Бірге тұру фактісі:
1) отбасының тұрғылықты жерінен тыс еңбек қызметін жүзеге асыратын адамдарға немесе отбасы мүшелеріне;
2) отбасында тұратын және отбасының тұрғылықты жерінде осы деңгейдегі білім беру ұйымының болмауына байланысты орта білім беру ұйымдарында оқу орны бойынша басқа елді мекенде тіркелген балаларға;
3) мемлекеттің толық қамтамасыз етуіндегілерді қоспағанда, интернат ұйымдарында білім алатын, сондай-ақ он сегіз жасқа толғаннан кейін білім беру ұйымдарын бітіретін уақытқа дейін (бірақ жиырма үш жасқа толғанға дейін) Қазақстан Республикасының техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша білім алатын балаларға талап етілмейді.
121-бап. Шартсыз ақшалай көмек
Шартсыз ақшалай көмек:
1) жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысуға мүмкіндігі шектеулі жалғызбасты және (немесе) жалғыз тұратын кірісі аз адамдарға:
осы Кодекстің 207-бабының 1-тармағында белгіленген зейнеткерлік жасқа толуына;
бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігіне;
екі айдан астам еңбекке уақытша қабілетсіздік мерзімі белгіленуі мүмкін ауруының болуына байланысты;
2) құрамында еңбекке қабілетті адамдары жоқ немесе еңбекке қабілетті жалғыз мүшесі үш жасқа дейінгі балаға, мүгедектігі бар балаға, бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар адамға, бөгденің күтіміне және көмегіне мұқтаж қартқа күтімді жүзеге асыратын кірісі аз отбасыларға көрсетіледі.
122-бап. Шартты ақшалай көмек
1. Шартты ақшалай көмек осы баптың 4-тармағында көрсетілген адамдарды (отбасыларды) қоспағанда, жалғызбасты және (немесе) жалғыз тұратын кірісі аз еңбекке қабілетті адамдарға, сондай-ақ отбасы құрамында еңбекке қабілетті мүшесі (мүшелері) бар кірісі аз отбасыларға ол (олар) жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысқан жағдайда және (немесе) қажет болғанда әлеуметтік бейімдеу кезінде көрсетіледі.
2. Әлеуметтік келісімшарт жасасу шартты ақшалай көмек тағайындаудың міндетті талабы болып табылады.
Шартты ақшалай көмекті алушылармен әлеуметтік келісімшарт шартты ақшалай көмек тағайындау кезеңіне жасалады.
Әлеуметтік келісімшарттың, жеке көмек көрсету жоспарының нысандарын уәкілетті мемлекеттік орган бекітеді.
3. Шартты ақшалай көмек алушылармен әлеуметтік келісімшарт кірісі аз адам (отбасы) әлеуметтік келісімшарттың талаптарын және жеке жоспардың іс-шараларын, оның ішінде жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысу және жұмысқа орналастыру жөніндегі іс-шараларды толық көлемде орындамаған, сондай-ақ шартты ақшалай көмекті заңсыз тағайындауға және (немесе) төлеуге алып келген жалған мәліметтер және (немесе) анық емес құжаттар ұсынылған кезде бұзылады.
Әлеуметтік келісімшартты бұзу адамға (отбасына) шартты ақшалай көмектің төленуін тоқтатуға негіз болып табылады.
4. Шартты ақшалай көмекті төлеу үшін жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысу:
1) бірінші және екінші топтардағы мүгедектігі бар адамдарға;
2) күндізгі оқу нысанында оқитын оқушыларға, студенттерге, тыңдаушыларға, курсанттар мен магистранттарға;
3) екі айдан астам еңбекке уақытша қабілетсіздік мерзімі белгіленуі мүмкін ауруы бар адамдарға;
4) үш жасқа дейінгі балаға күтім жасайтын ата-ананың біреуіне, мүгедектігі бар балаға, бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға, бөгде адамның күтімі мен көмегіне мұқтаж, сексен жастан асқан қарттарға күтімді жүзеге асыратын адамдарға міндетті шарт болып табылмайды.
