17-бап. Ақпараттандыру объектілері иеленушісінің құқықтары мен міндеттері
1. Ақпараттандыру объектілерінің иеленушісі:
1) ақпараттандыру объектілерін меншік иесі айқындаған шарттарда иеленуге және пайдалануға;
2) осы тармақтың 1) тармақшасына сәйкес үшінші тұлғалардың электрондық ақпараттық ресурстарға, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым объектілеріне қол жеткізу және оларды пайдалану шарттарын айқындауға;
3) ақпараттық жүйедегі электрондық ақпараттық ресурстарды өңдеу шарттарын айқындауға құқылы.
2. Ақпараттандыру объектілерінің иеленушісі:
1) ақпараттандыру объектілерінің меншік иесінің және үшінші тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін сақтауға;
2) ақпараттандыру объектілерін қорғау жөніндегі шараларды жүзеге асыруға;
3) электрондық ақпараттық ресурстарға және ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым объектілеріне қолжетімділікті осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына сәйкес таратуға, ұсынуға, шектеуге немесе оған тыйым салуға;
4) осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына сәйкес өзге де міндеттерді жүзеге асыруға міндетті.
2017.28.12. 128-VI ҚР Заңымен 2-1-тармақпен толықтырылды
2-1. Ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның аса маңызды объектілерінің иеленушісі сондай-ақ:
1) ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен ақпараттандыру объектілерінің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мониторингін жүзеге асыруға;
2) ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мониторингі жүйелерін Ақпараттық қауіпсіздікті ұлттық үйлестіру орталығының ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мониторингі жүйесінің техникалық құралдарына қосуды қамтамасыз етуге міндетті.
Бұл ретте ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мониторингі жүйелерін қосуды Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес өзінің бөлімшесі жүзеге асырады немесе ол үшінші тұлғалардың көрсетілетін қызметтерін сатып алу арқылы жүзеге асырылады;
3) егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде өзгеше белгіленбесе, Ақпараттық қауіпсіздікті ұлттық үйлестіру орталығына «электрондық үкіметтің» ақпараттандыру объектілерінің және ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның аса маңызды объектілерінің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мониторингін жүргізу қағидаларында айқындалған тәртіппен және мерзімдерде ақпараттық қауіпсіздіктің оқыс оқиғалары туралы хабарлауға;
4) егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде өзгеше белгіленбесе, электрондық ақпараттық ресурстардың резервтік көшірмелерін ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен және мерзімдерде электрондық ақпараттық ресурстарды резервтiк сақтаудың бірыңғай платформасына беруді жүзеге асыруға міндетті.
Электрондық ақпараттық ресурстың иеленушісін қоспағанда, электрондық ақпараттық ресурстарды резервтiк сақтаудың бірыңғай платформасында сақтаудағы электрондық ақпараттық ресурстың көшірмелеріне қол жеткізуге тыйым салынады.
3. Ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым объектісінің иеленушісі өзіне тиесілі объектілерде орналастырылған электрондық ақпараттық ресурстардың сақталу қауіпсіздігі және қорғалуы, ақпараттық жүйелердің қорғалуы үшін электрондық ақпараттық ресурстардың, ақпараттық жүйенің меншік иесі немесе иеленушісі алдында жауапты болады.
18-бап. Пайдаланушының құқықтары мен міндеттері
1. Пайдаланушы:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасы, электрондық ақпараттық ресурстардың, ақпараттық жүйенің меншік иесі немесе иеленушісі айқындаған шарттарда электрондық ақпараттық ресурстарды, оның ішінде ашық деректерді алуға, пайдалануға, таратуға, тапсыруға, үшінші тұлғаларға беруге, ақпараттық жүйені пайдалануға;
2) егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, электрондық ақпараттық ресурстарда, ақпараттық жүйеде қамтылатын өзінің дербес деректерімен танысуға құқылы.
2. Пайдаланушы:
1) электрондық ақпараттық ресурстардың, ақпараттық жүйенің меншік иесінің немесе иеленушісінің және үшінші тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін сақтауға;
2) осы Заңға және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес электрондық ақпараттық ресурстардың, ақпараттық жүйенің қорғалуын қамтамасыз етуге;
3) осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына сәйкес өзге де міндеттерді жүзеге асыруға міндетті.
