Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары тоқсан сайын, есепті тоқсаннан кейінгі айдың 30-ынан кешіктірмей, жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы уәкілетті органға үй жануарларын есепке алу қағидаларына сәйкес есепке алынған үй жануарлары туралы ақпарат береді.
7. Есепке алынған үй жануарларының иелері үй жануарлары өлген кезден бастап он тәуліктен аспайтын мерзімде бұл туралы облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары құрған мемлекеттік ветеринариялық ұйымдарға не ветеринария саласындағы емдеу-профилактикалық кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке немесе мемлекеттік емес заңды тұлғаларға хабарлауға міндетті.
12-бап. Жануарларды тасымалдауға қойылатын жалпы талаптар
1. Жануарларды тасымалдау кезінде олардың азыққа, суға, ауаға, қозғалысқа, табиғи қажеттіліктерін атқаруға деген қажеттіліктері қанағаттандырылуға тиіс, сондай-ақ жануарлар үшін зиянды сыртқы әсерлерден оларды қорғау қамтамасыз етіледі. Көлік кеңістігінің көлемі тасымалданатын жануарлардың биологиялық, түрлік және жеке ерекшеліктеріне сәйкес келуге тиіс.
2. Жануарларды тасымалдау үшін пайдаланылатын көлік құралы жануарларды тиеу, тасымалдау және түсіру кезінде жануарлардың мертігуін немесе саулығына өзге де зиян келтірілуін немесе жануарлардың өлуін, сондай-ақ көлік құралынан олардың өз бетімен шығып кетуін болғызбайтындай етіп жабдықталуға тиіс.
3. Жануарларды тасымалдау жануарларды тасымалдау қағидалары сақтала отырып жүзеге асырылады.
13-бап. Жануарларды өсіруге қойылатын жалпы талаптар
1. Жануарларды өсіру кезінде жануарларды ұстауға қойылатын, осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасында көзделген жалпы талаптар ескерілуге тиіс.
2. Жануарлардың ұрпағына қажетті жағдайлар жасау мүмкін болмаған кезде жануардың иелері және (немесе) жауапты адамдар оларды стерилизациялауды қамтамасыз етеді.
14-бап. Ветеринариялық қызметтер көрсету кезінде жануарларға қарау ерекшеліктері
1. Жануардың иесі және (немесе) жауапты адам Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасына сәйкес жануарға ветеринариялық көмектің уақтылы көрсетілуін қамтамасыз етуге міндетті.
2. Жануарларға қатты ауырсынуды тудыратын емшараларды ветеринария мамандықтары бойынша жоғары, орта білімнен кейінгі немесе техникалық және кәсіптік білімі бар адамдар жүргізеді, олар қарсы көрсетілімдер болмаған жағдайда ауырсынуды басуды немесе анестезияны қолдануға міндетті.
3. Күрделі хирургиялық операцияларға, оның ішінде күшті әсер ететін анестезия препараттары пайдаланылатын операцияларға жататын ветеринариялық емшаралар мен манипуляцияларды ветеринария мамандықтары бойынша жоғары білімі бар адамдар жүргізе алады.
15-бап. Жануарларды жансыздандыру және олардың өлекселерімен жұмыс істеу
1. Жануарларды жансыздандыруға:
1) егер жануарлардың физикалық қиналуын өзгеше тәсілмен тоқтату мүмкін болмаса, жануарлардың физикалық қиналуын тоқтату үшін;
2) жануарлардың жаңа туған төлінде ауытқулар мен кемістіктердің анық білінген белгілері болып, ол тіршілік етуге қабілетсіз болған кезде;
3) Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы заңнамасында айқындалған тәртіппен жабайы жануарлардың санын реттеу мен аң аулау, балық аулау және балық шаруашылығын жүргізу кезінде;
4) жануар (жануарлар) адамға, жануарларға шабуыл жасаған жағдайда және (немесе) жануарлар адамның, жануарлардың өміріне немесе саулығына, сондай-ақ қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікке қатер төндіретін өзге де жағдайларда;
5) адамның және жануарлардың саулығына қауіп төндіретін жануарлардың аса қауіпті және жұқпалы ауруларын Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасына сәйкес жою кезінде жол беріледі.
