2. Мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үшін арнаулы жұмыс орнын құруды жұмыс беруші мансап орталықтарымен (еңбек мобильділігі орталығымен) жасалған шарт негізінде жүзеге асырады. Мүгедектігі бар адамдардың жұмыс орнының стандартын уәкілетті мемлекеттік орган бекітеді.
5-параграф. Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары
109-бап. Кәсіптік оқыту
1. Жұмыссыздар қатарындағы Қазақстан Республикасы азаматтарының және қандастардың екі жыл ішінде бір рет кәсіптік оқуға құқығы бар.
2. Кәсіптік оқыту кәсіптік даярлауды, қайта даярлауды және біліктілікті арттыруды қамтиды және:
1) техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім берудің білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында, Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы заңнамасына сәйкес білім беру қызметіне құқығы бар жұмыс берушілердің жанындағы оқу орталықтарында (бұдан әрі - оқу ұйымдары) немесе жұмыс берушінің өтінімі бойынша жұмыс берушінің жұмыс орнында;
2) сұранысқа ие кәсіптер тізбесі бойынша Электрондық еңбек биржасында жүзеге асырылады.
Кәсіптік оқытуды ұйымдастыру мен қаржыландыру тәртібін уәкілетті мемлекеттік орган айқындайды.
3. Кәсіптік оқытуға жолдаманы, егер:
1) қажетті кәсіптік біліктіліктің болмауы салдарынан лайықты жұмыс таңдау мүмкін болмаса;
2) кәсіптік дағдыларға сай келетін жұмыстың болмауына байланысты кәсіпті (мамандықты), кәсіп түрін өзгерту қажет болса;
3) бұрынғы кәсібі бойынша жұмысты орындау қабілеті жоғалса, мансап орталығы береді.
4. Оқуды өз бетінше, дәлелді себепсіз тоқтатқан адамдар жұмыссыз ретінде қайта тіркелген күннен бастап күнтізбелік бір жыл өткен соң, бірақ бір реттен асырмай, оқуға қайта жіберілуі мүмкін.
110-бап. Кәсіпкерлік бастамаға жәрдемдесу
1. Уәкілетті мемлекеттік орган айқындаған жеке тұлғалардың жекелеген санаттарының кәсіпкерлік бастамаға жәрдемдесу жөніндегі көрсетілетін қызметтерді алуға құқығы бар.
2. Кәсіпкерлік бастамаға жәрдемдесу:
1) кәсіпкерлік негіздеріне оқыту;
2) жаңа бизнес идеяларды іске асыруға өтеусіз гранттар беру;
3) қайтарымды негізде микрокредит беру арқылы көрсетіледі.
3. Кәсіпкерлік бастамаға жәрдемдесу жөніндегі шараларды ұйымдастыру мен қаржыландыру тәртібін уәкілетті мемлекеттік орган айқындайды.
111-бап. Субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру
1. Субсидияланатын жұмыс орындарына жұмыссыздардың, денсаулыққа зиян келтірмейтін және оқу процесін бұзбайтын жұмыстарға қатысатын студенттердің және жалпы білім беретін мектептердің жоғары сынып оқушыларының оқудан бос уақытта жұмысқа орналасуға құқығы бар.
2. Жұмыс беруші мансап орталығымен шарттық негізде субсидияланатын жұмыс орындарын құрады, оларды құру кезінде тұрақты жұмыс орындарына арналған бос орындар пайдаланылмайды.
Субсидияланатын жұмыс орындары ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстарда құрылмайды.
3. Жұмыс беруші мен еңбек мобильділігі орталығы арасындағы субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру туралы шарт Электрондық еңбек биржасы арқылы жасалады.
4. Субсидияланатын жұмыс орындары алған кәсібі (мамандығы) бойынша алғашқы жұмыс тәжірибесін алуға жәрдемдесу немесе қолда бар еңбек дағдыларын сақтау үшін ұйымдастырылады.
5. Еңбек мобильділігі орталығы:
1) субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыруға сұраныс пен ұсынысты айқындайды;
2) субсидияланатын жұмыс орындарын құруға өтінім берген ұйымдардың тізбесін және ұйымдастырылатын жұмыс орындарының санын бекітеді.
