Көмірсутектерді барлауға арналған келісімшарт жасасу туралы шешім қабылданған жағдайда, өтініш иесі оны қабылдаған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде тікелей келіссөздер нәтижелері бойынша оның мөлшері айқындалған қол қою бонусын төлейді және құзыретті органға:
1) қол қою бонусының төленгенін растауды;
2) көмірсутектерді барлауға арналған келісімшарттың жобасын;
3) көмірсутектерді барлауға арналған келісімшарттың ажырамас бөлігі ретінде қоса берілетін, тікелей келіссөздер нәтижелері бойынша айқындалған барлау кезеңіндегі жұмыстар көлемін, сипатын және орындалу мерзімдерін қамтитын жұмыстар бағдарламасын жібереді.
Көмірсутектерді барлауға арналған келісімшарт жобасына мынадай шарттар енгізілуге тиіс:
1) жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялар түрлері;
2) келісімшарттың қолданылу мерзімі;
3) жер қойнауы учаскесінің (учаскелерінің) шекаралары;
4) жер қойнауын пайдаланушының жұмыс бағдарламасында көзделген жер қойнауы учаскелеріндегі жұмыстар көлемі мен түрлері бойынша міндеттемелері;
5) жер қойнауын пайдаланушының кадрлардағы жергілікті қамтудың ең төмен үлесі бойынша міндеттемелері;
6) жер қойнауын пайдаланушының осы Кодекстің талаптарына сәйкес келетін жұмыстардағы және көрсетілетін қызметтердегі, оның ішінде көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган бекітетін басым жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер тізбесіне енгізілген жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер түрлері бойынша жергілікті қамту үлесі бойынша міндеттемелері;
7) жер қойнауын пайдаланушының жер қойнауын пайдалану салдарын жою жөніндегі міндеттемелері;
8) жер қойнауын пайдаланушының осы Кодекспен келісімшарттық міндеттемелерге жатқызылатын көмірсутектерді барлау бойынша базалық жобалау құжаттары көрсеткіштерінің бұзылуын қоса алғанда, келісімшарттық міндеттемелердің бұзылғаны үшін жауаптылығы;
9) олардың негізінде жер қойнауы барлау жөніндегі операцияларды жүргізу үшін пайдалануға берілген өзге де шарттар.
Көмірсутектерді барлауға арналған келісімшарт жобасы құзыретті органның сараптама жасауына және құқықтық сараптама жасауға жатады. Келісімшарт жобасының сараптамасын құзыретті орган оны алған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде жүргізеді.
Көмірсутектерді барлауға арналған келісімшарт жобасын құзыретті орган оны алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде келісімшарт ережелерінің Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкестігі тұрғысынан жүргізілетін міндетті құқықтық сараптамадан өткізу үшін жібереді. Құқықтық сараптама жиырма жұмыс күні ішінде жүргізіледі. Сараптама нәтижелері сараптамалық қорытынды түрінде ресімделеді, олар теріс немесе оң болуы мүмкін.
Өтініш иесі келісімшарт жобасын сараптамалық қорытындыда жазылған ескертулерді жою мақсатында пысықтайды. Көрсетілген ескертулер жойылған жағдайда, мемлекеттік орган оған он жұмыс күні ішінде қайта сараптама жүргізеді.
Өтініш иесі осы тармақта көзделген сараптамалардың оң қорытындысын алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде өз тарапынан қол қойылған көмірсутектерді барлауға арналған келісімшартты құзыретті органға жібереді.
Құзыретті орган келісімшартты алған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде көмірсутектерді барлауға арналған келісімшартты жасасады және оның қол қойылған бір данасын өтініш иесіне жібереді.
Жұмыстар бағдарламасында бастапқыда мәлімделген міндеттемелерді қысқартуды немесе алып тастауды көздейтін көмірсутектерді барлауға арналған келісімшартқа қосымша келісімдер жасасуға тыйым салынады.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2017 жылғы желтоқсанның 27-і.
№ 125-VI