692-бап. Шегерімге жатқызылатын шығыстарды айқындау тәртібі
1. Осы Кодекстің 7-бөліміне сәйкес шегерiмге жатпайтын шығыстарды қоспағанда, салық төлеушiнiң кіріс алуға бағытталған қызметті жүзеге асырумен байланысты осы бапта көзделген шығыстары салық салынатын кірісті айқындау кезiнде шегерiмге жатады.
2. Осы параграфтың мақсатында шығыстардың мынадай түрлері:
1) тауарларды сатып алуға;
2) осы Кодекстің 257-бабына сәйкес шегерімге жатқызылуы тиіс жұмыскерлердің есептелген кірістері мен жеке тұлғаларға өзге де төлемдер бойынша;
3) осы Кодекстің 263-бабына сәйкес шегерімге жатқызылуы тиіс салық және бюджетке төленетін төлемдерді төлеуге;
2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4) осы Кодекстің 244-бабына сәйкес шегерімге жатқызылуы тиіс қызметтік іссапарлар кезіндегі өтемақылардың сомалары;
2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 5) тармақшамен толықтырылды (2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
5) кәсіпкерлік мақсаттарда пайдаланылатын, көрсетілетін байланыс қызметтеріне, электр энергиясына, суға, жылу энергиясына, газға ақы төлеуге арналған шығыстар;
2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 6) тармақшамен толықтырылды (2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
6) жалға алушының кәсіпкерлік мақсаттарда пайдаланылатын, жалға алынатын мүлікке қатысты жүргізген шығыстары шегерімге жатады.
3. Дара кәсіпкердің салық салынатын кірісті айқындау кезінде, егер ол оларды жеке тұлға ретінде, оның ішінде салық агентінде де қолданбаса, 342-бапта көзделген салықтық шегерімдерді қолдануға құқығы бар.
4. Осы Кодексте көзделген жағдайларда шегерімге жатқызылатын шығыстардың мөлшері белгіленген нормалардан аспауға тиіс.
2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5. Егер осы Кодекстің 693-бабында өзгеше белгіленбесе, салық төлеуші осындай шығыстар оның кіріс алуға бағытталған қызметімен байланысты екенін растайтын құжаттар болған кезде шегерiмдердi жүргiзедi.
Бұл шығыстар, халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және (немесе) Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес айқындалатын болашақтағы кезеңдердің шығыстарын қоспағанда, олардың іс жүзінде шеккен салықтық кезеңінде шегерiмге жатады.
2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
6. Халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және (немесе) Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес айқындалатын болашақтағы кезеңдердің шығыстары олардың жатқызылатын салықтық кезеңде шегерiмге жатады.
7. Салық төлеушінің осы бапта көрсетілген шығыстары осы Кодекстің 691-бабының 4-тармағында көзделген жағдайларда түзетілуге жатады.
Бұл ретте бұрын шегерім болып танылған сома шегінде есепті салықтық кезеңнің шегерім мөлшерін ұлғайту немесе есепті салықтық кезең шегерімінің мөлшерін азайту осы параграфтың мақсаттары үшін түзету деп танылады.
693-бап. Қосымша тіркелген шегерім
Тіркелген шегерім пайдаланылатын арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеуші салық салынатын кірісті айқындау кезінде шегерімге жатқызылатын шығыстар сомасына осы Кодекстің 691-бабының 4-тармағында көзделген түзетулерді ескере отырып айқындалған кіріс сомасының 30 пайызынан аспайтын мөлшердегі тіркелген шегерім сомасын қосуға құқылы.
Бұл ретте осы баптың бірінші бөлігінің ережелерін қолданған жағдайда тіркелген шегерімді қоса алғанда, шегерімге жатқызылатын шығыстардың жалпы сомасы осы Кодекстің 691-бабының 4-тармағында көзделген түзетулер ескеріле отырып, кіріс сомасының 70 пайызынан аспауға тиіс.