2. Жануарларды жансыздандыру кезінде мынадай талаптар сақталуға тиіс:
1) жансыздандыру жүргізілетін үй-жай басқа жануарлар ұсталатын үй-жайдан бөлек болуға тиіс;
2) жансыздандыру жануарлардың өлім алдындағы физикалық қиналуын болғызбайтын әдістермен жүргізіледі;
3) жануарларды тұншығудан, электр тоғынан, термиялық әсерден, уланудан, оның ішінде пестицидтермен уланудан өлуге алып келетін, жансыздандырудың адамгершілікке жат әдістерін және басқа да ауырсыну тудыратын әдістерді қолдануға тыйым салынады.
3. Осы баптың 2-тармағының талаптары осы баптың 1-тармағының 4) тармақшасында көзделген, адамның және (немесе) жануардың өміріне немесе саулығына, сондай-ақ қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікке нақты қатерді жою кезінде жануарларды жансыздандыру жағдайларына қолданылмайды.
4. Жануарларды жансыздандыру және олардың өлекселерімен жұмыс істеу кезінде Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасының талаптары сақталуға тиіс.
4-тарау. ЖЕКЕЛЕГЕН САНАТТАРДАҒЫ ЖАНУАРЛАРҒА ҚАРАУ, ОЛАРДЫ ҰСТАУ ЖӘНЕ ПАЙДАЛАНУ КЕЗІНДЕГІ ЕРЕКШЕЛІКТЕР
16-бап. Жабайы жануарларға қарау кезіндегі талаптар
Жабайы жануарларға қатыгездікпен қарауды болғызбау мақсатында оларға қарау кезіндегі талаптар осы Заңда және Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы заңнамасында белгіленеді.
17-бап. Ауыл шаруашылығы жануарларына қарау кезіндегі талаптар
1. Ауыл шаруашылығы жануарларын ұстау, тасымалдау, оның ішінде сою орнына тасымалдау осы Заңның және Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Ауыл шаруашылығы жануарларын сою Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасының талаптары сақтала отырып жүзеге асырылады.
18-бап. Жануарларды мәдени-ойын-сауық мақсаттарында пайдаланған жағдайда оларға қарау кезіндегі талаптар
1. Жануарларды мәдениет, демалыс және ойын-сауық саласындағы қызметті жүзеге асыру кезінде, оның ішінде зоопарктерде, цирктерде, спорттық жарыстарда, жарнама жасау процесінде, кинематография туындыларын жасау кезінде, фото және бейне өнімдерді жасау үшін, телевидениеде, ағарту қызметінде, демонстрациялау мақсаттарында пайдалану жануарларды мәдени-ойын-сауық мақсаттарында пайдалану болып табылады.
2. Жануарларды мәдени-ойын-сауық мақсаттарында пайдалану және ұстау адамның және (немесе) жануардың өмірі мен саулығына зиян келтіруді болғызбау үшін қажетті қауіпсіздік шараларын сақтау ескеріле отырып жүзеге асырылады.
18-баптың 3-тармағының қолданысы 2029 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатылды, тоқтатыла тұру кезеңінде осы тармақ 30-баптың 2-тармағының редакциясында қолданылады
3. Егер жануарларды ұстау олардың тіршілігі мен саулығына зиян келтірмей, биологиялық, түрлік және жеке ерекшеліктеріне сәйкес неғұрлым тиімді пайдалануды қамтамасыз етуге мүмкіндік бермесе, жануарларды стационарлық океанариумдарда пайдалануға жол берілмейді.
4. Жануарды мәдени, ойын-сауық және демонстрациялау мақсаттарында пайдалану тиімділігін арттыру мақсаттарында оның саулығының жағдайын нашарлататын дәрілік және өзге де препараттарды қолдануға тыйым салынады.
5. Жануарларды мәдени-ойын-сауық мақсаттарында пайдалануды көздейтін қызметті жүзеге асыруға оларды ұстау орындарында, сол үшін әдейі арналған ғимараттарда, құрылыстарда, үй-жайларда немесе оқшауланған аумақтарда жол беріледі.
