4) сақтанушы (сақтандырылған тұлға) заң көмегін көрсету үшін клиенттен алған құжаттардың жоғалуы немесе бүлінуі;
5) адвокаттық құпияны құрайтын мәліметтерді құқыққа сыйымсыз жария ету түсініледі.
Кәсіптік жауапкершілікті сақтандыру шартында сақтандырылған тұлғаның шартқа сәйкес заң көмегі көрсетілетін үшінші тұлғалардың мүліктік мүдделеріне осындай көмек көрсетуі нәтижесінде зиян келтіруге алып келген өзге де әрекеттер (әрекетсіздік) айқындалуы мүмкін.
4. Егер шартқа сәйкес заң көмегі көрсетілетін үшінші тұлғаларға келтірілген зиян сақтанушының (сақтандырылған тұлғаның) кәсіптік міндеттерді абайсыз бұзуының салдары болып табылса, сақтандыру жағдайы басталған болып есептеледі.
5. Адвокаттың кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру шарты бойынша сақтандыру сомасының мөлшері оның шарттарымен айқындалады және қызметін республикалық маңызы бар қаланың, астананың аумағында жүзеге асыратын адвокаттар үшін - адвокаттың кәсіптік жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарты жасалған күнге тиісті қаржы жылына республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің кемінде бір мың еселенген, өзге адвокаттар үшін кемінде бес жүз еселенген мөлшерін құрауға тиіс.
Адвокаттың кәсіптік жауапкершілігін сақтандырудың тәртібі мен өзге де шарттары адвокаттың кәсіптік жауапкершілігін сақтандырудың үлгілік шарты негізінде тараптардың келісімімен айқындалады.
37-бап. Адвокаттық құпия
1. Адвокаттық құпияны адвокатқа өтініш жасау фактісі, көмек сұрап өтініш жасаған тұлғамен және басқа да тұлғалармен ауызша және жазбаша келіссөздердің мазмұны туралы, көмек сұрап өтініш жасаған тұлғаның мүдделерінде қабылданатын әрекеттердің сипаты мен нәтижелері туралы мәліметтер, сондай-ақ заң көмегін көрсетуге қатысты өзге ақпарат құрайды.
2. Адвокаттар, олардың көмекшілері, тағылымдамадан өтушілері, адвокаттар алқасы төралқасының, заң консультациясының, адвокаттық кеңсенің жұмыскерлері, сондай-ақ адвокаттық қызметпен айналысу құқығы тоқтатылған немесе тоқтатыла тұрған адам заң көмегін көрсетуге байланысты алынған қандай да бір мәліметтерді жария етуге, сондай-ақ өз мүдделері немесе үшінші тұлғалардың мүдделері үшін пайдалануға құқылы емес.
3. Адвокаттық құпияға жататын мәліметтерді көмек сұрап өтініш жасаған тұлғаның келісуінсіз жария еткен адвокат заңға сәйкес жауапты болады.
4. Қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті органға «Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес мәліметтер мен ақпарат ұсыну адвокаттық құпияны жария ету болып табылмайды.
5. Адвокаттық құпияны сақтау міндеті уақытпен шектелмейді.
6. Адвокаттар, олардың көмекшілері, тағылымдамадан өтушілері, адвокаттар алқасы төралқасының, заң консультациясының, адвокаттық кеңсенің жұмыскерлері адвокаттық құпияны сақтау, оның ішінде оны санкцияланбаған қол жеткізуден қорғау үшін қажетті шараларды қабылдауға міндетті.
38-бап. Адвокаттың көмекшілері мен тағылымдамадан өтушілері
1. Адвокаттардың көмекшілері мен тағылымдамадан өтушілері болуы мүмкін.
2. Адвокаттың көмекшілері еңбек шарты негізінде заң консультациясында, адвокаттық кеңседе немесе адвокаттық қызметпен жеке-дара айналысатын адвокатта жұмыс істей алады.
Адвокаттың көмекшілері адвокаттың нұсқауы бойынша және жауапкершілігімен оның тапсырмаларын орындауға құқылы.
3. Адвокаттық қызметтің кәсіптік білімдері мен практикалық дағдыларын меңгеру мақсатында адвокаттар алқасымен тағылымдамадан өту туралы шарт жасасқан, жоғары заң білімі бар Қазақстан Республикасының азаматы адвокаттың тағылымдамадан өтушісі болып табылады.
