5) жүктi түсiру, сақтау және тиеу кезiнде оның жоғалуына, жетiспеуiне немесе зақымдануына (бүлiнуiне) байланысты залалдар мен шығыстар;
6) қосымша сақтандыру үшiн сақтандырушыларға төленген сақтандыру сыйақылар жатқызылады.
75-бап. Жанама залалдарды қоспау
1. Жалпы аварияға тек қана жалпы аварияның тiкелей салдары болып табылатын залалдар қосылады.
2. Кеменiң рейс кезiнде кешiгуiнен, оның бос тұрып қалуынан, бағаның өзгеруiнен туындаған залалдар және басқа да жанама залалдар жалпы авария деп танылмайды.
14-тарау. Суға батқан мүлік
76-бап. Суға батқан мүлiк
1. Суға батқан мүлiкке iшкi су жолдары шегiнде қалқып жүруiне немесе су астына, су түбiне кетуiне не саяз суларға немесе жағаға шығып қалғанына қарамастан, апатқа ұшыраған кемелер, олардың сынықтары, жабдықтар, жүктер мен басқа да заттар жатады.
2. Осы тараудың ережелерi:
1) суға батқан әскери мүлiктi көтеруге, аластауға және жоюға;
2) егер суға батқан археологиялық немесе тарихи мәнi бар мүлiк iшкi су жолдары шегіндегі су түбiнде жатса, мұндай мүлiктi көтеруге қатысты қолданылмайды.
77-бап. Меншiк иесiнiң суға батқан мүлiктi көтеру мiндетi
1. Суға батқан мүлiк кеме қатынасы қауiпсiздiгiне немесе қоршаған ортаға ластанумен байланысты залал келтiру қатерiн төндiретiн, не биологиялық су ресурстары кәсiпшiлiгiн, iшкi су көлiгіндегі қызметтi жүзеге асыруға және iшкi су жолдары шегiнде жүргiзiлетiн жол жұмыстарына кедергi келтiретiн жағдайларда суға батып кеткен мүлiктiң меншiк иесi уәкiлеттi органның талабы бойынша ол белгiлеген мерзiмде суға батып кеткен мүлiктi көтеруге және қажет болғанда оны аластауға немесе жоюға мiндеттi.
2. Егер суға батқан мүлiктiң меншiк иесi белгiлi болса, уәкiлеттi орган оған суға батып кеткен мүлiктi көтерудiң, аластаудың немесе жоюдың тәртібі мен мерзiмi туралы хабардар етедi.
Егер суға батқан мүлiктiң меншiк иесi, белгiсiз болса, уәкiлеттi орган бұқаралық ақпарат құралдарында суға батқан мүлiктi көтеру үшiн белгiленген мерзiмдер туралы мәлiметтер жариялауға мiндеттi.
3. Егер суға батқан мүлiктiң меншiк иесi суға батқан мүлiк туралы мәлiметтер жарияланғаннан кейiн мәлiмдеме жасамаса, мұндай мүлiктi құрайтын заттар Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарына сәйкес иесiз деп танылады.
78-бап. Суға батқан мүлiктi оның меншiк иесiнiң көтеруi
1. Суға батқан мүлiктiң меншiк иесi мұндай мүлiктi көтеру туралы өзiнiң ниетiн уәкiлеттi органға мүлiк суға батқан күннен бастап бір жыл iшiнде хабарлауға мiндеттi.
2. Уәкiлеттi орган суға батқан мүлiктiң меншiк иесiнiң мәлiмдемесiн алған күннен бастап үш ай iшiнде суға батқан мүлiктi көтерудiң тәртібін, сондай-ақ көтеру мерзiмiн белгiлейдi, ол меншiк иесi суға батқан мүлiктi көтерудiң тәртібі мен мерзiмi туралы уәкiлеттi органның хабарламасын алған күннен бастап кемiнде бір жыл болуға тиiс.