694-бап. Салық салынатын кірісті азайту
1. Салық төлеушінің салық салынатын кірісті мүгедектігі бар адамдардың еңбегіне ақы төлеуге жұмсалған шығыстардың 2 еселенген мөлшеріне және мүгедектігі бар адамдар жалақысынан және басқа да төлемдерден есептелген әлеуметтік салық сомасының 50 пайызына азайтуға құқығы бар.
2. Заңды тұлғаның салық салынатын кірісті мынадай шығыс түрлеріне:
1) табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар туындаған жағдайда гуманитарлық көмек түрінде алынған және мақсаты бойынша пайдаланылған мүліктің құнын;
2) егер осы тармақтың 3) тармақшасында өзгеше белгіленбесе, заңды тұлға шығарған акцияларды немесе заңды тұлғадағы немесе консорциумдағы қатысу үлестерiн өткiзу кезіндегі құн өсімінен түсетін кірістерді бір мезгілде мынадай:
акцияларды немесе қатысу үлестерін өткізу күніне салық төлеушінің осы акцияларды немесе қатысу үлестерін үш жылдан астам иеленуі;
эмитент-заңды тұлғаның немесе қатысу үлесі өткізілетін заңды тұлғаның немесе қатысу үлесін консорциумда өткізетін осындай консорциумға қатысушының жер қойнауын пайдаланушы болып табылмауы;
эмитент-заңды тұлға немесе қатысу үлесі өткізілетін заңды тұлға активтері құнының немесе қатысу үлесі өткізілетін консорциумға қатысушылар активтері жалпы құнының 50 пайыздан аспайтынын осындай өткiзу күнiне жер қойнауын пайдаланушылар (жер қойнауын пайдаланушы) болып табылатын тұлғалардың (тұлғаның) мүлкi құрауы талаптары орындалған кезде азайтуға құқығы бар.
Осы тармақшада көрсетілген салық төлеушінің акцияларға немесе қатысу үлестеріне иелік ету мерзімі, егер мұндай акцияларды немесе қатысу үлестерін салық төлеуші бұрынғы меншік иелерінің қайта ұйымдастырылуы нәтижесінде алса, акцияларды немесе қатысу үлестерін бұрынғы меншік иелерінің иелену мерзімдері ескеріле отырып, жиынтығымен айқындалады.
Осы тармақшаның мақсатында жерасты суларын өндіру құқығына ие болғандықтан ғана жер қойнауын пайдаланушы болып табылатын осындай пайдаланушы жер қойнауын пайдаланушы болып танылмайды;
3) өткiзу күнi Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс iстейтiн қор биржасының ресми тiзiмдерiнде болатын бағалы қағаздарды осы қор биржасында ашық сауда-саттық әдiсiмен өткiзуден туындайтын залалдарға азайтылған, өткiзу күнi Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс iстейтiн қор биржасының ресми тiзiмдерiнде болатын бағалы қағаздарды осы қор биржасында ашық сауда-саттық әдiсiмен өткiзу кезiнде құн өсiмiнен түсетiн кірістерге азайтуға құқығы бар.
2018.26.12. № 203-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Тіркелген шегерім пайдаланылатын арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеуші салық салынатын кірісті осы параграфқа сәйкес салық салынатын кірісті айқындау кезінде шегерімге жатқызылуға тиіс жұмыскердің кірістері бойынша жұмыс берушінің есепті салықтық кезеңде есепке жазылған шығыстарының 1 еселенген мөлшеріне азайтуға құқығы бар.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген азайтуды салық төлеуші, егер осындай салық төлеуші жұмыскерлерінiң есепті салықтық кезең үшін орташа айлық жалақысы республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 47 еселенген мөлшерінен асқан жағдайда жүргізуге құқылы.
