3. Аванстық төлемдер ретінде енгізілген ақша аванстық төлемдерді енгізген тұлғаның мүлкі болып табылады және аванстық төлемдерді енгізген тұлға бұл туралы кеден органына өкім жасағанша не кеден органы аванстық төлемдерге өндіріп алуды қолданғанша, кедендік төлемдер, салықтар, арнайы, демпингке қарсы баждар, өтемақы баждары, өсімпұлдар, пайыздар не кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ету, арнайы, демпингке қарсы баждарды, өтемақы баждарын төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ету ретінде енгізілген ақша ретінде қарастырыла алмайды. Аванстық төлемдерді енгізген тұлғаның кедендік декларацияны немесе аванстық төлемдер сомасын қайтару жөнінде өтініш ұсынуы немесе оның атынан олардың ұсынылуы немесе осы тұлғаның өз ақшасын кедендік төлемдер, салықтар, арнайы, демпингке қарсы баждар, өтемақы баждары, өсімпұлдар, пайыздар не кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ету, арнайы, демпингке қарсы баждарды, өтемақы баждарын төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ету ретінде пайдалану ниеті туралы куәландыратын өзге әрекеттерді Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жасауы осы тұлғаның өкімі ретінде қарастырылады.
Аванстық төлемдерді осы Кодекстің 97-бабы 1-тармағының 1) тармақшасында көзделген тәсілді қолдана отырып, кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ету, арнайы, демпингке қарсы баждарды, өтемақы баждарын төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ету ретінде қолдану тәртібі осы Кодекстің 98-бабына сәйкес белгіленеді.
4. Кеден органы аванстық төлемдерді енгізген тұлғаның жолданымы негізінде көрсетілген тұлғаға аванстық төлемдер ретінде енгізілген ақшаның осы Кодексте аванстық төлемдерді қайтару үшін белгіленген талап қоюдың ескіру мерзімінен аспайтын кезеңде жұмсалуы туралы есеп ұсынады.
Аванстық төлемдерді енгізген тұлғаның жолданымының нысанын және оны кеден органына беру тәртібін, сондай-ақ көрсетілген есептің нысанын, оны кеден органының ұсыну тәртібі мен мерзімдерін уәкілетті орган бекітеді.
5. Аванстық төлемдердің сомасын есепке жатқызу (қайтару) осы Кодекстің 109 және 113-баптарына сәйкес жүзеге асырылады.
6. Аванстық төлемдердің талап етілмеген сомасына билік ету, осы Кодекстің 89 және 143-баптарында белгіленген талап қоюдың ескіру мерзімдері өткен соң. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргізіледі.
7. Аванстық төлемдерді енгізу тәртібі мен нысандарын уәкілетті орган бекітеді.
79-бап. Кедендік төлемдерді, салықтарды төлеу бойынша жеңілдіктер және тарифтік преференциялар
1. Осы Кодексте кедендік төлемдерді, салықтарды төлеу бойынша жеңілдіктер деп:
1) кедендік әкелу баждарын (тарифтік жеңілдіктер);
2) кедендік әкету баждарын;
3) салықтарды;
4) кедендік алымдарды төлеу бойынша жеңілдіктер түсініледі. Кедендік алымдарды төлеу бойынша жеңілдіктер деп тауарларды кедендік декларациялау үшін кедендiк алымдарды төлеу бойынша жеңілдіктер түсініледі.
2. Кедендік әкелу баждарын төлеу бойынша жеңілдіктерді (тарифтік жеңілдіктерді) беру жағдайлары және шарттары, сондай-ақ оларды қолдану тәртібі Одақ туралы шартқа сәйкес айқындалады.
Одақ туралы шарттың 43-бабына сәйкес кедендік әкелу баждарын төлеу жөніндегі жеңілдіктерді (тарифтік жеңілдіктерді) кедендік әкелу бажының мөлшерлемесін төмендету түрінде беру жағдайлары мен шарттарын белгілеген кезде Комиссия осы Кодексте көзделгеннен өзге, өздері басталған кезде кедендік әкелу баждарын төлеу жөніндегі міндет тоқтатылатын және (немесе) кедендік әкелу баждарын төлеу мерзімі басталатын мән-жайларды айқындауға құқылы.
