ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ
ЗАҢЫ
Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы
Осы редакция 2023 жылғы 19 сәуірде енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Осы Заңды іске асыру жөніндегі шаралар туралы Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2022 жылғы 4 наурыздағы № 45-ө өкімін қараңыз
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
2-бап. Қазақстан Республикасының жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы заңнамасы
3-бап. Жануарларға жауапкершілікпен қарауды реттеу қағидаттары
4-бап. Жануарларды қатыгездікпен қараудан қорғау
5-бап. Жануарларға жауапкершілікпен қарау саласында халықты ағарту және тәрбиелеу, жануарларға қатыгездікпен қарауды насихаттауға тыйым салу
2-тарау. ЖАНУАРЛАРҒА ЖАУАПКЕРШІЛІКПЕН ҚАРАУ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ ЖӘНЕ БАСҚАРУ
6-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы құзыреті
7-бап. Жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы уәкілетті органның құзыреті
8-бап. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті өкілді органдарының жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы құзыреті
9-бап. Жергілікті атқарушы органдардың жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы құзыреті
3-тарау. ЖАНУАРЛАРДЫ ҰСТАУ ЖӘНЕ ОЛАРҒА ҚАРАУ ЖӨНІНДЕГІ НЕГІЗГІ ТАЛАПТАР
10-бап. Жануарларды ұстау жөніндегі жалпы талаптар
11-бап. Үй жануарларын есепке алу
12-бап. Жануарларды тасымалдауға қойылатын жалпы талаптар
13-бап. Жануарларды өсіруге қойылатын жалпы талаптар
14-бап. Ветеринариялық қызметтер көрсету кезінде жануарларға қарау ерекшеліктері
15-бап. Жануарларды жансыздандыру және олардың өлекселерімен жұмыс істеу
4-тарау. ЖЕКЕЛЕГЕН САНАТТАРДАҒЫ ЖАНУАРЛАРҒА ҚАРАУ, ОЛАРДЫ ҰСТАУ ЖӘНЕ ПАЙДАЛАНУ КЕЗІНДЕГІ ЕРЕКШЕЛІКТЕР
16-бап. Жабайы жануарларға қарау кезіндегі талаптар
17-бап. Ауыл шаруашылығы жануарларына қарау кезіндегі талаптар
18-бап. Жануарларды мәдени-ойын-сауық мақсаттарында пайдаланған жағдайда оларға қарау кезіндегі талаптар
19-бап. Эксперименттік (зертханалық) жануарлармен жұмыс істеу кезіндегі талаптар
20-бап. Қызметтік жануарлармен жұмыс істеу кезіндегі талаптар
21-бап. Үй жануарларына қарау және оларды ұстау кезіндегі талаптар
22-бап. Үй жануарларын серуендетуге қойылатын талаптар
5-тарау. ҚАРАУСЫЗ ҚАЛҒАН ЖӘНЕ ҚАҢҒЫБАС ЖАНУАРЛАРҒА ҚАРАУ ЖӨНІНДЕГІ ҚЫЗМЕТТІ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУҒА ҚОЙЫЛАТЫН ТАЛАПТАР
23-бап. Қараусыз қалған және қаңғыбас жануарларға қарау жөніндегі қызмет
24-бап. Жануарларды аулау, уақытша ұстау және жансыздандыру
25-бап. Қаңғыбас жануарлардың санын реттеу
26-бап. Жануарларға арналған панажайлар
6-тарау.-ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЖАНУАРЛАРҒА ЖАУАПКЕРШІЛІКПЕН ҚАРАУ САЛАСЫНДАҒЫ ЗАҢНАМАСЫНЫҢ САҚТАЛУЫН ҚОҒАМДЫҚ БАҚЫЛАУ
27-бап.-Қазақстан Республикасының жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы заңнамасының сақталуын қоғамдық бақылау
28-бап. Жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы қоғамдық инспекторлар мен коммерциялық емес ұйымдардың құқықтары
7-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЖӘНЕ ӨТПЕЛІ ЕРЕЖЕЛЕР
29-бап. Қазақстан Республикасының жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
30-бап. Өтпелі ережелер
31-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Осы Заң жануарларды қорғау, оларға қарау кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету, адамгершілікті нығайту және қоғамның ізгілік қағидаттарын сақтау, сондай-ақ жануарларға қарау кезінде жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді.