695-бап. Тіркелген шегерім пайдаланылатын арнаулы салық режимі бойынша салықтарды есептеу
Таза кіріске салынатын корпоративтік табыс салығын және төлем көзiнен ұстап қалатын корпоративтік табыс салығын қоспағанда, тіркелген шегерім пайдаланылатын арнаулы салық режимін қолдану кезінде төленуге жататын корпоративтiк табыс салығы салықтық кезең үшiн мынадай тәртiппен есептеледi:
осы Кодекстiң 313-бабының 1 немесе 2-тармақтарында белгiленген мөлшерлеменің және осы Кодекстің 690 және 691-баптарында көзделген кірістер мен осы Кодекстiң 692 және 693-баптарында көзделген шығыстар арасындағы айырма түрінде айқындалған, осы Кодекстiң 694-бабына сәйкес азайтылған салық салынатын кірістің көбейтіндісі,
алу
осы Кодекстiң 303-бабына сәйкес есепке жатқызу жүзеге асырылатын корпоративтік табыс салығының сомасы,
алу
осы Кодекстiң 302-бабының 2-тармағына сәйкес азайту жүзеге асырылатын ұтыс түріндегі кірістен төлем көзiнен салық кезеңінде ұстап қалған корпоративтік табыс салығының сомасы,
алу
сыйақы, дивидендтер түріндегі кірістен төлем көзiнен ұстап қалған корпоративтiк табыс салығының осы Кодекстің 302-бабының 3-тармағына сәйкес өткен салықтық кезеңдерден ауыстырылған сомасы,
алу
салықтық кезеңде сыйақы, дивидендтер түріндегі кірістен төлем көзiнен ұстап қалған корпоративтік табыс салығының осы Кодекстiң 302-бабының 2-тармағына сәйкес азайту жүзеге асырылатын сомасы.
2. Төлем көзiнен ұстап қалатын жеке табыс салығын қоспағанда, тіркелген шегерім пайдаланылатын арнаулы салық режимін қолдану кезінде төленуге жататын жеке табыс салығы салықтық кезең үшiн мынадай тәртiппен есептеледi:
осы Кодекстiң 320-бабының 1-тармағында белгiленген мөлшерлеменің және осы Кодекстің 690 және 691-баптарында көзделген кірістер мен осы Кодекстiң 692 және 693-баптарында көзделген шығыстар арасындағы айырма түрінде айқындалған, осы Кодекстiң 694-бабына сәйкес азайтылған салық салынатын кірістің көбейтіндісі.
696-бап. Тіркелген шегерім пайдаланылатын арнаулы салық режимі бойынша салық декларациясын тапсыру мен салықтарды төлеу тәртібі
1. Тіркелген шегерім пайдаланылатын арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеушілерге арналған декларация салық төлеушінің тұрған жеріндегі салық органына есепті салықтық кезеңнен кейінгі жылдың 31 наурызынан кешіктірілмейтін мерзімде тапсырылады.
2. Тіркелген шегерім пайдаланылатын арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеушілерге арналған декларацияда көрсетілген салықтарды бюджетке төлеу осы баптың 1-тармағында декларация тапсыру үшін белгіленген мерзімнен кейін күнтізбелік он күннен кешіктірілмейтін мерзімде салықтық кезеңнің қорытындысы бойынша жүргізіледі.
77-1-тарау. 2017.25.12. № 121-VI ҚР Заңымен 2023 ж. 1 қаңтарға дейін қолданылды (бұр.ред.қара)
77-1-тарау. БӨЛШЕК САЛЫҚТЫҢ АРНАУЛЫ САЛЫҚ РЕЖИМІ
696-1-бап. Бөлшек салықтың арнаулы салық режимін қолдану және оны қолдану кезінде салықтарды есептеу тәртібі
1. Бөлшек салықтың арнаулы салық режимін салық төлеушілер, егер олар:
1) Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері болып танылса;
2021.24.06. № 53-VII ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді және 2025 ж. 1 қаңтарға дейін қолданылады) (бұр.ред.қара)
2) осы режимді қолдану мақсаттары үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған, қоғамдық тамақтандыру саласындағы қызмет түрлерінің тек біреуін немесе бірнешеуін жүзеге асырса, қолдануға құқылы.