6. Жануарларды мәдени-ойын-сауық мақсаттарында пайдалануды көздейтін қызметті көрермендерге немесе келушілерге жануарларға физикалық контакт беру арқылы, оның ішінде коммерциялық пайдалану және фото мен бейне түсірілімдер жасау үшін адамдардың белгіленбеген тобының оларға қол жеткізуі үшін жүзеге асыруға жол берілмейді.
18-бабының 7-тармағы 2025 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
7. Ауыл шаруашылығы жануарларының және үй жануарларының көрмелерін қоспағанда, жылжымалы хайуанаттар бақтарының, контактілі зоопарктердің, жылжымалы океанариумдардың, жылжымалы жануарлар көрмелерінің қызметіне тыйым салынады.
18-бабының 8-тармағы 2029 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
8. Дельфинарийлердің қызметіне тыйым салынады.
9. Ауыл шаруашылығы жануарларының және үй жануарларының көрмелерін қоспағанда, дельфинарийлер, жылжымалы хайуанаттар бақтарын, контактілі зоопарктер, жылжымалы океанариумдар, жылжымалы жануарлар көрмелерін құруға тыйым салынады.
19-бап. Эксперименттік (зертханалық) жануарлармен жұмыс істеу кезіндегі талаптар
1. Жануарларды ғылыми зерттеулер, биологиялық тестілеу, оқу процесін жүргізу кезінде, медициналық мақсаттарда, сондай-ақ биомедициналық препараттар алу кезінде эксперименттік (зертханалық) жануарларға қатыгездікпен қарауды көздейтін пайдалану осы мақсаттар үшін баламалы объектілер мен модельдерді пайдалану мүмкін болмайтын жағдайларда ғана жүзеге асырылуы мүмкін.
2. Эксперименттік (зертханалық) жануарларға олар қатты ауырсынатын емшараларды жүргізу ауырсынуды, физикалық қиналуды барынша азайту үшін ауырсынуды басу немесе анестезия қолданыла отырып жүзеге асырылады.
3. Эксперименттік (зертханалық) жануарлармен жұмыс істеу кезінде жануарлардың барынша аз саны пайдаланылуға тиіс.
4. Ветеринариялық дәрігердің қорытындысында көзделген жағдайларды қоспағанда, жануарларды ұстау орындарынан шығарып алу кезінде эксперименттік (зертханалық) жануарларды дыбыс шығару мүмкіндігінен хирургиялық жолмен айыруға, оларға жарақаттау әдістері мен тәсілдерін қолдануға жол берілмейді.
5. Эксперименттік (зертханалық) жануарлармен жұмыс істеу кезінде:
1) жануарларға қатыгездікпен қарауды көздейтін демонстрацияларды оқу мақсаттарында өткізуге;
2) егер жануарларға қатыгездікпен қарауды көздейтін болса, рефлекторлық қызметтің жақсы таныс құбылыстарының демонстрацияларын оқу мақсаттарында өткізуге;
3) биологиялық препараттардың сапасын бақылау мақсатында оларды өндіру кезінде, сондай-ақ иммундау схемаларын зерделеу кезінде пайдаланылатын жануарларды қоспағанда, ауырсындыратын емшараларды жүргізу үшін жануарды бір реттен артық пайдалануға;
4) он төрт жасқа толмаған адамдар қатысқан немесе болған кезде эксперименттік (зертханалық) жануарларға хирургиялық және әсер етудің өзге де ауырсындыратын әдістерімен байланысты тәжірибелер жүргізуге тыйым салынады.
6. Ғылыми зерттеулер, биологиялық тестілеу, оқу процесін жүргізу үшін, медициналық мақсаттарда, сондай-ақ биомедициналық препараттар алу кезінде пайдаланылатын эксперименттік (зертханалық) жануарларды ұстау және өсіру ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) қағидалар, ветеринариялық нормативтер және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілері сақтала отырып, жүзеге асырылады.