3. Кедендік әкету баждарын төлеу бойынша жеңілдіктер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес беріледі.
4. Тауарларды кедендік декларациялау үшін кедендiк алымдарды төлеу бойынша жеңілдіктер, сондай-ақ кедендік алымдар төленбейтін жағдайлар (бұдан әрі осы тарауда - кедендiк алымдарды төлеу бойынша жеңілдіктер) осы Кодекстің 80-бабына сәйкес белгіленеді.
Осы тармақта көзделген жеңілдіктер жеке-дара сипатта бола алмайды.
5. Салықтарды төлеу бойынша жеңілдіктер Қазақстан Республикасының салық заңнамасында айқындалады.
6. Кедендік төлемдерді, салықтарды төлеу бойынша жеңілдіктер беру мақсатында кеден органдары Қазақстан Республикасының өзге мемлекеттік органдарымен бірлескен актілерінде айқындалған тәртіппен Қазақстан Республикасының тиісті мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасасады.
7. Тарифтік преференциялар Одақ туралы шартқа және Еуразиялық экономикалық одақтың үшінші тараппен, еркін сауда режимін қолдануды көздейтін халықаралық шарттарына сәйкес беріледі. Тарифтік преференциялар Комиссия айқындайтын жағдайларда және шарттар сақталған кезде қалпына келтіріледі.
80-бап. Кедендік алымдарды төлеу бойынша жеңілдіктер, сондай-ақ кедендік алымдар төленбейтін жағдайлар
1. Кедендік алымдарды төлеуден:
1) жүктердi, багажды және жолаушыларды тұрақты халықаралық тасымалдауды жүзеге асыратын көлiк құралдары, сондай-ақ жол жүру кезiнде, аралық аялдама пункттерiнде пайдалану үшін қажеттi немесе осы көлiк құралдарының авариясын (бұзылуын) жоюға байланысты шетелден сатып алынған материалдық-техникалық жабдықтау нәрселері, керек-жарақтар, отын, азық-түлiк және басқа мүлiк;
2) теңiз кәсiпшiлiгiн жүргiзетiн қазақстандық теңіз кемелерінің немесе қазақстандық тұлғалар жалдаған (жалға алған) теңіз кемелерінiң өндiрiстiк қызметiн қамтамасыз ету үшiн Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағының шегінен тыс жерге әкетiлетiн материалдық-техникалық жабдықтау нәрселері, керек-жарақтар, отын, азық-түлiк және басқа мүлiк, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағына әкелiнетін олардың кәсiпшiлiк өнiмдерi;
3) ұлттық және шетел валютасының банкноттары мен монеталары (мәдени-тарихи құндылықты білдіретін банкноттар мен монеталардан басқа), сондай-ақ бағалы қағаздар;
4) акцизделетiн тауарларды қоспағанда, гуманитарлық көмек ретiнде әкелінетін тауарлар;
5) акцизделетiн тауарларды қоспағанда, техникалық жәрдем көрсетудi қоса алғанда, мемлекеттер, мемлекеттердің үкiметтері, халықаралық ұйымдар желісі бойынша қайырымдылық көмек мақсаттарында әкелiнетiн (медициналық мақсаттарға арнайы арналған жеңіл автомобильдерден басқа) тауарлар;
6) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi және оның филиалдары, өкілдіктері мен ұйымдары ақша белгілерін жасау үшін әкелетiн шикізат;
7) шетелдiк дипломатиялық және оған теңестiрiлген өкiлдiктердiң, консулдық мекемелердің ресми пайдалануы үшін, сондай-ақ осы өкілдіктердің дипломатиялық және әкiмшiлiк-техникалық персоналына жататын адамдардың, оған қоса олармен бірге тұратын Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын отбасы мүшелерiнің жеке пайдалануы үшiн әкелiнетiн және әкетілетін және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес босатылатын тауарлар;
8) Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес айқындалған, мемлекеттер, мемлекеттердің үкіметтері, сондай-ақ халықаралық ұйымдар желісі бойынша берілген гранттардың қаражаты есебінен сатып алынатын тауарлар босатылады.
