3) қолда бар жол инфрақұрылымының қауіпсіздігіне бағалау жүргізу және қауіпсіздік көрсеткіштерін жақсарту үшін өзін-өзі ақтаған инженерлік тәсілдерді пайдалану;
4) жол желісін жобалау және пайдалану кезеңінде көлік құралдары қозғалысының есепті жылдамдығын реттеуді жүзеге асыру. Көлік құралдары қозғалысының сағатына бір жүз километрден асатын есепті жылдамдығы әрбір бағытта көлік құралдарының жол жүрісі үшін жолдың бөлек жүру бөліктері болған кезде және әртүрлі деңгейлердегі жолдардың қиылыстары жайластырылған жағдайда ғана белгіленеді;
5) қауіпсіздікті қамтамасыз ету құралдарын жобалау, қауіпсіздікті тексеру және жолдарды бағалау процесінде жол жүрісі қауіпсіздігі саласында кадрларды қайта даярлауға және оқытуға жәрдемдесу;
6) адам факторлары мен көлік құралдарының конструкциясын ескеріп және интеграциялай отырып, қауіпсіз жолдарды жобалау мен пайдалануға қатысты стандарттарды әзірлеу және пайдалануға жәрдемдесу;
7) жол жұмыстары жүргізілетін жерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
2. Жол инфрақұрылымының қауіпсіз жұмыс істеуін, оны ұстап тұруды және жақсартуды қамтамасыз ету жолдардағы авариялық-қауіпті жерлер мен учаскелерді жою жөніндегі іс-шараларды орындау негізінде жүзеге асырылады.
43-бап. Жол пайдаланушылардың ұтқырлыққа және қолжетімділікке қажеттіліктерін қамтамасыз ететін қауіпсіз жол инфрақұрылымын әзірлеу
Көлік және коммуникация саласындағы уәкілетті орган, жергілікті атқарушы органдар, жол иелері жол пайдаланушылардың ұтқырлыққа және қолжетімділікке қажеттіліктерін қамтамасыз ететін қауіпсіз жол инфрақұрылымын:
1) жаңа инфрақұрылымды салу кезінде көлік құралдарының барлық түрлерін есепке алу, оның ішінде жолдар мен көшелерді интеллектуалды көлік жүйелерімен, велосипед жүретін жолақтармен не велосипед жолдарымен, қоғамдық көлікке арналған жүру жолақтарымен қамтамасыз ету;
2) жаңа жобалардың техникалық сипаттамаларында барлық жол пайдаланушылардың жол жүрісі және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы қажеттіліктерінің көрініс табуын қамтамасыз ететін жаңа жобалар мен жолдарға салынатын инвестициялар үшін ең төменгі қауіпсіздік рейтингілерін белгілеу және бекіту негізінде әзірлеуге міндетті.
44-бап. Жолдарда жол сервисі объектілерін жайластыру
1. Көлік және коммуникация саласындағы уәкілетті орган, жергілікті атқарушы органдар, жол иелері жолдарды жобалау, реконструкциялау, салу және пайдалану кезеңінде:
1) жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету талаптарын және мүгедектерге келуіне басқа азаматтармен тең жағдайлар жасайтын арнайы техникалық құралдармен, бейімдемелермен жабдықтауды ескере отырып, жол сервисі объектілерін жобалау нормаларына, салу жоспарларына және оларды орналастырудың бас схемаларына сәйкес жолдарды көрсетілген объектілермен жайластыруды қамтамасыз етеді;
2) жол жүрісіне қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді ескере отырып, жол сервисі объектілерінің жұмысын ұйымдастырады;
3) жол жүрісіне қатысушыларға жол сервисі объектілерінің бар-жоғы және жақын жерде денсаулық сақтау және байланыс ұйымдарының орналасуы туралы ақпарат, сол сияқты тиісті жол учаскелерінде жүрудің қауіпсіз жағдайлары туралы ақпарат береді.
