3. Егер кіріс сот шешімі бойынша Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда бюджетке алып қоюға жататын болса, онда көрсетілген кіріс одан төленген салық сомасы шегерілмей алып қойылады.
4. Салық органдары жеке тұлғаның төлем көзінен жеке табыс салығын салуға жатпайтын дара кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркелмей кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырудан, сондай-ақ осы Кодекстің 36-тарауында белгіленген мүліктік кіріске немесе өзге де кірістерге жатпайтын кірістер алу фактісін анықтаған кезде Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына немесе Қазақстан Республикасының кәсіпкерлік саласындағы заңнамасына сәйкес дара кәсіпкер ретінде тіркелуге алып келетін кірістер шегінен асатын мөлшерде айқындалған осындай кіріс осы Кодекстің 320-бабының 1-тармағында белгіленген мөлшерлеме бойынша жеке табыс салығын салуға жатады.
19-тарау. БАҚЫЛАУ-КАССА МАШИНАЛАРЫН ҚОЛДАНУ
165-бап. Осы тарауда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы тарауда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) ақшалай есеп айырысулар - қолма-қол ақша және (немесе) төлем карточкаларын пайдалана отырып есеп айырысулар арқылы тауарды сатып алу, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету үшін жүзеге асырылатын есеп айырысулар;
2) бақылау-касса машиналарына техникалық қызмет көрсету орталығы (бұдан әрі - техникалық қызмет көрсету орталығы) - бақылау-касса машиналарына техникалық қызмет көрсету бойынша жарғыға (қызмет түріне) сәйкес қызметін жүзеге асыратын шаруашылық жүргізуші субъект;
3) бақылау-касса машиналарының мемлекеттік тізілімі (бұдан әрі - мемлекеттік тізілім) - уәкілетті орган Қазақстан Республикасының аумағында пайдалануға рұқсат берген бақылау-касса машиналары модельдерінің тізбесі;
4) бақылау-касса машинасы - тауарларды өткізу, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету кезінде жүзеге асырылатын ақшалай есеп айырысулар туралы ақпаратты тіркеуді және көрсетуді қамтамасыз ететiн, деректерді беру функциясы жоқ фискалдық жады блогы бар электрондық құрылғы, деректерді тіркеу және (немесе) беру функциясы бар (жоқ) аппараттық-бағдарламалық кешен, деректерді тіркеу және (немесе) беру функциясы бар электрондық құрылғы;
5) бақылау-касса машинасының тіркеу карточкасы - бақылау-касса машинасының салық органында тіркелу (есептен шығарылу) фактісін растайтын есепке алу құжаты;
6) бақылау-касса машинасының чегі - сатушы (тауарды, жұмысты, көрсетілетін қызметтi берушi) мен сатып алушы (клиент) арасындағы ақшалай есеп айырысудың жүзеге асырылу фактісін растайтын, қағаз түрінде не электрондық түрде берілген бақылау-касса машинасының бастапқы есепке алу құжаты;
7) көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу терминалы - көрсетілген қызметтер үшін қолма-қол ақша қабылдауға не төлем карточкаларын пайдалана отырып есеп айырысуларға арналған электрондық-механикалық құрылғы;
8) қолма-қол ақшаны есепке алу кітабы - қолма-қол ақшаның, тауар чектерінің, бақылау-касса машинасының фискалдық жады немесе фискалдық деректерді жинақтаушы көрсеткіштерінің ауысым сайынғы айналымын есепке алу журналы;
9) салық органының пломбасы - фискалдық жады блогы бар бақылау-касса машинасының корпусын санкциясыз ашудан қорғау құралы;
10) сауда автоматы - автоматты режимде қолма-қол ақша немесе төлем карточкаларын пайдалана отырып есеп айырысулар арқылы тауарларды өткізуді жүзеге асыратын электрондық-механикалық құрылғы;
11) тауар чегі - бақылау-касса машинасының техникалық ақауы болған немесе электр энергиясы болмаған жағдайларда пайдаланылатын ақшалай есеп айырысудың жүзеге асырылу фактісін растайтын бастапқы есепке алу құжаты;
12) тауар чектерінің кітабы - кітапқа біріктірілген тауар чектерінің жиынтығы;
