2. Валюталау күні көрсетілген нұсқауды орындау кезінде ақша жөнелтушінің ақшасы ақша жөнелтуші банкінің ішкі баланстық шотына (транзиттік шотына) аударылады.
3. Ақша жөнелтушінің ақшасын ақша жөнелтуші банкінің арнайы транзиттік шотына аудару клиенттің нұсқауын орындау үшін осы Заңда белгіленген мерзімдерде, бірақ осы баптың 4 және 5-тармақтарында айқындалған мерзімдерден кешіктірілмей жүзеге асырылады.
4. Ақша жөнелтуші банкінің арнайы транзиттік шотынан ақша аударуды ақша жөнелтушінің банкі осы баптың 5-тармағында айқындалған тәртіппен бенефициар банкінің ақшаны бенефициардың банктік шотына есепке жатқызуына мүмкіндік беретін уақытты ескере отырып, төлем құжатында көрсетілген валюталау күнінен кешіктірмей жүзеге асырады.
5. Бенефициардың банкі ақшаны бенефициардың банктік шотына валюталау күнімен айқындалған операциялық күн ішінде есепке жатқызады.
Егер валюталау күні жұмыс істемейтін күнге сәйкес келсе, онда бенефициардың банкі ақшаны валюталау күні деп айқындалған күннен кейінгі бірінші жұмыс күні бенефициардың банктік шотына есепке жатқызады.
6. Төлем құжатында көрсетілген валюталау күніне сәйкес келмейтін операциялық күні ақша бенефициардың банктік шотына есепке жатқызылған кезде валюталау күні көрсетілген нұсқау шарттарын бұзған банк банктік шот шартында айқындалған тәртіппен жауаптылықта болады.
50-бап. Нұсқауды кері қайтару және орындауды тоқтата тұру
1. Нұсқауды кері қайтару және нұсқауды орындауды тоқтата тұру бастамашы ақша жөнелтушінің банкіне жіберген тиісті өкімінің негізінде оны орындағанға дейін және (немесе) ақша жөнелтушінің банкі бенефициарға төлемді оның пайдасына қабылдау туралы ақпаратты жібергенге дейін жүзеге асырылады. Кері қайтару туралы өкімді орындау мерзімі, сондай-ақ оны беру тәсілі шартта және (немесе) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.
2. Нұсқауды кері қайтару немесе нұсқауды орындауды тоқтата тұру туралы өкімді электрондық тәсілмен жіберу кезінде осы өкімдердің бастамашысы мен ақша жөнелтушінің банкі арасындағы шартта белгіленген қорғау әрекеттерінің тәртібі сақталады.
3. Нұсқауды кері қайтару туралы өкім уақтылы алынған кезде ақша жөнелтушінің банкі осы нұсқау бойынша ақша аударуды жүзеге асырмайды және оны осындай өкімді алған күннен кейінгі операциялық күннен кешіктірмей, бір мезгілде бастамашыға алынған өкімнің орындалғаны туралы хабарлама жібере отырып қайтарады.
4. Нұсқауды орындау Қазақстан Республикасының қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы iс-қимыл туралы заңнамасында көзделген жағдайларда, сондай-ақ егер ақша жөнелтушінің банкіне Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес банктік шоттағы ақшаға тыйым салу, мүлікке билік етуге уақытша шектеу қою туралы акт, ақша жөнелтушінің банктік шотында немесе ақша жөнелтушінің банкінде шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы уәкiлеттi мемлекеттік органның немесе лауазымды адамның шешiмi және (немесе) өкімі, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес осы нұсқаудан бұрын орындалуға жататын, ақша жөнелтушiнің ақшасын алып қою туралы уәкiлеттi мемлекеттік органның, лауазымды адамның немесе сот орындаушысының шешiмi берілсе, тоқтатыла тұрады. Ақша жөнелтушінің банкі жоғарыда көрсетілген негiздер бойынша нұсқауды орындауды тоқтата тұруға байланысты залалдар үшiн жауаптылықта болмайды.
