19. Осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған келісімшарттың қолданылуы тоқтатылған кезде жер қойнауын пайдалану салдарын жою бойынша міндеттемелерді орындау осы Кодексте айқындалған тәртіппен мыналар ескеріліп жүзеге асырылады:
уранды қоспағанда, пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған келісімшарттың немесе кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге арналған келісімшарттың қолданылу мерзімі өткенге дейін екі жыл бұрын не олар мерзімінен бұрын тоқтатылған кезде жою жоспары болмағанда жою жобасын әзірлеу кезінде жою жоспарын жасау жөніндегі нұсқаулықта көзделген жоюдың тиісті техникалық ерекшеліктері назарға алынады;
мемлекеттік меншіктегі жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарын, теміржолдарды, гидроқұрылысжайларды және гидротехникалық құрылысжайларды салу (реконструкциялау) және жөндеу мақсатында пайдалану үшін кең таралған пайдалы қазбаларды барлауға немесе өндіруге арналған рұқсаттың қолданылуы тоқтатылған кезде жер қойнауын пайдалану салдарын жою бойынша міндеттемелерді орындау Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес бүлінген жерді қалпына келтіру арқылы жүзеге асырылады.
Осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін пайдалы қазбаларды өндіру жөніндегі операциялар салдарын жоюға кіріскен тұлғалар осы Кодексте белгіленген тәртіппен және мерзімдерде оның аяқталуын қамтамасыз етуге міндетті.
20. 2004 жылғы 1 қаңтарға дейін жасалған көмірсутектер саласындағы жер қойнауын пайдалануға арналған бір келісімшарт шеңберінде, бір бөлігі Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен тұтқырлығы жоғары, су басқан, дебиті аз немесе игерілген кен орындарының тізбесіне енгізілген көмірсутектердің бірнеше кен орындарында өндіруді жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушылар құзыретті органға осындай кен орындарына қатысты өндіруге арналған жеке келісімшарт жасасу туралы өтініш жасауға құқылы. Мұндай келісімшарт бастапқы келісімшарт мерзімі аяқталғанға дейін қалған мерзімге жасалуы мүмкін.
2004 жылғы 1 қаңтардан бастап және осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған көмірсутектер саласындағы жер қойнауын пайдалануға арналған бір келісімшарт шеңберінде, бір бөлігі Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен тұтқырлығы жоғары, су басқан, рентабельдігі төмен, дебиті аз немесе игерілген кен орындарының тізбесіне енгізілген көмірсутектердің бірнеше кен орындарында өндіруді жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушылар құзыретті органға осындай кен орнына (кен орындарына) қатысты өндіруге арналған жеке келісімшарт жасасу туралы өтініш жасауға құқылы. Мұндай келісімшарт бастапқы келісімшарт аяқталғанға дейін қалған мерзімге жасалуы мүмкін.
21. Жер қойнауын пайдаланушылар мемлекеттік органдарға барланған пайдалы қазба қорларының рентабельділігі туралы қорытынды алу мақсатында ұсынған, жүргізілген геологиялық барлау жұмыстары туралы түпкілікті есептер осы Кодекстің 277-бабы 11-тармағының ережелері ескеріле отырып, «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 121-бабының ережелеріне сәйкес қаралуға жатады.
2019.26.12. № 284-VІ ҚР Заңымен 22-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
22. Осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған келісімшарттар бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын иеленушілер осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін қолданыста болған Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бекітілген жобалау құжаттарына сәйкес жер қойнауы учаскесінде қызметін жүзеге асыруға құқылы.
Осы тармақтың үшінші бөлігінің ережесі ескеріле отырып, көрсетілген жобалау құжаттарына өзгерістер осы Кодексте көзделген жобалау құжаттарына өзгерістер енгізу туралы ережелерге сәйкес енгізіледі. Бұл ретте жобалау құжаттарының көрсеткіштері келісімшарттың жұмыс бағдарламасында көзделген ұқсас көрсеткіштерге сәйкес келуге тиіс.
Егер осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар бойынша уранды қоспағанда, кең таралған пайдалы қазбаларды немесе пайдалы қатты қазбаларды өндірудің бекітілген жобалау құжаттарында айқындалған көлемі бекітілген жобалау көрсеткіштерінен физикалық тұрғыда жиырмадан аз пайызға өзгерсе, мұндай өзгерістер көрсетілген жобалау құжаттарына өзгерістерді міндетті түрде енгізу (осы Кодекске сәйкес жобалау құжатын әзірлеу) үшін негіз болып табылмайды.
