ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ
ЗАҢЫ
«Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі туралы»
Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы
1-бап. «Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі туралы» 2002 жылғы 7 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2002 ж., № 5, 51-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат; 2006 ж., № 9, 49-құжат; 2007 ж., № 9, 67-құжат; № 20, 152-құжат; 2009 ж., № 8, 44-құжат; 2010 ж., № 24, 143-құжат; 2013 ж., № 14, 75-құжат; 2014 ж., № 16, 90-құжат; № 19-I, 19-II, 96-құжат; № 21, 118-құжат; № 23, 138-құжат; 2015 ж., № 22-ІІ, 148-құжат; № 22-V, 154-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
1) 1-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызметінің жұмыскерлері - дипломатиялық қызмет органдарында штаттық әкімшілік-техникалық лауазымдарды атқаратын мемлекеттік қызметшілер;
2) Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызметінің қызметкерлерi - дипломатиялық қызмет органдарында штаттық дипломатиялық лауазымдарды атқаратын, әдетте, дипломаттық дәрежесi бар және лауазымдық өкiлеттiктерi мен мiндеттерiн дипломатиялық қызмет органдарына жүктелген мiндеттер мен функцияларды iске асыру мақсатында жүзеге асыратын мемлекеттiк қызметшілер;
3) Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызметінің персоналы - дипломатиялық қызметтің қызметкерлері мен жұмыскерлері;
4) Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі (бұдан әрі - дипломатиялық қызмет) - Қазақстан Республикасы азаматтарының дипломатиялық қызмет органдарындағы Қазақстан Республикасының Конституциясына, осы Заңға, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерi мен халықаралық шарттарына сәйкес жүзеге асырылатын кәсiби қызметi;
5) Қазақстан Республикасының консулдық қызметі - дипломатиялық қызметтің халықаралық құқық жол беретiн шектерде мемлекеттің, Қазақстан Республикасының азаматтары мен заңды тұлғаларының құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған, сондай-ақ Қазақстан Республикасының басқа мемлекеттермен достық қатынастарын дамытуға, экономикалық, сауда-саттық, ғылыми-техникалық, ізгілік-мәдени байланыстарды және туризмді кеңейтуге жәрдемдесетін бір бөлігі.
Консулдық қызмет Қазақстан Республикасының Президенті бекітетін Қазақстан Республикасының Консулдық жарғысына сәйкес жүзеге асырылады;
6) Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі - бір немесе бірнеше шет мемлекетпен қатынастарда Қазақстан Республикасының атынан өкілдік етуге Қазақстан Республикасының Президенті уәкілеттік берген мемлекеттік саяси қызметші;
7) Қазақстан Республикасының халықаралық ұйым жанындағы Тұрақты (Өкілетті) өкілі - бір немесе бірнеше халықаралық ұйыммен қатынастарда Қазақстан Республикасының атынан өкілдік етуге Қазақстан Республикасының Президенті уәкілеттік берген мемлекеттік саяси қызметші;
8) Сыртқы істер министрлігінің кадр резерві - дипломатиялық қызмет персоналы лауазымдарын бұрын атқарған, дипломатиялық қызмет органдарындағы бос немесе уақытша бос лауазымдарға орналасуға үміткер адамдардың Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қалыптастырылған, жүйеленген тізімі;
9) шет елдердегi мекемелер - Қазақстан Республикасының шет елдерде орналасқан дипломатиялық және оларға теңестiрiлген өкілдiктерi, сондай-ақ консулдық мекемелерi.»;
2) 6-бапта:
орыс тіліндегі мәтінге өзгеріс енгізілді, қазақ тіліндегі мәтін өзгермейді;
мынадай мазмұндағы 27-8) және 27-9) тармақшалармен толықтырылсын:
«27-8) мыналарды:
дипломатиялық өкілдікті, халықаралық ұйымды және (немесе) оның өкілдігін, консулдық мекемені тіркеуді;
Қазақстан Республикасындағы дипломатиялық өкілдіктердің, халықаралық ұйымдардың және (немесе) олардың өкілдіктерінің басшыларын, персоналы мүшелерін, консулдық мекемелердің жұмыскерлерін аккредиттеуді жүзеге асыру;
27-9) мыналарды:
дипломатиялық өкілдікті, халықаралық ұйымды және (немесе) оның өкілдігін, консулдық мекемені тіркеу;
Қазақстан Республикасындағы дипломатиялық өкілдіктердің, халықаралық ұйымдардың және (немесе) олардың өкілдіктерінің басшыларын, персоналы мүшелерін, консулдық мекемелердің жұмыскерлерін аккредиттеу тәртібін бекіту;»;
3) 9-баптың 2-тармағында:
екінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
«Қазақстан Республикасының төтенше және өкілетті елшілерін, Қазақстан Республикасының халықаралық ұйымдар жанындағы тұрақты (өкілетті) өкілдерін Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайды және кері шақырып алады.»;
мынадай мазмұндағы үшінші, төртінші, бесінші және алтыншы бөліктермен толықтырылсын:
«Егер халықаралық ұйымның жарғылық немесе өзге де құжаттарында халықаралық ұйымдар жанындағы тұрақты (өкілетті) өкілдерді мемлекет басшыларының тағайындамайтыны көзделсе, онда Қазақстан Республикасының халықаралық ұйым жанындағы Тұрақты (Өкілетті) өкілінің мемлекеттік саяси қызметші мәртебесі болмайды.
