4. Егер бағаланатын тауарлар да, бағаланатын тауарлармен бірдей тауарлар да, бағаланатын тауарлармен біртекті тауарлар да өздері Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінгендей күйде Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында сатылмаған жағдайда, бағаланатын тауарлардың кедендік құны декларанттың өтініші бойынша, қайта өңдеу (өңдеу) нәтижесінде қосылған құн мен осы баптың 2-тармағында көрсетілген сомаларды шегеру шартымен, осындай тауарлардың көп жиынтық саны қайта өңделгеннен кейін өздері осы тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында сатып алатын тұлғалармен өзара байланысты болып табылмайтын тұлғаларға сатылатын осындай тауарлар бірлігінің бағасы негізінде айқындалады.
Қайта өңдеу (өңдеу) нәтижесінде қосылған құнды шегеру қайта өңдеу (өңдеу) құнына жататын, анық, саны жағынан айқындалатын және құжатпен расталған ақпарат негізінде жүргізіледі.
5. Осы баптың 4-тармағының ережелері мынадай:
1) тауарлар өздерінің дара белгілерін жоғалтқанына қарамастан, қайта өңдеу (өңдеу) нәтижесінде қосылған құнның шамасы дәл айқындала алатын кездегі жағдайларды қоспағанда, бағаланатын тауарлар одан әрі қайта өңдеу (өңдеу) нәтижесінде өздерінің дара белгілерін жоғалтатын;
2) бағаланатын тауарлар өздерінің дара белгілерін жоғалтпайтын, бірақ Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында сатылатын тауарларда бағаланатын тауарлардың құны сатылатын тауарлар құнына елеулі әсер етпейтіндей, соншалықты мардымсыз бөлікті құрайтын жағдайларда, әкелінетін тауарлардың кедендік құнын айқындау үшін қолданылмайды.
Осы баптың 4-тармағын қолдану мүмкіндігі әрбір жеке жағдайда нақты мән-жайларға қарай айқындалады.
6. Бағаланатын тауарлардың не бағаланатын тауарлармен бірдей тауарлардың немесе бағаланатын тауарлармен біртекті тауарлардың Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында сатылымын қарастырған кезде, бағаланатын тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкету үшін өндіруге және беруге байланысты осы Кодекстің 67-бабы 1-тармағы бірінші бөлігінің 2) тармақшасында көрсетілген тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді пайдалану үшін тікелей немесе жанама түрде, тегін немесе төмен бағамен ұсынған тұлғаға сату есепке алынбайды.
7. Осы баптың мақсаттары үшін пайданың және тауарларды өткізуге арналған тікелей де, жанама да шығыстар болуы мүмкін жалпы шығыстардың (коммерциялық және басқарушылық шығыстардың) сомасы осы шығыстарды жабатын, сондай-ақ дәл сол сыныптағы немесе түрдегі тауарларды сатуға байланысты пайда алуды қамтамасыз ететін, тауар бағасына үстемеақы ретінде қарастырылады.
Пайданың және жалпы шығыстардың (коммерциялық және басқарушылық шығыстардың) сомасы тұтастай ескеріледі және егер декларант ұсынған мәліметтер дәл сол сыныптағы немесе түрдегі тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында сату кезінде орын алған мәліметтермен шамалас болған жағдайда, декларантта бар ақпарат негізінде айқындалады. Егер бұл мәліметтер кеден органының қолында бар, дәл сол сыныптағы немесе түрдегі тауарларды сату кезіндегі пайданың және жалпы шығыстардың (коммерциялық және басқарушылық шығыстардың) әдеттегі мөлшері туралы мәліметтерге сәйкес келмеген жағдайда, кеден органы пайданың және жалпы шығыстардың (коммерциялық және басқарушылық шығыстардың) сомасын өзінде бар мәліметтер негізінде айқындай алады.