5. Осы Заңның 25-бабының 10-тармағына сәйкес «электрондық үкіметтің» төлем шлюзі арқылы банктер мемлекеттік органдарға, соттарға мәліметтер мен ақпарат берген төлемдерді бюджетке төлеуге және мемлекеттік көрсетілетін қызметтерге ақы төлеуге байланысты төлемдер және (немесе) ақша аударымдары бойынша нұсқауды кері қайтарып алуға және нұсқаудың орындалуын тоқтата тұруға жол берілмейді.
6. Төлемді жүзеге асыруға, нұсқауды беруге және орындауға, банктің бенефициарға ақшаны беруіне немесе бенефициардың ақшаны алуына Қазақстан Республикасының заңдарымен өзіне уәкілеттік берілген мемлекеттік органдар немесе лауазымды адамдар тыйым салуы және Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген негіздер бойынша ғана тыйым салынуы мүмкін.
51-бап. Ақша жөнелтушінің тұрақты өкімін орындау
1. Ақша жөнелтушімен ақша жөнелтушінің банкі арасында айқындалған шарттарда ақша жөнелтушінің тұрақты өкімін ақша жөнелтуші белгіленген күні және (немесе) кезеңде бенефициардың пайдасына тұрақты төлемдер және (немесе) ақша аударымдарын жүзеге асыру үшін пайдаланады.
2. Ақша жөнелтушінің тұрақты өкімінің нысанын және мазмұнына қойылатын талаптарды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілейді.
3. Ақша жөнелтушінің тұрақты өкімі ақша жөнелтушінің банкі айқындаған тәртіппен қағаз жеткізгіште не электрондық нысанда ресімделуі мүмкін.
Ақша жөнелтушінің тұрақты өкімі қолданысының күшін жою үшін ақша жөнелтушінің банкі айқындаған тәртіппен ресімделген тиісті хабарлама ақша жөнелтушінің банкіне жіберіледі.
4. Ақша жөнелтушінің тұрақты өкімінде ақша жөнелтуші ақысын төлеуді ақша жөнелтушінің банкіне тапсыратын ақша жөнелтушінің ақшалай міндеттемесін растайтын бенефициар құжаттарының (растайтын құжаттар) атауы көрсетілуі мүмкін.
5. Ақша жөнелтушінің тұрақты өкімінің шарттарына сәйкес немесе ақша жөнелтушінің банкі растайтын құжаттарды алған кезде ақша жөнелтушінің банкі бенефициардың пайдасына Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде айқындалған тәртіппен ақша жөнелтушінің атынан төлем тапсырмасын қалыптастырады.
52-бап. Нұсқауды банктік шотты тікелей дебеттеу арқылы орындау
1. Ақша жөнелтушінің банктік шотын тiкелей дебеттеу:
1) ақша жөнелтушi мен ақша жөнелтушінің банкi арасында жасалған және ақша жөнелтушінің ақшалай міндеттемелерін орындау мақсатында берілген талаптарды орындау үшін негіз болып табылатын шартқа;
2) ақша жөнелтушi мен банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым арасында жасалған, қарыз (қарыз шарты, кредиттік желіні ашу туралы келісім немесе қарыз операциясы не кепілдік беру фактісін растайтын өзге де құжат) бойынша мерзімі өткен берешекті өндіріп алу үшін негіз болып табылатын шартқа сәйкес қойылатын төлем талабын не төлем ордерін пайдалана отырып, ақша жөнелтушінің банктік шотынан ақшаны есептен шығаруға берген оның алдын ала келісімі негізінде жүзеге асырылады.
2. Ақша жөнелтушi мен ақша жөнелтушінің банкi арасындағы шартта бенефициардың төлем құжаттарын орындауға ақша жөнелтушінің алдын ала келісімі көзделеді және бенефициардың (атауы, сәйкестендіру нөмірі) және шарттың (нөмірі, күні) деректемелері көрсетіледі, осыған сәйкес ақша жөнелтушінің банктік шотын тікелей дебеттеу арқылы төлемді жүзеге асыру үшін бенефициар төлем талабын пайдаланады.
