бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін зейнетақы төлемі - өздері үшін міндетті зейнетақы жарналары және (немесе) жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары және (немесе) міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары және (немесе) ерікті зейнетақы жарналары төленген жеке тұлғаларға төленетін ақша төлемі;
сақтандыру ұйымынан төленетін зейнетақы төлемі - зейнетақы аннуитеті шартына сәйкес жеке тұлғаларға сақтандыру ұйымынан төленетін ақша төлемі;
ерікті жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін зейнетақы төлемі - өздері үшін ерікті зейнетақы жарналары төленген жеке тұлғаларға төленетін ақша төлемі;
78) зейнетақы төлемдерін алушы - мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі және (немесе) жасына байланысты зейнетақы төлемдері және (немесе) еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдері және (немесе) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан және (немесе) ерікті жинақтаушы зейнетақы қорынан зейнетақы төлемдері және (немесе) зейнетақы аннуитеті шартына сәйкес сақтандыру ұйымынан сақтандыру төлемдері тағайындалған жеке тұлға;
79) зейнетақының ең төмен мөлшері - республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген зейнетақының ең төмен мөлшері;
80) инвестициялық портфельді басқарушы - «Бағалы қағаздар рыногы туралы» және «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес лицензия негізінде өз атынан және клиенттің мүдделеріне орай және оның есебінен инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыратын, сондай-ақ зейнетақы активтерін басқаруды жүзеге асыру үшін қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органының талаптарына сәйкес келетін бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушысы;
81) интернет-платформа - интернет-платформа операторы, тапсырыс беруші мен орындаушы арасындағы қызметтерді көрсету және жұмыстарды орындау бойынша өзара іс-қимылды жүзеге асыруға арналған интернет-ресурс;
82) кастодиан-банк - Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі немесе қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның кастодиандық қызметке арналған лицензиясына ие екінші деңгейдегі банк;
83) кастодиандық шарт - кастодиан-банк пен оның клиенті жасасатын, кастодиандық қызмет көрсету бойынша клиентке көрсетілетін қызметтерді ұсыну тәртібін айқындайтын сақтау және тапсырма беру шарты;
84) кәсіптік бағдарлау - мүгедектігі бар адамға еңбек қызметінің түрлерін таңдауда көмек көрсетуге бағытталған шаралар жүйесі;
85) кәсіптік оқыту - осы Кодексте көзделген жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары шеңберінде жаңа мамандықтарды (кәсіптерді), дағдыларды меңгеру және біліктілікті арттыру мақсатында кәсіптік даярлауды, қайта даярлауды қамтитын оқыту;
86) кедейлік шегі - мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмектің мөлшерін айқындау үшін өлшемшарт ретінде белгіленетін, бір адамға шаққандағы ақшалай кірістің шекті ең төмен шамасы;
87) күтім жасайтын адам - бірінші топтағы мүгедектігі бар адаммен туыстық байланысы барына қарамастан, оған тікелей күтім жасайтын жеке тұлға;
88) кірісті алмастыру коэффициенті - әлеуметтік тәуекел жағдайына қарай айқындалатын коэффициент;
2024.05.07. № 115-VІІІ ҚР Заңымен 88-1) тармақшамен толықтырылды (2024 ж. 17 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді)
88-1) Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы халықтың әлеуметтік осал санаттарының құқықтары жөніндегі уәкіл (бұдан әрі - омбудсмен) - Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайтын және халықтың әлеуметтік осал санаттарының құқықтары мен заңды мүдделерінің кепілдіктерін қамтамасыз ету, сондай-ақ мемлекеттік және қоғамдық институттармен өзара іс-қимыл жасай отырып, олардың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіру мақсатында өз қызметін қоғамдық негізде жүзеге асыратын адам;
89) қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган - қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеуді, бақылауды және қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
