4) акцизделетін тауарлардың жекелеген түрлеріне ілеспе жүкқұжаттарын ресімдеу қағидалары акцизделетін тауарлардың жекелеген түрлерін өндіруді және олардың айналымын реттейтін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес белгіленеді.
16. Салық органдары этил спирті мен алкоголь өнімін (сырадан және сыра сусынынан басқа), бензинді (авиациялық бензинді қоспағанда), дизель отынын және темекі бұйымдарын өндіруді жүзеге асыратын салық төлеушінің аумағына акциздік бекеттер орнатады.
17. Акциздік бекеттің орналасқан жерін және жұмыскерлерінің құрамын, оның жұмыс регламентін салық органы айқындайды.
Акциздік бекет жұмыскерлерінің құрамы салық органы лауазымды адамдарының арасынан қалыптастырылады.
18. Акциздік бекеттегі салық органының лауазымды адамы:
1) Қазақстан Республикасының акцизделетін тауарлардың өндірісі мен айналымын реттейтін заңнамасының талаптарын салық төлеушінің сақтауын;
2) акцизделетін тауарлардың тек қана өлшеуіш аппараттары арқылы бөлінуін және (немесе) босатылуын немесе есепке алу аспаптары арқылы өткізілуін (құйылуын), сондай-ақ осындай есепке алу аспаптарының пломбаланған түрде пайдаланылуын;
3) салық төлеушінің акцизделетін тауарлардың жекелеген түрлерін таңбалау тәртібін сақтауын;
4) дайын өнімнің, есепке алу-бақылау маркаларының немесе акциздік маркалардың қозғалысын бақылауды жүзеге асырады.
19. Акциздік бекеттегі салық органының лауазымды адамы:
1) Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтай отырып, акцизделетін тауарларды өндіру, сақтау және өткізу үшін пайдаланатын салық төлеушінің әкімшілік, өндірістік, қойма, сауда, қосалқы үй-жайларын зерттеп-қарауға;
2) акцизделетін тауарларды өткізу кезінде қатысуға;
3) салық төлеушінің аумағынан (аумағына) шығып бара жатқан (кіріп келе жатқан) жүк көлік құралдарын қарап-тексеруге құқылы.
20. Акциздік бекеттегі салық органы лауазымды адамының акциздік бекеттің қызметін ұйымдастыру тәртібінде көзделген өзге де құқықтары бар.
173-бап. Трансферттік баға белгілеу кезіндегі бақылау
Салық органдары мәмілелер бойынша трансферттік баға белгілеу кезіндегі бақылауды Қазақстан Республикасының трансферттік баға белгілеу туралы заңнамасында көзделген тәртіппен және жағдайларда жүзеге асырады.
174-бап. Мемлекет меншігіне айналдырылған (түскен) мүлікті есепке алу, сақтау, бағалау, одан әрі пайдалану және өткізу тәртібінің сақталуын бақылау
1. Салық органы мемлекет меншігіне айналдырылған (түскен) мүлікті есепке алу, сақтау, бағалау, одан әрі пайдалану және өткізу тәртібінің сақталуын, ол өткізілген жағдайда ақшаның бюджетке толық және уақтылы түсуін, сондай-ақ мемлекет меншігіне айналдырылған (түскен) мүлікті Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен және мерзімдерде беру тәртібінің сақталуын бақылауды жүзеге асырады.
2. Мемлекет меншігіне айналдырылған (түскен) мүлікті есепке алу, сақтау, бағалау, одан әрі пайдалану және өткізу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
175-бап. Уәкілетті мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың қызметін бақылау
1. Салық органдары осы бапта айқындалған тәртіппен уәкiлеттi мемлекеттік және жергiлiктi атқарушы органдардың қызметiн бақылауды жүзеге асырады.
Уәкiлеттi мемлекеттік органдардың қызметiн бақылау бюджетке төленетiн төлемдердiң дұрыс есептелуi, толық алынуы және уақтылы аударылуы, сондай-ақ салық органдарына мәліметтердің анық және уақтылы ұсынылуы мәселелерi бойынша жүзеге асырылады.