2. Жол сервисінің объектілері мен инженерлік коммуникацияларды жолдардың және жол құрылыстарының шегінде орналастыру жолдағы көру мүмкіндігін және Қазақстан Республикасының жол жүрісі туралы заңнамасында көзделген жол жүрісі қауіпсіздігінің басқа да жағдайларын нашарлатпауға тиіс.
45-бап. Жол жүрісі қағидаларына оқыту
1. Жол жүрісі қағидаларына оқыту үлгілік бағдарламалар мен әдістемелік ұсынымдардың негізінде жүргізіледі.
2. Жол жүрісі қағидаларын оқыту меншік нысанына қарамастан, білім беру саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім беретін білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында жүргізіледі.
46-бап. Қауіпсіз жолдар және ұтқырлықты қамтамасыз ету саласындағы ғылыми зерттеулер және әзірлемелер
Көлік және коммуникация саласындағы уәкілетті орган, жол иелері қауіпсіз жолдарды және ұтқырлықты қамтамасыз ету мақсатында:
1) қауіпсіз жолдар және ұтқырлықты қамтамасыз ету саласында ғылыми зерттеулер жүргізу және әзірлемелер үшін қажетті жағдайлар жасау;
2) неғұрлым қауіпсіз жол инфрақұрылымының әзірлемесіне енгізу және қажетті инвестицияларды бөлу үшін ғылыми зерттеулердің экономикалық негіздемелері негізінде олардың нәтижелеріне қол жеткізу;
3) қауіпсіздікті, әсіресе осал жол пайдаланушылар үшін арттыру саласындағы инновацияларды бағалау бойынша көрсетілімдік жобаларды жүзеге асыру арқылы жобалау мен құрылыс салудың қазіргі заманғы инновациялық технологияларын енгізеді.
7-тарау. КӨЛІК ҚҰРАЛДАРЫНЫҢ ҚАУІПСІЗДІГІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУГЕ БАҒЫТТАЛҒАН
ҚЫЗМЕТТІ БАСҚАРУ
47-бап. Көлік құралдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету
1. Қазақстан Республикасының аумағында көлік құралдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жол жүрісі саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасының және халықаралық шарттардың талаптары негізінде жүзеге асырылады.
2. Тұтынушылар үшін көлік құралдарының қауіпсіздік көрсеткіштері туралы ақпараттың қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында уәкілетті орган жыл сайын жаңа көлік құралдарының бәсең және белсенді қауіпсіздігін бағалаудың халықаралық рейтингтік жүйелеріне мониторинг жүргізеді.
Қазақстан Республикасының аумағында көлік құралдарын жобалау және жасау Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда белгіленген талаптар ескеріле отырып жүргізіледі.
48-бап. Көлік құралдарының техникалық жай-күйі мен пайдаланылуына жауапты лауазымды адамдар және өзге де тұлғаларға қойылатын негізгі талаптар
Көлік құралдарының техникалық жай-күйі мен пайдаланылуына жауапты лауазымды адамдарға және өзге де тұлғаларға:
1) ақауларының болуынан пайдалануға тыйым салынған немесе тиісті рұқсатсыз қайта жабдықталған немесе белгіленген тәртіппен тіркелмеген немесе міндетті техникалық қарап тексеруден өтпеген, сол сияқты Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жағдайларда көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын және (немесе) тасымалдаушының жолаушылар алдындағы жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын жасаспаған иелердің көлік құралдарын желіге шығаруына;
2) көлік құралдарын басқаруға:
масаң күйдегі (алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық);
реакциясын және назар аударуын нашарлататын дәрілік препараттардың әсеріндегі;
жол жүрісі қауіпсіздігіне қатер төндіретін сырқат немесе шаршаулы күйдегі;
осы санаттағы көлік құралын басқару құқығы жоқ жүргізушілерге рұқсат беруіне;
3) шынжыр табанды тракторлар мен өздігінен жүретін машиналарды асфальтты- және цемент-бетонды жабын жолдармен жүруге жіберуіне тыйым салынады.