79-бап. Уәкiлеттi орган кәсiпорындарының суға батқан мүлiктi көтеруi, аластауы немесе жоюы
1. Уәкiлеттi органның кәсiпорындары, егер:
1) суға батқан мүлiктiң меншiк иесi суға батқан мүлiктi уәкiлеттi орган белгiлеген мерзiмде көтермесе және аластамаса (жоймаса);
2) суға батқан мүлiктiң меншiк иесi анықталмаса, адамдардың опат болуына әкеп соғуы, олардың өмiрi мен денсаулығына, қоршаған ортаға және шаруашылық жүргiзу объектілеріне зиян келтiруi, едәуiр материалдық шығындарға ұшыратуы және халықтың тыныс-тiршiлiгi жағдайларының бұзылуына әкеп соғуы мүмкiн аварияларды, зiлзаланы немесе апатты болдырмау мақсатында;
3) суға батқан мүлiктiң меншiк иесi мүлiктi көтеру, аластау, жою үшiн Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген техникалық қауiпсiздiк талаптарына сай келмейтiн құралдарды қолданатын болса;
4) суға батқан мүлiктiң меншiк иесi мүлiк суға батқан күннен бастап бір жыл iшiнде анықталмаса суға батқан мүлiктi көтеруге, ал қажет болғанда аластауға немесе жоюға құқылы.
2. Егер суға батқан мүлiктiң меншiк иесi белгiлi болса, онда осы баптың 1-тармағында көзделген жағдайларда мұндай мүлiктi көтеру, аластау немесе жою соның есебiнен жүзеге асырылады.
3. Егер суға батқан мүлiк көтерiлген сәттен бастап бір жылдан аспаған болса, оның меншiк иесi суға батқан мүлiктi көтеруге кеткен шығыстарды және осыған байланысты басқа да келтiрiлген шығыстарды өтегеннен кейiн осы баптың 1-тармағына сәйкес көтерiлген суға батқан мүлікті талап етуi мүмкін.
80-бап. Уәкiлеттi орган кәсiпорнының өзiне келтiрiлген шығыстарды толық өтеттiру құқығы
Осы Заңның 79-бабының 3-тармағында көзделген мерзiм өткен соң сот суға батқан мүлiктi иесiз деп таныған жағдайда уәкiлеттi органның кәсiпорны:
1) көтерiлген суға батқан мүлiктi немесе оның бір бөлiгiн Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен сатып, оны сатудан түскен сома есебiнен оны көтеруге кеткен шығыстардың және оған байланысты келтiрiлген басқа да шығыстардың өтемiн алуға;
2) суға батқан мүлiктiң меншiк иесiнен оны сатудан түскен сомамен жабылмаған шығыстарды, ал суға батқан мүлiк жойылған кезде мұндай мүлiктi жоюға байланысты келтiрiлген шығыстарды өтеттiрiп алуға құқылы.
81-бап. Кездейсоқ көтерiлген суға батқан мүлiк
Кеме қатынасына байланысты операцияларды жүзеге асыру кезiнде iшкi су жолдары шегiнде кездейсоқ көтерiлген суға батқан мүлiк мұндай мүлiкке қатысты Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарында көзделген шараларды қабылдауға мiндеттi уәкiлеттi органға тапсырылуға тиiс.
15-тарау. Тасымалдаулардан туындайтын міндеттемелер бойынша жауаптылық
82-бап. Тасымалдау жөніндегі мiндеттемелердi бұзғаны үшiн жауаптылық
1. Тасымалдаудан туындайтын мiндеттемелер орындалмаған немесе тиiсiнше орындалмаған жағдайда тараптар Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде, осы Заңда, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында, тасымалдау ережелерiнде, сондай-ақ солардың негiзiнде жасалатын шарттарда белгiленген негiздер мен көлемдерде жауапты болады.
2. Тараптардың осы Заңда белгiленген жауаптылықты шектеу немесе жою мақсатындағы келісімдерi жарамсыз болады.
Тараптар келісім бойынша осы Заңда белгiленген жауаптылықтың көлемiн ұлғайтуға, сондай-ақ тасымалдау шарты бойынша қосымша жауаптылық көздеуге құқылы.