Үш жасқа дейінгі балаға, мүгедектігі бар балаға, бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға, бөгде адамның күтімі мен көмегіне мұқтаж, сексен жастан асқан қарттарға күтімді жүзеге асыратын адам ретінде отбасының еңбекке қабілетті бір ғана мүшесі жатқызылуы мүмкін;
5) тұрақты жұмысы бар адамдарға міндетті шарт болып табылмайды.
123-бап. Атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау және төлеу тәртібі
1. Өтініш беруші Отбасының цифрлық картасында кірісі туралы ақпарат болмаған кезде осы тарауға сәйкес атаулы әлеуметтік көмек алу құқығын тоқсан сайын растайды.
2. Өтініш беруші Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес берілген мәліметтердің дұрыстығына жауапты болады.
3. Шартсыз немесе шартты ақшалай көмек оны алуға құқығы бар отбасының әрбір мүшесіне өтініш берген айдан бастап ағымдағы тоқсанға тағайындалады және ай сайын төленеді.
Атаулы әлеуметтік көмек проактивті форматта тағайындалған кезде учаскелік комиссияның адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізуге өтініш берушінің келісімін алған күн көрсетуге өтініш берілген күн болып есептеледі.
4. Әлеуметтік жұмыс жөніндегі консультанттар мен ассистенттер атаулы әлеуметтік көмек алушыларға жеке жоспарды іске асыруға және олардың әлеуметтік келісімшарт бойынша міндеттемелерін орындауына жәрдемдеседі.
5. Атаулы әлеуметтік көмекті тағайындауды атаулы әлеуметтік көмек көрсету үшін тиісті бюджетте көзделген сомалар шегінде атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау жөніндегі уәкілетті орган жүзеге асырады.
6. Қаладағы ауданның, аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың, ауылдық округтің жергілікті атқарушы органдары «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 35-бабына сәйкес кірісі аз адамдарды анықтауды жүзеге асырады.
7. Өтініш беруші мен алушының қала, ауыл, ауылдық округ әкімінің әрекетіне (әрекетсіздігіне) және атаулы әлеуметтік көмек тағайындау жөніндегі уәкілетті органның және оның лауазымды адамдарының шешіміне Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен жоғары тұрған орғанға, сотқа шағым жасауға құқығы бар.
124-бап. Учаскелік комиссиялар
1. Учаскелік комиссиялар жергілікті атқарушы органдарға және кент, ауыл, ауылдық округ әкімдеріне халыққа атаулы әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі қызметте жәрдемдеседі.
Учаскелік комиссиялар атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш білдірген адамдардың (отбасылардың) материалдық жағдайы туралы қорытындылар дайындайды.
2. Учаскелік комиссиялар жергілікті мемлекеттік басқару органдарының, қоғамдық бірлестіктердің, мүлік иелері бірлестіктерінің, көппәтерлі тұрғын үйлердің жай серіктестіктерінің (жай серіктестіктер), халықтың, білім беру, денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қорғау ұйымдары мен уәкілетті органдарының өкілдерінен, құқық қорғау органдарының қызметкерлерінен құралуы мүмкін.
3. Учаскелік комиссиялар өз қызметін облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары жергілікті өкілді органдармен келісу бойынша бекітетін учаскелік комиссиялар туралы ережелерге сәйкес жүзеге асырады.
Учаскелік комиссиялар туралы үлгілік ережені, сондай-ақ өтініш берушінің материалдық жағдайын тексеру нәтижелері бойынша атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаждықты айқындау өлшемшарттарын уәкілетті мемлекеттік орган әзірлейді және бекітеді.
