8. Мүлікке билік етуге уақытша шектеу қою туралы тиісті актілерді, уәкілетті мемлекеттік органдардың және (немесе) лауазымды адамдардың банктік шот бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы шешімдерін және (немесе) өкімдерін, сондай-ақ банктік шоттағы ақшаға тыйым салу құқығы бар тұлғалардың актілерін осы баптың 4-тармағына сәйкес банктік шот жабылғаннан кейін бес жұмыс күні ішінде банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым осы талаптарды қойған уәкілетті тұлғаларға қайтаруға тиіс.
9. Клиенттің банктік шотында (мемлекеттік бюджеттен және (немесе) Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін жәрдемақыларды, әлеуметтік төлемдерді немесе мемлекеттік бюджеттен және (немесе) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан және (немесе) ерікті жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін зейнетақыларды есепке жатқызуға арналған шоттарды қоспағанда) ақша қалдығы болған кезде банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым ақша қалдығын Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес нотариус депозитіне аударуға және банктік шотты жабуға құқылы.
10. Осы бапта көзделген жағдайларда, банктің банктік шотты жүргізгені үшін алатын комиссиясының мөлшері, банктің басқа клиенттердің банктік шотын жүргізгені үшін алатын комиссиясының ең жоғары мөлшерінен аспауға тиіс.
11. Банктік шот шартын немесе банктік салым шартын орындаудан біржақты бас тартылған кезде банк шарттардың өзінде белгіленген сыйақы туралы талаптарды ескере отырып, көрсетілген шарттарды орындаудан біржақты бас тартылған күнге сыйақы төлейді.
12. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актілерінде өзгеше көзделмесе, осы баптың қағидалары корреспонденттік шот шарттарына қолданылады.
6-тарау. ТӨЛЕМ ҚҰРАЛДАРЫ
30-бап. Төлем құралдарының түрлері
Қазақстан Республикасының аумағында төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын жүзеге асыру кезінде төлем құралдарының мынадай түрлері пайдаланылады:
1) төлем тапсырмасы;
2) төлем талабы;
3) чек;
4) вексель;
5) инкассолық өкім;
6) төлем ордері;
7) төлем хабарламасы;
8) электрондық төлем құралы.
31-бап. Төлем тапсырмасы
1. Төлем тапсырмасын пайдалануға байланысты ақша жөнелтушімен ақша жөнелтушінің банкі арасындағы құқықтар мен міндеттер олардың арасындағы жасалған шартта белгіленеді, ал олардың нақты іске асырылуы ақша жөнелтушінің банкіне төлем тапсырмасын ұсынған кезден бастап туындайды.
2. Ақша жөнелтушінің банкі төлем тапсырмасын онда көрсетілген үзінді көшірме жасалған күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде қабылдайды. Төлем тапсырмасында валюталау күні көрсетілуі мүмкін.
3. Бір ақша жөнелтушіден бір банкте немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын бір ұйымда қызмет көрсетілетін бірнеше бенефициардың пайдасына төлем және (немесе) ақша аударымы жүзеге асырылған не ақша жөнелтушінің банкі бір бенефициардың пайдасына бірнеше ақша жөнелтушінің нұсқауларын орындаған кезде жиынтық төлем тапсырмасын пайдалануға жол беріледі.
4. Қағаз жеткізгіште ресімделген жиынтық төлем тапсырмасына Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде айқындалған тәртіппен ақша жөнелтуші тұлғалардың не бенефициарлардың тізілімі қоса беріледі.
32-бап. Төлем талабы
1. Төлем талабын пайдалана отырып жасалатын төлемдер кезіндегі құқықтар мен міндеттер оны ақша жөнелтушінің банкіне ұсынған кезден бастап туындайды.
2. Төлем талабы, осы Заңның 26-бабында көзделген тәртіппен оны берген жағдайларды қоспағанда, бенефициардың банкіне немесе ақша жөнелтушінің банкіне онда көрсетілген үзінді көшірме жасалған күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде беріледі.