49-бап. Көлік құралдарын пайдалану кезінде жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі негізгі талаптар
1. Жол жүрісіне қатысатын көлік құралдарының техникалық жай-күйі және жабдықталуы жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тиіс.
2. Жол жүрісіне қатысатын көлік құралдарын техникалық жарамды күйде ұстау жөніндегі міндет көлік құралдарының иелеріне жүктеледі.
3. Егер көлік құралы үшін рұқсат етілген ең жоғары масса белгіленсе, онда көлік құралының жүктемесімен қоса массасы рұқсат етілген ең жоғары массадан аспауға тиіс.
4. Кез келген жүк:
1) адамдарға қауіп төндірмейтіндей және мемлекеттік және жеке меншікке залал келтірмейтіндей;
2) көруді және шолуды шектемейтіндей, көлік құралының орнықтылығын бұзбайтындай және оны басқаруды қиындатпайтындай;
3) көлік құралында болуға тиіс тоқтау сигналы мен бұрылу нұсқағыштарын, жарық шағылыстыратын бейімдемелерді, мемлекеттік тіркеу нөмірі белгілерін және тіркеу мемлекетінің айырым белгісін қоса алғанда, сыртқы жарық беру аспаптарын көлегейлемейтіндей немесе қолмен берілетін сигналдарды көлегейлемейтіндей;
4) алдын алуға болатын қолайсыздықтар жасамайтындай етіп көлік құралында орналастырылуға және қажет болған жағдайда бекітілуге тиіс.
5. Тіркелген көлік құралының конструкциясына, оның ішінде оның құрамдас бөліктерінің конструкциясына, жол жүрісінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге әсер ететін қосымша жабдықтау заттарына, қосалқы бөлшектер мен керек-жарақтарға өзгерістер енгізілгеннен кейін Қазақстан Республикасының техникалық реттеу туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен сәйкестікті қайта растауды жүргізу қажет.
6. Жол жүрісіне қатысатын көлік құралдарының конструкциясы, техникалық жай-күйі және жабдығы жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жататын мынадай негізгі талаптарға сай келуге тиіс:
1) көлік құралында жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ететін тежегіш жүйесінің, рульмен басқарудың, артқы көрініс айналарының, дыбыс сигналының, шассидің, жарық беру аспаптарының болуы;
2) көлік құралын қауіпсіз басқаруға мүмкіндік беретін жеткілікті түрде шолуды және көруді қамтамасыз ету;
3) көлік құралының адамның өмірі мен денсаулығына және қоршаған ортаға зиян келтіру тәуекелін болғызбайтын механизмдерінің, қосымша жабдықтау заттары мен бейімдемелердің болуы;
4) жол-көлік оқиғасы жағдайында жолаушылар және жол жүрісіне басқа да қатысушылар үшін қауіптілікті азайтуды қамтамасыз ету.
7. Көлік құралдарын пайдалану кезінде олардың қоршаған ортаға шығаратын шығарындылары қоршаған ортаны қорғау саласындағы техникалық регламенттерде белгіленген жол берілетін деңгейден аспауға тиіс.
50-бап. Көлік құралдарына техникалық қызмет көрсету және оларды жөндеу кезінде жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі негізгі талаптар
1. Көлік құралдарын жарамды күйде күтіп-ұстау мақсатында оларға техникалық қызмет көрсету және оларды жөндеу жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тиіс.
2. Көлік құралдарын жасаушы зауыттар көлік құралдарына техникалық қызмет көрсету және оларды жөндеу нормаларын, қағидаларын және рәсімдерін оларды пайдалану шарттарын ескере отырып, белгілейді.