Жергілікті атқарушы органдардың қызметiн бақылау бюджетке төленетiн төлемдердiң дұрыс есептелуi, толық алынуы және уақтылы аударылуы, салық органдарына мүлік, көлік құралдары салығы, жер салығы және төлемдер бойынша мәліметтердің анық және уақтылы ұсынылуы мәселелерi бойынша жүзеге асырылады.
Уәкілетті орган белгiлеген нысан бойынша салық органдарының бақылауды тағайындау туралы шешiмi (бұдан әрі - шешім) уәкiлеттi мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың (бұдан әрі осы баптың мақсаттарында - уәкілетті мемлекеттік органдар) қызметіне бақылауды жүзеге асыру үшiн негiз болып табылады, онда мынадай деректемелер:
1) шешiмнiң салық органдарында тiркелген күнi мен нөмiрi;
2) уәкiлеттi мемлекеттік органның атауы және сәйкестендiру нөмiрi;
3) бақылауды тағайындау негiздемесi;
4) салық органдарының бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдарының, сондай-ақ басқа да мемлекеттік органдарының осы бапқа сәйкес бақылауды жүзеге асыруға тартылатын мамандарының лауазымы, тегi, аты, әкесiнiң аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілген болса);
5) бақылауды жүзеге асыру мерзiмi;
6) бақылау кезеңі;
7) бақылауды жүзеге асыру мәселелері;
8) уәкiлеттi мемлекеттік органның шешiммен танысқаны және оны алғаны туралы белгiсi қамтылады.
Шешім бақылауды жүзеге асыру басталғанға дейін құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы статистикалық қызметті өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын мемлекеттік органда мемлекеттік тіркелуге жатады.
2. Салық органдарының шешiмде көрсетiлген лауазымды адамдары, осы бапқа сәйкес бақылау жүргiзуге тартылатын өзге де адамдар және уәкiлеттi мемлекеттік органдар бақылауға қатысушылар болып табылады.
Уәкiлеттi мемлекеттік органдар бақылауды жүзеге асыру кезінде салық органдарының бақылауды жүзеге асыру үшiн қажеттi құжаттар мен мәлiметтердi алуына, салық органдарының лауазымды адамдарын салық салу объектілерін зерттеп-қарауға жіберуге жәрдем көрсетеді.
Бұл ретте уәкiлеттi мемлекеттік органдарды бақылау салықтар мен бюджетке төленетін төлемдердiң бір түрi бойынша да, бірнеше түрi бойынша да бір мезгiлде жүргiзiлуi мүмкiн.
Құжаттар мен мәліметтер алуға, сондай-ақ салық салу объектілерін зерттеп-қарауға кедергi келтірілген кезде салық органдарының лауазымды адамдарын бақылауды жүзеге асыру үшін жібермеу туралы акт жасалады.
Салық органдарының лауазымды адамдарын бақылауды жүргізу үшін жібермеу туралы актiге - бақылауды жүзеге асыратын салық органының және уәкілетті мемлекеттік органның лауазымды адамдары қол қояды. Көрсетiлген актiге қол қоюдан бас тартқан кезде уәкілетті мемлекеттік орган бас тарту себебiне жазбаша түсiнiктеме беруге мiндеттi.
Уәкілетті мемлекеттік орган шешімнің данасын (көшірмесін) алған күн немесе уәкілетті мемлекеттік органның шешім данасына қол қоюдан бас тартуы туралы акт жасалған күн бақылау жүргiзудiң басталуы болып есептеледi.
Уәкілетті мемлекеттік орган шешімінің данасына қол қоюдан бас тартқан жағдайда, салық органының бақылау жүргiзетiн жұмыскерi куәгерлердi (кемінде екеу) тарта отырып, қол қоюдан бас тарту туралы акт жасайды. Бұл ретте қол қоюдан бас тарту туралы актiде:
1) жасалған орны мен күнi;
2) салық органының акт жасаған лауазымды адамының тегi, аты және әкесiнiң аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілген болса);
3) тартылған куәгерлердiң тегi, аты және әкесiнiң аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілген болса), жеке куәлiгiнiң нөмiрi, тұрғылықты жерiнiң мекенжайы;
4) шешімнің нөмiрi, күнi, уәкілетті мемлекеттік органның атауы, оның сәйкестендiру нөмiрi;
5) шешім данасына қол қоюдан бас тартудың мән-жайлары көрсетiледi.
