4. Кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ету, осы Кодекстің 226-бабында көрсетілген жағдайды қоспағанда, тауарларды шығаруды жүргізетін кеден органына беріледі.
5. Осы Кодекстің 410-бабының 4-тармағына сәйкес құжаттарды және (немесе) мәліметтерді сұрату кезінде, кедендік баждарды, салықтарды, кедендік әкелу баждарының төленуін кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу үшін пайыздар есепке жазылған жағдайда, осындай пайыздарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ету мөлшерінің есеп-қисабын кеден органы жүргізеді және ол осы Кодекстің 410-бабының 6-тармағына сәйкес декларантқа жіберіледі.
6. Кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға міндеттерінің орындалуын, сондай-ақ уәкілетті экономикалық оператор міндеттерінің орындалуын қамтамасыз ету, тиісінше, осы Кодекстің 486 және 535-баптарында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
97-бап. Кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ету тәсілдері
1. Кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуы мынадай:
1) ақша;
2) банк кепілдігі;
3) кепілгерлік;
4) мүлік кепілі;
5) сақтандыру шарты тәсілдерімен қамтамасыз етіледі.
2. Кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуы, осы баптың 3-тармағының ережелері ескеріле отырып, осы баптың 1-тармағында көрсетілген тәсілдердің кез келгенімен қамтамасыз етіледі.
3. Осы Кодекстің 535-бабының 5-тармағында көрсетілген жағдайда кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ету осы баптың 1-тармағының 1), 2), 3) және 4) тармақшаларында көзделген бір немесе бірнеше тәсілмен беріледі.
4. Кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуы, осы баптың 3-тармағының ережелері ескеріле отырып, осы Кодекстің 96-бабының 3-тармағында көрсетілген тұлғалардың таңдауы бойынша бірнеше тәсілмен қамтамасыз етілуі мүмкін.
Кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ететін тұлға, егер кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуының алмастырылатын қамтамасыз етілуіне осы Кодекстің 12-тарауына сәйкес өндіріп алу қолданылмаса және (немесе) кеден органы осы тарауға сәйкес кедендік баждардың, салықтардың, өсімпұлдардың, пайыздардың тиесілі сомасын төлеу туралы талап жібермеген болса және (немесе) кепіл нысанасына Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес өндіріп алу қолданылмаса, кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз етудің бір тәсілін осы баптың 3-тармағының ережелерін ескере отырып, басқа тәсілмен алмастыруды жүзеге асыруға құқылы.
5. Кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуы осы Кодекске сәйкес кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндет тоқтатылғанға дейін үздіксіз қамтамасыз етілуге тиіс.
6. Осы баптың 1-тармағының 2), 3), 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген тәсілдермен берілетін, оның ішінде бұрын кеден органы қабылдағанның орнына ұсынылатын тәсілмен берілетін кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз етудің қолданылу мерзімі кеден органының кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз еткен тұлғаға осы тәсілдер шеңберінде қабылданған міндеттемелерді орындау туралы талапты уақтылы жіберуі үшін жеткілікті болуға тиіс.
7. Кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының ұлттық валютасында беріледі.
8. Кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын ақша арқылы қамтамасыз ету тәсілі деп аванстық төлемдерді кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ету есебіне пайдалану және (немесе) кеден органының ақшаны уақытша орналастыру шотына ақша енгізу түсініледі.
9. Кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын ақша арқылы қамтамасыз ету тәсілі осындай қамтамасыз етуді қабылдаған кеден органының алдында төлеушіде туындайтын міндеттемелерге ғана қолданылады.
Кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын мүлік кепілі түрінде қамтамасыз ету тәсілі төлеушімен мүлік кепілі шартын жасасқан кеден органының алдында төлеушіде туындайтын міндеттемелерге ғана қолданылады.
10. Кедендік транзит кедендік рәсімі кезінде кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ету тәсілдерін қолдану ерекшеліктері осы Кодекстің 226-бабының 8-тармағында көзделген Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі халықаралық шартпен айқындалуы мүмкін.