3. Көлік құралдарына техникалық қызмет көрсету және оларды жөндеу жөніндегі жұмыстарды орындайтын және қызметтерді көрсететін заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлер оларды көлік құралдарын жасаушы зауыттар белгілеген нормалар мен қағидаларға, дөңгелекті көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы техникалық регламенттердің талаптарына және көлік құралдарының зиянды (ластаушы) заттары шығарындыларына қойылатын талаптарға сәйкес жүргізуді қамтамасыз етуге міндетті.
4. Техникалық қызмет көрсетуден және жөндеуден өткен көлік құралдары жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жататын бөлікте жол жүрісіне қатысатын көлік құралдарының техникалық жай-күйі мен жабдықталуын регламенттейтін талаптарға сай болуға тиіс.
5. Көлік құралдарына техникалық қызмет көрсетудің және оларды жөндеудің жүргізілу фактісі аталған жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді орындаушының қолымен және мөрімен, сондай-ақ:
1) көлік құралының сервистік кітапшасына атқарылған жұмыс және көлік құралының құрамдас бөліктерінің ауыстырылғаны туралы;
2) көлік құралының иесіне берілетін, көлік құралына техникалық қызмет көрсету және оны жөндеу жүргізілгені туралы кепілдік талонға;
3) көлік құралын кепілдік есепке қою туралы белгі қоя отырып, көлік құралына техникалық қызмет көрсету және оны жөндеу жүргізілген күні қойылып куәландырылады.
6. Көлік құралы иесінің Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген тәртіппен кепілдіктің жалпы мерзімі ішінде кепілдікпен қызмет көрсетілуіне және жөндетуге құқығы бар.
7. Егер көлік құралының ақауы жасаушы зауыттың не жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді орындаушының кінәсінен туындаса, көлік құралына кепілдікпен қызмет көрсету және оны жөндеу жүргізіледі.
8. Кепілдік міндеттемелер көлік құралына, оның құрамдас бөліктеріне көлік құралының иесі және жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді орындаушының арасындағы шартта ескеріліп жүргізілген жұмыстар шегінде қолданылады.
51-бап. Көлік құралдарын пайдалануға тыйым салу негіздері және тәртібі
1. Мынадай:
1) жол жүрісі қауіпсіздігіне және қоршаған ортаға қатер төндіретін, тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін техникалық ақаулар мен жағдайлар болған;
2) өзіне жеке тұлға уақытша иеленуге және пайдалануға берген көлік құралын басқаратын адамның тіркелуі және есепке алынуы болмаған;
3) көлік құралына орнатылған тораптар мен агрегаттардың нөмірлері көлік құралының тіркеу құжаттарындағы енгізілген деректерге сәйкес келмеген, сондай-ақ егер көлік құралына орнатылған тораптар мен агрегаттарда жасырын, қолдан жасалған және өзгертілген нөмірлер болған;
4) тіркеу құжаттары болмаған;
5) шыққан жылын қоса алғанда, шығарылғанына төрт жылдан аспайтын, автомобиль көлігі саласындағы кәсіпкерлік қызметте пайдаланылмайтын М1 санатындағы көлік құралдарын қоспағанда, міндетті техникалық қарап тексеруден өтпеген;
6) мемлекеттік тіркеу нөмірі белгілері болмаған немесе олар белгіленген талаптарға және тіркеу құжаттарына сәйкес келмеген;
7) көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарты және (немесе) тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарты жасасылмаған;
8) шанаққа аэрографикалық үш өлшемді суреттер салынған;
9) егер олардың техникалық жай-күйі мен жабдықталуы Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен көлік құралдарын пайдалануға тыйым салатын ақаулар мен жағдайлар тізбесінің талаптарына сай болмаған;
10) өзімен бір құрамда жүруге арналмаған тіркемелері бар автомобильдерді басқарған;
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 11) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
11) рельстік көлік құралдарының жол жүрісі қауіпсіздігіне қатер төндіретін техникалық ақаулары болған, сондай-ақ, егер олардың техникалық жай-күйі мен жабдықталуы көлік және коммуникация саласындағы уәкілетті орган бекіткен рельстік көлік құралдарын техникалық пайдалану қағидаларының талаптарына сай болмаған;
12) Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен, көлігі арнайы жарық және дыбыс сигналдарымен жабдықталуға және арнайы түсті- графикалық схемалармен боялуға жататын жедел және арнаулы қызметтердің тізбесіне кірмейтін көлік құралдары арнайы жарық және дыбыс сигналдарымен жабдықталған және арнайы түсті-графикалық схемалармен боялған;
13) көлік құралдарының мемлекеттік тіркеу нөмірі белгілері Қазақстан Республикасының жол жүрісі саласындағы заңнамасының талаптарында көзделмеген орындарға орнатылған;
14) қауіпті жүктерді тасымалдайтын көлік құралдарының алдыңғы және артқы жақтарында «Қауіпті жүк» белгісі болмаған жағдайларда көлік құралдарын пайдалануға тыйым салынады.