Осы Заңның 32-бабының 2-тармағында белгіленген талаптарға сай келетін және тағылымдамадан өтуге ниет білдірген адам адвокаттар алқасының төралқасына тізбесі уәкілетті органмен келісу бойынша Республикалық адвокаттар алқасы әзірлейтін және бекітетін Адвокаттардың тағылымдамадан өтушілерінің тағылымдамадан өту тәртібі туралы ережеде белгіленетін құжаттарды қоса бере отырып, тағылымдамадан өтуге жіберу туралы өтінішпен жүгінеді.
4. Адвокаттар алқасының төралқасы өтінішті қарау нәтижелері бойынша мынадай:
1) тағылымдамадан өтуге жіберу туралы;
2) тағылымдамадан өтуге жіберуден бас тарту туралы шешімдердің бірін қабылдайды.
Тағылымдамадан өтуге жіберу туралы өтініш бойынша шешім бес жұмыс күні ішінде қабылданады.
5. Адвокаттардың тағылымдамадан өтушілер санының көп жинақталуы себепті тағылымдамадан өтуге жіберуден бас тартуға жол берілмейді.
6. Тағылымдама кемінде бес жыл адвокаттық қызмет өтілі бар адвокаттың басшылығымен жүзеге асырылады. Тағылымдаманың ұзақтығы алты айдан бір жылға дейінді құрайды.
Тағылымдама кезеңі заң мамандығы бойынша жұмыс өтіліне есептеледі.
Тағылымдамадан өту кезеңінде тағылымдамадан өтуші еңбек шарты бойынша адвокаттың көмекшісі ретінде жұмысқа қабылдануы мүмкін.
7. Тағылымдамадан өтуді ұйымдастыруды уәкілетті органмен келісу бойынша Республикалық адвокаттар алқасы әзірлейтін және бекітетін Адвокаттардың тағылымдамадан өтушілерінің тағылымдамадан өту тәртібі туралы ережеге сәйкес адвокаттар алқасының төралқасы жүзеге асырады.
Тағылымдаманың нәтижелері бойынша тағылымдамадан өтушінің жетекшісі қорытынды жасайды және оны бекіту үшін адвокаттар алқасының төралқасына береді.
Адвокаттар алқасының төралқасы тағылымдама материалдарын қарау қорытындылары бойынша тағылымдамадан өту туралы қорытындыны бекіту не тағылымдамадан өту туралы қорытындыны бекітуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.
Тағылымдамадан ойдағыдай өткені туралы қорытынды адвокаттар алқасының төралқасы бекіткен күннен бастап үш жыл бойы жарамды болады.
Тағылымдамадан өту туралы қорытындыны бекітуден бас тарту туралы шешім уәжді болуға тиіс және оған Республикалық адвокаттар алқасына немесе сотқа шағым жасалуы мүмкін.
Тағылымдамадан өтпеген адам тағылымдамаға жалпы негіздерде қайта жіберіледі.
8. «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 34-бабы 1-тармағының 1), 2), 3), 9), 10) және 12) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша судья өкілеттіктерін тоқтатқан адамдар тағылымдамадан өтпейді.
9. Адвокаттың көмекшісі мен тағылымдамадан өтушісі адвокаттық қызметпен дербес айналысуға құқылы емес.
10. Адвокаттар алқасының Жарғысында тағылымдама барысында орындайтын жұмысы үшін тағылымдамадан өтушілерді материалдық көтермелеу шаралары көзделуі мүмкін.
39-бап. Адвокаттық қызметпен айналысуға үміттенетін адамдарды аттестаттау жөніндегі комиссия
1. Адвокаттар алқасында тағылымдамадан ойдағыдай өткен адамдар облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың аумақтық әділет органдары жанынан құрылатын адвокаттық қызметпен айналысуға үміткер адамдарды аттестаттау жөніндегі комиссияда аттестаттаудан өтеді.
Адвокаттық қызметпен айналысуға үміткер адамдарды аттестаттау жөніндегі комиссия жеті мүшеден, оның ішінде кандидатураларын облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың адвокаттар алқалары мүшелерінің жалпы жиналысы (конференциясы) айқындайтын үш адвокаттан тұрады.
Адвокаттық қызметпен айналысуға үміткер адамдарды аттестаттау жөніндегі комиссиялардың дербес құрамы және олардың жұмыс регламенті Қазақстан Республикасы Әділет министрінің бұйрықтарымен бекітіледі.
