Қазақстан Республикасының
Заңы
Сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімдері туралы
(2016.30.11. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
Осы редакция 2017 жылғы 25 желтоқсанда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Осы Заңға өзгерістер енгізу туралы:
2015 жылғы 2 тамыздағы № 342-V ҚР Заңын қараңыз (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі)
Түпнұсқада мазмұны жоқ
Осы Заң жеке, заңды тұлға (филиал мен өкілдік) үшін сәйкестендіру нөмірін қалыптастырудың негізінде сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімдерін жасау мен жүргізудің мақсаттарын, міндеттерін, принциптері мен құқықтық негіздерін айқындайды.
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
1. Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) бизнес-сәйкестендіру нөмірі - заңды тұлғаға (филиал мен өкілдікке) және бірлескен кәсіпкерлік түрінде қызметін жүзеге асыратын дара кәсіпкер үшін қалыптастырылатын бірегей нөмір;
2012.24.12. № 60-V ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2) Бизнес-сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмi - құрылған және қызметін тоқтатқан заңды тұлғалар (филиалдар мен өкілдіктер), қызметін бірлескен кәсіпкерлік түрінде жүзеге асыратын дара кәсіпкерлер туралы мәліметтерді есепке алуға және сақтауға, берілген бизнес-сәйкестендіру нөмірлері туралы мәліметтерді қалыптастыруға және сақтауға арналған ақпараттық жүйе;
3) жеке сәйкестендіру нөмірі - жеке тұлға, соның ішінде өзіндік кәсіпкерлік түрінде қызметін жүзеге асыратын дара кәсіпкер үшін қалыптастырылатын бірегей нөмір;
4) Жеке сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімі - жеке сәйкестендіру нөмірлерінің тіркеу есебін жүзеге асыруға арналған ақпараттық жүйе;
5) мемлекеттік уәкілетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) - сәйкестендіру нөмірлерін қалыптастыруды және сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімдерін жүргізуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
6) сәйкестендіру нөмірі - сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімдерінде белгілі бір тұлғаға қатысты мәліметтер туралы жазбаны жүргізуге мүмкіндік беретін сандық нышандар кезектілігі түрінде көрсетілген жеке сәйкестендіру нөмірі немесе бизнес-сәйкестендіру нөмірі;
7) сәйкестендіру нөмірі бар құжат - тіркеу органы беретін, сәйкестендіру нөмірінің бар екендігін растайтын құжат;
8) сәйкестендіру нөмірін қалыптастыру - нәтижесінде сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімдерінде жеке және заңды тұлғалар (филиалдар мен өкілдіктер) туралы мәліметтердің негізінде уәкілетті орган сәйкестендіру нөмірін құратын процесс;
9) сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімдері - жеке және бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің тіркеу есептерін жүзеге асыруға арналған ақпараттық жүйелер;
10) тіркеуші органдар - мәліметтерді тіркеуді және сәйкестендіру нөмірі бар құжаттарды беруді жүзеге асыратын мемлекеттік органдар.
2. Қазақстан Республикасының сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімдері туралы заңнамасының осы бапта көрсетілмеген арнайы ұғымдары осы Заңның тиісті баптарында айқындалатын мағыналарда пайдаланылады.
3. Құжаттарда сәйкестендіру нөмірлерін көрсеткен кезде:
1) ЖСН - жеке сәйкестендіру нөмірі үшін;
2) БСН - бизнес-сәйкестендіру нөмірі үшін ресми қысқарту болып танылады.
2-бап. Қазақстан Республикасының сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімдері туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімдері туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен өзгеше ережелер белгіленсе, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.
2010.19.03 № 258-IV ҚР Заңымен 3-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
3-бап. Сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімдерін жасаудың, жүргізудің және сәйкестендіру нөмірін қалыптастырудың мақсаты мен міндеттерi
1. Сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімдерін жасау мен жүргізудің мақсаты Қазақстан Республикасында сәйкестендіру нөмірін енгізу негізінде белгілі бір тұлғаға қатысты мәліметтерді тіркеудің бірыңғай жүйесіне көшу болып табылады.
2. Сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімдерін жасау мен жүргізудің міндеттері:
1) мемлекеттік органдардың ақпараттық дерекқорларына өзекті сипат беру және ақпараттың қайталануын болғызбау;
2015.24.11. № 419-V ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
2) электрондық ақпараттық ресурстарды басқару мен пайдалану тетігін жетілдіру;
3) жеке және заңды тұлғалардың мемлекеттік органдармен өзара қарым-қатынасын олардың жүгінуі кезінде рәсімдерді жеделдету және оңайлату арқылы жетілдіру болып табылады.
3. Жеке немесе заңды тұлға (филиал мен өкілдік) үшін сәйкестендіру нөмірін қалыптастыру сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімдеріндегі және мемлекеттік органдар мен өзге де мемлекеттік мекемелердің ақпараттық жүйелеріндегі белгілі бір жеке немесе заңды тұлғаға (филиал мен өкілдікке) қатысты мәліметтерді сақтау үшін жүзеге асырылады.
4. Сәйкестендіру нөмірі:
1) азаматтық хал актілерін тіркеу;
2) жеке басты куәландыратын құжаттарды беру;
3) жылжымайтын, жылжымалы мүлік объектілерін, сондай-ақ жылжымайтын заттарға теңестірілген өзге де объектілерді мемлекеттік тіркеу;
2012.26.12. № 61-V ҚР Заңымен (2013 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2015.16.11. № 406-V ҚР Заңымен (2017 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 4) тармақша жаңа редакцияда
4) Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес салық төлеушi ретiнде тiркеу есебiне қоюға жатпайтын шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдардың ақша төлемдері мен аударымдарын жүзеге асыруын қоспағанда, ақша төлемі мен аударымдарын жүзеге асыру, оның iшiнде мiндеттi зейнетақы жарналары мен әлеуметтiк аударымдарды, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдарды және (немесе) жарналарды аудару, сондай-ақ салық мiндеттемелерiн орындау;
4-тармақтың 5) тармақшасы 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
2012.26.12. № 61-V ҚР Заңымен (2013 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2013.05.12. № 152-V ҚР Заңымен (2014 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 5) тармақша жаңа редакцияда
5) шетелдік корреспондент-банктердің корреспонденттік шоттарын және резидент емес заңды тұлғалардың, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың жинақ шоттарын қоспағанда, банктерде және банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдарда банк шоттарын ашу және жүргiзу;
6) рұқсат беру сипатындағы құжаттарды беру;
7) тіркеу сипатындағы құжаттарды беру;
8) әскери билетті, офицердің жеке куәлігін беру;
9) статистикалық тіркелімдерді жүргізу;
10) сыртқы экономикалық қызметті жүзеге асыру;
11) сайлаушыларды сайлауларда және республикалық референдумдарға қатысу кезінде тіркеу;
12) орталық мемлекеттік органдар мен өзге де мемлекеттік мекемелердің ақпараттық жүйелерін жүргізу;
13) заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) немесе филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу (қайта тіркеу);
14) дара кәсіпкерлерді мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) кезінде;
15) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген басқа да жағдайларда қолданылады.
4-бап. Сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімдерін жасау мен жүргізудің және сәйкестендіру нөмірін қалыптастырудың принциптерi
Сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімдерін жасау мен жүргізу, сәйкестендіру нөмірін қалыптастыру заңдылық, бірлік, міндеттілік, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын құрметтеу және қорғау, құпиялылық, электрондық ақпараттық ресурстардың тұтастығы мен сақталуын қамтамасыз ету принциптеріне сәйкес жүзеге асырылады.
5-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыретi
Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) сәйкестендіру нөмірін қалыптастыру тәртібін белгілейді;
2) сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімдерін жасау, жүргізу және пайдалану тәртібін белгілейді;
3) жеке басын куәландыратын құжаттарды дайындау кезінде пайдаланылатын интегралдық микросхемаға қойылатын талаптарды айқындайды;
2011.05.07. № 452-IV ҚР Заңымен 4) тармақшамен толықтырылды (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді)
4) өзіне Қазақстан Республикасының Конституциясымен, заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жүктелген өзге де функцияларды орындайды.