13) фискалдық белгі - бақылау-касса машинасының фискалдық режимде жұмыс істейтінін растау ретінде бақылау-касса машинасының чектерінде көрсетілетін айрықша символ;
14) фискалдық деректер - фискалдық жады блогы бар бақылау-касса машинасының фискалдық жадында не деректерді тіркеу және (немесе) беру функциясы бар бақылау-касса машинасының фискалдық деректерді жинақтауышында тіркелетін және салық органдарына берілген, фискалдық белгісі бар ақшалай есеп айырысулар туралы ақпарат;
15) фискалдық деректерді жинақтауыш - деректерді тіркеу және беру функциясы бар бақылау-касса машинасында жүргізілген ақшалай есеп айырысулар туралы ақпараттың түзетілмей тіркелуін және энергияға тәуелсіз ұзақ уақыт сақталуын қамтамасыз ететін бағдарламалық-аппараттық құралдар кешені;
16) фискалдық деректер операторы - ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желілері бойынша салық органдарына ақшалай есеп айырысулар туралы мәліметтерді жедел режимде беруді қамтамасыз ететін, ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша уәкілетті орган айқындаған заңды тұлға;
17) фискалдық есеп - белгілі бір кезеңдегі фискалдық деректер көрсеткіштері туралы есеп;
18) фискалдық жады - деректерді беру функциясы жоқ бақылау-касса машинасында жүргізілген ақшалай есеп айырысулар туралы қорытынды ақпараттың ауысым сайын түзетілмей тіркелуін және энергияға тәуелсіз ұзақ уақыт сақталуын қамтамасыз ететін бағдарламалық-аппараттық құралдар кешені;
19) фискалдық режим - ақшалай есеп айырысулар туралы мәліметтерді фискалдық деректер операторы арқылы салық органдарына бір мезгілде бере отырып, ақпараттың фискалдық жадында не фискалдық деректерді жинақтауышта түзетілмей тіркелуін және энергияға тәуелсіз ұзақ уақыт сақталуын қамтамасыз ететін бақылау-касса машинасының жұмыс істеу режимі.
166-баптың қолданысы 2024 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатылды, тоқтатыла тұру кезеңінде осы бап 2017.25.12. № 121-VI ҚР Заңының 22-бабының редакциясында қолданылады (болашақ редакцияны қараңыз)
166-бап. Жалпы ережелер
1. Егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының аумағында ақшалай есеп айырысулар бақылау-касса машиналары мiндеттi түрде қолданыла отырып жүргiзiледi.
2. Осы баптың 1-тармағының ережесi:
1) жеке тұлғалардың;
2) адвокаттар мен медиаторлардың;
3) қызметін:
патент негізінде арнаулы салық режимiн қолдана отырып;
арнаулы салық режимі қолданылатын қызмет бойынша бірыңғай жер салығын төлеу негізінде осы арнаулы салық режимі шеңберінде жүзеге асыратын дара кәсіпкерлердің (акцизделетін тауарларды өткізушілерден басқа);
4) уәкілетті органмен келісу бойынша көлік саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік орган бекіткен нысан бойынша билеттерді бере отырып, қалалық қоғамдық көлікте тасымалдау бойынша халыққа қызметтер көрсету бөлігіндегі;
5) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің;
6) екінші деңгейдегі банктердің ақшалай есеп айырысуларына қолданылмайды.
3. Салық төлеушілер қолданатын бақылау-касса машиналарын салық органдарында есепке алу:
1) бақылау-касса машинасын есепке қоюды;
2) тіркеу деректеріне өзгерістер енгізуді;
3) бақылау-касса машинасын есептен шығаруды қамтиды.
4. Сауда операциялары немесе қолма-қол ақша арқылы қызметтер көрсету кезінде ақшалай есеп айырысуларды жүзеге асыратын сауда автоматтары мен көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу терминалдары бақылау-касса машиналарымен жарақтандыруға жатады.
5. Ақшалай есеп айырысулар кезінде деректерді тіркеу және (немесе) беру функциясы бар бақылау-касса машиналарын қолдану міндеті бензинді (авиациялық бензиннен басқа), дизель отынын, алкоголь өнімін көтерме және (немесе) бөлшек саудада өткізуді, уәкілетті орган белгілеген қызмет түрлерін жүзеге асыратын салық төлеушілерге қолданылады.