8. Осы баптың мақсаттары үшін бағаланатын тауарлар әкелінген елден әкелінген, дәл сол сыныптағы немесе түрдегі тауарлардың сатылымдары туралы, сондай-ақ басқа елдерден әкелінген тауарлар туралы мәліметтер пайдаланылады. Бағаланатын тауарлар мен олар салыстырылатын тауарлардың дәл сол сыныптағы немесе түрдегі тауарлар болып табылу-табылмау мәселесі әрбір нақты жағдайда, тиісті мән-жайлар ескеріле отырып жеке шешіледі. Бұл ретте, бағаланатын тауарларды қоса алғанда, өздеріне қатысты ақпарат ұсынылуы мүмкін, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінген дәл сол сыныптағы немесе түрдегі тауарлардың анағұрлым шағын тобының немесе қатарының сатылымдары қарастырылады.
9. Егер кеден органы әкелінетін тауарлардың кедендік құнын осы бапқа сәйкес, өзінде бар мәліметтер негізінде айқындаған жағдайда, ол декларантқа осындай мәліметтердің көздері туралы, сондай-ақ олардың негізінде жүргізілген есеп-қисаптар туралы электрондық немесе жазбаша нысанда хабарлайды.
71-бап. Қосу әдісі (5-әдіс)
1. Әкелінетін тауарлардың кедендік құнын айқындау кезінде осы бапқа сәйкес:
1) материалдарды дайындауға немесе сатып алуға арналған шығыстарды және бағаланатын тауарларды өндіруге арналған, сондай-ақ өндіруге байланысты өзге де операцияларға арналған шығыстарды;
2) әдетте тауарлар Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкету үшін сатылған елде бағаланатын тауарлар секілді сыныптағы немесе түрдегі тауарларды сату кезінде ескерілетін шамаға баламалы болатын пайданың және жалпы шығыстардың (коммерциялық және басқарушылық шығыстардың) сомаларын;
3) осы Кодекстің 67-бабы 1-тармағы бірінші бөлігінің 4), 5) және 6) тармақшаларында көрсетілген шығыстарды қосу жолымен айқындалатын тауарлардың есеп айырысу құны негіз ретінде қабылданады.
2. Осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген шығыстар бағаланатын тауарлардың өндірушісі ұсынған немесе оның атынан ұсынылған және өндірушінің коммерциялық құжаттары тауарлар өндірілген елде қолданылатын, жалпыға бірдей қабылданған бухгалтерлік есепке алу қағидаттарына сәйкес жасалған жағдайда, осындай құжаттармен расталған бағаланатын тауарлар өндірісі туралы мәліметтер негізінде айқындалады.
3. Осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген шығыстар осы Кодекстің 67-бабы 1-тармағы бірінші бөлігі 1) тармақшасының үшінші және төртінші абзацтарында көрсетілген шығыстарды және әкелінетін тауарларды өндіруге байланысты пайдалану үшін сатып алушы тікелей немесе жанама түрде ұсынған, осы Кодекстің 67-бабының 1-тармағы бірінші бөлігінің 2) тармақшасында көрсетілген тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің осы Кодекстің 67-бабы 5-тармағының 1) тармақшасына сәйкес бөлінген құнын қамтуға тиіс. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында өндірілген (көрсетілген), осы Кодекстің 67-бабы 1-тармағы бірінші бөлігі 2) тармақшасының бесінші абзацында көрсетілген тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің құны өндіруші төлеген осы тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің ақысы дәрежесінде ғана енгізіледі. Бұл ретте шығыстар есеп айырысу құнын айқындау кезінде қайтадан есепке алынбайды.
Осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілмеген, әкелінетін тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкету үшін өндіруге және сатуға арналған тікелей және жанама шығыстар жалпы шығыстар (коммерциялық және басқарушылық шығыстар) ретінде есепке алынады.
