22. Жұмыс органы тәуелсіз сараптамалық комиссияның ұсынымдары бар үміткерлердің материалдарын Республикалық комиссияның қарауы үшін үшінші турға енгізеді.
23. Республикалық комиссия тәуелсіз сараптамалық комиссияның ұсынымдары негізінде «Болашақ» стипендиясын тағайындау не тағайындаудан бас тарту туралы түпкілікті шешім қабылдайды, ол туралы үміткер Әкімшінің ресми интернет-ресурсында орналастыру арқылы хабардар етіледі.
24. Республикалық комиссияның шешімінде ауылдық елді мекендерден шыққан үміткерлердің Жұмыс органы бекітетін тілдік курстардың ұзақтығы кестесіне сәйкес мерзімі 6 (алты) айдан аспайтын тілдік курстардан өтуінің (ағылшын тілін үйрену үшін Қазақстан Республикасында жүзеге асырылады) қажеттігі көрсетіледі.
Қазақстан Республикасында тілдік курстардан өткен соң конкурс жеңімпазы шет тілін білудің қажетті деңгейін анықтау үшін қорытынды бақылау тестін тапсырады.
Тілдік курстардан өту сәтінде Тізімге кіретін шетелдік жоғары оқу орнына академиялық оқуға сөзсіз қабылданғанын растайтын құжат алған конкурс жеңімпазы қорытынды бақылау тестін тапсырудан босатылады.
Егер қорытынды бақылау тест бойынша шет тілін білудің қажетті деңгейіне қол жеткізілмесе, онда конкурс жеңімпазына оны өтпеген күннен бастап 6 (алты) ай ішінде өз қаражаты есебінен қайтадан тапсыруға бір рет мүмкіндік беріледі.
Қорытынды бақылау тест тапсырылған кезде шет тілін білудің қажетті деңгейін Жұмыс органы шетелдік серіктестердің талаптарын ескере отырып белгілейді.
Егер конкурс жеңімпазы қорытынды бақылау тестін қайтадан тапсырмаса және шетелдік жоғары оқу орнына түсу үшін шет тілін білудің қажетті деңгейін осы тармаққа сәйкес белгіленген мерзімде меңгермесе, ол Республикалық комиссияның шешімі бойынша «Болашақ» стипендиясы бойынша одан әрі тілдік курстардан өту, академиялық оқу құқығынан айырылады және Республикалық комиссияның «Болашақ» стипендиясын тағайындау туралы шешімі шыққан күннен бастап өзіне жұмсалған барлық шығыстарды өтейді.
25. Магистр дәрежесін алуға арналған конкурс жеңімпаздары академиялық оқу елінде қажеттілігіне қарай магистратура алдындағы дайындықтан өтеді.
26. Республикалық комиссия шешімімен «Болашақ» стипендиясын тағайындаудан бас тартылған үміткерлердің ағымдағы жылғы конкурсқа қайтадан қатысуына жол берілмейді.
27. Конкурс жеңімпазы өзіне «Болашақ» стипендиясын тағайындау туралы Республикалық комиссия шешім шығарған күннен бастап күнтізбелік 90 (тоқсан) күн ішінде Әкімшімен Жұмыс органы бекіткен үлгілік нысандар бойынша оқу шартын/тағылымдамадан өту туралы шарт (бұдан әрі - шарт) жасасады, онда міндетті түрде мыналар қамтылуға тиіс:
1) шарттың нысанасы;
2) тараптардың құқықтары мен міндеттемелері;
3) осы Қағидаларда көзделген жағдайларда өзін оқытуға/тағылымдамадан өткізуге жұмсалған шығыстарды өтеу бойынша міндеттемелерді конкурс жеңімпазының орындауын қамтамасыз ету тәсілі;
4) «Болашақ» стипендиясы бойынша оқудың/тағылымдамадан өтудің мерзімі мен шарттары;
5) конкурс жеңімпазының шетелде академиялық оқуын аяқтағаннан немесе тағылымдамадан өткеннен кейін Қазақстан Республикасына міндетті түрде оралуы және «Болашақ» стипендиясы шеңберінде алған мамандығы бойынша үздіксіз еңбек қызметін мынадай мерзімдерде және өлшемшарттармен жүзеге асыруы туралы шарт:
астанада немесе республикалық маңызы бар қалаларда, Қазақстан Республикасының шегінен тыс кемінде бес жыл не осы Қағидалардың 4-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген тұлғалар үшін Қазақстан Республикасының өзге өңірлерінде, Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан ұйымдарда, қазақстандық және шетелдік ұйымдардың филиалдарында, өкілдіктерінде не акциялары (жарғылық капиталға қатысу үлесі) Қазақстан Республикасына не ұлттық компанияларға тиесілі Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде орналасқан ұйымдарда кемінде үш жыл;
осы Қағидалардың 4-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген тұлғалар үшін жұмыс берушінің өтініміне сәйкес өздерін жіберген ұйымдарда, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан жұмыс берушінің филиалдарында, өкілдіктерінде не жұмыс берушінің келісімі болғанда Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан өзге ұйымдарда кемінде үш жыл;
осы Қағидалардың 4-тармағында көрсетілген барлық санаттар үшін қалаларда (облыс орталықтарында), облыстық, аудандық маңызы бар қалаларда және облыстың өзге де аудандарында мемлекеттік қызметте, сондай-ақ білім беру оқу бағдарламаларын іске асыратын бастауыш, орта, ортадан кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі деңгейдегі білім беру ұйымдарында, еңбек қызметін қоса атқармай жүзеге асыру шартымен кемінде үш жыл;
6) конкурс жеңімпазы өз міндеттемелерін орындамаған не тиісінше орындамаған жағдайда Жұмсау бағытында көзделген шығыстарды қаржыландыруды тоқтата тұру туралы шарт;
7) еңсерілмес күш жағдайларының туындауы салдарынан конкурс жеңімпазын өз міндеттемелерін орындамағаны не тиісінше орындамағаны үшін жауапкершіліктен босату туралы шарт;
8) осы Қағидалардың 4-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген үміткерлер үшін жұмыс берушінің жұмыс орнын (лауазымын) сақтауының міндеттілігі бойынша шарт;
9) еңбек қызметін жүзеге асыруын растайтын құжаттарды ұсыну міндеттілігі туралы шарт.