Ақша жөнелтушінің осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген шарттарды көрсете отырып, ақша жөнелтушінің банкіне өтініш беруіне жол беріледі.
3. Қарыз шартында, кредиттікжеліні ашу туралы келісімде немесе қарыз операциясы не кепілдік беру фактісін растайтын өзге де құжатта ақша жөнелтушінің қарыз бойынша мерзімі өткен берешекті өндіріп алу туралы талап қойылған кезде өзінің банктік шотынан ақшаны алып қоюға келісімі қамтылуға тиіс.
4. Қарыз бойынша берешекті өндіріп алуға арналған төлем талабын қоюды қоспағанда, ақша жөнелтушінің ақшалай міндеттемесін растайтын бенефициардың құжаттары, егер осындай талап олардың арасындағы шартта көзделсе, төлем талабын қойған күннің алдындағы операциялық күннен кешіктірілмей ақша жөнелтушіге жіберіледі.
5. Ақша жөнелтушінің банктік шотын тікелей дебеттеу арқылы төлемді жүзеге асыру тәртібі Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде айқындалады.
6. Төлем талабының немесе төлем ордерінің негізінде банктік шотты тікелей дебеттеу арқылы ақша жөнелтушінің банктік шотынан ақша алып қоюдың негізділігі үшін бенефициар жауапты болады.
53-бап. Нұсқауды орындау үшін ақша жөнелтушінің қажетті ақша сомасы болмаған немесе жеткіліксіз болған кезде нұсқауды орындау
1. Қазақстан Республикасының заңнамасында не ақша жөнелтуші мен ақша жөнелтушінің банкі арасындағы шартта сақталуы көзделген нұсқауды орындау үшін ақша жөнелтушінің қажетті ақша сомасы болмаған не жеткіліксіз болған кезде ақша жөнелтушінің банкі алынған нұсқауларды қабылдауға және бір жыл бойы сақтауға міндетті.
2. Бенефициар Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасында көзделген қажетті құжаттар мен мәліметтерді ұсынужөніндегі әрекеттерді жасамаған кезде бенефициардың банкі жөнелтушіден алынған нұсқауларды қабылдауға және күнтізбелік бір жүз сексен күн бойы сақтауға міндетті.
Бенефициар осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген әрекеттерді орындамаған жағдайда, бенефициардың банкі күнтізбелік бір жүз сексен күн ішінде мұндай нұсқауларды жөнелтушісіне орындамай қайтаруға міндетті.
3. Ақша жөнелтуші банкінің осы баптың 1-тармағында көзделген нұсқауларды орындауы Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген нұсқауларды орындау кезектілігінің сақталуы ескеріле отырып, олардың банкке немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға келіп түсу тәртібінде күнтізбелік кезектілікпен жүргізіледі. Күнтізбелік кезектілік ақша жөнелтушінің банкіне нұсқаулардың келіп түсу күні мен уақытын көздейді.
4. Егер осы баптың 1-тармағында белгіленген мерзім өткеннен кейін ақша жөнелтушінің ақшасы жеткіліксіз болғаннан немесе болмағаннан жөнелтуші берген нұсқау орындалмаса, онда ақша жөнелтушінің банкі, инкассолық өкімді қоспағанда, мұндай нұсқауды жөнелтушісіне орындамай қайтаруға міндетті.
5. Қайта құрылымдау жоспарында көзделген шаралар кешенін жүзеге асыруға байланысты банкті немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымды қайта құрылымдау кезеңінде банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым қайта құрылымдау тоқтатылғанға дейін олар бойынша міндеттемелерді банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым тоқтата тұрған және қайта құрылымдау жоспарында бар нұсқауларды қабылдайды және сақтайды. Банкті немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымды қайта құрылымдау тоқтатылған жағдайда, банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым мұндай нұсқауды жөнелтушісіне орындамай қайтаруға міндетті.
Міндеттемелері тоқтатыла тұрмаған және қайта құрылымдау жоспарына енгізілмеген нұсқаулар осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында айқындалған тәртіппен орындалады.