4. Пайданың және жалпы шығыстардың (коммерциялық және басқарушылық шығыстардың) сомасы тұтастай ескеріледі және өндіруші ұсынған немесе оның атынан ұсынылған мәліметтер негізінде айқындалады. Егер бұл мәліметтер мемлекеттік кірістер органының қолында бар, дәл сол сыныптағы немесе түрдегі тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкету үшін сату кезіндегі пайданың және жалпы шығыстардың (коммерциялық және басқарушылық шығыстардың) әдеттегі мөлшері туралы мәліметтерге сәйкес келмеген жағдайда, кеден органы пайданың және жалпы шығыстардың (коммерциялық және басқарушылық шығыстардың) сомасын өзінде бар мәліметтер негізінде айқындай алады.
5. Осы баптың мақсаттары үшін бағаланатын тауарлар өндірілген мемлекетте өндірілген, дәл сол сыныптағы немесе түрдегі тауарлардың сатылымдары туралы мәліметтер пайдаланылады. Бағаланатын тауарлар мен олар салыстырылатын тауарлардың дәл сол сыныптағы немесе түрдегі тауарлар болып табылу-табылмау мәселесі әрбір нақты жағдайда, тиісті мән-жайлар ескеріле отырып жеке шешіледі. Бұл ретте өздеріне қатысты ақпарат ұсынылуы мүмкін дәл сол сыныптағы немесе түрдегі тауарлардың анағұрлым шағын тобының немесе қатарының Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкету үшін сатылымдары қарастырылады.
6. Кеден органдары, егер Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасында, Еуразиялық экономикалық одақтың үшінші тараппен халықаралық шарттарында немесе Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында өзгеше белгіленбесе, шетелдік тұлғадан тауарлардың есеп айырысу құнын айқындау үшін құжаттар мен мәліметтер ұсынуын талап етуге құқылы емес.
Қазақстан Республикасының уәкілетті органдары тауарлардың есеп айырысу құнын айқындау үшін шетелдік тауар өндіруші ұсынған немесе оның атынан ұсынылған құжаттар мен мәліметтерді шетелдік тауар өндірушінің келісуімен, сондай-ақ тауарларды өндіруші елінің уәкілетті органы алдын ала хабардар етілген жағдайда және оның мұндай тексеру жүргізуге қарсылығы болмаған кезде тауарларды өндірушінің елінде тексеруі мүмкін. Қазақстан Республикасының уәкілетті органдары шетелдік тауар өндіруші ұсынған немесе оның атынан ұсынылған құжаттар мен мәліметтерді тексеруді Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес жүргізеді.
7. Егер кеден органы әкелінетін тауарлардың кедендік құнын осы бапқа сәйкес, өзінде бар мәліметтер негізінде айқындаған жағдайда, ол декларантқа осындай мәліметтердің көздері туралы, сондай-ақ олардың негізінде жүргізілген есеп-қисаптар туралы электрондық немесе жазбаша нысанда хабарлайды.
72-бап. Резервтік әдіс (6-әдіс)
1. Егер әкелінетін тауарлардың кедендік құны осы Кодекстің 66, 68, 69, 70 және 71-баптарына сәйкес айқындала алмаған жағдайда, осындай тауарлардың кедендік құны Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында бар мәліметтер негізінде осы тараудың қағидаттары мен ережелері негізге алына отырып айқындалады.
2. Осы бапқа сәйкес пайдаланылатын тауарлардың құнын айқындау әдістері осы Кодекстің 66, 68, 69, 70 және 71-баптарында көзделген әдістер болып табылады, алайда осы бапқа сәйкес кедендік құнды айқындау кезінде оларды қолдануда икемділікке жол беріледі. Атап айтқанда, мынаған жол беріледі:
1) бағаланатын тауарлардың кедендік құнын айқындау үшін бағаланатын тауарлар өндірілген елден өзге елде өндірілген бірдей немесе біртекті тауарлармен жасалған мәміленің құны негіз ретінде қабылдануы мүмкін;
2) бағаланатын тауарлардың кедендік құнын бірдей немесе біртекті тауарлармен жасалған мәміленің құны негізінде айқындау кезінде осы Кодекстің 68 және 69-баптарына сәйкес белгіленген, бірдей немесе біртекті тауарлар Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкету үшін сатылуға және Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына бағаланатын тауарлар әкелінген немесе оған сәйкес келетін, бірақ бағаланатын тауарлар Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінерден күнтізбелік тоқсан күннен ерте емес уақыт кезеңінде әкелінуге тиіс деген талаптардан ақылға қонымды түрде ауытқуға жол беріледі;
3) бағаланатын тауарлардың кедендік құнын айқындау үшін бағаланатын тауарлармен бірдей немесе біртекті тауарлардың осы Кодекстің 70 және 71-баптарына сәйкес айқындалған кедендік құны негіз ретінде қабылдануы мүмкін;
4) бағаланатын тауарлардың кедендік құнын осы Кодекстің 70-бабына сәйкес айқындау кезінде осы Кодекстің 70-бабының 3-тармағында белгіленген мерзімнен ауытқуға жол беріледі.