2. Мыналар:
1) Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Біліктілік комиссиясында біліктілік емтиханын тапсырған, сотта тағылымдамадан ойдағыдай өткен және облыстық немесе оған теңестірілген соттың жалпы отырысының оң пікірін алған адамдар;
2) «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 34-бабы 1-тармағының 1), 2), 3), 9), 10) және 12) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша судья өкілеттіктерін тоқтатқан адамдар;
3) теріс себептермен шығарылғандарды қоспағанда, прокурор немесе тергеуші лауазымында кемінде он жыл жұмыс өтілі болған жағдайда, прокуратура және тергеу органдарынан шығарылған адамдар аттестаттаудан өтуден босатылады.
3. Адвокаттық қызметпен айналысуға үміткер адамдарды аттестаттау жөніндегі комиссияның негізгі міндеттері:
1) адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензия алуға үміткерлерді сапалы іріктеуді қамтамасыз ету;
2) отырыстардың ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету болып табылады.
4. Адвокаттық қызметпен айналысуға үміткер адамдарды аттестаттау жөніндегі комиссияның отырысына бұқаралық ақпарат құралдарының, Республикалық адвокаттар алқасының өкілдері және адвокаттар алқасының мүшелері қатысуға құқылы.
5. Адвокаттық қызметпен айналысуға үміткер адамдарды аттестаттау жөніндегі комиссияның отырыстарында ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз ету мақсатында тиісті сападағы аудио- және (немесе) бейнежазу не стенографиялау жүзеге асырылады. Отырыс барысында алынған стенограмма, аудио- және (немесе) бейнежазбалар отырыстың хаттамасына қоса тігіледі және адвокаттық қызметпен айналысуға үміткер адамдарды аттестаттау жөніндегі комиссияның материалдарымен бірге сақталады.
40-бап. Адвокаттық қызметпен айналысуға үміткер адамдарға аттестаттау жүргізу тәртібі мен шарттары
1. Адвокаттық қызметпен айналысуға үміткер адамдарға аттестаттау жүргізу тәртібі мен шарттары уәкілетті орган айқындайтын қағидаларда белгіленеді.
2. Адвокаттық қызметпен айналысуға үміткер адам тағылымдамадан ойдағыдай өткеннен кейін адвокаттық қызметпен айналысуға үміткер адамдарды аттестаттау жөніндегі комиссияға «электрондық үкіметтің» веб-порталы не заң көмегінің бірыңғай ақпараттық жүйесі арқылы Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген құжаттарды қоса бере отырып, өзін аттестаттауға жіберу туралы өтініш жібереді.
Адвокаттық қызметпен айналысуға үміткер адам өтініш беру кезінде аттестаттаудың жүргізілетін орнын, күнін және тілін (қазақ немесе орыс) айқындауға құқылы.
3. Құжаттар тиісінше ресімделмеген не олардың толық топтамасы ұсынылмаған жағдайларда, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың аумақтық әділет органдары ұсынылған құжаттармен бірге өтінішті «электрондық үкіметтің» веб-порталына келіп түскен күнінен бастап екі жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде оларды қарамастан, қайтару себебі туралы хабарламамен бірге үміткерге қайтарады.
Комиссия үміткердің аттестаттауға жіберу туралы өтінішін күнтізбелік он бес күн ішінде қарайды. Адвокаттық қызметпен айналысуға үміткер адамдарды аттестаттау жөніндегі комиссия қарау қорытындылары бойынша үміткерді аттестаттауға жіберу не жіберуден бас тарту туралы уәжді шешім шығарады.
Өтініш заң көмегінің бірыңғай ақпараттық жүйесі арқылы берілген кезде, барлық деректердің адвокатқа қойылатын талаптарға сәйкестігі интеграцияланған дерекқорлардың ресурстары пайдаланыла отырып, автоматты түрде тексеріледі.
Егер үміткер осы Заңда белгіленген талаптарға сай болмаса, оны аттестаттауға жіберуден бас тартылады.
Аттестаттауға жіберуден бас тарту туралы шешімді облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың аумақтық әділет органдары өтініш келіп түскен күннен бастап күнтізбелік он бес күннен кешіктірмей үміткерге жібереді.
4. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың аумақтық әділет органдары аттестаттауға жіберілген үміткерді аттестаттау жүргізілерден күнтізбелік он күн бұрын оның жүргізілетін орны, күні, уақыты, тәртібі туралы хабардар етеді.
