Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда, мемлекет кепілдік берген заң көмегін өзге тұлғалар өтеусіз көрсете алады.
26-бап. Мемлекет кепілдік берген заң көмегін алуға құқығы бар тұлғалар
1. Мемлекет кепілдік берген заң көмегін құқықтық ақпарат беру түрінде тегін алуға барлық жеке және заңды тұлғалардың құқығы бар.
2. Құқықтық консультация беру, сондай-ақ соттарда, қылмыстық қудалау органдарында, өзге де мемлекеттік органдар мен мемлекеттік емес ұйымдарда жеке тұлғалардың мүдделерін қорғау және білдіру түріндегі мемлекет кепілдік берген заң көмегі:
1) Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасына сәйкес әкімшілік жауаптылыққа тартылған тұлғаға;
2) Қазақстан Республикасының азаматтық процестік заңнамасына сәйкес талап қоюшыға;
3) Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңнамасына сәйкес күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға, сотталған адамға, ақталған адамға, жәбірленушіге;
4) алименттер өндіріп алу, зейнетақы мен жәрдемақылар тағайындау, ақтау, босқын немесе оралман мәртебесін алу мәселелері бойынша жеке тұлғаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған кәмелетке толмағандарға осы Заңда және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен көрсететіледі. Адвокаттар қажет болған жағдайларда құқықтық сипаттағы жазбаша құжаттар жасайды.
3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында көрсетілген тұлғалар Қазақстан Республикасының аумағында мемлекет кепілдік берген заң көмегін тұрғылықты жеріне және орналасқан жеріне қарамастан алуға құқылы.
4. Мемлекет кепілдік берген заң көмегіне мұқтаж тұлғаның мүддесіне орай оның өкілі заңда белгіленген тәртіппен осындай көмек көрсету туралы өтінішхатпен жүгіне алады.
27-бап. Мемлекет кепілдік берген заң көмегіне мұқтаж тұлғаның құқықтары мен міндеттері
1. Мемлекет кепілдік берген заң көмегіне мұқтаж тұлғаның:
1) мемлекет кепілдік берген заң көмегіне теңдей қол жеткізуге;
2) өз құқықтары, міндеттері және мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету шарттары туралы ақпарат алуға;
3) мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсететін тұлғаларға тегін заң көмегін көрсету үшін өтініш жасауға;
4) мемлекет кепілдік берген заң көмегін Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен алуға немесе оны алудан бас тартуға;
5) мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсететін тұлғалардың әрекеттеріне не әрекетсіздігіне осы Заңда және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен шағым жасауға;
6) мемлекет кепілдік берген заң көмегі көрсетілген мәселенің құпиялығына құқығы бар.
2. Өзіне осы Заңның 15-бабының 2) және 3) тармақшаларында көзделген, мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету туралы өтінішхатпен жүгінген тұлға:
1) өзінің мемлекет кепілдік берген заң көмегін алуға құқығын растайтын, тізбесін уәкілетті орган бекітетін құжаттарды ұсынуға;
2) мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету шарттарына ықпал ететін мән-жайлардың өзгергені туралы уақтылы хабарлауға;
3) мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету қажеттігіне негіз болған ақпараттың анықтығын қамтамасыз етуге міндетті.
28-бап. Адвокаттар көрсететін мемлекет кепілдік берген заң көмегін ұйымдастыру, оны көрсету тәртібі және есепке алу
1. Адвокаттардың мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсетуге қатысуын облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың адвокаттар алқасы қамтамасыз етеді.
Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың адвокаттар алқасы жыл сайын бірінші желтоқсаннан кешіктірмей аумақтық әділет органына мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету жүйесіне қатысатын адвокаттардың тізімін жібереді.
2. Мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету жүйесіне қатысу үшін адвокаттарды іріктеудің өлшемшарттарын Республикалық адвокаттар алқасы бекітеді.
3-тармақтың бірінші бөлігі 2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
3. Мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету жүйесіне қатысатын адвокаттар тізіміне қосудың артықшылықты құқығы кешенді әлеуметтік заң көмегін көрсететін адвокаттарға беріледі.
Тізімде адвокаттың тегі, аты, әкесінің аты (ол бар болған жағдайда), адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензияның нөмірі мен берілген күні, адвокаттық қызметті ұйымдастыру нысаны, адвокаттық қызметтің атауы және оны жүзеге асыру орны көрсетіледі.