3. Осы баптың 2-тармағына сәйкес туарлардың кедендік құнын айқындаудың бірнеше әдісін қолдануға мүмкіндік болған жағдайда, оларды қолданудың тізбектілігін ұстану қажет.
4. Әкелінетін тауарлардың осы бапқа сәйкес айқындалған кедендік құны барынша мүмкін боларлық дәрежеде бұрын айқындалған кедендік құндарға негізделуге тиіс.
5. Осы бапқа сәйкес, әкелінетін тауарлардың кедендік құны:
1) Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында өндірілген тауарлардың Еуразиялық экономикалық одақтың ішкі нарығындағы бағаларының;
2) кедендік мақсаттар үшін екі баламалы құнның неғұрлым жоғарысын қабылдауды көздейтін жүйенің;
3) әкету елінің ішкі нарығындағы тауарлар бағаларының;
4) осы Кодекстің 71-бабына сәйкес бірдей немесе біртекті тауарлар үшін айқындалған есеп айырысу құнына қосылған шығыстардан өзге шығыстардың;
5) тауарлар әкетілетін елден Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып табылмайтын мемлекеттерге берілетін тауарлар бағаларының;
6) тауарлардың ең төмен кедендік құнының;
7) еркін немесе жалған құнның негізінде айқындалмауға тиіс.
6. Егер кеден органы әкелінетін тауарлардың кедендік құнын осы бапқа сәйкес, өзінде бар мәліметтер негізінде айқындаған жағдайда, ол декларантқа осындай мәліметтердің көздері туралы, сондай-ақ олардың негізінде жүргізілген есеп-қисаптар туралы электрондық немесе жазбаша нысанда хабарлайды.
73-бап. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетілетін тауарлардың кедендік құнын айқындау
1. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетілетін тауарлардың кедендік құны, оның ішінде тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы заңсыз өткізген кезде де осы бапқа сәйкес айқындалады.
2. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетілетін тауарлардың кедендік құны мәміле құнының, яғни осы тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкету үшін сату кезінде олар үшін іс жүзінде төленген немесе төленуге жататын және осы баптың 3-тармағына сәйкес толықтырылған бағаның негізінде айқындалады.
3. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетілетін тауарлардың кедендік құнын айқындау кезінде осы тауарлар үшін іс жүзінде төленген немесе төленуге жататын бағаға, егер бұрын қосылмаған болса, мынадай қосымша есепке жазулар қосылады:
1) сатушы жүзеге асырған немесе оның жүзеге асыруына жататын мөлшердегі, бірақ әкетілетін тауарлар үшін іс жүзінде төленген немесе төленуге жататын бағаға енгізілмеген мөлшердегі шығыстар, оған мыналар:
делдалдарға (агенттерге) берілетін сыйақы және брокерлерге берілетін сыйақы;
егер кедендік мақсаттар үшін ол әкетілетін тауарлармен біртұтас ретінде қарастырылатын болса, ыдысқа арналған шығыстар;
әкетілетін тауарлардың қаптамасына арналған шығыстар, оның ішінде қаптама материалдарының және қаптау жұмыстардың құны жатады;
2) әкетілетін тауарларды тиеуге, түсіруге немесе қайта тиеуге және осындай тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан кету орнына дейін, ал егер Комиссия әкетілетін тауарларды тасымалдау (тасу) жүзеге асырылатын көлік түріне және оларды тасымалдау (тасу) ерекшеліктеріне қарай өзге орындарды айқындаса - Комиссия айқындаған орынға дейін тасымалдауға (тасуға) байланысты өзге де операцияларды жүргізуге арналған шығыстар;
3) осы тармақтың 2) тармақшасында көрсетілген операцияларға байланысты сақтандыру шығыстары;
4) әкетілетін тауарларға қатысты зияткерлік меншік объектілерін пайдаланғаны үшін және көрсетілген төлемдер әкетілетін тауарларға қатысты болатын жағдайда, сатып алушы осындай тауарларды сату шарты ретінде тікелей немесе жанама түрде төлеуге тиіс лицензиялық және өзге де ұқсас төлемдер (әкетілетін тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан тыс жерде қайта өндіру құқығы үшін төлемдерді қоспағанда).
4. Әкетілетін тауарлардың кедендік құны, олар іс жүзінде төленген немесе төленуге жататын бағадан бөлінген, декларант мәлімдеген және ол құжатпен растаған жағдайда, мына шығыстарды:
1) тауарлар Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетілгеннен кейін өнеркәсіптік қондырғылар, машиналар немесе жабдық сияқты осындай тауарларға қатысты жүргізілетін салуға, тұрғызуға, құрастыруға, монтаждауға, қызмет көрсетуге немесе техникалық көмек көрсетуге арналған шығыстарды;
2) тауарлар Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетілгеннен кейін әкетілетін тауарларды осындай тауарлардың Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан кету орнынан, ал егер Комиссия тауарларды тасымалдау (тасу) жүзеге асырылатын көлік түріне және осындай тасымалдау (тасу) ерекшеліктеріне қарай өзге орындарды айқындаса - Комиссия айқындаған орыннан тасымалдауға (тасуға) арналған шығыстарды;
3) тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетуге байланысты төленетін баждарды, салықтар мен алымдарды;
4) тауарлар Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетілгеннен кейін олардың жеткізілуін сақтандыру құнынқамтымауға тиіс.
5. Осы баптың 3-тармағында көрсетілген, әкетілетін тауарлар үшін іс жүзінде төленген немесе төленуге жататын бағаға қосымша есепке жазулар анық, саны жағынан айқындалатын және құжатпен расталған ақпараттың негізінде жүргізіледі.
6. Әкетілетін тауарлардың кедендік құнын айқындау кезінде осындай тауарлар үшін іс жүзінде төленген немесе төленуге жататын бағаға осы баптың 3-тармағында көрсетілгендерден басқа, қосымша есепке жазулар жүргізілмейді.
7. Мәміленің құны болмаған кезде әкетілетін тауарлардың кедендік құны экспорттаушының - сатушының бухгалтерлік құжаттамасынан декларант ұсынған әкетілетін тауарды өндіруге немесе сатып алуға, сақтауға және тасуға байланысты шығындар туралы үзінді-көшірме негізге алынып айқындалады. Бұл ретте осы баптың 3-тармағында санамаланған шығыстар да есепке алынады.
8. Тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы заңсыз өткізу жағдайында, сондай-ақ әкетілетін тауардың мәлімделген кедендік құнын растайтын мәліметтер болмаған жағдайда, кеден органы осындай тауарлардың кедендік құнын өзінің қолында бар, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетілген тектес тауарлар жөніндегі мәліметтер негізінде не тәуелсіз сараптама нәтижелері негізінде айқындайды.
