3) жүзу кезiнде кемеде болған адамның аманатын куәландыруға құқылы, бұл ретте кеме капитаны куәландырған аманат Қазақстан Республикасының нотариат туралы заңдарына сәйкес нотариалдық куәландырумен теңестiрiледi.
3. Кеме капитаны:
1) егер өз кемесiне және ондағы адамдарға қауiп төндiрмейтiн болса, суға батып бара жатқан адамға көмек көрсетуге;
2) кемелер соқтығысқан жағдайда осы соқтығысқа ұшыраған басқа кемеге, оның жолаушылары мен экипаж мүшелерiне көмек көрсетуге, бұл ретте соқтығысқан кемелердiң капитандары бір-бірiне өз кемелерiнiң атауларын хабарлауға;
2010.28.12. № 369-IV ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
3) егер кеме экипажының мүшесi немесе жолаушы кеме жүзіп жүрген кезде көрсетілу мүмкiн емес шұғыл медициналық көмекке мұқтаж болған жағдайда, кеменiң меншiк иесiне және (немесе) кеме иесiне, ал кеме шетелдiк портқа кiрген кезде Қазақстан Республикасының консулы мен кеме иесiнiң агентiне (шетел портында мұндай агент болған кезде) де хабар бере отырып, ең жақын портқа кіруге;
4) кеме экипажының мүшесi немесе жолаушы оның опат болу мүмкiндiгi бар мән-жайларда жоғалып кеткен жағдайда кеме журналына жазба енгiзуге, акт жасауға, сондай-ақ жоғалып кеткен кеме экипажы мүшесiнiң немесе жолаушының кемедегi мүлкiне тiзiмдеме жасап, аталған акті мен мүлiктi eң жақын порттың капитанына тапсыруға;
5) кемеде бала туылған немесе кемеде қайтыс болудың әрбір жағдайында екi куәгердiң және егер кемеде дәрiгер болса, соның қатысуымен тиiстi акт жасауға, сондай-ақ кеме журналына жазба енгiзуге;
6) кеменiң меншiк иесiн және (немесе) кеме иесiн кемедегi қайтыс болу жағдайы туралы хабардар етуге және қайтыс болған адамның мәйiтiн сақтау әрi оны туысқандарына немесе ең жақын порттағы порт әкiмшiлiгiне тапсыру жөнiнде шаралар қолдануға;
7) қайтыс болған адамның кемедегi мүлкiне тiзiмдеме жасауға және мұндай мүлiктiң жасалған тiзiмдемеге сәйкес қайтыс болған адамның туысқандарына немесе ең жақын порттағы порт әкiмшiлiгiне тапсырылғанға дейiн сақталуын қамтамасыз етуге;
8) iс-әрекетi кеме немесе ондағы адамдар мен мүлiктiң қауiпсiздiгiне қатер төндiретiн адамды оқшаулауға;
2014.03.07. № 227-V ҚР Заңымен 9) тармақша жаңа редакцияда (2015 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
9) жүзiп жүрген кемеде Қазақстан Республикасының қылмыстық заңнамасында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық белгiлерi бар іс-әрекеттер анықталған жағдайда, бұл туралы құқық қорғау органдарын дереу хабардар етуге және мұндай қылмыстық құқық бұзушылықтың жасалуына күдiктi адамды жақын жердегі порттағы немесе елдi мекендегі аталған органдарға бергенге дейiн ұстап алуға;
10) құқыққа қарсы iс-әрекеттер жасау мақсатында кемеге адамдар шабуыл жасаған жағдайда iшкi iстер және ұлттық қауiпсiздiк органдарымен келiсе отырып, уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiпке сәйкес әрекет етуге мiндеттi.
4. Кеме капитаны ауырған немесе оған өз қызметтiк мiндеттерiн атқаруға кедергi келтiретiн өзге де себептер болған жағдайларда, сондай-ақ ол қайтыс болғанда кеме капитанының мiндеттерi кеменiң меншiк иесiнiң және (немесе) кеме иесiнiң өкімін алғанға дейiн кеме капитанының аға көмекшiсiне жүктеледi.
37-бап. Кемедегi еңбек қатынастары
1. Кеме экипажының мүшелерiн тағайындауды кеменiң меншiк иесi мен (немесе) кеме иесi кеме капитанымен келiсе отырып жүзеге асырады.
