«С» санатындағы және «D1» кіші санатындағы көлік құралдарын - жиырма бір жасқа толған, кемінде үш жыл жүргізуші жұмыс өтілі, оның ішінде кемінде бір жыл «С1» санатына жатқызылатын көлік құралдарын басқару өтілі бар адамдарға;
«D», «Tm» және «Tb» санаттарындағы көлік құралдарын жүргізу - жиырма бес жасқа толған, кемінде бес жыл жүргізуші жұмыс өтілі, оның ішінде «D1» санатына жатқызылатын көлік құралдарын кемінде үш жыл басқару өтілі бар адамдарға;
«ВЕ», «СЕ», «DЕ» санаттарындағы көлік құралдарының құрамдарын - кемінде он екі ай бойы тиісінше «В», «С» немесе «D» санаттарындағы көлік құралдарын басқаруға құқығы бар адамдарға;
«С1Е», «D1Е» кіші санаттарындағы көлік құралдарының құрамдарын - кемінде он екі ай бойы тиісінше «С», «D» санаттарындағы не «С1», «D1» кіші санаттарындағы көлік құралдарын басқаруға құқығы бар адамдарға беріледі.
3. «В», «С» санаттарындағы, сондай-ақ «С1» кіші санатындағы көлік құралдарын басқару құқығын алу үшін емтихан тапсыруға он жеті жасқа толған және әскери комиссариаттардың жолдамасы бойынша көлік құралдары жүргізушілерін тиісті даярлаудан өткен адамдарға рұқсат беріледі.
Аталған адамдарға ұлттық жүргізуші куәліктері олар он сегіз жасқа толғанда беріледі.
4. Әскери қызметшілерге тиісті даярлықтан кейін «D» санатындағы және «D1» кіші санатындағы көлік құралдарын басқару құқығын алу үшін емтихан тапсыруға он тоғыз жасқа толғаннан кейін рұқсат етіледі.
Аталған адамдар жиырма бір жасқа толғанға дейін оларға емтихан тапсыру нәтижелері бойынша берілген ұлттық жүргізуші куәліктері Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарына ғана тиесілі «D» санатындағы және «D1» кіші санатындағы көлік құралдарын басқару құқығын растайды.
75-бап. Көлік құралдарын басқару құқығын тоқтату
1. Мыналар көлік құралдарын басқару құқығын тоқтатуға негіздер болып табылады:
1) жүргізуші куәлігі қолданысының белгіленген мерзімінің өтуі;
2) медициналық қорытындымен расталған, көлік құралдарын қауіпсіз басқаруға кедергі келтіретін жүргізуші денсаулығының нашарлауы.
Механикалық көлік құралы жүргізушісін қайта медициналық қарап тексеруге мерзімінен бұрын жіберу көлік құралын басқару құқығын тоқтата тұруға негіз болып табылады;
3) жүргізушіні жол жүрісі қағидаларын білуін тексеруге жіберу туралы қаулыны алған күннен бастап екі ай ішінде жол жүрісі қағидаларын білуін тексеруге арналған емтиханды тапсырмау;
4) көлік құралдарын басқару құқығынан айыру.
Осы тармақтың 2) және 3) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша көлік құралдарын басқару құқығын тоқтату уәкілетті органның (лауазымды адамның) қуынымы бойынша Қазақстан Республикасының азаматтық іс жүргізу заңнамасында көзделген тәртіппен сот шешімі бойынша жүзеге асырылады.
2. Көлік құралын басқару құқығы тоқтатылған кезде:
1) осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көзделген негіз бойынша - жол жүрісі қағидаларын білуін тексеруге арналған емтиханды тапсырғаннан және медициналық қарап тексеруден өткеннен кейін;
2) осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасында көзделген негіз бойынша - егер көлік құралдарын басқару құқығын тоқтатудың себебі жойылатын болса, сот шешімі бойынша;
3) осы баптың 1-тармағының 3) тармақшасында көзделген негіз бойынша - осы Заңның 73-бабында белгіленген тәртіппен;
4) осы баптың 1-тармағының 4) тармақшасында көзделген негіз бойынша қайта медициналық қарап тексеруден, емтихан тапсырғаннан және көлік құралын басқару құқығынан айыру мерзімі өткеннен кейін осы құқық қайта қалпына келтіріледі.