90) қатысу өтілінің коэффициенті - міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне жалпы қатысу өтіліне қарай айқындалатын коэффициент;
91) мансап орталығы - еңбек мобильділігі орталығының функцияларын аудандарда, облыстық және республикалық маңызы бар қалаларда, астанада орындауды жүзеге асыратын филиалы;
92) медициналық абилитация - мүгедектігі бар балалардың қалыптаспаған функциялар мен дағдыларды меңгеруіне немесе қалпына келтіруге және оларды қоғамға интеграциялауға бағытталған медициналық оңалту процесі;
93) медианалық кіріс - оған қатысты халықтың жартысында кірісі жоғары, ал халықтың жартысында кірісі төмен болатын кіріс шамасы;
94) медициналық оңалту - организмнің бұзылған және (немесе) жоғалтқан функцияларын сақтауға, ішінара немесе толық қалпына келтіруге бағытталған медициналық көрсетілетін қызметтер кешені;
95) медициналық-әлеуметтік сараптама - мүгедектікті және (немесе) еңбекке қабілеттіліктен айырылу дәрежесін белгілеп (белгілемей), куәландырылатын адамның организмі функцияларының тұрақты бұзылуынан туындаған тыныс-тіршілігінің шектелуін бағалау, сондай-ақ оның әлеуметтік қорғау шараларын қажетсінуін айқындау;
96) медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімшесі - уәкілетті мемлекеттік органның медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізетін құрылымдық бөлімшесі;
97) медициналық-әлеуметтік сараптаманың тәуелсіз сарапшысы - уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын талаптарға сәйкес келетін және медициналық-әлеуметтік сараптаманың тәуелсіз сарапшыларының тізілімінде тұратын жеке тұлға;
98) мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек (бұдан әрі - атаулы әлеуметтік көмек) - жан басына шаққандағы орташа айлық кірісі облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада белгіленген кедейлік шегінен төмен жеке тұлғаларға (отбасыларға) мемлекет беретін көмек;
99) мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар - азаматтарға мүгедектік туындаған және асыраушысынан айырылған кезде берілетін ақшалай төлемдер;
100) Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры (бұдан әрі - Қор) - әлеуметтік аударымдарды шоғырландыруды, асыраушысынан айырылған жағдайда, отбасы мүшелерін - асырауындағыларды қоса алғанда, өздеріне қатысты әлеуметтік тәуекел жағдайы туындаған міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға әлеуметтік төлемдерді тағайындауды және жүзеге асыруды жүргізетін, құрылтайшысы және жалғыз акционері мемлекет болып табылатын, акционерлік қоғам нысанындағы коммерциялық емес ұйым;
101) Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының активтері (бұдан әрі - Қордың активтері) - осы Кодексте көзделген мақсаттарға арналған ақша, бағалы қағаздар, өзге де қаржы құралдары;
102) Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының инвестициялық декларациясы (бұдан әрі - Қордың инвестициялық декларациясы) - Қазақстан Республикасының заңнамасы шеңберінде инвестициялау үшін мақсаттарды, стратегияны, объектілер тізбесін, Қордың активтеріне қатысты инвестициялық қызметтің шарттары мен шектеулерін, Қордың активтерін хеджирлеу және әртараптандыру шарттарын айқындайтын құжат;
103) Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының инвестициялық кірісі (бұдан әрі - Қордың инвестициялық кірісі) - Қордың активтерін инвестициялау нәтижесінде алынған (алынуға жататын) ақша;
104) мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі - осы Кодекстің 207-бабының 1-тармағында белгіленген зейнеткерлік жасқа толуына байланысты берілетін ай сайынғы ақшалай төлем;
105) мүгедектік - организм функциялары тұрақты бұзылып, денсаулығының нашарлауы салдарынан адамның тыныс-тіршілігінің шектелу дәрежесі;
106) мүгедектігі бар адам - тыныс-тіршілігінің шектелуіне және оны әлеуметтік қорғау қажеттігіне алып келетін, ауруларға, мертігулерге (жаралануға, жарақаттарға, контузияларға), олардың зардаптарына, бұзылуларына байланысты организм функциялары тұрақты бұзылып, денсаулығы нашарлаған адам;
107) мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік жағынан оңалту - мүгедектігі бар адамдардың тыныс-тіршіліктің шектелуін еңсеруіне жағдай жасауға, олардың әлеуметтік мәртебесін қалпына келтіруге, әлеуметтік-тұрмыстық және ортаға бейімделуіне бағытталған шаралар кешені;
108) мүгедектігі бар адамдарды кәсіптік жағынан оңалту - мүгедектігі бар адамдардың бұзылған не жоғалтқан кәсіптік дағдыларын, білімі мен машықтарын меңгеруіне немесе қалпына келтіруіне және оларды бейімдеу мен жұмысқа орналастыруға бағытталған шаралар кешені;
109) мүгедектігі бар адамды абилитациялаудың және оңалтудың жеке бағдарламасы (бұдан әрі - жеке бағдарлама) - мүгедектігі бар адамды абилитациядан және оңалтудан өткізудің нақты көлемін, түрлері мен мерзімдерін оның жеке қажеттіліктері негізінде белгілейтін құжат;
110) мүгедектігі бар бала - тыныс-тіршілігінің шектелуіне және әлеуметтік жағынан қорғау қажеттігіне алып келетін, ауруларға, мертігулерге (жаралануға, жарақаттарға, контузияларға), олардың зардаптарына, бұзылуына байланысты организм функциялары тұрақты бұзылып, денсаулығы нашарлаған он сегіз жасқа дейінгі адам;
111) міндетті әлеуметтік сақтандыру - осы Кодексте көзделген әлеуметтік тәуекел жағдайы туындаған кезде әлеуметтік төлемдерді жүзеге асыру мақсатында әлеуметтік аударымдарды есептеу объектісі ретінде ескерілген кірістің бір бөлігін өтеу үшін мемлекет ұйымдастыратын, бақылайтын және кепілдік беретін шаралар жиынтығы;
112) міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі - мемлекет белгілейтін және кепілдік беретін, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің субъектілері арасындағы қатынастарды реттейтін нормалар мен қағидалар жиынтығы;
113) міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне жалпы қатысу өтілі - әлеуметтік аударымдар түскен айлардың жалпы саны;
114) міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы - өзі үшін әлеуметтік аударымдар төленетін және осы Кодексте көзделген әлеуметтік тәуекел жағдайлары туындаған кезде әлеуметтік төлемдерді алуға құқығы бар жеке тұлға;
115) міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің субъектілері - төлеуші; міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы; алушы; Мемлекеттік корпорация; Қор; Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі; уәкілетті мемлекеттік орган; мемлекеттік кіріс органдары; еңбек мобильділігі орталығы;
116) міндетті зейнетақы жарналары - осы Кодекске сәйкес Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына енгізілетін ақша;
117) міндетті зейнетақы жарналары, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша берешек - осы Кодекске сәйкес белгіленген мерзімдерде есептелген, ұсталған (есепке жазылған) және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударылмаған міндетті зейнетақы жарналары, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары, сондай-ақ төленбеген өсімпұл сомалары;
118) міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт - міндетті зейнетақы жарналарының салымшысы, өзі үшін міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары аударылған жеке тұлға (зейнетақы төлемдерін алушы) талаптарын ұсынылған шартқа тұтастай қосылу арқылы ғана қабылдай алатын қосылу шарты;
2024.01.07. № 104-VIII ҚР Заңымен 119) тармақша өзгертілді (2024 ж. 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
119) міндетті зейнетақы жарналарын, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын төлеу жөніндегі агент (бұдан әрі - агент) - Қазақстан Республикасындағы қызметін шетелдік заңды тұлғалардың тұрақты мекемесі, филиалдары, өкілдіктері арқылы жүзеге асыратын шетелдік заңды тұлғаны қоса алғанда, Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалатын тәртіппен міндетті зейнетақы жарналарын, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын есептейтін, ұстап қалатын (есепке жазатын) және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударатын жеке немесе заңды тұлға.
Сақтандыру ұйымы агент ретінде қарастырылады.
«Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 776-1-бабына сәйкес айқындалған салық агенттері жұмыскерлер үшін бірыңғай төлемді есептеу (есепке жазу), аудару жөніндегі агент ретінде қаралады.
Қазақстан Республикасының салық заңнамасында айқындалған салық агенттері (бұдан әрі - салық агенттері) нысанасы жұмыстарды орындау (қызметтерді көрсету) болып табылатын азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша кірістер алатын жеке тұлғалар үшін міндетті зейнетақы жарналарын төлеу жөніндегі агент ретінде қарастырылады;
119) тармақшаның бесінші абзацы 2026 ж. 1 қаңтардан бастап 263-баптың редакциясында қолданылады
Осы Кодекстің 102-бабы 2-тармағының 1) тармақшасында айқындалған интернет-платформа операторы осы Кодекстің 243-бабы бірінші бөлігінің 7) тармақшасында аталған адамдар үшін міндетті зейнетақы жарналарын төлеу жөніндегі агент ретінде қарастырылады.
120) міндетті зейнетақы жарналарының мөлшерлемесі - салымшының міндетті зейнетақы жарналарын есептеу үшін қабылданатын кірісіне және (немесе) жалақыны (кірісті) жоғалтуға байланысты зиянды өтеу ретінде жүзеге асырылатын сақтандыру төлемдеріне пайыздық қатынаста көрсетілген, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына төленетін төлемнің мөлшері;
121) міндетті зейнетақы жарналарының салымшысы - бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында міндетті зейнетақы жарналарын есепке алу үшін жеке зейнетақы шоты бар жеке тұлға;
122) міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары - агенттер меншікті қаражатының есебінен бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналысатын, кәсіптері жұмыскерлер өндірістерінің, жұмыстарының, кәсіптерінің тізбесінде көзделген жұмыскерлердің пайдасына аударған ақша;
123) міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының мөлшерлемесі - жұмыскердің міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын есептеу үшін қабылданатын кірісіне пайыздық қатынаста көрсетілген, агенттің бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына төлейтін төлемінің мөлшері;
124) оңалту - мүгедектігі бар адамның тұрмыстық, қоғамдық, кәсіптік және өзге қызметке қабілетін толық немесе ішінара қалпына келтіруге бағытталған шаралар кешені;
2024.15.04. № 72-VIII ҚР Заңымен 124-1) тармақшамен толықтырылды (2024 ж. 16 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді)
124-1) өмірдегі қиын жағдай - осы Кодексте көзделген негіздер бойынша адамның тыныс-тіршілігін объективті түрде бұзатын деп танылған, ол оны өз бетінше еңсере алмайтын жағдай;
2024.15.04. № 72-VIII ҚР Заңымен 124-2) тармақшамен толықтырылды (2024 ж. 16 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді)
124-2) өмірде қиын жағдайға тап болған адамдарға (отбасыларға) мемлекеттік органдардың құзыреті шегінде жан-жақты қолдау көрсетудің интеграцияланған моделі (бұдан әрі - интеграцияланған модель) - ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту мақсатында уәкілетті мемлекеттік органның үйлестіруімен мемлекеттік органдардың қатысуын көздейтін ұйымдастырушылық және функционалдық тәсіл;
125) тыныс-тіршіліктің шектелуі - адамның өзіне-өзі қызмет көрсету, өздігінен жүріп-тұру, бағдарлай алу, қарым-қатынас жасау, өзінің мінез-құлқын бақылау, оқу және еңбек қызметімен айналысу қабілетінен немесе мүмкіндігінен толық немесе ішінара айрылуы;
126) платформалық жұмыспен қамтудың мобильді қосымшасы - ұялы байланыстың абоненттік құрылғысында орнатылған және іске қосылған және интернет-платформа арқылы көрсетілетін қызметтер мен жұмыстарға қолжетімділік беретін бағдарламалық өнім;
127) протездік-ортопедиялық көмек - мүгедектігі бар адамдарды протездік-ортопедиялық құралдармен қамтамасыз ету жөніндегі медициналық-техникалық көмектің мамандандырылған түрі және оларды пайдалануды үйрету;
128) сақтандыру жөніндегі дерекқорды қалыптастыру және жүргізу жөніндегі ұйым - акционерлік қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған, дауыс беретін акцияларының жүз пайызы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне тиесілі, «Сақтандыру қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес сақтандыру жөніндегі бірыңғай дерекқорды қалыптастыру және жүргізу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын коммерциялық емес ұйым;
