезден бастап он бес жұмыс күні ішінде қарайды.
7. Берілген қосымша көміртегі квотасы туралы ақпарат көміртегі бірліктерінің саудасы жүйесі операторының ресми интернет-ресурсында жарияланады.
8. Квоталанатын қондырғының қуаттылығын төмендету есебінен пайда болған көміртегі квотасының бірліктерін сатуға болмайды және олар парниктік газдардың шығарылуы мен сіңірілуі саласындағы мемлекеттік реттеу қағидаларында белгіленген тәртіппен Көміртегі квоталары ұлттық жоспарының резервіне қайтарылуға тиіс.
Қуаттылықты төмендету деп өнімді алудың, өндірудің, қайта өңдеудің және (немесе) тасудың жылдық көлемін төмендету түсініледі.
9. Квоталанатын қондырғы жойылған (пайдаланудан шығарылған) жағдайда квоталау субъектісі тиісті қондырғыны пайдалану жүзеге асырылған соңғы есепті кезеңдегі парниктік газдардың шығарылуын түгендеу туралы есепті қоса бере отырып, жою туралы шешім қабылданған күннен бастап он жұмыс күні ішінде бұл туралы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органды хабардар етуге міндетті.
Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган квоталау субъектісінен хабарламаны алғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде көміртегі бірліктерінің саудасы жүйесінің операторын көміртегі квотасының пайдаланылмаған бірліктерін пайдаланудан шығарылған қондырғының шотынан Көміртегі квоталарының ұлттық жоспары резервінің шотына ауыстыру туралы хабардар етеді.
10. Қосымша көміртегі квотасын беруге арналған резервтің бөлінбеген көміртегі бірліктері тиісті Көміртегі квоталары ұлттық жоспарының соңғы есепті жылы бойынша есептілікті ұсыну мерзімі аяқталған күннен кейін тоқсан жұмыс күні өткен соң өтеледі.
296-бап. Квоталанатын қондырғының операторын ауыстыру
1. Квоталанатын қондырғының операторы ауыстырылған жағдайда, алдыңғы оператордың осы бөлімде көзделген құқықтары мен міндеттерінің барлығы квоталанатын қондырғының жаңа операторына ауысады.
2. Квоталанатын қондырғының жаңа операторы он жұмыс күні ішінде көміртегі бірліктерінің саудасы жүйесінің операторына көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізіліміне тиісті өзгерістер енгізу туралы өтініш беруге міндетті, оған квоталанатын қондырғыға қатысты тиісті құқық белгілейтін құжаттың (қондырғыны сатып алу-сату шартының, қабылдау-беру актісінің немесе квоталанатын қондырғыға қатысты жаңа оператордың меншік құқығын немесе өзге де заңды пайдалану құқығын растайтын өзге де құжаттың) нотариат куәландырған көшірмесі қоса берілуге тиіс.
3. Көміртегі бірліктерінің саудасы жүйесінің операторы осы баптың 2-тармағында көзделген өтініш пен құжаттарды алғаннан кейін бес жұмыс күні ішінде көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізіліміне тиісті өзгерістер енгізеді.
297-бап. Квоталанатын қондырғы операторының атауын және (немесе) ұйымдық-құқықтық нысанын өзгерту
1. Квоталанатын қондырғының операторы өзінің атауы және (немесе) ұйымдық-құқықтық нысаны өзгерген жағдайда, он жұмыс күнде ішінде көміртегі бірліктерінің саудасы жүйесінің операторына көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізіліміне тиісті өзгерістер енгізу туралы электрондық нысанда өтініш беруге міндетті.
2. Көміртегі бірліктерінің саудасы жүйесінің операторы осы баптың 1-тармағында көзделген өтінішті алғаннан кейін бес жұмыс күні ішінде көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізіліміне тиісті өзгерістер енгізеді.