6. Субсидияланатын жұмыс орындарына жіберуге осы баптың 1-тармағында көрсетілген адамның келісуімен ғана жол беріледі, бұл ретте олардың денсаулық жағдайы, жасы, кәсіби және басқа да жеке ерекшеліктері ескеріледі.
Егер осы баптың 1-тармағында көрсетілген адам он сегіз жасқа толмаған болса, оны субсидияланатын жұмыс орындарына жіберуге оның заңды өкілдерінің келісімімен жол беріледі.
7. Субсидияланатын жұмыс орындарында еңбек қызметін дәлелді себептерсіз өз бетінше тоқтатқан адамдар жұмыссыз ретіндегі есептен шығарылады және жұмыссыз ретінде қайта тіркелген күннен бастап үш ай өткен соң ғана жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қайтадан қатыса алады.
8. Субсидияланатын жұмыс орындарына жұмысқа орналасқан адамдарға Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасы қолданылады.
9. Субсидияланатын жұмыс орындарының тізбесін, субсидияланатын жұмыс орындарына жұмысқа орналастырылатын адамдарға қойылатын талаптарды, олардың жалақысын субсидиялау мөлшері мен мерзімдерін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
10. Субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру және субсидияланатын жұмыс орындарына жұмысқа орналасқан адамдардың жалақысын субсидиялау тәртібін уәкілетті мемлекеттік орган айқындайды.
112-бап. Жұмыс күшінің мобильділігін арттыру үшін ерікті түрде қоныс аударуға жәрдемдесу
1. Жұмыс күшінің мобильділігін арттыру үшін ерікті түрде қоныс аударуға жәрдемдесу жөніндегі шараларға қатысуға жұмыс іздеуші адамдардың және (немесе) жұмыссыздардың, қандастардың, сондай-ақ жұмыс берушілердің құқығы бар.
2. Жаңа тұрғылықты жерге ерікті түрде қоныс аудару үшін:
1) он алты жастан жиырма үш жасқа дейінгі жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарының тәрбиеленушілері мен түлектері;
2) орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының түлектері;
3) жұмыс беруші-заңды тұлғаның таратылуына не жұмыс беруші-жеке тұлға қызметінің тоқтатылуына, жұмыскерлер санының немесе штатының қысқаруына, жұмыс берушінің экономикалық жай-күйінің нашарлауына алып келген өндірістер және орындалатын жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер көлемінің төмендеуіне байланысты жұмыстан босатылған адамдар басым құқықты пайдаланады.
3. Еңбек мобильділігі орталықтары жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету үшін адамдардың жаңа тұрғылықты жерге:
1) бір облыс шегінде экономикалық әлеуеті төмен ауылдардан экономикалық даму әлеуеті жоғары ауылдық елді мекендерге, моноқалаларға, аудандық (облыстық) маңызы бар қалаларға;
2) ерікті түрде қоныс аударуды көздейтін Қазақстан Республикасының көші-қон саласындағы заңнамасына сәйкес қоныс аударушыларды және қандастарды қабылдаудың өңірлік квоталары шеңберінде Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын өңірлерге ерікті түрде қоныс аударуына жәрдемдеседі.
4. Ерікті түрде қоныс аударатын адамдарды мемлекеттік қолдау:
2024.16.05. № 82-VIII ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (2024 ж. 28 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1) жұмыскердің көшуі жұмыс берушінің қаражаты есебінен жүзеге асырылатын жағдайларды қоспағанда, бюджет қаражаты есебінен адамдарға және олардың отбасы мүшелеріне көшуге, тұрғын үйді жалдау (жалға алу), коммуналдық көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу бойынша шығыстарды өтеуге субсидиялар, сондай-ақ уәкілетті мемлекеттік орган айқындаған тәртіппен экономикалық мобильділік сертификаттары түрінде материалдық көмек беруді;
2) жұмыс беруші жұмыскерге тұрғын үй ұсынған жағдайларды қоспағанда, қызметтік тұрғынжай немесе жатақханалардан бөлме беруді;
3) жұмыс берушінің қажеттілігі болған кезде кәсіптік оқытуды;
4) жаңа тұрғылықты жерінде жұмысқа орналасуға және кәсіпкерлік бастамаға жәрдемдесуді;
5) жұмысқа орналасуға субсидиялар бере отырып, жұмыс күшінің мобильділігін арттыру үшін ерікті қоныс аудару шараларына қатысатын жұмыс берушілерде жұмысқа орналасуға жәрдемдесуді қамтиды.