Қазақстан Республикасының Президенті Қазақстан Республикасының төтенше және өкілетті елшілеріне бірнеше шет мемлекетпен және халықаралық ұйыммен қатынастарда қоса атқару бойынша Қазақстан Республикасының атынан өкілдік ету өкілеттіктерін жүктей алады.
Қазақстан Республикасы Президентінің шешімі бойынша Қазақстан Республикасының төтенше және өкілетті елшілері орналасқан жері Қазақстан Республикасында болып тағайындалуы мүмкін.
Орналасқан жері Қазақстан Республикасындағы қоса атқару бойынша Қазақстан Республикасының төтенше және өкілетті елшілерінің және Қазақстан Республикасының төтенше және өкілетті елшілерінің қызметін ұйымдастыру тәртібін Қазақстан Республикасының Президенті айқындайды.»;
4) 11-баптың 1-тармағының үшінші және төртінші бөліктеріндегі «Тұрақты өкілі» деген сөздер «Тұрақты (Өкілетті) өкілі» деген сөздермен ауыстырылсын;
5) 15-бапта:
2-тармақтың 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«1) сыртқы - конкурстық іріктеуді жүргізусіз жүзеге асырылатын, Сыртқы істер министрлігінен шет елдердегі мекемелерге және шет елдердегі мекемелерден Сыртқы істер министрлігіне, сондай-ақ шет елдердегі мекемелер арасында орын ауыстырулар.
Сыртқы ротациялауға орналасқан жері Қазақстан Республикасында болатын Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі лауазымына тағайындау да жатады;»;
4 және 7-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
«4. Дипломатиялық қызмет персоналы үшін шет елдердегі мекемелерде үздіксіз жұмыстың мынадай:
1) Қазақстан Республикасының төтенше және өкілетті елшілері, Қазақстан Республикасының халықаралық ұйымдар жанындағы тұрақты (өкілетті) өкілдері үшін - бес жылдан ұзақ емес;
2) осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) тармақшасында көрсетілген адамдарды қоспағанда, шет елдердегі мекемелердің басшылары ретінде жұмысқа жіберілетін адамдар үшін - төрт жылдан ұзақ емес;
3) кеңесші-уәкілдер, Қазақстан Республикасының халықаралық ұйымдар жанындағы тұрақты (өкілетті) өкілдерінің орынбасарлары, сондай-ақ сирек кездесетін шет тілдерін меңгерген дипломатиялық қызмет персоналы үшін - төрт жылдан ұзақ емес;
4) осы тармақтың бірінші бөлігінің 1), 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген адамдарды қоспағанда, дипломатиялық қызмет персоналы үшін - үш жылдан ұзақ емес мерзімдері белгіленеді.
Қазақстан Республикасының төтенше және өкілетті елшілерінің, Қазақстан Республикасының халықаралық ұйымдар жанындағы тұрақты (өкілетті) өкілдерінің үздіксіз жұмыс мерзімдерін қызметтік қажеттілік болған жағдайда Қазақстан Республикасының Президенті ұзартуы мүмкін.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің 2), 3) және 4) тармақшаларында көрсетілген адамдардың үздіксіз жұмыс мерзімдерін Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі ұзартуы мүмкін, бірақ ол бір жылдан аспауға тиіс.»;
«7. Осы баптың 3-тармағының күші сирек кездесетiн шет тiлдерiн меңгерген дипломатиялық қызмет персоналына қолданылмайды. Сирек кездесетін шет тілдер тізбесін Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі белгілейді.»;
6) 24-бап мынадай мазмұндағы 6-тармақпен толықтырылсын:
«6. Дипломатиялық қызмет органдарын материалдық-техникалық қамтамасыз ету және оларға сервистік қызмет көрсету бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
Дипломатиялық қызмет органдарын материалдық-техникалық қамтамасыз етуді және оларға сервистік қызмет көрсетуді Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын, өзіне тиісті функциялар жүктелген заңды тұлға жүзеге асырады.».
2-бап. Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2017 жылғы маусымның 20-ы.
№ 77-VI