7. Адамдар санитариялық қағидаларға және өзге де арнаулы талаптарға сәйкес жабдықталған, жануарларды ұстауға және өсіруге арналған үй-жайлары, сондай-ақ жануарларды күтіп-бағуды қамтамасыз ететін қызметкерлері болған кезде ғана жануарларды тәжірибелерде пайдалана алады.
8. Эксперименттік (зертханалық) жануарды жансыздандыруды жануардың иесі және (немесе) жауапты адам осындай құқық берген адам жүргізеді.
9. Эксперименттік (зертханалық) жануардың өлексесін кәдеге жарату оның өлгені расталғаннан кейін ғана жүргізілуі мүмкін.
20-бап. Қызметтік жануарлармен жұмыс істеу кезіндегі талаптар
1. Қызметтік жануарларды даярлауды (үйретуді) тиісті мамандар жүзеге асырады.
2. Қызметтік жануарларды даярлау (үйрету) кезінде жануарларды жүйелі түрде жарақат алуға алып келетін әрекеттерді орындауға мәжбүрлеуге тыйым салынады.
21-бап. Үй жануарларына қарау және оларды ұстау кезіндегі талаптар
1. Жануардың иесі немесе жауапты адам:
1) ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) қағидалардың, ветеринариялық және гигиеналық нормативтердің талаптарын сақтауға;
21-бабының 1-тармағының 2) тармақшасы 2023 ж. 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізіледі
2) үй жануарларын есепке алу қағидаларына сәйкес үй жануарларын есепке алуды жүргізуге;
3) басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін бұзбай, үй жануарларына жауапкершілікпен қарауды жүзеге асыруға;
4) адамның және (немесе) жануардың өмірі мен саулығына, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың мүлкіне үй жануарының зиян келтіруін болғызбау үшін қажетті қауіпсіздік шараларын қабылдауға;
5) үй жануарына Қазақстан Республикасының ветеринария туралы заңнамасына сәйкес ветеринариялық көмектің уақтылы көрсетілуін және профилактикалық ветеринариялық іс-шаралардың, оның ішінде вакциналаудың уақтылы жүргізілуін қамтамасыз етуге;
6) жергілікті атқарушы органдардың ветеринария саласындағы қызметті жүзеге асыратын бөлімшелеріне, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары құрған мемлекеттік ветеринариялық ұйымдарға, мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау органдарына үй жануарларының аса қауіпті және жұқпалы ауруларына ұшырау күдігі туралы, сондай-ақ үй жануарының аса қауіпті және жұқпалы аурулардың салдарынан өлгені туралы дереу хабарлауға;
7) стерилизациялау арқылы үй жануарларының қалаусыз ұрпағын болғызбау бойынша шаралар қабылдауға;
8) денсаулық сақтау ұйымына және жергілікті атқарушы органдардың ветеринария саласындағы қызметті жүзеге асыратын бөлімшелеріне, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары құрған мемлекеттік ветеринариялық ұйымдарға, мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау органдарына жануарының жеке тұлғаларға немесе жануарларға дене жарақаттарын салған жағдайлары туралы дереу хабарлауға және аса қауіпті және жұқпалы аурулардың ықтимал болуын анықтау мақсатында қарап-тексеру және қажетті клиникалық және (немесе) зертханалық-диагностикалық зерттеулер не ветеринариялық байқаулар жүргізу үшін өзінің жануарын облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары құрған мемлекеттік ветеринариялық ұйымға, ветеринария саласында емдеу-профилактикалық кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке немесе мемлекеттік емес заңды тұлғаларға жеткізуге;
9) үй жануарларының тұрғын және тұрғын емес үй-жайларды, оның ішінде кондоминиум объектілерін, қоғамдық орындарды ластауына, сондай-ақ үй жануарларының қоршаған ортаға зиян келтіруіне жол бермеуге;
10) осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасында көзделген өзге де талаптарды сақтауға міндетті.
2. Үй жануарларының құлақтары мен құйрықтарын тұқылдау, егер бұл тұқым стандарты бойынша міндетті болып табылса ғана жүргізіледі. Рудименттік бақайларды алып тастауға, егер олар тұқым стандарты бойынша міндетті болып табылмаса, үй жануарына ыңғайсыздық немесе ауырсыну тудырса, жол беріледі. Үй жануарларына аталған емшаралар ауырсынуды басумен немесе анестезиямен жүргізілуге тиіс. Жануар денесінің бөліктерін кесу үй жануарына қажетті көмек көрсету мақсатында жүргізіледі.