4. Адвокаттар алқасының төралқасы адвокаттардың тізімін кезең-кезеңімен жаңартып отырады және жаңартылған күйде ұстайды.
Мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету жүйесіне қатысатын адвокаттардың тізімі заң көмегінің бірыңғай ақпараттық жүйесінің көмегімен автоматты түрде қалыптастырылуы мүмкін. Бұл жағдайда адвокатты таңдау заң көмегінің бірыңғай ақпараттық жүйесінің көмегімен жүзеге асырылуы мүмкін.
5. Аумақтық әділет органы жыл сайын он бесінші желтоқсаннан кешіктірмей, адвокаттармен мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету туралы келісім жасасады.
Уәкілетті орган Республикалық адвокаттар алқасының ұсынымдарын ескере отырып әзірлейтін және бекітетін келісімнің нысанында адвокаттардың облыс, республикалық маңызы бар қала, астана аумағында тұратын халықты заң көмегімен толыққанды қамтамасыз ету жөніндегі міндеттері және оның шарттары қамтылуға тиіс.
6. Аумақтық әділет органы жыл сайын жиырма бесінші желтоқсаннан кешіктірмей мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету жүйесіне қатысатын адвокаттардың тізімін тиісті облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың аумағында таратылатын мерзімді баспасөз басылымында жариялайды және өзінің интернет-ресурсына орналастырады.
7. Құқықтық консультация беру түріндегі, мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету өтініш иесі өтініш жасаған кезде бірден адвокаттың қызметтік үй-жайында жүзеге асырылады. Заң көмегін өтініш иесі өтініш жасағаннан кейін бірден көрсету мүмкін болмаған кезде, ол үш жұмыс күнінен аспайтын мерзімде көрсетілуге тиіс. Адвокат өтініш иесіне қабылдау күні мен уақыты туралы қолжетімді нысанда хабарлайды.
8. Егер өтініш иесі жүріп-тұруындағы қиындықтарға байланысты ауыр науқасы, мүгедектігі немесе өзге де мән-жайлар салдарынан адвокат белгілеген қабылдау орнына келе алмайтындай жағдайда болса, құқықтық консультация беру оның болатын жерінде жүргізіледі.
Тұлға сол бір мәселе бойынша мемлекет кепілдік берген заң көмегін бір рет ала алады.
9. Мемлекет кепілдік берген заң көмегін есепке алуды осындай көмек ұсынған адвокат уәкілетті орган айқындаған тәртіппен жүргізеді.
10. Адвокаттар ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың бесі күнінен кешіктірмей, адвокаттар алқасына өздері көрсеткен, мемлекет кепілдік берген заң көмегі туралы есеп ұсынады. Есептің нысанын уәкілетті орган Республикалық адвокаттар алқасының ұсынымдарын ескере отырып бекітеді.
11. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың адвокаттар алқасы жыл сайын бесінші шілдеден және бесінші қаңтардан кешіктірмей аумақтық әділет органына уәкілетті орган Республикалық адвокаттар алқасының ұсынымдарын ескере отырып бекітетін нысан бойынша адвокаттар көрсеткен, мемлекет кепілдік берген заң көмегі туралы жиынтық есеп ұсынады.
Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың адвокаттар алқасының жиынтық есебінде ауылдық елді мекендердің мемлекет кепілдік берген заң көмегімен қамтамасыз етілуі туралы ақпарат қамтылады.
29-бап. Мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсетуден бас тарту
1. Егер өтініш иесі жүгінімнің құқықтық сипаты болмаса, құқықтық ақпарат беру түріндегі мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсетуден бас тартылады.
2. Мынадай негіздердің бірі болған кезде:
1) өтініш иесі осы Заңның 26-бабының 2-тармағында көзделген мемлекет кепілдік берген заң көмегін алуға құқығы бар тұлғалар санатына жатпаса;
2) өтініш иесі жүгінімнің құқықтық сипаты болмаса, құқықтық консультация беру, қорғау және өкілдік ету түріндегі мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсетуден бас тартылады.
3. Мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсетуден бас тарту уәжді болуға тиіс және оған уәкілетті органға немесе сотқа шағым жасалуы мүмкін.