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) аулау қызметі – жануарларды аулаумен, уақытша ұстаумен және жансыздандырумен айналысатын, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары құрған мемлекеттік ветеринариялық ұйым, сондай-ақ дара кәсіпкерлер және мемлекеттік емес заңды тұлғалар;
2) жабайы жануарлар – жабайы табиғат табиғи мекендеу ортасы болып табылатын, оның ішінде еріксіз және (немесе) жартылай ерікті жағдайларда ұсталатын жануарлар;
3) жануарға қатыгездікпен қарау – жануардың өліміне, мертігуіне немесе оның саулығына өзге де зиян келуіне алып келген немесе алып келуі мүмкін қасақана іс-әрекет;
4) жануарды эвтаназиялау (бұдан әрі – эвтаназиялау) – жануардың ауырсынуын және физикалық қиналуын болғызбай оны дәрі-дәрмекпен жансыздандыру;
5) жануардың иесі – жануар меншік құқығымен немесе өзгедей заттық құқықпен тиесілі болатын жеке немесе заңды тұлға;
6) жануарлар – омыртқалы жануарлар;
7) жануарларға арналған оңалту орталығы – жануардың иесіне және (немесе) жауапты адамға не табиғи мекендеу ортасына қайтарылуға жататын немесе жатпайтын, тіршілігі мен саулығына қатер төндіретін жағдайға ұшыраған, табиғи жағдайларда тіршілік ете алмайтын жануарларды, сондай-ақ жеке немесе заңды тұлғалардан алып қойылған немесе тәркіленген үй жануарларын (компаньон-жануарларды) шектеулі қабылдауға, емдеуге, уақытша ұстауға, оңалтуға және бейімдеуге арналған және жабдықталған мүліктік кешен;
8) жануарларға арналған панажай – тіршілігі мен саулығына қатер төндіретін жағдайға ұшыраған жануарларды, қараусыз қалған және қаңғыбас жануарларды, сондай-ақ жеке немесе заңды тұлғалардан алып қойылған немесе тәркіленген үй жануарларын (компаньон-жануарларды) ұстауға арналған және жабдықталған мүліктік кешен;
9) жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы қоғамдық инспектор (бұдан әрі – қоғамдық инспектор) – жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы қоғамдық бақылауды жүргізу қағидаларына сәйкес жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы қоғамдық бақылауды жүзеге асыратын жеке тұлға;
10) жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы уәкілетті орган – жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы басшылық пен салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
11) жануарларды уақытша ұстау пункті – табылған, ауланған қараусыз қалған және қаңғыбас жануарларды, сондай-ақ жеке немесе заңды тұлғалардан алып қойылған немесе тәркіленген үй жануарларын (компаньон жануарларды) уақытша ұстауға әдейі арналған және жабдықталған мүліктік кешен;
12) жануарлардың төбелесі – жануарларды бір-біріне айтақтау нәтижесінде не олардың тұқымдық сипаттамалары салдарынан, жануар иесінің және (немесе) жауапты адамның айқастың алдын алу немесе тоқтату жөніндегі шараларды әдейі қабылдамауы кезінде туындаған екі және одан көп жануардың айқасы;
13) жауапты адам – жануар иесінің осы Заңда белгіленген құқықтары мен міндеттерін жануар иесінің жазбаша тапсырмасы бойынша өзіне алатын адам;
14) жылжымалы хайуанаттар бағы – жануарларды ұстау және тасымалдау арқылы ғылыми маңызы жоқ цирк, эстрада, ойын-сауық қызметінде жануарларды көпшілікке демонстрациялау үшін пайдаланылатын арнайы жабдықталған жылжымалы конструкциялар, оның ішінде торлар;
15) зоологиялық жатынжай – дара кәсіпкер немесе мемлекеттік емес заңды тұлға құрған, жануарлардың иелерімен келісу бойынша үй жануарларын (компаньон-жануарларды) уақытша ұстауға немесе ұстай тұруға арналған және жабдықталған мүліктік кешен;