28. Конкурс жеңімпазы осы Қағидалардың 27-тармағында көрсетілген мерзімде шарт жасамаған, конкурсқа қатысу үшін көрінеу жалған мәлімет ұсынған, шарт бойынша өз міндеттемелерін орындамаған не тиісінше орындамаған жағдайда конкурс жеңімпазын «Болашақ» стипендиясынан айыру туралы мәселені Республикалық комиссияның қарауына бастама жасалады.
29. Шарт конкурс жеңімпазының оқуын/тағылымдамадан өтуін ұйымдастыру бойынша «Болашақ» стипендиясы тағайындалған күннен бастап Жұмсау бағытына сәйкес туындаған барлық шығыстарды төлеуге байланысты ақшаны аудару үшін негіз болып табылады.
30. Шарт жасалған соң және осы Қағидалардың 27-тармағының 3) тармақшасындағы талаптар орындалғаннан кейін конкурс жеңімпаздарын шетелдік жоғары оқу орындарына, шетелдік ұйымдарға оқуға/тағылымдамадан өтуге жіберу және осы Қағидалардың 29-тармағына сәйкес ақшаны аудару қамтамасыз етіледі.
31. Конкурс жеңімпазы «Болашақ» стипендиясынан бас тартқан не Республикалық комиссияның шешімі бойынша одан айырылған жағдайда Республикалық комиссия «Болашақ» стипендиясын тағайындау туралы шешім қабылдаған күннен бастап оған жұмсалған барлық шығыстар, оған қоса тұрақсыздық айыбы (айыппұл) өтелуге тиіс.
Егер «Болашақ» стипендиясынан бас тарту не одан айырылу еңсерілмес күш, атап айтқанда: өрт, су тасқыны, жер сілкінісі, ұрыс қимылдары, блокадалар, стипендия иегерінің медициналық-әлеуметтік сараптаманың тиісті анықтамасымен расталған науқастануы, заңнамадағы өзгерістер, мемлекеттік органдардың актілер шығаруы және басқа да мән-жайлар туындауының салдары болып табылса, егер олар шарттық міндеттемелерді орындауға тікелей әсер етсе, мұндай әсер етуге кедергі болу мүмкін болмаған және қалыптасқан жағдайларда қолданылуға болатын барлық ықтимал шаралар мен әрекеттер қабылданған жағдайда «Болашақ» стипендиясынан айырылған не одан бас тартқан тұлғалар шығыстарды өтеуден және тұрақсыздық айыбын (айыппұлды) төлеуден босатылады.
32. Жұмыс органы «Болашақ» стипендиясынан бас тартқан не одан айырылған, сондай-ақ Әкімші алдында қаржылық берешегі бар конкурс жеңімпаздарын оқытуға жұмсалған бюджеттік қаражатты қайтаруға байланысты жұмысты ұйымдастыру тәртібін әзірлейді және бекітеді.