Осы тармақтың ережелерi қызметі ортақ пайдаланылатын телекоммуникациялар желiсi жоқ жерлерде орналасқан салық төлеушілерге қолданылмайды.
Аумағында ортақ пайдаланылатын телекоммуникациялар желісі жоқ Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық бірліктері туралы ақпарат уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастыруға жатады.
6. Бақылау-касса машиналарын қолдану кезінде мынадай талаптар қойылады:
1) ақшалай есеп айырысулармен байланысты қызмет басталғанға дейін бақылау-касса машинасын салық органында есепке қою жүзеге асырылады;
2) тауар, жұмыс, көрсетiлетiн қызмет үшін төленген сомаға бақылау-касса машинасының чегін немесе тауар чегін беру жүзеге асырылады;
3) бақылау-касса машинасына салық органдары лауазымды адамдарының қолжетімділігі қамтамасыз етіледі.
7. Бақылау-касса машинасының чегі мынадай ақпаратты қамтуға тиіс:
1) салық төлеушінің атауы;
2) салық төлеушінің сәйкестендіру нөмірі;
3) бақылау-касса машинасының зауыттық нөмірі;
4) бақылау-касса машинасының салық органындағы тіркеу нөмірі;
5) чектің реттік нөмірі;
6) тауарларды сатып алу, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету жасалған күн мен уақыт;
7) тауардың, жұмыстың, көрсетілетін қызметтің бағасы және (немесе) сатып алу сомасы;
8) фискалдық белгі;
9) деректерді тіркеу және (немесе) беру функциясы бар бақылау-касса машиналарының бақылау чегінің төлнұсқалығын тексеру үшін фискалдық деректер операторының атауы және фискалдық деректер операторы интернет-ресурсының деректемелері.
Банктер және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар қолданатын аппараттық-бағдарламалық кешендердің бақылау чегінің нысаны мен мазмұнын уәкілетті органмен келісу бойынша Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілейді.
Валюта айырбастау, металл сынықтарын, шыны ыдысты қабылдау пункттерінде, ломбардтарда қолданылатын бақылау-касса машиналарының чегі қосымша сату сомасы және сатып алу сомасы туралы ақпаратты қамтуға тиіс.
8. Бақылау-касса машинасының чегі қосымша бақылау-касса машинасын дайындаушы зауыттың техникалық құжаттамасында көзделген, оның ішінде қосылған құн салығының сомасын көрсететін деректерді қамтуы мүмкін.
9. Бақылау-касса машиналарын қолдану тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
167-баптың қолданысы 2024 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатылды, тоқтатыла тұру кезеңінде осы бап 2017.25.12. № 121-VI ҚР Заңының 23-бабының редакциясында қолданылады (болашақ редакцияны қараңыз)
167-бап. Бақылау-касса машиналарын салық органында есепке қою
1. Осы тармақта белгіленген жағдайды қоспағанда, модельдерi мемлекеттік тiзiлiмге енгiзiлген, деректерді тіркеу және (немесе) беру функциясы бар, техникалық ақауы жоқ бақылау-касса машиналары пайдаланатын жері бойынша салық органдарында есепке қоюға жатады.
Ортақ пайдаланылатын телекоммуникациялар желісі жоқ жерлерде деректерді беру функциясы жоқ бақылау-касса машиналары салық органдарында есепке қоюға жатады.
2. Аппараттық-бағдарламалық кешендерді қоспағанда, деректерді тіркеу және (немесе) беру функциясы бар бақылау-касса машинасын салық органдарында есепке қою үшін салық төлеуші салық органына:
1) бақылау-касса машинасын салық органында есепке қою туралы салықтық өтінішті;
2) салық төлеуші туралы мәліметтері бар бақылау-касса машинасын;
3) нөмірленген, тігілген, салық төлеушінің қолымен және (немесе) мөрімен (болған кезде) куәландырылған тауар чектерінің кітабын ұсынады.