16) зоологиялық питомник – дара кәсіпкер, мемлекеттік не мемлекеттік емес заңды тұлға құрған, асыл тұқымдық құндылығы бар немесе арнаулы мақсаттағы жануарларды ұстау және өсіру үшін әдейі жабдықталған және соған арналған мүліктік кешен;
17) контактілі зоопарк – жануарларды көпшілікке демонстрациялау және келушілерге физикалық контакт беру мақсатында оларды ұстау үшін пайдаланылатын арнайы жабдықталған құрылысжайлар, үй-жайлар, көлік, торлар, қоршаулар және басқа да конструкциялар;
18) қаңғыбас жануарлар – иесі жоқ иттер мен мысықтар;
19) қараусыз қалған жануарлар – ұстау орнынан тыс жерде және жануардың иесі және (немесе) жауапты адам тарапынан бақылаусыз қалған жануарлар;
20) қызметтік жануарлар – іздеу, күзету, патрульдік-бекеттік, қорғау-қарауыл, іздестіру-құтқару мақсаттарында және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзге де қызметтік мақсаттарда арнайы даярланған және пайдаланылатын (қолданылатын) жануарлар;
21) мертігу – Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасында айқындалған жағдайларды қоспағанда, қандай да бір ағзаның функциясын толық немесе ішінара жоғалтуға, сондай-ақ жануардың анатомиялық тұтастығын бұзуға алып келген, жануардың саулығына келтірілген ауыр зиян;
22) стерилизациялау – жануарды хирургиялық, дәрі-дәрмекпен не өзге тәсілдермен ұрпақ өрбіту қабілетінен айыру;
23) ұстау орны – жануардың иесі және (немесе) жауапты адам пайдаланатын, жануар ұсталатын ғимараттар, құрылыстар, құрылысжайлар, үй-жайлар немесе жер учаскелері;
24) үй жануарлары (компаньон жануарлар) (бұдан әрі – үй жануарлары) – қай түрге жататынына қарамастан, адам эстетикалық қажеттіліктері мен қарым-қатынас қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін дәстүрлі түрде асырайтын және өсіретін жануарлар;
25) үй жануарларын есепке алу – үй жануарына жеке нөмір берілгені, тұрғылықты жері көрсетілген оның иесі және жүргізілген ветеринариялық іс-шаралар туралы мәліметтерді міндетті тіркеу;
26) үй жануарларын есепке алу бұйымдары (құралдары) – үй жануарларын есепке алу үшін пайдаланылатын болюстер, чиптер және басқа да бұйымдар (құралдар);
27) үй жануарларын серуендету – жануар иесінің және (немесе) жауапты адамның жануарды ұстау орнының шегінен тыс жерге шығаруды көздейтін және жануардың қозғалыс белсенділігіне, табиғи қажеттіліктерін атқаруға деген физиологиялық қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған әрекеттері;
28) үй жануарларының өз бетінше серуендеуі – үй жануарларының ұстау орнынан тыс жерде жануар иесінсіз және (немесе) жауапты адамсыз өз бетінше болуы;
29) эксперименттік (зертханалық) жануарлар – ғылыми зерттеулер, биологиялық тестілеу, оқу процесін жүргізу үшін, медициналық мақсаттарда, сондай-ақ биомедициналық препараттар алу үшін өсірілетін, ұсталатын және пайдаланылатын жануарлар.
2-бап. Қазақстан Республикасының жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда қамтылғаннан өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.
3-бап. Жануарларға жауапкершілікпен қарауды реттеу қағидаттары
Мыналар:
1) жануарларға ауырсыну мен физикалық қиналуды сезіне алатын тіршілік иесі ретінде қарау;
2) жануардың тіршілігі, саулығы мен амандығы үшін иесінің дербес жауапты болуы;
3) жануарларды қатыгездікпен қараудан қорғау;
4) халықты жануарларға адамгершілікпен және ізгілікпен қарауға тәрбиелеу жануарларға жауапкершілікпен қарауды реттеу қағидаттары болып табылады.
4-бап. Жануарларды қатыгездікпен қараудан қорғау
1. Жануарларға қатыгездікпен қарауға тыйым салынады.