19-бап. Электрондық нысанда көрсетілетін қызметтердің түрлері
1. Электрондық нысанда көрсетілетін қызметтер автоматтандырылу дәрежесі бойынша:
1) толық автоматтандырылған;
2) ішінара автоматтандырылған болып табылады.
Қызмет көрсету процесінде қағаз құжат айналымын болғызбайтын қызмет толықтай автоматтандырылған болып табылады.
Қызмет көрсету процесінде қағаз және электрондық құжат айналымының кезектілігін қамтитын электрондық көрсетілетін қызмет ішінара автоматтандырылған қызмет болып табылады.
2. Электрондық нысанда көрсетілетін қызмет көрсетілу тәсілі бойынша:
1) ақпараттық;
2) интерактивтік;
3) транзакциялық;
4) композиттік болып табылады.
Пайдаланушыға электрондық ақпараттық ресурстар беру жөніндегі көрсетілетін қызмет электрондық нысанда көрсетілетін ақпараттық қызмет болып табылады.
Пайдаланушыға оның сұрау салуы немесе тараптардың өзара ақпарат алмасуды талап ететін келісу бойынша электрондық ақпараттық ресурстарды беру жөніндегі көрсетілетін қызмет электрондық нысанда көрсетілетін интерактивті қызмет болып табылады. Интерактивті қызметті көрсету үшін электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландыру талап етілуі мүмкін.
Пайдаланушыға өзара ақпарат алмасуды талап ететін және төлемдерді электрондық нысанда жүзеге асырумен байланысты электрондық ақпараттық ресурстарды беру жөнінде көрсетілетін қызмет транзакциялық көрсетілетін қызмет болып табылады. Транзакциялық қызметті көрсету үшін электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландыру талап етілуі мүмкін.
Берілуі үшін электрондық нысанда көрсетілетін қызметті алушы субъектінің сұрау салуы жеткілікті және электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландыру міндетті болатын өзара байланысты көрсетілетін қызметтер кешені электрондық нысанда көрсетілетін композиттік қызмет болып табылады.
3. Электрондық нысанда көрсетілетін қызметтер өтеулілік сипаты бойынша:
1) өтеулі;
2) өтеусіз болып табылады.
Электрондық нысанда қызмет көрсететін субъектіге сыйақы төлеуді көздейтін көрсетілетін қызмет өтеулі көрсетілетін қызмет болып табылады.
Электрондық нысанда қызмет көрсететін субъектіге сыйақы төлемей көрсетілетін қызмет өтеусіз көрсетілетін қызмет болып табылады.
20-бап. Электрондық нысанда қызметтер көрсету кезінде мәліметтер ұсыну
1. Электрондық нысанда қызметтер көрсеткен кезде электрондық нысанда қызметтер көрсететін субъектілер:
1) көрсетілетін қызметтерді алушылардың төлемдері туралы электрондық нысандағы мәліметтерді «электрондық үкіметтің» төлем шлюзінен анық мәліметтер ретінде қабылдайды;
2) жеке және заңды тұлғалар берешегінің бар-жоғы туралы электрондық нысандағы мәліметтерді «электрондық үкіметтің» төлем шлюзіне жібереді.
2. Екінші деңгейдегі банктер және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар электрондық нысанда қызметтер көрсететін субъектінің және электрондық нысанда қызметтер алатын субъектінің сұрау салуы бойынша мынадай:
1) мемлекеттік қызметтер электрондық нысанда көрсетілген кезде - банк шотының сұрау салуда көрсетілген тұлғаға тиесілігі және жылжымалы және жылжымайтын мүлік кепілі шартының бар-жоғы туралы;
2) жеке және заңды тұлғалар электрондық нысанда көрсетілетін қызметтер үшін төлемдерді жүзеге асырған кезде ақша сомасы, төлемнің жүзеге асырылған күні, ақшаны жөнелтуші және бенефициар туралы мәліметтерді электрондық нысанда ұсынады.
2-БӨЛІМ. АҚПАРАТТЫҚ-КОММУНИКАЦИЯЛЫҚ ИНФРАҚҰРЫЛЫМ
4-тарау. «ЭЛЕКТРОНДЫҚ ҮКІМЕТ»
21-бап. «Электрондық үкіметтің» жұмыс істеуі
1. «Электрондық үкіметтің» жұмыс істеу мақсаттары:
1) мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда көрсетудің қолжетімділігін, сапасы мен жеделдігін, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылын қамтамасыз ету;
2) мемлекеттік органдардың қызметінде жариялылықты арттыру, ақпараттың қолжетімділігін, барлық деңгейлердегі мемлекеттік басқару мәселелерін шешуде қоғамдық бақылауды және халықтың қатысуын қамтамасыз ету;
3) мемлекеттік басқарудың әкімшілік реформасын іске асыру мен оны қолдап отыруды қамтамасыз ету;
4) ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану арқылы мемлекеттік органдардың қызметін оңтайландыру;
5) құжаттарды қағаз жеткізгіште пайдалануды және оларды ұсыну жөніндегі талаптарды қысқарту (болғызбау) болып табылады.