3. Аппараттық-бағдарламалық кешен болып табылатын, деректерді беру функциясы бар бақылау-касса машинасын есепке қою үшін салық төлеуші салық органына:
1) бақылау-касса машинасын салық органында есепке қою туралы салықтық өтінішті;
2) аппараттық-бағдарламалық кешеннің функционалдық мүмкіндіктері мен сипаттарының қысқаша сипаттамасын;
3) есепке қою үшін өтініш жасалған аппараттық-бағдарламалық кешен моделінің «Салық инспекторының жұмыс орны» модулін пайдалану жөніндегі нұсқаулығын ұсынады және оған қол жеткізуді қамтамасыз етеді.
4. Аппараттық-бағдарламалық кешендерді қоспағанда, ортақ пайдаланылатын телекоммуникациялар желісі жоқ жерлерде пайдаланылатын деректерді беру функциясы жоқ бақылау-касса машинасын есепке қою үшін салық төлеуші салық органына:
1) бақылау-касса машинасын салық органында есепке қою туралы салықтық өтінішті;
2) фискалдық режимді орнатпай-ақ мәліметтерді енгізу мүмкін болатын, салық төлеуші туралы мәліметтері бар бақылау-касса машинасын;
3) нөмірленген, тігілген, салық төлеушінің қолымен және (немесе) мөрімен (болған кезде) куәландырылған қолма-қол ақшаны есепке алу кітабын және тауар чектерінің кітабын ұсынады.
5. Аппараттық-бағдарламалық кешен болып табылатын, ортақ пайдаланылатын телекоммуникациялар желісі жоқ жерлерде пайдаланылатын деректерді беру функциясы жоқ бақылау-касса машинасын есепке қою үшін салық төлеуші салық органына мынадай құжаттарды ұсынады:
1) бақылау-касса машинасын салық органында есепке қою туралы салықтық өтініш;
2) аппараттық-бағдарламалық кешеннің функционалдық мүмкіндіктері мен сипаттарының қысқаша сипаттамасы;
3) есепке қою үшін өтініш жасалған аппараттық-бағдарламалық кешен моделінің «Салық инспекторының жұмыс орны» модулін пайдалану жөніндегі нұсқаулық.
6. Бақылау-касса машинасын есепке қоюды салық органдары бақылау-касса машинасын салық органында есепке қою туралы салықтық өтінішті алған күннен бастап үш жұмыс күнi iшiнде жүзеге асырады.
7. Бақылау-касса машиналарын есепке қою бақылау-касса машинасын салық органында есепке қою туралы салықтық өтініш алынған күннен бастап үш жұмыс күнi iшiнде бақылау-касса машинасының тіркеу нөмірі беріле отырып және бақылау-касса машинасының тіркеу карточкасы қалыптастырыла отырып жүргізіледі.
8. Бақылау-касса машинасының тіркеу карточкасының, тауар чегінің, қолма-қол ақшаны есепке алу кітабы мен тауар чектерi кiтабының нысандарын уәкілетті орган белгілейді.
168-баптың қолданысы 2024 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатылды, тоқтатыла тұру кезеңінде осы бап 2017.25.12. № 121-VI ҚР Заңының 23-бабының редакциясында қолданылады (болашақ редакцияны қараңыз)
168-бап. Бақылау-касса машинасының тiркеу деректерiне өзгерістер енгізу
1. Бақылау-касса машинасының тiркеу карточкасында көрсетiлген мәлiметтерді өзгерту салық төлеушiнің келу тәртібімен қағаз жеткізгіште салық органына:
1) бақылау-касса машинасын салық органында есепке қою туралы салықтық өтiнiштi;
2) бақылау-касса машинасының тiркеу карточкасын ұсынуы арқылы жүзеге асырылады.
2. Бақылау-касса машинасының тiркеу карточкасында көрсетiлген мәлiметтерді өзгертуді салық төлеушi өзгерістер туындаған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде жүзеге асырады.
3. Тіркеу карточкасын ауыстыруды бақылау-касса машинасы есепке қойылған жердегі салық органы:
1) тіркеу карточкасы жоғалған (бүлінген) жағдайда - осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген салықтық өтінішті алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде;
2) тіркеу карточкасында көрсетілген мәліметтер өзгерген жағдайда - осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген салықтық өтінішті алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде жүргізеді.