3. Банктердің және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың қарыз бойынша мерзімі өткен берешекті өндіріп алу үшін төлем талабын қою жағдайларын қоспағанда, бенефициардың төлем талабын қою құқығы ақша жөнелтуші мен ақша жөнелтушінің банкі арасындағы шартта белгіленеді.
4. Жасалған қарыз шартына, кредиттік желіні ашу туралы келісімге немесе қарыз операциясы не кепілдік беру фактісін растайтын өзге де құжатқа сәйкес қарыз бойынша мерзімі өткен берешекті өндіріп алу үшін банктің және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның төлем талабын пайдалануына жол беріледі.
Банк және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым ақша жөнелтушінің банкіне төлем талабын ақша жөнелтушінің банктік шотынан ақшаны алып қоюға оның келісімі қамтылған құжаттың негізінде қояды.
Қарыз бойынша берешекті өндіріп алу үшін төлем талабын қою тәртібі, сондай-ақ оған ақшаныалып қоюдың негізділігін растайтын құжаттардың көшірмелерін қоса берудің қажеттілігі туралы талаптар Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде айқындалады.
Ақшаныалып қоюдың негізділігін растайтын құжаттардың электрондық көшірмелерін банктер арасында орнатылған электрондық байланыс арналары арқылы жіберуге жол беріледі. Қарыз бойынша берешекті өндіріп алу үшін төлем талабын қоюдың негізділігіне өндіріп алушы жауапты болады.
5. Банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым ақша жөнелтушінің:
1) ақша жөнелтуші мен ақша жөнелтушінің банкі арасында жасалған шартта;
2) қарыз шартында, кредиттік желіні ашу туралы келісімде немесе қарыз операциясы не кепілдік беру фактісін растайтын өзге де құжатта қамтылған банктік шотынан ақша алып қоюға келісімі болған кезде төлем талабын ақша жөнелтушінің банктік шотын тікелей дебеттеу арқылы орындайды.
6-тармақ 2017 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
6. Ақша жөнелтушінің банктік шотында ақша жеткіліксіз болған кезде оның банктік шотын тікелей дебеттеу арқылы төлем талабын орындау ақшаның банктік шотқа түсуіне қарай жүзеге асырылады.
Ақша жөнелтуші жеке тұлғаның ағымдағы шотына қойылған төлем талабы оның ағымдағы шотын ондағы ақша сомасының және (немесе) кейіннен оның ағымдағы шотына түсетін әрбір ақша сомасының елу пайызы шегінде, төлем талабында көрсетілген барлық соманың түсуін күтпестен, тікелей дебеттеу арқылы орындалады.
33-бап. Чек
1. Чек берушi мен банктiң чектi пайдалануға байланысты құқықтары мен мiндеттерi чек берушi мен банк арасындағы чектердi пайдалану туралы шарт негiзiнде туындайды. Чек ұстаушының құқықтары чек берушiден чекті алған кезден бастап туындайды.
2. Чек ұстаушы чекті Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде белгіленген мерзімде қабылдайды және чек ұстаушы чек берушінің банкіне не чек ұстаушының банкіне береді.
3. Чек берушiнiң чекті беруі орындау үшін осындай чек жазылып берiлген төлемнің аяқталуы болып табылмайды. Чек берушінің ақшалай міндеттемесі чек ұстаушы чек бойынша ақшаны алған кезде түпкілікті орындалады.
4. Чек ұстаушыда чекте көрсетiлген сомадағы чек берушiнiң банкiне қойылатын ақшалай талабының құқығы туындайды. Чек берушiнiң банкi чек ұстаушы ұсынған чектi төлейдi не Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде көзделген негіздер бойынша оны төлеуден уәжді түрде бас тартады.