2007.15.05. № 253-III ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Кеме экипажының мүшелерімен еңбек шартын жасасу тәртібі, олардың құқықтары мен міндеттері, еңбек және ақы төлеу шарттары, сондай-ақ олармен еңбек шартын тоқтатудың тәртібі мен негіздері Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасымен және осы Заңмен айқындалады.
3. Кеме иесi кеме экипажының мүшелерiне олар кемеде болған кезде:
2007.15.05. № 253-III ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
1) Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес еңбектiң қауiпсiз жағдайларын;
2) Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулығын қорғау туралы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес денсаулықты қорғау мен медициналық көмектi;
3) құтқару құралдарының болуын;
4) азық-түлiкпен және сумен үздiксiз жабдықтауды;
5) санитарлық-гигиеналық талаптарға сай келетiн демалуға, тамақтануға, емделуге, мәдени және тұрмыстық қызмет көрсетуге арналған үй-жайлармен қамтамасыз етуге мiндеттi.
4. Кеме экипажының мүшесi өзiнiң қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде опат болған немесе оның өмiрi мен денсаулығына зиян келтiрiлген жағдайда кеменiң меншiк иесi және (немесе) кеме иесi кеме экипажының мұндай мүшесiне келтiрiлген зиянды Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарына сәйкес өтеуге мiндеттi.
5. Кеме экипажының мүшесi жеке пайдалануға арналған мүлкiн кемеде алып жүруге құқылы. Кеменiң оқиғаға ұшырауы салдарынан мұндай мүлiк жойылған немесе зақымданған жағдайда кеменiң меншiк иесi мен (немесе) кеме иесi кеме экипажының осы мүшесiне келтiрiлген нұқсанды өтеуге мiндеттi. Бұл ретте кеменiң оқиғаға ұшырауына кiнәлi экипаж мүшесiнiң мүлкiне келтiрiлген нұқсан өтелмейдi.
38-бап. Кеме экипажы мүшесiнiң ол жұмысқа қабылданған жерге қайта оралуы
1. Кеменiң меншiк иесi мен (немесе) кеме иесi:
1) кеме опат болған;
2) кеме экипажының мүшесi ауырып қалған немесе кемеден тысқары жерде емделудi қажет ететiн жарақат алған;
2007.15.05. № 253-III ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
3) Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес еңбек шарты тоқтатылған, оның iшiнде белгiлi бір мерзiмге жасалған еңбек шартының қолданылу мерзiмi Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерде аяқталған;
2007.15.05. № 253-III ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
4) кеме иесiнiң банкротқа ұшырауы, кеменi сату немесе кеме тiркелген мемлекеттің өзгеруi салдарынан кеменiң меншiк иесi мен (немесе) кеме иесiнiң кеме экипажының мүшесiне қатысты Қазақстан Республикасының заңдарында немесе еңбек және ұжымдық шарттарда көзделген өз мiндеттерiн орындау мүмкiндiгi болмаған;
5) кеме экипажы мүшесiнiң келісімiнсiз кеме әскери iс-қимылдар аймағына немесе эпидемиологиялық қауiптi аймаққа жiберiлген жағдайда кеме экипажының мүшесiн және оның салмағы отыз килограммға дейiнгi жеке мүлкiн өз есебiнен кеме экипажының мүшесiн жұмысқа қабылдаған жерге немесе тараптар келiскен басқа жерге жеткiзудi қамтамасыз етуге мiндеттi.
2007.15.05. № 253-III ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Кеме экипажы мүшесiнiң жұмысқа қабылданған жерге қайта оралуының себебi олардың еңбек және ұжымдық шарттарды бұзуы болып табылған жағдайда кеменiң меншiк иесi мен (немесе) кеме иесi Қазақстан Республикасының заңдарына, еңбек және ұжымдық шарттарға сәйкес осы экипаж мүшелерiнен мұндай қайта оралуға байланысты шығыстарды толық немесе iшiнара өндiрiп алуға құқылы.
8-тарау. Кемені жалға алу
39-бап. Жалпы ережелер
1. Кеменi жалға алу Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарына және осы тарауда белгiленген ережелерге сәйкес жүзеге асырылады.
Егер жалға алу шартында өзгеше белгiленбесе, осы тарауда белгiленген ережелер қолданылады.