4. Бақылау-касса машинасының жаңа тіркеу карточкасы берілген кезде салық органы бұрын берген бақылау-касса машинасының тіркеу карточкасы, салық төлеуші бақылау-касса машинасының көрсетілген тіркеу карточкасын жоғалтқан (бүлдірген) жағдайларды қоспағанда, салық органына қайтаруға жатады.
169-баптың қолданысы 2024 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатылды, тоқтатыла тұру кезеңінде осы бап 2017.25.12. № 121-VI ҚР Заңының 23-бабының редакциясында қолданылады (болашақ редакцияны қараңыз)
169-бап. Бақылау-касса машинасын салық органында есептен шығару
1. Бақылау-касса машинасын есептен шығару:
1) сауда операциялары, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету кезінде жүзеге асырылатын ақшалай есеп айырысулармен байланысты қызметті жүзеге асыру тоқтатылған;
2) бақылау-касса машинасы пайдаланылатын жер немесе бақылау-касса машинасын сауда автоматында немесе көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу терминалында пайдаланатын салық төлеушінің тұрған жері өзгерген жағдайда, егер мұндай өзгеріс бақылау-касса машинасын басқа салық органында тіркеуді талап етсе;
3) бақылау-касса машинасын техникалық ақауына байланысты одан әрі қолдану мүмкін болмаған;
4) бақылау-касса машинасы мемлекеттік тізілімнен алып тасталған;
5) бақылау-касса машинасының техникалық жағынан жарамды моделі бақылау-касса машинасының жаңа моделіне ауыстырылған;
6) ішкі істер органдарына берілген ұрланғаны туралы өтініштің көшірмесі және (немесе) Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таратылатын мерзімді баспасөз басылымдарында жарияланған жоғалғаны туралы хабарландырудың көшірмесі болған кезде бақылау-касса машинасы ұрланған, жоғалған;
7) Қазақстан Республикасының салық заңнамасына қайшы келмейтін өзге де жағдайларда жүргізіледі.
2. Аппараттық-бағдарламалық кешендерді қоспағанда, бақылау-касса машинасын есептен шығару үшін ол пайдаланылатын жердегі салық органына:
1) бақылау-касса машинасын есептен шығару туралы салықтық өтініш;
2) бақылау-касса машинасы;
3) нөмірленген, тігілген, лауазымды адамның қолымен және салық органының мөрімен куәландырылған қолма-қол ақшаны есепке алу кітабы;
4) нөмірленген, тігілген, лауазымды адамның қолымен және салық органының мөрімен куәландырылған тауар чектерінің кітабы;
5) бақылау-касса машинасының тіркеу карточкасы ұсынылады.
Осы тармақтың бірінші бөлігі 3) тармақшасының ережесі деректерді тіркеу және (немесе) беру функциясы бар бақылау-касса машиналарына қолданылмайды.
3. Аппараттық-бағдарламалық кешен болып табылатын бақылау-касса машинасын есептен шығару үшін салық төлеуші салық органына осындай бақылау-касса машинасын есептен шығару туралы салықтық өтінішті, бақылау-касса машинасының тіркеу карточкасын ұсынады және «Салық инспекторының жұмыс орны» модуліне қол жеткізуді қамтамасыз етеді.
4. Бақылау-касса машинасын есептен шығаруды салық органы бақылау-касса машинасын есептен шығару туралы салықтық өтінішті алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде жүргізеді.
170-бап. Мемлекеттік тізілім
1. Уәкілетті орган бақылау-касса машиналарының модельдерін мемлекеттік тізілімге (тізілімнен) енгізу (алып тастау) арқылы мемлекеттік тізілімді жүргізеді.
2. Бақылау-касса машиналарының модельдерін мемлекеттік тізілімге (тізілімнен) енгізу (алып тастау) тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
171-бап. Тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізу кезінде жүзеге асырылатын ақшалай есеп айырысулар туралы мәліметтерді қабылдау, сақтау және салық органдарына беру тәртібі
Деректерді тіркеу және (немесе) беру функциясы бар бақылау-касса машиналарынан тауарларды өткізу, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету кезінде жүзеге асырылатын ақшалай есеп айырысулар туралы мәліметтерді қабылдауды, сақтауды, сондай-ақ оларды салық органдарына беруді фискалдық деректер операторы уәкілетті орган айқындаған тәртіппен жүргізеді.