3. Жауаптылық шаралары ретінде көлік құралдарын басқару құқығынан айыруға не осындай құқықты шектеуге әкеп соғатын құқық бұзушылықтардың түрлері Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленеді.
76-бап. Көлік құралдары уақытша иеленуге және пайдалануға берілген адамдарды тіркеу және есепке алу
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Көлік құралдары уақытша иеленуге және пайдалануға берілген адамдарды тіркеу және есепке алу уәкілетті орган белгілеген тәртіппен ақпараттық жүйелерді пайдалана отырып, жүзеге асырылады.
Көлік құралдары уақытша иеленуге және пайдалануға берілген адамдарды тіркеу мен есепке алуды уәкілетті орган иесінің тұрғылықты жері мен көлік құралының тіркелген жеріне қарамастан жүзеге асырады.
2. Өзiнiң қызметтiк немесе еңбек мiндеттерiн орындаумен байланысты, оның iшiнде көлiк құралының иесiмен еңбек немесе өзге де шарт негiзiнде не жазбаша нысанда мәмiле ресiмдеместен көлiк құралы иесiнiң ерiк бiлдiруi негiзiнде оның қатысуымен көлiк құралын басқаратын адам тіркелуге және есепке алынуға жатпайды.
3. Көлік құралы уақытша иеленуге және пайдалануға берілген адамның өзі тіркелмей және есепке алынбай осы көлік құралын басқаруына тыйым салынады.
12-тарау. КӨЛІК ҚҰРАЛДАРЫ ЖҮРГІЗУШІЛЕРІН ДАЯРЛАУ
77-бап. Көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі оқу ұйымдарына қойылатын талаптар
1. Көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі оқу ұйымын заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлер құрады және ол өз қызметін көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі оқу ұйымдарының тізіліміне енген күннен бастайды.
2. Көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі оқу ұйымдарының тізіліміне енгізу мақсатында мынадай құжаттар ұсынылады:
1) өтініш;
2) заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің немесе хабарламаның көшірмесі (заңды тұлға үшін);
3) дара кәсіпкер үшін - жеке басты куәландыратын құжаттың және дара кәсіпкер ретінде тіркеу туралы куәліктің көшірмелері;
4) көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі қызметті жүзеге асыруға ниет білдірген оқу ұйымдарының Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркелген және оқу-материалдық база ретінде пайдаланылатын жылжымайтын мүлкіне меншік немесе пайдалану құқығын растайтын құжаттардың нотариат куәландырылған көшірмелері;
5) оқу-материалдық база ретінде пайдаланылатын өзге де мүлікке құқық белгілейтін құжаттар;
6) көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі оқытушылардың, өндірістік оқыту шеберлерінің және білім беру процесі кезінде жүргізуге оқыту шеберлерінің тізімдері. Тізімде «оқытушы», «өндірістік оқыту шебері» және «білім беру процесі кезінде жүргізуге оқыту шебері» біліктілік куәлігінің нөмірі, тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда), жеке басын куәландыратын құжаттың деректері көрсетіледі;
7) оқытылатын тақырыптар, сабақтардың кестесі және жоспарланып отырған оқыту әдістері көрсетілетін даярлық бағдарламалары.
3. Уәкілетті орган құжаттары қоса берілетін өтінішті ол берілген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде қарайды, оның қорытындылары бойынша өтініш берушіге тізілімге енгізілгендігі туралы жазбаша хабарлама немесе дәлелді бас тарту жіберіледі.
4. Уәкілетті органның оқу ұйымын бекіту және оны көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі оқу ұйымдарының тізіліміне енгізу туралы шешімі (бұйрығы) көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі оқу ұйымдарын тізілімге енгізуге негіз болып табылады.
5. Көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі оқу ұйымы басшысының «оқытушы», «өндірістік оқыту шебері» және «білім беру процесі кезінде жүргізуге оқыту шебері» біліктілік куәліктері болуға міндетті.
Көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі оқу ұйымдарының тізілімінен Қазақстан Республикасының заңнамамалық актілеріне сәйкес алып тасталған көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі оқу ұйымын бұрын басқарған басшы ұйым алып тасталған күннен бастап бір жыл ішінде басқа оқу ұйымына қатысушы бола алмайды.