2015.27.10. № 363-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Тасымалдау, оның iшiнде аралас тасымалдар және халықаралық қатынастарда тасымалдау жөнiндегi мiндеттемелерiн орындамағаны немесе тиiсiнше орындамағаны үшiн тасымалдаушылардың өзара жауаптылығы осы Заңда, Қазақстан Республикасының көлік туралы заңнамалық актiлерiнде, халықаралық шарттарда және жүк тасымалдаушылар арасындағы келiсiмдерде айқындалады.
4. Тасымалдауды бірнеше тасымалдаушы жүзеге асырған жағдайда олар жүк жөнелтушiнiң, жүк алушының алдында жүктiң, багаждың жоғалғаны, кем шыққаны немесе зақымданғаны (бүлiнгенi) үшiн ортақ жауапты болады, ал жүктi, багажды жеткiзу мерзiмiн өткiзiп алғаны үшiн, егер мерзiмiн өткiзiп алу тасымалдаушылардың кiнәсiнен болмағанын дәлелдей алмаса, соңғы тасымалдаушы жауапты болады.
5. Егер тасымалдаушыға өзге тасымалдаушының, жүк жөнелтушiнiң, жүк алушының, экспедитордың кiнәсiнен болған жауапкершiлiк жүктелсе, тасымалдаушы оларға керi талап қоюға құқылы.
83-бап. Тұрақсыздық айыбы
1. Тасымалдау жөніндегі мiндеттердi орындамағаны немесе тиiсiнше орындамағаны үшiн Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде, осы Заңда немесе шартта белгiленген мөлшерде тұрақсыздық айыбы төленедi.
2. Тасымалдаушыға тиесiлi төлемдер жасаудың мерзiмiн өткiзiп алғаны үшiн Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiне сәйкес бөгде біреудiң ақшасын заңсыз пайдаланғаны үшiн жауапкершiлiк көлемiнде тұрақсыздық айыбы алынады.
84-бап. Жолаушының өмiрi мен денсаулығына зиян келтiргенi үшiн тасымалдаушының жауапкершiлiгi
1. Егер жолаушыларды тасымалдау шартында тасымалдаушының жоғары жауапкершiлiгi көзделмеген болса, тасымалдаушы тасымалдау кезiнде жолаушының өмiрi мен денсаулығына зиян келтiру салдарынан туындайтын мiндеттемелер бойынша Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
2. Тасымалдаушының жауапкершiлiгi жолаушы кемеде және кемеге отырғызу (түcipу) кезiнде порт аумағында болған кезеңде оның өмiрi мен денсаулығына зиян келтiрiлгенi үшiн туындайды.
85-бап. Жолаушыны және багажды жеткiзу мерзiмдерiн бұзғаны үшiн жауапкершiлiк
1. Жолаушылар кемесiнiң (қалалық және қала маңы қатынастарындағы, сондай-ақ өткелдердегi тасымалдауларды қоспағанда) жөнелтiлуiн кiдiрткенi немесе оның баратын портына кешiгiп келгенi үшiн, егер тасымалдаушы мұндай кiдiру немесе кешiгiп келу еңсерiлмейтiн күштiң салдарынан болғанын дәлелдей алмаса, тасымалдаушы жолаушыға кiдiртiлген немесе кешiгiп келген әрбір сағат үшiн тасымалдау ақысының үш процентi мөлшерiнде айыппұл төлейдi.
Өндiрiп алынған айыппұл сомасы тасымалдау ақысының мөлшерiнен аспауға тиiс.
Көрсетiлген айыппұлдарды төлеу жолаушылар тасымалдау ережелерiне сәйкес жолаушының өтiнiшi бойынша жүргiзiледi.
2. Тасымалдаушы багажды жеткiзудiң мерзiмiн өткiзiп алған әрбір тәулiк үшiн жолаушыға немесе багажды алуға уәкiлеттiк берiлген адамға, егер мерзiмдi өткiзiп алу оның кiнәсiнен болмағанын дәлелдей алмаса, тасымалдау ақысының бес процентi мөлшерiнде, бірақ тасымалдау ақысы мөлшерiнен аспайтын айыппұл төлейдi.