20-тарау. САЛЫҚТЫҚ БАҚЫЛАУДЫҢ ӨЗГЕ ДЕ НЫСАНДАРЫ
172-бап. Қазақстан Республикасында өндірілген немесе Қазақстан Республикасына импортталған акцизделетін тауарларды бақылау
1. Салық органдары акцизделетiн тауарларды өндiрушiлердiң, олардың айналымын жүзеге асыратын тұлғалардың, борышкердің мүлкiн (активтерiн) өткiзу кезінде банкроттықты және оңалтуды басқарушылардың осы бапта айқындалған акцизделетiн тауарлардың жекелеген түрлерiн таңбалау, акцизделетiн тауарлардың Қазақстан Республикасының аумағында орын ауыстыру тәртiбiн сақтауы бөлiгiнде, сондай-ақ акциздiк бекеттер орнату арқылы акцизделетiн тауарларға бақылауды жүзеге асырады.
2. Шарап материалын, сыраны және сыра сусынын қоспағанда, алкоголь өнімі - есепке алу-бақылау маркаларымен, темекі бұйымдары - акциздік маркалармен таңбалануға жатады.
3. Таңбалауды акцизделетiн тауарларды өндiрушiлер мен импорттаушылар, борышкердiң мүлкiн (активтерiн) өткiзу кезінде банкроттықты және оңалтуды басқарушылар жүзеге асырады.
4. Мынадай алкоголь өнiмi - есепке алу-бақылау маркаларымен және темекi бұйымдары акциздiк маркалармен:
1) Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге экспортталатын;
2) бажсыз сауданың кедендiк рәсімімен орналастыруға арналған, бажсыз сауда дүкендерінің иелері Қазақстан Республикасының аумағына әкелетiн;
3) Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына уақытша әкелудің (рұқсат берудің) және уақытша әкетудің кедендік рәсімдерінде әкелінетін, оның ішінде жекелеген даналарда жарнама жасау және (немесе) демонстрациялау мақсатында Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аумағынан Қазақстан Республикасының аумағына уақытша әкелінетін;
4) кедендік транзиттің кедендік рәсімінде Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағы арқылы өткізілетін, оның ішінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерден Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзитпен өткізілетін;
5) Қазақстан Республикасының аумағына жиырма бір жасқа толған жеке тұлға - үш литрден аспайтын шекте әкелетін (жөнелтетін) алкоголь өнiмi, сондай-ақ он сегiз жасқа толған жеке тұлға екі жүз сигареттен немесе елу сигарадан (сигарилладан) немесе темекiнiң екі жүз елу грамынан аспайтын шекте не көрсетілген бұйымдарды жалпы салмағы екі жүз елу грамнан аспайтын ассортиментте әкелетiн (жөнелтетін) темекi мен темекi бұйымдары мiндеттi таңбалауға жатпайды.
5. Осы баптың 4-тармағында көзделген жағдайлардан басқа, акциздік және (немесе) есепке алу-бақылау маркаларымен таңбалауға жататын акцизделетін тауарлардың акциздік және (немесе) есепке алу-бақылау маркаларынсыз, сондай-ақ белгіленбеген үлгідегі және (немесе) сәйкестендіруге келмейтін маркалары бар акцизделетін өнімді сақтау, өткізу және (немесе) тасу түріндегі айналымына тыйым салынады.
6. Осы баптың 2-тармағында көрсетілген акцизделетін тауарларды жаңа үлгідегі есепке алу-бақылау немесе акциздік маркалармен қайта таңбалау уәкілетті орган айқындайтын мерзімдерде жүзеге асырылады.
7. Қазақстан Республикасына алкоголь өнімінің импортын жүзеге асыратын тұлға Қазақстан Республикасына алкоголь өнімін импорттау кезінде есепке алу-бақылау маркаларын нысаналы пайдалануы туралы міндеттемесін ұсынады.