54-бап. Сот актісін және сот орындаушысының қаулысын орындау
1. Қазақстан Республикасы сотының ақша өндіріп алу туралы сот актісі, сондай-ақ сот орындаушысының жеке тұлғаның, заңды тұлғаның банктік шоттарының, сондай-ақ заңды тұлға құрмай кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлғаның ағымдағы шоттарының бар екендігі және нөмірлері туралы ақпаратты талап етіп алдыру және борышкердің банктегі ақшасына тыйым салу туралы сот санкция берген қаулысы не оның атқарушылық іс жүргізу органының аумақтық бөлімінің мөрімен немесе жеке сот орындаушысының мөрімен куәландырылған көшірмесі, осы баптың 4-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, барлық банктерге ұсынылады.
2. Банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым осы баптың 1-тармағында көрсетілген құжаттар негізінде көрсетілген құжаттарды алған күннен бастап операциялық үш күн ішінде сотқа (сот орындаушысына) «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес қажетті мәліметтерді жіберуге міндетті.
3. Сот (сот орындаушысы) банктерден көрсетілген мәліметтерді алып, ақшаны өндіріп алу туралы сот актісін орындау жөніндегі міндет жүктелетін банкті (банктерді) айқындайды және мұндай банкке (банктерге) тиісті атқарушылық құжатты не соттың мөрімен куәландырылған көшірмесін қоса бере отырып, нұсқауды жібереді.
4. Егер сотта (сот орындаушысында) ақшаны өндіріп алу жүргізілуге тиіс тұлғаның банктік шотында ақшаның бар екендігі туралы мәліметтер болса, онда сот орындаушысының тиісті атқарушылық құжат қоса берілген нұсқауы тікелей тиісті банкке орындау үшін беріледі.
5. Соттың (сот орындаушысының) жеке және заңды тұлғаның және (немесе) оның құрылымдық бөлімшесінің банктік шоттарының, сондай-ақ заңды тұлға құрмай кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлғаның, жекеше нотариустың, жеке сот орындаушысының, адвокаттың, кәсіби медиатордың ағымдағы шоттарының бар екендігі және нөмірлері туралы, осы шоттардағы ақша қалдығы мен қозғалысы туралы ақпаратты талап етіп алдыруы, сондай-ақ борышкердің банктегі ақшасына тыйым салу қағаз жеткізгіште немесе электрондық нысанда жүзеге асырылады.
10-тарау. ТӨЛЕМДЕРДІ ЖӘНЕ (НЕМЕСЕ) АҚША АУДАРЫМДАРЫН АЯҚТАУ
55-бап. Төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын аяқтау
1. Егер төлем қолма-қол ақша пайдаланыла отырып жүзеге асырылса, онда пайдасына төлем жасалатын тұлға не бенефициар уәкiлеттік берген тұлға ақшаны алған кезде төлем аяқталады.
2. Егер төлем қолма-қол ақшаны пайдаланбай, төлем құжатын беру арқылы жүзеге асырылса, онда пайдасына төлем жасалатын тұлға ақшаны алған кезде төлем аяқталады.
3. Егер төлем қолма-қол ақшаны пайдаланбай, ақша аударымы арқылы жүзеге асырылса, онда:
1) бенефициардың пайдасына ақша түскен кезде оның банктік шоты бойынша бухгалтерлік жазба жасау;
2) егер бенефициардың банктік шоты болмаса, бенефициардың банкі бенефициарға қолма-қол ақшаны нақты беруі;
3) осы Заңның 46-бабының 9-тармағында көзделген есепке жатқызуды жүргізу;
4) бенефициардың пайдасына ақшаның қабылданғанын көрсететін өзге де шот бойынша бухгалтерлік жазба жасау арқылы ақша аударымы аяқталған кезде төлем аяқталады.
4. Ақшалай мiндеттеме немесе ақша төлеу туралы бұйрық қамтылатын төлем құжатын (чекті, вексельді) беру арқылы қолма-қол ақшасыз төлемді жүзеге асыру кезінде осы төлем бойынша міндеттемелерді орындау бенефициар чек, вексель бойынша ақша алған кезде аяқталады.