86-бап. Жолаушылардың билетсiз жол жүруi және оларды билетсiз тасымалдағаны, қол жүгi мен багажды ақысыз тасымалдағаны үшiн жауаптылық
Жолаушылардың билетсiз жол жүруi және оларды билетсiз тасымалдағаны, сондай-ақ қол жүгi мен багажды ақысыз тасымалдағаны үшiн кiнәлi адамдар Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодексiнде көзделген тәртiппен әкiмшiлiк жауапкершiлiкке тартылуға жатады.
87-бап. Жүктiң, багаждың жоғалғаны, кем шыққаны немесе зақымданғаны (бүлiнгенi) үшiн тасымалдаушының жауапкершiлiгi
1. Тасымалдаушы жүктi, багажды тасымалдауға қабылдаған кезден бастап, жүк алушыға, жолаушыға немесе багажды алуға уәкiлеттi тұлғаға бергенге дейiн олардың сақталуын қамтамасыз етедi.
Тасымалдаушы жүктiң, багаждың жоғалғаны, кем шыққаны немесе зақымданғаны (бүлiнгенi) үшiн, егер жоғалу, кем шығу немесе зақымдану (бүлiну) оның кiнәсiнен болмағанын дәлелдей алмаса, Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарына сәйкес жауапты болады.
2. Тасымалдауға құндылығы жарияланбай қабылданған жүктiң, багаждың жоғалғаны, кем шыққаны немесе зақымданғаны (бүлiнгенi) үшiн тасымалдаушы мынадай мөлшерлерде және жағдайларда:
1) жүк, багаж жоғалғанда немесе кем шыққанда - жоғалған не кем шыққан жүк, багаж құнының мөлшерiнде;
2) жүк, багаж зақымданғанда (бүлiнгенде) - жүк, багаж құнының төмендеген сомасы мөлшерiнде, ал зақымданған жүктi, багажды қалпына келтiру мүмкiн болмағанда оның құны мөлшерiнде жауапты болады.
3. Тасымалдауға құндылығы жарияланып қабылданған жүктiң, багаждың жоғалғаны, кем шыққаны немесе зақымданғаны (бүлiнгенi) үшiн тасымалдаушы жарияланған құндылық мөлшерiнде жауапты болады.
4. Егер жүк, багаж баратын портқа жеткiзу мерзiмi аяқталған соң отыз тәулiк өткеннен кейiн келмеген болса, жоғалған деп есептелiп, мұндай жүктiң, багаждың құны осы баптың 2-тармағында көзделген мөлшерде өтелуге тиiс.
Жүк, багаж көрсетiлген мерзiмдер өткен соң келген жағдайда жүк алушы немесе багажды алуға уәкiлеттiк берiлген адам тасымалдаушыға бұған дейiн жүктi немесе багажды жоғалтқаны үшiн алынған соманы қайтара отырып, оны алуға құқылы.
5. Жүктiң немесе багаждың құны - оның сатушының есебiнде көрсетiлген немесе шартта көзделген бағасы негiзге алына отырып, ал есеп болмаған немесе шартта баға көрсетiлмеген жағдайда осымен салыстыруға болатын мән-жайларда, әдетте, осы сияқты тауарлар үшiн алынатын баға негiзге алына отырып айқындалады.
6. Тасымалдаушы жүктiң, багаждың жоғалуынан, кем шығуынан, зақымдануынан (бүлiнуiнен) туындаған белгiленген нұқсанды өтеумен қатар, егер тасымалдау ақысы жүктiң немесе багаждың құнына кiрмеген болса, жүк алушыға, жолаушыға немесе жүктi, багажды алуға уәкiлеттi тұлғаға мұндай жүктi немесе багажды тасымалдағаны үшiн алынған тасымалдау ақысын қайтарады.
7. Тасымалдаушы багаждың бүлiнуi тасымалдаушының кiнәсiнен болған жағдайдан басқа кезде жолаушы өзiмен бірге қолжүгi ретiнде алып жүретiн багаждың сақталуына жауапты болмайды.