22-бап. Үй жануарларын серуендетуге қойылатын талаптар
1. Үй жануарларын серуендету жеке тұлғалардың және жануарлардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ жеке немесе заңды тұлғалардың мүлкін зиян келтіруден қорғау шартымен жүзеге асырылуға тиіс.
2. Жануардың иесі және (немесе) жауапты адам қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында үй жануарларын ұстау және серуендету қағидаларын сақтауға міндетті.
3. Иттердің өз бетінше серуендеуіне тыйым салынады.
4. Үй жануарларының мінез-құлқын бақылай алмайтын, оның ішінде алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамдардың оларды серуендетуіне тыйым салынады.
5. Жануар иесінің ерекше жауапкершілігін талап ететін үй жануары жануардың иесіне және (немесе) жауапты адамға меншік құқығымен немесе өзге де заңды негізде тиесілі қоршалған аумақта болатын жағдайларды қоспағанда, серуендету орнына қарамастан, жануар иесінің ерекше жауапкершілігін талап ететін үй жануарларын тұмылдырықсыз және қарғыбаусыз серуендетуге тыйым салынады. Осы аумаққа кіреберісте жануар иесінің ерекше жауапкершілігін талап ететін үй жануарының бар екендігі туралы ескерту жазбасы жасалуға тиіс.
6. Он алты жасқа толмаған адамдарға жануар иесінің ерекше жауапкершілігін талап ететін үй жануарларын серуендетуге тыйым салынады.
5-тарау. ҚАРАУСЫЗ ҚАЛҒАН ЖӘНЕ ҚАҢҒЫБАС ЖАНУАРЛАРҒА ҚАРАУ ЖӨНІНДЕГІ ҚЫЗМЕТТІ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУҒА ҚОЙЫЛАТЫН ТАЛАПТАР
23-бап. Қараусыз қалған және қаңғыбас жануарларға қарау жөніндегі қызмет
1. Қараусыз қалған және қаңғыбас жануарларға қарау жөніндегі қызмет:
1) жануарлардың аса қауіпті және жұқпалы ауруларының, оның ішінде жануарлар қоздырғыштарын тасымалдаушы болуы мүмкін, адамға және жануарларға ортақ аурулардың таралуына байланысты жағдайлардың туындауының алдын алу;
2) жеке тұлғалардың денсаулығына және (немесе) мүлкіне, заңды тұлғалардың мүлкіне зиян келтіруді болғызбау;
3) жануарлар дүниесі объектілеріне және олар мекендейтін ортаға залал келтіруді болғызбау;
4) тіршілігі үшін қауіпті жағдайдағы жануарларға көмек көрсету;
5) адасып қалған жануарларды иелеріне немесе жауапты адамдарға қайтару;
6) қаңғыбас жануарлардың санын бюджет қаражаты және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен стерилизациялау арқылы реттеу;
7) қаңғыбас жануарларды бюджет қаражаты және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен вакциналау мақсаттарында жүзеге асырылады.
2. Қараусыз қалған және қаңғыбас жануарларға қарау жөніндегі қызметті жүзеге асыру кезіндегі іс-шаралар:
1) аулау қызметтерінің қараусыз қалған және қаңғыбас жануарларды аулауын;
2) қараусыз қалған және қаңғыбас жануарларды осы Заңда көзделген, жануарларды ұстауға қойылатын жалпы талаптарға сәйкес жануарларды уақытша ұстау пункттерінде не жануарларға арналған панажайларда ұстауды;
3) қараусыз қалған жануарлардың иелерін іздестіруді, сондай-ақ қаңғыбас жануарларға иелерді іріктеп таңдауды қамтиды.
24-бап. Жануарларды аулау, уақытша ұстау және жансыздандыру
1. Жануарларды аулауды, уақытша ұстауды және жансыздандыруды аулау қызметі жүзеге асырады.