5. Егер төлем электрондық ақша беру арқылы жүзеге асырылса, онда пайдасына төлем жасалатын тұлға электрондық ақшаны алған кезде төлем аяқталады. Электрондық ақша жүйесінде қабылданған электрондық ақшаның, оның басқа тұлғаның - бенефициардың пайдасына түскендігін куәландыратын сомасы туралы ақпараттың көрсетілуі электрондық ақшаны алу кезі болып табылады.
56-бап. Рұқсат етілмеген төлемдер
1. Егер төлемді жасауға өкiлеттiгi бар тұлға осы төлемді жүргізсе және ол Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмесе, рұқсат етілген төлем болып табылады. Төлем ақша аударымы арқылы жүзеге асырылған жағдайда, егер ақша жөнелтушінің банкі нұсқауды рұқсат етілмеген төлемдерден қорғау әрекеттерінің белгіленген тәртібін сақтай отырып қабылдаған кезде де, төлем рұқсат етілген болып табылады.
2. Осы баптың 1-тармағында белгiленген талаптар сақталмай жүзеге асырылған төлем және (немесе) ақша аударымы рұқсат етілмеген болып табылады. Жалған төлем құралдарын пайдалана отырып жүргізілген төлемдер немесе ақша аударымдары да рұқсат етілмеген төлемдер және (немесе) ақша аударымдары болып табылады.
3. Қазақстан Республикасының заңнамасында және(немесе) нұсқау бастамашысы мен оны алушы арасындағы және нұсқауларға немесе бастамашының оларды керi қайтарып алу туралы өкiмдерге бастамашылық ету (рұқсат ету) туралы деректердi тексеруге және ықтимал қателердi анықтауға жасалған шартта белгiленген тиiстi нормаларды сақтау рұқсат етілмеген төлемдерден және (немесе) ақша аударымдарынан қорғау болып табылады.
4. Банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым немесе ақша жөнелтуші төлемдерді электрондық төлем құралдарының көмегімен жүзеге асыру кезінде рұқсат етілмеген төлемдерден қауіпсіздік рәсімдерін орындауды қамтамасыз етеді. Қауіпсіздік рәсімдеріне қойылатын талаптар Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.
5. Қорғау әрекеттерінің элементтері ретінде уәкілетті адамның (адамдардың) қолтаңбасы, оның ішінде электрондық-цифрлық қолтаңбасы, мөрлер, алгоритмдер, кодтар (цифрлық, символдар қолданылатын әріптік және аралас), сәйкестендіруші сөздер немесе сәйкестендіру кодтары, шифрлау, биометрикалық деректер немесе Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін қорғаудың өзге де тәсілдері пайдаланылуы мүмкін.
6. Қауіпсіздік рәсімдері төлемдерге және(немесе) ақша аударымдарына қатысушылар арасында жасалған шарттарда және (немесе) электрондық құжаттар беру жүзеге асырылатын электрондық құжаттар алмасу жүйесінің жұмыс істеу қағидаларында белгіленеді.
57-бап. Төлемдер және (немесе) ақша аударымдары бойынша ақшаны қайтару
1. Ақша аудару кезiнде ақшаны қайтару:
1) ақша аудару арқылы жүзеге асырылатын төлемнiң рұқсат етілмегендік фактiсi анықталған;
2) қате нұсқау орындалған жағдайларда жүзеге асырылады.
2. Егер нұсқауда:
1) алдыңғы жөнелтушіден алынған нұсқаудың деректемелеріне сәйкес келмейтін деректемелер болса;
2) қайталап берілген болса, бастамашы жіберген нұсқау қате болып табылады.
3. Қате нұсқау немесе рұқсат етілмеген төлем және (немесе) ақша аударымы бойынша ақшаны қайтаруды бенефициардың банкі бенефициардың көрсетілген ақша есепке жатқызылған банктік шотынан ақшаны оның келісімінсіз алып қоюы арқылы жүзеге асырады.