2. «Электрондық үкімет» жұмыс істеген кезде:
1) мемлекеттік органдардың қызметі туралы жалпыға бірдей қолжетімді ақпаратқа жеке және заңды тұлғалардың қол жеткізуі;
2) мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінде қамтылған ақпаратқа мемлекеттік органдардың қол жеткізуі;
3) мемлекеттік органдардың қызметін автоматтандыру;
4) мемлекеттік органдардың қызметінде, оның ішінде электрондық нысанда мемлекеттік функцияларды жүзеге асыру және мемлекеттік қызметтер көрсету кезінде электрондық құжат айналымын пайдалану;
5) мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстарды жинау, жинақтау және сақтау кезінде қайталануды болғызбау;
6) «электрондық үкіметтің» ақпараттандыру объектілерінің ақпараттық қауіпсіздігі және қорғалуы қамтамасыз етіледі.
22-бап. «Электрондық үкіметтің» архитектурасы
1. «Электрондық үкіметтің» архитектурасын дамыту «электрондық үкiметтiң» архитектурасын дамыту жөніндегі талаптарға, сондай-ақ ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай талаптарға сәйкес жүзеге асырылады.
2. «Электрондық үкіметтің» архитектурасын дамыту жөніндегі талаптар мемлекеттік органдардың стратегиялық және бағдарламалық құжаттарына сәйкес айқындалады.
23-бап. Мемлекеттік органның архитектурасы
1. «Электрондық үкіметтің» сервистік интеграторы мемлекеттік органдардың архитектураларын әзірлейді және дамытады.
Орталық атқарушы органдар және Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдар үшін мемлекеттік органның архитектурасы мемлекеттік органдардың архитектураларын әзірлеу, іске асырылуын қолдап отыру және дамыту қағидаларына және «электрондық үкiметтiң» архитектурасын дамыту жөніндегі талаптарға сәйкес, сондай-ақ мемлекеттік органның мақсаттары мен міндеттері негізінде әзірленеді.
«Электрондық үкіметтің» сервистік интеграторы жергілікті атқарушы органдар үшін мемлекеттік органның архитекурасын «электрондық әкімдіктiң» үлгілік архитектурасына, мемлекеттік органдардың архитектураларын әзірлеу, іске асырылуын қолдап отыру және дамыту қағидаларына және «электрондық үкiметтiң» архитектурасын дамыту жөніндегі талаптарға сәйкес, сондай-ақ мемлекеттік органның мақсаттары мен міндеттері негізінде әзірлейді.
2. Мемлекеттік органның архитектурасына өзгерістер енгізу мемлекеттік органдардың архитектураларын әзірлеу, іске асырылуын қолдап отыру және дамыту қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
3. Мемлекеттік органдар мынадай талаптарды:
1) мемлекеттік органның мақсаттары мен міндеттерін іске асыруға ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың қосқан үлесін;
2) мемлекеттік функцияларды оңтайландыру мен автоматтандыруды және оларды іске асырудан туындайтын мемлекеттік қызметтерді көрсетуді;
3) мемлекеттік органның құзыретіне кіретін мәселелер бойынша басқа да ақпараттандыру субъектілерімен электрондық ақпараттық өзара іс-қимылды жүзеге асыруды;
4) мемлекеттік қызметтердің электрондық нысанда көрсетілу сапасын және көрсетілетін қызметтерді алушылардың оған қанағаттанушылығын ескере отырып, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану тиімділігінің стратегиялық көрсеткіштерін әзірлеу жөніндегі шараларды қолдануға міндетті.
4. Мемлекеттік орган өзінің құзыретіне кіретін міндеттері мен қызметінің тиімділігі көрсеткіштерінің, функциялар мен көрсетілетін қызметтердің, құжаттардың, деректер мен электрондық ақпараттық ресурстардың, ақпараттық жүйелер мен ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның «электрондық үкіметтің» архитектуралық порталында есепке алынуын, сипатталуын, сыныпталуын және жаңартылып отырылуын қамтамасыз етеді.