5. Чектер жабылған және жабылмаған болып бөлiнедi. Ақшамен алдын ала қамтамасыз етiлмеген чектер жабылмаған чектер болып табылады. Чек берушi алдын ала банкке енгiзген ақшамен қамтамасыз етiлген чектер жабылған чектер болып табылады.
34-бап. Вексель
Вексельдердi қолма-қол ақшасыз төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын жүзеге асыру үшін қолдану Қазақстан Республикасының вексель заңнамасымен реттеледi.
35-бап. Инкассолық өкім
1. Клиенттiң банктік шотынан ақшаны оның келісімiнсiз алып қою Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген негiздер бойынша және кезектiлiктiң сақталуы ескеріле отырып, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнің нормативтік құқықтық актісінде белгiленген тәртiппен инкассолық өкiм пайдаланыла отырып жүргiзiледi.
2. Төлемге және (немесе) ақша аударымына қатысушының құқықтары мен мiндеттерi ақша жөнелтушiнiң банкiне инкассолық өкiм берілген кезден бастап туындайды.
3. Инкассолық өкімді мемлекеттік кіріс органдары және сот орындаушылары береді.
4. Сот орындаушыларының инкассолық өкімі Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген нормалардың негізінде осы өндіріп алудың негізділігін растайтын атқарушылық құжаттардың көшірмелерін қағаз жеткізгіште не электрондық нысанда қоса беріле отырып, ақша жөнелтушінің банкіне беріледі.
5. Егер атқарушылық құжаттың мәтінінде өзгеше белгіленбесе, ақша жөнелтушінің банктік шотынан ақшаны оның келісімінсіз алып қоюдың негізділігін растайтын атқарушылық құжат банкке немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға сот орындаушысының бір ғана инкассолық өкімін беру үшін негіз болып табылады. Борышкер борышты өзі дербес ішінара төлеуді жүргізген және атқарушылық құжатта сот орындаушысының бұл жөнінде белгісі болған не бір атқарушылық парақтың негізінде бірнеше бенефициардың пайдасына борыштыортақ өндіріп алу жүзеге асырылған жағдайларды қоспағанда, атқарушылық құжатта көрсетілген төлем және (немесе) ақша аударымы сомасы (ол бар болса) инкассолық өкімде көрсетілген сомаға сәйкес келуге тиіс.
6. Мемлекеттік кіріс органдарының инкассолық өкімдері осы өндіріп алудың негізділігін растайтын құжаттар қоса тіркелместен беріледі.
Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру, міндетті әлеуметтік сақтандыру, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заңнамасында айқындалған тиісті тізімдер қоса беріле отырып, банктерге немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға мемлекеттік кіріс органдарының:
мiндеттi зейнетақы жарналары, мiндеттi кәсіптік зейнетақы жарналары, әлеуметтік аударымдар;
6-тармақтың екінші бөлігінің үшінші абзацы 2017 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдар және(немесе) жарналар;
6-тармақтың екінші бөлігінің төртінші абзацы 2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары бойынша берешектi өндiрiп алуға арналған инкассолық өкiмдерi беріледі.
7. Инкассолық өкiмде төлемнің мақсаты және ақша жөнелтушiнiң банктік шотынан ақшаны оның келісімінсіз алып қою құқығы көзделетiн Қазақстан Республикасы заңының нормасына сілтеме көрсетіледі.
8. Ақша жөнелтушінің банктік шотында ақша жеткіліксіз болған кезде салық берешегін өндіріп алу туралы мемлекеттік кіріс органдарының және атқарушылық құжаттар бойынша сот орындаушыларының инкассолық өкімдерін орындау осындай шотқа ақшаның түсуіне қарай жүргізіледі.
9. Ақша жөнелтушiнiң банктік шотынан оның келісімiнсiз ақшаны алып қоюдың негiздiлiгi үшiн инкассолық өкімнің бастамашысы жауаптылықта болады. Банктер және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар ақша жөнелтушілердің банктік шоттарынан ақшаны олардың келісімінсіз есептен шығаруға қарсы білдірген қарсылықтарын мәні бойынша қарамайды.