6. Оқытушы, өндірістік оқыту шебері және білім беру процесі кезінде жүргізуге оқыту шебері оқытушы, өндірістік оқыту шебері және білім беру процесі кезінде көлік құралын жүргізуге оқыту шебері ретінде көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі оқу ұйымының біреуінің ғана құрамында өз қызметін жүзеге асырады.
7. Жалпыға ортақ пайдаланылатын жолдарда көлік құралын жүргізуге оқыту Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен уәкілетті органмен келісілген маршруттар бойынша ғана жүзеге асырылады.
Жүргізуді үйренуші адам басқарып отырған оқу көлік құралымен жолаушылар тасымалдауға тыйым салынады.
78-бап. Көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі оқу ұйымдарының тізіліміне енгізуден бас тартуға және одан алып тастауға негіздер
1. Көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі оқу ұйымдарының тізіліміне енгізуден бас тартуға:
1) осы Заңның 77-бабының 2-тармағында көзделген құжаттардың бірін ұсынбау;
2) ұсынылған құжаттарда көрсетілген мәліметтердің анық еместігі және (немесе) толық болмауы;
3) осы баптың 2-тармағының 3) және 4) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша өтініш берілген күнге дейінгі алты ай ішінде көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі оқу ұйымдарының тізілімінен алып тасталуы негіздер болып табылады.
2. Көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі оқу ұйымдарының тізілімінен алып тастауға:
1) оқу ұйымының көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі оқу ұйымдарының тізілімінен ерікті түрде алып тастау туралы өтініші;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі оқу ұйымы қызметінің тоқтатылуы, оның таратылуы немесе қайта ұйымдастырылуы;
3) көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі оқу ұйымдарының тізіліміне енгізу кезінде оқу ұйымы туралы көрінеу анық емес ақпарат беру;
4) көлік құралдары жүргізушілерін даярлау саласында әкімшілік құқық бұзушылықты бір жыл ішінде қайталап жасау негіздер болып табылады.
Көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі оқу ұйымдарының тізілімнен алып тастау туралы хабарлама оқу ұйымына уәкілетті орган тиісті шешімді қабылдағаннан кейін екі жұмыс күні ішінде жіберіледі.
79-бап. Көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі кәсіптік бірлестіктер
1. Көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі кәсіптік бірлестіктер оқу ұйымдарын біріктіретін коммерциялық емес ұйымдар болып табылады және өз мүшелерінің жалпы жиналысында қабылданатын жарғының негізінде әрекет етеді.
2. Көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі кәсіптік бірлестіктердің құрылымы мен жұмыс органдары олардың жарғыларында айқындалады.
3. Көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі оқу ұйымдары ғана көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі кәсіптік бірлестіктердің құрылтайшылары және қатысушылары бола алады. Көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі оқу ұйымдары бір ғана кәсіптік бірлестіктің мүшелері болады.
Көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі кәсіптік бірлестік мүшелерінің өздерінің басқару органдарын сайлау және оларға сайлану құқығы бар.
4. Көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі кәсіптік бірлестіктер аккредиттелуге жатады, бұл уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша аккредиттеу туралы куәлікпен расталады.
Аккредиттеу туралы куәлік Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында жарамды болады.
5. Аккредиттеу туралы куәлік мынадай жағдайларда өз қолданысын тоқтатады:
1) заңды тұлғаның қайта ұйымдастырылуы немесе таратылуы, дара кәсіпкердің банкрот болуы;
2) аккредиттеу туралы куәліктің қолданысын өз еркімен тоқтату туралы өтініш беру;
3) уәкілетті орган аккредиттеу туралы куәліктің қолданысын тоқтата тұрған себептерінің жойылмауы;
4) аккредиттеу туралы куәліктің бірнеше рет (соңғы он екі ай ішінде екі рет) тоқтатыла тұруы.
6. Осы баптың 5-тармағының 3) және 4) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша аккредиттеу туралы куәліктің қолданысы тоқтатылған жағдайда, кәсіптік бірлестіктің аккредиттеуден өту мақсатында уәкілетті органға өтініш беруіне екі жыл бойы құқығы болмайды.