2. Тауарларды мемлекет пайдасына бас тарту кедендік рәсімімен орналастыру кезінде кедендік декларациялау үшін кедендiк алым төленбейді.
3. Осы бапта көрсетілген кедендiк алымдар салудан босату үшін құжаттар ұсыну тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
81-бап. Кедендік баждарды, кедендiк алымдарды, салықтарды төлеушілер
Декларант немесе өздерінде кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндет туындаған өзге тұлғалар кедендік баждарды, салықтарды төлеушілер болып табылады.
Кедендік баждарды, салықтарды төлеуші кедендік декларациялау үшін кедендiк алымды төлеуші болып табылады.
Өзіне қатысты кедендік алып жүру туралы шешім қабылданған тұлға кедендік алып жүру үшін кедендiк алымды төлеуші болып табылады.
Алдын ала шешім қабылдау туралы өтініш берген тұлға алдын ала шешім қабылдау үшін кедендiк алымды төлеуші болып табылады.
8-тарау. КЕДЕНДІК БАЖДАРДЫ, САЛЫҚТАРДЫ ЕСЕПТЕУ
82-бап. Кедендік баждарды, салықтарды салу объектісі және кедендік баждарды, салықтарды есептеуге арналған база
1. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлар, сондай-ақ осы Кодексте көзделген жағдайларда өзге де тауарлар кедендік баждарды, салықтарды салудың объектісі болып табылады.
2. Егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, тауарлардың кедендік құны және (немесе) олардың заттай көріністегі физикалық сипаттамасы (тауардың саны, салмағы, оның ішінде тауарды тұтынғанға дейін одан ажырамайтын және (немесе) тауар бөлшек сауда үшін ұсынылатын тауардың бастапқы қаптамасын ескергендегі салмағы, тауардың көлемі немесе өзге де сипаттамасы) тауардың түріне және мөлшерлемелердің қолданылатын түрлеріне қарай кедендік баждарды есептеуге арналған база болып табылады.
3. Салықтарды есептеуге арналған база Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айқындалады.
83-бап. Кедендік баждарды, салықтарды есептеу
1. Кедендік баждарды, салықтарды - кедендік баждарды, салықтарды төлеуші, ал осы бапта көзделген жағдайларда кеден органы есептейді.
2. Кеден органы:
1) кедендік баждардың, салықтардың дұрыс есептелмелмегені анықталған жағдайда, тауарлар шығарылғаннан кейін кедендік бақылау жүргізу нәтижелері бойынша;
2) осы Кодекстің 88-бабына сәйкес төленуге жататын кедендік баждарды, салықтарды есептеу кезінде;
3) осы Кодекстің 157-бабының 4-тармағында, 163-бабының 3-тармағында, 174-бабының 4-тармағында, 233-бабының 5-тармағында, 242-бабының 6-тармағында, 322-бабының 3-тармағында, 362-бабының 8-тармағында, 363-бабының 4-тармағында, 367-бабының 4-тармағында, 371-бабының 4-тармағында, 378-бабының 3 және 8-тармақтарында және 392-бабының 3-тармағында көрсетілген мән-жайлар басталған кезде, сондай-ақ тауарларға арналған декларация берілгенге дейін шығарылуы жүргізілген тауарларға қатысты осы Кодексте белгіленген мерзімде тауарларға арналған декларация берілмеген жағдайларда;
4) декларант осы Кодекстің 190-бабының 8-тармағында көрсетілген әрекеттерді жасамаған кезде;
5) осы Кодекстің 288-бабының 7-тармағында көрсетілген мән-жайлар басталған кезде кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндет осы Кодекстің 288-бабының 3-тармағында көрсетілген тұлғалардың орындауына жататын жағдайларда;
6) осы Кодекстің 288-бабының 9-тармағына және 297-бабының 6-тармағына сәйкес кедендік баждарды, салықтарды есептеу кезінде;
7) осы Кодекстің 337-бабына сәйкес - Комиссия айқындаған және Комиссия көздеген жағдайларда Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған, кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндет орындалуға жататын мән-жайлар басталған кезде;
8) осы Кодекстің 399-бабының 1-тармағында көрсетілген жағдайларда кедендік бақылау жүргізу нәтижелері бойынша;
9) осы Кодекстің 410-бабының 17 және 18-тармақтарында көзделген жағдайларда кедендік бақылау жүргізу нәтижелері бойынша;
10) кедендік рәсіммен орналастырылуы кезінде кедендік декларациялануы көліктік (тасымалдау), коммерциялық және (немесе) өзге құжаттарды кедендік декларация ретінде пайдалана отырып жүзеге асырылған тауарларға қатысты, осы Кодекске сәйкес көзделген кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндет орындалуға жататын, мән-жайлар басталған кезде;
11) кедендік баждар, салықтар осы Кодекске сәйкес тауарлар шығарылғаннан кейін басталған мән-жайларға байланысты және төлеуші кедендік баждарды, салықтарды есептемеген тауарларға қатысты төленуге жататын өзге жағдайларда, кедендік баждарды, салықтарды есептейді.