88-бап. Жүк тасымалдау немесе тiркеп сүйретiлетiн объектiлердiң кемелерiн тiркеп сүйрету жоспары бойынша тапсырысты орындамағаны үшiн жауапкершiлiк
Тасымалдаушы, тiркеп сүйретушi қабылданған өтiнiмге немесе шартқа сәйкес жүк тасымалдауға немесе тiркеп сүйретiлетiн объектiнi тiркеп сүйретуге көлiк құралдарын бермегенi үшiн, жүк жөнелтушi немесе тiркеп сүйретiлетiн объектiнi жөнелтушi жүктi немесе тiркеп сүйретiлетiн объектiнi ұсынбағаны үшiн, сондай-ақ берiлген көлiк құралдарын өзге де себептерге байланысты пайдаланбағаны үшiн мынадай мөлшерлерде:
1) кемеде жүк тасымалдау және жүзу объектiсiн тiркеп сүйрету кезiнде - жүктiң немесе тiркеп сүйретiлетiн объектiнiң әрбір тоннасы үшiн тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгiленген 0,3 айлық есептiк көрсеткiш шамасының мөлшерiнде;
2) жүктi контейнерлерде тасымалдау кезiнде:
қоса есептелгенде брутто салмағы 5 тоннаға дейiнгi әрбір контейнер үшiн тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгiленген 1,5 айлық есептiк көрсеткiш шамасы мөлшерiнде;
қоса есептелгенде брутто салмағы 5 тоннадан 10 тоннаға дейiнгi әрбір контейнер үшiн тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгiленген 3,5 айлық есептiк көрсеткiш шамасы мөлшерiнде;
брутто салмағы 10 тоннадан асатын әрбір контейнер үшiн тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгiленген 7 айлық есептiк көрсеткiш шамасы мөлшерiнде айыппұл түрiнде жауапты болады.
89-бап. Жүк жөнелтушiнiң, жүк алушының жауапкершiлiгi
1. Көлiктiк жүкқұжатта жүктiң атауын, ерекше белгiлерiн және жүктi тасымалдау кезiнде қажет болатын сақтық шараларын дұрыс көрсетпегенi үшiн, тасымалдауға тыйым салынған жүктi ұсынғаны немесе жүктiң қасиеттерiн дұрыс көрсетпегенi үшiн жүк жөнелтушiден осы мән-жайларға байланысты тасымалдаушыға келтiрiлген залалдардың өтелуiне қарамастан мұндай жүктi тасымалдаудың бүкiл қашықтығына тасымалданғаны үшiн төлемақының бес еселенген мөлшерiнде айыппұл өндiрiп алынады.
2. Жүк жөнелтушiнiң, жүк алушының кiнәсiнен кемелердiң нормадан артық бос тұрып қалғаны және контейнерлердi қайтарудың кiдiртiлгенi үшiн тараптардың келісімiмен белгiленген мөлшерде олардан айыппұл өндiрiп алынады.
3. Жүктердi, түсiргеннен кейiн кемелердi немесе контейнерлердi тазаламағаны үшiн жүк алушы тасымалдаушыға тазалау жұмыстарының құнын екi еселенген мөлшерде төлеуге мiндеттi. Тасымалдаушы кеменiң немесе контейнердiң нормадан артық бос тұрып қалғаны үшiн айыппұл өндiрiп ала отырып, жүк алушы оларды тазалау жұмыстарын орындағанға дейiн тазаланбаған кеменi немесе контейнердi тазалаудан бас тартуға құқылы.
4. Кеменiң, контейнердiң немесе пакеттеу құралдарының зақымданғаны үшiн кiнәлi тараптан қажеттi жөндеудiң құны өндiрiп алынады.
2013.04.07. № 132-V ҚР Заңымен 90-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
90-бап. Тiркеп сүйретiлетiн объектiнiң жоғалғаны немесе зақымданғаны (бүлiнгенi) үшiн тiркеп сүйретушiнiң жауапкершiлiгi
1. Тiркеп сүйретушi тiркеп сүйретiлетiн объектiнiң жоғалғаны немесе зақымданғаны (бүлiнгенi) үшiн, егер жоғалу немесе зақымдану (бүлiну) оның кiнәсiнен болмағанын дәлелдей алмаса, оны қабылдап алған кезден бастап оны алушыға берген кезге дейiн жауапты болады.