80-бап. Көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі кәсіптік бірлестіктердің құқықтары мен міндеттері
1. Көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі кәсіптік бірлестіктер:
1) оқу ұйымдарының көлік құралдары жүргізушілерін даярлауының сапасын сыртқы бақылауды жүзеге асыруға;
2) оқытушылардың, өндірістік оқыту шеберлерінің және білім беру процесі кезінде жүргізуге оқыту шеберлерінің біліктілігін арттыру жөнінде курстарды өткізуге, жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті орган белгілеген тәртіппен курстардан өту туралы сертификаттар беруге;
3) көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жұмысының тәжірибесін талдауға, жинақтап қорытуға және таратуға;
4) мемлекеттік ұйымдарда, қоғамдық бірлестіктерде және халықаралық ұйымдарда көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі оқу ұйымдарының мүдделерін білдіруге;
5) көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі оқу ұйымдарының өз қызметін жүзеге асыруға байланысты дауларын қарауға;
6) көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі оқу ұйымдарының рейтингін жүргізуге және мерзімді баспасөз басылымдарында жариялауға;
7) көлік құралдары жүргізушілерін даярлау мәселелері бойынша халықаралық ұйымдардың жұмысына қатысуға;
8) көлік құралдары жүргізушілерін даярлау саласындағы оқу әдебиетін, әдістемелік ұсынымдарды, мерзімді баспасөз басылымдарын әзірлеуге, басып шығаруға және таратуға;
9) көлік құралдары жүргізушілерін даярлау стандарты жөнінде ұсынымдар беруге;
10) сапаға жүргізілген сыртқы бақылау қорытындылары бойынша көлік құралдары жүргізушілерін даярлау стандартын және Этика кодексін бұзуға жол берген көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі оқу ұйымдарын кәсіптік бірлестіктен шығаруға құқылы.
2. Көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі кәсіптік бірлестіктер:
1) Қазақстан Республикасының жол жүрісі туралы заңнамасын сақтауға және көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі оқу ұйымдарының сақтауын қамтамасыз етуге;
2) аккредиттеуді алған кезден бастап алты ай ішінде біліктілік комиссиясын құруға;
3) өз мүшелерін Қазақстан Республикасының жол жүрісі туралы нормативтік құқықтық актілерімен қамтамасыз етуге;
4) Этика кодексін әзірлеуге және қабылдауға;
5) көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі қызметті дамытуға, оның тиімділігін арттыруға, оқу ұйымдарының қызметін ұйымдастыруға және үйлестіруге ықпал етуге;
6) көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі оқу ұйымдарының Қазақстан Республикасының жол жүрісі туралы заңнамасының талаптарын сақтауды қамтамасыз етуге;
7) мүшелері қабылданған (кеткен, шығарылған), сондай-ақ басқару жұмыс органының дербес құрамы өзгерген жағдайда, бұл өзгерістер туралы уәкілетті органға хабарлауға;
8) өз қызметі туралы ақпаратты Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен уәкілетті органға беруге міндетті.
3. Көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі кәсіптік бірлестіктер көлік құралдары жүргізушілерін даярлау саласындағы стандарттар әзірлеуді қамтамасыз етеді.
81-бап. Аккредиттеу туралы куәліктен айыру
1. Көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі кәсіптік бірлестік, егер:
1) аккредиттеуді алған кезден бастап алты ай ішінде біліктілік комиссиясын құрмаған;
2) орташа санының он пайызы, бірақ кемінде бес көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі оқу ұйымы - кәсіптік бірлестік мүшелері күнтізбелік он екі ай ішінде осындай кәсіптік бірлестік тарапынан өтінішхатсыз көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі оқу ұйымдарының тізілімінен алып тасталған;
3) аккредиттеу қағидаларын бір жыл ішінде жүйелі түрде (қатарынан екі реттен көп) бұзған;
4) уәкілетті органға өзі және өз қызметі туралы көрінеу жалған ақпарат берген;
5) уәкілетті органның нұсқамасы шығарылған себеп үш ай ішінде жойылмаған жағдайда, аккредиттеу туралы куәлігінен айырылады.
2. Көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі кәсіптік бірлестіктер уәкілетті органның шешіміне сот тәртібімен шағымдануға құқылы.
82-бап. «Оқытушы», «өндірістік оқыту шебері», «білім беру процесі кезінде жүргізуге оқыту шебері» біліктілігін беруге кандидаттарды аттестаттау
1. Аттестаттауға жоғары техникалық немесе орта техникалық білімі, өздері оқытуды жүргізетін санаттағы жүргізуші куәлігі, кемінде бес жыл жүргізуші өтілі бар адамдар жіберіледі.