36-бап. Төлем ордері
1. Ақша жөнелтуші мен ақша жөнелтушінің банкі арасындағы, оның ішінде ақша жөнелтушінің банкі мен бенефициар бір тұлға болып табылғандағы, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде көзделген жағдайлардағы қолма-қол ақшасыз төлем және (немесе) ақша аударымы төлем ордері негізінде жүзеге асырылады.
2. Төлем ордерінде банктің (ақша жөнелтушінің банкі мен бенефициардың банкі) немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның атауы бір рет көрсетілуі мүмкін.
37-бап. Төлем хабарламасы
1. Төлем хабарламасы ақша жөнелтушінің банктік шотын ашпай қолма-қол ақшасыз төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын жүзеге асыру кезінде пайдаланылады.
2. Төлем хабарламаларын беру және орындау тәртібі Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде айқындалады.
3. Банктік шотты ашпай электрондық терминалдар арқылы төлемдерді және(немесе) ақша аударымдарын жүзеге асыру кезінде ақша жөнелтушіге деректемелері Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнің нормативтік құқықтық актісінде белгіленетін чек беріледі.
38-бап. Электрондық төлем құралы
1. Электрондық төлем құралын пайдалану осы Заңда және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнің нормативтік құқықтық актілерінде айқындалған тәртіппен жүзеге асырылады.
2. Электрондық төлем құралын пайдалана отырып жасалатын операциялар бойынша төлем және (немесе) ақша аударымы сәйкестендіру құралы арқылы расталған электрондық төлем құралын ұстаушының келісімі негізінде жүзеге асырылады.
3. Төлемді және (немесе) ақша аударымын жүзеге асыру кезінде электрондық төлем құралын ұстаушының келісімін беру және растау тәртібі мен тәсілі электрондық төлем құралының эмитенті - банк пен электрондық төлем құралын ұстаушы арасында жасалған шартта белгіленеді.
7-тарау. ТӨЛЕМ КАРТОЧКАСЫ
39-бап. Төлем карточкасын шығару және пайдалану
1. Қазақстан Республикасының аумағында төлем карточкаларын шығаруды төлем карточкасын шығаруға құқығы бар Қазақстан Республикасының көрсетілетін төлем қызметтерін берушілер жүзеге асырады. Төлем карточкаларын шығару және пайдалану төлем карточкасы эмитентінің төлем карточкасын ұстаушымен жасаған шарты негізінде жүзеге асырылады. Төлем карточкасының эмитенті өзге де ұйымдармен бірлесіп, төлем және өзге де көрсетілетін қызмет түрлерін ұстаушыларға оларды ұсыну үшін өздерінің арасында жасалған шарттардың тәртібі мен талаптарында төлем карточкаларын шығаруға құқылы. Негізге алынып төлем карточкаларын шығару және пайдалану жүзеге асырылатын шартты жасасу тәсілі мен талаптары Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнің нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.
2. Төлем карточкасының эмитенті Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнің нормативтік құқықтық актісінде айқындалған тәртіппен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiн төлем карточкаларын шығарғаны туралы хабардар етеді.
3. Төлем карточкасының эмитенті төлем карточкасын ұстаушымен төлем карточкасын пайдалану туралы шарт жасасқанға дейін төлем карточкасын ұстаушыны төлем карточкасын пайдалану кезіндегі талаптар мен қауіпсіздік шаралары туралы, наразылықтарды беру тәсілдері мен оларды қарау тәртібі туралы хабардар етуге міндетті.