3. Кедендік баждарды, салықтарды есептеу туралы мәліметтер тауарларға арналған декларацияда, кедендік кіріс ордерінде не осы Кодекстің 349-бабының 24-тармағына сәйкес Комиссия айқындаған өзге кедендік құжатта, осы Кодекстің 360-бабы 4-тармағының екінші бөлігінде көрсетілген кедендік құжатта немесе осы баптың 4-тармағында көрсетілген кедендік құжатта көрсетіледі.
4. Осы баптың 2-тармағының 2), 3), 5), 6) және 11) тармақшаларында көрсетілген жағдайларда кедендік баждарды, салықтарды есептеу кезінде кедендік баждарды, салықтарды есептеу туралы мәліметтер кедендік баждардың, салықтардың, арнайы, демпингке қарсы баждардың, өтемақы баждарының есеп-қисабында көрсетіледі.
Кедендік баждар, салықтар, арнайы, демпингке қарсы баждар, өтемақы баждары есеп-қисабының нысанын, мұндай есеп-қисаптың электрондық құжат түріндегі құрылымы мен форматын, оларды толтыру және осындай есеп-қисапқа өзгерістер (толықтырулар) енгізу тәртібін Комиссия айқындайды.
Көрсетілген есеп-қисапты қағаз жеткізгіште толтыру кезінде кеден органының лауазымды адамы осындай кедендік құжаттың электрондық түрін қалыптастырады.
5. Егер осы Кодекске сәйкес кедендік баждар, салықтар кедендік кіріс ордері негізінде не осы Кодекстің 349-бабының 24-тармағына сәйкес Комиссия айқындаған өзге кедендік құжат негізінде төленген жағдайда, кеден органы кедендік баждарды, салықтарды есептеу туралы мәліметтерді кедендік кіріс ордерінде немесе осы Кодекстің 349-бабының 24-тармағына сәйкес Комиссия айқындаған өзге кедендік құжатта көрсетеді.
Кедендік кіріс ордерінің не осы Кодекстің 349-бабының 24-тармағына сәйкес Комиссия айқындаған өзге кедендік құжаттың нысанын, оларды толтыру және оларға өзгерістер (толықтырулар) енгізу тәртібін Комиссия айқындайды.
Кедендік кіріс ордерін не осы Кодекстің 349-бабының 24-тармағына сәйкес Комиссия айқындаған өзге кедендік құжатты қағаз жеткізгіште толтыру кезінде кеден органының лауазымды адамы осындай құжаттардың электрондық түрін қалыптастырады.
6. Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі халықаралық шарттарда және (немесе) Қазақстан Республикасының екіжақты халықаралық шарттарында көзделген, кедендік баждар, салықтар өзге валютамен есептелетін жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағында төленуге жататын кедендік баждар, салықтар Қазақстан Республикасының ұлттық валютасымен есептеледі.
Егер кедендік баждарды, салықтарды есептеу үшін шетел валютасын Қазақстан Республикасының ұлттық валютасына не өзге валютаға қайта есептеу жүргізу талап етілетін болса, егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, мұндай қайта есептеу кедендік декларацияны кеден органы тіркеген күні қолданыста болатын валюталар бағамы бойынша жүргізіледі.
7. Кедендік баж кедендік бажды есептеуге арналған база және тауарға қатысты белгіленген кедендік баждың тиісті мөлшерлемесі негізге алына отырып есептеледі.