2. Жол жүрісіне қатысатын көлік құралын пайдалануға тыйым салу осындай тыйым салуға негіз болған себептерді жойғанға дейін жүзеге асырылады.
52-бап. Көлік құралын тоқтату негіздері
1. Ішкі істер органдары қызметкерінің талабы бойынша көлік құралын тоқтатуға мыналар негіздер болып табылады:
1) көлік құралы жүргізушісінің осы Заңның талаптарын және (немесе) жол жүрісі қағидаларын бұзуы, оның ішінде техникалық тіркеу құралы тіркеген жол жүрісі қағидаларын бұзуы;
2) айдап әкетілген, ұрланған көлік құралдарын, сондай-ақ жүргізушілері жол-көлік оқиғалары, көлік құралдарын пайдаланумен байланысты өзге де қылмыстар болған жерден қашып кеткен көлік құралдарын іздестіру жөніндегі жұмыс;
3) осы Заңның 54-бабы 3-тармағының 7) тармақшасында көзделген жағдайларда көлік құралын беру қажеттігі;
4) стационарлық полиция бекеттерінде, сондай-ақ жедел-профилактикалық іс-шараларды жүргізу кезінде жүргізушінің осы Заңның 54-бабы 3-тармағының 1) тармақшасында көзделген құжаттарын тексеру;
5) полиция бекеттерінде және бақылау-өткізу пункттерінде тасымалданатын жүк құжаттарын тексеру. Арнайы іс-шараларды жүргізу кезеңінде тасымалданатын жүк құжаттарын тексеру мақсатымен көлік құралдарын полиция бекеттерінен тыс жерде тоқтатуға жол беріледі;
6) уәкілетті мемлекеттік органдардың немесе лауазымды адамдардың қозғалысты шектеу немесе оған тыйым салу туралы шешімдерін орындау;
7) жүргізушіге және (немесе) жолаушыға (жолаушыларға) өздері куә болып табылатын жол-көлік оқиғаларының, әкімшілік құқық бұзушылықтың, қылмыстың жасалу мән-жайлары туралы сауал қою қажеттігі;
8) жол жүрісін реттеу.
2. Осы баптың 1-тармағында көзделмеген негіздермен ішкі істер органдары қызметкерінің талабы бойынша көлік құралын тоқтатуға тыйым салынады.
8-тарау. ЖОЛ ЖҮРІСІНЕ ҚАТЫСУШЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН МІНДЕТТЕРІ
53-бап. Жол жүрісіне қатысушылардың негізгі құқықтары мен міндеттері
1. Жол жүрісіне қатысушылардың жалпыға ортақ пайдаланылатын жолдармен қауіпсіз жүру жағдайы құқығына мемлекет кепілдік береді және ол осы Заңның орындалуымен, осы саладағы Қазақстан Республикасының заңнамалық және нормативтік актілерінің және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардың сақталуымен қамтамасыз етіледі.