6-бап. Уәкілетті органның құзыретi
Уәкілетті орган:
1) өз құзыреті шегінде сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімдерін жасау, жүргізу және пайдалану жөніндегі нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді;
2) сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімдерінің жүргізілуін жүзеге асырады;
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 3-тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3) жергілікті атқарушы органдар жүзеге асыратын туу туралы куәліктерді беру кезінде жеке тіркеу нөмірлерін қалыптастыруды қоспағанда, сәйкестендiру нөмiрiн қалыптастыруды орталықтандырылған түрде жүзеге асырады әрi тiркеушi және басқа да мемлекеттiк органдар мен өзге де мемлекеттiк мекемелерге ақпарат бередi;
4) сәйкестендіру нөмірі бар құжаттардың әзірленуін ұйымдастыруды жүзеге асырады;
5) сәйкестендірілген деректердің сыныптауыштары мен анықтамаларын жүргізу тәртібін, олардың құрылымын, құрамы мен форматын белгілейді;
2011.05.07. № 452-IV ҚР Заңымен 6) тармақшамен толықтырылды (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді)
6) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
7-бап. Сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімдерін жүргізу
1. Сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімдерін жүргізу тиісті ақпараттық жүйелермен қамтамасыз етіледі.
2015.24.11. № 419-V ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімдері тек қана мемлекеттік органдар мен өзге де мемлекеттік мекемелердің ақпараттық жүйелері үшін электрондық ақпараттық ресурс болып табылады.
3. Сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімдері:
1) жеке тұлғаның туған күні, жынысы, заңды тұлғаны (филиал мен өкілдікті) және бірлескен кәсіпкерлік түріндегі дара кәсіпкерлікті мемлекеттік тіркеу туралы деректерді қамтитын сәйкестендіру нөмірлері туралы мәліметтерді;
2) тіркеуші және басқа да мемлекеттік органдар мен өзге де мемлекеттік мекемелерден алынатын мәліметтерді;
3) сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімдерінің құрамына кіретін мәліметтердің барлық өзгерістері туралы ақпаратты қамтиды.
8-бап. Сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімдерін жүргізуді жүзеге асыратын мемлекеттік органдар мен өзге де мемлекеттік мекемелердің міндеттерi
1. Уәкілетті орган:
1) тіркеуші органдар өтініш берген кезден бастап бір жұмыс күні ішінде сәйкестендіру нөмірін қалыптастыруды;
2) тіркеуші мемлекеттік органдар мен өзге де мемлекеттік мекемелерге олар өтініш берген кезден бастап екі жұмыс күнінен кешіктірмей ақпарат беруді жүзеге асыруға міндетті.
2. Тіркеуші органдар:
1) сәйкестендіру нөмірін қалыптастыру үшін уәкілетті мемлекеттік органға мәліметтерді, осындай мәліметтер келіп түскен кезден бастап бір жұмыс күні ішінде уақтылы ұсынуды;
2) сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімдері ақпараттық жүйелерінің деректерін толықтыру және өзектілік жағдайда ұстау үшін уәкілетті органға мәліметтерді, осындай мәліметтер келіп түскен кезден бастап бір жұмыс күні ішінде ұсынуды;
3) сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімдерінен сәйкестендіру нөмірлерін алып тастау немесе шартты түрде алып тастау үшін уәкілетті органға мәліметтерді, осындай мәліметтер келіп түскен кезден бастап бір жұмыс күні ішінде ұсынуды жүзеге асыруға міндетті.
3. Мемлекеттік органдар және өзге де мемлекеттік мекемелер:
1) сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімдерінің ақпараттық жүйелерінің деректерін толықтыру және өзектілік жағдайда ұстау үшін уәкілетті органға Қазақстан Республикасының Yкіметі белгілеген мәліметтерді, осындай мәліметтер келіп түскен кезден бастап бір жұмыс күні ішінде ұсынуды;
2) сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімдерінен сәйкестендіру нөмірлерін алып тастау немесе шартты түрде алып тастау үшін уәкілетті органға мәліметтерді, осындай мәліметтер келіп түскен кезден бастап бір жұмыс күні ішінде ұсынуды жүзеге асыруға міндетті.