5. Мемлекеттік органдар ведомстволық бағынысты ұйымдардың ақпараттық өзара іс-қимыл жүргізуге және мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда көрсетуге қажетті тиісті автоматтандырылу деңгейін қамтамасыз етеді.
6. Мемлекеттік органдар ақпарат алмасуды орнату мақсатында «электрондық үкiметтiң» сервистік интеграторынан мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің «электрондық үкіметтің» ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымы объектілерімен интеграциясын жүргізу бойынша сұрау салуды алған жағдайда, мемлекеттік органдар уәкілетті органмен келіскен мерзімдерде қажетті ұйымдастырушылық және техникалық жағдайларды қамтамасыз етеді.
24-бап. «Электрондық әкімдіктің» үлгілік архитектурасы
1. «Электрондық әкімдіктің» үлгілік архитектурасы «электрондық үкiметтiң» архитектурасын дамыту жөніндегі талаптарға, мемлекеттік органдардың архитектураларын әзірлеу, іске асырылуын қолдап отыру және дамыту қағидаларына және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай талаптарға сәйкес әзірленеді.
2. Жергілікті атқарушы органдар мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін құрады немесе дамытады, «электрондық әкімдіктің» үлгілік архитектурасының талаптарын ескере отырып, бағдарламалық қамтылымды және (немесе) ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым объектілерін сатып алады.
25-бап. Мемлекеттік функцияларды автоматтандыру және олардан туындайтын мемлекеттік қызметтерді көрсету
1. Мемлекеттік функцияларды автоматтандыру және олардан туындайтын мемлекеттік қызметтерді көрсету мемлекеттік органның бекітілген архитектурасына сәйкес, ал ол болмаған жағдайда - мемлекеттік органдардың архитектураларын әзірлеу, іске асырылуын қолдап отыру және дамыту қағидаларына және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай талаптарға сәйкес жүзеге асырылады.
2. Мемлекеттік функциялар автоматтандырылу дәрежесіне қарай:
1) толығымен автоматтандырылған;
2) ішінара автоматтандырылған болып бөлінеді.
Құрамына кіретін процестердің барлық операциялары ақпараттық жүйелерде орындалатын мемлекеттік органның функциясы толығымен автоматтандырылған болып табылады.
Құрамына кіретін процестер операцияларының бір бөлігі ақпараттық жүйелерде орындалатын мемлекеттік органның функциясы ішінара автоматтандырылған болып табылады.
26-бап. «Электрондық үкіметтің» ақпараттық-коммуникациялық платформасы
1. Ақпараттандырудың сервистік моделін іске асыру кезінде ақпараттық жүйелер, сервистік бағдарламалық өнімдер Қазақстан Республикасының аумағындағы «электрондық үкіметтің» ақпараттық-коммуникациялық платформасында орналастырылады.
2. «Электрондық үкіметтің» ақпараттық-коммуникациялық платформасын мемлекеттік функцияларды іске асырудан және олардан туындайтын мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда көрсетуден басқа өзге мақсаттарда пайдалануға жол берілмейді.
2017.28.12. 128-VI ҚР Заңымен 3-тармақпен толықтырылды
3. «Электрондық үкіметтің» ақпараттық-коммуникациялық платформасын өнеркәсіптік пайдалануға оның ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігіне сынақтардың оң нәтижесі бар актісі және ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестік аттестаты болған жағдайда жол беріледі.
Сервистік бағдарламалық өнімді өнеркәсіптік пайдалануға оның ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігіне сынақтардың оң нәтижесі бар актісі, бағдарламалық құжаттаманың және Қазақстан Республикасының аумағында қолданылатын ақпараттандыру саласындағы стандарттардың талаптарына сәйкес сапаны бағалау мақсатындағы сынақтар хаттамасы және бағдарламалық құжаттама сараптамасының хаттамасы болған жағдайда жол беріледі.
27-бап. «Электрондық үкіметтің» веб-порталы мен шлюзі
1. «Электрондық үкіметтің» веб-порталы, нормативтік құқықтық базаны қоса алғанда, барлық шоғырландырылған үкіметтік ақпаратқа және электрондық нысанда көрсетілетін мемлекеттік және өзге де қызметтерге қол жеткізудің «ортақ терезесін» білдіретін ақпараттық жүйе болып табылады.