125-бап. Атаулы әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігінің жоқтығы туралы қорытынды шығару өлшемшарттары
2023.04.07. № 15-VІІІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2023 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Учаскелік комиссияның өтініш берушіге және (немесе) осы Кодекстің 120-бабы 1-тармағының талаптарына сәйкес келетін адамдарға атаулы әлеуметтік көмек беру қажеттілігінің жоқтығы туралы қорытынды шығару үшін мынадай өлшемшарттардың бірі:
1) барлық тұрғын үйлердің жалпы пайдалы алаңы отбасының бір мүшесіне он сегіз шаршы метрден аспайтын жағдайды, сондай-ақ тиісті актімен расталған авариялық жағдайдағы тұрғын үйлерді қоспағанда, атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға өтініш берген кезге дейін соңғы бес жыл ішінде иеліктен шығарылған тұруға жарамды, өзіне (өздеріне) меншік құқығында тиесілі біреуден артық тұрғын үйдің болуы;
2) өзінің (өздерінің) меншігінде, иелігінде және (немесе) пайдалануында пайда алу мақсатында пайдаланылатын жекеленген үй-жайдың болуы;
3) жергілікті атқарушы орган жер учаскесін жеке меншікке өтеусіз берген жағдайды қоспағанда, өзінің (өздерінің) меншігінде тұрғын жай болған кезде, өзінің (өздерінің) меншігінде жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер учаскесінің болуы;
4) көпбалалы отбасыларды және мүгедектігі бар балаларды, бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарды қамтитын отбасыларды қоспағанда, өзінің (өздерінің) меншігінде бір бірліктен көп техникалық жағынан жарамды жеңіл автомобильдің болуы;
5) өзінің (өздерінің) меншігінде және (немесе) уақытша иелігінде, пайдалануында техникалық жағынан жарамды жағдайда ауыл шаруашылығы техникасының және (немесе) жолаушыларды, багажды, жүкті тасымалдауды жүзеге асыру үшін пайдаланылатын автобустың және (немесе) шағын автобустың және (немесе) жүк көлігінің және (немесе) мамандандырылған және (немесе) арнаулы көлік құралының не теңіз және (немесе) ішкі су және (немесе) әуе көлігінің болуы негіз болып табылады.
Жергілікті атқарушы орган жергілікті өкілді органның келісімі бойынша өңірдің ерекшеліктерін және (немесе) адамның (отбасының) материалдық жағдайын ескере отырып, атаулы әлеуметтік көмек беру қажеттілігі немесе қажеттілігінің болмауы туралы қорытынды шығару үшін қосымша негіздерді белгілей алады.
2. Учаскелік комиссиялардың тексеру жүргізу үшін қажетті мәліметтерді тиісті органдардан сұратуға құқығы бар.
126-бап. Атаулы әлеуметтік көмектің мөлшерін айқындау
1. Адамға (отбасына) атаулы әлеуметтік көмектің мөлшерін уәкілетті орган жан басына шаққандағы орташа кіріс пен облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада отбасының әрбір мүшесіне есептегенде белгіленген кедейлік шегі арасындағы айырма түрінде есептейді.
2. Осы Кодекске сәйкес балаларға қосымша төлем бір жастан алты жасқа дейінгі әрбір балаға қоса алғанда, республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген 1,5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде атаулы әлеуметтік көмек тағайындау кезеңіне жүргізіледі.
3. Атаулы әлеуметтік көмекті алушы атаулы әлеуметтік көмек мөлшерінің өзгеруі немесе оны алу құқығы үшін негіз бола алатын мән-жайлар туындаған күннен бастап он жұмыс күні ішінде - мансап орталығын, ал ауылдық жерде кент, ауыл, ауылдық округ әкімін хабардар етуге міндетті.
4. Өтініш жасаудан алдыңғы тоқсандағы жан басына шаққандағы орташа кіріс және тағайындалған атаулы әлеуметтік көмектің мөлшері мынадай жағдайларда:
отбасының құрамы өзгерген жағдайда - отбасы құрамы өзгерген күннен бастап;
өтініш берушінің атаулы әлеуметтік көмекті алу мақсатында жалған мәліметтерді және (немесе) анық емес құжаттарды беруін қоспағанда, отбасының жиынтық кірісін айқындау кезінде ескерілмеген фактілер немесе мәліметтер анықталған жағдайда өтініш жасалған айдан бастап қайта есептеледі.
Атаулы әлеуметтік көмектің артық төленген және (немесе) заңсыз алынған сомалары ерікті түрде, ал одан бас тартылған жағдайда сот тәртібімен қайтарылуға жатады.
Атаулы әлеуметтік көмектің артық төленген және (немесе) заңсыз алынған сомалары одан әрі алу кезінде келесі төлемдерден ұсталады.
5. Атаулы әлеуметтік көмек саласындағы есепті құжаттаманың нысандарын уәкілетті мемлекеттік орган әзірлейді және бекітеді.