2. Жануарларды аулауды, уақытша ұстауды және жансыздандыруды дара кәсіпкерлер және мемлекеттік емес заңды тұлғалар бюджет қаражаты есебінен жүзеге асыра алады.
3. Жануарларды аулау, уақытша ұстау және жансыздандыру осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
25-бап. Қаңғыбас жануарлардың санын реттеу
1. Қаңғыбас жануарлардың санын реттеу мемлекет, жануарларды аулаумен, уақытша ұстаумен және жансыздандырумен айналысатын дара кәсіпкерлер және мемлекеттік емес заңды тұлғалар жануарларды стерилизациялау, жайластыру, халыққа білім беру іс-шараларын және түсіндіру жұмыстарын жүргізу арқылы қаңғыбас жануарлардың санын азайту үшін қабылдайтын шаралар кешенін білдіреді.
2. Қаңғыбас жануарлардың санын уларды, өзге де химиялық препараттарды пайдалануды қоса алғанда, кез келген тәсілдермен жансыздандыру арқылы реттеуге тыйым салынады.
26-бап. Жануарларға арналған панажайлар
1. Жануарларға арналған панажайлар өз қызметін жануарларға арналған панажайлар қызметінің қағидаларына сәйкес жүзе асырады.
2. Жануарларға арналған панажайлар мемлекеттік және жекеше болуы мүмкін.
3. Жануарларға арналған панажайлар жануар иесімен немесе жауапты адаммен келісу бойынша үй жануарларын уақытша ұстау (орналастыру), сондай-ақ ветеринариялық және өзге де қызметтер көрсету жөніндегі қызметті жүзеге асыра алады.
4. Жануарларға арналған панажайлардың жануар иесінен немесе жауапты адамнан жануарды ұстауға байланысты шығыстардың өтемін, сондай-ақ егер жануарға олар қажет болса, ветеринариялық көрсетілетін қызметтердің құнын алуға құқығы бар.
5. Жануарларға арналған панажайлардың лауазымды адамдары:
1) жануар иесінің және (немесе) жауапты адамның талап етуі бойынша жануарды қайтаруға;
2) жеке тұлғалардың жануарларға арналған панажайға санитариялық өңдеу күндерін қоспағанда, жұмыс уақытында жануарларға арналған панажай белгілеген тәртіппен бару мүмкіндігін қамтамасыз етуге;
3) жануарларға арналған панажайдағы жануарлардың көбеюіне жол бермеу жөніндегі шараларды қабылдауға;
4) жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы уәкілетті орган айқындаған тәртіппен қаңғыбас жануарларға стерилизациялау жүргізуге;
5) ауырған немесе жарақаттанған жануарды емдеуді, сондай-ақ вакциналауды қоса алғанда, профилактикалық іс-шаралар жүргізуді қамтамасыз етуге;
6) қараусыз қалған жануарлардың иелерін іздестіруді және қаңғыбас жануарларға иелерді іріктеп таңдауды жүргізуге;
7) жануарларды сәйкестендіруді жүзеге асыруға мүмкіндік беретін олардың жеке сипаттамаларын тіркей отырып, жануарлардың жануарларға арналған панажайға келіп түсуін және одан шығуын құжаттамалық есепке алуды жүргізуге міндетті.
6-тарау.-ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЖАНУАРЛАРҒА ЖАУАПКЕРШІЛІКПЕН ҚАРАУ САЛАСЫНДАҒЫ ЗАҢНАМАСЫНЫҢ САҚТАЛУЫН ҚОҒАМДЫҚ БАҚЫЛАУ
27-бап.-Қазақстан Республикасының жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы заңнамасының сақталуын қоғамдық бақылау
1. Жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы қоғамдық бақылауды қоғамдық инспекторлар және жарғысында жануарларға жауапкершілікпен қарау саласында қоғамдық бақылау жүргізу жөніндегі қызметті жүзеге асыру көзделген коммерциялық емес ұйымдар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.
2. Жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы қоғамдық бақылау ерікті және өтеусіз негізде жүзеге асырылады.