ҚР Үкіметінің 2012.27.03. № 355 Қаулысымен қосымшамен толықтырылды
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2008 жылғы 11 маусымдағы
№ 573 қаулысына
қосымша
«Болашақ» халықаралық стипендиясын жұмсау
бағыттары
ҚР Үкіметінің 2017.19.05. № 279 Қаулысымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); ҚР Үкіметінің 2018.27.03. № 143 Қаулысымен (бұр.ред.қара); 2020.06.05. № 271 Қаулысымен (бұр.ред.қара) 1-тармақ өзгертілді
1. «Болашақ» халықаралық стипендиясын (бұдан әрі - «Болашақ» стипендиясы) жұмсау бағыттары «Болашақ» стипендиясын тағайындау конкурсы жеңімпаздарының (бұдан әрі - конкурс жеңімпазы) оқуын немесе тағылымдамадан өтуін ұйымдастыруға байланысты мынадай шығыстарды төлеуді қамтиды:
1) визаларды (консулдық алымды) ресімдеу, ұзарту;
2) шетелдік жоғары оқу орындарына 5-тен (бес) аспайтын сауалнама нысандарын ресімдеу және тапсыру;
3) конкурс жеңімпаздарын қабылдаушы елдің уәкілетті органдарында және шетелдік жоғары оқу орындарында тіркеу;
4) шет тілін білу деңгейін айқындау үшін қорытынды бақылау тестілеуді қоса алғанда, Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның шешімі бойынша олардан өту қажет болған жағдайда тілдік курстар;
5) академиялық оқу немесе тағылымдамадан өту;
6) ҚР Үкіметінің 2020.06.05. № 271 Қаулысымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
7) тағылымдамаларды, тілдік курстарды (бұдан әрі - тілдік мектеп), магистратура алдындағы дайындықты өткізуді жүзеге асыратын шетелдік жоғары оқу орындарының, шетелдік ұйымдардың (бұдан әрі - шетелдік ұйым) талаптары бойынша академиялық оқуға, тілдік курстарға түсу кезінде, сондай-ақ конкурс жеңімпазының тілдік дайындығы, академиялық оқуы, тағылымдамасы процесінде қажетті міндетті қызметтер;
8) оқу елінде тұру және тамақтану, тілдік курстардан, магистратура алдындағы дайындықтан, тағылымдамадан өту, оқу әдебиетін сатып алу;
9) тілдік курстардан, магистратура алдындағы дайындықтан, академиялық оқудан, тағылымдамадан өту елінің және (немесе) шетелдік жоғары оқу орнының, тілдік мектептің, шетелдік ұйымның талаптарына сәйкес міндетті медициналық тексеру;
10) конкурс жеңімпазының банк карточкасын ашу, қолдану мерзімі аяқталғаннан кейін қайта шығару және оған қызмет көрсету;
11) шет мемлекеттердің уәкілетті органдары (бұдан әрі - шетелдік әріптестер) айқындайтын шетелдік жоғары оқу орындарының, тілдік мектептердің немесе шетелдік ұйымдардың конкурс жеңімпаздарының үлгерімі туралы ресми құжаттарды (транскрипттерді) беруі;
12) жазатайым оқиғалар мен кенеттен ауру пайда болудан шетелдік студенттер үшін көзделген медициналық сақтандыру;
13) «Болашақ» стипендиясы тағайындалғаннан кейін академиялық оқу не тілдік курстардан, магистратура алдындағы дайындықтан, тағылымдамадан өту басталған сәттен бастап, Қазақстан Республикасында тұратын жерінен академиялық оқу, тілдік курстардан, магистратура алдындағы дайындықтан, тағылымдамадан өту орнына дейін және тілдік курстарды, магистратура алдындағы дайындықты, академиялық оқуды аяқтағаннан не тағылымдамадан өткеннен кейін кері бағытта жол жүру;
14) академиялық оқудың ұзақтығы 1 (бір) оқу жылынан артық болған жағдайда, Қазақстан Республикасында тұратын жерінен әрбір оқу жылының басында оқу жеріне дейін және әрбір оқу жылы аяқталғаннан кейін кері бағытта жол жүру, сондай-ақ Қазақстан Республикасында визаны ресімдеу не мерзімін ұзарту қажет болған жағдайда, академиялық оқу, тағылымдамадан, тілдік курстардан, магистратура алдындағы дайындықтан өту орнынан және кері бағытта жол жүру;
15) шетелдік әріптестердің академиялық оқуды, тілдік курстардан, магистратура алдындағы дайындықтан, тағылымдамадан өтуді ұйымдастыру жөніндегі қызметтерді көрсету шарттары бойынша міндеттемелерін орындауға байланысты шығындары;
16) шетелдік жоғары оқу орындарының академиялық күнтізбесіне сәйкес Аустралияда, Жаңа Зеландияда және Солтүстік Америка елдерінде магистратура бағдарламасы бойынша оқитын стипендиаттарға академиялық оқу орнынан Қазақстан Республикасында тұратын жеріне дейін (ұзақтығы 2 (екі) ай және одан көп каникул кезеңінде) және кері жол жүру.
ҚР Үкіметінің 2020.06.05. № 271 Қаулысымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның жұмыс органы - Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі шет елдердің тиісті мемлекеттік органдары, шетелдік жоғары оқу орындары, тілдік мектептер, шетелдік ұйымдар, шетелдік серіктестер және/немесе статистикалық, рейтингтік және өзге де тиісті ұйымдар ұсынған құжаттардың және/немесе өзге де ақпараттың негізінде тамақтану, тұру, оқу әдебиеттерін сатып алу шығыстарының нормаларын әзірлейді және бекітеді, сондай-ақ конкурс жеңімпазының Қазақстан Республикасында тұратын жерінен академиялық оқу, тілдік курстардан, тағылымдамадан, магистратура алдындағы дайындықтан өту орнына дейін жол жүру көлігінің түрі мен класын айқындайды. Осы «Болашақ» халықаралық стипендиясының жұмсау бағыттарының 1-тармағында көзделген өзге де шығыстар қызмет көрсетуші ұйымдар беретін растау құжаттарының негізінде төленеді.