«Жеке тұлғалар» Мемлекеттік деректер қорының кіріктірілген бөлігі мен Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау біріңғай ақпараттық жүйесінің ақпараттық өзара іс-қимыл ережесін қара
2015.24.11. № 419-V ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Сәйкестендiру нөмiрлерi ұлттық тiзiлiмдерiнiң ақпараттық жүйелерінде электрондық ақпараттық ресурстарды қорғауды қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
5. Сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімдерін жүргізу бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
2-тарау. Сәйкестендіру нөмірін қалыптастыру, алып тастау немесе шартты түрде алып тастау
9-бап. Сәйкестендіру нөмірін қалыптастыру
1. Сәйкестендіру нөмірін интегралдық микросхемаға енгізуді Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен уәкілетті орган қамтамасыз етеді.
2013.29.01. № 74-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Жеке сәйкестендiру нөмiрiн қамтитын интегралдық микросхема осы баптың 3-тармағының 2)-7) тармақшаларында көрсетілген жеке басты куәландыратын құжаттарға орналастырылады.
2008.10.12. № 101-ІV ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2013.29.01. № 74-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Мыналар:
1) туу туралы куәлік;
2) Қазақстан Республикасы азаматының паспорты;
3) Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі;
4) шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруына ықтиярхат;
2015.24.11. № 421-V ҚР Заңымен 4-1) тармақшамен толықтырылды
4-1) оралманның куәлігі;
5) азаматтығы жоқ адамның куәлігі;
6) Қазақстан Республикасының дипломатиялық паспорты;
7) Қазақстан Республикасының қызметтік паспорты;
8) жеке басты куәландыратын құжаттары болмаған жағдайда, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар үшін тіркеу куәлігі жеке сәйкестендіру нөмірі бар құжаттар болып табылады.
4. Бизнес-сәйкестендіру нөмірі бар құжаттар:
1) 2016.30.11. № 26-VI ҚР Заңымен алып тасталды (2017 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2012.24.12. № 60-V ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2) резидент заңды тұлғалар, олардың филиалдары (өкілдіктері) үшiн - заңды тұлғаны мемлекеттiк тiркеу (қайта тiркеу) туралы анықтама, филиалды (өкiлдiктi) есептiк тiркеу (қайта тiркеу) туралы анықтама;
2012.24.12. № 60-V ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3) қызметiн филиал мен өкiлдiк арқылы (тұрақты мекеме құра отырып) Қазақстан Республикасында жүзеге асыратын резидент емес заңды тұлғалар үшiн - филиалды (өкiлдiктi) есептiк тiркеу (қайта тiркеу) туралы анықтама;
2008.10.12. № 101-ІV ҚР Заңымен 4) тармақша редакцияда жазылды (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4) «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы кодексінің (Салық кодексі) 197-бабының 5-тармағына сәйкес салық агенттері болып табылатын;
Қазақстан Республикасында салық салу объектілерін иеленуші;
Қазақстан Республикасында аккредиттелген шетел мемлекетінің дипломатиялық және оған теңестірілген өкілдіктері болып табылатын;
«Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы кодексі (Салық кодексі) 191-бабының 8-тармағына сәйкес өзінің тұрақты мекемесі ретінде қаралатын тәуелді агенті арқылы қызметін жүзеге асыратын резидент емес заңды тұлғалар үшін - тіркеу куәлігі болып табылады;
2012.26.12. № 61-V ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (2013 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5. Мемлекеттік органдар мен өзге де мемлекеттік мекемелер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тіркеу, рұқсат беру және өзге де сипаттағы құжаттарды берген кезде сәйкестендіру нөмірін ескеруге міндетті.
4-тармақтың екінші бөлігі 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
Банктер мен банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдар сәйкестендiру нөмiрiн ескеруге, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген сәйкестендiру нөмiрiн қалыптастыру алгоритміне сәйкес дұрыс көрсетiлуiн бақылауға мiндеттi.