Осы баптың мақсаттары үшін тектес тауарлар деп өздерінің бағаланатын тауарлар сияқты функцияларды орындауына және олармен бірін-бірі коммерциялық тұрғыда алмастыра алатын тауарлар болуына мүмкіндік беретінұқсас сипаттамалары бар және ұқсас құрауыштардан тұратын, дәл сондай материалдардан өндірілген, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетілетін тауарлар әкетілген немесе соған сәйкес келетін, бірақ бағаланатын тауарлар Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетілерден күнтізбелік бір жүз сексен күннен ерте емес уақыт кезеңінде әкетілген тауарлар түсініледі. Тауарларға қатысты «өндірілген» («өндірілді») деген ұғымның «шығарып алынған», «өсірілген», «дайындалған, оның ішінде тауарларды монтаждау, құрастыру немесе бөлшектеу арқылы дайындалған» деген де мағынасы бар.
2-БӨЛІМ. КЕДЕНДІК ТӨЛЕМДЕР, САЛЫҚТАР, АРНАЙЫ, ДЕМПИНГКЕ ҚАРСЫ, ӨТЕМАҚЫ БАЖДАРЫ
7-тарау. КЕДЕНДІК ТӨЛЕМДЕР, САЛЫҚТАР ТУРАЛЫ ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
74-бап. Кедендік төлемдер, салықтар
1. Кедендік төлемдерге, салықтарға:
1) кедендік әкелу бажы;
2) кедендік әкетубажы;
3) тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелу кезінде алынатын қосылған құн салығы;
4) тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелу кезінде алынатын акциз (акциздер);
5) кедендік алымдар жатады.
2. Төлеушілер, есептеу тәртібі және төлеу, есепке жатқызу (қайтару) және өндіріп алу, есепке жазу мерзімдері, сондай-ақ төлеу бойынша жеңілдіктер:
1) кедендік баждарға қатысты - Одақ туралы шартта, Еуразиялық экономикалық одақтың және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында;
2) тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізу кезінде кеден органдары алатын қосылған құн салығына және акциздерге қатысты - осы Кодексте және Қазақстан Республикасының салық заңнамасында айқындалады.
3. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінетін, жеке пайдалануға арналған тауарларға қатысты осы Кодекстің 39-тарауына сәйкес, бірыңғай мөлшерлемелер бойынша алынатын кедендік баждар, салықтар не жиынтық кедендік төлем түрінде алынатын кедендік баждар, салықтар төленуге жатады. Осы тараудың және осы Кодекстің 8, 9, 10, 11 және 12-тарауларының ережелері осы Кодекстің 39-тарауында көзделген жағдайларда қолданылады.
75-бап. Кедендік баждар мөлшерлемелерінің түрлері
Кедендік баждардың мөлшерлемелері мынадай түрлерге бөлiнедi:
1) баж салынатын тауарлардың кедендік құнынан пайызбен белгіленетін - адвалорлық;
2) заттай көріністегі физикалық сипаттамаларға (санына, салмағына, көлеміне немесе өзге де сипататтамаларына) қарай белгіленетін - өзіндік ерекшелікті;
3) осы баптың 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген түрлерді ұштастыратын, аралас.
76-бап. Кедендік алымдар
1. Кеден органдары тауарларды шығаруға, көлік құралдарын кедендік алып жүруге байланысты кедендік операцияларды жасағаны үшін, сондай-ақ осы Кодексте белгіленген өзге әрекеттерді жасағаны үшін алынатын міндетті төлемдер кедендік алымдар болып табылады.
2. Кедендік алымдардың мөлшерлемелерін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
3. Кедендік алымдардың мөлшерлері кеден органдарының өздеріне байланысты кедендік алымдар белгіленген әрекеттер жасауына жұмсалатын шығындарының шамамен алынған құнынан аса алмайды.
4. Кедендік алымдарды төлеушілер, кедендік алымдардың түрлері, оларды төлеу, өндіріп алу және есепке жатқызу (қайтару) мерзімдері мен тәртібі, кедендік алымдарды төлеу бойынша жеңілдіктер, сондай-ақ кедендік алымдар төленбейтін жағдайлар осы Кодексте белгіленеді.