2. Жануарларға қарау кезінде:
1) жануардың өлуіне, мертігуіне немесе саулығына өзге де зиян келтіруге алып келген немесе алып келуі мүмкін жануарды ұрып-соғуға, азаптауға, оның ішінде аштықпен, шөлмен азаптауға және жануарды бөлшектеу, өртеу, суға батыру, тұншықтыру, өлімші етіп ұру арқылы өзге де зорлық-зомбылық әрекеттеріне;
2) ауырсынуды басатын препараттар мен анестетиктерді қолдану жануардың саулығына зиян келтіруі мүмкін болатын жағдайларды қоспағанда, жануарларға ауырсынуды басуды немесе анестезияны қолдану көрсетілген ветеринариялық және өзге де емшараларды тиісті заттарды міндетті түрде қолданбай жүргізуге;
3) бұзақылық пиғылмен не қызметтік міндеттерді атқаруға немесе Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылатын аң аулауға байланысты емес мақсаттарда жануарларды адамға және (немесе) басқа жануарларға айтақтауға;
4) жануарлар және (немесе) олардың ұрпағы жануарларға арналған панажайларға орналастырылғанға немесе өзге де заңды тәсілмен иеліктен шығарылғанға дейін жануарлар иелерінің немесе жауапты адамдардың оларды ұстау жөніндегі міндеттерін орындаудан бас тартуына;
5) егер жануар иесінде және (немесе) жауапты адамда тіршілігі мен саулығы үшін қауіпті жай-күйдегі жануарға көмек көрсету мүмкіндігі болса немесе өздері оны тіршілігі мен саулығы үшін қауіпті жай-күйге түсірсе, жануарға бұл адамдардың көмек көрсетпеуіне;
6) жануарлар төбелесін ұйымдастыруға және өткізуге;
7) «Дене шынықтыру және спорт туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жануарлар пайдаланылатын ұлттық спорт түрлері бойынша спорттық іс-шараларды қоспағанда, жануардың мертігуіне немесе саулығына өзге де зиян келтірілуіне не жануарлардың өліміне алып келетін ойын-сауық іс-шараларын ұйымдастыруға және өткізуге;
8) жануардың мертігуіне немесе саулығына өзге де зиян келтірілуіне не жануардың өліміне алып келетін мүкәммалды және өзге де құрал-жабдықты пайдалануға;
9) иттер мен мысықтарды тамаққа пайдалану, сою немесе мертіктіру немесе саулығына өзге де зиян келтіру арқылы осындай жануарлардан өнім мен шикізат алу үшін оларды өсіруге, ұстауға, пайдалануға, сондай-ақ мысықтар мен иттердің жүнін тарау тәсілімен алуды қоспағанда, осындай өнімді өткізуге;
10) ветеринариялық дәрігер болып табылмайтын адамның эвтаназиялауды жүргізуіне;
11) үй жануарларын және жабайы жануарларды ғылыми мақсаттарда будандастыруды қоспағанда, оларды шағылыстыруға тыйым салынады.
3. Егер жануарды нысаналы мақсаты бойынша одан әрі пайдалану мүмкін болмаса, жануардың иесі және (немесе) жауапты адам мұндай жануарды ол өз өлімімен өлгенге дейін бағуды қамтамасыз етуге не оны жануарларға арналған панажайға, қажетті жағдайлар жасай алатын жеке немесе заңды тұлғаларға беруге міндетті.
Егер жануар саулығының жағдайы жасына байланысты өзгерістерге, созылмалы аурулардың болуына, жарақаттан кейінгі жағдайына орай ұдайы ауырсынуды сезінуге не ағзалар жүйелерінің бұзылуына немесе тірек-қимыл аппаратының ауыр функционалдық бұзылуына байланысты жануардың тіршілік ету сапасының нашарлауын білдірсе, жануардың иесі ветеринариялық дәрігердің қорытындысы бойынша эвтаназиялау туралы шешім қабылдауға құқылы.
4. Мыналар:
1) жануар адамға және (немесе) жануарға шабуыл жасаған жағдайда және жануар адамның, жануарлардың өміріне немесе саулығына, сондай-ақ қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікке қатер төндіретін өзге де жағдайларда жануарға қарау;
2) дератизациялау;
3) жануарларды еріксіз және (немесе) жартылай ерікті жағдайларда ұсталатын басқа жануарларды қоректендіру үшін пайдалану;
4) осы Заңның және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінің талаптарына сәйкес жүзеге асырылатын аң аулау, балық аулау немесе балық шаруашылығын жүргізу, жабайы жануарлардың санын реттеу, ауыл шаруашылығы жануарларын сою, ветеринариялық іс-шаралар, эвтаназиялау;
5) Қазақстан Республикасында тіркелген діни бірлестіктердің дін ұстанушылары діни жораларды өткізу кезінде, егер бұл олардың діни ілімінде көзделсе, жануарларды сою жануарларға қатыгездікпен қарау болып табылмайды.
5-бап. Жануарларға жауапкершілікпен қарау саласында халықты ағарту және тәрбиелеу, жануарларға қатыгездікпен қарауды насихаттауға тыйым салу
1. Халықтың жануарларға адамгершілікпен және ізгілікпен қарауын тәрбиелеу, жануарларға қатыгездікпен қарауға жол бермеу мақсатында жануарларға жауапкершілікпен қарау саласында халықты ағарту және тәрбиелеу жүзеге асырылады.