98-бап. Ақшаны кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ету ретінде пайдалану
1. Ақша қамтамасыз ету сомасын кеден органының ақшаны уақытша орналастыру шотына енгізу жолымен не аванстық төлемдерді кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ету ретінде қолдану жолымен кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ету ретінде пайдаланылуы мүмкін.
2. Ақшаны уақытша орналастыру шотын бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган аумақтық кеден органдарына ашады.
3. Кеден органының ақшаны уақытша орналастыру шоты төлеушінің кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ету сомасын енгізуіне арналған. Кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ету сомасын ақшаны уақытша орналастыру шотына енгізу Қазақстан Республикасының ұлттық валютасымен жүргізіледі.
4. Ақшаны кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ету ретінде пайдалану үшін төлеуші немесе осы Кодекстің 96-бабының 3-тармағында көрсетілген тұлға кеден органына уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша өтініш ұсынады.
Аванстық төлемдерді кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ету ретінде пайдалану кезінде өтінішке осы Кодекстің 94-бабы 12-тармағының 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген құжаттар қоса беріледі. Бұл ретте осы Кодекстің 94-бабының 13-тармағында көрсетілген тиісті күн кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз етудің енгізілгенін растау күні болып табылады.
Қамтамасыз ету сомасын кеден органының ақшаны уақытша орналастыру шотына енгізу жолымен кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ету кезінде өтінішке қамтамасыз ету сомасының көрсетілген шотқа енгізілгенін растайтын құжаттар қоса беріледі.
5. Кеден органы көрсетілген өтініш тіркелген күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей, кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз етуді тіркейді немесе оны тіркеуден бас тартады.
Кеден органы мынадай жағдайларда:
төленуі ақша енгізу арқылы қамтамасыз етілетін кедендік баждардың, салықтардың, өсімпұлдардың, кедендік әкелу баждарын төлеуді кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу үшін пайыздар есепке жазылған жағдайда, осындай пайыздардың сомасы осы Кодекстің 104-бабына сәйкес есептелген, осы баптың 4-тармағының екінші немесе үшінші бөліктерінде көрсетілген төлем құжатымен расталатын кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ету мөлшерінен асып кетсе;
осы баптың 4-тармағында көрсетілген құжаттар ұсынылмаса, кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз етуді тіркеуден бас тартады.
Кеден органы кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз етуді тіркеген немесе осындай қамтамасыз етуді тіркеуден бас тартқан күннен бастап бір жұмыс күнінен кешіктірмей, төлеушіні немесе осы Кодекстің 96-бабының 3-тармағында көрсетілген тұлғаны бұл туралы жазбаша немесе электрондық нысанда хабардар етеді.
6. Төлеуші кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндетті орындамаған немесе тиісінше орындамаған кезде, кеден органы мынадай әрекеттердің бірін төлеушінің өтінішінсіз, даусыз тәртіппен жүзеге асырады:
кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ету сомасын кеден органының ақшаны уақытша орналастыру шотына енгізген жағдайда - кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалу мерзімдері аяқталғаннан кейін бір жұмыс күні ішінде кедендік баждардың, салықтардың, өсімпұлдардың, пайыздардың төленуге жататын сомасын ақшаны уақытша орналастыру шотынан бюджетке аударады;
аванстық төлемдерді кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ету ретінде қолданған жағдайда - кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалу мерзімі өткен күннен кейінгі бес жұмыс күнінен кешіктірмей, кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ету ретінде енгізілген ақшаны кедендік баждардың, салықтардың, өсімпұлдардың, пайыздардың тиісті түрлеріне есепке жатқызуды жүргізеді.
Кеден органы кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ету ретінде енгізілген ақша ақшаны уақытша орналастыру шотынан бюджетке аударылған және (немесе) аванстық төлемдерді пайдалану кезінде осындай ақша есепке жатқызылған күннен кейінгі бір жұмыс күнінен кешіктірмей, төлеушіні осындай аудару және (немесе) есепке жатқызу туралы жазбаша немесе электрондық нысанда хабардар етеді.