298-бап. Көміртегі офсеті
1. Көміртегі офсеті деп Қазақстан Республикасында экономиканың кез келген секторында парниктік газдардың шығарылуын қысқартуға және (немесе) парниктік газдардың сіңірілуін ұлғайтуға бағытталған қызметті немесе қызмет түрлерін жүзеге асыру нәтижесінде қол жеткізілген парниктік газдардың шығарылуын қысқарту және (немесе) парниктік газдардың сіңірілуін ұлғайту түсініледі.
Квоталанатын қондырғының парниктік газдардың квоталанатын шығарылуын қысқарту көміртегі офсеті деп танылмайды.
2. Осы баптың 1-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген қызметті немесе қызмет түрлерін жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға (бұдан әрі - жобаның өтініш берушісі) көміртегі офсетін мақұлдауды алу және офсеттік бірліктер алу мақсатында өз жобасын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның қарауына ұсынуға құқылы.
3. Офсеттік бірлік деп көміртегі офсетін есептеу мақсатында қолданылатын көміртегі бірлігі түсініледі.
4. Көміртегі офсетін мақұлдау және офсеттік бірліктер беру қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган әзірлеген және бекіткен қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.
5. Көміртегі бірліктерінің саудасы жүйесінің операторы офсеттік бірліктерді көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімінде жобаның өтініш берушісінің шотына беру арқылы оларды айналысқа енгізуді жүзеге асырады.
6. Офсеттік бірліктер айналысқа енгізілу кезінде қолданылу мерзімінің шектелу жағдайларын қоспағанда, қолданылу мерзімі бойынша мерзімсіз болып табылады.
7. Жобаның өтініш берушісінің қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган айқындаған тәртіппен офсеттік бірліктерді сатуға құқығы бар.
8. Квоталау субъектісі көміртегі квотасының бірліктерін өтеу көлемін алынған (сатып алынған) офсеттік бірліктер көлеміне азайтуға құқылы.
299-бап. Көміртегі бірліктері және көміртегі нарығы
1. Көміртегі бірлігі көміртегі квотасының немесе көміртегі офсетінің есептік бірлігі болып табылады және көміртегі диоксиді баламасының бір тоннасына тең болады.
2. Көміртегі бірлігі (көміртегі квотасының бірлігі, офсеттік бірлік) осы Кодекске сәйкес Қазақстан Республикасында көміртегі нарығының субъектілері арасында айналымына рұқсат берілген тауар болып табылады.
3. Мыналар көміртегі нарығының субъектілері болып табылады:
1) квоталау субъектілері;
2) көміртегі офсеттерін өткізуге қатысатын жеке және заңды тұлғалар;
3) көміртегі бірліктерінің саудасы жүйесінің операторы.
4. Қазақстан Республикасында көміртегі бірліктерінің саудасы жүйесі бастапқы және қайталама көміртегі нарықтарынан тұрады.
Бастапқы көміртегі нарығында көміртегі бірліктерінің саудасы жүйесінің операторы Көміртегі квоталарының ұлттық жоспары резервінің тиісті санатынан көміртегі квотасының бірліктерін көміртегі нарығының субъектілеріне аукцион шарттарымен сатуды жүзеге асырады.
Қайталама көміртегі нарығында көміртегі нарығының субъектілері тікелей мәміле немесе тауар биржасы арқылы көміртегі бірліктерін өзара сатып алу-сатуды жүзеге асырады.
5. Көміртегі бірліктерінің саудасы қағидаларын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган әзірлейді және бекітеді.
6. Тауар биржасында көміртегі бірліктерінің саудасы Қазақстан Республикасының тауар биржалары туралы заңнамасына сәйкес ұйымдастырылады.
7. Көміртегі бірліктерінің саудасы жүзеге асырылатын тауар биржасын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган көміртегі бірліктерінің саудасы қағидаларына сәйкес айқындайды.
8. Көміртегі бірліктерінің саудасы жүйесі операторының көміртегі бірліктерін сатуы және сатып алуы тауар биржасы арқылы жүзеге асырылады.