2021.09.03. № 14-VІІ ҚР Заңымен 22-1-тармақпен толықтырылды
22-1. Осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған уранды барлауға арналған келісімшарттар бойынша жер қойнауын пайдаланушылар уранды тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіруді жүзеге асыруға құқылы.
Тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіру жобасын жер қойнауын пайдаланушы бекітеді және ол осы Кодекс пен Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген сараптамалардан өтуге жатады. Бұл ретте мұндай сараптамаларды жүргізу үшін пайдалы қатты қазбалардың ресурстары мен қорларын бағалау туралы есептің болуы талап етілмейді.
Осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған уранды барлауға арналған келісімшарттарға тәжірибелік-өнеркәсіптік өндірудің жүргізілуіне байланысты өзгерістер енгізу осы баптың 14-1-тармағына сәйкес жүзеге асырылады.
23. Осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған келісімшарттар бойынша жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларға, осы Кодексте көрсетілген операциялардан басқа тиісті келісімшартта айқындалатын жұмыстар тізбесіне сәйкес өндірілген пайдалы қатты қазбаларды бастапқы қайта өңдеу (байыту) жөніндегі қызмет жатады.
Осы тармақтың мақсаттары үшін жер қойнауынан алынған пайдалы қатты қазбаларды бастапқы қайта өңдеуге (байытуға) тау-кен өнеркәсібі қызметінің түрі жатады, ол өндірілген жерінде жинауды, ұсатуды немесе үгітуді, сыныптауды (сұрыптауды), брикеттеуді, агломераттауды және физикалық-химиялық әдістермен (пайдалы қазбалардың минералдық нысандарын, олардың агрегаттық-фазалық жай-күйін, кристалдық-химиялық құрылымын сапалық жағынан өзгертпестен) байытуды қамтиды, сондай-ақ пайдалы қазбаларды өндіру жөніндегі жұмыстардың арнаулы түрлері болып табылатын қайта өңдеу технологияларын (жерасты газдандыру және балқыту, химиялық және бактериялық сілтісіздендіру, шашыранды кен орындарын драгалық және гидравликалық жолмен әзірлеу) қамтуы мүмкін. Бұл ретте өндірілген шикізаттан пайдалы құрауыштарды айырып алумен байланысты жұмыстар, сондай-ақ бастапқы қайта өңдеуден кейінгі (бастапқы қайта өңдеу болған кезде) жұмыстар қайта өңдеу деп танылады
2019.26.12. № 284-VІ ҚР Заңымен 24-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
24. Мемлекеттік емес техногендік минералдық түзілімдермен әртүрлі орналастыру объектілерінде (үйінді, қалдық қойма, шөгінді қойма, полигон және тағы сол сияқты) бөлек орналастырылған:
1) осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін жер қойнауын пайдаланушылармен жасалған пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған келісімшарттардың келісімшарттық аумақтары (бірлескен барлау мен өндіруге арналған келісімшарттар бойынша өндіру кезеңі) шегіндегі;
2) осы Кодекстің қолданысқа енгізілу күніне пайдаланылатын және жеке меншік құқығымен мемлекеттік емес заңды тұлғаларға тиесілі тау-кен қайта өңдеу кәсіпорындарының жер учаскелеріндегі мемлекеттік техногендік минералдық түзілімдер құзыретті органға беретін өтініштері негізінде аталған тұлғалардың меншігіне осы Кодекс қолданысқа енгізілген күннен бастап екі жыл ішінде өтеусіз беруге жатады деп белгіленсін.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген келісімшарттық аумақтардың және жер учаскелерінің шегінен тыс жерде орналасқан және 1992 жылғы 30 мамырға дейін түзілген мемлекеттік техногендік минералдық түзілімдер мүдделі тұлғаның өзі құзыретті органға беретін өтініші бойынша жеке меншікке өтеусіз негізде берілуге жатады. Мұндай өтініш осы Кодекс қолданысқа енгізілген күннен бастап екі жыл ішінде мынадай шарттар сақталған:
өтініш иесі осы Кодекстің қолданысқа енгізілу күніне жұмыс істеп тұрған тау-кен өндіру, тау-кен қайта өңдеу, металлургиялық кәсіпорынның меншік иесі болып табылған;
мұндай техногендік минералдық түзілімдер тиісті тау-кен өндіру, тау-кен қайта өңдеу, металлургиялық кәсіпорын орналасқан келісімшарттық аумаққа немесе жер учаскесіне іргелес аумақтарда орналасқан кезде берілуі мүмкін.