77-бап. Кедендік алымдардың түрлері, оларды төлеу мерзімдері мен тәртібі
1. Кедендік алымдарға:
1) тауарларды кедендік декларациялау үшін кедендік алым;
2) кедендік алып жүру үшін кедендік алым жатады. Бірнеше автомобильдік көлік құралымен өткізілетін тауарларды кедендік алып жүру кезінде кедендік алым сомасы көрсетілген көлік құралдарының санына пропорционалды түрде бөлінеді.
3) алдын ала шешім қабылдау үшін кедендік алым жатады.
2. Төлеуші тауарларды кедендік декларациялау үшін кедендік алымды, осы баптың 5-тармағында көрсетілген жағдайларды қоспағанда, кедендік декларациялауды бергенге дейін немесе сонымен бір мезгілде төлейді.
Кедендік декларациялауға кедендік алымдарды есептеу үшін, егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, кеден органы кедендік декларацияны тіркеген күні қолданыста болатын мөлшерлемелер қолданылады.
3. Төлеуші кедендік алып жүру үшін кедендік алымды кеден органы кедендік алып жүру туралы шешім қабылдағаннан кейін, бірақ кеден органы осындай шешім қабылдаған күнді қоса алғанда, кедендік алып жүруді ұйымдастыру басталған күннен кешіктірмей төлейді.
4. Төлеуші кеден органының алдын ала шешім қабылдауы үшін кедендік алымды кеден органына алдын ала шешім қабылдау туралы өтініш берілген күнді қоса алғанда, осындай өтініш берілген күннен кешіктірмей төлейді.
5. Тауарларды кедендік декларациялау үшін кедендік алымды төлеу бойынша жеңілдіктер берілген кезде тұлғаның тауарларды пайдалану және оларға билік ету жөніндегі шектеулерді бұзған күні осы алымды төлеу мерзімі болып есептеледі. Егер шектеулер бұзылған күнді анықтау мүмкін болмаса, кедендік декларация тіркелген күн кедендік декларациялау үшін кедендік алымды төлеу мерзімі болып есептеледі.
Тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы заңсыз өткізген кезде тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізу күні тауарларды кедендік декларациялау үшін кедендік алымды төлеу мерзімі болып есептеледі. Егер тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы заңсыз өткізу күнін анықтау мүмкін болмаса, тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы заңсыз өткізу фактісі анықталған күн кедендік декларациялау үшін кедендік алымды төлеу мерзімі болып есептеледі.
6. Кедендік алымдарды бюджетке төлеу осы Кодексте кедендік баждарды, салықтар мен өсімпұлдарды төлеу үшін көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
7. Кедендік алымдар осы Кодексте белгіленген мерзімде уақтылы немесе толық төленбеген жағдайда, төлеуші кедендік баждар, салықтар бойынша өсімпұлдарды төлеу үшін белгіленген тәртіппен өсімпұлдар төлейді.
78-бап. Аванстық төлемдер
1. Алдағы төленетін кедендік баждарды, салықтарды, кедендік алымдарды, арнайы, демпингке қарсы баждарды, өтемақы баждарын төлеу есебіне енгізілген, төлеуші нақты тауарларға қатысты кедендік баждардың, салықтардың, кедендік алымдардың, арнайы, демпингке қарсы баждардың, өтемақы баждарының нақты түрлері мен сомалары бөлінісінде сәйкестендірмеген ақша аванстық төлемдер болып танылады.
Аванстық төлемдер өсімпұлдарды, пайыздарды төлеу есебіне пайдаланылуы мүмкін.
2. Аванстық төлемдер Қазақстан Республикасының аумағында - Қазақстан Республикасының ұлттық валютасымен, ал Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі халықаралық шарттарда және (немесе) Қазақстан Республикасының екіжақты халықаралық шарттарында кедендік төлемдерді, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы баждарды, өтемақы баждарын Қазақстан Республикасының ұлттық валютасынан өзге валютамен төлеу көзделген жағдайларда - осындай халықаралық шарттарда айқындалған валютамен енгізіледі.