9. Квоталау субъектісі, жобаның өтініш берушісі мәміле жасау күнгі көміртегі квотасының бірлігі мен офсеттік бірліктің биржалық белгіленімі деңгейінен төмен емес баға бойынша сатып алу-сату шарты бойынша тікелей сату арқылы көміртегі квотасының бірліктері мен офсеттік бірліктерді өткізуге құқылы.
Мәміле жасау күні тауар биржасында көміртегі квотасының бірлігіне немесе офсеттік бірлікке биржалық баға белгіленімі болмаған кезде баға көміртегі квотасы бірлігіне немесе офсеттік бірлікке соңғы қолжетімді баға белгіленімі бойынша айқындалады.
10. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның шешімі бойынша күші жойылған, өтелген, айналыстан алынған немесе айналыстан шығарылған көміртегі бірліктері сауда объектісі бола алмайды.
11. Қазақстан Республикасында айналысқа шығарылған көміртегі бірліктерінің шет мемлекеттің көміртегі нарығындағы саудасы, сондай-ақ шет мемлекетте айналысқа шығарылған көміртегі бірліктерінің Қазақстан Республикасының көміртегі нарығындаға саудасы қағидалары Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында айқындалады.
300-бап. Көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімі
1. Көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімі - көміртегі бірліктерін айналысқа енгізуге, сақтауға, беруге, сатып алуға, резервке қоюға, бұғаттауға, өтеуге, жоюға, айналыстан алуға байланысты операцияларды есепке алудың электрондық жүйесі.
2. Көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімінде әрбір квоталанатын қондырғыға қатысты жеке шот ашылады.
3. Көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімін әзірлеуді және жүргізуді қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган ұйымдастырады.
4. Көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен қағидаларға сәйкес көміртегі бірліктерінің саудасы жүйесінің операторы қалыптастырады және жүргізеді.
5. Көміртегі бірліктері мемлекеттік тізілімінің негізгі функциялары айналысқа енгізілген, сақтауда тұрған, берілген, сатып алынған, резервке қойылған, бұғатталған, жойылған, өтелген, айналыстан алынған көміртегі бірліктерін дәлме-дәл есепке алуды қамтамасыз ету, сондай-ақ басқа да ұлттық тізілімдермен деректер алмасу болып табылады.
301-бап. Қондырғыларды әкімшілендіру
1. Парниктік газдардың квоталанатын шығарылуының көлемі экономиканың реттелетін секторларында жылына он мыңнан жиырма мың тоннаға дейінгі көміртегі диоксидін құрайтын қондырғы әкімшілендірілетін қондырғы деп танылады.
Әкімшілендірілетін қондырғының операторы әкімшілендіру субъектісі деп танылады.
2. Әкімшілендіру субъектісі ағымдағы жылғы бірінші сәуірге дейінгі мерзімде мемлекеттік көміртегі кадастрында әкімшілендірілетін қондырғының парниктік газдарды шығаруын түгендеу туралы алдыңғы жылғы есептің электрондық нысанын толтыруға міндетті.
3. Әкімшілендірілетін қондырғының парниктік газдарды шығаруын түгендеу туралы есеп верификациялауға жатпайды.
4. Әкімшілендіру субъектісі көміртегі офсетін алу мақсатында парниктік газдардың шығарылуын қысқартуға немесе сіңірілуін ұлғайтуға бағытталған жобаның өтініш берушісі ретінде қатысуға құқылы.
5. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган әкімшілендірілетін қондырғылардың парниктік газдарының квоталанатын шығарылу көлемін бақылауды жүзеге асырады.
302-бап. Парниктік газдардың шығарылуы мен сіңірілуін түгендеудің мемлекеттік жүйесі
1. Парниктік газдардың шығарылуы мен сіңірілуін түгендеудің мемлекеттік жүйесі тиісті кезеңдегі Қазақстан Республикасында парниктік газдардың шығарылуы мен сіңірілуінің нақты көлемін айқындау үшін қажетті деректерді жинау, өңдеу, сақтау және талдау жөніндегі ұйымдастырушылық іс-шаралардың жиынтығын білдіреді.