99-бап. Банк кепілдігін кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ету ретінде қолдану
1. Кеден органы екінші деңгейдегі банктер берген банк кепілдігін кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ету ретінде қабылдайды.
Банк кепілдігін қабылдау үшін төлеуші немесе осы Кодекстің 96-бабының 3-тармағында көрсетілген тұлға кеден органына кепілші - екінші деңгейдегі банк пен төлеуші арасында жасалған банк кепілдігі шартын және банк кепілдігін қоса бере отырып, уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша өтініш ұсынады.
Кеден органы осы тармақтың екінші бөлігінде көрсетілген өтініш тіркелген күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей, осындай қамтамасыз етуді тіркеу арқылы банк кепілдігін кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ету ретінде қабылдайды немесе оны қабылдаудан бас тартады.
2. Кеден органы мынадай жағдайлардың бірінде:
1) берілген банк кепілдігі шарты және (немесе) банк кепілдігі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес келмесе;
2) төленуі банк кепілдігімен қамтамасыз етілетін кедендік баждардың, салықтардың, өсімпұлдардың, кедендік әкелу баждарын төлеуді кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу үшін пайыздар есепке жазылған жағдайда, осындай пайыздардың сомасы, осы баптың 3-тармағының ережелері ескеріле отырып, осы Кодекстің 104-бабына сәйкес есептелген, банк кепілдігімен расталатын кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ету мөлшерінен асып кетсе;
3) банк кепілдігі шарты және (немесе) банк кепілдігі осы Кодекстің 97-бабының 5 және 6-тармақтарында белгіленген талаптарға сәйкес келмесе;
4) банк кепілдігін кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ету ретінде қабылдау туралы өтініш тіркелген күні кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ету ретінде берілген банк кепілдігін берген екінші деңгейдегі банк, мұндай талапты сот Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес заңсыз деп танылған жағдайларды қоспағанда, бұрын кеден органының кедендік баждардың, салықтардың, өсімпұлдардың, пайыздардың тиесілі сомасын төлеу туралы талабын орындамаған болса, банк кепілдігін кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ету ретінде қабылдаудан бас тартады.
Кеден органы кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз етуді тіркеген немесе осындай қамтамасыз етуді тіркеуден бас тартқан күннен бастап бір жұмыс күнінен кешіктірмей, төлеушіні немесе осы Кодекстің 96-бабының 3-тармағында көрсетілген тұлғаны бұл туралы жазбаша немесе электрондық нысанда хабардар етеді.
3. Кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ету ретінде қолданылатын банк кепілдігінде төлеуші кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндетті орындамаған жағдайда қосымша есепке жазылуы мүмкін, кемінде жеті жұмыс күні үшін өсімпұлдар сомасы, сондай-ақ кедендік әкелу баждарын төлеуді кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу үшін пайыздар есепке жазылған жағдайда, осындай пайыздар сомасы қамтылуға тиіс.
4. Төлеуші кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндетті орындамаған жағдайда, кеден органы банк кепілдігімен қамтамасыз етілген кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалу мерзімдері аяқталғаннан кейін бес жұмыс күні ішінде екінші деңгейдегі банкке кедендік баждардың, салықтардың, өсімпұлдардың, пайыздардың тиесілі сомасын төлеу туралы талап жібереді. Бұл ретте кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалу мерзімдері аяқталған күннен кейінгі күннен бастап өсімпұлдар есепке жазылады.
5. Кеден органының кедендік баждардың, салықтардың, өсімпұлдардың, пайыздардың тиесілі сомасын төлеу туралы талабы осындай талап алынған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде екінші деңгейдегі банктің бұлжытпай және міндетті орындауына жатады. Екінші деңгейдегі банк көрсетілген талапты орындамаған немесе орындау мерзімдерін бұзған жағдайда, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
100-бап. Кепілгерлік шартын кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ету ретінде қолдану
1. Кеден органы Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес жасалған кепілгерлік шартын кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ету ретінде қабылдайды.