4. Егер осы тармақта өзгеше белгіленбесе, ортақ пайдаланылатын телекоммуникациялар желісі жоқ жерлердегіні қоспағанда, жекелеген қызмет түрлерін жүзеге асыратын және Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес бюджетпен есеп айырысудың жалпыға бірдей белгіленген тәртібін қолданатын дара кәсіпкерлер және (немесе) заңды тұлғалар өз қызметін жүзеге асыратын орындарда төлем карточкаларын пайдалана отырып, төлемдер қабылдауға арналған жабдықтарды (құрылғыларды) орнатуды және қолдануды қамтамасыз етуге, сондай-ақ төлем карточкаларын пайдалана отырып, төлемдерді қабылдауға міндетті. Жекелеген қызмет түрлерінің және төлем карточкаларын пайдалана отырып, төлемдер қабылдауға арналған жабдықтарды (құрылғыларды) қолданудың тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді. Ортақ пайдаланылатын телекоммуникациялар желісі жоқ жерлерді қоспағанда, Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес арнаулы салық режимін қолданатын және қызметін астанада, республикалық және облыстық маңызы бар қалаларда жүзеге асыратын дара кәсіпкерлер және (немесе) заңды тұлғалар осындай жабдықтарды (құрылғыларды) орнатуды және қолдануды қамтамасыз етуге, сондай-ақ төлем карточкаларын пайдалана отырып, төлемдер қабылдауға міндетті. Осы бапта белгіленген талаптар сауда операциялары, жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету кезінде қолма-қол ақшаны пайдаланбастан ақшалай есеп айырысуды жүзеге асыратын дара кәсіпкерге және (немесе) заңды тұлғаға қолданылмайды.
5. Төлем карточкасының эмитенті өзінің интернет-ресурсында төлем карточкасының түрлері мен оны беру шарттары туралы ақпаратты, төлем карточкасын беру туралы үлгілік шартты, төлем карточкасын пайдалану кезіндегі қауіпсіздік шаралары туралы ақпаратты орналастырады.
6. Төлем карточкасының эмитенті төлем карточкасын ұстаушыны төлем карточкасына қызмет көрсету үшін алынатын комиссияның мөлшері не оны төлемеген кезде берешекті есепке жазу туралы хабардар етеді, сондай-ақ төлем карточкасын ұстаушыға өздерінің арасындағы шартта көзделген тәртіппен оның төлем карточкасына қызмет көрсеткені үшін төлем карточкасын ұстаушының комиссияны төлеу фактісін растауды ұсынуын қамтамасыз етеді.
40-бап. Төлем карточкасын пайдалана отырып жүргізілетін төлемдер және (немесе) ақша аударымдары
1. Төлем карточкасын пайдалана отырып жүргізілетін төлем және (немесе) ақша аударымы Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнің нормативтік құқықтық актісінде айқындалған тәртіппен жүзеге асырылады.
2. Төлемге және (немесе) ақша аударымына қатысушылардың төлем карточкаларын пайдалануға байланысты құқықтары мен міндеттері дара кәсіпкер немесе заңды тұлға ұсынылған төлем карточкасын пайдалана отырып жүзеге асырылатын төлемді қабылдауға келісім берген кезден бастап туындайды. Дара кәсіпкердің немесе заңды тұлғаның өзімен төлем карточкасына қызмет көрсету туралы келісім жасасқан банкке қатысты өзі қабылдаған төлем сомасында ақшалай талап құқығы туындайды. Көрсетілген банкте дара кәсіпкердің немесе заңды тұлғаның ақшалай талабын орындау міндеті туындайды.
3. Дара кәсіпкерлер және заңды тұлғалар төлем карточкаларын пайдалана отырып төлемдерді қабылдаған кезде тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) қолма-қол ақша төленген кездегі олардың сатылу бағасынан аспайтын бағамен сатуды жүзеге асыруға міндетті.