30-бап. Мемлекет кепілдік берген заң көмегін қаржыландыру
Мемлекет кепілдік берген заң көмегін қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
3-БӨЛІМ. АДВОКАТТЫҚ ҚЫЗМЕТ
3-тарау. АДВОКАТУРА ЖӘНЕ АДВОКАТТЫҢ МӘРТЕБЕСІ
31-бап. Адвокатураның мақсаты
1. Қазақстан Республикасындағы адвокатура адамның өз құқықтарын, бостандықтарын сот арқылы қорғауға және заң көмегін алуға мемлекет кепілдік берген және Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген құқықтарын іске асыруға жәрдемдесуге, сондай-ақ дауды бейбіт жолмен реттеуге жәрдемдесуге арналған.
2. Адвокаттар алқасы адвокаттардың қылмыстық істер, әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша қорғау, сондай-ақ қылмыстық және азаматтық істер мен әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша өкілдік ету, сондай-ақ жеке тұлғалардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, сондай-ақ заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау және оларды іске асыруда жәрдемдесу мақсатында заң көмегінің өзге де түрлерін көрсету жөніндегі қызметін ұйымдастырады.
3. Адвокаттар өздері жүзеге асыратын адвокаттық қызмет шеңберінде көрсететін заң көмегі кәсіпкерлік қызмет болып табылмайды.
32-бап. Адвокат
1. Жоғары заң білімі бар, адвокаттық қызметпен айналысуға лицензия алған, адвокаттар алқасының мүшесі болып табылатын және осы Заңмен регламенттелетін адвокаттық қызмет шеңберінде кәсіптік негізде заң көмегін көрсететін Қазақстан Республикасының азаматы адвокат болып табылады.
2. Сот әрекетке қабілетсіз не әрекет қабілеті шектеулі деп таныған не заңда белгіленген тәртіппен жойылмаған немесе алынбаған сотталғандығы бар адам адвокат бола алмайды.
Мыналар:
қылмыстық жауаптылықтан Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігінің 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде босатылған адам осындай оқиғалар басталғаннан кейін үш жыл бойы;
теріс себептер бойынша мемлекеттік, әскери қызметтен, прокуратура органдарынан, өзге де құқық қорғау органдарынан, арнаулы мемлекеттік органдардан шығарылған, сондай-ақ судья лауазымынан босатылған адам шығарылған (босатылған) күннен бастап бір жыл бойы;
әкімшілік сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаған адам осындай оқиғалар басталғаннан кейін үш жыл бойы;
адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензиядан айырылған адам;
егер шығарылған күннен бастап үш жылдан аз уақыт өтсе, теріс себептер бойынша заң консультанттары палатасының тізілімінен шығарылған адам да адвокат бола алмайды.
33-бап. Адвокаттың құқықтары мен міндеттері
1. Адвокат көмек сұрап өтініш жасаған тұлғаға ол мұқтаж болып тұрған кез келген заң көмегін көрсетуге құқылы.
2. Адвокат өзіне өтініш жасаған тұлғамен заң көмегін көрсету туралы өз атынан жазбаша шарт жасасады.
3. Адвокат қорғаушы немесе өкіл ретінде әрекет ете отырып, процестік заңға сәйкес:
1) заң көмегін сұрап өтініш жасаған тұлғалардың құқықтары мен мүдделерін құзыретіне тиісті мәселелерді шешу кіретін барлық соттарда, мемлекеттік, өзге де органдар мен ұйымдарда қорғауға және білдіруге;
2) барлық мемлекеттік органдардан, жергілікті өзін-өзі басқару органдары мен заңды тұлғалардан адвокаттық қызметті жүзеге асыруға қажетті мәліметтерді сұратуға және алуға;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және шектерде, заң көмегін көрсетуге қажетті нақты деректерді өзі дербес жинауға және оларды мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдарға ұсынуға;
4) процестік құжаттарды, тергеу және сот істерін қоса алғанда, көмек сұрап өтініш жасаған тұлғаға қатысты материалдармен танысуға және оларда қамтылған ақпаратты Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған кез келген тәсілмен тіркеп алуға;
5) іске қатысуға жіберілген кезден бастап жолығулардың санын, ұзақтығын шектемей және мұндай жолығулардың құпиялығын қамтамасыз ететін жағдайларда өзі қорғайтын адаммен оңаша жолығып тұруға ие болуға;
6) заң көмегін көрсетуге байланысты туындайтын және ғылым, техника, өнер саласында және басқа да қызмет салаларында арнайы білімді талап ететін мәселелерді түсіндіру үшін шарттық негізде мамандардың қорытындыларын сұратуға;
7) мемлекеттік билік, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, қоғамдық бірлестіктердің, ұйымдардың, лауазымды адамдар мен мемлекеттік қызметшілердің көмек сұрап өтініш жасаған тұлғалардың құқықтарына және заңмен қорғалатын мүдделеріне қысым жасайтын шешімдеріне және әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) өтінішхаттар мәлімдеуге, белгіленген тәртіппен шағымдар келтіруге;
8) егер бұл анықтау алдын ала тергеу жүргізу кезінде, сотта қорғауды немесе өкілдік етуді жүзеге асыру үшін қажет болса, мемлекеттік құпияларды құрайтын, сондай-ақ әскери, коммерциялық, қызметтік және заңмен қорғалатын өзге де құпияны қамтитын ақпаратпен Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртіппен танысуға;
9) заң көмегін сұрап өтініш жасаған тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың заңда тыйым салынбаған барлық құралдары мен тәсілдерін пайдалануға;
10) татуластыру рәсімдерін жүргізуге;
11) тармақша 2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
11) кешенді әлеуметтік заң көмегін көрсетуге;
12) заңнамаға қайшы келмейтін өзге де әрекеттерді жасауға құқылы.