2. Парниктік газдардың шығарылуы мен сіңірілуін мемлекеттік түгендеу үшін ақпарат жинау Қазақстан Республикасының отын-энергетикалық балансының, статистикалық есептіліктің деректеріне, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес парниктік газдардың шығарылуын түгендеу туралы есептерде ұсынылған мәліметтерге негізделеді.
3. Парниктік газдардың шығарылуы мен сіңірілуін түгендеудің мемлекеттік жүйесінің жұмыс істеуін ұйымдастыру мен үйлестіруді қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.
4. Парниктік газдардың шығарылуы мен сіңірілуін мемлекеттік түгендеуді дайындауды көміртегі бірліктерінің саудасы жүйесінің операторы жүзеге асырады.
5. Парниктік газдардың шығарылуы мен сіңірілуін мемлекеттік түгендеудің толықтығын, ашықтығын және анықтығын бақылау қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен қағидаларға сәйкес жыл сайын жүргізіледі.
303-бап. Мемлекеттік көміртегі кадастры
1. Мемлекеттік көміртегі кадастры парниктік газдардың шығарылу көздерін, олар шығарған шығарындылар көлемін, сондай-ақ қондырғының операторы үшін белгіленген шекаралар шегінде парниктік газдардың шығарылуын қысқарту немесе сіңірілуін ұлғайту көлемін есепке алу жүйесін білдіреді.
2. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган мемлекеттік көміртегі кадастрын әзірлеуді және жүргізуді ұйымдастырады.
3. Мемлекеттік көміртегі кадастрын жүргізуді қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен қағидаларға сәйкес көміртегі бірліктерінің саудасы жүйесінің операторы жүзеге асырады.
4. Мемлекеттік көміртегі кадастры парниктік газдардың шығарылу көздері, қондырғылардың операторлары туралы, парниктік газдардың шығарылу және сіңірілу көлемі туралы мәліметтерді қамтиды.
5. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган мемлекеттік көміртегі кадастрының деректері негізінде парниктік газдардың шығарылу және сіңірілу көлемін мемлекеттік бақылау жүйесін ұйымдастыруды, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес жыл сайынғы есептілік бойынша Қазақстан Республикасы міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз етеді.
304-бап. Валидациялау және верификациялау
1. Валидациялау - парниктік газдардың шығарылуын қысқарту немесе сіңірілуін ұлғайту жөніндегі жобаларды әзірлеу шеңберінде мониторинг жоспарының, сондай-ақ құжаттаманың халықаралық стандарттарда және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкестігін бағалау мен растаудың жүйелі, тәуелсіз және құжатпен рәсімделген процесі.
2. Верификациялау - парниктік газдардың шығарылуын түгендеу туралы есепте және парниктік газдардың шығарылуын қысқарту немесе сіңірілуін ұлғайту жөніндегі жобаларды іске асыру туралы есепте көрсетілген мәліметтердің халықаралық стандарттарда және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкестігін бағалаудың және анықтығын растаудың жүйелі, тәуелсіз және құжатпен ресімделген процесі.
3. Валидациялау және верификациялау жөніндегі органдарды аккредиттеу Қазақстан Республикасының сәйкестiктi бағалау саласындағы аккредиттеу туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
4. Валидациялау және верификациялау жөніндегі орган валидациялау мен верификациялаудың анықтығы үшін жауапты болады.
5. Валидациялау мен верификациялау қондырғы операторының қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
6. Валидациялау және верификациялау жөніндегі орган өзінің қатысуымен әзірленген парниктік газдардың шығарылуын түгендеу туралы есепті немесе мониторингтеу жоспарын валидациялай немесе верификациялай алмайды.