Кепілгерлік шартын қабылдау үшін төлеуші немесе осы Кодекстің 96-бабының 3-тармағында көрсетілген тұлға кеден органына осындай кепілгерлік шартын, сондай-ақ кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын осы баптың 2-тармағында көрсетілген тәсілдердің бірімен қамтамасыз етуді растайтын құжаттарды қоса бере отырып, уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша өтініш ұсынады.
Кеден органы көрсетілген өтініш тіркелген күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей, осындай қамтамасыз етуді тіркеу арқылы кепілгерлік шартын кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ету ретінде қабылдайды немесе оны қабылдаудан бас тартады.
2. Кепілгер ретінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасында тіркелген дара кәсіпкерлер, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған заңды тұлғалар әрекет ете алады.
Кепілгер кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын мынадай:
1) қамтамасыз ету сомасын ақшаны уақытша орналастыру шотына енгізу және (немесе) аванстық төлемдерді кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ету ретінде пайдалану;
2) банк кепілдігі;
3) мүлік кепілі;
4) сақтандыру шарты тәсілдерінің бірімен қамтамасыз етуге тиіс.
Кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ету сомасында төлеуші кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндетті орындамаған жағдайда қосымша есепке жазылуы мүмкін, кемінде он жұмыс күні үшін өсімпұлдар сомасы, сондай-ақ кедендік әкелу баждарын төлеуді кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу үшін пайыздар есепке жазылған жағдайда, осындай пайыздар сомасы қамтылуға тиіс.
3. Кепілгер кеден органының алдында өсімпұлдарды, кедендік әкелу баждарының төленуін кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу үшін пайыздар есепке жазылған жағдайда, осындай пайыздарды төлеуді қоса алғанда, төлеушімен бірдей көлемде жауапты болады.
4. Кеден органы мынадай жағдайлардың бірінде:
1) ұсынылған кепілгерлік шарты Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес келмесе;
2) кепілгерлік шартына ұсынылған банк кепілдігін қабылдаудан бас тарту үшін осы Кодекстің 99-бабының 2-тармағында айқындалған негіздер болған кезде;
3) кепілгерлік шартына ұсынылған мүлік кепілі шарты осы Кодекстің 101-бабының 3-тармағында белгіленген мүлік кепілі шартын жасасу талаптарына сәйкес келмесе;
4) кепілгерлік шартына ұсынылған сақтандыру шартын қабылдаудан бас тарту үшін осы Кодекстің 102-бабының 2-тармағында айқындалған негіздер болған кезде;
5) кепілгер кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз етпесе;
6) төленуі кепілгерлік шартымен қамтамасыз етілетін кедендік баждардың, салықтардың, өсімпұлдардың, кедендік әкелу баждарын төлеуді кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу үшін пайыздар есепке жазылған жағдайда, осындай пайыздардың сомасы, осы баптың 2-тармағының үшінші бөлігі ескеріле отырып, осы Кодекстің 104-бабына сәйкес есептелген, кепілгерлік шартымен расталатын кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ету мөлшерінен асып кетсе;
7) осы баптың 1-тармағында көрсетілген құжаттар ұсынылмаса, кепілгерлік шартын кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ету ретінде қабылдаудан бас тартады.
Кеден органы кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз етуді тіркеген немесе осындай қамтамасыз етуді тіркеуден бас тартқан күннен бастап бір жұмыс күнінен кешіктірмей төлеушіні немесе осы Кодекстің 96-бабының 3-тармағында көрсетілген тұлғаны бұл туралы жазбаша немесе электрондық нысанда хабардар етеді.