2. Бөлшек салықтың арнаулы салық режимі төлем көзінен ұсталатын салықтарды қоспағанда, корпоративтік немесе жеке табыс салығын есептеудің ерекше тәртібін көздейді.
2021.24.06. № 53-VII ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді және 2025 ж. 1 қаңтарға дейін қолданылады) (бұр.ред.қара)
3. Бөлшек салықтың арнаулы салық режимін қолдану кезінде төлем көзінен ұсталатын салықтарды қоспағанда, корпоративтік немесе жеке табыс салығын есептеуді салық төлеуші есепті салықтық кезең үшін салық салу объектісіне 6 пайыз мөлшеріндегі мөлшерлемені қолдану арқылы дербес жүргізеді.
2021.24.06. № 53-VII ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді және 2025 ж. 1 қаңтарға дейін қолданылады) (бұр.ред.қара)
4. Бөлшек салықтың арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеуші үшін:
заңды тұлға - осы Кодекстің 225 - 240-баптарына сәйкес;
дара кәсіпкер - осы Кодекстің 226 - 240-баптарында көзделген ерекшеліктерді ескере отырып, осы Кодекстің 225-бабында белгіленген корпоративтік табыс салығын есептеу мақсатында жылдық жиынтық кірісті айқындау тәртібіне ұқсас жалпыға бірдей белгіленген тәртіппен салықтық кезең үшін жиынтық түрде айқындайтын, Қазақстан Республикасында және оның шегінен тысқары жерде алған (алынуға жататын) кіріс салық салу объектісі болып табылады.
696-2-бап. Салықтық кезең, декларацияны ұсыну және салықтарды төлеу мерзімдері
1. Күнтізбелік тоқсан бөлшек салықтың арнаулы салық режимін қолдану үшін салықтық кезең болып табылады.
2. Бөлшек салықтың арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеушілер үшін декларациялар салық төлеушінің орналасқан жеріндегі салық органына есепті салықтық кезеңнен кейінгі екінші айдың 15-інен кешіктірілмей ұсынылады.
3. Бөлшек салықтың арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеушілер үшін декларацияда көрсетілген салықтарды бюджетке төлеу есепті салықтық кезеңнен кейінгі екінші айдың 25-інен кешіктірілмей жүргізіледі.
2023.20.03. № 213-VІІ ҚР Заңымен 77-2-тараумен толықтырылды (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
77-2-тарау. Бөлшек салықтың арнаулы салық режимі
696-3-бап. Бөлшек салықтың арнаулы салық режимін қолдану және оны қолдану кезінде салықтарды есептеу тәртібі
1. Бөлшек салықтың арнаулы салық режимін мынадай шарттарға сәйкес келетін салық төлеушілер қолдануға құқылы:
1) салықтық кезең ішіндегі жұмыскерлердің орташа тізімдік саны 200 адамнан аспайды;
2) күнтізбелік жылдағы кірісі республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын 600 000 айлық есептік көрсеткіштен аспайды;
3) осы режимді қолдану мақсаттарында Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған қызмет түрлерінің тек қана біреуін немесе бірнешеуін жүзеге асырады.
2. Құрылтайшысы немесе қатысушысы бір мезгілде бөлшек салықтың арнаулы салық режимін қолданатын басқа заңды тұлғаның құрылтайшысы немесе қатысушысы болып табылатын заңды тұлғалар бөлшек салықтың арнаулы салық режимін қолдануға құқылы емес.
3. Бөлшек салықтың арнаулы салық режимі, төлем көзінен ұсталатын салықтарды қоспағанда, корпоративтік немесе жеке табыс салығын есептеудің ерекше тәртібін көздейді.