2. Кеменi экипажымен жалға алу жалға берушiнiң кеменi жалға алушыға сонымен қатар кеменi басқару және оны техникалық пайдалану жөніндегі қызметтер көрсетудi де беруiн көздейдi.
3. Кеменi экипажсыз жалға алуға жалға берушiнiң кеменi басқару және оны техникалық пайдалану жөніндегі қызметтер көрсетуi кiрмейдi.
4. Жалға алушыға қойылатын талаптардан туындайтын өндiрiп алу талаптарын үшiншi бір тараптардан жалға алынған кемеге қатысты қоюға жол берiлмейдi.
5. Жалға алу шарты қолданыста болған уақытта кеменi иелiктен айыру оның қолданысының тоқтатылуына әкеп соқпайды, бұл ретте жаңа меншiк иесi Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарында белгiленген тәртiппен мұндай шартта көзделген барлық құқық пен мiндеттердi иеленедi.
Кемеге иелiк етуден айырылған тұлға кемеге меншiк құқығын иеленген тұлғаны иелiктен айырылған кемеге қатысты жасалған жалға алу шарты туралы хабардар етуге мiндеттi. Кемеге меншiк құқығын иеленушi тұлғаның мiндетi осы кеменi жалға алушыны меншiк иесiнiң ауысқаны туралы хабардар ету болып табылады.
6. Кеменi жалға беру және кеменi қайтарып алу жалға алу шартында көрсетiлген жерде жүзеге асырылады. Кеменi шартта көрсетiлген жерге жеткiзуге байланысты шығыстарды, егер жалға алу шартында өзгеше көзделмесе, кеменi жалға берушi тарап көтередi.
7. Жалға алу шартында жалға беру мерзiмiнiң басталу және аяқталу күндерi көрсетiле отырып, кеменi жалға алушының иеленуi мен пайдалануына берудiң мұндай мерзiмi қарастырылады. Жалға алушы кеменi иеленуге және пайдалануға мұндай мерзiмнiң басталу күнiнен бұрын алуға мiндеттi емес. Жалға алушы кеменi өз билiгiне мұндай мерзiмнiң аяқталу күнi өткенге дейiн алуға мiндеттi. Егер кеме жалға алу шартында көрсетiлген мерзiмде жалға алушының иеленуiне және пайдалануына берiлмеген жағдайда жалға алушының жалға алу шартын бұзуды талап етуге құқығы бар. Егер жалға алушы мұндай мерзiмнiң аяқталу күнi өткеннен кейiн кеменi алмаса, жалға берушi де жалға алу шартын бұзуға құқылы.
Жалға алу шартын өзгерту және бұзу тәртібі Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiне сәйкес жүргiзiледi.
8. Жалға алушы жалға берушiнiң келісімi бойынша кеменi қосалқы жалға беруге құқылы.
Қосалқы жалға беру шартын жасасқан кезде кеменi берушi тұлға Қазақстан Республикасының заңдарында кеме қосалқы жалға тапсырылатын тұлғаға қатысты жалға берушiлер үшiн көзделген құқықтар мен мiндеттердi иеленедi, бірақ, бұл ретте бұған дейiн кеменi жалға немесе қосалқы жалға алған тұлғаға қатысты Қазақстан Республикасының заңдарында және жалға алу шартында көзделген құқықтары мен мiндеттерi сақталады.
Қосалқы жалға беру шарты жалға алу шартының мерзiмiнен асатын мерзiмге жасалмайды.
40-бап. Кеменi экипажымен жалға беру кезіндегі жалға берушiнiң құқықтары мен мiндеттерi
1. Жалға берушi жалға алу шартында көзделген мақсаттар үшiн кеменiң жарамдылығын, кеменiң экипажбен және тиiстi жабдықтармен жасақталуын, сондай-ақ кеменi техникалық қауiпсiз пайдалануды, оның экипажын ұстауды және жалға алу мақсаттарына сәйкес осы Заңда көзделген кеме құжаттарының болуын қамтамасыз етуге мiндеттi.
2. Кеме экипажы мүшелерiнiң кеменi жалға берушiмен еңбек қатынастары сақталады. Бұл ретте, жалға берушi кеменi басқаруға және техникалық пайдалануға қатысты кеме экипажының мүшелерiне өкімдер беруге құқылы.