Осы тармақтың екінші бөлігінде көрсетілген мемлекеттік техногендік минералдық түзілімдерді өтініш иесінің жеке меншігіне беру, егер өтініш иесі жер қойнауын пайдаланушы болып табылса, келісімшарттық аумақты осындай техногендік минералдық түзілімдердің орналасу алаңына кеңейту арқылы не шегінде осы техногендік минералдық түзілімдер орналасқан жер учаскелеріне құқықтар беру арқылы жүргізіледі.
Осы тармақтың бірінші және екінші бөліктеріне сәйкес меншікке берілмеген, осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген келісімшарттық аумақтардың және жер учаскелерінің шегінен тыс жерде орналасқан мемлекеттік техногендік минералдық түзілімдер жер қойнауының құрамына қосылады. Мемлекеттік техногендік минералдық түзілімдерді иеленуге өтініш бермеген жер қойнауын пайдаланушылар осы Кодекс қолданысқа енгізілген күннен бастап төрт жыл өткен соң осындай мемлекеттік техногендік минералдық түзілімдер орналасқан келісімшарттық аумақтың бөлігін қайтаруды жүзеге асыруға міндетті.
Жеке меншік құқығымен мемлекеттік емес заңды тұлғаларға тиесілі жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың техногендік минералдық түзілімдермен бірге бір орналастыру объектісінде орналастырылған не жер қойнауын пайдаланушылардың қызметі нәтижесінде туындаған техногендік минералдық түзілімдермен бірге бір орналастыру объектісінде орналастырылған мемлекеттік техногендік минералдық түзілімдер жер қойнауын зерделеу жөніндегі уәкілетті органға берілген олардың өтініші негізінде аталған тұлғалардың меншігіне өтеусіз беріледі деп белгіленсін. Мұндай өтініш осы Кодекс қолданысқа енгізілген күннен бастап екі жыл ішінде берілуі мүмкін.
Егер осы тармақтың бесінші бөлігінде көрсетілген техногендік минералдық түзілімдер өздерінің физикалық қасиеттеріне қарай (қатты қалыптағы техногендік минералдық түзілімдер) бөлінетін болса, осы тармақтың бесінші бөлігінде аталған тұлғаның өтініші бойынша - өтініш иесі және жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган арасында бөлу балансы жасалады. Мұндай өтініш осы Кодекс қолданысқа енгізілген күннен бастап екі жыл ішінде берілуі мүмкін. Мұндай жағдайда техногендік минералдық түзілімдерді беру бөлу балансы негізінде жүзеге асырылады. Өтініш иесі балансына қабылдамаған, бөлінген мемлекеттік техногендік минералдық түзілімдерге бөлу балансы жасалғаннан кейін осы тармақтың төртінші бөлігінің ережелері қолданылады.
Егер мемлекеттік техногендік минералдық түзілімдерді жеке меншікке беру туралы өтініш берілмесе не белгіленген мерзімдерде бөлу балансы жасалмаса, мемлекеттік емес және мемлекеттік техногендік минералдық түзілімдердің орналасу объектілері осындай тұлғаның есебінен жойылуға жатады. Жою, кейіннен жою объектілері орналасқан аумақтар мемлекетке қайтарыла отырып, Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен жүргізіледі.
Осы тармақтың негізінде меншікке берілген техногендік минералдық түзілімдерге құқықтарды іске асыру осы Кодекстің 13-бабына сәйкес жүзеге асырылады.
Осы тармаққа сәйкес жеке меншікке берілген мемлекеттік техногендік минералдық түзілімдер пайдалы қазбалар қорларының мемлекеттік балансынан есептен шығарылуға жатады.