Уәкілетті мемлекеттік органның шешімді алудан бас тартуы салықтық бақылаудың күшін жоюға негіз болып табылмайды.
3. Бақылауды жүргiзу мерзiмi уәкiлеттi мемлекеттік органға бақылауды тағайындау туралы шешiм табыс етілген күннен бастап отыз жұмыс күнiнен аспауға тиiс. Бақылауды тағайындаған салық органы көрсетiлген мерзiмдi елу жұмыс күнiне дейiн ұзартуы мүмкiн.
Уәкілетті мемлекеттік органдардың қызметін бақылау жылына бір реттен жиі жүзеге асырылмайды.
4. Бақылау жүргiзу мерзiмiнiң өтуі уәкiлеттi мемлекеттік органға салық органының құжаттарды ұсыну туралы талаптарын табыс ету күнi мен уәкiлеттi мемлекеттік органның бақылауды жүргiзу кезiнде сұратылатын құжаттарды ұсыну күнi арасындағы, сондай-ақ салық органының басқа аумақтық салық органдарына, мемлекеттік органдарға, банктерге және банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдарға және Қазақстан Республикасы аумағында қызметiн жүзеге асыратын өзге де ұйымдарға сұрау салуды жiберу күні мен көрсетілген сұрау салу бойынша мәлiметтер мен құжаттарды алу күні арасындағы уақыт кезеңiне тоқтатыла тұрады.
5. Бақылау мерзiмiн тоқтата тұру (қайта бастау) кезінде салық органдары уәкілетті мемлекеттік органдарға хабарлама жібереді, онда мынадай деректемелер:
1) бақылауды жүргізу мерзімдерін тоқтата тұру (қайта бастау) туралы хабарламаның салық органында тiркелген күнi мен нөмiрi;
2) салық органының атауы;
3) тексерiлетiн уәкiлеттi мемлекеттік органның атауы және сәйкестендiру нөмiрi;
4) тоқтатыла тұрған (қайта басталған) бұйрықтың күні мен тіркеу нөмірі;
5) бақылауды тоқтата тұру (қайта бастау) қажеттігінің негіздемесі;
6) бақылауды жүргізу мерзімдерін тоқтата тұру (қайта бастау) туралы хабарламаны табыс ету және алу күні туралы белгі көрсетіледі.
Бақылау мерзімін, кезеңін ұзарту, тоқтата тұру және (немесе) бақылауға қатысушылардың тізімін өзгерту кезінде шешімге уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша қосымша шешім ресімделеді.
6. Бақылау аяқталған соң салық органының лауазымды адамы бақылау актiсiн жасайды, онда:
1) бақылау жүзеге асырылған жер, бақылау актiсi жасалған күн;
2) салық органының атауы;
3) салық органының бақылауды жүргiзген лауазымды адамдарының лауазымы, тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілген болса);
4) уәкiлеттi мемлекеттік органның атауы, сәйкестендiру нөмiрi және мекенжайы;
5) уәкiлеттi мемлекеттік орган басшысының және лауазымды адамдарының тегi, аты, әкесiнiң аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілген болса);
6) келiсiмiмен және қатысуымен бақылау жүзеге асырылған уәкiлеттi мемлекеттік органның лауазымды адамдарының лауазымы, тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілген болса);
7) алдыңғы бақылау туралы және бұрын анықталған бұзушылықтарды жою бойынша қабылданған шаралар туралы мәлiметтер;
8) жүргiзiлген бақылау нәтижелерi;
9) басқа да мемлекеттік органдардың бақылауды жүзеге асыруға тартылатын мамандарының лауазымы, тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілген болса) көрсетіледі.