4. Төлем карточкасының эмитенті төлем карточкасын ұстаушыны төлем карточкасын пайдалана отырып жасалған операциялар туралы өздерінің арасындағы шартта көзделген жағдайларда және тәртіппен хабардар етеді. Осындай хабарламаны жіберудің тәсілі мен кезеңділігі, сондай-ақ төлем карточкасын ұстаушыны төлем карточкасын пайдалана отырып жасалған операциялар туралы хабардар еткені үшін төлем карточкасы эмитентінің комиссия мөлшері мен оны алу тәртібі төлем карточкасының эмитенті мен төлем карточкасын ұстаушы арасындағы шартта белгіленеді.
5. Төлем карточкасының эмитенті төлем карточкасын ұстаушының төлем карточкасын жоғалтуы және (немесе) төлем карточкасының рұқсатсыз пайдаланылуы туралы хабарламаны тәулік бойы жіберу мүмкіндігін қамтамасыз етуге тиіс.
6. Төлем карточкасын ұстаушы төлем карточкасының жоғалу немесе төлем карточкасының рұқсатсыз пайдаланылу фактісін анықтаған кезде бұл туралы төлем карточкасының эмитентін өздерінің арасындағы шартта белгіленген тәсілмен хабардар етеді. Төлем карточкасының эмитенті төлем карточкасын ұстаушының хабарламасы негізінде оның төлем карточкасын бұғаттайды.
Төлем карточкасының эмитенті төлем карточкасын ұстаушымен жасалған шартқа сәйкес рұқсат етілмеген операция бойынша ақшаны өзі дербес өтеген жағдайларды қоспағанда, төлем карточкасын ұстаушы рұқсат етілмеген операцияны өтеу үшін төлем карточкасының эмитенті белгілеген нысан бойынша өтінішті төлем карточкасының эмитентіне ұсынады.
7. Төлем карточкасының эмитенті төлем карточкасының жоғалуы және(немесе) төлем карточкасының рұқсатсыз пайдаланылуы туралы төлем карточкасын ұстаушының хабарламасын алғаннан кейін рұқсат етілмеген операциялар жасалған жағдайда, олар үшін жауаптылықта болады.
8. Төлем карточкасының эмитенті төлем карточкасын ұстаушының рұқсат етілмеген операцияны өтеу туралы өтініші негізінде рұқсат етілмеген төлем фактісін анықтау бойынша шаралар қолданады және осындай өтінішті алған күннен бастап күнтізбелік он бес күн ішінде оған рұқсат етілмеген операция мөлшерінде ақша сомасын өтейді не өздерінің арасындағы шартта көзделген тәсілмен себебін көрсете отырып, рұқсат етілмеген операцияны өтеуден бас тарту туралы хабарлама жібереді.
Үшінші тұлғалардан ақпаратты алу не тексеру жүргізу арқылы қосымша зерделеу қажет болған жағдайда, төлем карточкасының эмитенті төлем карточкасын ұстаушының өтінішін қарайды және ол бойынша Қазақстан Республикасы ішіндегі операциялар бойынша күнтізбелік отыз күн немесе шетелде жасалған операциялар бойынша күнтізбелік алпыс күн ішінде шешім қабылдайды және бұл туралы төлем карточкасын ұстаушыны өздерінің арасындағы шартта белгіленген тәсілмен хабардар етеді.
Төлем карточкалары эмитентінің рұқсат етілмеген операцияны өтеуден бас тартуы төлем карточкасын ұстаушының төлем карточкасын пайдалану қағидаларын бұзуын не оның төлем карточкасын пайдалана отырып алаяқтық операцияларға қатысуын растайтын негіздер, белгілер немесе фактілер болған кезде жүзеге асырылады.
9. Төлем карточкасының эмитентін төлем карточкасының жоғалуы немесе төлем карточкасының рұқсатсыз пайдаланылуы туралы хабардар етпеген жағдайда, төлем карточкасын ұстаушы төлем карточкасының жоғалуына немесе төлем карточкасының рұқсатсыз пайдаланылуына байланысты барлық тәуекелдерді көтереді.