129) сақтандыру ұйымы - қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның тиісті лицензиясы негізінде «өмірді сақтандыру» саласында сақтандыру шарттарын жасасу және орындау жөніндегі қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға;
130) сатып алу сомасы - зейнетақы аннуитеті шарты мерзімінен бұрын бұзылған кезде сақтанушының жаңадан жасалған зейнетақы аннуитеті шарты бойынша аударуды жүзеге асыру үшін пайдалануына немесе егер ол Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге тұрақты тұруға кеткен, сақтандыру ұйымына Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған, кету фактісін растайтын құжаттарды ұсынған шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам болса, сақтандыру ұйымынан алуға құқығы болатын ақша сомасы;
131) субсидияланатын жұмыс орны - жалақысын толық немесе ішінара субсидиялай отырып, жұмыссыздарды, сондай-ақ оқудан бос уақытта денсаулығына зиян келтірілмейтін және оқу процесін бұзбайтын жұмысқа қатысатын студенттер мен жалпы білім беретін мектептердің жоғары сынып оқушыларын жұмысқа орналастыру үшін, еңбек мобильділігі орталығымен (мансап орталығымен) шарт негізінде жұмыс беруші құратын жұмыс орны;
132) табысы аз адамдар (отбасылар) - бір айда жан басына шаққандағы орташа табысы облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада белгіленген кедейлік шегінен төмен адамдар (отбасылар);
133) тәуелсіз жұмыскер - дара кәсіпкерлерді, жеке практикамен айналысатын адамдарды, шаруашылық серіктестігінің құрылтайшыларын (қатысушыларын) және акционерлік қоғамның құрылтайшыларын, акционерлерін (қатысушыларын), өндірістік кооперативтің мүшелерін қоспағанда, тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді өндіру (өткізу) жөніндегі қызметті өзі дербес, кіріс алу мақсатында, өз қызметін мемлекеттік тіркеусіз жүзеге асыратын жеке тұлға;
134) техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдар:
протездік-ортопедиялық құралдар - аяқ-қолдың жоқтығын немесе дененің басқа да мүшелерін алмастыратын, аурудың немесе денсаулыққа зақым келудің салдарынан организмнің бұзылған немесе жоғалтқан функцияларының орнын толтыратын құралдар;
сурдотехникалық құралдар - есту қабілетінің бұзылуын түзеуге және оның орнын толтыруға арналған техникалық құралдар, сондай-ақ дыбысты күшейтетін байланыс және ақпарат беру құралдары;
тифлотехникалық құралдар - мүгедектігі бар адамдардың көру қабілетінің бұзылуы салдарынан жоғалтқан мүмкіндіктерін түзеуге және олардың орнын толтыруға бағытталған құралдар;
міндетті гигиеналық құралдар - табиғи физиологиялық мұқтаждықтарды және қажеттіліктерді қанағаттандыруға арналған құралдар;
135) уәкілетті мемлекеттік орган - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес халықты әлеуметтік қорғау саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді, Қордың қызметін реттеуді, бақылау функцияларын жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
136) уәкілетті оператор - Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын, тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) емделуге ақы төлеу мақсатында бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін біржолғы зейнетақы төлемдеріне арналған арнаулы шоттарды ашуды және жүргізуді жүзеге асыратын заңды тұлға (заңды тұлғалар), сол шоттарға бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтарынан біржолғы зейнетақы төлемдерін аударуды жүзеге асырады;
137) учаскелік комиссия - атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш жасаған адамдардың (отбасылардың) материалдық жағдайына зерттеп-қарау жүргізу үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктер әкімдерінің шешімімен құрылатын арнаулы комиссия;