2. Аттестаттаудан өткен адамдар біліктілік куәлігінің нөмірі, тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда) көрсетіле отырып, «оқытушы», «өндірістік оқыту шебері», «білім беру процесі кезінде жүргізуге оқыту шебері» біліктілігін беру туралы біліктілік куәлігін алады.
3. Аттестаттаудан өтпеген адамдарға біліктілік комиссиясы шешім қабылдаған кезден бастап үш ай өткеннен кейін одан қайта өтуге рұқсат етіледі.
83-бап. Біліктілік комиссиялары
1. Біліктілік комиссиясын оның құрылтайшысы болып табылатын кәсіптік бірлестік құрады, оның саны кемінде он заңды тұлға мен дара кәсіпкерді құрайды.
2. Біліктілік комиссиясы ұйымдық-құқықтық мекеме нысанында құрылған коммерциялық емес ұйым болып табылады және ереже (жарғы) негізінде әрекет етеді.
3. Біліктілік комиссиясы филиалдар мен өкілдіктер құруға құқылы емес.
4. Біліктілік комиссияларының құрамына уәкілетті органнан бір-бір өкілден кіреді.
5. Біліктілік комиссияларының төрағалары болып көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі оқу ұйымдарының өкілдері олардың мүшелері арасынан жай көпшілік дауыспен үш жыл мерзімге сайланады. Сол бір адам қатарынан екі рет төраға болып сайлана алмайды.
6. Біліктілік комиссияларының қызметін қаржыландыруды және материалдық-техникалық қамтамасыз етуді құрылтайшылар (қатысушылар) өз қаражаты және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен жүзеге асырады.
7. Біліктілік комиссиясы оқытушы, өндірістік оқыту шебері және білім беру процесі кезінде жүргізуге оқыту шебері болуға кандидаттарды аттестаттау бағдарламасын әзірлейді және бекітеді.
8. Біліктілік комиссиялары шешім қабылданған күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде біліктілік куәлігінің нөмірін көрсете отырып, отырыс хаттамасын және «оқытушы», «өндірістік оқыту шебері» және «білім беру процесі кезінде жүргізуге оқыту шебері» біліктілігі берілген адамдар біліктілік комиссиясына ұсынған құжаттарының куәландырылған көшірмелерін уәкілетті органға ұсынуға міндетті.
9. Кандидаттарды аттестаттауды жүргізу тәртібі бұзылған жағдайда уәкілетті орган біліктілік комиссияларының шешіміне сот тәртібімен шағымдануға құқылы.
84-бап. «Оқытушы», «өндірістік оқыту шебері», «білім беру процесі кезінде жүргізуге оқыту шебері» біліктілік куәлігінен айыру
«Оқытушы», «өндірістік оқыту шебері», «білім беру процесі кезінде жүргізуге оқыту шебері» біліктілік куәлігінен айыру Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
Уәкілетті орган біліктілік куәлігінен айыру туралы шешімді кәсіптік бірлестіктерге хабарлайды.
Біліктілік куәлігінен айырылған адамдарға қайта аттестаттаудан өтуге кемінде үш жылдан кейін рұқсат беріледі.
85-бап. Сапаны бақылау және оның түрлері
1. Сапаны бақылау көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі оқу ұйымдарының көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі талаптар мен стандарттарды сақтауына бағытталған.
2. Сапаны ішкі және сыртқы бақылау сапаны бақылаудың түрлері болып табылады.
Сапаны ішкі бақылауды көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі оқу ұйымдары көлік құралдары жүргізушілерін даярлау стандарттарына сәйкес дербес жүзеге асырады.
Сапаны сыртқы бақылауды көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі кәсіптік бірлестіктер өз мүшелеріне қатысты екі жылда бір рет жүзеге асырады.
3. Сапаны сыртқы бақылауды жүргізу қағидаларын тиісті кәсіптік бірлестіктер әзірлейді.
4. Көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі оқу ұйымдары кәсіптік бірлестіктің қорытындысына сот тәртібімен шағымдануға құқылы.