Осы тармақта көзделген мемлекеттік техногендік минералдық түзілімдерді беру тәртібін пайдалы қатты қазбалар саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
2019.26.12. № 284-VІ ҚР Заңымен 25-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
25. Осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған пайдалы қатты қазбалар бойынша жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар бойынша, сондай-ақ кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге арналған келісімшарттар бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын иеленушілер тиісінше құзыретті орган немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы құратын комиссияның шешімі бойынша, жер қойнауын пайдалануға арналған тиісті келісімшарттардың орнына пайдалы қатты қазбаларды барлауға немесе өндіруге арналған лицензияны, кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге арналған лицензияны алу арқылы, осы Кодексте көзделген жер қойнауын пайдаланудың лицензиялық режиміне көшуге (жер қойнауын пайдалану құқығын қайта ресімдеуге) құқылы. Бұл ретте, егер пайдалы қатты қазбаларды барлаудың қалыптастырылатын учаскесінің немесе өндірудің қалыптастырылатын учаскесінің шекараларында орналасқан келісімшарттық аумақтары бар пайдалы қатты қазбаларды барлауға және кең таралған пайдалы қазбаларды барлауға арналған келісімшарттар бойынша не пайдалы қатты қазбаларды өндіруге және кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге арналған келісімшарттар бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын иеленуші сол бір тұлға болып табылса, жер қойнауын пайдаланудың лицензиялық режиміне ауысу (жер қойнауын пайдалану құқығын қайта ресімдеу) тиісінше пайдалы қатты қазбаларды барлауға немесе пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған бір лицензия беру арқылы пайдалы қатты қазбаларды барлауға және кең таралған пайдалы қазбаларды барлауға арналған екі келісімшарт бойынша не пайдалы қатты қазбаларды өндіруге және кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге арналған екі келісімшарт бойынша бір мезгілде жүзеге асырылады.
Пайдалы қатты қазбалар бойынша жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар бойынша құзыретті орган комиссия құрады. Комиссияның ережесі мен құрамын құзыретті орган айқындайды. Комиссияның құрамына бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның, бюджеттің атқарылуы жөніндегі орталық уәкілетті органның, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның және Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің өкілдері де кіреді.
Кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге арналған келісімшарттар бойынша облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың тиісті жергілікті атқарушы органы комиссия құрады. Комиссияның ережесі мен құрамын жергілікті атқарушы орган айқындайды. Комиссияның құрамына бюджеттің атқарылуы жөніндегі жергілікті уәкілетті органның, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық органының және Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің аумақтық органының өкілдері де кіреді.
Осы тармаққа сәйкес жер қойнауын пайдаланудың лицензиялық режиміне көшу тәртібін, оның ішінде комиссия жұмысының тәртібін құзыретті орган айқындайды.
Лицензия осы Кодекске сәйкес айқындалатын мерзімге беріледі. Бұл мерзім орнына лицензия берілетін жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың мерзімінен, ал жер қойнауын пайдалану құқығы пайдалы қатты қазбалар және кең таралған пайдалы қазбалар жөніндегі келісімшарттар бойынша бір мезгілде қайта ресімделген жағдайда - пайдалы қатты қазбалар бойынша келісімшарттың мерзімінен аспауға тиіс. Бұл ретте осы Кодекстің 211-бабы 2-тармағы бірінші бөлігінің мақсаттары үшін жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың (келісімшарттардың) орнына берілген пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензияның мерзімі қатарынан жиырма бес жылға дейінгі кезеңге ұзартылуы мүмкін.
Осы Кодекстің 191, 208 және 233-баптарында көзделген міндеттемелерден басқа, жер қойнауын пайдалануға берілген лицензияда жер қойнауын пайдаланушының қосымша міндеттемелері және лицензияны қайтарып алу немесе көрсетілген міндеттемелерді бұзғаны үшін тұрақсыздық айыбын төлеу негіздері қамтылуы мүмкін.
Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданысы жер қойнауын пайдалануға арналған тиісті лицензия берілген күннен бастап тоқтатылады.
Осы тармаққа сәйкес жер қойнауын пайдалануға арналған лицензия берілген жағдайда, осы Кодекстің 25-бабы 1-тармағы 2), 4) тармақшаларының және 40-бабы 2-тармағы 1) тармақшасының ережелері көрсетілген лицензияға қолданылмайды.
Осы тармаққа сәйкес жер қойнауын пайдалану құқығын қайта ресімдеу келісімшарт негізінде туындаған жер қойнауын пайдалану құқығын тоқтатпайды, сондай-ақ қайта ресімдеу кезінде болатын жер қойнауын пайдалану құқығына ауыртпалықтарды тоқтатуға алып келмейді.
26. Осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар бойынша Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын жұмыскерлерді оқытуға, біліктілігін арттыруға және қайта даярлауға жұмсалатын шығыстар бойынша келісімшарттық міндеттемелердің, сондай-ақ ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және (немесе) тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру бойынша міндеттемелердің орындалуы жөніндегі есептер міндеттемелердің тиісті түрлері үшін осы Кодексте белгіленген тәртіппен және мерзімдерде ұсынылады.
27. Осы Кодекс қолданысқа енгізілген күннен бастап бес жыл ішінде пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензия бойынша құрамында отыз пайыздан астам металл (металдар) бар кендік пайдалы қатты қазбаларды өндіруді жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушылар Қазақстан Республикасының аумағында күнтізбелік жылдағы өндірудің жалпы мөлшерінің жартысынан кем емес көлемде оларды қайта өңдеуді жүзеге асыруға міндетті деп белгіленсін.
Технологиялық себептер бойынша, өндірістік қуаттың болмауы, жеткіліксіз болуы немесе экономикалық тұрғыдан орынсыз болу себептері бойынша көзделген мөлшерде көрсетілген пайдалы қатты қазбаларды қайта өңдеуді жүзеге асыру мүмкін болмаған жағдайда, жер қойнауын пайдаланушылар оларды Қазақстан Республикасының аумағынан шығаруға құқылы.
28. Осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған (берілген) көмірсутектерді барлауға және (немесе) өндіруге арналған келісімшарттар (лицензиялар) бойынша блоктардан тұратын жер қойнауы учаскелеріне, егер осындай келісімшарттардың талаптарында өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1995 жылғы 16 қарашадағы «Геологиялық зерделеу мен игеруге әзiрленген Блоктар мен көмiрсутектерi кен орындарының картасын бекiту туралы» № 1552 және 1996 жылғы 10 желтоқсандағы «Каспий теңiзiнiң қазақстандық секторында көмiрсутектерiн геологиялық зерделеу мен игеруге арналған блоктар картасын бекiту туралы» № 1514 қаулыларына сәйкес белгіленген блоктардың координаттары және сәйкестендіру көрсеткіштері қолданылады.
29. 2015 жылғы 1 қаңтарға дейін жасалған жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар бойынша жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алудың осы Кодекске сәйкес бекітілген тәртібіне сәйкес тауарларды сатып алу жүзеге асырылған кезде конкурсты ұйымдастырушы жеңімпазды айқындау процесінде конкурсқа қатысушылардың - қазақстандық тауар өндірушілердің конкурстық өтінімінің бағасын жиырма пайызға шартты түрде азайтады.
Осы тармақтың ережесі қайсысы ерте басталатынына қарай, көрсетілген келісімшарттардың қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін немесе 2021 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданылады. Осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар бойынша жер қойнауын пайдаланушылардың Қазақстан Республикасының азаматтарын оқыту бойынша келісімшарттық міндеттемелерін есептеу көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган бекітетін әдістемеге сәйкес жүзеге асырылады.
30. Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен, өнімді бөлу туралы келісім (келісімшарт) шеңберінде не Қазақстан Республикасының Президенті бекіткен, жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт шеңберінде өз қызметін жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушылардың және олардың мердігерлерінің тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу тәртібі осындай келісімдерге (келісімшарттарға) сәйкес белгіленген рәсімдермен айқындалады. Бұл ретте мұндай тәртіп мыналарды қамтамасыз етуге тиіс:
1) тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің жергілікті өнім берушілерінің бекітілген даму бағдарламаларының орындалуы;
2) тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің барлық әлеуетті өнім берушілеріне тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуға конкурсқа қатысу үшін толық және әділетті мүмкіндіктердің берілуі;
3) тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің әлеуетті өнім берушілерін алдын ала іріктеудің объективті өлшемшарттарының қолданылуы.
31. Осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған, көмірсутектер мен уран өндіру бойынша жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар бойынша жер қойнауын пайдаланушылар мен олардың мердігерлерінің Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерде өткізілген конкурстың нәтижелері бойынша, көмірсутектерді барлау және (немесе) өндіру және уран өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын немесе көмірсутектерді барлау және (немесе) өндіру және уран өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алудың белгіленген тәртібін немесе Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен, өнімді бөлу туралы келісімдердің (келісімшарттардың) шеңберінде не Қазақстан Республикасының Президенті бекіткен, жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың шеңберінде белгіленген рәсімдерді бұзып сатып алынған тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу бойынша шығыстары тиісті жер қойнауын пайдаланушының келісімшарттық міндеттемелерін орындауы ретінде құзыретті орган есепке алатын шығыстардан алып тасталады. Осы тармақта көзделген ереже Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен, өнімді бөлу туралы келісімнің (келісімшарттың) шеңберінде не Қазақстан Республикасының Президенті бекіткен, жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың шеңберінде өз қызметін жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушыларға және олардың мердігерлеріне де қолданылады.
32. Осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар шеңберінде көмірсутектерді барлау жөніндегі қызметті жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушылардың мынадай шарттар бір мезгілде сақталған:
1) жер қойнауын пайдаланушының осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған жер қойнауын пайдалануға арналған қолданыстағы келісімшарт бойынша құзыретті органның хабарламасында көрсетілген жойылмаған бұзушылықтары болмаған;
2) жер қойнауын пайдаланушы осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған жер қойнауын пайдалануға арналған қолданыстағы келісімшарт бойынша Қазақстан Республикасының салық заңнамасының талаптарына сәйкес қол қою бонусын толық көлемде төлеген;
3) осы Кодекстің талаптарына сәйкес жер қойнауын пайдаланушы осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген сараптамалардың оң қорытындыларын алған барлау жұмыстарының жобасын бекіткен;
4) құзыретті орган бекітетін көмірсутектерді барлау мен өндіруге арналған үлгілік келісімшартқа сәйкес келетін жаңа редакциядағы көмірсутектерді барлау мен өндіруге арналған келісімшартты жасасу туралы өтінішті жер қойнауын пайдаланушы мынадай шарттар бір мезгілде сақталған кезде:
осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған, шеңберінде жер қойнауын пайдаланушы көмірсутектерді барлау жөніндегі қызметті жүзеге асыратын жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданылу мерзімі өткенге дейін;
осы Кодекс қолданысқа енгізілген күннен бастап он сегіз ай ішінде берген кезде құзыретті орган бекітетін көмірсутектерді барлау мен өндіруге арналған үлгілік келісімшартқа сәйкес әзірленген жаңа редакциядағы көмірсутектерді барлау мен өндіруге арналған келісімшартты жасасу арқылы осы Кодексте көзделген жер қойнауын пайдалану шарттарына өтуге құқығы бар.
Құзыретті орган бекітетін көмірсутектерді барлау мен өндіруге арналған үлгілік келісімшартқа сәйкес келетін жаңа редакциядағы барлау мен өндіруге арналған келісімшартты жасасу туралы өтініште мыналар қамтылуға тиіс:
1) жер қойнауын пайдаланушының тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе), атауы;
2) шеңберінде жер қойнауын пайдаланушы көмірсутектерді барлау жөніндегі қызметті жүзеге асыратын жер қойнауын пайдалануға арналған қолданыстағы келісімшарттың тіркеу нөмірі мен күні;
3) шеңберінде жер қойнауын пайдаланушы көмірсутектерді барлау жөніндегі қызметті жүзеге асыратын жер қойнауын пайдалануға арналған қолданыстағы келісімшарт бойынша геологиялық бөлуге сәйкес жер қойнауы учаскесіне сәйкес келуге тиіс барлау учаскесіне нұсқау.
Өтінішке қосымша мыналар қоса беріледі:
1) құзыретті орган бекітетін көмірсутектерді барлау мен өндіруге арналған үлгілік келісімшартқа сәйкес келетін, жер қойнауын пайдаланушы қол қойған көмірсутектерді барлау мен өндіруге арналған келісімшарт;
2) көмірсутектерді барлау мен өндіруге арналған келісімшартқа оның ажырамас бөлігі ретінде қоса берілетін, барлау кезеңіндегі жұмыстардың көлемдерін, сипаттамасын және орындалу мерзімдерін қамтитын және шеңберінде жер қойнауын пайдаланушы көмірсутектерді барлау жөніндегі қызметті жүзеге асыратын жер қойнауын пайдалануға арналған қолданыстағы келісімшарт бойынша жұмыс бағдарламасында көзделген, жұмыстардың көлемдері мен түрлері бойынша талаптарға сәйкес келетін жұмыстар бағдарламасы;