4. Қате нұсқау немесе рұқсат етілмеген төлем және (немесе) ақша аударымы бойынша ақшаны қайтаруды бенефициардың банкі осы факт анықталған күннен бастап келесі операциялық күннен кешіктірмей бенефициардың банктік шотындағы ақша есебінен, оның ішінде, егер банктік шот бойынша банктік шоттағы ақшаға тыйым салу және (немесе) мүлікке билік етуге уақытша шектеу қою туралы актілер және (немесе) уәкілетті мемлекеттік органдардың немесе лауазымды адамдардың банктік шот бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы шешімдері және (немесе) өкімдері және (немесе) белгіленбеген мерзімдерде орындалуға жататын орындалмаған нұсқаулар болған жағдайда, жүзеге асырады.
5. Бенефициардың банктік шотында ақша жеткіліксіз болған не болмаған жағдайларда, қате нұсқау немесе рұқсат етілмеген төлем және (немесе) ақша аударымы бойынша ақшаны қайтаруды қате нұсқауға немесе рұқсат етілмеген төлемге және (немесе) ақша аударымына жол берген жөнелтуші Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген тәртіппен және мерзімдерде өз ақшасы есебінен жүзеге асырады.
6. Ақшаны қайтару қате нұсқау немесе рұқсат етілмеген төлем және (немесе) ақша аударымы орындалған күннен бастап үш жыл өткен соң жүргізілмейді.
7. Ақшаны қайтарған кезде ақша аударуға қатысатын әрбір жөнелтушінің қате нұсқауға немесе рұқсат етілмеген төлемге және (немесе) ақша аударымына жол берген ақша аударуға қатысушының (оның ішінде делдал банктің) ақшасы есебінен осындай ақша аударымына байланысты және ақшаны қайтару салдарынан шеккен нақты шығыстарды өтетуге құқығы бар.
8. Қате немесе рұқсат етілмеген төлемдер және (немесе) аударымдар бойынша ақшаны қайтару тәртібі мен мерзімдері Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.
11-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
58-бап. Қазақстан Республикасының төлемдер және төлем жүйелері туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
1. Көрсетілетін төлем қызметтерін берушілер нұсқауда көрсетілгеннен басқа бенефициардың пайдасына немесе нұсқауда көрсетілгеннен басқа сомаға жасалған төлем және (немесе) ақша аударымы бойынша нұсқаудан негізсіз бас тартқаны немесе оны уақтылы орындамағаны не нұсқауды тиісінше орындамағаны үшін төлемге және (немесе) ақша аударымына қатысушылар өздерінің арасындағы шартта және Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде көзделген негіздер бойынша, тәртіппен және мөлшерлерде жауаптылықта болады.
2. Егер нұсқау орындалмаса, онда алдыңғы жөнелтушіден алынған нұсқауды орындамаған немесе тиісінше орындамаған көрсетілетін төлем қызметтерін беруші (оның ішінде делдал банк) оның алдында жауаптылықта болады. Егер ақша аударымы бенефициар банкінің кiнәсiнен орындалмаса, ақша жөнелтуші азаматтық-құқықтық мәміле бойынша бенефициардың алдында төлем бойынша жауаптылықта болмайды.
3. Егер ақша аударымдарын жасау қағидаларын бұзу төлемге және (немесе) ақша аударымына қатысушының басқаның ақшасын құқыққа сыйымсыз пайдалануымен байланысты болса, мұндай қатысушы ақшасын құқыққа сыйымсыз пайдаланған тұлғаға Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында көзделген тұрақсыздық айыбын төлейді.
4. Көрсетілетін төлем қызметтерін беруші, егер ол төлемді жүзеге асыру кезінде қорғау әрекеттерінің тәртібін сақтамаса, бірақ бұл ретте бенефициар ақшаны:
1) нұсқауда айқындалған;
2) бенефициар үшiн қолайлы мерзiмде;
3) нұсқауда айқындалған сомада алса;
4) егер ақша жөнелтушiге де, бенефициарға да нұқсан (залал) келтiрiлмесе, жауаптылықта болмайды.