5. Еңбек мобильділігі орталығы уәкілетті мемлекеттік орган бекітетін нысан бойынша ерікті түрде қоныс аударуға қатысушы тараптармен әлеуметтік келісімшарт жасасады.
6. Жұмыс күшінің мобильділігін арттыру үшін адамдардың ерікті түрде қоныс аудару тәртібін уәкілетті мемлекеттік орган айқындайды.
6-параграф. Жұмысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем
113-бап. Жұмысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем алу құқығы
1. Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы осы Кодекстің 99-бабына сәйкес жұмыссыз ретінде тіркелген күннен бастап жұмысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем алу құқығы туындайды.
1-тармақтың екінші бөлігі 2024 ж. 1 қаңтарға дейін қолданылды (бұр.ред.қара)
2. Мансап орталығы алушыны субсидияланатын жұмыс орнына, кәсіптік оқуға жіберген кезде оның жұмысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем алу құқығы сақталады.
3. Жұмысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем тағайындауға жүгіну мерзімі жұмысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем алу құқығы туындаған күннен бастап он екі айдан аспауға тиіс.
4. Мемлекеттік корпорацияның және (немесе) Қордың кінәсінан уақтылы алынбаған не толық алынбаған жұмысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем сомасы оған құқық туындаған күннен бастап өткен уақыт үшін мерзімі шектелмей төленеді.
5. Жұмысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем тағайындау үшін жүгінген күннен кейін Қорға оны есептеуге қабылданған кезең үшін әлеуметтік аударымдар түскен жағдайда, алушыға жұмысынан айырылу жағдайы бойынша тағайындалған әлеуметтік төлемдердің мөлшерін қайта есептеу жүргізілмейді.
114-бап. Жұмысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемді тағайындау мен жүзеге асыру тәртібі
1. Әлеуметтік төлем алуға құқығы бар адамның өтініші жұмысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемді тағайындауға негіз болып табылады.
2. Жұмысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес проактивті көрсетілетін қызмет арқылы тағайындалған кезде оны тағайындау үшін өтініш беру талап етілмейді.
3. Егер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қаты сушы жұмыссыз ретінде тіркелсе, оның мансап орталығының жолдамасы бойынша субсидияланатын жұмыс орындарына, кәсіптік оқуға қатысу фактісіне қарамастан, жұмысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем тағайындалады.
4. Жұмысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемнің мөлшерін есептеу (айқындау), тағайындау, жүзеге асыру, тоқтата тұру, қайта есептеу, қайта бастау, тоқтату және оны тағайындау (тағайындаудан бас тарту) туралы шешімді қайта қарау тәртібін уәкілетті мемлекеттік орган айқындайды.
115-бап. Жұмысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемді тағайындауға арналған өтінішті қабылдаудан және оны тағайындаудан бас тарту
1. Жұмысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемді тағайындауға арналған өтінішті қабылдаудан бас тартуға мыналар негіз болып табылады:
1) уәкілетті мемлекеттік органның ақпараттық жүйесінен жұмысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемді тағайындау, жүзеге асыру, проактивті көрсетілетін қызмет арқылы оны тағайындауға өтініш беру немесе келісім беру фактілерін растайтын мәліметтерді алу;
2) өтініш берушінің Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құжаттардың толық емес топтамасын және (немесе) қолданылу мерзімі өткен құжаттарды және (немесе) қолданылу мерзімі жұмысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемді тағайындау немесе тағайындаудан бас тарту туралы шешім қабылданған күні аяқталатын құжаттарды ұсынуы;
3) жеке басты куәландыратын құжат бойынша мәліметтердің (мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алынған мәліметтермен расталатын Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оны ауыстырудан басқа) оны тағайындауға қажетті құжаттарға сәйкес келмеуі;
4) жұмысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем тағайындауға құқығының болмауы;
5) өтініш берушінің жұмысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем тағайындау үшін талап етілетін, қолжетімділігі шектеулі дербес деректерге қол жеткізуге берген келісімінің болмауы;
6) жұмысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік тәуекел туындаған айдың алдындағы соңғы жиырма төрт айда міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы үшін әлеуметтік аударымдардың төленбеуі;
7) міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушының осы Кодекске сәйкес айқындалған жүйеге қатысу өтілінің алты айдан кем болуы.
2. Жұмысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем тағайындаудан бас тарту үшін мыналар негіз болып табылады:
1) өтініш берушінің жұмысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемді тағайындау үшін ұсынған құжаттарының және (немесе) олардағы деректердің (мәліметтердің) дұрыс емес екенін анықтау;
2) өтініш берушінің және (немесе) ол ұсынған, жұмысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемді тағайындауға қажетті құжаттардың және (немесе) мәліметтердің Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі;
3) тексеру кезінде Қор сұратып отырған, жұмысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемді тағайындауға қажетті құжатты және (немесе) мәліметтерді ұсынбауы.
116-бап. Жұмысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем алушының құқықтары мен міндеттері
1. Жұмысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем алушының:
1) осы Кодексте көзделген тәртіппен жұмысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемді алуға;
2) Мемлекеттік корпорациядан және Қордан жұмысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемді тағайындау және алу тәртібі туралы ақпаратты сұратуға және тегін алуға;
3) мемлекеттік органдардың, Мемлекеттік корпорацияның және Қордың шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағым жасауға құқығы бар.
2. Жұмысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемді алушы:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жұмысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемді тағайындау үшін толық және анық құжаттарды (мәліметтерді) ұсынуға;
2) жұмысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемді алу кезеңінде Мемлекеттік корпорацияны төлемді тоқтатуға негіз болуы мүмкін мән-жайлар туралы он жұмыс күні ішінде хабардар етуге;
3) жұмысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемнің артық есепке жатқызылған (төленген) сомаларын ерікті түрде, ал бас тартқан жағдайда - соттың заңды күшіне енген шешімінің негізінде сот тәртібімен қайтаруды жүргізуге міндетті.
117-бап. Жұмысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемнен ұстап қалу
1. Жұмысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемнен 10 пайыз мөлшерінде міндетті зейнетақы жарналары ұсталады және осы Кодекске сәйкес бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына жіберіледі.
2. Жұмысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемнің алушының өтініші негізінде ұсталатын артық есепке жатқызылған (төленген) сомаларын қоспағанда, жұмысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемнен ұстап қалу атқарушылық іс жүргізу тәртібімен жүргізілуі мүмкін.
3. Жұмысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемнен ұстап қалу төленуге тиісті сомадан жүргізіледі.
4. Жұмысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемнен төленуге тиісті соманың 25 пайызынан көп ұстап қалуға болмайды.
118-бап. Жұмысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемді тағайындаудың шарты мен мөлшері
1. Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыға жұмысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем әлеуметтік төлемге құқық туындаған күннен бастап:
ол үшін алты айдан он екі айға дейін әлеуметтік аударымдар жүргізілген жағдайда - ұзақтығы бір айға;
ол үшін он екі айдан жиырма төрт айға дейін әлеуметтік аударымдар жүргізілген жағдайда - ұзақтығы екі айға;
ол үшін жиырма төрт айдан отыз алты айға дейін әлеумет тік аударымдар жүргізілген жағдайда - ұзақтығы үш айға;
ол үшін отыз алты айдан қырық сегіз айға дейін әлеуметтік аударымдар жүргізілген жағдайда - ұзақтығы төрт айға;
ол үшін қырық сегіз айдан алпыс айға дейін әлеуметтік аударымдар жүргізілген жағдайда - ұзақтығы бес айға;
ол үшін алпыс және одан да көп айға әлеуметтік аударымдар жүргізілген жағдайда - ұзақтығы алты айға, бірақ міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы осы Кодекстің 207-бабының 1-тармағында көзделген жасқа толған мерзімнен асырылмай тағайындалады.
2. Жұмысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемнің мөлшері уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын тәртіппен әлеуметтік аударымдарды есептеу объектісі ретінде ескерілген орташа айлық кіріс мөлшерін тиісті кірісті алмастыру және қатысу өтілі коэффициенттеріне көбейту жолымен айқындалады және Қордың активтері есебінен төленеді.