Егер жалға алу шартында өзгеше көзделмесе, экипаж мүшелерi көрсететiн қызметтерге төлем жасау жөніндегі шығыстарды, сондай-ақ оларды ұстау жөніндегі шығыстарды жалға берушi көтередi.
3. Жалға берушi жалға берiлген кеменiң кемшiлiктерi үшiн Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiне сәйкес жауапты болады.
4. Жалға берушi кеменiң меншiк иесi болмаған жағдайда, мұндай кеменi жалға немесе қосалқы жалға беру кеменiң меншiк иесiнiң келісімi бойынша жүргiзiледi.
41-бап. Кеменi экипажымен жалға алу және кеменi коммерциялық пайдалануды жүзеге асыру кезіндегі жалға алушының құқықтары мен мiндеттерi
1. Жалға алушы коммерциялық пайдалануды жүзеге асыру шеңберiнде жалға берушiнiң келісімiнсiз өз атынан, егер де кеменiң мақсаты мен сыныбына, сондай-ақ жалға алу шартында көзделген мақсаттарға қайшы келмесе, тасымалдау немесе тiркеп сүйреу шарттарын жасасуға құқылы.
2. Кеменi коммерциялық пайдалану кезiнде кеме экипажының мүшелерi жалға алушының өкiмдерiне бағынады. Жалға алушы кеменi коммерциялық пайдалануға байланысты барлық шығыстарды, оның iшiңде отын және пайдалану барысында жұмсалатын басқа да материалдар үшiн және алымдарды төлеуге арналған шығыстарды көтередi.
3. Жалға алушы кеменi коммерциялық пайдалануды жүзеге асыру шеңберiнде өз өкiлiн тағайындауға құқылы, өкiлдiң кеменi коммерциялық пайдалану тұрғысындағы өкiмдерi кеме капитаны үшiн мiндеттi болып табылады.
42-бап. Кеменi экипажсыз жалға беру кезіндегі жалға берушiнiң және жалға алушының құқықтары мен мiндеттерi
Кеменi экипажсыз жалға беру кезіндегі жалға берушiнiң және жалға алушының құқықтары мен мiндеттерi Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарымен айқындалады.
43-бап. Кеменi жалға алғаны үшiн есеп айырысу
1. Жалға алушы жалға берушiге жалға алу шартында көзделген тәртiп пен мерзiмде жалдау ақысын төлейдi.
2. Жалға алушы жалға берушiнiң кiнәсiнен кеме пайдалануға жарамсыз болған уақыт iшiнде жалға алу ақысы мен кемеге қатысты шығыстарды төлеуден босатылады. Егер кеме жалға алушының кiнәсiнен пайдалануға жарамсыз болып қалған жағдайда, жалға алу ақысы толық көлемде төленуге тиiс.
3. Кеме опат болған жағдайда жалға алушы жалға алу ақысын оның опат болған күнiн, ал егер бұл күндi анықтау мүмкiн болмаса, ол туралы соңғы хабар алынған күндi қоса алған уақыт үшiн төлеуге тиiс.
4. Жалға берушiге кеменi уақтылы қайтармаған кезде жалға алушы кеменi пайдаланудың жалға алу шартының мерзiмiнен асып кеткен бүкiл мерзiм үшін жалға алу шартында көзделген жалға алу ақысы ставкасына немесе, егер ол жалға алу шартында көзделген жалға алу ақысы ставкасынан асып кетсе, жалға алу ақысының нарықтық ставкасына сүйене отырып, жалға алу, ақысын төлейдi.
5. Жалға алу ақысы төлем жасаудың шартта белгiленген мерзiмi өткеннен кейiн екi реттен көп төленбеген жағдайда жалға берушi сот тәртібімен жалға алу шартын мерзiмiнен бұрын бұзуға құқылы.
6. Егер жалға алу шартында өзгеше көзделмеген болса, жалға алушының кемеге жасаған ажыратып алуға болатын жақсартулары оның меншiгi болып табылады және жалға алушы оларды алып қоюы мүмкiн.
9-тарау. Порттар
44-бап. Порттың құқықтық мәртебесi, оның аумағы мен акваториясы
1. Порттар:
1) мемлекеттің;
2) Қазақстан Республикасының азаматтары мен мемлекеттік емес заңды тұлғаларының меншiгiнде болуы мүмкiн.