2. Жол жүрісіне қатысушылардың бірінің құқықтарын іске асыру жол жүрісіне басқа қатысушылардың құқықтарын бұзбауға тиіс.
3. Жол жүрісіне қатысушылардың:
1) жолдарда жүру үшін қауіпсіз және қолайлы жағдайларға, жолдардың, көшелердің, алаңдардың және теміржол өтпелерінің жол жүрісі қауіпсіздігінің талаптарына сай келмеуі салдарынан өздеріне келтірілген залалды өтеттіруге;
2) мемлекеттік органдардан және уәкілетті лауазымды адамдардан жол жүрісі жағдайлары туралы, жолдардағы бағыттың өзгеру, жүруге уақытша тыйым салудың немесе уақытша шектеудің енгізілу себептері туралы, өнімдердің, жұмыстардың және көрсетілетін қызметтердің сапасы туралы, жол жүрісі саласындағы лауазымды адамдардың құқықтары, міндеттері мен жауапкершілігі туралы анық ақпарат алуға;
3) жол-көлік оқиғасы кезінде қызметі жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты ұйымдардан және лауазымды адамдардан тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін, құтқару жұмыстарын және басқа да қажетті көмекті алуға;
4) жол жүрісі саласында мемлекеттік реттеуді, басқаруды және бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың және олардың лауазымды адамдарының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағымдануға;
5) жол-көлік оқиғасы салдарынан өздеріне дене жарақаттары келтірілген жағдайларда, сондай-ақ көлік құралы және (немесе) жүк бүлінген не өзге де материалдық залал келтірілген жағдайларда Қазақстан Республикасының сақтандыру не азаматтық заңнамасында белгіленген тәртіппен залалды өтеттіруге құқығы бар.
Жол жүрісіне қатысушылардың жол жүрісі саласында Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де құқықтары бар.
4. Жол жүрісіне қатысушылар:
1) жол жүрісі қағидаларын, осы Заңның талаптарын білуге және сақтауға;
2) реттеушінің және бағдаршам сигналдарының, жол жүрісін реттеу үшін қолданылатын жол белгілерінің, жол таңбаларының, жол жұмыстары кезінде пайдаланылатын дыбыс және жарық сигналдарының, жедел және арнаулы қызметтердің көлік құралдарының арнайы жарық және дыбыс сигналдарының талаптарын орындауға;
3) жол жүрісі үшін қауіпсіз жағдайлар жасауға, өз әрекеттерімен немесе әрекетсіздігімен жол жүрісіне басқа қатысушыларға, олардың көлік құралдары мен өзге де мүлкіне зиян келтірмеуге;
4) жол жабынын бүлдірмеуге және ластамауға, жол белгілерін алып тастамауға, оларды көлегейлемеуге және бүлдірмеуге, жол белгілерін, бағдаршамдарды және жол жүрісін ұйымдастырудың басқа да техникалық құралдарын өз бетімен орнатпауға;
5) жол жүрісін қиындатпауға немесе жол жүрісіне кедергі келтіретін заттарды немесе материалдарды жолға лақтыру, түсіріп кету немесе қалдыру арқылы оның қауіпсіздігіне қатер төндірмеуге, жол жүрісі үшін бөгет жасауы, адамдарға қауіп төндіруі немесе мүлікке залал келтіруі мүмкін кез келген әрекеттерден тартынуға;
6) жолда жол жүрісі үшін кедергі анықталған немесе келтірілген жағдайда осы кедергіні жою жөнінде шаралар қолдануға, ал, егер бұл мүмкін болмаса - осы Заңның талаптарына сәйкес немесе жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ететін өзге де тәсілмен осы кедергіні белгілеуге және уәкілетті органға немесе жол иелеріне кедергі туралы хабарлауға;
7) адал, әдепті әрекет етуге, мұқият және өзара сыпайы болуға, жол жүрісі үшін кедергілер мен қауіп келтірмеуге;
8) жолдарды ластауға жол бермеуге, оның ішінде арнайы бөлінген орындардан тыс жерге қоқыстарды, жол жүрісі үшін қауіп келтіретін заттарды және өзге де заттарды тастамауға;
9) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жол жүрісі саласындағы өзге де міндеттерді орындауға міндетті.