28-бап. Жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы қоғамдық инспекторлар мен коммерциялық емес ұйымдардың құқықтары
1. Қоғамдық инспекторлардың:
1) жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы бұзушылықтарды аудио, фото және бейнетехника құралдарының көмегімен тіркеуге және тиісті материалдарды мемлекеттік органдарға жіберуге;
2) Қазақстан Республикасының жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы заңнамасының талаптарын бұзушылықтардың алдын алуда және оларды анықтауда мемлекеттік органдарға жәрдемдесуге;
3) жануарларға жауапкершілікпен қарау саласында халықты ағарту жөніндегі жұмысқа қатысуға құқығы бар.
2. Жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы коммерциялық емес ұйымдардың:
1) мемлекеттік органдардан өздерінің жарғылық мақсаттары мен міндеттерін іске асыруға қажетті ақпарат алуға;
2) жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы қоғамдық бақылау нәтижелері бойынша мемлекеттік органдарға ұсыныстар енгізуге;
3) жануарлардың қажеттеріне бөлінген бюджет қаражатының пайдаланылуы туралы ақпаратты сұратуға және алуға құқығы бар.
3. Жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы қоғамдық бақылауды жүзеге асыру кезінде жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы қоғамдық инспекторларға және коммерциялық емес ұйымдарға жануарларды уақытша ұстау пункттерінің, жануарларға арналған панажайлардың және жануарларға қарау жөніндегі қызметті жүзеге асыратын өзге де ұйымдардың аумағы мен үй-жайларына қолжетімділік қамтамасыз етілуге тиіс.
7-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЖӘНЕ ӨТПЕЛІ ЕРЕЖЕЛЕР
29-бап. Қазақстан Республикасының жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.
30-бап. Өтпелі ережелер
1. Осы Заңның 7-бабы 2) тармақшасының қолданысы 2025 жылғы 1 қаңтарға дейін тоқтатыла тұрсын, тоқтатыла тұру кезеңінде осы тармақша мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:
«2) жануарларды жануарларға арналған панажайларда, зоологиялық жатынжайларда, жануарларды уақытша ұстау пункттерінде, жануарларға арналған оңалту орталықтарында, зоологиялық питомниктерде, контактілі зоопарктерде, жылжымалы хайуанаттар бақтарында ұстау қағидаларын әзірлейді және бекітеді;».
2. Осы Заңның 18-бабы 3-тармағының қолданысы 2029 жылғы 1 қаңтарға дейін тоқтатыла тұрсын, тоқтатыла тұру кезеңінде осы тармақ мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:
1) осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап 2025 жылғы 1 қаңтарға дейін:
«3. Егер жануарларды ұстау, тасымалдау олардың тіршілігі мен саулығына зиян келтірмей, биологиялық, түрлік және жеке ерекшеліктеріне сәйкес неғұрлым тиімді пайдалануды қамтамасыз етуге мүмкіндік бермесе, жануарларды жылжымалы хайуанаттар бақтарында, ауыл шаруашылығы жануарларының және үй жануарларының көрмелерін қоспағанда, жылжымалы жануарлар көрмелерінде, сондай-ақ дельфинарийлерде, жылжымалы және стационарлық океанариумдарда және контактілі зоопарктерде пайдалануға жол берілмейді.»;
2) 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап 2029 жылғы 1 қаңтарға дейін:
«3. Егер жануарларды ұстау, тасымалдау олардың тіршілігі мен саулығына зиян келтірмей, биологиялық, түрлік және жеке ерекшеліктеріне сәйкес неғұрлым тиімді пайдалануды қамтамасыз етуге мүмкіндік бермесе, жануарларды дельфинарийлерде, стационарлық океанариумдарда пайдалануға жол берілмейді.».
3. Осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін құрылған жылжымалы хайуанаттар бақтары, контактілі зоопарктер, жылжымалы океанариумдар, ауыл шаруашылығы жануарларының және үй жануарларының көрмелерін қоспағанда, жылжымалы жануарлар көрмелері Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен 2025 жылғы 1 қаңтарға дейін таратылуға немесе қайта ұйымдастырылуға жатады.