Қазақстан Республикасының аумағында төленуге жататын салықтар Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес есептеледі.
84-бап. Кедендік баждарды, салықтарды есептеу үшін қолданылатын кедендік баждардың, салықтардың мөлшерлемелері
1. Кедендік баждарды, салықтарды есептеу үшін, егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, кедендік декларацияны кеден органы тіркеген күні қолданыста болатын мөлшерлемелер қолданылады.
Осы Кодекстің 189-бабына сәйкес тауарларды уақытша кедендік декларациялау кезінде кедендік әкету баждарын есептеу үшін осы Кодекстің 189-бабына және 43-тарауына сәйкес белгіленген күні қолданыста болатын мөлшерлемелер қолданылады.
2. Одақ туралы шартқа сәйкес көзделген жағдайларды, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі халықаралық шарттарға немесе Еуразиялық экономикалық одақтың үшінші тараппен халықаралық шарттарына сәйкес кедендік әкелу баждарын есептеу үшін Еуразиялық экономикалық одақтың Бірыңғай кедендік тарифінің мөлшерлемелерінен ерекшелінетін мөлшерлемелер қолданылатын жағдайларды қоспағанда, кедендік әкелу баждарын есептеу үшін Еуразиялық экономикалық одақтың Бірыңғай кедендік тарифінің мөлшерлемелері қолданылады.
Егер Одақ туралы шартта өзгеше белгіленбесе, тарифтік преференциялар беру шарттары сақталмаған кезде кедендік әкелу баждарын есептеу үшін Еуразиялық экономикалық одақтың Бірыңғай кедендік тарифінің мөлшерлемелері қолданылады.
3. Егер Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі халықаралық шарттарда және (немесе) Қазақстан Республикасының екіжақты халықаралық шарттарында өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасында төленуге жататын кедендік әкету баждарын есептеу үшін сауда қызметін реттеу саласындағы уәкілетті орган белгілеген мөлшерлемелер қолданылады.
4. Қазақстан Республикасында төленуге жататын салықтарды есептеу үшін Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген мөлшерлемелер қолданылады.
Комиссия Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің уәкілетті мемлекеттік органдары ұсынған мәліметтер негізінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде тауарларға қатысты қолданылатын салықтар мөлшерлемелерінің жалпы тізбесін қалыптастырады және оны Еуразиялық экономикалық одақтың ресми сайтына орналастырады.
Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде тауарларға қатысты қолданылатын салықтар мөлшерлемелерінің жалпы тізбесінің форматын, оны қалыптастыру, жүргізу және одан алынған мәліметтерді пайдалану тәртібін, сондай-ақ осындай мөлшерлемелер туралы мәліметтерді ұсынудың тәртібі мен техникалық шарттарын, оның ішінде құрылымы мен форматын Комиссия айқындайды.
85-бап. Кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің туындауы және тоқтатылуы. Кедендік баждар, салықтар төленбейтін жағдайлар
1. Кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндет осы Кодекстің 88, 157, 163, 174, 216, 217, 221, 233, 242, 254, 265, 278, 288, 297, 306, 313, 322, 328-баптарына, 360-бабының 4-тармағында, 362, 363, 367, 371, 378 және 392-баптарына сәйкес туындайды, сондай-ақ осы Кодекстің 337-бабына сәйкес - Комиссия айқындаған және Комиссия көздеген жағдайларда, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған мән-жайлар басталған кезде туындайды.
2. Кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндет:
1) осы Кодекстің 88, 157, 163, 174, 216, 217, 221, 233, 242, 254, 265, 278, 288, 297, 306, 313, 322, 328-баптарында, 360-бабының 4-тармағына, 362, 363, 367, 371, 378 және 392-баптарында көзделген, кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің тоқтатылуына байланысты мән-жайлар басталған кезде және шарттар сақталған кезде;
2) осы Кодекстің 337-бабына сәйкес - Комиссия айқындаған және Комиссия көздеген жағдайларда, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған мән-жайлар басталған кезде;
3) осы Кодекстің 86-бабының 9-тармағында көрсетілген жағдайларда;
4) осы Кодекске сәйкес өндіріп алуға үмітсіз деп танылған кедендік баждардың, салықтардың сомасына қатысты кедендік баждарды, салықтарды өндіріп алу жөніндегі шаралар осы Кодекстің 116-бабы 10-тармағының 4) тармақшасына сәйкес қабылданбайтын жағдайда, тоқтатылады.