4. Төлем көзінен ұсталатын салықтарды қоспағанда, корпоративтік немесе жеке табыс салығын есептеуді бөлшек салықтың арнаулы салық режимін қолдану кезінде салық төлеуші есепті салықтық кезең ішінде салық салу объектісіне мынадай мөлшердегі мөлшерлемені өз бетінше қолдану арқылы жүргізеді:
егер осы тармақтың үшінші абзацында өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасында және оның шегінен тыс жерлерде салықтық кезеңде алынған (алынуға жататын) кірістер бойынша - 4%;
корпоративтік немесе жеке табыс салығын есептеу үшін шығыстар сомаларын шегерімге жатқызу бойынша осы Кодекстің 242-бабы 3-2-тармағының нормаларын қолданатын салық төлеушілерге тауарларды өткізуден, жұмыстарды орындаудан, қызметтер көрсетуден алынған кірістер бойынша - 8%.
5. Жергілікті өкілді органдардың осы баптың 4-тармағының екінші абзацында белгіленген мөлшерлемені қызмет түріне және объектінің орналасқан жеріне қарай 50 пайыздан аспайтын мөлшерде төмендетуге құқығы бар.
Бұл ретте жекелеген салық төлеушілер үшін мөлшерлемені жеке-дара азайтуға тыйым салынады.
5-тармақтың қолданысы 2023 ж. 1 қаңтардан бастап 2024 ж. 31 наурызға дейін тоқтатылды, тоқтатыла тұру кезеңінде осы тармақша 2017.25.12. № 121-VI ҚР Заңының 57-17-бабының редакциясында қолданылады (болашақ редакцияны қараңыз)
Мөлшерлеме мөлшерін төмендету туралы мұндай шешімді жергілікті өкілді орган ағымдағы жылдың 31 наурызынан кешіктірмей қабылдайды, ол қабылданған жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
6. Бөлшек салықтың арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеуші осы баптың 4-тармағының ережелеріне сәйкес қолданылатын мөлшерлемелер бойынша салық салынатын кірістер бойынша бөлек салықтық есепке алуды жүргізуге тиіс.
7. Бөлшек салықтың арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеуші үшін Қазақстан Республикасында және оның шегінен тыс жерлерде алынған (алынуға жататын) салықтық кезеңде жиынтығында жалпыға бірдей белгіленген тәртіппен:
заңды тұлға - осы Кодекстің 225 - 240-баптарына сәйкес;
дара кәсіпкер - осы Кодекстің 226 - 240-баптарында көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып, осы Кодекстің 225-бабында белгіленген корпоративтік табыс салығын есептеу мақсатында жиынтық жылдық кірісті айқындау тәртібіне ұқсас айқындалатын кіріс салық салу объектісі болып табылады.
Бұл ретте, төлем көзінен ұсталатын салықтарды қоспағанда, корпоративтік немесе жеке табыс салығын есептеу кезінде бөлшек салықтың арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеуші үшін салық салу объектісі осындай салық төлеуші - жұмыс берушінің жұмыскерлерінің кірістері бойынша оның шығыстарының сомасына азайтылуға жатады.
696-4-бап. Салықтық кезең, декларация тапсыру және салықтарды төлеу мерзімдері
1. Бөлшек салықтың арнаулы салық режимін қолдану үшін салықтық кезең күнтізбелік тоқсан болып табылады.
2. Бөлшек салықтың арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеушілер үшін декларациялар салық төлеушінің орналасқан жеріндегі салық органына есепті салықтық кезеңнен кейінгі екінші айдың 15-інен кешіктірілмей тапсырылады.
3. Бөлшек салықтың арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеушілер үшін декларацияда көрсетілген салықтарды бюджетке төлеу есепті салықтық кезеңнен кейінгі екінші айдың 25-інен кешіктірілмей жүргізіледі.