4. Мемлекеттік орган немесе лауазымды адам, Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, адвокаттың заң көмегін сұрап өтініш жасаған тұлғаның мүдделерін білдіру құқығын танудан бас тарта алмайды.
Адвокат соттардың, прокуратураның, қылмыстық процесті жүргізетін органдардың әкімшілік ғимараттарына Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен, адвокат куәлігін көрсету арқылы еркін кіру құқығын пайдаланады.
Адвокаттың ұстап алынғандарды, күзетпен ұсталатындарды және жазасын өтеп жатқандарды ұстау орындарына кіруі белгіленген өткізу режиміне сәйкес жүзеге асырылады.
5. Адвокаттың міндетті сақтандыру қаражаты есебінен жүзеге асырылатын, мемлекет кепілдік берген әлеуметтік қорғауға құқығы бар.
Адвокаттар әлеуметтік сақтандыруға арналған жарналарды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес төлейді.
Адвокаттың Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес зейнетақымен қамсыздандырылуға құқығы бар.
6. Адвокаттар сот отырыстарына адвокаттық мантиялар киіп қатысуға құқылы.
Адвокаттық мантиялардың нысаны мен сипаттамасын Республикалық адвокаттар алқасы әзірлейді және бекітеді.
7. Адвокат:
1) өзінің кәсіптік міндеттерін орындаған кезде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауға;
2) Қазақстан Республикасы адвокатының антын, Адвокаттардың кәсіптік әдеп кодексін сақтауға;
3) адвокаттар алқасының мүшесі болуға;
7-тармақтың 4) тармақшасы 2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
4) өзінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыруды жүзеге асыруға;
5) клиентке адвокаттар алқасына мүшелігі туралы ақпарат беруге;
6) клиентке заң көмегін көрсетуге кедергі келтіретін мән-жайлардың туындауы салдарынан өзінің оны көрсетуге қатыса алмайтыны туралы хабарлауға;
7-тармақтың 7) тармақшасы 2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
7) клиенттің талап етуі бойынша адвокаттың кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру шартының көшірмесін ұсынуға;
8) клиенттің талап етуі бойынша онымен құпия ақпаратты жария етпеу туралы келісім жасасуға;
9) заң көмегін көрсетуге байланысты өзіне мәлім болған мәліметтерді құпия сақтауға және оларды көмек сұрап өтініш жасаған тұлғаның келісуінсіз жария етпеуге;
10) клиенттің құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз етуге бағытталған іс жүзіндегі мән-жайларды анықтау бойынша заңда тыйым салынбаған кез келген әрекетті орындауға;
11) клиенттің талап етуі бойынша заң көмегін көрсету туралы жазбаша шартты орындау туралы есеп ұсынуға;
12) клиенттің талап етуі бойынша заң көмегін көрсету кезінде пайдаланылған құжаттардың көшірмелерін заң көмегін көрсету аяқталған күннен бастап үш жыл бойы қағаз немесе электрондық жеткізгіштерде не электрондық құжаттар нысанында сақтауға;
13) өзінің біліктілігін ұдайы арттырып отыруға;
14) адвокаттар алқасына мүше болып кіргеннен кейін, сондай-ақ коммерциялық ұйым құрылғаннан кейін бір ай ішінде, өзіне заңды түрде тиесілі ақшаны, сондай-ақ мүліктік жалдауға берілген мүлікті қоспағанда, өз меншігіндегі, коммерциялық ұйымдардың жарғылық капиталындағы үлесті (акциялар пакетін) және пайдаланылуы кіріс алуға алып келетін өзге де мүлікті сенімгерлік басқаруға беруге міндетті. Мүлікті сенімгерлік басқару шарты нотариаттық куәландырылуға жатады. Адвокат өзіне тиесілі облигацияларды, ашық және аралық инвестициялық пай қорларының пайларын сенімгерлік басқаруға бермеуге құқылы. Адвокаттың сенімгерлік басқаруға немесе мүліктік жалдауға берілген мүліктен кіріс алуға құқығы бар;
15) Қазақстан Республикасының заңдарында және заң көмегін көрсету туралы шартта көзделген өзге де міндеттерді орындауға міндетті.