2. Тiркеп сүйретiлетiн объект жоғалған жағдайда тiркеп сүйретушiден жоғалған тiркеп сүйретiлетiн объектiнiң құны мөлшеріндегі нұқсан және егер тiркеп сүйрету ақысы жоғалған тiркеп сүйретiлетiн объектiнiң құнына кiрмеген болса, осындай ақы өндiрiп алынады.
3. Тiркеп сүйретiлетiн объект зақымданған (бүлiнген) кезде тiркеп сүйретушiден тiркеп сүйретiлетiн объектiнi жөнелтушi немесе алушы айқындайтын, тiркеп сүйретiлетiн объектiнi жөндеу құны өндiрiп алынады. Келiспеушiлiктер туындаған кезде тiркеп сүйретiлетiн объектiнi жөндеу құнын тараптар айқындаған тәуелсіз сарапшы бағалауы мүмкiн.
4. 2013.04.07. № 132-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
5. Тiркеп сүйретiлетiн объект, егер шартта көрсетiлген тiркеп сүйрету мерзiмi аяқталған соң он күн өткеннен кейiн баратын портына (пунктiне) келмеген болса, жоғалған деп есептеледi.
91-бап. Жүктi немесе тiркеп сүйретiлетiн объектiнi жеткiзу мерзiмдерiн бұзғаны үшiн жауаптылық
Жүктi немесе тiркеп сүйретiлетiн объектiнi жеткiзу мерзiмiн өткiзiп алудың әрбір тәулiгi үшiн тасымалдаушы немесе тiркеп сүйретушi, егер мерзiмдi өткiзiп алу өзiнiң кiнәсiнен болмағанын дәлелдей алмаса, жүк алушыға немесе тiркеп сүйретiлетiн объектiнi алушыға тасымалдау ақысының тоғыз процентi мөлшерiнде, бірақ тасымалдау ақысының елу процентiнен аспайтын мөлшерде айыппұл төлейдi.
92-бап. 2015.27.10. № 363-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
93-бап. Жауапкершiлiктен босату
1. Тараптар тасымалдау, тiркеп сүйрету шарттарынан туындайтын мiндеттемелердi орындамағаны немесе тиiсiнше орындамағаны үшiн Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде, осы Заңда, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында көзделген негiздер бойынша жауапкершiлiктен босатылуы мүмкiн.
2. Тараптар, егер мiндеттемелердi орындамау немесе тиiсiнше орындамау:
2013.03.07. № 121-V ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1) еңсерiлмейтiн күштiң, сондай-ақ әлеуметтік, табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың;
2) соғыс iс-қимылдарының, төтенше жағдай енгiзудiң;
3) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жариялау арқылы жүктердiң орнын ауыстыруды, кемелердiң, салдардың және өзге де жүзу объектілерінiң қозғалысын тоқтату немесе шектеу салдарынан болса, жауапкершiлiктен босатылады.
3. Тасымалдаушы, тiркеп сүйретушi сондай-ақ:
1) мiндеттемелер жолаушының, жүк жөнелтушiнiң, жүк алушының, жөнелтушiнiң, алушының, экспедитордың кiнәсiнен орындалмаған немесе тиiсiнше орындалмаған;
2) көлiк ыдысының немесе олардың қасиеттерiнiң жасырын кемшiлiктерi салдарынан жүк, багаж сақталмаған;
3) жүк салмағында табиғи кему нормалары, ылғалдылығының төмендеу нормалары мен таразы аспаптарының көрсетулерiнде алшақтық нормалары шегiнде айырмашылықтар болған, сондай-ақ жүк жөнелтушi тасымалдаушының қатысуынсыз айқындаған салмақ бойынша тасымалдауға қабылданған жүк салмағында айырмашылықтар болған;
4) жүк жөнелтушiнiң немесе жүк алушының жол серiгiнiң iлесiп жүруiмен жүктi тасымалдаған кезде жауапкершiлiктен босатылады.