2008.10.12. № 101-ІV ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2013.29.01. № 74-V ҚР Заңымен 6-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
6. Жеке сәйкестендiру нөмiрiн қалыптастыру:
1) Қазақстан Республикасының азаматтары үшiн:
туу туралы куәлiктi;
Қазақстан Республикасы азаматының паспортын;
Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігін беру кезiнде;
2) шетелдiк үшiн шетелдiктiң Қазақстан Республикасында тұруына ықтиярхат беру немесе тіркеу куәлiгiн беру кезiнде;
2015.24.11. № 421-V ҚР Заңымен 2-1) тармақшамен толықтырылды
2-1) этникалық қазақтар үшін оралман мәртебесін беру кезінде;
3) азаматтығы жоқ адамдар үшiн көшi-қон полициясы органдарында тiркеу кезiнде берiлетiн азаматтығы жоқ адамның куәлiгiн немесе тiркеу куәлiгiн беру кезiнде жүзеге асырылады.
Бала асырап алу жағдайларынан басқа, осы тармақта көрсетiлген құжаттарды қайтадан және одан кейiн беру кезінде жаңа жеке сәйкестендiру нөмiрiн қалыптастыру жүргізілмейді.
7. Өзіндік кәсіпкерлік түрінде қызметін жүзеге асыратын жеке тұлғаны дара кәсіпкер ретінде тіркеу жеке сәйкестендіру нөмірі бойынша жүргізіледі.
Өзіндік кәсіпкерлік түрінде қызметін жүзеге асыратын дара кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеу кезінде жаңа жеке сәйкестендіру нөмірі берілмейді.
8. Бизнес-сәйкестендіру нөмірін қалыптастыру:
1) бірлескен дара кәсіпкерлік түрінде қызметін жүзеге асыратын дара кәсіпкерлер үшін бірлескен дара кәсіпкерлікті мемлекеттік тіркеу кезінде бір мезгілде;
2) резидент заңды тұлғалар, олардың филиалдары мен өкілдіктері үшін оларды тіркеу кезінде бір мезгілде;
3) Қазақстан Республикасында филиалдар мен өкілеттіктер арқылы (тұрақты мекеме құра отырып) қызметін жүзеге асыратын резидент емес заңды тұлғалар үшін оларды есептік тіркеу кезінде бір мезгілде;
2008.10.12. № 101-ІV ҚР Заңымен (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 4) тармақша редакцияда
4) мыналар:
«Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 197-бабының 5-тармағына сәйкес салық агенттері болып табылатын;
шет мемлекеттің Қазақстан Республикасында аккредиттелген дипломатиялық және оларға теңестірілген өкілдіктері болып табылатын;
«Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 191-бабының 8-тармағына сәйкес тұрақты мекеме ретінде қаралатын тәуелді агенті арқылы қызметін жүзеге асыратын;
филиал, өкілдік ашпай тұрақты мекеме арқылы қызметін жүзеге асыратын;
Қазақстан Республикасында салық салу объектілерін иеленуші;
резидент-банктерде ағымдағы шоттар ашатын резидент емес заңды тұлғаларды салық төлеушілер ретінде мемлекеттік кіріс органында тіркеу кезінде жүзеге асырылады.
9. Сәйкестендіру нөмірінің құрылымына кіретін мәліметтер өзгерген жағдайда қайта тіркеу рәсімі жүргізілмейді.
10. Жеке және заңды тұлғалардың (филиалдар мен өкілдіктердің) сәйкестендіру нөмірін қалыптастыруға арналған өтініштерін тіркеу не қабылдау:
1) тұрғылықты жері бойынша:
Қазақстан Республикасының азаматтары үшін;
2) келген жері бойынша:
Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын немесе уақытша тұрып жатқан шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар үшін;
3) бірлескен дара кәсіпкерліктің уәкілетті адамының тұрғылықты жері бойынша;
4) орналасқан жері бойынша:
заңды тұлғалар (филиалдар мен өкілдіктер) үшін, соның ішінде Қазақстан Республикасында тұрақты мекеме арқылы қызметін жүзеге асыратын резидент емес заңды тұлғалар үшін;
2008.10.12. № 101-ІV ҚР Заңымен 5) тармақша редакцияда жазылды (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5) «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексінің) 197-бабының 5-тармағына сәйкес салық агенті болып табылатын резиденттің немесе мүлкі резидент емес заңды тұлғаның сатылған акцияларының, қатысу үлестерінің немесе активтерінің құнының 50 процентін және одан астамын құрайтын, Қазақстан Республикасында жер қойнауын пайдалану құқығын иеленуші консорциумның орналасқан жері бойынша;
2008.10.12. № 101-ІV ҚР Заңымен 6) тармақша редакцияда жазылды (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
6) салық салу объектілерді сатып алатын және (немесе) оларға орналасқан және (немесе) тіркелген жері бойынша:
Қазақстан Республикасында салық салынатын объектілерге иелік ететін резидент еместер үшін;
7) резидент-банктің орналасқан жері бойынша:
резидент-банктерде ағымдағы шоттарын ашатын және осы тармақтың 2)-6) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша сәйкестендіру нөмірі қалыптастырылмайтын резидент еместер үшін жүзеге асырылады.