10. Төлем карточкасының эмитенті төлем карточкасын ұстаушыға оның төлем карточкасын пайдалануына байланысты құжаттарды және ақпаратты шартта айқындалған тәртіппен ұсынуға міндетті.
11. Төлем карточкасының эмитенті төлем карточкасын ұстаушыға жіберілген және одан алынған хабарламаларды тіркейді, сондай-ақ тиісті ақпаратты жіберген және алған күннен бастап оларды кемінде үш жыл сақтайды.
12. Төлем карточкасының эмитенті төлем карточкасын ұстаушының өтініштерін, оның ішінде төлем карточкасын немесе оның деректемелерін пайдалануға байланысты даулы жағдайлар туындаған кезде шартта белгіленген, бірақ осындай өтініштерді алған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен аспайтын мерзімде, сондай-ақ төлем карточкасы шетелде пайдаланылған жағдайда, өтініштерді алған күннен бастап күнтізбелік қырық бес күннен аспайтын мерзімде қарайды. Төлем карточкасын ұстаушыға өтініштерді қараудың нәтижелері туралы, оның ішінде жазбаша нысанда ақпарат (төлем карточкасын ұстаушының талабы бойынша) жіберіледі.
13. Төлем карточкасының эмитенті ұстаушыдан алған хабарлама негізінде немесе ұстаушы төлем карточкасын пайдалану тәртібін бұзған кезде шартқа сәйкес эмитенттің бастамасы бойынша оны төлем карточкасын ұстаушының оны пайдалануын тоқтата тұрады немесе тоқтатады.
14. Төлем карточкасын ұстаушының төлем карточкасын пайдалануын тоқтата тұру немесе тоқтату төлем карточкасын ұстаушының және эмитенттің көрсетілген пайдалануды тоқтата тұрған немесе тоқтатқан кезге дейін туындаған міндеттемелерін тоқтатпайды.
41-бап. Төлем карточкаларын пайдалана отырып жасалатын операциялар бойынша банкаралық төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын жүзеге асыру ерекшеліктері
1. Өздері шығарған төлем карточкалары пайдаланыла отырып, Қазақстан Республикасының аумағында жасалған операциялар бойынша Қазақстан Республикасының банктері арасындағы төлемдерді өңдеу және төлемдер клирингі Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде айқындалған тәртіппен жүзеге асырылады.
2. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Қазақстан Республикасының резидент банктері шығарған төлем карточкалары пайдаланыла отырып, Қазақстан Республикасының аумағында жасалған банкаралық операцияларға қызмет көрсету жүйесін осы жүйенің жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін операциялық және технологиялық функцияларды жүйелік маңызы бар төлем жүйесінің операциялық орталығына беру не арнайы ұйым құру арқылы ұйымдастыруға құқығы бар.
Мұндай арнайы ұйымның қызметін жүзеге асыру және төлем карточкалары эмитенттерінің - банктердің аталған ұйыммен өзара іс-қимыл жасау тәртібіне қойылатын талаптар Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.
8-тарау. ЭЛЕКТРОНДЫҚ АҚША
42-бап. Электрондық ақша эмитенттері, иелері және электрондық ақша жүйесінің операторы
1. Электрондық ақша эмитенттері Қазақстан Республикасының аумағында шығаратын электрондық ақша Қазақстан Республикасының ұлттық валютасында ғана номиналдануға (көрсетілуге) тиіс.
2. Электрондық ақшаны Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі, банктер және Ұлттық пошта операторы шығаруға құқылы.
3. Мыналар:
1) электрондық ақша эмитентінен, агенттен немесе өзге де жеке тұлғалардан электрондық ақшаны алған жеке тұлғалар;
2) агенттер;
3) жеке тұлғалардан азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша төлемақы ретінде электрондық ақшаны алған дара кәсіпкерлер және заңды тұлғалар электрондық ақша иелері болып табылуы мүмкін.