7. Уәкілетті мемлекеттік органның лауазымды адамы бақылау актісінің данасына қол қоюдан бас тартқан жағдайда, салық органының бақылауды жүзеге асыратын жұмыскерi куәгерлердi (кемінде екеу) тарта отырып, қол қоюдан бас тарту туралы акт жасайды. Бұл ретте қол қоюдан бас тарту туралы актiде:
1) жасалған орны мен күнi;
2) салық органының акт жасаған лауазымды адамының тегi, аты және әкесiнiң аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілген болса);
3) тартылған куәгерлердiң тегi, аты және әкесiнiң аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілген болса), жеке басын куәландыратын құжаттың нөмiрi, тұрғылықты жерi;
4) шешімнің нөмiрi, күнi, уәкілетті мемлекеттік органның атауы, оның сәйкестендiру нөмiрi;
5) шешім данасына қол қоюдан бас тартудың мән-жайлары көрсетiледi.
8. Бақылаудың нәтижелерi бойынша анықталған бұзушылықтар болған кезде салық органдары Қазақстан Республикасының салық заңнамасын бұзушылықтарды жою туралы талап шығарады.
Салық органы уәкiлеттi мемлекеттiк органға бақылау актiсiнде көрсетiлген бұзушылықтарды осы мемлекеттік органның жою қажеттiгi туралы қағаз жеткізгіште жiберген хабарламасы Қазақстан Республикасының салық заңнамасын бұзушылықтарды жою туралы талап (бұдан әрi - талап) деп танылады. Талап нысанын уәкілетті орган белгiлейдi.
Талапта:
уәкiлеттi мемлекеттік органның атауы;
сәйкестендiру нөмiрi;
талапты жiберу үшiн негiз;
талап жiберiлген күн;
уәкiлеттi мемлекеттік орган бюджетке өндiрiп алуға жататын сома көрсетiледi.
Талап тексерілетін уәкiлеттi мемлекеттік органның бірiншi басшысына (бірiншi басшыны алмастыратын адамға) бақылау актiсi табыс етілген күннен бастап бес жұмыс күнiнен кешiктiрілмей, жеке өзіне қолын қойғызып не жөнелту және алу фактісін растайтын өзге тәсiлмен жiберiлуге тиiс.
Талапты уәкiлеттi мемлекеттік орган табыс етілген (алынған) күнінен бастап отыз жұмыс күнi iшiнде орындауға тиіс.
9. Бақылау нәтижелерi бойынша анықталған салықтық берешек сомаларын өндiрiп алуды салықтардың және бюджетке төленетін төлемдердiң дұрыс есептелуi, толық алынуы және уақтылы аударылуы үшiн жауапты уәкiлеттi мемлекеттік органдар жүзеге асырады.
10. Уәкiлеттi мемлекеттік органдар салықтардың және бюджетке төленетін төлемдердiң дұрыс есептелуi, толық алынуы және уақтылы аударылуы, сондай-ақ мәліметтердің салық органдарына анық және уақтылы ұсынылуы үшiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
176-бап 2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
176-бап. Тауарларға ілеспе жүкқұжаттарды ресімдеу тәртібінің сақталуын бақылау
Салық органдары:
1) Қазақстан Республикасының аумағымен тауарларды алып өту, өткізу және (немесе) тиеп-жөнелту кезінде;
2) тауарларды Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып табылмайтын мемлекеттердің және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аумағынан Қазақстан Республикасының аумағына әкелу кезінде;
3) тауарларды Қазақстан Республикасының аумағынан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып табылмайтын мемлекеттердің және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аумағына әкету кезінде тауарларға ілеспе жүкқұжаттарды ресімдеу тәртібінің сақталуын бақылауды жүзеге асырады.
Тауарларға ілеспе жүкқұжаттарды ресімдеу жөніндегі міндеттеме мынадай мерзімдерде:
1) тауарларды Қазақстан Республикасының аумағымен алып өту, өткізу және (немесе) тиеп-жөнелту кезінде - тауарларды алып өту, өткізу және (немесе) тиеп-жөнелту басталған күннен кешіктірілмей;
2) тауарларды Қазақстан Республикасының аумағына:
Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып табылмайтын мемлекеттердің аумағынан әкелу кезінде - тауарлар еркін айналысқа шығарылған күннен кейінгі күннен кешіктірілмей;
Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аумағынан әкелу кезінде - Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өткен күннің алдындағы күннен кешіктірілмей;
3) тауарларды Қазақстан Республикасының аумағынан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып табылмайтын мемлекеттердің және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аумағына әкету кезінде - тауарларды алып өту, өткізу және (немесе) тиеп-жөнелту басталған күннен кешіктірілмей туындайды.