Iшкi су жолдарындағы порттар ортақ пайдалану объектiлерi болып табылады.
2. Порт аумағын Қазақстан Республикасының жер заңдарына сәйкес портқа бөлiнiп берiлген жер учаскелерi, соның iшiнде оның перспективалық дамуы үшiн қажетті аймақтар құрайды.
3. Порт акваториясын iшкi су жолдары шегіндегі акватория учаскелерi, оның iшiнде Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен портқа бөлiнiп берiлген рейдтер мен портқа кiреберiс жолдар құрайды.
Порт акваториясының шекараларын белгiлеудi уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
4. Порттардың акваториясы мен жағалау белдеуіндегі жерлер мемлекеттік меншiк болып табылады.
5. Мемлекет меншiгіндегі порттарды салу, қайта жаңарту үшiн жеке меншiктегi жер учаскелерi залалдар толық көлемiнде өтеле отырып немесе соған тең басқа жер учаскесi берiлiп, Қазақстан Республикасының жер заңдарында белгiленген тәртiппен алып қойылуы мүмкiн.
2006.31.01. № 125-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2010.19.03. № 258-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 45-бап өзгертілді
45-бап. 2010.28.12. № 369-IV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
46-бап. Порттарды пайдалануға қойылатын негiзгi талаптар
2006.31.01. № 125-III ҚР Заңымен 1 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
1. Порт айлақтарының иелерi кемелер үшiн қауiпсiз кiреберiстердi, кемелердiң мұндай айлақтардағы қауiпсiз тұрағын қамтамасыз етуге мiндеттi, олардың қоймалары, жүк массасын анықтауға арналған, жүк тиеу-жүк түсiру құралдары, жолаушыларды, оның iшiнде мүгедектердi кемеге отырғызуға, түсiруге және олардың кеменiң келуiн күтуге арналған құрылғылары мен қондырғылары, ал қажет болған жағдайларда портқа вагондарды әкелуге арналған темiржолдың кiрме жолдары болуға тиiс.
Жүк массасын анықтауға арналған құралдар белгiленген тәртiппен мемлекеттік метрологиялық бақылануға тиiс.
2. Порттың гидротехникалық құрылыстары, навигациялық жабдықтардың құралдары, жүктi қайта тиеу кешендерi, айлақтары, қызметтiк ғимараттары мен портта орналасқан және пайдаланылатын өзге де мүлiк порт иесiнiң есебiнен күтiп ұсталады.
3. Порттарда қоршаған ортаны қорғауға, шаруашылық-тұрмыстық және құрамында мұнай бар суларды, басқа да қалдықтарды қабылдауға және өңдеуге арналған құралдар, сондай-ақ порт акваториясы шегiнде кемелердi құтқару және өрт сөндiру жөніндегі жұмыстарды жүзеге асыруға арналған құралдар болуға тиiс.
47-бап. Кемелердiң портқа кіру және порттан шығу тәртібі
2010.28.12. № 369-IV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара); 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Кемелердiң портқа кiруi және олардың порттан шығуы, кемелердiң порт акваториясының шегiнде жүзуi және портта тұруы уәкілетті орган белгiлеген тәртiппен жүзеге асырылады.
2. Шетелдiк кемелердiң Қазақстан Республикасының порттарына кіруi және оларға қызмет көрсету халықаралық шарттардың негiзiнде жүзеге асырылады.
48-бап. Портта көрсетiлетiн қызметтер
1. Порт:
1) кемелерге жүк тиеудi (түсiрудi) және қызмет көрсетудi олардың келу кезегiне қарай;
2) жүктермен көлiк-экспедиторлық және қоймалық операцияларды;
3) көлiктiң басқа түрлерiнен iшкi су көлiгiне және керiсiнше жүктердi ауыстырып тиеудi;
4) кемелер жолаушыларына қызмет көрсетудi;
5) порт кемелерi мен көлiктiң басқа түрлерiнде жолаушыларды, багажды және жүктердi тасымалдауды жүзеге асырады.