Жануарларға жауапкершілікпен қарау саласында халықты ағарту мен тәрбиелеуді мемлекеттік органдар, жергілікті атқарушы органдар, білім беру және денсаулық сақтау ұйымдары, табиғат қорғау ұйымдары, қоғамдық бірлестіктер, өзге де заңды тұлғалар, сондай-ақ жеке тұлғалар Қазақстан Республикасының жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы заңнамасы туралы хабарлау, биоэтика курсын оқыту немесе білім беру жүйесінде жануарларға ізгілікпен қарау бойынша сыныптан тыс жұмыс жүргізу, көрмелер, семинарлар, конференциялар, конкурстар, жарыстар және басқа да іс-шаралар өткізу арқылы жүзеге асырады.
2. Пайда табу мақсатында немесе онсыз, жануарларға қатыгездікпен қарауды насихаттауға және (немесе) соған шақыруға, оның ішінде баспа, дыбыс-бейне және өзге де хабарлар мен материалдарды шығару, демонстрациялау, тарату және өзге де пайдалану арқылы насихаттауға және (немесе) соған шақыруға тыйым салынады.
3. Жануарларға қатыгездікпен қарау фактілерін жазып-көрсету «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
2-тарау. ЖАНУАРЛАРҒА ЖАУАПКЕРШІЛІКПЕН ҚАРАУ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ ЖӘНЕ БАСҚАРУ
6-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы құзыреті
Қазақстан Республикасының Үкіметі жануарларға жауапкершілікпен қарау саласында:
1) жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді;
2) өзіне Қазақстан Республикасының Конституциясында, заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде жүктелген өзге де функцияларды орындайды.
7-бап. Жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы уәкілетті органның құзыреті
Жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы уәкілетті орган:
1) жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;
7-баптың 2) тармақшасының қолданысы 2025 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатылды, тоқтатыла тұру кезеңінде осы тармақша 30-баптың 1-тармағының редакциясында қолданылады
2) жануарларды жануарларға арналған панажайларда, зоологиялық жатынжайларда, жануарларды уақытша ұстау пунктерінде, жануарларға арналған оңалту орталықтарында, зоологиялық питомниктерде ұстау қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
3) жануарларды мәдени-ойын-сауық мақсаттарында пайдалану және оларды ұстау қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
4) өздерінің мекендеу ортасына қайтару мүмкін емес, еріксіз және (немесе) жартылай ерікті жағдайлардағы жабайы жануарларға қарау қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
5) жануарларды аулаудың, уақытша ұстаудың және жансыздандырудың үлгілік қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
6) жануарларға арналған панажайлар қызметінің қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
7) жануарларға арналған панажайларды есепке алу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
8) жануарларды тасымалдау қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
9) үй жануарларын есепке алу қағидаларын және есепке алуға жататын үй жануарларының тізбесін әзірлейді және бекітеді;
10) тұрғынжайларда ұстауға тыйым салынған жануарлардың тізбесін әзірлейді және бекітеді;
11) жануар иесінің ерекше жауапкершілігін талап ететін үй жануарларының тізбесін әзірлейді және бекітеді;
12) үй жануарларын ұстаудың және серуендетудің үлгілік қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
13) жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы қоғамдық бақылауды жүргізу, сондай-ақ жеке тұлғаларға жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы қоғамдық инспекторлар куәліктерін беру қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
14) қаңғыбас жануарларды вакциналау және стерилизациялау қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
15) еріксіз және (немесе) жартылай ерікті жағдайларда ұсталатын басқа жануарларды қоректендіру үшін пайдаланылатын жануарлардың тізбесін әзірлейді және бекітеді;
16) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
8-бап. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті өкілді органдарының жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы құзыреті
Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті өкілді органдары жануарларға жауапкершілікпен қарау саласында:
1) үй жануарларын ұстау және серуендету қағидаларын бекітеді;
2) жануарларды аулау, уақытша ұстау және жансыздандыру қағидаларын бекітеді;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету жөніндегі өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
9-бап. Жергілікті атқарушы органдардың жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы құзыреті
1. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары жануарларға жауапкершілікпен қарау саласында:
1) үй жануарларын ұстау және серуендету қағидаларын әзірлейді;
2) үй жануарларын серуендетуге не өзге мақсатта жануарлармен жүруге тыйым салынған орындарды айқындайды, сондай-ақ қажет болған кезде үй жануарларын серуендетуге арналған орындарды жабдықтайды;
3) жануарларға арналған панажайлардың қызметін ақпараттық қамтамасыз етуді және жануарларды жаңа иелеріне беруге, адасып қалған жануарлардың иелерін іздеуге, үй жануарларын стерилизациялау қажеттігін хабарлауға бағытталған әлеуметтік жарнаманы ұйымдастырады;
9-бабының 1-тармағының 4) тармақшасы 2023 ж. 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізіледі
4) үй жануарларын есепке алуды ұйымдастырады;
5) жануарларды аулау, уақытша ұстау және жансыздандыру қағидаларын әзірлейді;
6) қаңғыбас жануарлардың санын реттеуді ұйымдастырады;
7) жануарларға арналған панажайларды есепке алуды жүргізеді;
8) Қазақстан Республикасының заңнамасында жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде жүзеге асырады.