Тауарларға ілеспе жүкқұжаттарды ресімдеу жөніндегі міндеттеме қолданылатын тауарлардың тізбесін, сондай-ақ ресімдеу тәртібі мен олардың құжат айналымын уәкілетті орган белгілейді.
4-БӨЛІМ. ТЕКСЕРУ НӘТИЖЕЛЕРІНЕ ЖӘНЕ САЛЫҚ ОРГАНДАРЫ ЛАУАЗЫМДЫ АДАМДАРЫНЫҢ ӘРЕКЕТТЕРІНЕ (ӘРЕКЕТСІЗДІГІНЕ) ШАҒЫМ ЖАСАУ
21-тарау. ТЕКСЕРУ НӘТИЖЕЛЕРІ ТУРАЛЫ ХАБАРЛАМАҒА ШАҒЫМ ЖАСАУ ТӘРТІБІ
177-бап. Жалпы ережелер
1. Тексеру нәтижелері туралы хабарламаға шағым беру және оны қарау осы Кодекстің 178 - 186-баптарында айқындалған тәртіппен жүргізіледі.
2. Салық төлеуші (салық агенті) тексеру нәтижелері туралы хабарламаға сотқа шағым жасауға құқылы.
178-бап. Салық төлеушінің (салық агентінің) шағым беру тәртібі
1. Салық төлеушiнің (салық агентінің) тексеру нәтижелері туралы хабарламаға шағымы салық төлеушiге (салық агентіне) хабарлама табыс етілген күннен кейінгі күннен бастап отыз жұмыс күнi iшiнде уәкілетті органға берiледi.
Бұл ретте салық төлеушi (салық агентi) шағымның көшiрмесiн салықтық тексеру жүргiзген және салық төлеушiнің (салық агентiнің) салықтық тексерудің алдын ала актісіне қарсылығын қараған салық органдарына жiберуге тиiс.
Беру тәсiлiне қарай уәкілетті органға шағымды беру күнi:
1) келу тәртібімен берілгенде - уәкілетті орган шағымды тіркеген күн;
2) пошта арқылы берілгенде - пошта немесе өзге байланыс ұйымының қабылдау туралы белгiсi қойылған күн болып табылады.
2. Осы баптың 1-тармағында белгіленген мерзімді дәлелді себеппен өткізіп алған жағдайда, шағымды беруші салық төлеушінің (салық агентінің) өтінішхаты бойынша осы мерзімді шағымды қарайтын уәкілетті орган қалпына келтіруі мүмкін.
3. Уәкілетті орган шағымды берудің өткізіп алған мерзімін қалпына келтіру мақсатында салықтық тексеру жүргізілген жеке тұлғаның, сондай-ақ салық төлеушінің (салық агентінің) басшысының және (немесе) бас бухгалтерінің (ол болған кезде) еңбекке уақытша жарамсыздығын дәлелді себеп ретінде таниды.
Осы тармақтың ережесі салықтық тексеру жүргізілген жеке тұлғаларға, сондай-ақ ұйымдық құрылымы жоғарыда аталған адамдар болмаған кезде оларды алмастыратын адамдардың болуын көздемейтін салық төлеушілерге (салық агенттеріне) қолданылады.
Бұл ретте салық төлеуші (салық агенті) шағымды берудің өткізіп алған мерзімін қалпына келтіру туралы өтінішхатқа осы тармақтың бірінші бөлігінде аталған адамдардың еңбекке уақытша жарамсыздық кезеңін растайтын құжатты және осындай салық төлеушінің (салық агентінің) ұйымдық құрылымын белгілейтін құжатты қоса беруге тиіс.
4. Уәкілетті орган салық төлеушінің (салық агентінің) шағымды берудің өткізіп алған мерзімін қалпына келтіру туралы өтінішхатын, салық төлеуші (салық агенті) шағым мен өтінішхатты осы баптың 3-тармағының бірінші бөлігінде аталған адамдардың еңбекке уақытша жарамсыздық кезеңі аяқталған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей берген жағдайда, қанағаттандырады.