127-бап. Жан басына шаққандағы орташа кірісті есептеу
1. Атаулы әлеуметтік көмек алуға үміткер адамның (отбасының) жиынтық кірісін айқындау атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш жасалған кезде ұсынылған өтініштің және (немесе) Отбасының цифрлық картасының және (немесе) ұйымдардың деректері негізінде алынған мәліметтердің негізінде жүргізіледі.
Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органдары өңірдің ерекшеліктерін ескере отырып, үй малын, құсты және жер учаскесін (жер үлесін) кіріс бермейді деп айқындауға құқылы.
Атаулы әлеуметтік көмекті алуға үміткер адамның (отбасының) жиынтық кірісін есептеу қағидаларын уәкілетті мемлекеттік орган әзірлейді және бекітеді.
2. Жан басына шаққандағы кіріс атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш берген тоқсанның алдындағы тоқсанда алынған жиынтық кірісті отбасы мүшелерінің санына және үш айға бөлу жолымен есептеледі.
128-бап. Атаулы әлеуметтік көмек тағайындаудан бас тарту
Атаулы әлеуметтік көмек тағайындаудан бас тартуға:
1) отбасының жан басына шаққандағы орташа кірісінің облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада белгіленген кедейлік шегінен асуы;
2) учаскелік комиссияның материалдық жағдайына тексеру жүргізуден өтініш берушінің бас тартуы;
3) адамның (отбасының) материалдық жағдайын тексеру нәтижелері бойынша дайындалған, учаскелік комиссияның мұқтаждықтың жоқтығы туралы қорытындысы;
4) осы Кодекстің 122-бабының 4-тармағында көрсетілген адамдарды қоспағанда, отбасының еңбекке қабілетті мүшесінің жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысудан бас тартқан күннен бастап алты ай ішінде бас тартуы;
5) алушының кінәсінан бұрын жасалған әлеуметтік келісімшартты бұзу және (немесе) әлеуметтік келісімшартта көзделген міндеттемелерді орындамау - атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға қайталап өтініш бергеннің алдындағы алты ай ішінде;
6) атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін көрінеу жалған мәліметтер және (немесе) анық емес құжаттарды олар ұсынылған күннен бастап алты ай ішінде ұсыну негіз болып табылады.
129-бап. Атаулы әлеуметтік көмек төлеуді тоқтату
Атаулы әлеуметтік көмек төлеуді тоқтату үшін:
1) атаулы әлеуметтік көмекке өтініш берушінің қайтыс болуы;
2) атаулы әлеуметтік көмекке өтініш берушінің республикалық не облыстық маңызы бар басқа қалаға, ауданға немесе Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге тұрақты тұруға кетуі;
3) әлеуметтік келісімшарттың талаптарын және жеке жоспардың іс-шараларын, оның ішінде жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысу және жұмысқа орналастыру жөніндегі іс-шараларды толық көлемде орындамауға байланысты әлеуметтік келісімшартты бұзу;
4) атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз тағайындауға және (немесе) төлеуге әкеп соққан жалған мәліметтерді және (немесе) анық емес құжаттарды ұсыну негіз болып табылады.
130-бап. Атаулы әлеуметтік көмекті тағайындаудың және төлеудің дұрыстығын мониторингтеу
Атаулы әлеуметтік көмекті тағайындаудың және төлеудің дұрыстығын мониторингтеуді уәкілетті мемлекеттік орган, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар тиісті бюджеттің атқарылуын бақылау шеңберінде жүзеге асырады.
Атаулы әлеуметтік көмекті тағайындауды және төлеуді әдіснамалық тұрғыдан басқаруды уәкілетті мемлекеттік орган жүзеге асырады.
12-тарау. АРНАУЛЫ ӘЛЕУМЕТТІК КӨРСЕТІЛЕТІН ҚЫЗМЕТТЕР
1-параграф. Арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсыну жүйесі
131-бап. Арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді алу құқығы
Арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерге мұқтаж деп танылған адамдар (отбасылар) осы Кодексте көзделген тәртіппен және жағдайларда арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер алуға құқылы.
132-бап. Арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтердің түрлері
1. Арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтердің кепілдік берілген көлемін және арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтердің кепілдік берілгеннен тыс көлемін қамтиды.
2. Арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтердің кепілдік берілген көлемі уәкілетті мемлекеттік орган бекітетін арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтердің бірыңғай тізбесі болып табылады және арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерге мұқтаж деп танылған адамдарға (отбасыларға) бюджет қаражаты есебінен беріледі.
3. Осы Кодекстің 133-бабының 3-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтердің кепілдік берілгеннен тыс көлемі облыстардың (республикалық маңызы бар қалалардың және астананың) жергілікті өкілді органдары бекіткен тізбе мен тәртіпке сәйкес арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметті алушының қаражаты есебінен беріледі.
4. Арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау саласындағы тиісті уәкілетті органдар мен өзге де тиісті орталық атқарушы органдар бекітетін арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер көрсету стандарттарына сәйкес болуға тиіс.
5. Ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымдарындағы кәмелетке толмағандарға арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер ұсынудың тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
133-бап. Адамды (отбасын) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерге мұқтаж деп танудың негіздері
1. Адам (отбасы) мынадай негіздер:
1) жетімдік;
2) ата-ана қамқорлығының болмауы;
3) кәмелетке толмағандардың қадағалаусыз қалуы, оның ішінде девиантты мінез-құлық;
4) кәмелетке толмағандардың арнаулы білім беру ұйымдарында, ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымдарында болуы;
5) туғаннан бастап үш жасқа дейінгі балалардың ерте психофизикалық даму мүмкіндіктерінің шектелуі;
6) мүгедектік және (немесе) дене бітімі және (немесе) ақыл-ой мүмкіндіктеріне байланысты организм функцияларының тұрақты бұзылуы;
7) әлеуметтік мәні бар аурулардың және айналадағыларға қауіп төндіретін аурулардың салдарынан тыныс-тіршілігінің шектелуі;
8) жасының егде тартуына байланысты өзіне-өзі күтім жасай алмауы;
9) әлеуметтік бейімсіздікке және әлеуметтік депривацияға алып келген қатыгездікпен қарау;
10) баспанасыздық (белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдар);
11) бас бостандығынан айыру орындарынан босатылуы;
12) пробация қызметінің есебінде болу бойынша арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерге мұқтаж деп танылады.
2. Әлеуметтік бейімсіздікке және әлеуметтік депривацияға алып келген қатыгездіктің болуын бағалау өлшемшарттарын Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі уәкілетті мемлекеттік органмен және білім беру мен денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органдармен бірлесіп айқындайды.
Жасалған әрекеттер бойынша қылмыстық іс қозғау фактісінің болуына қарамастан, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа, адам, оның ішінде кәмелетке толмаған балалар саудасына, оларды қанаудың басқа да түрлеріне, сондай-ақ адам ұрлауға байланысты іс-әрекеттер әлеуметтік бейімсіздікке және әлеуметтік депривацияға алып келген қатыгездіктің нысандары болып табылады.
2024.15.04. № 72-VIII ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (2024 ж. 16 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген негіздер бойынша арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерге мұқтаждар қатарына жатпайтын адамға (отбасына), сондай-ақ әкімшілік, қылмыстық құқық бұзушылықты күш қолдана отырып жасаған адамға сот ерекше талаптар белгілеген кезеңде арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер ұсыну көрсетілетін қызметтерді алушының қаражаты есебінен уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.
134-бап. Арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерге мұқтаж деп танылған адамның (отбасының) құқықтары мен міндеттері
1. Арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерге мұқтаж деп танылған адамның (отбасының):
1) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтердің көрсетілуіне жүгінуге;
2) өзінің құқықтары, міндеттері мен арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтердің ұсынылу шарттары туралы ақпарат алуға;
3) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер қажеттілігіне бағалау жүргізуге және оны айқындауға қатысуға;
4) ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымдарындағы кәмелетке толмағандарды қоспағанда, арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтердің кепілдік берілген және кепілдік берілгеннен тыс көлемін көрсететін субъектілерді таңдауға;
5) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді алуға немесе олардан бас тартуға;
6) лауазымды адамдардың, сондай-ақ арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер ұсынатын субъектілердің әрекетіне (әрекетсіздігіне) Қазақстан Республикасы заңдарында белгіленген тәртіппен жоғарғы тұрған органға, сотқа шағым жасауға;
7) лауазымды адамдарға немесе арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер көрсететін субъектілерге мәлім болған жеке сипаттағы ақпараттың құпиялылығына құқығы бар.
2. Арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерге мұқтаж деп танылған адам (отбасы):
1) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер қажеттілігін айқындау және оны көрсету туралы шешім қабылдау үшін толық және анық ақпарат беруге;
2) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерге қажеттілікті бағалау және айқындау процесіне кедергі жасамауға;
3) өз денсаулығын сақтауға және нығайтуға қамқорлық жасауға және бірлесіп жауапты болуға;
4) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер көрсету субъектілерін оларды көрсетуге әсер ететін мән-жайлардың өзгергені туралы уақтылы хабардар етуге;
5) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер ұсынатын ұйым мамандарының ұсынымдарын орындауға;
6) әлеуметтік жұмыскерлердің ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеуге;
7) Қазақстан Республикасының арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер көрсету саласындағы заңнамасын сақтауға міндетті.
135-бап. Арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер ұсынатын субъектілердің құқықтары мен міндеттері
1. Арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер көрсететін субъектілер:
1) Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу және мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс туралы заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасындағы үкіметтік емес ұйымдар үшін стратегиялық әріптестіктерді, гранттар мен сыйлықтарды іске асыру бойынша бюджет қаражаты есебінен арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерге қажеттілікті бағалау және айқындау жөніндегі қызметтерді көрсету бойынша конкурстарға қатысуға;
2) арнаулы әлеуметтік қызметтердің кепілдік берілген және кепілдік берілгеннен тыс көлемін көрсетуге;
3) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерге қажеттілікті бағалау мен айқындауды жүзеге асыруға;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайлардан басқа, арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтердің көлемі мен түрлеріне бағалау жүргізу және оны айқындау үшін қажетті ақпаратты жергілікті атқарушы органдардан сұратуға және алуға құқылы.
2. Арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер көрсететін субъектілер:
1) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер көрсету стандарттарын сақтауға;
2) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер көрсету үшін қажетті жағдайлар жасауға;
3) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді алушылардың және олардың отбасы мүшелерінің қадір-қасиетін құрметтеуге;
4) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді алушыларға және олардың отбасы мүшелеріне қатысты адамгершілікпен қарауға және кемсітушілік әрекеттерге жол бермеуге;
5) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер көрсету кезінде құпиялылықты қамтамасыз етуге;
6) әлеуметтік жұмыскерлерді даярлауды және олардың біліктілігін арттыруды қамтамасыз етуге міндетті.
3. Әлеуметтік қорғау саласындағы арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді көрсететін ұйымдар қызметінің тәртібін уәкілетті мемлекеттік орган бекітеді.
136-бап. Арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер ұсынатын ұйымдардың тіркелімі
1. Арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер ұсынатын ұйымдардың тіркелімі - жергілікті атқарушы органдармен арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер көрсету туралы шарт жасасқан ұйымдардың электрондық тізбесі.
2. Арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер ұсынатын ұйымдардың тіркелімі уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын тәртіппен әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталында электрондық түрде қалыптастырылады.
3. Арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер тіркелімінде қамтылатын мәліметтер арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер көрсететін ұйымдардың келісімімен жалпыға бірдей қолжетімді болып табылады.
2-параграф. Арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерге мұқтаждықтың туындауының алдын алу
137-бап. Арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерге мұқтаждықтың туындауының алдын алу
Арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерге мұқтаждықтың туындауының алдын алу адамды (отбасын) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерге мұқтаж деп тану негіздерін анықтауға және олардың алдын алуға бағытталған.
138-бап. Арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерге мұқтаждықтың алдын алу бойынша ведомствоаралық өзара іс-қимыл
Арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерге мұқтаждықтың туындауының алдын алу жөніндегі іс-шараларды жергілікті атқарушы органдар белгіленген құзыреттері шегінде:
1) адамды (отбасын) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерге ықтимал мұқтаж деп тануға болатын негіздерді анықтау;