3. Комиссия сол бір тауарларға қатысты кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндет әртүрлі тұлғаларда әртүрлі мән-жайлар бойынша және (немесе) бірнеше рет туындаған жағдайларда, оның ішінде кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндет Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің бірінде туындаған, ал кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндет тоқтатылатын мән-жай Еуразиялық экономикалық одаққа мүше өзге мемлекетте басталған жағдайда, кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндет тоқтатылатын мән-жайларды, сондай-ақ кеден органдарының осындай мән-жайлардың басталуын растау бойынша өзара іс-қимыл жасасу тәртібін айқындауға құқылы.
4. Кедендік баждар, салықтар:
1) кедендік рәсіммен орналастыру шарттары осындай кедендік рәсімнің қолданысы аяқталғанға немесе тоқтатылғанға дейін және осы тауарларды осындай кедендік рәсімге сәйкес пайдалану шарттары сақталған кезде кедендік баждар, салықтар төлеуді көздемейтін кедендік рәсіммен орналастырылатын (орналастырылған) тауарларға қатысты;
2) осы Кодекстің 355-бабының 4-тармағына және 364-бабының 2-тармағына сәйкес кедендік рәсімдермен орналастыруға жатпайтын, жекелеген тауар санаттарына қатысты, осы Кодексте осы тауар санаттары үшін белгіленген оларды пайдалану шарттары сақталған кезде;
3) декларанттың осындай жеңілдіктерден бас тарту жағдайларын қоспағанда, кедендік әкелу бажын төлеуден босату түріндегі кедендік әкелу баждарын төлеу жөніндегі жеңілдіктерді және салықтарды төлеу жөніндегі жеңілдіктерді қолдана отырып, уақытша әкелу (рұқсат ету) кедендік рәсімімен орналастырылатын (орналастырылған) тауарларға қатысты, осындай жеңілдіктер беру талаптары сақталған кезде осындай кедендік рәсімнің қолданысы аяқталғанға немесе тоқтатылғанға дейін, тауарларды жеңілдіктер беру шарттарына сәйкес келетін мақсаттарда пайдаланған кезде, осындай тауарларды пайдалану және (немесе) оларға билік ету бойынша шектеулер сақталған кезде, сондай-ақ осындай тауарларды осындай кедендік рәсімге сәйкес пайдалану шарттары сақталған кезде;
4) декларанттың осындай жеңілдіктерден бас тарту жағдайларын қоспағанда, осы тауарларды пайдалану және (немесе) оларға билік ету бойынша шектеулермен ұштасқан кедендік әкелу бажын төлеуден босату түріндегі кедендік әкелу баждарын төлеу жөніндегі жеңілдіктерді және салықтар төлеу жөніндегі жеңілдіктерді қолдана отырып, ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен орналастырылатын (орналастырылған) тауарларға қатысты, осындай жеңілдіктер беру шарттары сақталған кезде, тауарларды жеңілдіктер беру шарттарына сәйкес келетін мақсаттарда пайдаланған кезде, сондай-ақ осындай тауарларды пайдалану және (немесе) оларға билік ету бойынша шектеулер сақталған кезде төленбейді.
86-бап. Кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндетті орындау
1. Кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндетті кедендік баждарды, салықтарды төлеуші, осы Кодекске сәйкес кедендік баждарды, салықтарды төлеушімен бірге кедендік баждарды, салықтарды төлеу бойынша ынтымақты міндет атқаратын тұлғалар орындайды.
Кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндетті осы Кодекстің 94-бабының 11-тармағында белгіленген тәртіппен үшінші тұлға орындауы мүмкін.
Кеден өкілі кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндетті осы Кодекстің 494-бабын ескере отырып орындайды.
2. Кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндет оларды осы Кодекске сәйкес есептелген және төленуге жататын сомалар мөлшерінде осы Кодекстің 90, 91, 92, 93 және 94-баптарында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде төлеу арқылы орындалады.