5. Уәкілетті органға шағымды берген салық төлеуші (салық агенті) осы шағым бойынша шешім қабылданғанға дейін өзінің жазбаша өтініші негізінде оны кері қайтарып ала алады. Салық төлеушінің (салық агентінің) шағымды кері қайтарып алуы осы баптың 1-тармағында белгіленген мерзімдер сақталған жағдайда, оны қайтадан шағым беру құқығынан айырмайды.
Салық төлеуші (салық агенті) тақырыптық тексеру тағайындалған күннен бастап оны аяқтаған күнге дейінгі кезеңде шағымды кері қайтарып алуды жүргізуге құқылы емес.
179-бап. Салық төлеуші (салық агенті) шағымының нысаны мен мазмұны
1. Салық төлеушінің (салық агентінің) шағымы жазбаша нысанда беріледі.
2. Шағымда:
1) шағым берілетін уәкілетті органның атауы;
2) шағым беретін тұлғаның тегі, аты және әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілген болса) не толық атауы, оның тұрғылықты жері (орналасқан жері);
3) сәйкестендіру нөмірі;
4) салықтық тексеру жүргізген салық органының атауы;
5) шағым беруші тұлға өз талаптарын негіздейтін мән-жайлар және осы мән-жайларды растайтын дәлелдемелер;
6) салық төлеушiнiң (салық агентiнiң) шағымға қол қойған күнi;
7) қоса берілетін құжаттардың тізбесі көрсетілуге тиіс.
3. Шағымда дауды шешу үшін маңызы бар өзге де мәліметтер көрсетілуі мүмкін.
4. Шағымға салық төлеуші (салық агенті) не оның өкілі болып табылатын адам қол қояды.
5. Шағымға:
1) салық төлеуші (салық агенті) өз талаптарын негіздейтін мән-жайларды растайтын құжаттар;
2) іске қатысы бар өзге де құжаттар қоса беріледі.
180-бап. Шағымды қараудан бас тарту
1. Уәкілетті орган мынадай:
1) салық төлеуші (салық агенті) шағымды осы Кодекстің 178-бабы 1-тармағының бірінші бөлігінде белгіленген шағым жасау мерзімін өткізіп алып берген;
2) салық төлеушінің (салық агентінің) шағымы осы Кодекстің 179-бабында белгіленген талаптарға сәйкес келмеген;
3) салық төлеуші (салық агенті) үшін шағымды оның өкілі болып табылмайтын адам берген;
4) салық төлеуші (салық агенті) шағымда жазылған мәселелер бойынша сотқа талап арыз берген жағдайларда салық төлеушінің (салық агентінің) шағымын қараудан бас тартады.
2. Уәкілетті орган осы баптың 1-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген жағдайларда, шағым тіркелген күннен бастап он жұмыс күнi iшiнде салық төлеушiге (салық агентiне) шағымды қараудан бас тарту туралы жазбаша нысанда хабар береді.
Уәкілетті орган осы баптың 1-тармағының 4) тармақшасында көзделген жағдайда салық төлеушінің (салық агентінің) сотқа жүгіну фактісі белгіленген күннен бастап он жұмыс күні ішінде салық төлеушіге (салық агентіне) шағымды қараудан бас тарту туралы мұндай бас тартудың себебін көрсете отырып, жазбаша нысанда хабар береді.
3. Осы баптың 1-тармағының 2) және 3) тармақшаларында көзделген жағдайларда уәкілетті органның шағымды қараудан бас тартуы, егер салық төлеушi (салық агентi) жол берiлген бұзушылықтарды жойған болса, оны осы Кодекстiң 178-бабы 1-тармағының бірінші бөлігінде белгiленген мерзiм шегiнде шағымды қайтадан беру құқығынан айырмайды.
181-бап. Уәкілетті органға жіберілген шағымды қарау тәртібі
1. Осы Кодекстің 183-бабына сәйкес шағымды қарау мерзімдерін ұзарту және тоқтата тұру жағдайларын қоспағанда, салық төлеушiнiң (салық агентінің) шағымы бойынша - шағым тiркелген күннен бастап отыз жұмыс күнiнен аспайтын мерзiмде, ал салықтық мониторингке жататын салық төлеушілердің шағымдары бойынша шағым тiркелген күннен бастап қырық бес жұмыс күнiнен аспайтын мерзiмде уәжді шешiм шығарылады.