2. Жергілікті атқарушы органдар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жануарларға арналған панажайларды салу мен күтіп-ұстауды ұйымдастыруға, жануарларға арналған жекеше панажайларды қоса қаржыландыруды жүзеге асыруға құқылы.
3-тарау. ЖАНУАРЛАРДЫ ҰСТАУ ЖӘНЕ ОЛАРҒА ҚАРАУ ЖӨНІНДЕГІ НЕГІЗГІ ТАЛАПТАР
10-бап. Жануарларды ұстау жөніндегі жалпы талаптар
1. Жануарларды ұстау жөніндегі жалпы талаптарға:
1) жануарлардың биологиялық, түрлік және жеке ерекшеліктеріне сәйкес келуге, олардың табиғи қажеттіліктерін қанағаттандыруға тиіс жануарларды ұстау жағдайлары;
2) Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкес жануарлар ауруларының профилактикасын, диагностикасын, оларды емдеуді және жоюды қамтамасыз ету жатады.
2. Жануарлардың жекелеген санаттарын ұстау осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасында реттеледі.
3. Тұрғынжайларда ұстауға тыйым салынған жануарлар тізбесіне енгізілген жануарларды тұрғынжайларда ұстауға және өсіруге жол берілмейді.
4. Аулау қызметтері, жануарларға арналған панажайлар, жануарларды уақытша ұстау пункттері қаңғыбас жануарларды вакциналауды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бюджет қаражаты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен жүзеге асырады.
11-бап 2023 ж. 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізіледі
11-бап. Үй жануарларын есепке алу
1. Есепке алынуға тиіс үй жануарлары тізбесіне енгізілген, жеке және заңды тұлғаларға меншік құқығымен және өзге де заттық құқықтармен тиесілі, оның ішінде жануарларға арналған панажайлардағы, жануарларды уақытша ұстау пункттеріндегі, жануарларға арналған оңалту орталықтарындағы, зоологиялық питомниктердегі үй жануарлары міндетті есепке алынуға, жануар иесі ауысқан жағдайда үй жануарларын есепке алу қағидаларында көзделген дерекқорда міндетті қайта есепке алынуға жатады.
2. Үй жануарларын есепке алуды облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары құрған мемлекеттік ветеринариялық ұйымдар, ветеринария саласындағы емдеу-профилактикалық кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке немесе мемлекеттік емес заңды тұлғалар жүзеге асырады.
3. Жануарлар иелерінің дербес деректері қамтылатын ақпаратпен жұмыс істеу Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
4. Үй жануарларын есепке алу үй жануарларын есепке алу бұйымдарын (құралдарын) пайдалана отырып, ақылы негізде жүргізіледі.
Иелері халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын үй жануарларын есепке алу үй жануарларын есепке алу қағидаларына сәйкес бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі.
5. Үй жануарын есепке алу кезінде оған үй жануарларын есепке алу қағидаларында айқындалған тәртіппен үй жануарының жеке нөмірі беріледі.
6. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары құрған мемлекеттік ветеринариялық ұйымдар, ветеринария саласындағы емдеу-профилактикалық кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке немесе мемлекеттік емес заңды тұлғалар тоқсан сайын, есепті тоқсаннан кейінгі айдың 20-сынан кешіктірмей, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарына үй жануарларын есепке алу қағидаларына сәйкес есепке алынған үй жануарлары туралы ақпарат беруге міндетті.