«Электрондық үкіметтің» веб-порталын күтіп-ұстауға, жүргізуге және электрондық ақпараттық ресурстармен ақпараттық толықтыруға қойылатын талаптарды уәкілетті орган белгілейді.
«Электрондық үкімет» шеңберінде мемлекеттік және мемлекеттік емес ақпараттық жүйелердің интеграциясына арналған ақпараттық жүйе «электрондық үкіметтің» шлюзі болып табылады.
2. Электрондық нысандағы мемлекеттік және өзге де көрсетілетін қызметтер «электрондық үкіметтің» веб-порталы және жылжымалы желінің абоненттік құрылғысы арқылы көрсетілуі мүмкін.
3. «Электрондық үкіметтің» веб-порталы және жылжымалы желінің абоненттік құрылғысы арқылы электрондық нысанда мемлекеттік және өзге де көрсетілетін қызметтерді алу үшін электрондық нысанда көрсетілетін қызметтерді алушы субъектілер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бір реттік парольді пайдалана алады.
28-бап. «Электрондық үкіметтің» төлем шлюзі
1. Төлемдерді электрондық нысанда көрсетілетін өтеулі қызметтер көрсету шеңберінде жүргізу туралы ақпарат беру процестерін автоматтандыратын ақпараттық жүйе «электрондық үкіметтің» төлем шлюзі болып табылады.
2. «Электрондық үкіметтің» төлем шлюзі:
1) электрондық нысанда көрсетілетін қызметтерді алушы субъектінің төлемдер жүргізуге арналған сұрау салуларын беруді;
2) электрондық нысанда қызметтер көрсететін субъектіні электрондық нысанда қызметтер көрсеткені үшін төлемдердің жүзеге асырылғаны туралы хабардар етуді қамтамасыз етеді.
3. Екінші деңгейдегі банктер және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар қызметтер көрсету шеңберінде төлемдерді қабылдау және жүргізу процестеріне қатыса отырып, осы процестерге қатыстырылған өздерінің ақпараттық жүйелерінің «электрондық үкіметтің» төлем шлюзімен тікелей не банкаралық ақша аударымдары жүйесі операторының ақпараттық жүйесі арқылы интеграциясын қамтамасыз етеді.
29-бап. Мемлекеттік органдардың бірыңғай көліктік ортасы
1. «Электрондық үкiметтiң» ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымына кіретін және ақпараттық қауіпсіздіктің талап етілетін деңгейін сақтай отырып, мемлекеттік органдардың, олардың ведомстволық бағынысты ұйымдары мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, сондай-ақ уәкілетті орган айқындаған өзге де ақпараттандыру субъектілерінің жергілікті (Интернетке қолжетімділігі бар жергілікті желілерді қоспағанда), ведомстволық және корпоративтік телекоммуникациялар желілерінің өзара іс-қимыл жасауын қамтамасыз етуге арналған телекоммуникациялар желісі мемлекеттік органдардың бірыңғай көліктік ортасы болып табылады.
2. Мемлекеттік органдар, олардың ведомстволық бағынысты ұйымдары және жергілікті өзін-өзі басқару органдары, сондай-ақ уәкілетті орган айқындаған өзге де ақпараттандыру субъектілері жергілікті (Интернетке қолжетімділігі бар жергілікті желілерді қоспағанда), ведомстволық және корпоративтік желілердің өзара іс-қимыл жасауы үшін мемлекеттік органдардың бірыңғай көліктік ортасын ғана пайдалануға міндетті.
3. Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік органдардың бірыңғай көліктік ортасына қосылған жергілікті, ведомстволық және корпоративтік желілерді жалпыға ортақ пайдаланымдағы телекоммуникациялар желілеріне және басқа да телекоммуникациялар желілеріне жалғау ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай талаптарға сәйкес жүзеге асырылады.
30-бап. Интернетке қол жеткізудің бірыңғай шлюзі және «электрондық үкіметтің» электрондық поштасының бірыңғай шлюзі
1. Мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, мемлекеттік заңды тұлғалардың, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің, сондай-ақ ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның аса маңызды объектілерінің меншік иелері мен иеленушілерінің жергілікті, ведомстволық және корпоративтік телекоммуникациялар желілерін Интернетке қосуды байланыс операторлары Интернетке қол жеткізудің бірыңғай шлюзі арқылы жүзеге асырады.