2. Уәкілетті орган салық төлеушінің (салық агентінің) шағымын қарау кезінде осы Кодекстің 186-бабында айқындалған тәртіппен тақырыптық тексеру, сондай-ақ қайталама тақырыптық тексеру тағайындауға құқылы.
3. Шағым салық төлеуші (салық агенті) шағым жасаған мәселелер шегінде қаралады.
4. Салық төлеуші (салық агенті) шағымды қарауға салықтық тексеру барысында ұсынбаған құжаттарын берген жағдайда, уәкілетті орган мұндай құжаттардың анықтығын осы Кодекстің 186-бабында айқындалған тәртіппен тағайындалатын тақырыптық және (немесе) қайталама тақырыптық тексерулер барысында анықтауға құқылы.
5. Уәкілетті орган салық төлеушінің (салық агентінің) шағымын қарау кезінде, қажет болған жағдайда:
1) салық төлеушіге (салық агентіне) және (немесе) салықтық тексеру жүргізген және салық төлеушiнің (салық агентiнің) салықтық тексерудің алдын ала актісіне қарсылығын қараған салық органдарына шағымда жазылған мәселелер бойынша жазбаша нысанда қосымша ақпарат не түсініктеме беру туралы сұрау салулар жіберуге;
2) мемлекеттік органдарға, шет мемлекеттердің тиісті органдарына және өзге де ұйымдарға осындай органдар мен ұйымдардың құзыретіндегі мәселелер бойынша сұрау салулар жіберуге;
3) шағымда жазылған мәселелер бойынша салық төлеушімен (салық агентімен) кездесулер өткізуге;
4) салықтық тексеруді жүргізуге қатысқан және салық төлеушiнің (салық агентiнің) салықтық тексерудің алдын ала актісіне қарсылығын қараған салық органдарының қызметкерлерінен туындаған мәселелер бойынша қосымша ақпарат және (немесе) түсініктеме сұратуға құқылы.
6. Шағымды қарау бойынша өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезінде уәкілетті органның қызметіне араласуға және шағымды қарауға қатысы бар адамдарға қандай да бір ықпал етуге тыйым салынады.
182-бап. Шағымды қарау нәтижелері бойынша шешім шығару
1. Уәкілетті орган тексеру нәтижелері туралы хабарламаға шағымды қарау үшін апелляциялық комиссия құрады.
Апелляциялық комиссияның құрамын және ол туралы ережені уәкілетті орган айқындайды.
Уәкілетті орган шағымды қарау біткен соң апелляциялық комиссияның шешімін ескере отырып, уәжді шешім шығарады.
2. Уәкілетті орган тексеру нәтижелері туралы хабарламаға салық төлеушінің (салық агентінің) шағымын қарау қорытындылары бойынша мынадай шешімдердің бірін шығарады:
1) шағым жасалып отырған тексеру нәтижелері туралы хабарлама - өзгеріссіз, ал шағым қанағаттандырусыз қалдырылсын;
2) шағым жасалып отырған тексеру нәтижелері туралы хабарламаның толық немесе бір бөлігінің күші жойылсын.
3. Шағым бойынша шешiм жазбаша нысанда салық төлеушiге (салық агентіне) хабарламасы бар тапсырыс хатпен пошта арқылы жiберіледi немесе қолын қойғызып табыс етіледі, ал көшiрмесi салықтық тексеру жүргізген және салық төлеушiнің (салық агентiнің) салықтық тексерудің алдын ала актісіне қарсылығын қараған салық органдарына жіберіледi.
4. Шағымды қарау нәтижелері бойынша шағым жасалған хабарламаның бір бөлігінің күші жойылған жағдайда, салықтық тексеру жүргізген салық органы тексеру нәтижелері туралы хабарламаға салық төлеушінің (салық агентінің) шағымын қарау қорытындылары туралы хабарлама шығарады және оны осы Кодекстің 114-бабы 2-тармағының 11) тармақшасында белгіленген мерзімде салық төлеушіге (салық агентіне) жібереді.
5. Осы Кодексте айқындалған негізде және тәртіппен шығарылған уәкілетті органның шешімі салық органдарының орындауы үшін міндетті.