4. Егер жүк немесе тiркеп сүйретiлетiн объект тасымалдауға немесе тiркеп сүйретуге белгiлi бір мән-жайлар салдарынан ұсынылмаған болса, жүк жөнелтушi, жөнелтушi жауапкершiлiктен босатылады.
16-тарау. Iшкі су көлігіндегі қызметті жүзеге асыру кезінде келтірілген зиянды өтеу
94-бап. Iшкi су жолдары мен порттарда кеме қатынасы мен өзге де қызметтi жүзеге асыру кезiнде келтiрiлген зиян үшiн жауаптылық
Жеке және заңды тұлғалардың навигациялық жабдықтардың құралдарын, кеме қатынасы гидротехникалық құрылыстарын, кеме жолдары мен басқа да объектiлердi зақымдауы немесе жоюы салдарынан келтiрiлген зиян Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiне сәйкес өтелуге тиiс.
95-бап. Кемелер соқтығысуының салдарынан келтiрiлген
зиян үшiн жауаптылық
1. Кемелер соқтығысқан кезде келтiрiлген зиян Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде белгiленген тәртiппен өтеледi.
2. Егер кемелердiң соқтығысуы екi немесе одан көп тараптардың кiнәсiнен болса, келтiрiлген зиян үшiн жауаптылық олардың әрқайсысының кiнәлiлiк деңгейiне мөлшерлес айқындалады.
Егер соқтығысудың мән-жайларын негiзге ала отырып, әрбір тараптың кiнәлiлiк деңгейiн айқындау мүмкiн болмаса, жауаптылық олардың арасында тең бөлiнедi.
3. Азаматтың өмiрi мен денсаулығына келтiрiлген зиян үшiн тараптар Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарына сәйкес ортақ жауаптылықта болады.
96-бап. Кемелер соқтығысуының салдарынан келтiрiлген зиян үшiн жауапкершiлiктен босатудың негiздерi
1. Кемелердiң соқтығысуы кезiнде келтiрiлген зиянға тараптар кiнәлi болмаған, еңсерiлмейтiн күш салдарынан соқтығысқан немесе соқтығысу себептерiн анықтау мүмкiн болмаған жағдайда тараптардың ешқайсысы зиянды өтеудi талап етуге құқылы емес.
Бұл жағдайда әрбір тарап өзiне келтiрiлген залалдар тәуекелiн көтередi.
2. Осы баптың 1-тармағында белгiленген ережелер, егер кемелер немесе олардың бірi соқтығысу сәтiнде зәкiрде тұрса не өзгеше тәсiлмен бекітілген жағдайда қолданылады.
17-тарау. Актілер, кінә қою, талап қою және талап қою мерзімі
97-бап. Актiлер
1. Тасымалдаушылардың, тiркеп сүйретушiлердiң, жүк жөнелтушiлердiң, жүк алушылардың тiркеп сүйретiлетiн объектiлердi жөнелтушiлер мен оларды алушылардың, сондай-ақ жолаушылардың мүлiктiк жауапкершiлiгi үшiн негiз болуы мүмкiн мән-жайлар тиiстi тасымалдауларды жүзеге асыру кезiнде өтiнiштер арқылы коммерциялық актiлермен немесе жалпы нысандағы актiлермен куәландырылады.
Коммерциялық aктi мен жалпы нысандағы актiнiң нысандары, сондай-ақ оларды толтыру ережелерi жүк тасымалдау ережелерiмен және жолаушылар мен багаж тасымалдау ережелерiмен белгiленедi.