5. Жол жүрісіне қатысушыларға:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жағдайларды қоспағанда, жолдың жүру бөлігінде көлік құралын жөндеуге және оған қызмет көрсетуге;
2) жол жүрісі үшін кедергі немесе қозғалыс үшін қауіп келтіруге;
3) жолдарды және жол жүрісін реттеудің техникалық құралдарын бүлдіруге;
4) қоршаған ортаның ластануына жол беруге тыйым салынады.
54-бап. Механикалық көлік құралы меншік иесінің және жүргізушісінің құқықтары мен міндеттері
1. Механикалық көлік құралының меншік иесі уәкілетті органның лауазымды адамының талабы бойынша көрсетілген мерзімде өзінің механикалық көлік құралын жүргізу құқығын берген адамның жеке басын куәландыратын деректерді хабарлауға, сондай-ақ міндетті техникалық қарап тексеру үшін механикалық көлік құралы мен оның тiркемесiн уақтылы ұсынуға міндетті.
2. Механикалық көлік құралы жүргізушісінің:
1) тиісті санаттағы механикалық көлік құралын басқаруға, жолдарда жолаушылар мен жүктерді тасымалдауға;
2) өзінің жеке меншігіндегі көлік құралын басқару және пайдалану құқығын тиісті санаттағы механикалық көлік құралын басқару құқығы бар басқа адамдарға жай жазбаша нысанда беруге;
3) жүргізушінің құжаттарын тексеруге немесе көлік құралын пайдалануға құқығы бар адамнан көлік құралын тоқтату себептеріне түсіндірме алуға;
4) жүргізушінің құжаттарын тексеруге немесе көлік құралын пайдалануға құқығы бар адамның тегі мен лауазымын жүргізушіге қызметтік куәлігін берместен онымен танысу арқылы анықтауға;
5) жол-көлік оқиғасы болған жағдайда, егер зардап шеккендер болмаса, болған оқиғаның мән-жайларын бағалауда жүргізушілер өзара келіскен кезде оқиғаның схемасын алдын ала жасап және оған қол қойып, оқиғаны ресімдеу үшін ішкі істер органдарының жақын бөлімшесіне келуге;
6) аса қажет болған кезде, егер мән-жайларға байланысты туындаған қатердің алдын алу басқаша мүмкін болмаса, жол-көлік оқиғасының алдын алу, басқа да адамдардың өмірі мен денсаулығына төнетін қатерді болғызбау үшін бұл қажет болатын жағдайларда, Қазақстан Республикасы заңнамасының тиісті талаптарын орындаудан тартына тұруға құқығы бар.
3. Механикалық көлік құралының жүргізушісі:
1) мыналарды:
көлік құралын басқару құқығын беретін жүргізуші куәлігін не жүргізуші куәлігінің орнына берілген уақытша куәлікті жүргізушінің жеке басын куәландыратын құжатпен бірге;
көлік құралын мемлекеттік тіркеу туралы куәлікті не көлік құралына меншік құқығын куәландыратын құжатты;
Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жағдайларда көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру жөніндегі сақтандыру полисін және (немесе) тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру жөніндегі сақтандыру полисін;
көлік құралын оның иесі болмай басқарған жағдайда - уақытша иеленуге және пайдалануға берілген көлік құралын басқаратын жеке тұлғаның уәкілетті органда міндетті тіркелуімен бірге осы көлік құралын иелену немесе пайдалану немесе билік ету құқығын растайтын құжатты;