2. Порттың мiндеттi қызмет көрсетулерiне бағалар (тарифтер) және олардың шектi деңгейiн белгiлеу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүргізiледі.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Уәкілетті орган белгiлейтiн, порттың мiндеттi көрсетілетін қызметтер тiзбесiне кiрмейтiн көрсетілетін қызметтер үшін төлемақы мөлшерi Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жасалған шарттармен айқындалады.
10-тарау. Жолаушыларды, багажды және почта жөнелтілімдерін тасымалдау
49-бап. Жолаушыны және багажды тасымалдау шарты
1. Жолаушыларды және олардың багажын тасымалдау жолаушы тасымалдау шартының негiзiнде жүзеге асырылады.
2. Жолаушы тасымалдау шарты бойынша тасымалдаушы жолаушыны баратын пунктiне, ал жолаушы багаж тапсырған жағдайда багажды да баратын жерiне жеткiзуге және оны жолаушыға немесе багажды алуға уәкiлеттi адамға беруге мiндеттенедi; жолаушы - жол жүргенi үшiн, ал багаж өткiзген жағдайда багажды алып жүргенi үшiн ақы төлеуге мiндеттенедi.
3. Жолаушыны және багажды тасымалдау шарты уәкiлеттi орган бекiткен нысанда тиiсiнше жол жүру билетiмен және багаж түбіртегiмен ресiмделедi.
4. Жолаушыларды экскурсиялық және туристiк бағыттар бойынша тасымалдау шарты жолдама немесе жолаушылар тобын тасымалдау билетi нысанында ресiмделуi мүмкiн.
2010.28.12. № 369-IV ҚР Заңымен 50-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
50-бап. Жолаушылар мен багажды тасымалдау тәртібі және түрлерi
1. Iшкi су көлiгi ұсынатын жолаушыларды тасымалдау оның шарттарына, ұзақтығына, қашықтығына және сапасына қарай:
1) көлiктiк;
2) туристiк;
3) экскурсиялық түрлерге;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де түрлерге бөлiнедi.
2. Жолаушыларды тасымалдау қатынас түрлеріне қарай:
1) халықаралық - Қазақстан Республикасы мен шет мемлекеттер арасындағы тасымалдау;
2) республикаішілік - Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан елді мекендер арасындағы тасымалдау болып бөлінеді.
3. Әкімшілік-аумақтық белгісіне қарай жолаушылар мен багажды республикаішілік тасымалдау:
1) облысаралық - әртүрлі облыстардағы жөнелту және межелі пункттер арасында жүзеге асырылатын немесе елді мекендерді республикалық маңызы бар қалалармен, астанамен жалғастыратын тасымалдау;
2) ауданаралық (облысішілік қаларалық) - бір облыс шегіндегі, әртүрлі аудандарда орналасқан елді мекендер арасында жүзеге асырылатын немесе облыстық маңызы бар қалаларды елді мекендермен жалғастыратын тасымалдау;
3) ауданішілік - бір аудан шегіндегі елді мекендердің арасындағы тасымалдау;
4) қала маңындағы - елді мекеннің белгіленген шекарасынан бастап өлшенетін, ұзақтығы елу километрге дейінгі қала маңы аймағындағы елді мекенмен жалғастыратын маршруттар бойынша тасымалдау;
5) қалалық - қаланың белгіленген шекарасының шегіндегі тасымалдау болып бөлінеді.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Жолаушылар мен багажды тасымалдау тәртiбiн және түрлерiн (бұдан әрi - жолаушыларды тасымалдау қағидалары) уәкілетті орган айқындайды.
51-бап. Тасымалдаушының құқықтары мен мiндеттерi
1. Тасымалдаушы, реттелетiн тасымалдауды қоспағанда, баға жасау ережелерiне сәйкес тасымалдауға арналған бағаларды еркiн белгiлеуге құқылы.
2. Тасымалдаушы жолаушыға билетте немесе жолдамада көрсетiлген кемедегi орынды беруге мiндеттi.
3. Жолаушыларға қызмет көрсету орындарында, оның iшiнде билеттер сатылатын пункттерде жолаушылар тасымалдауды ұйымдастыру туралы көрнекi және қолжетiмдi нысанда уақтылы әрi анық ақпарат берiлуге тиiс.
4. Тасымалдаушы билет сатуды, оның iшiнде алдын ала сатудыұйымдастыруға, сондай-ақ жолаушыларды тасымалдау ережелерiне сәйкес анықтама орындарының, сақтау камераларының, демалыс бөлмелерiнiң және басқа да орындардың қызметiн көрсетуге мiндеттi.