2. Тасымалдаушы жүктi, багажды немесе тiркеп сүйретiлетiн объектiнi беру кезiнде мынадай мән-жайларды:
1) жүктiң, багаждың немесе тiркеп сүйретiлетiн объектiнiң нақты атауының, жүктiң немесе багаж салмағының, жүк орындары немесе багаж орындары санының тасымалдау құжатында көрсетiлген деректерге сәйкес болмауын;
2) жүктiң, багаждың немесе тiркеп сүйретiлетiн объектiнiң жоғалуын, кем шығуын және зақымдануын (бүлiнуiн);
3) тасымалдау құжаттары жоқ жүктiң, багаждың немесе тiркеп сүйретiлетiн объектiнiң, сондай-ақ жүксiз, багажсыз немесе тiркеп сүйретiлетiн объектiсiз тасымалдау құжаттарының анықталғанын;
4) 2013.04.07. № 132-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
5) ұрланған жүктiң, багаждың немесе тiркеп сүйретiлетiн объектiнiң тасымалдаушыға қайтарылғанын куәландыру үшiн коммерциялық акт толтыруға мiндеттi.
Тасымалдаушы тасымалдау құжаттарында коммерциялық актiнi толтырғаны туралы белгi қоюға мiндеттi.
Коммерциялық актiнi толтырудан бас тартуға немесе оны белгiленген талаптарды бұза отырып ресiмдеуге Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен шағым жасалуы мүмкiн.
3. Сұйық күйiнде тасымалданатын жүктердiң кем шығуы немесе бүлiнуi жүк тасымалдау ережелерiнде белгiленген тәртiпте тасымалдау құжаттарымен куәландырылады.
4. Коммерциялық акт:
1) табиғи кему нормалары, жүк тасымалдау кезiнде ылғалдылық немесе қоқыстану процентiнiң төмендеу нормалары, таразылау құралдары көрсетулеріндегі алшақтық нормалары шегiнде жүк салмағының кем шығуы, навигация қорытындылары бойынша есеп жасау шарттары негiзге алына отырып, тасымалдауға қабылданған жүк салмағындағы айырмашылықтар болған;
2) техникалық ақаусыз кемеде немесе зақымданбаған жабу-пломбалау құрылғылары бар контейнерлерде немесе жүк жөнелтушi немесе жүк алушы өкiлiнiң iлесiп жүруiмен жеткiзiлген жүктi беру жағдайларында жасалмайды.
5. Жалпы нысандағы актiлер осы баптың 2-тармағында көзделмеген мән-жайлар куәландырылған жағдайда жасалады.
6. Акт жасауға қатысушы тараптар оған қол қоюдан бас тартуға құқылы. Акт мазмұнымен келiспеген жағдайда тараптар оған өз пiкiрлерiн жазуға құқылы.
7. Дәйексiз ақпарат жазылған актiнi толтырған немесе оған қол қойған тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жауапты болады.
98-бап. Кiнә қою және талап қою құқығы
1. Тасымалдаушыға немесе тiркеп сүйретушiге:
1) жүк немесе тiркеп сүйретiлетiн объект жоғалған жағдайда тасымалдаушының немесе тiркеп сүйретушiнiң жүктiң немесе тiркеп сүйретiлетiн объектiнiң келмегенi туралы белгiсi бар жүк тасымалдауға немесе тiркеп сүйретiлетiн объектiнi тiркеп сүйретуге қабылдағаны туралы түбіртегiн ұсына отырып, жүк жөнелтушiнiң, жүк алушының немесе тiркеп сүйретiлетiн объектiнi жөнелтушiнiң немесе тiркеп сүйретiлетiн объектiнi алушының;
2) жүк кем шыққан немесе зақымданған (бүлiнген) не тiркеп сүйретiлген объект зақымданған жағдайда - көлiктiк жүкқұжатты, жүктердi сұйық күйiнде тасымалдағанда - коммерциялық актiнi немесе тасымалдау құжатын, ал коммерциялық акт болмағанда коммерциялық актiнi жасаудан бас тартуға шағым берiлгенi туралы құжатты ұсына отырып, жүктi алушының немесе тiркеп сүйретiлген объектiнi алушының;
3) тасымалдау ақысын және өзге де төлемдердi белгiленген мөлшерден артық төлеген жағдайда - көлiктiк жүкқұжатты ұсына отырып, жүк жөнелтушiнiң, жүк алушының немесе тiркеп сүйретiлетiн объектiнi жөнелтушiнiң, алушының;