5. Төлеуші кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндетті орындамаған жағдайда, кеден органы кепілгерлік шартымен қамтамасыз етілген міндеттің орындалу мерзімдері аяқталғаннан кейін бес жұмыс күні ішінде кепілгерге кедендік баждардың, салықтардың, өсімпұлдардың, пайыздардың тиесілі сомасын төлеу туралы талап жібереді. Бұл ретте кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалу мерзімдері аяқталған күннен кейінгі күннен бастап өсімпұлдар есепке жазылады.
6. Кеден органының кедендік баждардың, салықтардың, өсімпұлдардың, пайыздардың тиесілі сомасын төлеу жөніндегі талабы осындай талап алынған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде кепілгердің бұлжытпай және міндетті орындауына жатады.
7. Кепілгер кеден органының талабын орындамаған немесе орындау мерзімдерін бұзған жағдайда, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
101-бап. Мүлік кепілін кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ету ретінде қолдану
1. Кеден органы мүлік кепілі шарты негізіндегі мүлік кепілін кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ету ретінде қабылдайды.
Мүлік кепілі шартын жасасу үшін төлеуші немесе осы Кодекстің 96-бабының 3-тармағында көрсетілген тұлға кеден органына бағалаушының кепіл мүлкінің нарықтық құнын бағалау туралы есебін қоса бере отырып, уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша өтініш ұсынады.
2. Мүлік кепілі шарты төлеуші және (немесе) үшінші тұлға және осы Кодекстің 105-бабының 1 немесе 2-тармақтарында көрсетілген кеден органы арасында жасалады.
Мүлік кепілі шарты төлеуші мүлік кепілі шартын жасасу туралы жазбаша жүгінген күннен бастап он жұмыс күн ішінде жасалады.
Кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ету мақсатында кепіл нысанасының нарықтық құны Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы заңнамасына сәйкес бағалаушы мен төлеуші арасындағы шарт бойынша жүргізілген бағалау туралы есепте айқындалған құн болып табылады.
Бағалаушының кепіл мүлкінің нарықтық құнын бағалау туралы есебі төлеуші кеден органына мүлік кепілі шартын жасасу туралы жазбаша жолданым берген күнге дейін күнтізбелік он бес күннен ерте жасалмауға тиіс.
3. Мүлік кепілі шарты мынадай:
1) мүлік кепілі шарты Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес келеді;
2) кепілге берілетін мүлік өтімді, жойылудан немесе бүлінуден сақтандырылған болуға тиіс;
3) мүлік кепілі шарты осы Кодекстің 97-бабының 5 және 6-тармақтарында белгіленген талаптарға сәйкес келеді;
4) осы баптың 1-тармағында көрсетілген құжаттар ұсынылды деген шарттар бір мезгілде сақталған кезде жасалады.
Бұл ретте мүлік кепілі нысанасының нарықтық құны кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ету, сондай-ақ төлеуші кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндетті орындамаған жағдайда, қосымша есепке жазылуы мүмкін кемінде он жұмыс күн үшін өсімпұлдар және (немесе) кедендік әкелу баждарын төлеуді кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу үшін пайыздар есепке жазылған жағдайда, осындай пайыздар, сондай-ақ мүлік кепілінің нысанасын өткізу жөніндегі шығыстар сомасының мөлшерінен кем бола алмайды.
4. Мыналарды:
1) тiршiлiктi қамтамасыз ету объектiлерiн;
2) тыйым салынған мүлікті;
3) мемлекеттік органдар шектеу салған мүлікті;
4) үшінші тұлғалардың құқықтарымен ауыртпалық салынған мүлікті;
5) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес азаматтық айналымнан алып қойылған мүлікті;
6) электр, жылу энергиясын және өзге де энергия түрлерін;
7) тез бүлінетін тауарларды;
8) мүліктік құқықтарды;
9) Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлердегі мүлікті қоспағанда, кез-келген мүлік кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ету мақсатында кепіл нысанасы бола алады.