2017.28.12. 128-VI ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды
1-1. Байланыс операторларының трафигін Интернетке қол жеткізудің бірыңғай шлюзі арқылы қосу және өткізу шарттық негізде жүзеге асырылады.
2. Мемлекеттік органдардың және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының жергілікті, ведомстволық және корпоративтік телекоммуникациялар желілерін Интернетке қосу ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай талаптарға сәйкес жүзеге асырылады.
3. Арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдары - жедел мақсаттарда, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Интернетке қосуды Интернетке қол жеткізудің бірыңғай шлюзін пайдаланбай ұйымдастыруы мүмкін.
4. Мемлекеттік органның электрондық поштасының сыртқы электрондық поштамен электрондық өзара іс-қимылы электрондық хабарларды «электрондық үкіметтің» электрондық поштасының бірыңғай шлюзі арқылы қайта жіберу арқылы жүзеге асырылады.
31-бап. «Электрондық үкіметтің» архитектуралық порталы
1. «Электрондық үкіметтің» архитектуралық порталы сыныптауышқа сәйкес «электрондық үкіметтің» ақпараттандыру объектілері туралы мәліметтерді тіркеуді жүзеге асыруға, есепке алуға, сақтауға және бір жүйеге келтіруге және ақпараттандыру саласында мониторингтеу, талдау және жоспарлау үшін мемлекеттік органдардың одан әрі пайдалануына арналған ақпараттық жүйе болып табылады.
2. Мемлекеттік орган «электрондық үкiметтiң» архитектуралық порталында мемлекеттік органның құрылатын ақпараттық жүйесі туралы мәліметтерді орналастырады және «электрондық үкiметтiң» сервистік интеграторына растаушы құжаттардың көшірмелерін ұсына отырып, ақпараттық жүйенің тәжірибелік пайдалануға және өнеркәсіптік пайдалануға енгізілгені туралы хабарлайды.
Мемлекеттік органның ақпараттық жүйесін тәжірибелік пайдалануға енгізу ақпараттық жүйені «электрондық үкіметтің» архитектуралық порталында тіркеуге негіз болып табылады.
3. «Электрондық үкiметтiң» сервистік интеграторы мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін құру немесе дамыту кезінде стандартты шешімді пайдалану үшін «электрондық үкіметтің» архитектуралық порталында тіркелген мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелеріне талдау жүргізеді.
4. «Электрондық үкіметтің» сервистік интеграторы мемлекеттік техникалық қызметтің «электрондық үкіметтің» архитектуралық порталына қол жеткізуін, оның ішінде ақпараттық қауіпсіздік жөніндегі талаптарды айқындау бөлігінде сыныптауышты қалыптастыруға және жүргізуге қатысу үшін қол жеткізуін қамтамасыз етеді.
5. «Электрондық үкіметтің» ақпараттандыру объектісінің меншік иесі немесе иеленушісі «электрондық үкіметтің» архитектуралық порталында орналастырылған техникалық құжаттаманың электрондық көшірмелерін және «электрондық үкіметтің» ақпараттандыру объектілері туралы мәліметтерді мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін тіркеу, «электрондық үкіметтің» ақпараттандыру объектілері туралы мәліметтерді есепке алу және «электрондық үкіметтің» ақпараттандыру объектілері техникалық құжаттамасының электрондық көшірмелерін орналастыру қағидаларына сәйкес уақтылы жаңартып отыруды қамтамасыз етеді.
6. «Электрондық үкiметтiң» сервистік интеграторы «электрондық үкiметтiң» ақпараттандыру объектілері туралы мәліметтерді «электрондық үкіметтің» архитектуралық порталына орналастыру және оларды жаңартып отыру мәселелері бойынша ұйымдастырушылық-техникалық іс-шараларды жүзеге асырады.
5-тарау. ЭЛЕКТРОНДЫҚ АҚПАРАТТЫҚ РЕСУРСТАР
32-бап. Электрондық ақпараттық ресурстардың түрлері
1. Электрондық ақпараттық ресурстар меншiк нысаны бойынша - мемлекеттiк және мемлекеттiк емес, қолжетiмдiлiк дәрежесі бойынша жалпыға бірдей қолжетiмдi және қолжетiмдiлiгi шектеулі болып табылады.
2. Бюджет қаражаты есебiнен құрылатын, сатып алынатын және жинақталатын, сондай-ақ мемлекеттiк органдар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген өзге де тәсiлдермен алған электрондық ақпараттық ресурстар мемлекеттiк болып табылады.