78-тарау. АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ӨНІМІН ӨНДІРУШІЛЕР ҮШІН АРНАУЛЫ САЛЫҚ РЕЖИМДЕРІ
697-бап. Ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерге салық салу ерекшеліктері
1. Осы тараудың мақсаттары үшін мынадай ауыл шаруашылығы өнімін (бұдан әрі осы тараудың мақсаттары үшін - ауыл шаруашылығы өнімі):
1) өсімдік шаруашылығы өнімін;
2) мал шаруашылығы өнімін;
3) құс шаруашылығы өнімін;
4) балара шаруашылығы өнімін өндіру және өткізу бойынша қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға, шаруа немесе фермер қожалықтары ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер деп танылады.
Осы тараудың мақсаттары үшін ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерге акваөсіру (балық өсіру шаруашылығы) өнімдері де жатады.
2. Осы Кодексте:
1) ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер және ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін;
2) фермер және шаруа қожалықтары үшін ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерге арналған арнаулы салық режимдері көзделген.
3. Осы Кодексте белгіленген, оларды қолдану шарттарына сәйкес келген кезде осындай салық режимдері қолданылатын, қызметтері бойынша ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер, ауыл шаруашылығы коперативтері салық салудың мынадай режимдерінің біреуін:
1) ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерге және ауыл шаруашылығы кооперативтеріне арналған арнаулы салық режимін (бұдан әрі осы баптың және осы Кодекстің 698, 699 және 700-баптарының мақсаттарында - арнаулы салық режимі);
2) оңайлатылған декларация негізінде немесе тіркелген шегерімді пайдалана отырып, шағын бизнес субъектілеріне арналған арнаулы салық режимін;
3) жалпыға бірдей белгіленген тәртіпті дербес таңдауға құқылы.
4. Осы Кодекстің 702-бабының 3-тармағында көрсетілген қызмет түрлерін жүзеге асыру кезінде шаруа немесе фермер қожалықтары осы баптың 3-тармағында көрсетілген салық режимдерінің біреуін немесе осы Кодекстің 702-бабында белгіленген оны қолданудың басқа талаптарына сәйкес келген кезде шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған арнаулы салық режимін таңдауға құқылы.
5. Осы баптың 3-тармағының 1) немесе 2) тармақшасында көрсетілген арнаулы салық режимін таңдау кезінде салық төлеушілер мұндай салық режимін оны қолдану шарттарына сәйкес келген кезде осы Кодекстің 679-бабының 5 және 7-тармақтарында белгіленген жағдайларды қоспағанда, кемінде күнтізбелік бір жыл мерзім бойы қолданады.
6-тармақтың қолданысы 2020 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатылды, тоқтатыла тұру кезеңінде осы тармақ 2017.25.12. № 121-VI ҚР Заңының 49-бабының редакциясында қолданылды
6. Ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер үшін арнаулы салық режимдерін қолданатын салық төлеушілер осындай салық режимі қолданылмайтын қызмет түрлерін жүзеге асырған жағдайда осы Кодекстің 703-бабының 4-тармағында өзгеше белгіленбесе, кірістер мен шығыстарды, мүліктерді бөлек есепке алуды жүргізуге, сондай-ақ көрсетілген қызмет түрлері бойынша тиісті салықтарды және бюджетке төленетін төлемдерді есептеуді және төлеуді жалпыға бірдей белгіленген тәртіппен жүргізуге міндетті.
Бұл ретте осы тармақта көзделген бөлек есепке алуды салық төлеушілер өздері бекіткен салықтық есепке алу саясатының ережелеріне сәйкес жүзеге асыруға тиіс.
7. Ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерге арналған арнаулы салық режимдерін қолдануға шетелдік заңды тұлғалар, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар құқылы емес.
1-параграф. Ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер мен ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін арнаулы салық режимі
698-бап. Жалпы ережелер
1. Арнаулы салық режимі төлем көзінен ұстап қалатын салықты, әлеуметтік салықты, мүлік салығын, көлік құралы салығын қоспағанда, корпоративтік табыс салығын немесе жеке табыс салығын есептеудің ерекше тәртібін көздейді.