5. Осы баптың 3 және 4-тармақтарында белгіленген шарттар сақталмаған кезде кеден органы мүлік кепілі шартын жасасуға өтініш кеден органына берілген күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей мүлік кепілі шартын жасасудан бас тартады.
Кеден органы, осындай шешім қабылданған күннен бастап бір жұмыс күнінен кешіктірмей, төлеушіні немесе осы Кодекстің 96-бабының 3-тармағында көрсетілген тұлғаны мүлік кепілі шартын жасасудан бас тарту туралы хабардар етеді.
6. Кепілге салу кезінде, егер кеден органы өзгеше шешім қабылдамаса, кепіл нысанасы кепіл берушіде қалады.
Төлеуші мүлік кепілі шартымен қамтамасыз етілген кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндетті орындағанша және (немесе) өсімпұлдар, кедендік әкелу баждарын төлеуді кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу үшін пайыздар есепке жазылған жағдайда, олар төленгенше кепіл беруші кепіл нысанасына билік етуге құқылы емес.
7. Кепілді ресімдеу Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
2021.05.01. № 407-VI ҚР Заңымен 8-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
8. Кеден органы кепіл ресімделген күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ету ретінде мүлік кепілі шартын тіркейді.
9. Кеден органы кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ету тіркелген күннен бастап бір жұмыс күнінен кешіктірмей төлеушіні немесе осы Кодекстің 96-бабының 3-тармағында көрсетілген тұлғаны бұл туралы жазбаша немесе электрондық нысанда хабардар етеді.
10. Кепіл нысанасына өндіріп алуды қолдану Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес жүргізіледі.
102-бап. Сақтандыру шартын кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ету ретінде қолдану
2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Кеден органы сақтандыру қызметін жүзеге асыру құқығына арналған лицензиясы бар, сақтандыру ұйымдарының тізіліміне енгізілген сақтандыру ұйымдары берген шарттарды кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ету ретінде қабылдайды.
Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген сақтандыру шарты қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органмен келісу бойынша уәкілетті орган бекітетін, кедендік операцияларды жасау кезінде кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ету мақсаттары үшін үлгілік сақтандыру шартына сәйкес жасалады. Бұл ретте көрсетілген үлгілік сақтандыру шарты осы Кодекстің 139-бабының 1-тармағында көзделген жағдайларда, арнаулы, демпингке қарсы баждарды, өтемақы баждарын төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ету жөніндегі шарттарды да қамтиды.
Төлеушінің немесе осы Кодекстің 96-бабының 3-тармағында көрсетілген тұлғаның кедендік операциялар жасау кезінде өзінің кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндетін осы Кодексте белгіленген мерзімде орындауға байланысты мүліктік мүддесі кедендік операцияларды жасау кезінде кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ету мақсаттары үшін сақтандыру шартының объектісі болып табылады.
Төлеушінің немесе осы Кодекстің 96-бабының 3-тармағында көрсетілген тұлғаның кедендік операциялар жасау кезінде кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндетін осы Кодексте белгіленген мерзімде орындамау немесе тиісінше орындамау фактісі кедендік операцияларды жасау кезінде кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ету мақсаттары үшін сақтандыру шарты бойынша сақтандыру жағдайы болып танылады.
Сақтандыру шартын қабылдау үшін төлеуші немесе осы Кодекстің 96-бабының 3-тармағында көрсетілген тұлға кеден органына сақтандыру шартын қоса бере отырып, уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша өтініш ұсынады.
Кеден органы көрсетілген өтініш тіркелген күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей, осындай қамтамасыз етуді тіркеу арқылы сақтандыру шартын кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ету ретінде қабылдайды немесе оны қабылдаудан бас тартады.
2. Кеден органы мынадай жағдайлардың бірінде:
1) сақтандыру шартын берген сақтандыру ұйымы осы баптың 1-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген сақтандыру ұйымдарының тізіліміне енгізілмесе;