8. Адвокаттың:
мүдделер қақтығысы болған кезде;
процестік заңнамада көзделген, адвокаттың іске қатысуын болғызбайтын мән-жайлар болған кезде заң көмегін көрсетуіне тыйым салынады.
Бұл жағдайларда адвокат заң көмегін көрсетуден бас тартуға міндетті.
9. Адвокаттың іс бойынша көмек сұрап өтініш жасаған тұлғаның жағдайын нашарлататын құқықтық ұстанымда болуына, өз өкілеттігін өзі мүдделерін қорғайтын немесе білдіретін тұлғаға нұқсан келтіріп пайдалануына тыйым салынады.
10. Адвокат осы баптың 8-тармағында көзделген мән-жайлар болмаған кезде қылмыстық іс бойынша қабылданған тапсырмадан бас тартуға құқылы емес және қорғалатын тұлғаның немесе адвокаттың өзінің көзқарасы бойынша сот төрелігіне сай емес үкім шығарылған жағдайда, оған белгіленген тәртіппен шағым жасауға міндетті.
2019.21.02. № 227-VІ ҚР Заңымен 11-тармақ өзгертілді (қолданысқа енгізілетін тәртібін қараңыз) (бұр.ред.қара)
11. Адвокаттың, Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің және коммерциялық ұйымның байқаушы кеңесінің құрамына кіру, дауды шешу үшін тиісті төреліктің төрешісі болып сайлану немесе тағайындалу, сондай-ақ оқытушылық, ғылыми немесе шығармашылық қызметпен айналысу жағдайларынан басқа ретте, мемлекеттік қызметте болуына және кәсіпкерлік қызметпен айналысуына, өзге де ақы төленетін лауазымда болуына тыйым салынады.
Адвокат адвокаттар алқасында, Республикалық адвокаттар алқасында және адвокаттардың халықаралық қоғамдық бірлестіктерінде ақы төленетін сайланбалы немесе тағайындалатын лауазымға сайлануға құқылы.
34-бап. Адвокаттың кәсіптік мінез-құлық нормалары
Адвокат заң көмегін көрсету кезінде мынадай кәсіптік қағидаларды сақтауға:
1) өзінің құқықтарын жүзеге асыру және міндеттерін орындау кезінде адалдық білдіруге;
2) органдар мен лауазымды адамдарға қатысты өзін әдепті ұстауға;
3) өзінің кәсіптік мінез-құлқын көмек сұрап өтініш жасаған тұлғаның құқықтары мен заңды мүдделеріне сәйкес қалыптастырып және шектей отырып, істі қасақана созуға, заң көмегін көрсетудің заңсыз әдістеріне, алдауға жол бермеуге;
4) көмек сұрап өтініш жасаған тұлғаның мүдделеріне адалдық сақтауға және оның мүдделеріне қайшы қандай да бір әрекеттер жасамауға тиіс.
35-бап. Адвокаттық қызметтің кепілдіктері
1. Қазақстан Республикасының заңдарында тікелей көзделген жағдайлардан басқа ретте, адвокаттың құқықтары шектелуге жатпайды. Заңды адвокаттық қызметке араласу не кедергі келтіру Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылыққа алып келеді.
2. Адвокатты ол заң көмегін көрсетіп отырған тұлғамен теңдестіруге тыйым салынады.
3. Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларды қоспағанда, мыналарға:
адвокат өзінің кәсіптік міндеттерін жүзеге асырған кезде өзіне мәлім болған мән-жайлар туралы одан куә ретінде жауап алуға;
адвокаттан, оның көмекшісінен, оның тағылымдамадан өтушісінен, адвокатпен, заң консультациясымен, адвокаттық кеңсемен еңбек қатынастарында тұрған тұлғадан, адвокаттар алқасы төралқасының басшылары мен жұмыскерлерінен, сондай-ақ өзінің адвокаттық қызметпен айналысу құқығы тоқтатылған немесе тоқтатыла тұрған адамнан заң көмегін көрсетуге байланысты мәліметтерді, материалдарды талап етіп алдыруға немесе талап етуге немесе оларды адвокаттың және оның клиентінің келісуінсіз, басқа тәсілмен алуға әрекеттенуге тыйым салынады.
4. Мемлекеттік органдар, лауазымды адамдар адвокатқа өзі қорғайтын адаммен оңаша жолығудың құпиялылығын қамтамасыз ететін жағдайларда, осындай жолығулар беруден бас тартуға, сондай-ақ олардың саны мен ұзақтығын шектеуге құқылы емес.
5. Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайлардан басқа ретте, адвокаттық іс қағаздарын жүргізу, онымен байланысты өзге де материалдар мен құжаттар, сондай-ақ адвокаттың мүлкі, оның ішінде ұялы байланыс құралдары, аудиоаппаратурасы, компьютерлік техникасы жете тексерілуге, қарап-тексерілуге, алынуға, алып қойылуға және тексерілуге жатпайды.
6. Адвокаттық қызметті жүзеге асыру кезінде адвокаттың қауіпсіздігін қамтамасыз ету құқығына заңда белгіленген тәртіппен кепілдік беріледі.
7. Қылмыстық қудалау органдары, олардың лауазымды адамдары процестік заңда көзделген жағдайларда, адвокатты оның тергеу және өзге де процестік әрекеттерге адвокатпен келісілген мерзімде қатысуы қажет екені туралы хабардар етуге міндетті.
8. Мемлекеттік органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары және заңды тұлғалар адвокаттың заң көмегін көрсетуіне байланысты сұрау салуына он жұмыс күні ішінде жазбаша жауап беруге міндетті.
Егер ақпарат қолжетімділігі шектеулі ақпаратқа жатқызылған жағдайда, адвокатқа сұратылып отырған мәліметтерді беруден бас тартылуы мүмкін.
9. Адвокаттың қабылданған тапсырманы орындау кезінде сотта процестік заңнамада белгіленген тәртіппен адвокаттық қызметті жүзеге асыру үшін қажетті компьютерлерді, смартфондар мен өзге де техникалық құралдарды пайдалануға құқығы бар.
36-бап 2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
36-бап. Адвокат қызметін сақтандыру
1. Адвокат шартқа сәйкес заң көмегі көрсетілетін үшінші тұлғаларға осындай көмек көрсету нәтижесінде зиян келтіру салдарынан туындайтын міндеттемелер бойынша кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру шартын жасауға міндетті.
Адвокат кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру шарты болмаған кезде заң көмегін көрсетуге кірісуге құқылы емес.
2. Сақтанушының (сақтандырылған тұлғаның) шартқа сәйкес заң көмегі көрсетілетін үшінші тұлғаларға адвокаттық қызметті жүзеге асыруға байланысты келтірілген зиянды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өтеу міндетіне байланысты мүліктік мүдделері адвокаттың кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру объектісі болып табылады.
3. Шартқа сәйкес заң көмегі көрсетілетін үшінші тұлғалардың мүліктік мүдделеріне сақтандырылған тұлғаның заң көмегін көрсетуі кезінде жол берген кәсіптік қателіктері салдарынан келтірілген зиянды өтеу бойынша сақтанушының азаматтық-құқықтық жауапкершілігінің басталу фактісі адвокаттың кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру шарты бойынша сақтандыру жағдайы болып табылады.
Осы баптың мақсаттары үшін кәсіптік қателіктер деп мыналар:
1) процестік мерзімдерді өткізіп алу;
2) құжаттарды дұрыс ресімдемеу;
3) шартқа сәйкес заң көмегі көрсетілетін тұлғаға зиян келтіруге алып келген, жасалатын заңдық әрекеттердің салдарлары туралы оған хабарламау;