2. Арнаулы салық режимі:
1) ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілердің ауыл шаруашылығы өнімін (акцизделетін өнімді қоспағанда) өндіру, өз өндірісінің көрсетілген өнімін қайта өңдеу және өткізу жөніндегі қызметіне;
2) ауыл шаруашылығы кооперативтерінің:
акцизделетін өнімді қоспағанда, ауыл шаруашылығы өнімін өндіру және оны өткізу;
осындай кооператив мүшелері өндірген ауыл шаруашылығы өнімін дайындау, сақтау және өткізу;
өзі өндірген және (немесе) осындай кооперативтің мүшелері өндірген ауыл шаруашылығы өнімін (акцизделетін өнімді қоспағанда) қайта өңдеу, сондай-ақ осындай қайта өңдеу нәтижесінде алынған өнімді өткізу;
мемлекеттік және бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы уәкілетті орган айқындаған тізбе бойынша осындай кооперативтің мүшелері үшін (олардың осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген қызмет түрлерін жүзеге асыруы мақсатында) қосалқыларды қоса алғанда, жұмыстарды орындау (қызметтерді көрсету);
мемлекеттік және бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы уәкілетті орган айқындаған тізбе бойынша тауарларды осындай кооперативтің мүшелеріне (олардың осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген қызмет түрлерін жүзеге асыруы мақсатында) өткізу жөніндегі қызметіне қолданылады.
Ауыл шаруашылығы кооперативтері нысанын уәкілетті орган белгілейтін салықтық тіркелімде осы тармақшада көзделген тауарлардың өткізілуін, сондай-ақ осындай тауарларды пайдалануға, сенімгерлік басқаруға, жалға беруге ұсынылуын көрсетуге міндетті.
3. Жеке меншік және (немесе) жер пайдалану құқығындағы (кейінгі жер пайдалану құқығын қоса алғанда) жер учаскелері болған кезде салық төлеушілерге арнаулы салық режимін қолдану құқығы беріледі.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің талабы ауыл шаруашылығы кооперативтеріне және балара шаруашылығы өнімін өндіру, сондай-ақ өз өндірісінің көрсетілген өнімін қайта өңдеу және өткізу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын салық төлеушілерге қолданылмайды.
699-бап. Салықтық кезең
Арнаулы салық режимін қолдану үшін салықтық кезең күнтізбелік жыл болып табылады.
700-бап. Жекелеген салық түрлерін есептеу ерекшеліктері
1. Арнаулы салық режимін қолданатын ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер мен ауыл шаруашылығы кооперативтері бюджетке төлеуге жататын мынадай салықтардың сомасын:
1) осы Кодекстің 698-бабының 2-тармағында көрсетілген қызметті жүзеге асырудан түскен кіріс бойынша - корпоративтік табыс салығы мен жеке табыс салығының (төлем көзінен ұстап қалатын салықтардан басқа) сомасын;
2) осы Кодекстің 698-бабының 2-тармағында көрсетілген қызметті жүзеге асырумен байланысты салық салу объектілері бойынша - әлеуметтік салық сомасын;
3) осы Кодекстің 698-бабының 2-тармағында көрсетілген қызметті жүзеге асыру кезінде пайдаланылатын салық салу объектілері бойынша - мүлік салығы, көлік құралы салығы сомасын 70 пайызға азайтуға құқылы.
2. Осы бапта көзделген корпоративтік табыс салығының сомасын азайту:
1) осы Кодекстің 305-бабына сәйкес айқындалатын корпоративтік табыс салығы бойынша аванстық төлемдердің сомаларын есептеу кезінде;
2) осы Кодекстің 313-бабының 2-тармағында көрсетілген бағыттар бойынша ауыл шаруашылығы өнімін өндіруші заңды тұлғаларға берілген, бюджеттік субсидиялар түрінде алынған кірістерге де қолданылады.
2022.21.12. № 165-VІІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген салықтарды есептеуді осы арнаулы салық режимін қолданатын ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер жалпыға бірдей белгіленген тәртіппен жүргізеді.