Өтініш заң көмегінің бірыңғай ақпараттық жүйесі арқылы берілген және үміткер адвокатқа қойылатын талаптарға сәйкес келген кезде, заң көмегінің бірыңғай ақпараттық жүйесі аттестаттау жүргізу үшін үміткерлердің тізімін автоматты түрде қалыптастырады және оның жүргізілетін орнын, күнін, уақытын және тілін (қазақ немесе орыс) растайды.
5. Аттестаттау жарты жылда бір рет өткізіледі.
6. Аттестаттау мынадай екі кезеңнен:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасын білуін және адвокаттық қызметті жүзеге асыруға психологиялық дайындығын кешенді компьютерлік тестілеу;
2) қажетті көздерді пайдалана отырып, істің мән-жайларын талдау бойынша практикалық тапсырма кезеңдерінен тұрады.
7. Уәкілетті орган белгілеген кешенді компьютерлік тестілеудің шекті балын жинаған үміткер кешенді компьютерлік тестілеуден өткен болып есептеледі және аттестаттаудың екінші кезеңіне жіберіледі.
8. Біріздендірілген заңдық тест тапсырмаларынан тұратын кешенді компьютерлік тестілеу компьютерлік техниканы пайдалана отырып жүргізіледі.
Тестілеу үшін заң көмегінің бірыңғай ақпараттық жүйесі қолданылған жағдайда, кешенді компьютерлік тестілеудің мазмұны біріздендірілген заңдық тест тапсырмаларынан автоматты түрде жасалады.
Уәкілетті орган біріздендірілген заңдық тест тапсырмаларын қалыптастыруды Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен, конкурстық негізде тәуелсіз сарапшыларды тарта отырып жүзеге асырады.
9. Аттестаттаудың екінші кезеңі үшін практикалық тапсырманың мазмұнын Республикалық адвокаттар алқасы өзі дербес қалыптастырады.
Республикалық адвокаттар алқасының өкілдері практикалық тапсырмалардың нұсқаларын үміткерлер санынан асып түсетін санда ұсынады. Практикалық тапсырманың сұрақтары құпия ақпарат болып табылады және жария етілуге және таратылуға жатпайды.
10. Комиссия екінші кезеңнің нәтижелері бойынша үміткердің аттестатталғаны туралы не аттестатталмағаны туралы уәжді шешім шығарады.
Адвокаттық қызметпен айналысуға үміткер адамдарды аттестаттау жөніндегі комиссияның шешіміне уәкілетті органға немесе сотқа шағым жасалуы мүмкін.
Аттестатталғаны туралы шешім шығарылған күнінен бастап алты жыл бойы жарамды болып табылады.
11. Заңдардың қағаз мәтіндерін пайдалануға болатын аттестаттау жүргізудің екінші кезеңін қоспағанда, аттестаттау жүргізу кезінде үміткердің анықтамалық, арнаулы және басқа да әдебиетті, байланыс құралдарын, сондай-ақ қандай да бір жазбаларды пайдалануына рұқсат берілмейді.
Көрсетілген талаптар бұзылған жағдайда, комиссия үміткерді ағымдағы аттестаттаудан шеттетеді.
Аттестаттаудан шеттетілген үміткер шешім шығарылған күннен үш ай өткен соң аттестаттауға жіберу туралы қайтадан өтініш беруге құқылы.
41-бап. Адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензия
1. Адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензия адвокаттық қызметпен айналысуға берілген рұқсат болып табылады және оны үміткер Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және шарттарда тағылымдамадан және аттестаттаудан өткеннен кейін лицензиар береді.
2. Лицензиар адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензиялардың тізілімін жүргізеді, тізілімнің мәліметтерін, сондай-ақ адвокаттық қызметпен айналысатын адвокаттардың тізімін жаңартылған күйде өзінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етеді.
42-бап. Лицензия беруден бас тарту
Лицензия беруден «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген негіздер бойынша бас тартылады.
43-бап. Адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензияның қолданысын тоқтата тұру
1. Адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензияның қолданысын тоқтата тұру тәртібі Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленеді.
2. Адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензияның қолданысы, Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жалпы негіздерден басқа, мынадай:
1) адвокат мемлекеттік қызметте болған;
2) ол Қазақстан Республикасының Парламенті депутатының, өз қызметін бюджет қаражаты есебінен ақы төленетін, тұрақты немесе жұмыстан босатылған негізде жүзеге асыратын мәслихат депутатының өкілеттіктерін атқарған;
3) адвокат мерзімді әскери қызметті өткерген;
4) адвокат өз қызметін адвокаттар алқасына берілген өзінің өтініші негізінде тоқтата тұрған кезеңде тоқтатыла тұрады.
3. Адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензияның қолданысы мынадай жағдайларда көрсетілген мерзімге:
1) адвокаттық қызметпен айналысу құқығына арналған лицензиядан айыру туралы іс бойынша іс жүргізу қозғалғанда - шешім қабылданғанға дейін;
2) адвокатты қылмыстық-процестік заңға сәйкес қылмыс жасауда айыпталушы деп танығанда - үкім заңды күшіне енгенге дейін;
3) біліктілікті арттырудан өту мерзімін күнтізбелік отыз күннен астам уақыт дәлелсіз себеппен бұзғанда не оны өтуден бас тартқанда - бұзушылық жойылғанға дейін, бірақ үш айдан аспайтын мерзімге;
4) адвокат мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету сапасының өлшемшарттарына сәйкес келмейтін, мемлекет кепілдік берген заң көмегін жүйелі түрде (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде үш және одан да көп рет) көрсеткенде - алты айға;
5) «Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген талаптарды жүйелі түрде (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде үш және одан да көп рет) бұзғанда - алты айға;
6) коммерциялық ұйымның байқаушы кеңесінің құрамына кіру, дауды шешу үшін тиісті төреліктің төрешісі болып сайлану немесе тағайындалу, сондай-ақ оқытушылық, ғылыми немесе өзге де шығармашылық қызметпен айналысу жағдайларын қоспағанда, адвокат кәсіптік қызметпен қатар кәсіпкерлік немесе өзге де ақы төленетін қызметпен де айналысқанда - алты айға тоқтатыла тұрады.
4. Адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензияның қолданысын тоқтата тұру облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың аумақтық әділет органдарының ұсынуы, Республикалық және аумақтық адвокаттар алқаларының өтінішхаты негізінде лицензиардың шешімімен жүзеге асырылады.
Лицензиардың адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензияның қолданысын тоқтата тұру туралы шешімінде лицензияның қолданысын тоқтата тұру себептері мен мерзімі көрсетілуге тиіс. Адвокат лицензиясының қолданысын тоқтата тұру лицензиар адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензияның қолданысын тоқтата тұру туралы шешім қабылдаған күннен бастап адвокаттық қызметті жүзеге асыруға тыйым салуға алып келеді.
5. Осы баптың 2-тармағында көзделген негіздер бойынша тоқтатыла тұрған адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензияның қолданысын қайта бастау адвокаттың өтініші бойынша күнтізбелік он күн ішінде лицензиардың бұйрығы және оны тоқтата тұру үшін негіздердің тоқтатылғанын растайтын құжаттар негізінде жүзеге асырылады. Адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензия қолданысының қайта басталғаны туралы адвокат, адвокаттар алқасы, құқық қорғау органдарының орталық аппараттары және соттардың қызметін ұйымдастырушылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті орган хабардар етіледі.
6. Адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензияның қолданысын тоқтата тұру немесе қайта бастау туралы шешім лицензиардың интернет-ресурсында орналастырылады. Қабылданған шешім туралы адвокат, адвокаттар алқасы, құқық қорғау органдарының орталық аппараттары және соттардың қызметін ұйымдастырушылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті орган хабардар етіледі.
7. Адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензияның қолданысын тоқтата тұру туралы немесе қайта бастаудан бас тарту туралы шешімге адвокат сотқа шағым жасауға құқылы.
8. Қажет болған және клиент келіскен жағдайларда, адвокаттар алқасы адвокатының адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензиясы тоқтатыла тұрған клиентті заң көмегімен қамтамасыз ету жөніндегі шараларды қабылдайды.
44-бап. Адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензияның қолданысын тоқтату және одан айыру
1. Адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензияның қолданысын тоқтату «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген тәртіппен және негіздерде жүзеге асырылады.
2. Адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензиядан айыру Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес жүзеге асырылады.