2018.28.12. № 210-VІ ҚР Заңымен 8-тармақ өзгертілді (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
8. Импорттаушының Қазақстан Республикасына алкоголь өнімін импорттау кезінде есепке алу-бақылау маркаларын нысаналы пайдалану туралы міндеттемесі облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және астана бойынша уәкілетті органның аумақтық бөлімшесіне есепке алу-бақылау маркаларын алғанға дейін ұсынылады.
9. Импорттаушы Қазақстан Республикасына алкоголь өнімін импорттау кезінде есепке алу-бақылау маркаларын нысаналы пайдалану туралы міндеттемесін ұсынбаған жағдайда импорттаушыға есепке алу-бақылау маркалары берілмейді.
2018.28.12. № 210-VІ ҚР Заңымен 10-тармақ өзгертілді (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
10. Импорттаушылардың Қазақстан Республикасына алкоголь өнімін импорттау кезінде есепке алу-бақылау маркаларын нысаналы пайдалану туралы міндеттемесі облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және астана бойынша уәкілетті органның аумақтық бөлімшесінің ақшаны уақытша орналастыру шотына ақша салу арқылы, сондай-ақ импорттаушының таңдау бойынша мынадай тәсілдердің кез келгені:
1) банк кепілдігі;
2) кепілгерлік;
3) мүлік кепілі арқылы қамтамасыз етіледі.
2018.28.12. № 210-VІ ҚР Заңымен 11-тармақ өзгертілді (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
11. Ақшаны уақытша орналастыру шотын облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және астана бойынша уәкілетті органның аумақтық бөлімшелеріне бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган ашады.
2018.28.12. № 210-VІ ҚР Заңымен 12-тармақ өзгертілді (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
12. Облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және астана бойынша уәкілетті органның ақшаны уақытша орналастыру шоты Қазақстан Республикасына алкоголь өнімін импорттауды жүзеге асыратын тұлғаның ақша салуына арналған.
Ақшаны уақытша орналастыру шотына ақша салу Қазақстан Республикасының ұлттық валютасында жүргізіледі.
2018.28.12. № 210-VІ ҚР Заңымен 13-тармақ өзгертілді (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
13. Импорттаушы ақшамен қамтамасыз етілген, Қазақстан Республикасына алкоголь өнімін импорттау кезінде есепке алу-бақылау маркаларын нысаналы пайдалану туралы міндеттемесін орындамаған кезде облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және астана бойынша уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі бес жұмыс күні өткен соң ақшаны уақытша орналастыру шотынан ақшаны бюджет кірісіне аударады.
2018.28.12. № 210-VІ ҚР Заңымен 14-тармақ өзгертілді (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
14. Облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және астана бойынша уәкілетті органның ақшаны уақытша орналастыру шотына салынған ақшаны қайтару (есепке жатқызу) импорттаушының Қазақстан Республикасына алкоголь өнімін импорттау кезінде есепке алу-бақылау маркаларын нысаналы пайдалану туралы міндеттемесін орындағаны туралы есебі ұсынылғаннан кейін он жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.
15. Осы бапқа сәйкес:
1) шарап материалын, сыраны және сыра сусынын қоспағанда, алкоголь өнiмiн - есепке алу-бақылау маркаларымен және темекi бұйымдарын акциздiк маркалармен таңбалау (қайта таңбалау) қағидаларын, сондай-ақ акциздiк және есепке алу-бақылау маркаларының нысанын, мазмұнын және қорғау элементтерiн уәкілетті орган бекiтедi;
2) акциздiк және есепке алу-бақылау маркаларын алу, есепке алу, сақтау, беру және импорттаушылардың Қазақстан Республикасына алкоголь өнiмiн импорттау кезiнде есепке алу-бақылау маркаларын нысаналы пайдалану туралы мiндеттемесiн, есебiн ұсыну қағидаларын, сондай-ақ осындай мiндеттеменi есепке алу тәртiбi мен қамтамасыз ету мөлшерiн уәкілетті орган бекiтедi;
3) акциздік бекеттің қызметін ұйымдастыру тәртібін уәкілетті орган айқындайды;
4) тармақшаның қолданысы 2020 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатылды, тоқтатыла тұру кезеңінде осы тармақша 2017.25.12. № 121-VI ҚР Заңының 24-бабының редакциясында қолданылады (болашақ редакцияны қараңыз)