3. Осы Кодекстің 91 және 194-баптарына сәйкес кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндетті орындау осы Кодекстің 10-тарауында көзделген тәсілдермен қамтамасыз етілетін жағдайларда, кеден органы кедендік баждарды, салықтарды, пайыздарды төлеу жөніндегі міндетті орындау мерзімі басталғанға дейін бес жұмыс күнінен кешіктірмей, төлеушіге кедендік баждарды, салықтарды, пайыздарды төлеу жөніндегі міндетті орындау мерзімінің басталғаны туралы еркін нысанда хабарлама жібереді.
Кедендік баждарды, салықтарды, пайыздарды төлеу жөніндегі міндетті орындау мерзімі өткеннен кейін осы тармақтың бірінші бөлігінде белгіленген жағдайларда, сондай-ақ кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуы осы Кодекстің 10-тарауында көзделген тәсілдермен қамтамасыз етілетін өзге жағдайларда, кеден органы осы Кодекстің 10-тарауында көзделген тәртіппен кедендік баждарға, салықтарға, өсімпұлдарға, пайыздарға тиесілі сомаларды төлеу туралы талап жібереді.
4. Мынадай:
1) осы баптың 3-тармағында көзделген;
2) кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуы осы Кодекстің 10-тарауында көзделген тәсілдермен қамтамасыз етілетін жағдайларды қоспағанда, кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндет орындалмаған немесе тиісінше орындалмаған жағдайларда, кеден органы кедендік баждарды, салықтарды, пайыздарды төлеу мерзімі басталған күннен бастап он жұмыс күні ішінде бір мезгілде төлеушіге және осы Кодекске сәйкес төлеушімен бірге кедендік баждарды, салықтарды, өсімпұлдарды, пайыздарды төлеу бойынша ынтымақты міндет атқаратын тұлғаларға белгіленген мерзімде төленбеген кедендік баждар, салықтар, өсімпұлдар, пайыздар сомасы туралы хабарлама жібереді.
5. Өсімпұлдарды есепке жазу осы Кодекстің 124-бабында көзделген тәртіппен жүргізіледі.
6. Белгіленген мерзімде төленбеген кедендік баждардың, салықтардың, өсімпұлдардың, пайыздардың сомасы туралы хабарлама табыс етілген күнінен бастап он жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде орындалуға жатады. Мерзімінде төленбеген кедендік баждардың, салықтардың, өсімпұлдардың, пайыздардың сомасы туралы хабарламаның нысанын уәкілетті орган бекітеді. Бұл ретте хабарламаның көрсетілген нысаны осы Кодекстің 137-бабына сәйкес, белгіленген мерзімде төленбеген арнайы, демпингке қарсы баждардың, өтемақы баждарының сомасы туралы мәліметтерді де қамтиды.
Көрсетілген хабарламаны табыс ету тәртібі осы Кодекстің 87-бабына сәйкес жүргізіледі.
7. Төлеуші белгіленген мерзімде төленбеген кедендік баждар, салықтар, өсімпұлдар, пайыздар сомасы туралы хабарламада көрсетілген талаптарды осындай хабарлама тіркелген күннен бастап осындай талаптарды орындау күнін қоса алғанға дейінгі кезеңде есепке жазылуға жататын өсімпұлдарды төлеместен орындаған кезде, кеден органы белгіленген мерзімде төленбеген кедендік баждардың, салықтардың, өсімпұлдардың, пайыздардың сомасы туралы бұрын шығарылған хабарламаға толықтыру жібереді.
8. Белгіленген мерзімде төленбеген кедендік баждардың, салықтардың, өсімпұлдардың, пайыздардың сомасы туралы хабарламада көрсетілген кедендік баждар, салықтар, өсімпұлдар, пайыздар сомасының өзгеруіне алып келген негізді фактілер анықталған жағдайда, кеден органы белгіленген мерзімде төленбеген кедендік баждардың, салықтардың, өсімпұлдардың, пайыздардың сомасы туралы жаңа хабарлама жібереді, сонымен бір мезгілде белгіленген мерзімде төленбеген кедендік баждардың, салықтардың, өсімпұлдардың, пайыздардың сомасы туралы бастапқы жіберілген хабарламаны кері қайтарып алады.