86-бап. Оқытушылардың, өндірістік оқыту шеберлерінің және білім беру процесі кезінде жүргізуге оқыту шеберлерінің құқықтары мен міндеттері
1. Оқытушының, өндірістік оқыту шеберінің және білім беру процесі кезінде жүргізуге оқыту шеберінің:
1) кәсіптік қызмет үшін жағдайларды қамтамасыз ете отырып, көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі қызметпен айналысуға;
2) кәсіптік бірлестікке кіруге;
3) біліктілігін арттыруға;
4) кәсіптік бірлестіктердің шешімдеріне сот тәртібімен шағымдануға құқығы бар.
2. Оқытушы, өндірістік оқыту шебері және білім беру процесі кезінде жүргізуге оқыту шебері:
1) Қазақстан Республикасының жол жүрісі саласындағы заңнамасын сақтауға;
2) өзінің кәсіптік құзыреті саласында оқытудың тиісті теориялық және практикалық білімі мен дағдыларының болуы;
3) көрсетілетін қызметтердің сапасын қамтамасыз етуге;
4) оқып-үйренушілердің ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеуге міндетті.
87-бап. Көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі оқу ұйымдарының құқықтары мен міндеттері
1. Көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі оқу ұйымдарының:
1) кәсіптік бірлестікке кіруге;
2) кәсіптік бірлестіктің шешіміне сот тәртібімен шағымдануға құқығы бар.
2. Көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі оқу ұйымдары:
1) Қазақстан Республикасының жол жүрісі саласындағы заңнамасын сақтауға;
2) өздерінің құзыретіне жатқызылған функцияларды орындауға;
3) сапаны сыртқы бақылауды жүргізуге, уәкілетті орган жүзеге асыратын тексерулерге кедергі келтірмеуге;
4) оқу бағдарламаларын көлік құралдары жүргізушілерін даярлаудың оқу жоспары мен жоспар-кестесіне сәйкес толық көлемде іске асыруға;
5) оқып-үйренушілерді даярлаудың жоғары сапасын қамтамасыз етуге;
6) оқып-үйренушілердің, оқытушылардың, өндірістік оқыту шеберлерінің және білім беру процесі кезінде жүргізуге оқыту шеберлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге;
7) көлік құралдарын техникалық жарамды күйде ұстауға және жүргізуге оқыту шеберлерін рейс алдындағы медициналық қарап тексеруді ұйымдастыруға;
8) уәкілетті органға Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өз қызметі туралы ақпарат беруге;
9) көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі оқу ұйымдарының тізіліміне енгізілген немесе көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі кәсіптік бірлестіктен ерікті түрде шыққан немесе одан шығарылған күннен бастап бір ай ішінде кәсіптік ұйымға кіруге міндетті.
13-тарау. МІНДЕТТІ ТЕХНИКАЛЫҚ ҚАРАП ТЕКСЕРУ
88-бап. Міндетті техникалық қарап тексеру
1. Шыққан жылын қоса алғанда, шығарылғанына төрт жылдан аспаған және автомобиль көлігі саласындағы кәсіпкерлік қызметте пайдаланылмайтын М1 санатындағы көлік құралдарын қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағында жол жүрісіне қатысатын және уәкілетті органда тіркелген механикалық көлік құралдары мен олардың тіркемелері міндетті техникалық қарап тексеруге жатады.
М1 санатындағы көлік құралдарына жолаушыларды тасымалдау үшін пайдаланылатын және жүргізушінің орнынан басқа, сегізден аспайтын отыратын орны бар көлік құралдары жатады.
Жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар көлік құралдарын пайдалануға тыйым салатын ақаулар орын алып, жол-көлік оқиғасы болған жағдайда, көлік құралдары иелерін міндетті техникалық қарап тексеруден қайталап өтуге жібереді.
Уәкілетті органның лауазымды адамдары механикалық көлік құралының міндетті техникалық қарап тексеруден өтуі фактісін тексеруді механикалық көлік құралдары мен олардың тіркемелерін міндетті техникалық қарап тексерудің бірыңғай ақпараттық жүйесіндегі мәліметтерді сұрату арқылы жүзеге асырады.
2. Көлiк және коммуникация саласындағы уәкiлеттi орган техникалық қарап тексеру операторларының тiзiлiмiне енгiзген техникалық қарап тексеру операторлары көлiк құралының тiркелген жерiне және көлік құралы иесiнiң тұрғылықты жерiне қарамастан, мiндеттi техникалық қарап тексеруден өткізеді.