3. Әлеуметтік аударымдарды есептеу объектісі ретінде ескерілген орташа айлық кіріс мөлшері жұмысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемді алу құқығы туындаған айдың алдындағы соңғы күнтізбелік жиырма төрт ай ішінде (осы кезеңде әлеуметтік аударымдарда үзілістердің болу-болмауына қарамастан) әлеуметтік аударымдар жүргізілген кірістер сомасын жиырма төртке бөлу жолымен айқындалады.
Бұл ретте Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша әлеуметтік аударымдар мөлшерлемесіне 0 түзету коэффициенті қолданылған қызмет түрлері бойынша еңбек, кәсіпкерлік қызмет, жеке практикамен айналысу кезеңдерінде алынған кіріс төлеуші беретін кірістер туралы анықтаманың негізінде орташа айлық кіріс мөлшерін айқындау кезінде ескеріледі.
Төтенше жағдай, шектеу іс-шаралары қолданылған кезеңде қызметтің шектелуіне байланысты кірісінен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемді алу кезеңдері орташа айлық кіріс мөлшерінің есебінен алып тасталады және орташа айлық кіріс мөлшерін айқындау кезеңі басталардың тура алдындағы басқа айлармен ауыстырылады.
Кірісті ауыстыру коэффициенті 0,45-ті құрайды.
Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы үшін қатысу өтілінің коэффициенті:
алты айдан он екі айға дейін - 0,7-ні;
он екі айдан жиырма төрт айға дейін - 0,75-ті;
жиырма төрт айдан отыз алты айға дейін - 0,85-ті;
отыз алтыдан қырық сегіз айға дейін - 0,9-ды;
қырық сегіз айдан алпыс айға дейін - 0,95-ті;
алпыс айдан жетпіс екі айға дейін - 1,0-ді құрайды;
алпыс және одан да көп айдан бастап - 1,0-ге міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілінің әрбір он екі айы үшін 0,02 қосылады, бірақ 1,3-тен аспайды.
Қатысу өтілінің коэффициентін айқындау кезінде төтенше жағдай, шектеу іс-шаралары қолданылған кезеңде қызметтің шектелуіне байланысты кірісінен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем алу кезеңдері, Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша әлеуметтік аударымдар мөлшерлемесіне 0 түзету коэффициенті қолданылған қызмет түрлері бойынша еңбек, кәсіпкерлік қызмет, жеке практикамен айналысу кезеңдері, сондай-ақ «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 341-бабы 1-тармағының 51) тармақшасына сәйкес 2020 жылғы 1 сәуір - 2020 жылғы 1 қазан аралығында кірістері жеке тұлғаның салық салынуға жататын кірістерінен алып тасталған қызметті жүзеге асыру кезеңі есепке алынады.
4. Егер төлеуші артық (қате) төленген әлеуметтік аударымдарды уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын мерзімдерде және жағдайларда қайтаруды жүзеге асырмаған болса, жұмысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемнің мөлшерін есептеу кезінде артық (қате) төленген әлеуметтік аударымдардың сомалары есепке алынбайды.
5. Бұдан кейінгі жүгіну кезінде жұмысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем бұрын алынған жұмысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемнің әрбір айы үшін міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысудың жалпы өтілінен он екі ай шегерілетіні негізге алына отырып тағайындалады.
6. Сот актілері мен сотқа дейінгі тергеп-тексеру органының актілері негізінде заңсыз деп танылған кірістен түскен, әлеуметтік төлемдердің мөлшерін айқындау кезінде ескерілген кезең үшін төленген әлеуметтік аударымдар міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушының жұмысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем тағайындау үшін кейінгі жүгінуі кезінде есепке алынбайды.
119-бап. Жұмысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемді тоқтата тұру, қайта бастау және тоқтату
1. Жұмысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем мынадай мәліметтер, оның ішінде ақпараттық жүйелерден алынған мәліметтер келіп түскен айдан кейінгі айдың бірінші күнінен бастап тоқтатыла тұрады:
1) алушының банктік шоты бойынша үш және одан да көп ай бойы шығыс операцияларының болмауы туралы мәлімет. Бұл ретте әлеуметтік төлем тоқтатыла тұрған күнінен бастап қайта басталады;
2) шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның жеке басын куәландыратын құжаттың, қандас куәлігінің қолданылу мерзімінің өтуі туралы мәлімет. Бұл ретте жұмысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның жеке басын куәландыратын құжат, қандас куәлігі берілген күннен бастап қайта басталады;
3) өтініш берушінің жұмысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемнің мөлшерін негізсіз айқындауға алып келген анық емес мәліметтерді ұсынуы туралы мәлімет. Бұл ретте жұмысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем тоқтатыла тұрған күнінен бастап осы Кодекске сәйкес айқындалған мөлшерде қайта басталады.
2. Жұмысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем жұмысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемді алуға құқық сақталған жағдайда, ақпараттық жүйелерден алынған, әлеуметтік төлемді тоқтата тұруды туындатқан мән-жайлардың аяқталғанын растайтын құжаттардың және (немесе) мәліметтердің негізінде алушының өтініші бойынша қайта басталады.
3. Жұмысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем:
1) алушы қайтыс болған (соттың оны қайтыс болды деп жариялау туралы шешімі заңды күшіне енген) жағдайда тоқтатылады. Бұл ретте жұмысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем алушының қайтыс болған айын қоса алғанда (оны қайтыс болды деп жариялау туралы сот шешімі заңды күшіне енген айды қоса алғанда) жүзеге асырылады;
2) алушының жұмысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем тағайындау туралы шешім қабылдауға негіз болған анық емес құжаттарды (мәліметтерді) ұсынуына байланысты тоқтатылады. Бұл ретте жұмысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем тағайындалған күнінен бастап тоқтатылады;
3) алушының жұмысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемді тоқтатуға өтініш беруіне байланысты тоқтатылады. Бұл ретте жұмысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем өтініш берілген айдан кейінгі айдың бірінші күнінен бастап тоқтатылады;
4) мансап орталығында алушыны жұмыссыз ретінде есептен шығарған айдан кейінгі айдың бірінші күнінен бастап;
5) алушының «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген негіздер бойынша Қазақстан Республикасының азаматтығын тоқтатқаны туралы мәліметтер келіп түскен айдан кейінгі айдың бірінші күнінен бастап тоқтатылады.
11-тарау. АТАУЛЫ ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕК
120-бап. Атаулы әлеуметтік көмек алу құқығы
1. Атаулы әлеуметтік көмек жан басына шаққандағы орташа кірісі кедейлік шегінен аспайтын Қазақстан Республикасының азаматтарына, Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын қандастарға, босқындарға, шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға беріледі.
2. Адамдардың (отбасылардың) шартсыз ақшалай көмек немесе шартты ақшалай көмек түріндегі атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар.
3. Қазақстан Республикасындағы кедейлік шегінің мөлшерін мемлекеттің экономикалық мүмкіндіктеріне қарай пайыздық мәнде жан басына шаққандағы ең төмен күнкөріс деңгейі шамасының негізінде уәкілетті мемлекеттік орган айқындайды.
4. Облыстар, республикалық маңызы бар қалалар, астана бойынша кедейлік шегін уәкілетті мемлекеттік орган айқындаған кедейлік шегінің мөлшерін негізге ала отырып, жергілікті атқарушы органдар тоқсан сайын есептейді.
Бұқаралық ақпарат құралдарында:
1) жергілікті атқарушы органдар тоқсан сайын - кедейлік шегі;
2) мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті орган жыл сайын республика, облыстар, республикалық маңызы бар қалалар, астана бойынша - кірісі ең төмен күнкөріс деңгейінен төмен халықтың үлесі туралы ақпаратты жариялайды.
5. Атаулы әлеуметтік көмек оны алуға құқығы бар отбасының әрбір мүшесіне тағайындалады.
Атаулы әлеуметтік көмек көрсету үшін отбасы құрамына:
1) мемлекеттің толық қамтамасыз етуіндегі;
2) мерзімді әскери қызметтегі;
3) бас бостандығынан айыру орындарындағы, мәжбүрлі емдеудегі адамдарды қоспағанда, некеден (ерлі-зайыптылықтан), туыстықтан, жекжаттықтан, бала асырап алудан немесе балаларды тәрбиелеуге алудың өзге нысанынан туындайтын мүліктік және жеке мүліктік емес құқықтармен және міндеттермен байланысқан, бірге тұратын отбасы мүшелері, сондай-ақ іс жүзінде бірге тұратын, бірақ некеде тұрмайтын адамдар енгізіледі.