5. Мүлікке билік етуге уақытша шектеу қою туралы актілерді, уәкілетті мемлекеттік органдардың немесе лауазымды адамдардың банктік шот бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы шешімдерін және (немесе) өкімдерін, банктік шот бойынша ақшаға тыйым салу туралы актілерді, сондай-ақ Қазақстан Республикасы сотының ақшаны өндіріп алу туралы сот актілерін, жеке тұлғаның және заңды тұлғаның банктік шоттарының, сондай-ақ заңды тұлғаны құрмай кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлғаның ағымдағы шоттарының бар екендігі және нөмірлері жөніндегі ақпаратты талап етіп алдыру туралы сот орындаушысының қаулыларын бұзғаны не орындамағаны үшін төлемге және (немесе) ақша аударымына қатысушылар Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде көзделген негіздер бойынша, тәртіппен және мөлшерлерде жауаптылықта болады.
59-бап. Өтпелі ережелер
1. Осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін банк және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым берген төлем құжаты жасалған қарыз шартына, кредиттік желі ашу туралы келісімге немесе қарыз операциясы не кепілдік беру фактісін растайтын өзге де құжатқа сәйкес қарыз бойынша мерзімі өткен берешекті өндіріп алу үшін төлем талабына теңестіріледі және осы Заңда айқындалған тәртіппен орындалуға жатады.
2. Көрсетілетін төлем қызметтерін көрсету жөніндегі қызметті жүзеге асыратын заңды тұлғалар, сондай-ақ төлем жүйелерінің операторлары осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай ішінде өз қызметін оның талаптарына сәйкес келтіруге тиіс.
3. Осы Заңның 5-бабының 5 және 6-тармақтарында көзделген талаптар осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін туындаған қатынастарға қолданылады.
4-тармақ 2017 ж. 1 маусымға дейін қолданылады
4. Осы Заңның 13-бабының 6-тармағы, қашықтан қол жеткізу және (немесе) электрондық терминалдар арқылы көрсетілетін электрондық төлем қызметтеріне арналған тарифтерді қоспағанда, көрсетілетін қызметтерді беруші алатын комиссиялардың барлық түріне қолданылады.
60-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Заң:
1) 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 32-баптың 6-тармағын және 35-баптың 6-тармағы екінші бөлігінің үшінші абзацын;
2) 2017 жылғы 1 маусымнан бастап қолданысқа енгізілетін 13-баптың 8, 9 және 10-тармақтарын, 47 және 48-баптарын;
3) 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 35-баптың 6-тармағы екінші бөлігінің төртінші абзацын;
4) 2020 жылғы 16 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізілетін 2-баптың 3-тармағын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
2. 46-баптың 2-тармағының бірінші бөлігі мен 5-тармағының бірінші бөлігі және 59-баптың 4-тармағы 2017 жылғы 1 маусымға дейін қолданылады.
3. «Ақша төлемi мен аударымы туралы» 1998 жылғы 29 маусымдағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1998 ж., № 11-12, 177-құжат; № 24, 445-құжат; 2000 ж., № 3-4, 66-құжат; 2003 ж., № 4, 25-құжат; № 10, 49, 51-құжаттар; № 15, 138-құжат; 2004 ж., № 23, 140-құжат; 2005 ж., № 14, 55-құжат; 2006 ж., № 11, 55-құжат; 2008 ж., № 23, 114-құжат; 2009 ж., № 17, 81-құжат; № 19, 88-құжат; 2010 ж., № 7, 28-құжат; 2011 ж., № 13, 116-құжат; 2012 ж., № 2, 14-құжат; № 10, 77-құжат; № 13, 91-құжат; 2013 ж., № 10-11, 56-құжат; 2014 ж., № 1, 9-құжат; № 11, 61-құжат; № 19-I, 19-II, 96-құжат; № 21, 122-құжат; 2015 ж., № 15, 78-құжат; № 20-IV, 113-құжат; № 22-I, 143-құжат; № 22-VI, 159-құжат) күші жойылды деп танылсын.