138) үлестес тұлғалар - шешімдерді тікелей және (немесе) жанама түрде айқындауға және (немесе) бір-бірінің (тұлғалардың бірінің) қабылдайтын шешімдеріне ықпал етуге, оның ішінде жасалған мәміленің күшіне қарай ықпал етуге мүмкіндігі бар (өздеріне берілген өкілеттіктер шеңберінде бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік органдарды және ұлттық басқарушы холдингті қоспағанда) жеке немесе заңды тұлғалар. Ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры акционерлерінің құрамында ұлттық басқарушы холдингтің болуы тұлғаларды бір-біріне қатысты үлестес деп айқындауға негіз болып табылмайды;
139) халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы орган - облыстың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту саласындағы бағыттарды айқындайтын жергілікті атқарушы органы;
140) халықты жұмыспен қамту - Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін, жалақы немесе кіріс әкелетін, жеке және қоғамдық қажеттіліктерді қанағаттандыруға байланысты еңбек қызметі;
141) халықты жұмыспен қамту саласындағы көрсетілетін қызметтер аутсорсингі - еңбек мобильділігі орталықтарының көрсетілетін қызметтерді халықты жұмыспен қамту саласындағы көрсетілетін қызметтер аутсорсингі туралы шарт негізінде жұмыспен қамтудың жекеше агенттіктеріне беруіне бағытталған іс-шаралар кешені;
142) шарт қойылатын ақшалай көмек - табысы аз адамдардың (отбасылардың) жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына және (немесе) қажет болған жағдайда әлеуметтік бейімдеу шараларына міндетті түрде қатысуы шартымен оларға ай сайынғы ақшалай төлемдер нысанында көрсетілетін атаулы әлеуметтік көмек түрі;
143) шартсыз ақшалай көмек - жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысу мүмкіндіктері шектеулі табысы аз адамдарға (отбасыларға) ай сайынғы ақшалай төлемдер нысанында көрсетілетін атаулы әлеуметтік көмек түрі;
144) шартты зейнетақы міндеттемелері - бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де түсімдер есебінен төленетін зейнетақы төлемдері бойынша міндеттемелері;
145) шартты зейнетақы шоты - бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында жеке тұлғаның атына ашылған, жұмыс берушінің келіп түскен міндетті зейнетақы жарналары және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де түсімдер туралы мәліметтер, сондай-ақ тиісті қаржы жылы жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары есебінен төленетін зейнетақы төлемдерінің мөлшері туралы мәліметтер есепке алынатын шот;
146) ымдау тілі маманы - мүгедектігі бар адамдар үшін қандай да бір тілден дактильді әліпбиге және (немесе) ымдау тілінде сурдоаударма жасау бойынша қызмет әлеуметтік қорғау туралы көрсететін маман.
2. Қазақстан Республикасының заңнамасының басқа да арнаулы ұғымдары мен терминдері осы Кодекстің тиісті баптарында айқындалатын мағыналарда пайдаланылады.
2-бап. Қазақстан Республикасының әлеуметтік қорғау туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының әлеуметтік қорғау туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Кодекстен және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2023.04.07. № 15-VІІІ ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2023 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар осы Кодекстен басым болады. Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттардың Қазақстан Республикасы аумағында қолданылу тәртібі мен талаптары Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.
3. Қазақстан Республикасының міндетті әлеуметтік сақтандыру саласындағы әлеуметтік қорғау туралы заңнамасында реттелген құқықтық қатынастарға Қазақстан Республикасының сақтандыру және сақтандыру қызметі туралы заңнамасының күші қолданылмайды.
4. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорларына және «Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес енгізілген ерекше реттеу режимінің шеңберінде қызметті жүзеге асыратын өзге де заңды тұлғаларға осы Кодекстің және қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің осы Кодекске сәйкес қабылданатын нормативтік құқықтық актілерінің нормалары ерекше реттеу режимінде қойылатын шарттарда көзделген шектерде қолданылады.