10-бап. Сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімдерінен сәйкестендіру нөмірін алып тастау немесе шартты түрде алып тастау
1. Жеке сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімдерінен жеке сәйкестендіру нөмірі:
1) жеке тұлға қайтыс болғанда;
2) жеке тұлғаны қайтыс болды деп жариялау туралы соттың шешімі күшіне енгенде;
3) жеке тұлға шетелге тұрақты тұруға кеткен және азаматтығын ауыстырған кезде;
4) резидент емес жеке тұлға резидент-банктегі ағымдағы шотын жапқан жағдайда;
5) резидент емес жеке тұлғаның салық салынатын объектілерге және салық салуға байланысты объектілерге құқығы тоқтатылған кезде;
6) резидент емес жеке тұлға Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік қызметін тоқтатқан және Қазақстан Республикасынан кетіп қалған жағдайда алып тасталады.
Жеке тұлғаны қайтыс болды деп жариялау туралы сот шешімінің күші жойылған жағдайда, сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімдерінен бұрын алып тасталған жеке сәйкестендіру нөмірі қайта қалпына келтірілуге тиіс.
2013.29.01. № 74-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Жеке сәйкестендiру нөмiрi:
1) ол туралы мәлiметтер өз құзыретi шегiнде құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласында статистикалық қызметтi жүзеге асыратын мемлекеттiк орган белгiлеген тәртiппен, көлемде және мерзiмде ұсынылатын жеке тұлғаны хабарсыз кеткен деп тану туралы сот шешiмi күшiне енгеннен кейiн;
2) резидент еместер Қазақстан Республикасынан кеткен кезде;
3) асырап алынған бала туралы мәліметтер, оның дербес деректері өзгерген кезде бала асырап алу туралы сот шешiмi күшiне енгеннен кейiн Жеке сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмiнен шартты түрде алып тасталады.
Шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдарды қайтадан және одан кейiн тiркеу кезінде, сондай-ақ бала асырап алу жарамсыз деп танылған жағдайда, бұрын қалыптастырылған жеке сәйкестендiру нөмiрi бар құжат берiледi.
3. Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімінен бизнес-сәйкестендіру нөмірі:
1) заңды тұлға (филиал, өкілдік) таратылған кезде;
2) бірлескен дара кәсіпкерлік түрінде қызметін жүзеге асыратын дара кәсіпкер кәсіпкерлік қызметін жүзеге асыруды тоқтатқан кезде;
3) резидент емес заңды тұлғаның салық салу объектілеріне және салық салумен байланысты объектілерге құқығы тоқтатылған кезде;
4) резидент емес заңды тұлға резидент-банктегі ағымдағы шотын жапқан жағдайда;
5) резидент емес заңды тұлға Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік қызметін тоқтатқан және Қазақстан Республикасынан кетіп қалған жағдайда алып тасталады.
4. Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімінен бизнес-сәйкестендіру нөмірін шартты түрде алып тастау жүргізілмейді.
5. Сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімдерінен сәйкестендіру нөмірін алып тастау немесе шартты түрде алып тастау мемлекеттік органдардың, жеке және заңды тұлғалардың өтініштері негізінде жүргізіледі. Алып тасталған немесе шартты түрде алып тасталған сәйкестендіру нөмірлері сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімдерінің ақпараттық жүйелерінің базасында сақталуға тиіс.