3. Лицензиар адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензияның қолданысын тоқтатуды, осы баптың 1-тармағында көзделген негіздерден бөлек, мынадай:
1) адвокат заңды күшіне енген сот шешімі бойынша әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі, қайтыс болды не хабарсыз кетті деп танылған;
2) адвокат Қазақстан Республикасының азаматтығын тоқтатқан;
3) адвокат қайтыс болған;
4) адвокат қасақана қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауаптылықтан Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігінің 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде босатылған;
5) қасақана қылмыс жасағаны үшін адвокатқа қатысты соттың айыптау үкімі заңды күшіне енген;
6) адвокатқа медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы сот шешімі заңды күшіне енген жағдайларда жүзеге асырады.
4. Адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензиядан айыру, осы баптың 2-тармағында көзделген негіздерден басқа, мынадай:
1) адвокат кәсіптік міндеттерін орындау кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасын, заң көмегін көрсету қағидаттарын, Адвокаттардың кәсіптік әдеп кодексін өрескел не бірнеше рет бұзған;
2) біліктілігінің жеткіліксіздігі салдарынан адвокаттың өз кәсіптік міндеттерін орындауы мүмкін болмаған;
3) осы Заңының 43-бабы 3-тармағының 3) және 6) тармақшаларында көзделген лицензияның қолданысы тоқтатыла тұрған мән-жайлар жойылмаған;
4) адвокаттың лицензия беруге негіз болған құжаттарда анық емес немесе қасақана бұрмалаған ақпарат ұсыну фактісі анықталған;
5) қатарынан отыз алты ай ішінде лицензияның қолданысы осы Заңының 43-бабы 3-тармағының 3), 4) және 5) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша үш рет тоқтатыла тұрған жағдайларда, лицензиардың талап қоюы бойынша сот тәртібімен жүзеге асырылады.
5. Осы баптың 4-тармағында көзделген жағдайларда, адвокаттар алқасы төралқасының өтінішхаты адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензиядан айыру туралы талап қою арызын дайындауға негіз болып табылады.
Осы баптың 4-тармағының 1), 3), 4) және 5) тармақшаларында көзделген жағдайларда, аумақтық әділет органының ұсынуы да адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензиядан айыру туралы талап қою арызын дайындауға негіз болып табылады.
Лицензиар сот шешімі негізінде адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензиядан айыру туралы бұйрық шығарады, оның көшірмесі лицензиясының қолданысы тоқтатылған адамға жіберіледі. Адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензия қолданысының тоқтатылғаны туралы соттар, құқық қорғау органдары және адвокаттар алқасы хабардар етіледі.
6. Осы баптың 3-тармағында көзделген жағдайларда, аумақтық әділет органының ұсынуы адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензияның қолданысын тоқтату туралы шешім қабылдауға негіз болып табылады.
Лицензиар адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензияның қолданысын тоқтату туралы бұйрық шығарады, оның көшірмесі лицензиясының қолданысы тоқтатылған адамға жіберіледі. Адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензия қолданысының тоқтатылғаны туралы соттардың қызметін ұйымдастырушылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті орган, құқық қорғау органдарының орталық аппараттары және адвокаттар алқасы хабардар етіледі.
45-бап. Адвокаттар көрсететін заң көмегінің түрлері
1. Заң көмегін көрсете отырып, адвокаттар:
1) құқықтық мәселелер бойынша ауызша нысанда да, жазбаша нысанда да консультациялар және анықтамалар береді;
2) арыздар, шағымдар, өтінішхаттар мен құқықтық сипаттағы басқа да құжаттар жасайды;
3) азаматтық сот ісін жүргізуге клиенттің өкілі ретінде қатысады;
4) қылмыстық және әкімшілік сот ісін жүргізуге клиенттің қорғаушысы немесе өкілі ретінде қатысады;
5) медиация жүргізу кезінде, төрелікте және дауларды шешетін өзге де органдарда істерді талқылауға клиенттің өкілі ретінде қатысады;
6) мемлекеттік органдарда, қоғамдық бірлестіктер мен өзге де ұйымдарда клиенттің мүдделерін білдіреді;
7) егер шет мемлекеттердің заңнамасында, халықаралық сот органдарының және өзге де халықаралық ұйымдардың жарғылық құжаттарында немесе Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше белгіленбесе, шет мемлекеттердің мемлекеттік органдарында, соттарында және құқық қорғау органдарында, халықаралық сот органдарында, шет мемлекеттердің мемлекеттік емес органдарында клиенттің мүдделерін білдіреді;