5. Жолаушы, үй-жайлары бар дебаркадерлерi болмаған елдi мекендерде - павильондар, ал қала маңындағы желiлер мен өткелдерде орындықтары бар шатырлы қалқалар болуға тиiс. Бұл ретте осындай павильондардың иелерi жолаушылардың қауiпсiздiгi мақсатында жолаушыларды отырғызу және түсiру орындарын қажеттi құрылғылармен жабдықтауға мiндеттi.
2012.10.07. № 31-V ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
6. Жолаушыларға ұлттық стандарттармен және жолаушылар тасымалдау жөніндегі нормативтермен белгiленген тасымалдау жағдайлары қамтамасыз етiледi.
7. Жолаушыларға жеңiлдiктер әрi қызмет көрсетулер ұсынудың тiзбесi мен тәртібі Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленедi.
8. Тасымалдаушы кеменiң қауiпсiз жүзуiн қамтамасыз етуге, оны экипажбен жасақтауға және оны бүкiл тасымалдау уақыты iшiнде тиiсiнше күтiп ұстау үшiн барлық қажеттi заттармен жарақтауға мiндеттi.
9. Вокзал маңындағы және айлақ маңындағы аумақтарды жайластыру олардың иелерi есебiнен жүзеге асырылады.
2010.28.12. № 369-IV ҚР Заңымен 51-1-баппен толықтырылды; 2013.04.07. № 132-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 51-1-бап өзгертілді
51-1-бап. Әлеуметтік маңызы бар тасымалдауды ұйымдастыру
Жолаушыларды әлеуметтік маңызы бар тасымалдауды ұйымдастыруды, олардың маршруттарын бекітуді, оларға қызмет көрсету құқығына конкурстар ұйымдастыру мен өткізуді және маршруттар бойынша қозғалыс кестелерін бекітуді:
1) ауданаралық (облысішілік қаларалық) қатынаста - облыстардың жергілікті атқарушы органдары;
2) қалалық және қала маңындағы қатынаста - өзінің заңдық құзыры шегінде аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары;
3) ауданішілік қатынаста - аудандардың жергілікті атқарушы органдары жүзеге асырады.
Ішкі су көлігімен әлеуметтік маңызы бар жолаушылар тасымалын жүзеге асырумен байланысты тасымалдаушылардың шығындарын жергілікті атқарушы органдар бюджет қаражаты есебінен субсидиялайды.
2015.03.12. № 433-V ҚР Заңымен 51-2-баппен толықтырылды (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi)
51-2-бап. Ішкі су көлігі саласындағы көрсетілетін қызметтердің мүгедектер үшін қолжетімділігі
1. Ішкі су көлігі саласындағы көрсетілетін қызметтерге мүгедектердің қол жеткізуі үшін портта:
1) арнайы жол белгілері орнатыла отырып, мүгедектердің автокөлік құралдарын қоюға арналған орындардың бөлінуі;
2) ғимараттардың, ғимараттарға кіреберіс жолдардың (ғимаратқа кірер жолдардың, баспалдақтардың), ғимарат ішіндегі қозғалыс жолдарының халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтары үшін ыңғайластырылуы;
3) Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес көру және (немесе) есту қабілеттері бұзылған мүгедектер үшін қолжетімді ақпараттық сигналдық құрылғылармен және байланыс құралдарымен жабдықталуы;
4) тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедектерге және халықтың жүріп-тұруы шектеулі басқа да топтарына қызмет көрсету үшін мүгедектерге арналған кезекші кресло-арбаның болуы;
5) күту залдарында халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтарының қажеттіліктері ескеріле отырып жабдықталуға тиісті, мүгедектерге арналған арнайы орындардың бөлінуі;
6) қоғамдық дәретханалардың мүгедектердің кресло-арбаларымен жүріп-тұратын адамдарға арналған кабиналармен жабдықталуы;
7) мүгедектердің кресло-арбаларымен жүріп-тұратын адамдарға арналған арнайы таксофондардың орнатылуы;
8) мүгедектерге қызмет көрсетуге арналған арнайы билет кассаларының жабдықталуы қамтамасыз етілуге тиіс.